ХІV—ХV ғғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттер

Главная » Рефераттар » ХІV—ХV ғғ. Қазақстан аумағындағы мемлекеттер

Монғол дəуірінен кейінгі кезең Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу жəне Оңтүстік Қазақстан халықтарының бірігуімен сипатталады. ХІV—ХVІ ғғ. Қазақстанның бұл бөлігі Түркістан деп аталды. Осы кезеңнің бастапқы сатысында Дешті Қыпшақтағы, Орта Азиядағы (Мəуераннахр) Шыңғыс əулетінің иеліктерінде монғол дəуірінің ыдырау үрдісі жүріп, бірнеше мемлекеттер құрылды: Ақ Орда, Моғолстан, Əбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы.

Ақ Орда. ХІІІ—ХV ғ. басында Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде Ақ Орда мемлекеті өмір сүрді. Ол монғол шапқыншылығынан кейін Қазақстан жерінде пайда болған бірінші ірі мемлекет. Ақ Орданың негізін қалаушы — Жошының үлкен баласы Орда Ежен (1226—1280 жж.). Рашид əд-Диннің  жазуына  қарағанда (ХІV ғ.), Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) əкесінің көзі тірісінде Жошының үлкен ұлы Орда Ежен алады. Əбілғазының айтуынша (ХVІІ ғ.) осынау жерді оған інісі Батухан ХІІІ ғ. орта кезінде бөліп береді. Орданың мирасқорлары іс жүзінде дербес билеушілер болды. ХІV ғ. 2- жартысында Алтын Орда билігі əлсіреп, Ақ Орда күшейіп, дамудың ең жоғары сатысына жетті. Аумағы: Батысында Жайық өзенінен шығыста Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстікте Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік- шығысынан солтүстікте Оңтүстік Сібір ормандарына дейінгі жерлер. Астанасы Сығанақ (Сырдарияның орта ағысы).  Халқы түрік тілді тайпалар. Ақ Орданың саяси тарихы бірінші кезеңде Шығыс Дешті- Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласады, ал өз тарихының соңғы кезінде Мəуераннахр билеушісі əмір Темір мен оның ұрпақтарының басқыншылығына қарсы күреседі. Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хандар басқарды. Алғашқы ханы — Сасы Бұға (1309—1315), мұрагері — Ерзен хан (1315—1320). Ақ Орданың Алтын Ордадан оқшаулануы ХІV ғ. 2- ширегінде Ерзен мен Мүбəракқожа тұсында басталды. Мүбəрак- қожа хан (1320—1344 жж.) Алтын Ордаға бағынбай дербес саясат жүргізуге тырысты.

Шымтайдың (1344—1361 жж.) ұлы Орыс ханның кезінде (1361— 1376 жж.) Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп, тəуелсіз хандық болып жарияланды. Ақ Орда Орыс хан тұсында едəуір нығаяды. Əйгілі тарихшы Қадырғали Жалайырдың айтуынша Орыс хан өз заманы- ның қуатты да құдіретті, батыл билеушісі болған. Ол ең алдымен Ақ Орданың саяси тəуелсіздігін нығайтуға мейлінше күш жұм- сады. Оның сыртқы саясаты негізінен Əмір Темірдің шапқыншылық жорығына тойтарыс беруге бағытталды. Ал ішкі саясаты Ақ Орданың экономикасын өркендетіп, мемлекеттік қуатын арттыруды көздеді, ол ең алдымен Сырдария алқабындағы отырықшы егінші аймақтардың егін шаруашылығын өркендетуге жəне осы өңірдегі шаруашылық, мəдениет орталығы болған қалаларды көркейтуге баса мəн берді.

Орыс хан Алтын Орда тағы жолындағы күреске белсене қатысты. Ол хан болып нығайып алған соң ішкі феодалдық қырқысты жойып, Алтын Орданы өзіне бағындыруға əрекет етті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы Еділ бойына жорық жасайды. 1374—1375 жж. Сарай-Беркені, Қажы-Тарханды (Астрахань) алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды жəне бұл кезде Ақ Орданың өзіне Əмір Темір тарапынан қауіп төнгендіктен Орыс хан Сырдария бойындағы өз иелігіне қайтып оралады. Ол өзінің қайтар жолында Алтын Орданы жаулау кезінде өзіне көмекке келмеген Жошы əулетінің бірі Маңғыстау аймағының билеушісі Түй-Қожаны өлтіреді. Оның баласы Тоқтамыс Əмір Темірге барып паналайды. Темір бұл жағдайды пайдаланып, Тоқтамысты көп əскермен Ақ Ордаға жібереді. Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374—1375) сəтсіз аяқталды, Ақ Орда əскерлері оның əскерлерін талқандады. Бұл соғыста Орыс ханның баласы Құтлық Бұқа қаза болды. Əмір Темірден жаңадан əскер алған Тоқтамыстың екінші жорығы да Орыс

ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда əскерлерінен жеңілді, тек төртінші жорығынан кейін ғана Тоқтамыс Ақ Орда тағына отырды. Темір басқыншылығына қарсы күрестің негізгі ауыр салмағы Орыс ханға түседі. Ұрыс барысында Орыс хан қаза тапты. Тоқтамыс Орыстың баласы Темір-Мəлікті (1376—1379 жж.) 1379 жылы жеңіп, Ақ Орда билеушісі болды. Ақ Орданың əскери күшіне ие болған Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Орданы алды. Сөйтіп, ол бір мезгіл (1380—1395 жж.) Ақ Орда мен Алтын Ордаға хан болды. ХІV ғасырдың 80-жылдары Тоқтамыс Ақ Орда мен Алтын Орда жерін түгел бағындырып, Əмір Темірге қарсы шықты. Осы кезде Əмір Темір мен Тоқтамыс арасындағы ұзаққа созылған қанды соғыс басталды. 1395 жылы Кавказдағы Терек өзенінің аңғарындағы шешуші шайқаста Əмір Темір Тоқтамысты жеңіп, Алтын Орданы талқандады.

ХІV ғ. аяғы — ХV ғ. басында сыртқы саяси ауыр жағдайлар мен ішкі қырқыстар кезінде Ақ Орда əлсіреп кетті. Ақ Орданың əлсіреу себептері: Əмір Темірдің тонаушылық жорықтары жəне ішкі тартыстар. 1423—1428 жж. Орыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз əулетінің билігін қалпына келтірді. Ақ Орданың соңғы ханы Барақ Самарқанның билеушісі Темірдің немересі Ұлықбекті жеңіп, Сырдарияның бойындағы көптеген қалаларды өзіне қаратады. Бірақ ол көп ұзамай қаза табады, сосын Ақ Орданың жеріндегі билік Шайбан ұрпағы Əбілқайырдың қолына көшеді.

Саяси жағынан іс жүзінде дербес, экономикалық жағынан тəуелсіз болған, сыртқы саясатта өзіндік бағыт-бағдары, билеуші хандарының əулеттік жөн-жосығы бар Ақ Орда мемлекеттік бірлестігі ХІV—ХV ғғ. Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Түркістан жеріндегі этникалық топтардың, тайпалар мен халықтардың бастарын қосып, біріктіруде маңызды рөл атқарды. Кейін Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.

Моғолстан хандығы. ХІV ғ. ортасы — ХVІ ғ. басында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағы Моғолстан мемлекетіне кірді. Бұл мемлекет ХІV ғ. ортасында Орта Азияның солтүстік-шығыс бөлігі, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін құрылды. Моғолстан мемлекетінің негізін салушы — дулат тайпасының көсемі Əмір Болатшы. Алғашқы ханы — Тоғылық Темір (1348—1362 жж.), ол Моғолстан билеушілері əулетінің негізін салды. Астанасы — Іле алқабындағы Алмалық қаласы болды. Аумағы: Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістан. Орталық аймағы — Жетісу. «Моғолстан» атауы «монғол» сөзінен шыққан. Өйткені түрік жəне парсы деректерінде монғолдарды осылай атаған. Халқы: дулаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, үйсіндер, барластар т.б. түрік жəне түріктенген монғол тайпалары. Олар мемлекет атауына сай моғолдар деп аталды. Осынау тайпалардың Жетісуды жайлайтын едəуір бөлігі кейін қазақ халқының құрамына енеді, ал оның Тянь-Шань өңірі мен Шығыс Түркістанды мекендейтін екінші бөлігі қырғыздар мен ұйғырлар құрамына кетеді. Осылардың ішінде дулаттар ең қуатты тайпа болды.

Билеушінің дəрежесі — хан. Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы жəне жер-судың жоғарғы иесі хан болған. Дулат тайпасы əмірлерінен ханның көмекшілері — ұлысбектер тағайындалды. Хандық кеңес мемлекеттің ішкі жəне сыртқы істері, əскери жорық жəне жайылымдық жерлерді бөлумен айналысты. Ақсүйектер жерді шартты түрде иеленудің ихта, инджу, сойырғал сияқты түрлерін пайдаланған. Көшпелі аудандарда жер қауымның қарауында болған. Бірақ мал ақсүйектер қолында шоғырланғандығы себепті көшпелі аудандарда қоныс-өрістердің көпшілігі солардың меншігінде болды. Салықтың бірнеше түрі жиналды. Қала мен ауыл тұрғындарынан, егіншілер мен көшпелі халықтан алынатын салықтар, деректерде көрсетілгендей, қалан, күпшір, зекет, тағар, баж жəне қарадж деп аталған. Сондай-ақ халық əскери, кірешілік, еңбек, пошта т.б. əртүрлі міндеттерді атқарған. Иеліктерді қайта бөлуге бағытталған соғыстар мен өзара қырқыстар халық бұқарасының халін ауырлатты. Моғолстанның алғашқы ханы Тоғылық Темір өз билігін нығайту үшін ислам дінін тірек етті.

Моғолстанның саяси тарихында феодалдық соғыстар мен ішкі қырқыс, көрші мемлекеттер тарапынан жасаған шапқыншылық- тарды тойтару жағы өте көп болған. Тоғылық Темір 1361 жылы Мəуераннахрды түгел басып алып, баласы Ілияс Қожаны билеуші етіп қойды. Кейін ол əкесінің орнына 1362—1385 жж. Моғолстанның билеушісі болды. Оның тұсында өзара қырқысу соғыстары басталып, Моғолстан бірнеше бөлікке бөлінді: Дулат əмірі Қамар ад-Дин — Жетісуды, Енке төре — Іле мен Тарбағатайды биледі.

Осыны пайдаланған Əмір Темір ХІV ғасырдың 70—80-жылдары Моғолстанға оншақты рет шапқыншылықтар жасайды. Қызыр Қожа хан (1385—1399 жж.) өзін Темірдің вассалы деп мойындайды. Қызыр Қожаның ұлы Мұхаммед хан тұсында (1408—1418) елдің жағдайы біраз нығайды. Оның кезінде Моғолстанның Темір тұқымынан тəуелсіз болуға қолы жетеді. Біраз уақыт өзара қырқыс пен талас-тартыс толастайды. Мемлекетті бір орталыққа бағындыру үшін Мұхаммед хан исламды енгізуге күш салады.

ХV ғ. 1- жартысында Моғолстанға ойраттар шапқыншылығы жиіледі. Уайс хан (1418—1428) ойраттарға батыл қарсылық көрсетті, олармен ұзақ соғыс жүргізді. Ол өз ордасын Тұрфаннан Ілебалық деген жерге көшіруге мəжбүр болады. Уайстың баласы Есен Бұға хан (1433—1462) ХV ғ. 30-жылдарының басында өкімет билігін иеленді. ХV ғ. 50-жылдарының аяғында Батыс Моғолстанға Жəнібек пен Керей бастаған тайпалар көшіп келді. Моғолстан ханы Есен Бұға оларға жер бөліп берді. Мұндағы Есен Бұғаның мақсаты: қазақтарды ойраттарға жəне Темір əулетіне қарсы əскери күш ретінде пайдалану; қарсыласы Əбілқайыр мен інісі Жүніске қарсы қою.

Жүніс хан тұсында (1462—1487) мемлекет жағдайы біраз нығаяды, бірақ ол 1472 жылы Жетісуға шабуыл жасаған ойраттардан жеңіліп қалады. Жүнісханның баласы сұлтан Махмұт хан (1487— 1508) Жетісуда жəне Сырдария қалалары үшін қазақ хандарымен соғысады. Моғолстан билеушілерінің ең соңғысы Жүніс ханның немересі Сейітхан 1514 жылы Қашғарияны басып алып, Шығыс Түркістанда Моғолия атты жаңа мемлекет құрады. Жетісудағы қазақ рулары мен тайпалары 60 ж. бастап Қазақ хандығының құрамына енеді.

Сөйтіп, ХVІ ғ. басында феодалдық өзара қырқыстар, халық наразылығының жиілеуі жəне олардың Қазақ хандығына барып қосылуы салдарынан Моғолстан ыдырап, жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатты. Моғолстан Қазақ хандығының құрылуына жəне қазақтың өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысын аяқтауына аумақтық тірек, саяси-экономикалық негіз болды.

Əбілқайыр хандығы. ХV ғ. 20-жылдарында Қазақстанның орталық, батыс жəне солтүстік-батыс аймақтарында тəуелсіз феодалдық иеліктер пайда болды. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Əбілқайыр (1428—1468) осы аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті-Қыпшақтың бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрды.

Əбілқайыр хандығының аумағы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан байтақ жерді алып жатты. Астанасы — алғашқыда Тура, 1431 жылдан Орда-Базар, 1446 жылдан Сығанақ. Халқы — өзбектер деп аталған түрік тайпалары (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қаңлылар, үйсіндер т.б.). Елді 40 жыл билесе де, Əбілқайыр хан мемлекетінің ішкі саяси жағдайын тұрақты ете алмады. Мемлекет бір орталықтан басқарылмай бірнеше иеліктерге бөлініп, оларды Шыңғыс əулетінің билеушілері басқарып, олардың арасында билік үшін толассыз соғыстар тоқтамады.

Əбілқайыр хан өз билігін нығайтып, жаңа жерлер қосып алу үшін көптеген соғыстар жүргізіп 1430 жылы Тобыл өзені бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды жеңді, Хорезмді басып алып, Үргенішті талқандады. Сырдария өңіріндегі далада Жошы əулетінің Махмұд жəне Ахмет хандарын жеңіп, Орда-Базар қаласын тартып алды. 1446 жылы Мұстафа ханды тізе бүктіреді. Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркөкті жаулап, Сығанақты астана етті. ХV ғ. 50-жылдары Самарқанд, Бұхарды шабуылдап, осы өңірдегі Темір ұрпақтарының ішкі саяси өміріне араласты. Бірақ та 1457 жылы Өз Темір бастаған ойраттардан Сығанақ түбінде жеңіліп, онымен өзін қорлайтындай ауыр шарт жасасты.

Бұл жағдай Əбілқайыр ханның саяси беделін төмендетті. Нəтижесінде ХV ғ. 50-жылдарының аяғында Көшпелі өзбектер мемлекетінен Жəнібек пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір тобы Моғолстанға көшіп кетті. Оларды жазалау үшін 1468 жылы Əбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Əбілқайыр хандығы ыдырап кетті.

Əбілқайырдың мұрагері Шайх-Хайдар хан ішкі тартыста өлтірілді. Ал, Əбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани (1470— 1510) қазақ хандарымен Сырдария мен Қаратау аймағындағы қалалар үшін ұзақ соғыс жүргізді. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Əбілқайырдан тараған Шайбанилер ұрпағының Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билігі бітеді. Бұл жерлердегі билік қазақ хандарына толық көшті. ХVІ ғ. басында көшпелі өзбектердің бір бөлігі Шайбанилердің бастауымен Мəуераннахрға көшіп кетті. Ондағы Темір ұрпақтарының билігінің əлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы өкімет билігін тартып алды. Қазақстан жерінде қалған тайпалар Қазақ хандығының қол астына қарайды.

Ноғай Ордасы. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі — Ноғай Ордасы. Ол ХІV— ХV  ғасырларда  Батыс  Қазақстанның  бір  бөлігін  алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, əскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі (1260—1306) Ноғай есімімен байланысты. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.

Ноғай Ордасының негізін салушы — əмір Едіге (1395—1419). Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396—1411), «ұлы əмір» атанған. Шыңғыс əулетінен хан сайлау Едігенің қолында болған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426—1440) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХV ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Аумағы: Еділ-Жайық арасы. Астанасы — Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы — маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама жəне т.б. сияқты түрік тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда болды, оған енген тайпалар ХV ғ. аяғында қалыптасқан ноғай халқының негізін құрады.

Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа бағынған өкімет болды. Орда билеушісі — хан. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы жайылымдары мен өрістерін иемденген. Ұлыстың қатардағы көшпелі малшылары мырзалармен бірге көшіп- қонып, алым-салық төлеп отыруға, соғыс жорықтарына қатысуға міндетті болған. Орданы Едіге ұрпақтары басқарды. Мұрагерлік жолмен берілетін əкімшілік, əскери, елшілік билік князьдің қолында болды. Ордада жорыққа 300 мың жауынгер шығарылды.

Ноғай Ордасының тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен Қазақстандағы көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы, əсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүретін ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Сібірге дейін созылып жатады, ал оңтүстік-шығыста олар кейде Сырдария бойында, Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Олардың билеушілері Уақас би маңғыт, Мұса мырза, Жаңбыршы жəне басқалары Əбілқайырға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға жəрдемдеседі. Кейін ноғайлар қазақ хандарымен соғысса, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. Ш. Уəлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан қазақтар мен ноғайлар ханы» атанған.

ХVІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық, саяси байланысы дамыды. ХVІ ғ. 2- жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) жəне Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.