Иоганн Себастьян Бах өмірбаяны

Home » Рефераттар » Иоганн Себастьян Бах өмірбаяны
Рефераттар Комментариев нет

Иоганн Себастьян Бах — неміс халқының ұлы композиторы. Оның шығармашылығы Барокко дәуіріне тән полифониялық қатаң стиль мен еркін стиль арасындағы алтын көпір іспетті. Ол бұрынғы полифониялық ойлау жүйесі мен стиліне зор жаңалықтар енгізіп, музыка өнерін жаңа белеске көтерді.
Иоганн Себастьян Бах 1685 жылы 31 наурызда Тюринг аймағына қарасты, неміс даласының әсем жерлерінің бірі — Эйзенах қаласында дүниеге келді. Тюрингте байлар мен кедей шаруалар арасында көтеріліс болмаса да, 30-жылдық соғыстан кейін ол аймақ меңіреу провинциялардың біріне айналған-ды. Иоганн өзінің атақты музыка өнерпаздары арасынан шыққанын әрқашан мақтан тұтқан. Оның арғы-бергі жердегі жақындарының барлығы дерлік музыка өнерін сүйген. XVII — ХVІІІ ғ.ғ. Тюрингтегі көптеген органшы, скрипкашы, флейташы, трубашы және композиторлар осы Бах жанұясынан шыққан. Иоганды музыка өнеріне ерте жасынан дайындаған. Оның бірінші мұғалімі өзінің әкесі болды. Бірақ И.Бах тоғыз жасында жетім қалып, ағасы Иоган Кристафонның тәрбиесінде болады. Алайда талантты баланы ағасының дәстүрлі дәрістері жалықтырып жібереді. Он жасынан бастап Иоганн білімін толықтыру мақсатында ағасының кітапханасындағы өзге композиторлар шығармаларының ноталарымен танысады. Оларды өз дәптеріне көшіреді. Бұл жұмыс алты айға созылып, болашақ композитордың көзіне үлкен нұқсан келтіреді. Бірде ағасы Иоганның нота көшіріп отырғанын көріп, тартып алады.
1700 жылы Иоганн Люнебург қаласына қоныс аударады. Керемет дауыс бар, скрипка, орган, клавесинде еркін ойнайтын бала «таңдаулы хорға» қабылданып, аз ғана еңбекпұл алуға мүмкіндік туады. 1703 жылы Бах мектепті үздік аяқтап, университетте оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретін құжат алады. Бірақ бұл мүмкіндікті қолданудың сәті түспейді. Күн көріс мақсатында ол өзінің композиторлық және орындаушылық шеберлігін шыңдауға кірісті. Осы екі сала ғана нанын тауып жеуге мүмкіндік беретін. Люнебург кітапханасы неміс пен итальян композиторларының көне шығармаларына бай еді. Бах соларды игеруге кірісіп кетті. Люнебург, Гамбургке жиі сапар шегіп, атақты органшы Рейнкен өнерін тамашалайды. 1703 жылы Бах скрипкашы ретінде Веймар капелласында қызмет етті. Бірақ өз жұмысына қанағаттанбаған ол Арнштадтқа жаңа шіркеуге органшы болып орналасады. Бірақ ол жактағы өмір де ұнамады. 1705 жылы өзіне берілген арнайы демалысты пайдаланып, Любек қаласына жаяу аттанып кетеді. Сондағы мәдени өмірге қызыққан Иоганн 28 күндік демалыс орнына 4 ай жүріп қалады. Арншдатқа келген Бахты шіркеу басшылығы жылы қарсы ала қоймады. Олар И.Бах шығармаларынан «кемшіліктер» іздеуге кірісті. Ақыры Иоганн өзі орындайтын шығармаларды қысқартуға мәжбүр болды. 1707 жылы Арншдатта өткен 3 жылдық өмірінен кейін Бах Мюльхаузенге көшіп, дәл сондай жұмысқа орналасады. Мюльхаузен шіркеуінде ескі, қолдануға келмейтін орган мен біліктері төмен хор айтушылар болды. Сондықган И. Бах мұнда да көп тұрақтаған жоқ. Бірақ Арншдат дәуірі — И.Бахтың композиторлық дарынының күш алған кезі болып саналады. Зерттеушілердің анықтауында, И.С.Бах өзінің композиторлық қызметін «Жанымды менің қалдырмассың тозақта» («Ты не оставишь души моей в аду») атты пасхалдық кантатасынан бастаған. Хорға арналған кантата 1704 жылдың көктемінде орындалып, тыңдаушыларды таңғалдырған. Мюльхаузенде И.Бах «Тандаулы кантата» («Выборная кантата») атты шығармасын да жазды. Композитордың көзі тірісінде муниципалит қаржысына басып шығарылған жалғыз шығарма — осы. Оның шығармаларының басым көпшілігі өзі дүниеден өткеннен соң барып жарыққа шыққан еді. Веймар — Бах үшін маңызды кезең болып саналады. Бұл органдық музыканың гүлдену кезеңі еді. И.Бах шығармашылығына тән көптеген өзгерістер мен толыктырулар Веймардан Кетен қаласына көшіп барғаннан кейін де орын алған. Бах-шебер орындаушы, импровизатор. Ол Германияның түрлі қалаларына сапар шегіп, Галле, Касселе т.б. жерлерде болған. Оның шебер орындаушылығына ешкім тең келе алмаған. И.Бах бір тақырып төңірегінде екі сағатқа дейін музыкалық импровизация жасап, оны түрлі жағынан көркемдейтін болған. Луи Маршанмен жарысқа да түскен. И.С.Бахтың камералық шығармалары да аса көп әрі көркем. 1717 жылы ол бала-шағасымен Кётен ханзадасының сарайына көшіп барады. Бұл сарайда орган болмаса да, клавир, аспаптық ансамбльдер жазуға аса қолайлы болды. 1721 жылы композитор Вейсенфельстегі трубашының қызы Анна Магдалена Викельнге үйленеді. Музыкалық білімі, әсем дауысы және жайдарлы мінезі бар Анна композитордың жан серігіне айнала білді. 1722 жылы И.С.Бах прелюдия мен фугадан құралатын темперацияланған клавирінің 1-томын аяқтады. 1720 жылы клавирге «хроматикалық фантазия мен фуга» жазды. Оған қоса алты скрипкаға арналған соло, алты аспаптық ансамблге лайықтап Браденбург концертін жазды. Бұл шығармалардың барлығы да Кётен кезеңінің жемісі. Соны ізденістерге жол салған композитор Кётеннен кетуге бел буады. Мұның тағы да бірер себептері болатын. Біріншісі балаларына жақсы білім беру болса, екіншісі Гамбург шіркеуіне органшы болып жұмысқа кіру еді. Гамбургте болган шағында органда «Бабыл өзендерінде» («На реках Вавилонских») шығармасына импровизация жасайды. Оған қарт Рейнкен дән риза болады.
1723 жылы И.Бах Лейпцигке келіп, әулие Фома шіркеуіне орналасады. Ол қаладағы көптеген шіркеулерге қызмет көрсетуге тиіс болатын. Шіркеу төңірегінде орындалатын музыка саласынада И.Бах жауап берген. Бірақ шіркеу басшыларының енжарлығынан оның жұмысын жақсартудың сәті түспейді. Тек 1730 жылы шіркеу басшылығына филология маманы Гесснердің келуімен жағдай өзгерген еді. Ол лейпцигтік канторды толығымен қолдады. Бірақ бұл бақытты шақ та ұзаққа созылмады. 1734 жылы Гесснердің орнына Эрнест есімді ректор келген еді. 1736 жылы Бахтың көптен күткен арманы орындалып, саксон сарайының музыка маманы деген атаққа ие болды. Оның көптеген шығармалары Лейпцигте болған 15 жылдық өміріне арналды. 1723 жылы 5 дауысты хор, солист және оркестрге арнап оратория жазды, Сонымен қатар Кётенде бастаған «Иоанға құмарлық» («Страсти по Иоанну») шығармасын бітіреді. Осыдан кейін тағы да ірі шығармалары жарық көріп, «Қаралы ода» («Траурная ода»), «Матфейге құмарлық» («Страсти по Матфею») ораторияларын жазды. Бұл кезеңде И.С.Бах аспаптық музыка саласындағы жүмыстарын да дамытып отырды. «Жақсы темперацияланған клавирдің» («Хорошо темперированный клавир») алғашқы томы мен «Итальян концерті» («Итальянский концерт») осы кеэеңнің жемісі. 1714 жылдары полифониялық клааирлік музыкаға қайта оралып, «Жақсы темперацияланған клавирдің» екінші томын және «Гольденбург вариацияларын» аяқтайды. Бұлардың барлығы дерлік И.С.Бах шығармашылығының жарқын беттерін құрайды. Өмірінің ақырғы 10 жылында И.С.Бахтың қоғамдық-музыкалық процестерге деген қызығушылығы күрт төмендейді. 740 жылы композитор тобына басшылық жасаудан бас тартады. Оны жазғыздықтан қорғаған өзінің әйелі Анна Магдалена, ұлдары және бірнеше сүйікті оқушылары болды. И.Бах көп уақытын музыкалық-педагогикалық репертуар жасау мәселесіне бөлген. Оның композиторлық және педагогикалық шеберлігі көзі тірісінде өзінің бағасын алған жоқ. И.Бах — үлкен композитор, бірақ оқытушы болған жоқ. Композитор өмірінің соңғы жылдарында қатерлі көз ауруына шалдықты. Операциядан кейін біржола соқыр болып қалды. Бірақ ол шығармашылықпен айналысуды тоқтатқан жоқ. 1750 жылы 22 шілдеде И.С.Бах дүние салды. Әйелімен кішкентай қызының өмірі де қайғылы болды. Араға 10 жыл салып Анна Магдалена кедейлер үйінде қайтыс болса, кішкентай қызы Регина кедейлік өмірді басынан өткерді. Композитор өмірінің ауыр жылдарында туған қызына Л.Бетховен көмектескен. XIX ғасырдан бастап И.С.Бах шығармашылығы шарықтай бастады. 1802 жылы алғаш рет композитор биографиясы жарық көрді. Авторы — неміс тарихшысы Форкель. Менделсон, Шуман, Листтердің насихаттауы арқасында И.С.Бах шығармалары қалың тыңдаушылар ортасына ене бастады. 1850 жылы Бах шығармашылығын жинап, зерттейтін ұйым құрылып, композитор шығармаларының толық жинағы жарық көре бастады. И.С.Бах өз дәуірінің барлық музыкалық жанрларына көңіл бөлген жан-жақты композитор. Көптеген музыкалық жанрлардың негізін қалаған жаңашыл композитор ешқашан опера жазбаған. Вокалдық шығармаларында композитор түрлі жанрларды еркін қолданған. Олардың қатарында ария, речитатив т.б. болған. Оның вокалдық ансамблдерінен солист пен аспаптық музыканың жарысын байқауға болады. И.С.Бах полифониялық стильді дамытып қойған жоқ, сонымен қатар гармониялық жүйенің атасы саналды. И.С.Бахтың клавирлік шығармашылығы да аса елеулі. Жалпы клавирлік өнердің шыңдалуы XVIII ғасырдың бірінші жартысында байқала бастайды: Оның өзі Франсуа Куперена, Донетино, Скарлатти сияқты көптеген өнер шеберлерінің есімдерімен байланысты. Италия, Англия, Франция мектебінің клавирлік музыкасына қарағанда И.С.Бахтың өз отанындағы өнер мектебі ерекше болды. Ол бірінші болып клавирдің әмбебаптылығын сезініп, оны өзінің шығармашылық зертханасына айналдырды. Үлкен ізденіс үстінде көрінетін И.С.Бах түрлі жанрларда жазды.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.