Ислам конференциясы ұйымы

Главная » Рефераттар » Ислам конференциясы ұйымы

Ислам конференциясы ұйымы: құрылу тарихы, бүгінгі жағдайы және келешегі. Қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынаста және аймақтық саясаттағы ықпалды ұйым Ислам Конференциясы Ұйымы Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің 57 мемлекетін және 1,5 млрд халқын біріктіріп отыр [1]. Тарихи оқиғалар тізбегі мен сабақтастығына сүйеніп кері шегінсек, ИКҰ-ның құрылуы 1967 жылғы араб әлеміндегі саяси, әлеуметтік, әскери және рухани дағдарыспен байланысты. Араб елдерінің Египет, Сирия, Иордания, Ирак, Алжирдің аталған жылы Израилмен арада болған соғыста жеңіліс табуы, соның нәтижесінде Синай, Голанд биіктігі, Иорданның батыс бөлігінен айырылып, оны Израильдың окуппациялауы араб мемлекеттерінің жақындасуын тездетіп, олардың бірігу идеясын алдыңғы орынға шығарды. Бірақ, бұл кезде Израильмен арадағы саяси шиеленіс, мүде қайшылығы туғанымен, ол діни сипат алған жоқ. Ислам дініндегі мемлекеттерінің арасындағы саясиэкономикалық, рухани байланыста дін басты, ықпалды фактор емес еді. Мұсылман дінін ұстанған «зайырлы Түркия да, шахтық Иран да, Кеңестік Орталық Азия мемлекеттері де арабтардың саяси одақтасы емес болатын» [2].

Осы кезеңде Израильдың барлық мұсылмандар үшін қасиетті Ирусалимнің шығыс бөлігін жаулап алуы, Израиль мен араб елдері арасындағы жағдайды одан сайын ушықтырды. Израильдың бұл әрекетін араб әлемі ғана емес, тұтастай мұсылман дүниесі басыну, қорлау, ислам құндылықтарын құрметтемеу деп қабылдады. 1969 жылы еврей экстремистері Мароккадағы Рабатта Әл-Ақса мешітін өртегеннен кейін, Марокко королі Хасен ІІ мен Сауд Арабиясы королі Фесала бен Әбделазиз бастамасымен өткізілген ислам мемлекеттері мен өкімет басшыларының кездесуінде Ислам конференциясы Ұйымын құру жөнінде шешім қабылданды. ИҰК құрушылар қатарында Ауғаныстан, Алжир, Гвинея, Египет, Индонезия, Иран, Иордания, Йемен, Кувейт, Ливан, Ливия, Малайзия, Мали, Мавритания, Марокко, Нигер, Пакистан, Сауд Арабиясы Сенегал, Сомали, Судан, Тунис, Турция, Чад және Палестина болды. Ал, келесі жылы Джиддеде сыртқы істер министрлерінің бірінші ислам конференциясы өтіп, онда ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Бас хатшылық және оның басшысы сайланды. Джидде Ирусалим толық азат болғанға дейін ИКҰ-орталығы болып жарияланды.

Ислам конференциясы Ұйымы халықаралық қатынастарда ауқымды мәселелерді қамтыйды. Саясиәлеуметтік, экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық өзара байланыс пен өзара әрекеттесу, мүше-мемлекеттердің тұрақты дамуына жағдай жасау ұйымның маңызды мақсаты болып саналады. 1972 жылы Сыртқы істер министрлерінің Үшінші конференциясында Ислам конференциясы Ұйымы Жарғысы қабылданып нақты мақсаттар белгіленді. Олар: ұйымға мүше мемлекеттер арасында ислам бірлігін нығайту; қатысушы мемлекеттер арасында экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми және басқа да маңызды салаларда ынтымақтастық орнату мен нығайту; халықаралық қатынастарда маңызды мәселелерде өзара кеңесу; отаршылдықтықты қандай түрін болса да жою мен нәсілдік кемсітушілікке жол бермеу; халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін әділдікке негізделген қажетті шараларды қабылдау; қасиетті жерді сақтауға байланысты бағытталған күштерді үйлестіру және Палестина халқының күресін қолдау, оларға өз жерін азат мен өз құқын қайтарып алуы үшін көмек көрсету; барлық мұсылман халқының өз тәуелсіздігі, ұлттық құқығы мен абройын сақтау мақсатындағы күресін қолдау; мүше-мемлекеттердің бір бірімен және басқа мемлекеттермен ынтымақтасуы мен өзара түсінісуін нығайту мақсатында тиімді ахуал қалыптастыру; Осы аталғандар ИКҰ қатысушы мемлекеттері қызметінде басты қағида болуымен, мемлекетаралық қатынаста, аймақаралық саясатта басты ұстанымға айналды. Сонымен қатар, Израиль басып алған Ирусалимді азат ету ИКҰ мүше мемлекеттерін біріктіруші, оларды өзара байланыстырушы символ болғанымен біртіндеп халықаралық жағдай өзгерді. «Алты күндік» соғысқа қатысушы араб мемлекеттері Израильмен дипломатиялық қатынас орнатты. Қазіргі уақытта ИКҰ қатысушымемлекеттердің бірқатары Израильмен экономикалық қана емес, әскери байланыс та орнатты. Бірақ, бұл мемлекеттерді ИКҰ құрамынан, кезінде Египетті шығарғандай, шығару мәселесі күн тәртібіне қойылған жоқ. Сондықтан бұл мәселеге байланысты, зерттеушілер мен саясаттанушылар арасында төмендегідей қайшылықты пікірлер қалыптасты.

.
.
  1. Араб елдері уақыт өте келе Таяу Шығыстағы Израильдың басты серіктесі, әрі қолдаушысы Американы жақтаушылар және қарсылар болып жіктелді. Сондықтан, олар саяси жағдайды бағымдап Израильмен байланыс орнатуға мүделі болды, американдық жаққа, баррикаданың келесі жағына шықты деп санайды [3]. 2. Араб мемлекеттерінің бірқатары өзгермелі жағдайға сәйкес, негізгі позициясынан бас тартпаса да толерантты бағыт, бейбіт қатар өмір сүру жолын ұстанды. 3. Араб мемлекеттері геосаяси позициядан толық немесе ішінара бас тартып, геоэкономикалық мүдені басты орынға қойды. 4. Ислам елдерінің бірқатары өз позициясынан бас тартпай, олардың ішінде, араб мемлекеттері де Батыс елдері мен Израильға қарсы күрестің қандай түрі болмасын қолдап, қаржыландыруда.

ИКҰ-на қатысушы мүше елдер ұйым Жарғысында ұйым мүшелері басшылыққа алатын басты принциптері де белгіленді. Ол қатысушы мемлекеттер арасындағы өз ара қарым қатынасты, аймақтық жағдайды реттеді. мүше-мемлекеттердің арасындағы толық теңдік; өзін өзі билеу билеу құқын құрметтеу, сонымен қатар мүше мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау; қандай да болмасын туған шиеленістерді бейбіт жолмен келіссөз, бітістіру, татуластыру арқылы реттеу; мүше мемлекеттердің қайсысының болмасын территориялық тұтастығына, ұлттық бірлігіне немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы күш көрсету мен қауіп тудырудан және қолданудан бас тарту; Саясаттанушылар пікіріне сүйенсек, олар ИКҰ маңызды форум болғанына қарамастан, өздері қабылдаған шешімдерін жүзеге асыруға құралдары мен табандылығы жетпеді. Сондықтан, қарарлары қағаз жүзінде декларация түрінде ғана қалып жүзеге аспады. Мысалы, 1981 жылы ИКҰ мүшемемлекеттерді «Ирусалимді және басып алынған территорияны азат ету мақсатында» екі есе күш жұмсауға және Израильға экономикалық бойкот жариялауға шақырды. Солай болғанымен, ИКҰ-ның бірқатар мүшелері Индонезия, Египет, Иордания және Парсы шығанағы мемлекеттері Израильмен экономикалық байланысты қолдады. Азамат соғысы мен стихиялық жағдайға душар болып, зардап шеккен ИКҰ-мы мүшелеріне немесе мұсылман қауымдастығына қаржылық көмек көрсетуге шақырғанда бірқатар мүше-мемлекеттер қалыс қалды.

Әлемнің әр тарабындағы ИКҰ мүшелері халықаралық қатынаста, мемлекетаралық аймақтық саясатта ортақ позиция ұстана алмады, кей жағдайда олардың өз арасында қайшылықтар туып, соғысқа ұласты. Мысалы, Ирак пен Иран немесе Ирак пен Кувейт арасындағы жағдай ислам елдері ынтымақтастығына сына қақты. Мемлекетаралық қайшылық ИКҰ бірлігін әлсіретті, оларды бір біріне қарсы қойды. 1990 жылғы Ирактың Кувейтке басқыншылығын қолдаған Иордания мен Палестинаны Азат ету Ұйымының саммитке қатысуына қарсылық ретінде, 1991 жылы Сенегалда өткен ИКҰ саммитіне 12 мемлекет басшысы келмеді. Ислам әлеміндегі саяси қайшылық, олардың өз ішінде алауыздықтың тууы ИКҰ мүше-мемлекеттері бірлігін әлсіретті, олардың саяси-экономикалық, мәдени байланысын әлсіретті. Бірақ, мұсылман әлемін олардың бәріне тән ортақ жәдігерлері және дамыған Батыс елдерінің олармен әріптестік позиция емес, үстем, артықшылық позиция ұстануы, ислам дүниесі құндылықтарын сыйламауы жақындастыра түсті. 2005 жылы бір дат газетінің Мұхаммед пайғамбар суретін карикатуралауы әлемде наразылық акциясын тудырды, барлық елде мұсылмандар қарсылығы басталып, ол үздіксіз наразылық шеруіне ұласты. Осы жылдың желтоқсанында ИКҰ басшылары дат газетінің іс әрекетін айыптап кезектен тыс саммит өткізді. Бұл ислам әлемінің жақындастыра түсті. 2008 жылы ИКҰ-ның жаңа Жарғысы қабылданып, бірқатар өзгерістер енді. Ұйым мақсаты жиырмаға дейін көбейтіліп, оған адам құқын қорғау, өркениеттер мен дін аралық диалогты және тұрақты дамуды қолдау т.б. енді. Ал, принциптер қатары қоршаған ортаны қорғау, адам құқы мен бостандығын қолдау секілді пункттермен толықты.

ИКҰ-ның функциональдық қызметі барысында екі басты шара оның даму үрдісін айқындайды. ИКҰ-ның Жарғысына сәйкес саммит үш жылда бір өткізіледі. Сыртқы істер министрлері Кеңесі жыл сайын өткізіліп, онда өзекті ағымдық мәселелер қаралады. Осы жылдың басында Египеттегі саяси шиеленіскен жағдайға байланысты, Шарм-әл-Шейхта наурызда өтуге тиісті ИКҰ-ның 12-ші саммиті кейінге қалдырылды. Қазір саммитта төрағалық қызметті Сенегал атқарса, Сыртқы істер министрлері Кеңесі кезекті 38 сессиясы Астанада өтіп, Қазақстан осы құрылымда бір жыл төрағалық қызмет атқарады. ИКҰ-ның құрылымында саммит, сыртқы істер министрлер Кеңесімен қатар, тұрақты комитеттер, атқару комитеттері, халықаралық сот, тұрақты өкілдік комитеті, бас хатшылық, адам құқы жөніндегі тұрақты комитет және басқалар өз қызметін атқарады. Сонымен қатар, мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы мен қаржылық нығаюында ықпалды болып отырған субсидиалық органдар қызметі белгілі. Мысалы, Ислам даму Банкі. ЮНЕСКО-ға функционалдық қызметі өте ұқсас Ислам білім, ғылыми және мәдени ұйымы (ISESCO Рабат) мұсылман мемлекеттері арасындағы ғылым, білім және мәдени салада ынтымақтасуда кең танымал. Білім жүйесінде тәжірибе алмасу, студенттер, магистранттар мен докторанттардың ғылым кеңістігіндегі ынтымақтасуы мемлекетаралық қатынаста кең қолданылуда.

Сонымен қатар, Ислам мемлекеттерінің радио хабар тарату ұйымы (ISBO, Джидда), Халықаралық ислам жаңалықтары агенттігі (IINA, Джидда), Бүкіл әлемдік ислам ғылым Академиясы ИКҰ-ның арнайы органдары саналады. Оларға ИКҰ құрамындағы мемлекеттер мүшелікке жеке, өз қажеттіліктері мен талаптарына сай кіреді. Қосымша орган болып саналатын Ислам елдерін әлеуметтік, экономикалық және статистикалық зерттеу орталығы (Анкара), Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу Орталығы (Стамбул), Ислам технология институты (Дакка), Ислам сауданы дамыту орталығы (Касабланка), Ислам құқық академиясы (Джидда), Ислам қоры ынтымақтастығының атқару бюросы (Джидда) және т.б. ИКҰ мемлекеттерінің мүшелікке кіруі міндетті саналды. ИКҰ елдерінде әлемдегі мұнай қорының 70%, газдың 50% шоғырланған. Қазіргі кезеңде энергия қуатына сұраныс күннен күнге артып отырғанда ислам әлеміндегі елдердің әлемдік геосаясат пен геоэкономикада өзіндік орыны қалыптасты. ИКҰ құрамындағы елдерді шартты түрде территориялық орналасуына сәйкес бөлгенде: онда араб елдері тобы, азиялық және африкалық топтар және Латын Америкасының екі елі Гайана мен Суринам бар. Қатысушы мемлекеттердің 22-сі, бұл негізінен африкалық мемлекеттер даму деңгейі төмен елдер болып саналады [4].

ИКҰ-ы әлемдегі мұсылмандар шоғырланған мемлекеттерді өз қатарына тартып мүшелікке қабылдады. Мысалы, халқының 20% ғана мұсылман болғандығына қарамастан Камерун де ұйымның толық мүшесі. ИКҰ-да мұсылман елдеріне көмек көрсетіп, материалдық-қаржылай донор міндетін атқарып отырған ауқатты араб елдері. ИКҰ-ның ықпалды мүшелері – Сауд Арабиясы, Түркия, Египет, Иран, Сирия, Пәкстан, Индонезия және т.б. Аталғандардың ішінде Сауд Арабиясы барлық қаржының 20% көтереді және ИКҰ-ның штаб-пәтері орналасқан. 2005 жылы Меккеде өткен саммитте мұсылман әлемі өзінің тұтастығына, бірлігіне, қауіпсіздігіне, тыныштығы мен қалыпты даму процесіне елеулі әсер етуі мүмкін саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени бәсекелестік жағдайында тұрғандығын атап өтті. Осындай қиын, саяси-идеологиялық қайшылықты ахуалды жеңу үшін ИКҰ мүше-елдердің өзара ынтымақтасуын тереңдетіп, шешімді қадамдар жасады. Осы 2005 жылы ИКҰ-ның 2015 жылға дейінгі даму бағдарламасы қабылданды.

ИКҰ-ның басты мақсаттарының бірі әлемдегі мұсылман қауымын қорғау мен қолдау. Сондықтан, ИКҰ хатшылығы әлемнің әр түрлі елдердегі мұсылмандардың жағдайына байланысты мониторинг жүргізіп, олардың саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірдегі проблемалары, қиыншылықтары, кедергілеріне талдау жасады. Оларды шешудің жолдарын белгіледі. ИКҰ бірқатар қарарларында Қытайдағы, әсіресе Синьцзяндағы мұсылмандар құқықтарының бұзылуына, Үндістан, Таиланд, Эфиопия, Филиппин және басқа елдердегі мұсылман қауымының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар, ИКҰ басқа елдердің ішкі ісіне араласау принципі мен халықаралық норманы берік ұстанады.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін мұсылман әлемімен тығыз байланыс оранатты. 1994 жылы президент Н.Ә.Назарбаев Сауд Арабиясына ресми іс сапармен барғанда ИКҰ-ның Бас хатшысы Х.Аль-Габидпен кездесті. Бас хатшы Қазақстанды ИКҰ құрамынан көргісі келетіндігін айтып, мүшелікке өту Қазақстан үшін де, ИКҰ үшін де халықаралық қатынаста тиімді болар еді деген тілегін білдірді[5,325]. Бас хатшы біздің елдің мүшелікке өтуі мұсылман елдерімен ынтымақтасуда кең мүмкіндіктер тудырып және Ислам Даму Банкі, басқа да қаржылық және экономикалық Ұйымдар: Сауд Даму Қорына (СДҚ), Араб экономикалық дамуының Кувейт қорына (АЭДКҚ) және басқаларға жол ашатындығын атап өтті.

.

Алғашында ИКҰ құрамына бақылаушы (Нью-Йорк, 1994 жыл қазан) ретінде енген Қазақстан, 1995 жылдың желтоқсанында мүше-елдердің сыртқы істер министрлері конференциясында Конакридегі (Гвинея) конференциясында толық мүшелікке қабылданды. ИКҰ-ның Жарғысына сәйкес Қазақстан Ислам Даму Банкісінің мүшесі болды. Қазіргі уақытта ИКҰ-на төрағалық қызметіне кірісетін Қазақстан мұсылман әлемінде жинақталған көптеген прблемаларға жаңаша көзқараспен қарап, шешу жолын іздейтіні айқын. Әлемнің ірі саяси күштерімен ортақ көзқарасты үйлестіру, күрделі мәселелердің оңтайлы шешімін іздеу, шиеленіскен түйінді байыпты талдау, әлемдегі оның ішіндегі ислам дүниесіндегі конфронтациялық, мүделері қарама қайшы топтар үшін ортақ жол іздеу Қазақстандық бағыт болатындығы айқын. Бүгінгі күні әлемнің даму үрдісінде ислам дүниесіне қатысты мына шиеленіскен түйіндер алдыңғы орынға шықты.

  1. Өте ұзаққа созылған, саяси әдіспен шешу мүмкін болмаған араб-израиль шиеленісі; 2. Ирактың ыдырау қауіпі, сондай ақ Ливияның бөлшектену қауіпі; 3. Халықаралық лаңкестіктің өршуі; 4. Иранның атом бағдарламасы төңірегінде тууы мүмкін шиеленіс; 5. Иран мен бірқатар араб мемлекеттері арасындағы мүде қайшылығы. 6. Ислам әлемінде шиіт факторының күшеюі және сүниттер әлемімен конфронтация 7. Пакістан – Ауғанстан аймағындағы тұрақсыздыңтың күшеюі. 8. Синьцзян мен Кашмирде тууы мүмкін шиеленістер. 9. Үндістан мен Пакістан арасындағы мүде қайшылығы. 10. Көптеген мемлекеттердегі ішкі тұрақсыздық (Сомали, Ливан, Тунис, Алжир, Иемен, Бангладеш және басқалары [1].

Бұл халықаралық қауіпсіздік мәселесіндегі айсбергтің көрініп тұрған бір жағы, беті ғана, ал, саясиэкономикалық, әлеуметтік дағдарыстар негізінде күтпеген, кездейсоқ шиеленістердің туу мүмкіндігін ешкім де теріске шығармайды. Қазақстанның өз қызметінде мемлекетаралық, аймақтық қатынастарда, саяси, экономикалық, сауда және гуманитарлық салада үйлесімді, тиімді жол іздеу, батыс пен шығыс арасындағы диалогты өзара сенім мен төзімділік негізінде қалыптастыру қазақстан төрағалығының ұстанатын жолы болатыны хақ. Сыртқы істер министрі Е.Берқалиевтың пікіріне сүйенсек [6], Қазақстан осы сыртқы істер министрлері Кеңесі қорытындысы негізінде Астана декларациясын қабылдауды жоспарлауда. Онда, қазақстандық мүде тұрғысында, бірнеше мәселелерге назар аударылады. Оның ішінде бастылары, бірінші – қауіпсіздік. Маңыздылығы, кеңес жылдары Қазақстан ядролық қаруды сынау алаңына айналды, оның зардабын да басынан өткізді. Сондықтан, 1991 жылдың 29 тамызында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылды [7, 326]. Қазақстан өз территориясында орналасқан ядролық қарудан бір жақты бас тартты.

Өз тәжірибесі негізінде Қазақстан мемлекетаралық шиеленісте күш көрсету, қауіп тудыру, ядролық қаруды қолданудан бас тарту, ядролық қарусыз аймақ құру идеясын көтерді. Таяу Шығыста шиеленісті бәсеңдетіп қауіпсіздікті нығайту жолын ұстануда. Қазақстан ядролық қаруды таратпау, ядролық сынаққа тыйым салу мәселелеріне халықаралық қатынаста белсене араласты. 2011 жылдың басынан араб елдерін қамтыған саяси-әлеуметтік ахуал, билікке наразылық, бірқатар араб елдерінде ұзақ жылдар бойы билікте болған басшылардың кетуі мұсылман әлеміне дамудың жаңа жолын іздеуді қажет ететіні де ақиқат. Сонымен қатар, өркениеттер арасындағы диалогқа ықпал ету және лаңкестікке жол бермеу, ислам әлеміне лаңкестіктің, экстремизмнің жат екендігін көрсету бағытын ұстануда [8, 493]. Бірнеше халықаралық ұйымдарға мүше Қазақстан әлемге есірткінің таралуына, Ауғаныстандағы жағдайға алаңдаушылық білдіруде. Осы мәселеге қатысты бүгінгі күнге дейін ИКҰ ауқымында Ауғаныстаннан келетін есірткіге қатысты нақты қарар қабылданбаса, енді Астана Ауғаныстанмен бірлесе отырып қарар дайындады. Бірқатар аймақтық ұйымдармен ИКҰ арасында өзара тығыз байланыс орнату мен оны одан әрі дамыту да Қазақстан төрағалығы қызметінің бір саласы болары айқын. Қазақ жерінде Ислам Ынтымақтастық Ұйымы жаңа атауына ие болған бұл ауқымды бірлестік халықаралық саясат пен экономикада ықпалды күшке айналуы мүмкін екендігін де қазіргі уақтытта ешкім теріске шығармайды. Ислам мемлекеттерінің жаһандану жағдайындағы даму үрдісін айқындау, оған жаңаша серпін беру және әлемдік саясатта, экономика, ғылым мен білім беру саласында алдыңғы орынға ұмтылуына ықпал ету өткізілген кеңестің, Қазақстан жолының, халықаралық саясаттағы бағыты.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.