Испания әдебиеті

Главная » Рефераттар » Испания әдебиеті

Испания әдебиеті

Қайта өрлеу дәуірінде әлемге Сервантесті таныстырып, Гонгори, Кеведо, Кальдерон, Лопе де Вега шығармашылықтары арқылы ХҮІ-ХҮІІ ғасырдағы поэзия мен драматургияны дүниеге әкелген испан әдебиетінің гүлдену кезі келмеске кеткен. Дегенмен ХХ ғасыр баста­лы­сымен испан әдебиеті Еуропа әдебиетінде маңызды орынға ие болады. Оған елде болған маңызды оқиғалар да әсер етеді. ХХ ғасырда Испания испан-америка соғысында жеңіліс тауып, өзінің отарлары мен бұ­рынғы күшінен айрылған болатын. Бұл оқиға 1898 жылы орын алғандықтан, «98 жылдың ұрпақтары» атанған жазушылар Мигель де Унамуно, Пио Барохи, Антонио Мачадо, Хуана Рамона Хименесо шығармашы­лық­тары осы кезеңмен байланысты болады.

1898 жылдан кейін Испания экономикалық және саяси дағдарыс кезеңіне тап болады. Эко­номикалық тоқырау кезінде шаруалар мен жұмысшылар ара­сын­да толқулар басталып, бір­қатар елдерде (Катамония, Баск елдері) ұлттық авто­но­мия үшін күрестер жүріп жатты. 1923 ж. Испаниядағы төңкерістен кейін Примо де Ривераның әскери-монархиялық диктату­расы орнады. Ол 1930 ж. дейін созылды. 1931 ж. монархия құлап, буржуазиялық республика орнайды. Осы жағдайда таптық қақтығыстар ұлғайып, ел ішіндегі фашизимге қарсы бағыт­талған, азаматтық ұлттық-революциялық соғысқа айналады. 1936-1939 жылдары болған азаматтық соғыс генерал Франконың фашистік диктату­ра­сы­ның орнауымен аяқталады. Испан әдебиеті осында үлкен апаттар мен мәдениеттің жойылуы, интелли­генция мен еркін ойлаушылардың қудалануы кезінде өмір сүруін жалғасты­рады. Сол тұстағы әдебиет елдің тарихына қайта үңіліп, болашаққа деген сенім шырағын жағып, халықтың даналығы мен күш-қуатына деген сенімді күшейту­мен болған.

.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында «98-ші жылдың ұрпағына» жататын жазушылардың шығармашылығы испан әдебиетінде белең алған ең маңызды құбылыс болады. Бұл жазушылар сыни реализм канондарына қатаң бағынатын, дәстүршіл аға буын өкілдеріне өздерін қарсы қойды. Олар шығарманың стилі арқылы автордың өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге тырысады. Натуралистер өз кейіпкерлерінің бойындағы ата-бабала­ры­нан алған қасиеттеріне үлкен мән берген болса, олар керісінше өз кейіпкер­лерін қоршаған ортаның әсеріне берілмейтіндей етіп бейнелейді. Қарапайым адамдардың өмірін суреттеуде олар испандықтарға тән ержүректі­лікті ашып көрсетеді. Оларды ұлттық психологияның негізі қызықтырып, халық пен отан тақырыбы үлкен маңыздылыққа ие болады. Елде болып жатқан оқиғалар философиялық роман мен лирика жанрын ұстанған испандық жазушылардың шығармашылы­ғында көрініс табады.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында авангардтық ағым пайда болады. Алғаш­қы­лардың бірі «креасьонизм» (испанша crear — жасау) болған. «Креасьо­низм­нің» эстетикалық ұстаным­дары мен оның артынша пайда болған «ультраизм» (латынша ultra – шегінне тыс, тысқары) француздық авангардтың, сюрреа­лизмнің ықпалымен қалыптасады.

Уақыт өте «Креасьонизм», «ультраизммен» байланысы жоқ «таза» ақындар тобы құры­лады. Оларды кейде «университеттік ақындар» немесе «академик ақын­дар» деп те атады. Олардың ішінде француз поэзиясын аударған әйгілі ақын, әрі филолог – Хорхе Гильенді ерекше атап өтсек болады. Оның метафорасы күрделілігі жағынан Гонгор поэзиясына ұқсас. Оның алғашқы өлеңдері 20-шы жылдары басылып шыға бастайды. Гильеннің испандық барок­ко поэзиясының дәстүріне сүйенуі 20-шы жылдардағы испан әдебиетін­дегі неогон­горизмнің бір көрінісі болып табылады.

1930 жылдан бастап публицистика жанры, яғни памфлеттер, репортаж-романдар, хроникалар, үгіт пьесалары дами түседі. Оған мысал ретінде Сир­валь­дің «Құрылтай жиналыстың белгілері», Бенавидестің «Жерорта теңізінің соңғы теңіз қарақшысы», Альберти мен Эрнандестің пьесаларын келтіруге болады. Сондай-ақ, Асеведтің «Көртышқан», Галанның «Ұйымдастырылған жабайылық», Арондтың «Мінбе» сияқты әлеуметтік романдары жарық көре бастады. Мәдениет қайраткерлерінің бірігуінде 1936 жылы құрылған «Антифа­шисттік интеллигенция альянсі» маңызды рөл атқарады. Жас жазушылардың поэтикалық жинақтары шығарылады («Азаматтық соғыстың романсеросы», 1936).

Өнердің теоретигі ретінде эстетикалық ойлардың дамуына Мадридтағы философия кафедрасын бірнеше жыл басқарған ірі испан философы Ортега-и-Гасет өз үлесін қосады. Тарихи сана философиясы идеясын Ортега-и-Гасет өзінің әдебиет мәселе­сіне арналған еңбек­терінде әрі қарай дамыта түседі. Оған « Дон Кихот» туралы ойлар» (1914), «Прусттың өнеріндегі түр, уақыт және кеңістік ұғымдары» (1924), «Өнердегі көзқарастар туралы» (1924), «Өнерді гуманизациясыздануы» (1925), «Көпшіліктің толқуы» (1928), «Роман жайлы ойлар» (1930) мысал бола алады. Ортегидің еңбектерінде қоғам жайлы әлеуметтік-мәдени анализ әдебиет­тегі дамудың негізгі тенденцияларымен бірігеді. Ортеги-и-Гасетаның экзистен­цио­на­лизмі мен рациовитализмі сол дәуірдегі испандық жазушылардың дүние­та­нымы мен шығармашылығына ықпал етеді.

Испан әдебиетінде 40-жылдары диктаторлық режимге қарсы көңіл-күйлер «тремен­дизм» (исп. tremendo – қорқынышты, жаман) әдебиетінде көрініс табады. Философиядағы экзистенциализмнен негіз алған «тремендизм» әдеби ағым ретінде Камило Хосе Селаның (1916) шығармашылы­ғында, әсіресе оның «Паскуале Дуартенің отбасы» (1942) мен «Ара ұясы» (1943) романдарында көрініс тапқан. Села фашизм кезіндегі адамдардың қорқыныш пен үрейге толы өмірін шынайы көрсете білген.

50 жылдары әдебиетке экзистенциализмді қабылдамайтын жазушылар келе бастайды. Олар өздерінің әдістерін «объективті және әлеуметтік реализм» деп біледі. Осы жылдары бұқара халық пен жекелеген адамдардың сана-сезімі оянып, олардың саяси белсенділіктері арта түседі. Жұмысшылар, студенттер, зиялылар түрлі әлеуметтік, діни, ұлттық сипаттағы режимге қарсы күрестер ұйымдастырады. Хуан Гойтисоло (1931) «Қолдың ептілігі» (1954) және «Жұмақтағы қайғы» (1955) романдарында өзін франкистік Испанияны әшкере­леп, кейін осы тақырыпты «Ерекше белгілер» (1966) романында жалғас­тырады.

Әлеуметтік қайшылықтар Мигель Делибесаның (1920) «Егеуқұрық» (1962), «Мариомен өткен бес сағат» (1966), «Әкелер соғысы» (1975), «Сеньер Кайно кімге дауыс бермек» (1979) атты шығармаларына да арқау болады. Делибестің кейіпкерлеріне өмірдегі қиындықтарды жеңуге көмектесетін қайратты мінез тән. Олар өмірді сүйеді. Басты кейіпкердің ішкі монологын баяндайтын «Мариомен өткен бес сағат» атты романында Делибес психологизм саласындағы өз шеберлігін көрсете білген.

Мигель де Унамуно (1864-1936) – жазушы, философ, ғалым-филолог, профессор әрі қоғам қайраткері. Унамуно Испанияның солтүстігіндегі Бильбао қаласында саудагердің отбасында дүниеге келген. Мадрид университетінде оқып, «Басктардың пайда болуы мен оған дейін болған жайттар» тақырыбында диссертация қорғаған. Осы тақырыпты таңдаған кезде Унамуноның өз елінің тарихына деген қызығушылығы пайда болып, оның кейінгі шығармашы­лығына да әсер етеді. 1924 жылы әскери диктатураға қарсы жазған памфлеттері мен мақалалары үшін Канар аралдарына қуылады. Жеті жылдық қуғын-сүргін оның қайрат-жігеріне еш әсер етпеді. Унамуно шығармашылығының негізгі тақырыбы – Испанияның тарихи тағдыры, Отанының бүгіні мен ертеңі, ол махаббат, өлім, жалғыздық туралы сөз еткен. Жазушының «Махаббат және педагогика», «Тұман» романдары адамның қалыптасуы, рухани өмірге қол жеткізу сияқты мәселелерді қамтиды. Бұл романдардың ХХ ғасыр әдебиетіне қосқан үлесі зор. Бұл романдарыдың біріншісі трактатқа жақын болса, екіншісі – өсиет. Унамуноның өзі бұл шығармаларының романдарға ұқсамайтынын айта отырып, оларды испан тілінде «роман» мағынасын беретін «noYela» сөзімен атамай, өзі ойлап тапқан «noYila» деген сөзбен атайды.

«Сана скептицизмі» мен сезімдер арасындағы күрес – Унамуно шығарма­шы­лы­ғын­дағы негізгі ойлардың бірі. «Адамдардың өмірді трагикалық сезінуі» теориясы осы оймен байла­нысты. Ақыл мен жүрек арасындағы күрес — ешқашан бітпейтін үдеріс. Алайда, Унамуно өлім­нің алдында бас имей, оған қарсы тұруға шақырады. Өліммен күресе отырып, «жанта­ласушы» өзін тұлға ретінде қалыптастырады. Бұл тек қана испандық коррида уақытында емес, күнделікті өмірде де болатын жағдай. «Махаббат және педагогика» романының бас кейіпкері – Кларита танымал бола алмаған роман авторы ретінде де, сүйгенінен айырылған еркек ретінде де жеңіліс табады. «Тұман» және одан кейін жазылған Унамуноның «Авелб Санчес» (1917) атты романы мен «Үш өсиет новеллалар» жинағында (1920) адамның өзін қор­ша­ған ортамен бітпейтін күресі туралы айтылады. Әділетсіздікті жаны сүймейтін Мигель де Унамуноның этикалық идеалы. Оның өлеңдерінде Отан («Рух қаны»), Испания табиғатының әсемдігі («Ашық көзде­ріммен өлейін»), фашизмге қарсыл күрес («Фашизм»), болашаққа сенім («Эй, испандықтар! Уақыт келді!») жайлы айтылған. Унамуноның «Поэтикалық кредо» атты көркем манифесті өлеңмен жазылған.

Антонио Мачадо (1875-1939) — ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы таны­мал испан ақындарының бірі. Ол да Унамуно сияқты «98 жыл ұрпақтарының» қатарына жатады. Ол 20-30 жылдар арасында авангардтық бүлікшіліктен әдебиет­тің жаңа шарттарын қабылдауға өткен жас жазушылардың жақтасы болған. Антонио Мачадо Севильеде дүниеге келген. Оның әкесі танымал ғалым-фольклорист болған. Антонио Мадридте білім алған. Мачадо өзінің әдеби шығармашылығын 1903 жылы жарыққа шыққан «Жалғыз­дық» атты поэтикалық жинағымен бастайды. Аталған жинаққа енген өлеңдерден француздық символизммен, ең алдымен, Поль Верленнің поэзиясымен, сонымен қатар латын америкалық ақын Рубен Дарионың шығармашылы­ғымен байланысы байқалады. Мачадо келесі онжыл­дықта («Кастилия жазықта­ры», 1912) өзін реалисттік ағымдағы ақын ретінде танытады. Оның дүниетаны­мы­ның қалыптасуына экзистенциализмнің әсері зор болған. Оның ойлары Мигель де Унамуноның философиялық көзқарастарына жақын болғанын Мачадоның 1913-1917 ж. арасында жазған өлеңдерінен байқауға болады. Мачадо өзінң философиялық лирика­сында о дүниелік өмір жайында емес, өзінің өлімінен кейінгі осы әлем жайында айтады.  «Кастилия далалары» атты шығармасында тарихи оқиғалар суреттеледі. Мачадо «Исапа­ния­ның жерлерімен», «Дуэро жағаларына», «Өткеннен» атты өлеңдерінде туған жердің өткен тарихын жаңа заманмен байланыстырады.

Республика жылдары мен азаматтық соғыс жылдарында Мачадо фашизмге қарсы шығады. Ол Испаниямен, халықпен бірге күреске шығу керек екендігіне сенімді болады. Мачадо республикалық басылымдарда шығарамларын жарыққа шығарып, жиналыстарда сөз сөйлейді, Гарсиа Лорка өліміне элегия жазады, соғыс кезінде қираған қалалар жайлы өлең­дерді дүниеге әкеледі. Мачадо қашқындармен біріге Франция шекарасынан асып, қайтыс болады.

Федерико Гарсиа Лорка (1898-1936) – тек қана өз халқының арасында емес, сонымен қатар бүкіл әлемде танымал болған ХХ ғ. Испанияның ең талантты ақындарының бірі. Ол өзін тек қана ақын және драматург ретінде ғана емес, содай-ақ, музыкант, суретші, режиссер ретінде де көрсете білген. Ақынның отаны – Андалусия. Осы жерде, Гранадаға жақын Фуэнтева­керос елді меке­нін­де ауқатты отбасында дүниеге келген. Андалусия бейнесі, оның тақыр жерлері мен орманды алқаптары, оның жасыл жазықтары, болашақ ақынның туысқандары мен жергілікті тұрғындар орындаған халық әндері оның есінде мәңгі сақталып қалады.

Федерико орта білімін Исаның киелі жүрегі атты колледжде алған. Бұл жерде ол бакалавр үшін емтихан тапсырып, кейіннен университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Лорканың туындылары университет қабырғасында жүрген кезден бастап шыға бас­тайды. Оның алғашқы өлеңдер жинағы 1921 жылы жарық көреді. 1920 жылы Мадридте «Көбелек сиқыры» атты пьесасы қойылады. Одан кейін «Цыгандық романсеро» (1924), «Нью-Йорктағы ақын» кітабы (1929-1930), төрт бөлімнен тұратын «Игнасьо Санчес Мехиасты жоқтауы» (1935) жарыққа шығады. Оның «Мариана Пинеда» (1925), «Қанды үйлену тойы» траге­­диясы (1933), «Йерма» (1934), «Бернарда Альба үйі» (1936) атты пьесалары үлкен жетістікке ие болады.

Ақын-гуманист Гарсиа Лорка саясатқа араласпай, ешбір саяси партияға мүше болмаса да, әлеуметтік әділетсіздікті тереңдей сезіне білген. Бұл оның шығармаларынан, айтқан сөздерінен байқалады. «Цыған романсеросының» әлемі, Лорканың өзі айтқандай, «цыған мифо­ло­гиясы мен қазіргі өмірдің үйлесімінен» пайда болған. Ол Испанияның дәстүрлі жан­ры романға бет бұрып, Андалусияда тұрып жатқан цығандарды «от пен қанның сақтаушы­лары» деп санаған. Лорканың өлеңдерінде ең көп кезігетін бейнелер мен ұғымдар – өлім, махаббат, еркіндік, түн мен қанжар.

Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстың арасындағы Испания тарихы екі кезеңге бөлінеді. Буржуазиялық монархия дағдарысының тереңдей түсуі, елдің билеуші табының әскери диктатура көмегімен революциялық ағымды тоқтатуға тырысуы бірінші кезеңге (1917-1931) сәйкес келеді. Бұл кезең 1931 жылы сәуір айында Испанияның республика болып жариялануымен ақталады. Екінші кезеңде (1931-1939) Испания буржуазиялық-демократиялық төңкеріс кезеңін басынан кешіреді. 1939 жылдың көктемінде орын алған ішкі және сыртқы фашизмнің біріккен күштеріне қарсы күресте республиканың жеңіліс табуы Испания тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы болады.

Испания зиялылары да осы кезеңдердегі әлеуметтік күрестен тыс қалмады. «1898 жыл ұрпақтарының» құлдырауы осы кезеңге сәйкес келеді. Сондай-ақ, бұл кезеңде Бенавенте, Маэсту және т.б. ақын-жазушылар консервативті позицияға өтіп, Антонио Мачадо мен Рамон дель Валье-Инкланның демокра­тия­лық ағымға жақындай түседі. Батыс Еуропаның басқа да елдеріндегі сияқты Испанияда да жас ұрпақ шығармашылығы рухани дағдарысқа ұшырайды. Пессимизм мен қайғыға толы бұл «қарғыс атқан» ұрпақ буржуазиялық қоғамға қарсы тұру үшін авангардтық өнер арқылы жол табады. Олардың шығармалары қайғы-қасіретке толы, алайда, бұл шығармаларда формалды жаңашылдық алдыңғы орынға шығады.

Авангардтық тенденциялар 20-ж. дейін Рамон Гомес де ла Сернның шығармашылығын­да да көрініс тапқан. Ол өзінің шығармалары арқылы бур­жуа­зияны әшкерелеуге тырысқыны­мен, оның қоршаған қоғамды сынауы үстіртін жүреді. Жазушы өзінің «Киноландия» (1924) шығарма­сында голливудтың коммерциялық өнеріне қарсы памфлет жазады. Бұл шығармада жаңа замандағы буржуазиялық қоғамының іс-әрекеттері адам табиғатына тән іс-әрекеттер ретінде суреттеледі. Адамды затқа ұқсату немесе керісінше затты адамға ұқсастыру, эксцентрикалық форма, бұлардың барлығы оның ойлап тапқан «грегерий» жанрына тән сипаттары. Грегерий – күрделі метафорлар негізінде құрастырылған көңілді афоризмдер.

30-жылдары Испания жазушылары бір тудың асына бірігіп қана қоймай, әдебиеттің дамуына да ықпал етеді. 20-30 жылдары Фермин Галланның (1899-1930) «Ұйымдастырылған жабайылық» («La barbarie organizada» 1939), Рамон-Хосе Сендердің (1902-1982) «Магнит» («El iman» 1930), Исидоро Асеведоның (1867-1952) «Көртышқандар» («Los topos» 1930) Сесар Муньос Арконаданың (1898-1964) «Мінбе» («La turbina» 1930) және т.б. сияқты әлеуметтік романдар жазылады. Әдетте «әлеуметтік дабыл романдары» деп аталатын бұл кітаптар шеберлілігі жағынан да, тақырыбы жағынан да әр қилы. Галан мен Сендердің кітап­та­рында испандық империа­лизмнің мароккалық авантюрасы әшкереленеді. Асеведоның «Көртышқан­дар» романында Астуриядағы тау кеншілеріне көрсетілген зорлық-зомбылық­тар бейнеленеді. Арконаданың «Турбина» шығармасында техниканың испан­дық ауылға енуі, оның ауыл шындығымен қақтығысы жайлы айтылады. Осылай­ша, романдарда сол кездегі Испанияның әлеуметтік шындығы жан-жақтан сынға алынады.

Бұл жылдардағы әдебиеттің тағы да бір ерекшелігі – публицистиканың көркем әдебиетке енуі мен көркем-публицистикалық жанрдың гүлденуі. Осы әдебиеттің алғашқы үлгілерінің бірі Луис Сирвальдың «Құрылтай жиналыстың белгілері» атты кітабы (Las Huellas de las Constituyentes, 1933), буржуазиялық «демократияның» екіжүзділігін қатаң сын­ға алған памфлет болып табылады. Сондай-ақ, өзінің «Жерорта теңізінің соңғы қарақшысы» (El ultimo pirata del Mediterraneo, 1934) атты роман-репортажымен аты шыққан Мануэль Домингес Бенавидес прогрессивті публицистиканың дамуына үлес қосқан. Жазушы бұл шы­ғар­масында өзінің қылмыстарынан пайда тауып мультимиллионер болған қарақшының бейне­сін сипаттайды және осы арқылы үкіметтің қылмыс дүниесімен тығыз байланысын көр­се­теді. Кейіннен Бенавитес испан халқының ұлттық-революциялық соғысы мен асту­риялық көтеріліс туралы көптеген роман-репортаждар жазады.

Хосе Ортега-и-Гассет 1883 жылы 9 мамырда Мадридте дүниеге келген. Малагадағы колледжде оқып жүрген кезінде латын және көне грек тілдерін үйренеді. 1904 ж. Комплутен­се мадридтік университетін бітіреді. Одан кейін жеті жыл уақытын Германия универси­тетінде өткізеді. Испанияға қайтып келген соң Комплутенсе университетінде 1936 жылғы азамат­тық соғыс басталғанға дейін қызмет атқарады. Ортега-и-Гассет 20 жылдарда әдебиеттегі жас буын өкілдерін өзінің энциклопедиялық білімімен, қызу публицистикалық темпераментімен, буржуа­зия­­лық қоғамға деген ашық жеккө­ру­шілігімен таң қалдырды.

1914 жылы Ортега өзінің алғашқы кітабы – «Дон-Кихот жайлы ой толғаула­рын» (Meditationes del Quijote) басып шығарып, өзінің «Жаңа және ескі саясат» (Yieja y nueYa politica) атты атақты дәрісін оқиды. Көп ұзамай Ортега Латын Америкасында танылып, Аргентинада бірнеше дәрістер оқып, 1923 ж. «Ревисте де Оксиденте» журналының негізін салады. Бұл журналда испан тілді халыққа философияның, ғылымның және әдебиеттің жетістіктері ұсынылады. Ортега 1933 ж. саясаттан бас тартып, азаматтық соғыс басталған кезде Испаниядан кетеді. 1936-1945 ж. аралығында Еуропада, Аргентинада, Португалияда өмір сүреді. 1948 ж. Мадридте Гуманитарлық ілімдер институ­тының негізін салады. Хосе Ортега-и-Гассет 1955 ж. 18 қазанда қайтыс болады.

Хосе Ортега-и-Гассеттің «Дон-Кихот жайлы ой толғаулар» және «Жотасыз Испания» сияқты шығармалары оның испандық ретінде де, еуропалық ретінде де ой шабытын көрсетеді. Автордың «Біздің заманымыздың тақырыбы» және «Өнердің дегуманизациясы» атты шығармаларында оның интелектуалды алғырлығы мен көркемдік таланты білінеді. Осы жерде ол адамға төмендегідей анықтама береді: «Мен мен және менің қоршаған ортам болып табыламын». Яғни адам өзін қоршаған ортасындағы тарихи жағдайлардан тыс қарастырыла алмайды. Ортега идеализм (сана ұғымын асыра сілтеу) мен реализмнің (зат ұғымын асыра сілтеу) арасынан үйлесімділік іздеп, «Мен және заттың қосындысы» өмір философиясын ұсынады. Әрбір өмір Әлемге деген көзқарастардың бірі; ешкім өзінің көзқарасын нағыз ақи­қат деп айта алмайды. Ортеганың неміс философы Вильгельм Дильтеймен таныстығы «Та­рих жүйе ретінде» (Historica como sistema, 1941) шығармасында көрініс тапқан философия­лық-тарихи көзқарастарына әсер етеді. Автор өз шығармасында адамзат болмысының негіз­гі мәселелерін зерттеуге жаңа тәсіл ұсынады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін испан әдебиетінде екі кезең ерекшеленеді. Бірінші кезең, фашисттік режим мен Франконың диктаторлық басқаруы кезеңі 1945-1975 ж. сәйкес келеді. Оның өлімінен кейін 1975 ж. Хуан Кариос Испанияның королі болып сайланады да, елде демократиялық өзгерулер болады. Сонымен қатар Испания тарихы мен әдебиетінде де жаңа кезең басталады (1975-1990).

1939 жылдың наурыз айы испан халқы үшін ең қайғылы кезеңдердің бірі болады. Республиканың құлауы мен франкизмнің жеңіп шығуы халықтың тағдырына да әсер етеді. Фашисттік диктатураның орнауы мәдениеттің дамуы­на кері ықпалын тигізіп, білім саласы қайтадан шіркеулердің бақылауында болады. Баспа, әдебиет, театр, кино цензураның қатаң бақылауына алынады. Әдебиет пен мәдениетті бақылау үшін құрылған цензуралық органдар испан тіліндегі жаңа кітаптардың басылуынаа тыйым салады.

Осы кезде испан әдебиетінде дағдарыс үдей түседі. Көптеген қоғам қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшырап, Лорка, Мачадо, Эрнандес сияқты ұлы әдебиетшілер қайтыс болады. Испанияда қалған немесе соғыстан кейін еліне қайтып келген жазушылар үнсіз қалады. Олардың шығармаларын оқуға немесе басуға тыйым салынып, бірнеше жыл бойы Испания әлем әдебиетінен тыс қалады. Осы себептен Испанияның жас жазушылары өздерін «жетек­шісі жоқ ұрпақ» деп атаған.

Испанияның кейбір әдебиетшілері ғана «крест жорықтарын» (бұл сөзбен франкисттік бүлікті атаған) дәріптеуге бел буады. Алайда Рафаэль Гарсиа Сераноның «Адал әскер» (La fiel infanteria, 1943) және «Сарай алдындағы алаң» (Plaza del Castillo, 1951) атты шығарма­лары бейшара күйге түскені соншалық, тіпті франкисттік баспаның өзі оларды «сәтсіз шығармалар» деп атайды.

Алайда Испания әдебиеті фашизмнің орнығуынан кейін бірнеше жыл өтер өтпестен қайта жандана бастайды. Ең алдымен, бұл жандану роман жанрында айқын көрінеді. 50 ж. фашизмге қарсы қозғалыс салдарынан әдебиет­ке Хосе-Агустин, Хуан және Луис Гойтисоло, Ана Мария Матуте, Мигель Делибес, Блас де Отеро, Альфонсо Састре сынды жазушылар­дың жаңа ұрпағы келді. Олар белгілі бір топтарға бірігіп, саяси және эстетикалық бағдар­ламалар құрмаса да, олардың көзқарастары мен алға қойған мақсаттары ортақ болады.

.

Ғасырдың ортасындағы прозада сол замандағы шынайы өмірді бейнелеу басты орынға шығады. Бұған қарамастан романистерді шынайы өмірдің тек қана әлеуметтік жағдайлары қызықтырады. Қоғамның төменгі және ортаңғы тап өкілдерінің өмірлерін сипаттайтын әлеуметтік романдар испан әдебиетінде жетекші жанр ретінде алдыға шығады. Шынайы өмір қаншалықты қатыгез болса да, 50 ж. туындыларды кейіпкерлер тремендиттік романдар­дағы кейіпкерлерден ерекшеленеді. Жазушылар тек халық жайлы емес, халық үшін де жазады. Олардың шығармашылықта­рынан түсініктілікке, бейнелеу мен тілдің қарапайымдылы­ғына деген ұмтылыс байқалады. Көптеген жас романисттер үшін тағы бір негізгі көркемдік принцип ретінде баяндаудың «объективтілігі» алдыға шығады. Осы жылдардағы жазушылар өздерінің тәсілдерін тек «әлеуметтік реализм» емес, «объективті реализм» деп те атаған.

Объективті прозаның негізгі ерекшеліктері – адамды қоршаған орта мен кейіпкерді егжей-тегжейлі, тура бейнелеу; кейіпкердің мінез-құлқы арқылы оның психологиялық портретін суреттеу; роман құрылымындағы сюжеттің әлсіреуі, бір оқиғаның айналысында тоқталудан бас тарту және т.б.

«Объективті» прозаның негізін «Ара ұясы» романының авторы Села салған. «Объек­тивті реализмнің» принциптерін Хесус Фернандес Сантостың (1926-1988) «Қатыгез адам­дар» (Los braYos, 1954) шығармасынан да көруге болады. Бұл жылдардағы романның классикалық үлгісі ретінде Рафаэль Санчем Ферлосионың (1927) «Харама» (El jarama, 1956) атты шығармасынан көруге болады. Жазушы бұл шығармасында Харама жағалауындағы бір демалыс күні жайлы сөз қозғайды. Романда айтарлықтай маңызды оқиғалар орын алмайды, тек шығарманың соңында ғана уақыт ағымын бұзған бір оқиға болады. Бұл жас Луиситаның өлімі еді. Роман кейіпкерлері жас қыздар мен жігіттер жағалауда жүріп суда шомылады, күнге қыздырынады, ән айтып, билейді, ұрсысады, қайта татуласады. Бірақ олардың сөздері мен іс-әрекеттерінде адамның рухы білінбейді, олар белгілі бір бағдарлама бойынша сыртқы жағдайларға жауап қайтаратын автоматтарға ұқсайтын. Автоматтар сияқты, «Харама» кейіпкерле­рінің де не өткені, не келешегі жоқ. Ал 20 жыл бұрын, осы Харама жағалауында демалып жүрген жастардың аталары мен әкелері жауға қарсы соғысып, өз жандарын құрбан етеді. «Харама» кейіпкерлері оқтын-оқтын сол соғыстың іздерін көреді, алайда, бұл іздер олардың жүрегінде ешқандай сезім оята алмайды.

50 жылдардың ортасында пайда болған қала мен ауыл жұмысшылары туралы шығармалар әдебиетте маңызды орынға ие болады. Өз шығармаларын осы тақырыпта жазған жазушылардың бірі – Альфонсо Гроссо (1928-1995). Ауқатты отбасынан шыққан Гроссо жас кезінде шенеунік ретінді қызметте болды, өз шығрамшылығын 30 жасында бастайды. 1961 жылы оның «Канава» (La zanja) атты романы жарық көріп, көп ұзамай «Көз шағылысты­ратын көк аспан» (Cielo dificilmente azul) романы да басылып шығады; екі жылдан кейін «Торлар» (El cepirote) атты романы дүниеге келеді. Гроссо өзінің барлық шығармасында су құбырының құрылысшысы («Канава»), балықшылар («Торлар»), орманшылар («Көз шағылыстыратын көк аспан») секілді еңбек адамдары жайлы жазады. Жазушы олардың өмірін егжей-тегжейлі суреттеге­німен, оның негізгі мақсаты өз кейіпкерлерінің өмір сүру жағдай­ларын көрсету емес, олардың қоршаған ортасымен қарым-қатынасын сипаттау болатын. Көптеген жазушылар психологиялық талдаудан бас тартып шынайы өмірді «объективті» бейнелеуге бетбұрыс жасап жатқан кезде Гроссо сол өмір шындығын психологиялық анализ арқылы бейнелейді.

Хесус Лопес Пачеко (1930-1997) «Гидроцентраль» (Central electrica, 1958) романында және Армандо Лопес Салинас (1925-1994) «Шахта» (La mina, 1960) романында адам мен оның еңбегін өзіндік ерше ебір тәсілмен бейнелейді. Олар да Гроссо сияқты жалшылар мен электростанция құрылысшыларының (Лопес Пачеконың кітабында), шаруалар мен шахтер­лер­дің (Лопес Салинастың кітабында) қорқынышты өмірі мен әлеуметтік жағдайларын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар шынайы өмірдің әлеуметтік талдауын жасап, фашист­тік режимді құртуға тырысады.

Шынымен осы кезеңде жүздеген әдебиетшілер, суретшілер, ғалымдар франкисттік режимге қарсы шыққан еді. Дегенмен олар аз болды; зиялылардың көпшілігі бұл күрестен тыс қалуды дұрыс көрді. Жазушылар фашизмді тек қана халықтың аштығы мен жоқшылығы емес, сонымен қатар күрестен тыс қалған адамдардың рухани әлсіреуі деп түсінеді. 60 жылдардың басында жазылған романдардың көпшілігі дәл осы материалдық жағдайы жақсы, бірақ рухани жағдайы әлсіреген адамдарға арналған еді. Мұндай шығармаларға Хуан Гарсиа Ортелоның (1928-1991) «Жаңа достар» (NueYas Amistades, 1959), Л. Гойтисоло Гайдың «Сол баяғы сөздер» (Las mismas palabras, 1962) романын да жатқызуға болады.

.

Аталған шығарамларда бұрын романдарда екінші сатыға түсіп қалған психологиялық анализдің қайтадан қарқынды қолданыла бастауы «объективті» тәсілдерді әлсіретеді. «Объективті» роман кейіпкердің ішкі ойлары мен сезімдер ағымын сипаттауға дәрменсіз болып шықты. «Объективті» романға метафизикалық романды қарсы қоюға тырысқандар бұл әлсіздікті пайдаланып қалуға тырысады. «Объективті» прозадағы дағдарыстың себебін оның жақтаушылары да табуға тырысады. Гойтисолоның «Соңғы вагон» (El furgon de cola, 1967) жинағына енген бірнеше мақалалары да осы мәселеге арналады.

 Хуан Гойтисоло 1931 жылы 5 қаңтарда Барселонада әдебиетшілер жанұя­сын­да дүние­ге келді. Оның үлкен ағасы Хосе Агустин ақын, ал кіші інісі Луис атақты прозаик болған. Хуан Барселона және Мадрид университеттерінде құқық саласында білім алады. 1950 жылдардың ортасынан бастап Парижде өмір сүрген. Хуан Франко режиміне қарсы шыққандықтан Мареккешке, кейіннен Парижге қуылды. Оның аға-бауырлары да қуғын-сүргінге ұшырайды. 1969-1975 жылдар аралығында Гойтисоло Калифор­ния, Бостон, Нью-Йорк университеттерінде дәріс береді. Гойтисоло профессор ретінде ХІХ ғасыр дессиденті Хосе Мария Бланко Уайттың антологиясын баспаға дайындайды. Ол осы еңбегі арқылы Франко режимін өткір сынға алмақшы болады. Шетелде жүріп танымал болған испан зиялылыларының бірі Гойтисолоның шығармалары Элб Паис газетінде басылып тұрады. Бұл газетте ол Чечня мен Босния әскери корреспонденті болып қызмет атқарады. Гойтисоло Батыс өркениетін қатаң сынға алады.

Хуан Гойтисоло «Қол ептілігі» (1954) және «Жәннаттағы қайғы»(1955) романдарында өзін франкистік испандық ретінде көрсетіп, осы ойын «Ерекше белгілер» (1966) романында да жалғастырады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.