Италия әдебиеті

Главная » Рефераттар » Италия әдебиеті

Италия Сомали, Эритрея, Триполитания, кейіннен 30 жылдары Эфиопия мен Албания секілді жаңа отарларды өздеріне қосқан жаулаушылық соғыстары арқылы XX ғасырға аяқ басады. Бірінші дүниежүзілік соғыста Италия Германияның жағында болады. Соғыстан кейінгі жылдары елде Муссолинидің (1922-1943) фашистік тәртібі орнап, бұл кезең тарихта «Қайғылы жиырма жылдық» деген атқа ие болады. Италия Испанияға қарсы басқыншылық соғысына 1940 ж. Германиямен одақтаса отырып, Екінші дүниежүзілік соғысына қатысады. 1943 ж. Италияда фашисттік тәртіптің құлап, артынша елді неміс әскерлері басып алады. 1945 ж. халықтың қарсылық көрсетуі Сәуір көтерілісіне әкеледі. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, Италия республика болып жарияланады.

Италия әдебиетінде XX ғ. Габриэль Д`Аннунцио, Итало Звево, Луиджи Пиранделло, Филип­по Томмазо Маринетти, Альберто Моравиа, Васко Пратолини, Дино Буццати, Умбер­то Эко секілді тамаша жазушылар дүниеге келеді.

XX ғасырда Италия әдебиетінде футуризм, герметизм, веризм және неореализм сияқты түрлі бағыттар пайда болды. Италиялық футуризм техникаландандырылған қоғам өмірімен ерекшеленеді. 20-40 жылдары Италия поэзиясында герметизм бағыты пайда болды, бұл бағыт­тағылар: Эудженио Монтале, Джузеппе Унгаретти және Сальваторе Квазимодо. Веризм (италия тілінде Yerismo – шындық, шыншыл) – италиялық реализм нұсқасы. Әлемдік резонанс италиялық неореализм бағытына ие болды. 40-50 жылдары неореализм бағытында италиялық кино және әдебиет саласында көптеген қайраткерлер шықты.

.

Габриэль Д`Аннунцио (1863-1938) өзінің шығармашылық жолын XIX-XX ғ. тоғы­сын­да бастайды. Эстетизмге қызығушылық танытқан шебер ақын неміс философы Ницшенің ілімін жақтап, италия әскерінің даңқын көкке шығарып, халықты «Римнің ұлылығы» үшін күресуге шақырады. Оның ең үздік өлеңдері «Аспан, жер мен батырлаға арналған мақтау өлең» (1903-1912) атты бес томдық топтаманың бір бөлігі болып табылатын «Алционо» атты жинаққа енеді. Ол өзінің «Керемет әрекеттер туралы ән» (1911) атты туындысы мен «Ұлы Италия үшін» (1915) атты мақалалар жинағында Италияның ұлылығы мен әскери күштерін дәріптейді.

Д`Аннунционың шығармашылығында «таңдаулы кейіпкердің» бостандығы мен күші қатыгездік, өліммен шебер үйлесімділік табады. Д`Аннунционың «Өлі қала», «Джаконда», «Франческа да Римини» атты пьесаларында өлім жайлы айтылады. «Өлі қала» пьесасындағы оқиға Микен жерінде орын алады, археолог Леонардо осы жерден Клитемнестро өлтірген Агамемнон мен Кассандраның мәйіттерін іздейді. Ол өзінің туған қарындасы Бианка-Марияға ынтызар болады. Осы құмарлықтан айрылу үшін Леонардо өз қарындасын өлтіруге дейін барады. Д`Аннунцио «Франческа да Римини» пьесасында Дантенің «Құдіретті коме­дия­сындағы» бір эпизодтың сюжетіне түсіндірме бере отырып, Франческаны билікқұмар және айбынды әйел ретінде суреттейді.

«Соғыс әлемнің жалғыз гигиенасы» — деп футуристтердің алдыңғы қатардағы жазушы­сы Филиппо Томмазо Маринетти (1876-1944) жырлаған. Адам-машина образы футурист­терге тән қасиет. Маринетти ғасырдың техникалық мәнін жаңа тіл мен жаңа тәсілдер арқылы жеткізуді ұсынады. Футуристік қозғалыс Италияда шамамен 15 жылға созылған. Ол әдебиет­те Лучано, Палацески, Соффичи поэзиясы арқылы танылады. Футуристік манифестерде италиялық авангардтық өнер белгілері пайда болады. Оның шеңберінде тек манифестер ғана емес, сонымен қатар Маринеттидің өлеңдері («Занг-тумб-тумб» 1914), «Әкенің ұшақтары» (1915) жинағы мен «Футурист Мафарка» (1910) атты көркем шығармасы да пайда болады. Бұл романда аты аңызға айналған Африканы басып алушы Мафарка жайлы айтылады. Ол ерік күші арқылы өзінен «механикалық адам» Газдрабаланы дүниеге әкеледі. Италия мен Ливия арасындағы соғысқа дейін жазылған бұл романда басқын­шы­лық соғыстар көрініс алады. Маринеттидің романындағы жасандылық заман­дастары тарапынан аса бір қызы­ғушылық тудырмаған.

Италия әдебиетінде дүниежүзілік соғыстар кезінде Итало Звевоның (1861-1928) шы­ғар­ма­шылығы маңызды орынға ие болады. Оның «Дзеноның өзін-өзі тануы» (1923)  жазылған романы Джойстың «Улисс» романына ұқсас. Ал «Бельподжо көшесінде орын алған қылмыс» (1890) атты новелласынан Достоевскийдің ықпалын байқауға болады. Новелланың кейіпкері адам өлтірген қылмыскер өз-өзімен сөйлесу арқылы өзінің болмысы мен қылмыс жасауының себебін түсінуге тырысады. Звевоның басқа шығармалары секілді бұл новеллада да кейіпкердің жан дүниесі басты назарға алынады. Романында психоанализ тәсілі қолданылған. Роман бес эпизодтан тұрады. Әрбір эпизодында Дзеноның жандүниесі бейнеленген, ол психоаналитик-дәрігердің кеңесіне сүйеніп, ұмтылып бара жатқан естелік­терін қағаз бетіне түсіреді. Джойс жоғары бағалаған Звевоның бұл романы психологиялық прозаның дамуына өз үлесін қосады.

Италиялық герметизм поэзиясы француз авангардтық поэзиясының әсеріне ұшыраған. Бұл жас кезінде Париж қаласында өмір сүрген Унгареттидің шығар­ма­шылығынан байқа­лады. Ол Парижде жүріп Валери және Аполлинер­мен кездесіп, олардың көркем шығарма­шылығына қызығушылық білдіреді. Унгаретти «Қараусыз қалған порт» (1916) атты өлеңдер жинағында соғыс жылдары басынан кешкен оқиғалары туралы жазған. Ол «Кеме апатындағы шаттық» (1919) атты поэтикалық жинағанда әскери өмір, үмітсіздік пен қайғы-қасірет туралы айтады. Унгаретти өз сезімдерін асқан байыптылықпен өте шебер жеткізіп, рифма мен тыныс белгілерінен бас тартады.

Оның «Уақыт сезімі» (1933), «Жауланған Рим» (1944) атты өлеңдер жина­ғы фашисттік диктатура кезінде жазылған. Бұл шығармаларда италиялықтар­дың көңіл-күйі мен қайғы-қасіреті бейнеленген. 1936 ж. Унгаретти Брази­лия­ға кетіп, сол жерде Италия әдебиетінен дәріс береді. 1943 ж. Муссолини тәртібі құлағаннан кейін ақын Отанына қайтып оралады.

Квазимодоның поэзиясына пессимисттік көңіл-күй тән. Оның ерте өлеңдеріндегі мұң мен лирикалық меланхолия өмірдің қатыгездігін көрсететін сезімдерге айналады. Ол бастапқыда табиғат сұлулығы жайлы өлеңдер жазып («Су мен Жер» жинағы, 1930), кейін өмірдің қатыгездігі мен қасіреті жайлы жазуға көшкен. Ол өзінің 1942 ж. жарыққа шыққан өлеңдер жинағын «Кенеттен кеш батты» деп атаған. Қиын қыстау кездегі халықтың ауыр жағдайы ақынның жан дүниесіне қайғы-мұң ұялатады. Ақын өзінің «Менің елім Италия» (1949), «Өмір түс емес» (1947), «Күнен күнге» (1958), «Теңдесі жоқ жер» атты өлеңдерінде адамзаттың жауына қарсы күреске шақырады. 1959 жылы Квазимодо Нобель сыйлығының лауреаты атанады.

.

Луиджи Пиранделло (1867-1936) — Италияның ең атақты жазушыларының бірі, Сицилия аралының Агридженто деген жерінде дүниеге келген. Оның отбасы италия халқының бірігуі мен тәуелсіздік жолында күрескен. Әкесі күкірт кенінің қожайыны Стефано Пиранделло өз фирмасын ашып, ұлына инженерлік білім беруді армандайды. Бірақ Луиджи Рим университетінің гуманитарлық факультетіне оқуға түсіп, «Джирдженти провинциясының диалектері, ертегілер, халық әндері, айтыс» тақырыбына диссертация қорғап, өзінің филологиялық білімін Боннада аяқтайды.

Оның жазушы болуына италиялық веризмнің негізін қалаушы теоретик Луиджи Капуанның (1839-1915) жас әдебиетшілер үйірмесімен жақын араласуы әсер етеді. Веризм (шындық, шыншыл) – француз натурализмі ықпалымен пайда болған реализмнің италиялық нұсқасы. Веризм тұсында Пиранделлоның алғашқы новеллалары мен романдары жарыққа шығады («Шеттетілген» 1901). Бұл шығармада жазушы өмірдің шынайы келбетін, әдет-ғұрпын, қарапайым адамдардың тағдырын, өмірдің шынайы тұстарын шебер көрсетеді. Ол көзге көрінетін шынайы құбылыс­тарға сүйене отырып, тек айғақтармен шектеліп қалуға болмайды деп тұжырымдады.  Италия және Еуропа әдебиетінің тарихына Пиранделло жаңа­шыл драма­тург, интеллектуалды философиялық-психологиялық театрды құрушы ретінде енеді.­

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Пиранделлоның «Басқаларға арналған құқық» (1915), «Джакомина, бұл жайлы ойланып көр!», «Лиола» (1916), «Қалай ойласаң солай болады» (1917), «Қызығушылық ойыны», «Бірақ бұл шындық қой» (1918), «Адам, жыртқыш және адамгершілік» (1919), «Бұрынғыдай, бірақ бұрынғыдан жақсырақ» (1920), «Генрих IY» (1922), «Әркім өзінше» (1924), «Бүгін біз айтысып жатырмыз» (1929) және т.б. пьесалары дүниеге келді. Пиранделлоның пьесалары тұлғаның жан-жақты идеялары мен өмірдің әр түрлі түсінігіне негізделген.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Италия әдебиетінде фашизмге қарсы күрескен Элио Витторини, Итало Кальвино, Карло Леви, Рената Вигано сынды жазушылардың шығар­ма­шылығы үлкен жетістікке жетіп, халыққа рух беріп, жүректеріне үміт отын ұялатады.

Элио Витторинидің (1908-1966) «Адам мен жауыз» (1945) атты романы италия әде­бие­тінде жауға қарсы күресу манифесіне айналады. Витторини шығармашыларындағы кейіп­керлер жарқын болашаққа деген үмітінен айырылған қарапайым адамдар болса да, өздерінің бойынан қатыгездік пен жауыздыққа қарсы тұруға күш-жігер табатын («Ұсақ буржуазия» (1931) әңгімелер жинағы, «Қызыл қалампыр» (1934) повесі, «Мессиндік әйелдер» (1949) атты романы). Жазушының «Сицилиядағы әңгіме» (1941) повесі ел арасында кең таралады.

Италиялық неореализмнің атақты жазушысы Васко Пратолини (1913-1991) Флорен­ция­­да қарапайым жұмысшының отбасында дүниеге келген. 30-шы жылдардан бастап журна­листік қызмет атқарады. Оның алғашқы еңбектері «Магадзини көшесі» (1942) атты повесі мен «Құрбы достар» (1943) атты өлеңдер жинағы оның кейінгі шығармашылығының негізгі бағытын анықтап береді. Жазушы өзінің «Квартал» (1945) романында жауға қарсы күреске қатысқан жас жұмысшылардың бейнесін жасайды. Пратолинидің ең маңызды шығармасы­ның бірі «Бейшара ғашықтар туралы повесть» (1947) атты романы жазылады. Шығармада орын алған оқиға 20-шы жылы болады. Онда Флоренцияның кедей ауданындағы тұрғындар­дың өмір салты мен фашизмге қарсы күресі бейнеленген. Оқиға Виа дель Корно көшесінде өрбиді. Басты кейіпкерлері – баспашы Марио мен қызы Милена, егінші Уго мен ұста Мачис­те. Олардың барлығы Виа дель Корно тұрғындарымен тығыз байланысты, олар бір-біріне жалғыздықты жеңуге көмектеседі.

Васко Пратолинидің романы – италиялық неореализмның жарқын үлгісі. Романда халықтық бейнесі мен өмір сүру салты, олардың қалыптасқан түрлі ережелер мен сансыз саяси тәртіпке қарсы күресі суреттелген. Романда халық өз күшіне сеніп, ақырында үлкен жеңіске жетеді.

Ешқандай әдеби бағытқа жатпайтын Дино Буццатидің (1906-1972) шығармалары да ел арасында кең танылған. Буццати Кафканың дәстүрін жалғастырушы ретінде үлкен сынға алынады. Ол фантастикаға сүйене отырып, адамның шынайы өмірі мен күнделікті тұрмы­сын­­да кездесетін қиындықтар жайлы жазған.

Буццати Венето провинциясында дүниеге келген. Миланда өмір сүріп, сонда жұмыс істеген. Оны саясат қызықтырмаған. Мамандығы заңгер Буццати 1928 ж. бастап Миландық газеттің баспасында қызмет атқарады, өзінің журналистік кәсібін қатты ұнатады. Ол өзінің «Таудан келген Барнабо» (1933), «Көп жылғы орманның құпиясы» (1935) атты романда­рын­да, «Татар шөлі» (1939) мысал-романында, «Жеті қуғыншы» (1942) фантастикалық новелла­сын­да, «Аюлардың Сицилияға жасаған әйгілі шабуылы» (1960) сынды шығармаларында фантастикалық оқиғаларды баяндайды. Ол — тосын пікір мен әсірелеудің асқан шебері. Оның таңғажайып әңгімелері адамнан басым түсетін қорқынышты шындықтың бейнесі мен ғылыми-техникалық өрлеудің «зұлым күштеріне» тәуелді әлемнің бейнесін суреттеді.

Италия әдебиетіндегі постмодернизм жазушы, философ, ғалым, семиотик әрі сыншы Умберто Эконың (1907-1990) шығармашылығынан көрініс табады. Жазушы өзінің шығар­ма­ларында («Ашық шығарма», 1962; «Джойстың поэтикасы», 1966; «Жалпы семиотика бойын­ша трактат», 1975) постмодернизм мәселелеріне тоқталады. «Раушан есімі» (1980), «Фуко жол көрсетушісі» (1988) атты Эконың романдарына философиялық сипат тән. Автор бұл романдарды жаза отырып, мәдениет пен сананың дамуын көрсеткісі келеді. «Раушан есімі» романында әлемнің ғарыштық үлгісі суреттеледі, ал «Фуко жол көрсетушісі» романында еуропалық сананың дамуы бейнеленген.

Альберто Моравиа (1907-1990) — Италияның атақты жазушысы әрі новеллист. Ол Пиран­­деллодан кейін 20-шы жылдардағы орын алған адамды шеттету мен халық­тың быты­раң­қы­лығы жайлы («Селсоқ қарайтындар» романы, 1929), фашизмге қарсы күрес («Маска­рад», 1941; «Чочара», 1957) пен соғыс туралы жазған. Оның соғыстан кейін жазған шығарма­ла­­ры («Римдік әйел» романы, 1947; «Римдік әңгімелер» (1954) және «Жаңа Римдік әңгіме­лер» (1959) атты өлеңдер жинағы) неореализм әдебиетіне жақын келеді. Сонымен қатар Моравиа буржуазиялық отбасылардың құлауы мен ыдырауы, қазігі замандағы суретшілердің тағдыры жайлы романдарында («Жек көрушілік», 1954; «Көңілсіздік», 1960), Римнің тұрғындары – қатардағы жауынгерлер жайлы жазады. Моравианың шығармала­рын­да лирика ирониямен, көңілсіздік күлкімен байланыстырылады. Моравиа­ның реализмі әлеуметтік-психологиялық анализдің шеберлігі және сатирикалық әуенмен ерекшеленеді.

Альберто Моравиа (Пинкерле) Римде дүниеге келген. Жазушының әкесі сәулетші болған. Альберто 9 жасында сүйек туберкулезімен ауырып, шипажайларда көп жылдар бойы емделуіне тура келеді. Емханада жатып, оның кітап оқуға деген қызығушылығы артады. Кейіннен ол әдебиет саласында бағын сынап, он алты жасында өзінің алғашқы романын жазуды бастайды. 1925 жылы аяқталған бұл романын «Селсоқ қарайтындар» деп атап, 1929 жылы өз қаржысымен баспаға шығарады. Бұл кітап жазушының болашағын анықтады Моравианың ең мықты шығармаларының бірі болып табылады. 30 жылдардың алғашқы жартысында Моравиа Лондонда, кейін Парижде өмір сүреді. «Маскарад» (1941) романында келтірілген Орталық Америкадағы диктатордың ойдан шығарылған бейнесі Муссолинидің ызасын келтіре­ді. Нәтижесінде Моравианың еңбектерін басуға тыйым салынады.

Қасіретке толы тағдыр, өтірік, екіжүзділік, рухани азғындық, арсыздық, зорлық тақы­рып­тары Моравианың төмендегі шығармаларында да кездеседі: «Бой ұсынбау» (1948), «Жұбай­лар махаббаты» (1949), «Конформист» (1951) және т.б. Оның соңғы шығармасында фашисттік режимге бейімделеген адам жайлы айтылады.

Альберто өзінің «Чочора»[1] (1957) романында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Жазушы өзінің аталған романында «қарсы тұру кезінде» елде орын алған қиындықтар мен кедейшілік туралы жазады.

.

Умберто Эко (1932) – қазіргі Италия әдебиетіндегі ірі жазушылардың бірі, атақты оқы­мысты-медиавист, семиотик, мәдениет қайрат­кері, Болон және бірнеше әлемдік универси­тет­тердің профессоры. Ол тек қатаң академиялық ғылымның ғана емес, сонымен қатар еркін шығармашылық ізденістердің де нышаны болған. Эконың «Раушан есімі»[2] атты алғашқы романы (1980) жарыққа шыға сала, үлкен жетістікке ие болып, жазушыға әлемдік атақ алып келеді. 1988-1994 ж. жазушы өзінің «Фуко жол сілтеушісі» және «Накануне аралы» атты екі романын жарыққа шығарды.

Жазушының «Ашық шығарма» (1962), «Визуальды коммуникацияның семиологиясы» (1967), «Жалпы семиотика туралы Трактат» (1975), «Түсіндіру­дің шектері» (1990) атты шығармалары әлемдік семиотиканың қалыптасуына негіз болған. Эконың үш романы И.Ильин сияқты зерттеушілердің көзқарасы бойынша постмодернизмге жатса, Ю.Лотман­ның көзқарасы бойын­ша – семиотикалық романға жатады.

Қорыта келе, XX ғасырда Италия әдебиеті фашисттік Муссолини тәрті­бінің әсерінен көптеген қиындықтарды басынан өткізгендіктен, фашизм мен соғысқа қатысты тақырыптар басым болған. 1960-ж. Джорджо Бассани және Наталия Гинзбург өз шығармала­рын­да тұлға мәселелерін қарастырды. Олардың еңбектерінде неореализм бағыты­нан гөрі неоавангардизм басым болады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.