Ұйымдасқан қылмыстылықтың түсінігі

Home » Рефераттар » Ұйымдасқан қылмыстылықтың түсінігі
Рефераттар Комментариев нет

Қылмыстылық — әрбір қоғам өмірінің қарама — қайшылықтары салдарынан пайда болатын құбылыс болып табылады. Әрбір қоғам өзінің даму кезеңіне байланысты, әлеуметтік құрылысы мен әлеуметтік – экономикалық процестеріне байланысты өзіне тән, тиісті қылмыстылық деңгейіне ие. Қылмыстылық феномені әлеуметтік – экономикалық және саяси тұрғыдан дағдарысқа түскен кедей мемлекеттерге ғана емес, айтарлықтай экономикалық және саяси тұрақтылыққа жеткен мемлекеттерге де тән болып келеді. Әрбір мемлекеттің қылмыстылығының өзіне тән құрылымына, динамикасына, ерекше белгілеріне қарамастан қылмыстылықтың сапалық өзгерістері барлық мемлекеттерге тән қасиет болып табылады. Бұл, бірінші кезекте, қылмыстық қызметтің көлеміне, ұйымдастырылуына, қылмыстық бизнестің  заңдастырылуына және т.б. байланысты, жалпы айтатын болсақ, қазіргі өмірдің әлеуметтік құбылысы – ұйымдасқан қылмыстылықтың деңгейінің күрт өсуіне және кең өріс алуына байланысты болып келеді. XX ғасырдың 80-90 жылдары барлық дерлік капиталистік мемлекеттерде ұйымдасқан  қылмыстылықтың деңгейінің күрт өсуі байқалады. Жалпы қылмыстармен қатар қымбат автокөліктерді ұрлап сату, қару-жарақ, жарылғыш заттар, есірткі сату, жалған ақша жасау, ірі мөлшердегі қаржылық қылмыстары, сонымен қатар, қымбат қол-өнер туындыларын ұрлап сату қылмыстары қауіп төндірерлік көлемге жетеді. Осы қылмыстардың негізгі ұйымдастырушылары жан-жақты, тіпті халықаралық байланыстары бар, жасырын сипатта болып келетін және аса ірі мөлшердегі қаржылық бизнесі бар жасырын индикаттор болып табылады.       Мұндай қылмыстылық саяси мақсаттарға жету мақсатында “жоғары ” жақтан қолдау табады.

Біздің мемлекетте ұйымдасқан қылмыстылық − ғылыми зерттеу объектісі ретінде салыстырмалы түрде жас болып табылатындықтан (алғаш рет бұл мәселені И.В.Карпец 1984 жылы Мәскеуде өткен социалисттік мемлекеттер криминологтарының  алтыншы ғылыми Конференциясында көтерген болатын), бұл құбылыспен күресу тәжірибесі мол деп айту қате болар еді. Сондықтан да, басқа мемлекеттердің заңгерлерінің осы мәселе төңірегіндегі зерттеулеріне көңіл бөлген дұрыс болар еді. Бұл біздің ұйымдасқан қылмыстылық ұғымын дұрыс ашуымызға, бұл құбылысқа қолданылатын тиімді шараларды табуымызға көп көмегін тигізетіні анық. Бірақ, көптеген авторлардың пікірінше және біз де оған қосыламыз, ұйымдасқан қылмыстылықтың ұғымын, оның заңи бекітілуін, оған қарсы қолданылатын шараларды механикалық түрде көшіріп алу үлкен жетістіктерге әкеле қоймайтыны анық. Міндетті түрде мемлекетіміздің өзіне тән ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Біздің мемлекетте ұйымдасқан қылмыстылықпен тиімді күресу үшін басқа мемлекеттер заңгер-ғалымдардың жүргізген зерттеулерінің негізгі бағыттарын басшылыққа алу керек. Осы арқылы мемлекетіміздің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, бұл құбылыспен күресудің негізгі бағыттарын, сратегиясын, әдіс-тәсілдерін анықтау қажет.

Ұйымдасқан қылмыстылық ұғымы Италия, Жапония және АҚШ- да кеңінен ашылған. Себебі, бұл құбылыс осы мемлекеттерде кеңірек өріс алған. Италияда ұйымдасқан қылмыстылық терең әлеуметтік-экономикалық және саяси тамырларға ие құбылыс болып табылады. Зерттеулерге сүйенсек, ондағы ұйымдасқан қылмыстылықтың (мафия) пайда болуы XIX ғасырдың басына қарай өмір сүрген кедей, әлеуметтік- экономикалық жағдайы нашар сицилиялық  шаруалармен тығыз байланысты. Сицилиялық мафияның нақты пайда болу мерзімі жөнінде ортақ пікір жоқ: кей ғалымдардың пікірінше мафия 1882 жылы болған көтеріліске байланысты пайда болды. Мафия пайда болған кезде қазіргі заманға тән қасиеттерге ие болған жоқ.. Алғашында ол бай жер иеленушілерге қарсы күрестің қарулы топ сипатында болып келген. Кейін келе ол ірі латифундисттер жалдайтын “күзет” ретінде өмір сүрді. XX ғасырдың 20 жылдарына олар заңды сипатта болып келеді де, құрылымның басшылығы “жанұя” (“семья”) болып табылды. “Жанұя” бүкіл Италияға таралып, әр жерде әр түрлі атала бастайды – Неапольде “каморра”, Калабрияда “дрангетта”, Миланда “мала”.

“Мафия” термині біртіндеп жақсы ұйымдастырылған, әлеуметтік және саяси өмірде беделі бар барлық жасырын қылмыстық топтарға берілетін болды. Италиядағы қазіргі мафияның жағдайын нақтырақ көрсеткен криминолог, жазушы Ф. Камон былай деп жазды: ”Мафия — мемлекетпен тығыз байланысқандығы соншалық, бір ыдыстағы екі бұлақтың суы сияқты. Қазір мафияның қай жерде аяқталып, қай жерде мемлекет басталатындығын ешкім білмейді. Мафия “мемлекет жауы” ретінде өмір сүрмейді, керісінше мемлекет ретінде қызмет етеді: ол мемлекет сияқты банкілік қызметпен, құрылыспен, саудамен, акциялармен, делдалдық қызметпен айналысады. Мафия мен мемлекеттің бір-біріне жақындығы соншалықты, қазір мемлекет мафияны құрту үшін өзінің бір мүшесін кесіп тастау керек” [9].

Ал, енді Италияда ұйымдасқан қылмыстылыққа  қандай анықтама бергеніне көңіл аударайық. Б.Ломбарда, криминолог-ғалым мынадай анықтама береді: “Ұйымдасқан қылмыстылық – бұл бірге қылмыс жасайтын адамдар тобы ғана емес. Ұйымдастырушылық белгілері бес белгінің болуын қажет етеді:  — ақпарат жинау және өз мүшелері арасында тарату; — құқық қорғау институттарының қызметіне кедергі жасау; — негізгі әлеуметтік-экономикалық қызметтерді қолдану; — ішкі құрылымның болуы; — әрекеттерінің сырттай заңды сипатта болуы”[10].

АҚШ- ғы ұйымдасқан қылмыстылық құрылымы, ерекшеліктері жағынан Италия мафиясымен ұқсас болып келеді. Айырмашылығы тек АҚШ- тағы ұйымдасқан қылмыстылықтың пайда болу уақыты мен себептерінде. XX ғасырдың 20 жылдарында Италиядан қоныс аударушылар АҚШ-да мафия құрып, оны “Коза Ностра” (“Біздің іс”) деп атайды. Американың заң шығарушылық және құқық қолдану тәжірибесінде ұйымдасқан қылмыстылық  ұғымы кеңінен ашылып қарастырылады. АҚШ-да 1968 жылы қабылданған “Көшедегі қылмыспен күресу және қауіпсіздікті қадағалау туралы” заңында ұйымдасқан қылмыстылық ретінде — заңмен тиым салынған қызмет көрсетумен, соның ішінде, қорқытып алушылықпен, жезөкшелікпен, есірткі сатумен, заңсыз қару сатумен және т.б. заңсыз қызметпен айналысатын, жоғары деңгейде ұйымдастырылған ассоциация мүшелерінің заңсыз әрекеттері танылады. А. Блок және У. Чамликс деген  американдық заңгер — ғалымдары өздерінің “Ұйымдасқан қылмыстылық” атты шығармасында (Нью Иорк, 1981г.) ұйымдасқан қылмыстылықтың түсінігін төмендегідей көрсетеді: ”… “ұйымдасқан қылмыстылық”  терминін рэкетпен есірткі тарату, жезөкшелік және т.б. заңсыз әрекеттердің ұйымдастырылуымен байланысты заңсыз белсенді әрекетке қатысты қарастыру керек”. АҚШ-ң қылмыстық заңдылығына сәйкес ұйымдасқан қылмыстылық ретінде мафия ғана танылмайды, оған жалпы, пайда табу мақсатымен құрылатын қылмыскерлердің тұрақты тобы жатқызылады. Сонымен қатар, соңғы жылдары кішігірім, бірақ тұрақты, қылмыстық бизнеске “лайық” қылмыстық топтардың көбеюі байқалады. Осыған байланысты, біздің пікірімізше, Р. Колдуэлл ұйымдасқан қылмыстылықтың түсінігін дұрыс көрсеткендей. Ол ұйымдасқан қылмыстылықтың сегіз негізгі белгілерін анықтады:

  1. Қылмыспен кәсіп ретінде салыстырмалы ұзақ уақыт айналысу мақсатында қылмыстық топ құру;
  2. Билік бір немесе бірнеше адамдардың қолында шоғырланады;
  3. Ұйым мұқтаждарын қанағаттандыру үшін көлемді ақша қорының болуы;
  4. Топтың белгілі бір қылмыстарды жасауға “мамандануы” және ішкі құрылымында қызметтердің бөлінуі, өзіндік еңбек бөлінісінің болуы;
  5. Экспансиялық және монополисттік тенденцияның болуы;
  6. Мемлекеттік органдар шенеуліктерімен сыбайлас жемқорлық сипаттағы байланыстың болуы;
  7. Өз ішінде қатал тәртіптің және жүріс-тұрыс ережелерінің болуы;
  8. Қылмыстардағы тәуекелді азайту мақсатында нақты жоспарлауды жүзеге асыру [12];

Ұйымдасқан қылмыстылық нарықтағы бәсекелестерін ығыстыру мақсатында, әдетте, экономикалық механизмдерді көбірек қолданады. Ал саяси билік болса, белгілі бір мақсатқа жетудің құралына айналады [13].

Жапониядаға ұйымдасқан қылмыстылық (якудза) басқа мемлекеттердегілерге тән барлық негізгі белгілерге ие. Қылмыстық топтар олардың мүшелерінің арасындағы қарым- қатынастарды анықтайтын рөлдерді, қызметтерді және т.б. орнататын иерархиялық тәртіптің болуымен сипатталады. Жапониядағы қылмыстық топтардың шет ел ұйымдасқан қылмыстылығынан айырмашылығы, қызмет ету үшін территориялық дау қоймайды; ұйымдасуында туыстық немесе “жанұялық”  байланыстарды басшылыққа алмайды және ішкі құрылымы құпия емес. Жапондық заңгер — ғалымдар ұйымдасқан қылмыстылықтың ұғымына қатысты ортақ пікірге келмеген. Олардың пікірінше, ұйымдасқан қылмыстылық ұғымының мазмұнын бір түсінікпен, анықтамамен ашып көрсетуге мүмкін емес.

Атақты Жапон криминологы С.Якуминава ұйымдасқан қылмыстылықтың түсінігін анықтау мәселесіне көңіл аудара келе, оны анықтау үшін бірлесе қылмыс жасау сияқты белгілер жеткіліксіз деп көрсетеді. Ұйымдасқан қылмыстылықтың негізгі белгісі ретінде Якуминава  “қандай да бір қылмыстық қызмет нәтижесінде қалыптасқан ұйымды”  таниды. Енді Жапонияның ресми органдарының ұйымдасқан қылмыстылыққа берген анықтамаларын қарастырайық. Жапонияның Әділет министрлігі “Ұйымдасқан қылмыстылық дегеніміз- құқыққа қайшы әрекеттерді жүзеге асыратын немесе жүзеге асыру қаупі бар ұйым  немесе топ”,- деп  көрсетеді. Жапон полициясы болса сәл өзгеше анықтама береді: ”Ұйымдасқан қылмыстылық дегеніміз- өзінің ұйым немесе құрылым күшімен ұдайы құқыққа қайшы әрекеттерді жүзеге асыратын кәсіпкерлік топ”. Бұрынғы КСРО мен шет мемлекеттерінің ұйымдасқан қылмыстылығының сыртқы пішіні ұқсас болып келгенімен, әр мемлекеттердің экономикалық, саяси-құқықтық, әлеуметтік жағдайларына байланысты ерекшеленеді. Айырмашылықтарын дұрыс көрсету үшін ТМД елдеріндегі ұйымдасқан қылмыстылқтың негізгі белгілерін жүйелеп, оған дұрыс анықтама беру керек. Қылмыстылық — әлеуметтік құбылыс ретінде дамудың жалпы заңдылықтарына ие. Олар қоғамдық құрылысқа тәуелсіз болып келеді. Тек әр мемлекеттегі ұйымдасқан қылмыстылық  мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық және т.б. салаларына байланысты ерекшеленеді. Сондықтан да, “отандық” ұйымдасқан қылмыстылықты зерттеу үшін шет ел ғалымдарының еңбегіне сүйену дұрыс болар еді.

“Ұйымдасқан қылмыстылық” мәселесі жөніндегі маман-ғалымдардың арасында бұл құбылыстың анықтамасы мен белгілеріне қатысты елеулі тиіспеушілік болғанымен, олардың барлығы — ұйымдасқан қылмыстылықтың халықаралық сипаттағы құбылыс болып табылатындығын мойындайды.

Жоғарыда көрсетілген шет ел ғалымдарының зерттеулеріне негізделе отырып ұйымдасқан қылмыстылықтың жалпы белгілерін анықтайық :

  1. Қылмыстық қызмет тұрақты сипатта болып табылады;
  2. Қызметтері қылмыстық кәсіпкерлік сипатта болып келеді және жалпы қылмыстық әрекеттерден айырмашылығы белгілі бір қызметтер мен тауарлар ұсынуы тән;
  3. Қылмыстық кәсіпкерлік көп мөлшерде заңсыз табыс бере алатын әлеуметтік – экономикалық салаларды қамтиды;
  4. Негізгі мақсаты – ірі мөлшерде табыс алу, бірқатар әлеуметтік салаларға бақылау орнату арқылы, нарықтың белгілі бір көлемін монополизациялау арқылы, мемлекеттік органдармен коррупциялық байланыс орнату арқылы жүзеге асырылады;
  5. Заңды бизнеске қылмыстық жолмен алынған қаржыларын заңдастыру, “тазарту” мақсатында араласады;
  6. Ұйымдасқан қылмыстық топтың тұрақтылығы қатал ішкі тәртіппен қамтамасыз етіледі;
  7. Ерекше қылмыстық “құрылым” ретінде қызмет етеді және өз ішінде иерархиялық сатылармен сипатталады.

“Ұйымдасқан қылмыстылық” ұғымының анықтамасын  дұрыс беру үшін осы мәселені зерттеген ғалымдардың берген негізгі зерттеу бағыттарын қарастырайық . Бұл бағыттарды былайша тізбелеуге болады: а) ұйымдасқан қылмыстылықты – ұйымдасқан топ, мүшелері жасаған қылмыстардың жиынтығы ретінде тану; ә) ұйымдасқан қылмыстылықты – құрылымы, бағыты, қылмыстық әрекеттің нысаны және сыртқы байланыстарының сипаты бойынша ерекшеленетін әр тектік және әр түрлі деңгейлік құрылымдардың жиынтығы ретінде тану; б) ұйымдасқан қылмыстылықтың – заңсыз табыс алу мақсатында пайда болатын әлеуметтік құбылыс, әлеуметтік байланыс пен қарым – қатынастардың жүйесі ретінде қарастыру. Біздің пікірімізше, ұйымдасқан қылмыстылықтың анықтамасын толық және анық беру үшін осы үш бағытты бірге қарастыру керек. “Ұйымдасқан қылмыстылық”  құбылысының анықтамасын ашардан бұрын, алдымен төмендегі ұғымдардың мазмұнын ашып алайық. Ұйымдасқан қылмыстылықтың негізі ретінде бұл біріншіден, «қылмыстылықтағы ұйымдастық»  және «ұйымдасқан қылмыстылық» немесе «топтық қылмыстылық»  және «ұйымдасқан қылмыстылық»; екішіден, «ұйымдастырылған қылмыстар» және «қылмыс субъектілері». Егер де қылмыстылықтағы ұйымдастық және ұйымдасқан қылмыстылық  ұғымдарын  бір – біріне қарсы қоятын болсақ , біздің пікірімізше, біріншісі екіншісінен кең көлемді екендігі көрінеді. Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмыстылық – қылмыстық құрылымның ең жоғарғы деңгейі деп айтуға да болмайды. А.И.Долгованың пікіріне сәйкес, онда үш деңгейді көруге болады: ұйымдасқан қылмыстық топтар, иерархиялық сатылану, қылмыстық ортаның жоғары деңгейлі ұйымдастырылуы. Екінші кезекті ұғымдарды талдасақ , онда олардың бір – бірімен өте тығыз байланысты екендігі көрінеді. Ұйымдасқан қылмыстылықтың негізінде екі өзара байланысты элемент жатыр. Олар: ұйымдастырылған қылмыстар және сол қылмыстардың субъектілері. Белгілі бір қылмыстық мақсатқа жету үшін бір–бірімен қарым–қатынасқа түсетін тұлғалардың ұйымдасқан қылмыстылықтың болуы мүмкін емес.

Ал, енді, Кеңес Одағы ғалымдарының ұйымдасқан қылмыстылыққа қатысты зерттеулеріне тоқталайық.  А.И.Долгова ұйымдасқан қылмыстылықты былайша анықтайды:“… ұйымдасқан қылмыстылық – қылмыстық әрекеттердің жиынтығы емес, ол қылмыстық әлем “қызметкерлерінің” күрделі жүйелік – құрылымдық жынтығы ”. Басқаша айтсақ, Долгова А.И., ұйымдасқан қылмыстылықты құқыққа қайшы әрекеттер жасайтын құрылымдарының бір түрі ретінде ұйымдасқан қылмыстық  топтардың қызмет етуімен байланыстырады. Оның пікірінше, ұйымдасқан қылмыстыққа алдын – ала келіспей қылмыс жасайтын немесе бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін құрылған “тұрақсыз” топтар жатқызылмауы тиіс. А.И.Долгованың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтар төмендегі белгілерге ие болуы тиіс:

  1. Қасақана, алдын ала жоспарланатын қылмыстық әрекеттердің болуы;
  2. Тұрақты сипаттағы қылмыстық қызмет жөнінде алдын ала сөз байласу;
  3. Қылмыстық топ мүшелерінің қарым – қатынасының жақындауы, олардың әр қайсысының қылмыстық топтағы орнының болуы, қарым – қатынастарында иерархиялық жүйенің орын алуы;
  4. Қылмыстық жауаптылықтан құтылуға бағытталған арнайы шаралардың болуы.

Ұйымдасқан қылмыстылықты осылайша сипаттай келе А.И.Долгова оның үш деңгейін көрсетеді: ұйымдасқан қылмыстық топ, қылмыстық бірлестік, қылмыстық топ басшыларының қауымдастығы. В.Д.Пахомов “ұйымдасқан қылмыстылықтың” анықтамасын төмендегідей береді: “Жалпы, ұйымдасқан қылмыстылық ретінде жалпы және пайда күнемдік – шаруашылық қылмыстылықтармен сапалы жаңа негізде біріктіретін құбылысты тануға болады және мұндағы қылмыстарды қылмыскерлердің топтары жасайды”. Жоғарыдағы анықтаманы ұсына келе В.Д.Пахомов ұйымдасқан қылмыстылықты объективті әлеуметтік құбылыс ретінде таниды және оның келесі ерекше белгілерін көрсетеді:

  1. Оның ұйымдастырушылық – басқарушылық құрылымдардың болуы, топтың қатаң иерархиялық бөлінуі, топ мүшелерінің жүріс – тұрысын, жауапкершілігеін анықтайтын ережелердің болуы;
  2. Қылмыстық қызметтің тұрақты, жоспарлы және жасырын сипатта болуы;
  3. Әлеуметтік бақылаудың күшін әлсіретуге бағытталған шаралардың болуы;
  4. Қылмыстық қызметтің әр түрлі салаларын қаржыландыруға бағытталған елеулі қаржы қорының болуы;
  5. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың экономика салаларына енуі, “қара нарыққа” тауарлар мен қызметтер ұсыну, есірткі дайындау және оны сатуды ұйымдастыру, жезөкшелікті өршіту және т.б. заңсыз қызметтермен айналысу арқылы қылмыстық қызмет аумағын кеңейту;
  6. Ұйымдасқан қылмыстық топ басшыларының қоғамға қарсы идеологияны ұстанып, таратуы.

А.Н. Волобуев “Советская юстиция” журналында жарық көрген мақаласында ұйымдасқан қылмыстылықтың анықтамасын төмендегідей береді: “Ұйымдасқан қылмыстылық – аймақ, мемлекет аумағында қылмыстық ортаның шоғырлануымен сипатталатын, ұйымдастырушылық, басқарушылық, атқарушылық қызметтерді жүзеге асыратын, мүшелерінің иерархиялық бағыныстылығымен, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың шенеуніктерімен коррупциялық байланыс орнату және үлкен табыс алу мақсатында қылмыстық қызметтің аумағын кеңейтумен және монополизациялаумен сипатталатын негативті әлеуметтік құбылыс.”.

Ол ұйымдасқан қылмыстылықтың келесі белгілерін көрсетеді:

  1. Белгілі бір қылмыс саласын монополизациялау;
  2. Экономикалық тапшылықты тудыратын жағдайлар жасау;
  3. Қылмыстық жолмен алынған ақшаларды “тазалау”, заңдастыру;
  4. Қоғам күшін “екінші кезектегі” (ұйымдасқан қылмыстылыққа қарағанда) мәселелерді шешуге итермелеу.

Бұл анықтаманы біз оның жалпылық сипаты мен кең ауқымдылығына байланысты қабылдамаймыз. Бұл анықтамада ұйымдасқан қылмыстылықтың ұғымы толық ашылмаған және тіпті ұйымдасқан қылмыстылықтың белгілерін де емес, тек сыртқы көрінісін сипаттайды. Екінші және төртінші белгілерімен де келісе алмаймыз. Себебі, экономикада толып жатқан процестерге ұйымдасқан қылмыстылықтың қатыстылығы жоғары деп айтуға болмайды.

Әрине, ұйымдасқан қылмыстылықтың нарықта, тіпті бюджетте тапшылықтың өршуіне әсер етуі мүмкін, бірақ соның өзінде де сол тапшылық экономиканың өз механизмі нәтижесінде пайда болады.

Басқа ғалымдардан өзгеше анықтаманы В.П. Мурашов береді: “Ұйымдасқан қылмыстылық – бұл заңсыз табыс алу мақсатында пайда болатын әлеуметтік байланыстар мен қарым – қатынастардың жүйесі.”.

Ол ұйымдасқан қылмыстылықтың келесі құрылымдық элементтерін бөліп көрсетеді:

  1. Заңсыз экономикалық қызмет;
  2. Ерекше нормативтік жүйе;
  3. Ерекше басқару жүйесі;
  4. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі.

Біздің пікірімізше, бұл анықтаманың кемшілігі – жалпы қылмыстық әрекеттердің ескерілмеуі. Бұрын тәжірибелік қызметкер болған, қазір профессор, заң ғылымының докторы Ю.И. Ляпунов ұйымдасқан қылмыстылықтың анықтамасын толық көрсетпейді, бірақ оның үш белгісін атайды:

  1. Жүйелі қызметпен айналасу үшін ұзақ уақытқа құрылатын анық және тұрақты ұйымдық құрылымның болуы; әрбір мүшенің өзінің қызметі мен ұйымда алатын орнының болуы;
  2. Қылмыстық ұйым ауыр дәрежелі болса да бір қылмыс үшін емес, тұрақты қылмыстық қызметпен айналысу үшін құрылады;
  3. Коррупцияның болуы.

Ал енді Қазақстандық ғалымдардың “ұйымдасқан қылмыстылық” бойынша   зерттеулеріне көңіл аударайық. Р.Н. Судакова бұл құбылысты төмендегідей анықтайды: “Ұйымдасқан қылмыстылық – бұл қылмыстық ортаның табыс табу мақсатында қылмыстық топ немесе қылмыстық ұйымдарға шоғырлануымен, нақты иерархиялық және құрылымдық байланыстарымен сипатталатын негативті әлеуметтік құбылыс болып табылады”.

Жоғарыда көрсетілген анықтамасымен қатар Р.Н. Судакова ұйымдасқан қылмыстылықтың белгілерін атап көрсетеді:

  1. Нақты ұйымдастырушылық – басқарушылық құрылымдардың болуы және олардың иерархиялық сатылануы; ұйымдасқан қылмыстылық құрамында “жоғарғы эталон”, “элитаның” болуы;
  2. Жүріс–тұрыс және жауапкершілік ережелерінің болуы;
  3. Қылмыстық қызметтің жасырын, тұрақты, жоспарлы болуы, ортақ мақсаттың болуы, сол мақсатқа аз тәуекелмен жетуге ұмтылу;
  4. Құқық қорғау органдарымен қылмыстылықпен күресу жоспарларын анықтау арқылы әлеуметтік бақылаудың жүзеге асырылуына кедергі жасау (коррупция, қорқыту, күш қолдану, т.б.);
  5. Қылмыстық қызметке жұмсалатын ортақ қаржы қорының болуы;
  6. Қылмыстық қызметтің монополизациялануы, экономиканың әр түрлі салаларына енуі, “қара нарыққа” тауарлар мен қызметтер ұсыну;
  7. Қылмыстық жолмен алынған қаржыларды заңдастыру;
  8. Қылмыстық идеологияның таратылуы.

Қазақстандық заңгер ғалым Мәуленов ұйымдасқан қылмыстылықты төмендегідей анықтайды: “Ұйымдасқан қылмыстылық – қылмыстық “кәсіптен” үлкен табыс алу мақсатында құрылатын, мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен коррупциялық байланысы бар жеке қылмыстық топтардың билікке таласуымен сипатталатын күрделі әлеуметтік құбылыс болып табылады.”

Ол ұйымдасқан қылмыстылықтың келесідей белгілерін көрсетеді:

  1. Қатысушыларының көптігі (екі және одан көп);
  2. Әрбір мүшесінің қылмыс жасауға қатыстылығының болуы;
  3. Дайындық кезеңінің салыстырмалы түрде ұзақ болуы;
  4. Жиналатын арнайы орындарының болуы;
  5. Басшылық немесе басқару орталығының болуы;
  6. Топ ішінде функционалдық міндеттердің бөлінуі;
  7. Қылмыстық “кәсіптің” (бизнестің) белгілі бір бағытта болуы;
  8. Қылмыстық қызметтің жасырын түрде болуы;
  9. Топ ішінде жүріс–тұрыс ережелерінің болуы.

Жоғарыдағы аталған авторлардың пікірлерін ескере отырып ұйымдасқан қылмыстылықтың анықтамасын берейік:

Ұйымдасқан қылмыстылық – пайда табу мақсатында және белгілі бір әлеуметтік салада немесе территорияда бақылау “билік” орнату мақсатында  құрылған әр текті және әр түрлі деңгейлі қылмыскелер қоғамының тұрақты ұйымы.

Ұйымдасқан қылмыстылықтың анықтамасын бере келе, міндетті түрде оның белгілерін анықтап алу керек. Біздің пікірімізше, оның белгілерін негізгі және факультативті деп қарастыруға болады. Негізгі (немесе міндетті) белгілер ұйымдасқан қылмыстылықты құрайтын барлық қылмыстық топтарға тән болып табылады. Ал, факультативті (немесе қосымша) белгілері қылмыстық ұйымның қызмет етуіне байланысты болып келеді. (Географиялық, ұлттық, қызметтік және т.б.).

Міндетті белгілеріне төмендегілері жатқызамыз:

  1. Қатысушыларының көптігі (екі және одан көп) ;
  2. Қылмыстық кәсіптің міндетті түрде жоспарлы, жүйелі, мақсатты және тұрақты сипатта болуы;
  3. Мақсаты – қылмыстық жолмен табыс алу;
  4. Белгілі бір территорияда немесе өндірісте, басқару бөлігінде бақылау орнату;

Бұл көрсетілгендермен ұйымдасқан қылмыстылықтың белгілері шектелмейді. Керісінше, ол қосымша белгілермен толықтырылып отырады.

Криминолог ғалымдардың бұрыннан бері тәуелсіз зерттеулерінің бірі болып жоғарғы жасырынды қылмыстар құбылысы еді. Олардың пікірінше, криминологиялық аспект бойынша жоғарғы жасырынды қылмыстар құбылысы ретінде ресми мәліметтерге, қылмыстық статистикалық ақпаратқа енбей қалған мәліметтер жатады деп көрсетеді. Кейбір ғалымдардың жоғарғы жасырынды қылмысқа дәлірек анықтама берген. Олардың пікірінше, нақты қызмет ететін қылмыстылықтың кеңістіктегі – уақыттағы (яғни нақты орны мен белгілі бір мерзімде) шекарасы, яғни қылмыстың массивті жинақталған және осы әрекеттерді жасаған тұлғалар, әділет органдарымен анықталмаған және қылмыстық статистикаға кірмеген, ескіру мерзіміне байланысты қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған болып табылады [19].

Әйгілі ресей криминологы Г.Ф. Хохряков өзінің “Криминология латентной преступности” атты еңбегінде бұл мәселені толық зерттеп, қарастырған. Ғалымдардың көрсеткен аксиомаларына сәйкес, ұйымдастырушылық қылмыстардың орындалуы жоғары кәсіби деңгейде болуына байланысты, оның  жасырындылық деңгейі де жоғары болады. Ұйымдасқан кешенді қылмыстардың ұйымдастырушылығы және орындалуы бойынша жоғарғы түрде болғандықтан, оның жасырындылығы да сол сатыда болады. Сондықтан, ұйымдасқан қылмыстылы жасырындылық, құпиялылық көрсеткіші бойынша қылмыстардың ішіндегі ең ауқымдысы деп тұжырымдауға болады. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, ұйымдасқан қылмыстылықтың жоғарғы жасырынды бөлігі құқық қорғау органдарында тіркелген қылмыстардан 6-10% есе асып түседі.

Ғалымдардың ұйымдасқан қылмыстылықпен күресу және оның жоғарғы жасырындылығына байланысты мәселелерді әртүрлі жолдармен зерттеулеріне қарамастан, жауаптан гөрі сұрақтардың басымдығын байқаған.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев құқықтық тәртіп және заңдардың орындалуы туралы сұрақтар бойынша маслихатта тоқталып, келесі мәселелерді көтерді: жалған банкроттықпен байланысты қылмыстарды ашу біздің құқық қорғау органдарымыздың “қолдарынан келмейді ме?” деген. Қаржы-экономикалық саладағы ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау әлсіз жүргізілуде, соның ішінде жалған кәсіпкерлік, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау, бюджеттік қаражатты ұрлау болып отыр [20].

Ж.А.Тұяқбаевтың берген анықтамасында бұл мәселе дәл және тура көрініс тапқан, яғни ұйымдасқан қылмыстылық – сапалы жаңа қылмыстардың қасиетіне ие, жай қылмысқа қатысудан гөрі жоғары түрі болып табылады [21].

Ұйымдасқан қылмыстылықтың жоғарғы жасырындылығы туралы 2-3 қараша 2000 жылы Москвада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда В.В. Лунеев көтерді. Ұйымдасқан қылмыстылықтың нақты шекарасының болмауы оны зерттеу объектісі ретінде қарауға мүмкіндік бермейді, сонымен қатар жоғарыда көрсетілгендей құқықтық қамтамасыз ету сұрақтары, соның ішінде қылмыстық-құқықтық жауапкершілік және эмпирикалық базаның болмауы әсерін тигізеді.

ҚР ҚК-нің 31-бабында қылмысқа қатысу нысандары көрсетілген, яғни оларға келесілері жатады:

  1. Ұйымдасқан топпен жасалған қылмыс (егер қылмыс жасауға екі немесе одан да көп адам – орындаушы күні бұрын сөз байласпай бірлесіп қатысса);
  2. Егер қылмысқа бірлесіп жасау туралы күні бұрын уағдаласқан адамдар қатысса;
  3. Егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін күні бұрын біріккен адамдардың тұрақты тобы жасаса;
  4. Егер қылмысты ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстар жасау үшін құрылған бірігіп ұйымдасқан топ (ұйым) не нақ сондай мақсатпен құрылған ұйымдасқан топтардың бірлестігі жасаса.

Егер бірінші және екінші қылмысқа қатысу нысандарының арасында біршама айырмашылық көрінсе, екінші және үшінші қылмысқа қатысу нысандарының арасында бұл айырмашылықтар онша байқаларлық емес. Ұйымдасқан қылмыстылық мәселелерінің теориялық  жоспарларының толық зерттелмеуі және заң тұрғысынан бекітілмеуі нәтижесінде 80-жылдардың аяғында ішкі істер органдары өздерінің ұйымдасқан қылмыстық топқа және ұйымдасқан қылмыстық топтармен жасалған қылмыстарды дәлелдеу қиынға соққандықтан, оларды жай ұйымдасқан разрядқа жатқызуға тырысты.

Ұйымдасқан қылмыстылық жоғарғы жасырынды қылмыстардың  бір түрі бола тұра, осы уақытқа дейін оны зерттеу және оны пайда болу нысаны әртүрлі. Мысалы: оны айсберг деп қарап, оның көп бөлігі бізге әлі бей мәлім.

Көптеген криминолог ғалымдар мен тәжірибе қызметкерлерінің пікірінше, ұйымдасқан қылмыстық ұйымдардың моделін пирамида түрінде елестетуге болады[5]. Бұл аталған пирамида негізін нөкерлер (боевики), қорқытып алушылар, пәтер ұрылары және тонаушылар, автокөлікті ұрлаушылар және оны сатушылар, әртүрлі алаяқтар және жекешелендіру саласындағы ұрылар, сонымен қатар банктік-несие саласындағы, өнім шығарушылар және басқа да, онша үлкен емес қылмыстық топтар құрайды. Осы аталғандар қатарына, сонымен қатар ерекше ірі категориядағы қылмыстық топ кіреді. Олар күзет және күш-қуат жағынан айрықша қауіпті қылмыстық әрекеттермен қамтамасыз ету функциясын атқарды.

Г.М.Миньковтың позициясын жоққа шығаруға болмайды, оның пікірінше 1990 жылы ұйымдасқан қылмыстылықтың белгілері әлі болмаған еді немесе сол уақытта болмауы, бірақ пайда болуы әртүрлі ситуацияларға көз жұма қарамау керек деп көрсеткен. Сол кезде Г.М.Миньковтың негізделген нәтижесіне сәйкес, “ұйымдасқан қылмыстылықпен күрес сол кезде топ, ұйымдасқан топ, қоғам және жиынтығы сатысында  жүргізілген: публицистердің айтуынша “спрут” қылмыстық пирамиданың бір орталығы болғандығы” анықталмаған [22].

Ресей Федерациясының криминолог-ғалымы Г.Ф.Хохряков өзінің оппоненттерінің сұрақтарына жауап бергенде келесі жағдайды дұрыс көрсетті: “ұйымдасқан қылмыстардың бар екендігін дәлелдейтін эмпирикалық базаның қандай?” деуінде, яғни жалпы статистикалық көрсеткіштер немесе статистикалық заңдылықтың болуы ұйымдасқан қылмыстылықтың бар екенін дәлелдейтін. Осы авторлардың көрсетуінше ұйымдасқан қылмыстылықтың сипаты емес (жалпы бұл зерттеу ең қажетті сатысы), оның пайда болуын көрсететін құбылыстарды анықтау қажет. Сол кезде ұйымдасқан қылмыстылықтың басқа қылмыс түрінен айырмашылығы көрінеді.

Кей кезде, шетел ғалымдарының пікірінше ұйымдасқан қылмыстылықты мемлекет ішіндегі мемлекет деп түсіндіреді. Ұйымдасқан қылмыстылықтың жоғарғы жасырындылығы мемлекетке және зерттеу жүргізуді қиындатуға қауіп төндіруде және оның түпкі мақсаты заңдастыруға ұмтылу: бұл құбылыс батыс елдеріне тән белгі, яғни ұйымдасқан қылмыстылықтың бұрыннан немесе тарихи функциялары қалыптасуына байланысты. Осы ерекшеліктер Иншаков С.М. еңбегінде кең көлемде қамтылған. Ол мафияның негізгі қаруы – қатал жазалау – екінші сатыға түсіріліп, бірінші орынға ең жақсы табыс әкелетін бизнесті криминалдық әрекеттерді пайдалану арқылы өз қолдарына түсіру болып отыр. Мафиялық жанұяның баюына байланысты, олардың жалпы алатын орны күрделене бастайды. Қазіргі таңда АҚШ-та нақты байқалғандай криминалдық босстардың  қылмыстық жолмен табылған ақша-қаражаттарын заңдастырумен қатар,  өз балаларын  қылмыстық жолдан сақтап, заңды қызметпен айналысуға бейімдеуі байқалады. Олар балаларын криминалдық өмірден аластатып, оларды оқумен және жоғарғы сатыдағы тәрбиемен қамтамасыз етуге талпынуда. “Өкіл әкелер” өз балаларын сенатор немесе президент лауазымында көргісі келеді [24].

Ресей ғалымдары да ұйымдасқан қылмыстылықты заңдастыру туралы мәселеге тоқталған, А.И. Долгова  ұйымдасқан қылмыстылықтың мемлекетпен байланыстылығын зерттеп, олардың арасында ешқандай шекара жоқ екендігін көрсетті: ұйымдасқан қылмыстылық заңды қарым-қатынасқа араласып, өздерінің де заңға қайшы келмейтін заңды тұлғаларын құруда; әлеуметтік топтардың мүдделерімен есептесе отырып, оларды өз қатарларына тарту немесе резервте ұстау; қылмыстық әрекеттерді жүзеге асырушы белсенді тұлғалармен қатар, бір реттік қызмет көрсететіндер де бар [25].

Сондықтан, ұйымдасқан қылмыстылық ТМД елдерінде заңды сипатқа ие, яғни тұрақты немесе уақытша қызметті атқаратын тұлғалар негізінде қызметке тарту, мемлекеттік құрылымнан мамандар тарту арқылы оларға материалдық және моральдық көмек көрсету сипатымен ерекшеленеді.

Егер заңдылықтың “сарапшысы” ретінде ұйымдасқан қылмыстылықтың өкілі қатысса, осындай араласу мен заңдылықтың кемеліне жетпеуі ғалымдарды, соның ішінде құқық қорғау органдарына біршама қиыншылыққа әкеледі, яғни заңды немесе заңсыз әрекеттер қайда жасалғандығы белгісіз болады. Осы аталған тенденция ұйымдасқан қылмыстылықтың жоғарғы жасырынды қылмыстардың бір түрі екендігін дәлелдейді.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.