Кәлам – рационализмнің мұсылмандық дискурсы

Главная » Рефераттар » Кәлам – рационализмнің мұсылмандық дискурсы

Кәлам – рационализмнің мұсылмандық дискурсы: мутазилиттер мен ашариттер.  Мұсылмандық ортағасырлық философия кәсіби философия ретін-де Араб халифатының территориясында VIII-IX ғасырларда қалыптасты. Фәлсафаның негізгі мәселесі – бұл болмыстың бірлігі мәселесі, бірақ бұл мәселе сенімнің ақылға, зердеге қатынасы туралы мәселеден туындайды. Ислам монотеистік дін ретінде бір Құдайға деген, демек, болмыстың бірлігіне деген сенім ұстынын ұстанады. Болмыстың бірлігі мәселесі болса, мұсылман философиясындағы негізгі тақырып-тардың бірінен саналатын сенім мен ақылдың қатынасы туралы мәселенің қойылуына әкелді.

Әуел бастапқыда әлем туралы, Құдай туралы, олардың бірлігі туралы рефлексия VIII ғасырда теологиялық ілім – кәламда да, мистикалық ілім – сопылықта (суфизм) да пайда болады. Болмыстың, сенімнің және ақылдың бірлігі мәселесі жөніндегі діни рефлексия мутазилиттердің доктринасына айналады. Мутазилиттер – пайым-даушы мұсылмандық теология – кәламның өкілдері. «Мутазила» сөзі аударғанда бөлініп шыққан, өзгешеленген, оқшауланған дегенді білдіреді. Бұл ағымның өкілдері өз ілімдерін ислами сенімге де, антикалық философияға да негізделгендіктен, тек теологияға ғана теңгерілмейтін ерекше ілім деп санады.

Мутазилиттердің өз ілімінде қолданған негізгі әдісі исламдық рационализм әдісі болатын. Бұл әдіс нені білдіреді? Ол өз бойында логика мен диалектиканы синтездей отырып, антикалық әдіснаманың әсерімен қалыптасты. Пікірталас тудыратын мәселе – кәламда дамы-тылған Құранның жаратылғандығы немесе әуел бастан мәңгілігі мәселесін мутазилиттер өз доктринасына сәйкес Қасиетті Мәтінді уақыт ағымында жаратылды деп есептейді.

.

Жалпы, кәлам туралы айтар болсақ, онда оның фәлсафаны қалыптастырудағы ең маңызды рөлін атап өту керек болар. Өйткені кәлам Құдай туралы, Құран туралы, илаhи заңдар туралы ой толғаған алғашқы философиялық рефлексия болып табылады.

Кәлам бүгінгі күні теологиялық тақырыпқа дискурсивті толғам жасаған ағым ретінде ұғынылады [12]. «Кәлам» аударғанда сөз, пайым, пікірталас дегенді білдіреді [13]. Кәламның өкілдері – мута-каллимдер діни мәселелерді талқылағанда рационалистік дәлелдерді пайдалану керек деп есептеді. Кәламистика немесе кәлам діни сана мен діни дүниетанымдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған діни-философиялық ілім болып табылады. Кәламның негізгі мәсе-лелері:

  • Құранның жаратылғандығы немесе жаратылмағандығы туралы мәселе;
  • адамның өз іс-әрекеті үшін жауапкершілігі туралы мәселе;
  • адам еркінің еркіндігі және оның іс-әрекеттерінің алдын ала белгілендігі туралы мәселе;
  • дүниеде зұлымдықтың өмір сүретіндігі туралы мәселе;
  • Құдайдың атрибуттары туралы мәселе;
  • болмыстың бірлігі туралы мәселе;
  • күнә туралы мәселе;
  • о дүниелік өмір туралы мәселе;
  • жақсылық пен жамандық үшін сұралатыны туралы мәселе;
  • мән мен құбылыстың (атрибуттардың) диалектикалық бірлігі ретіндегі Аллаh тағаланың есімдері туралы мәселе.

Кәламды дәстүрлі мұсылмандық діни ойдың өкілдері – ханбалит-терге, захириттерге қарама қарсы қойылатын мұсылмандық діни пән мен сала ретінде болды деп есептеуге болады, өйткені мутакал-лимдердің әдісі – исламдық рационализм мәні жағынан жоғары-дағылардың іліміне қайшы келді [14].

.

Кәламның метафизикалық ізденістері болмыстың бірлігі мәселесін негіздеумен сипатталады. Кәламның негізгі өкілдері: Джад Ибн Дирхам, Джахм Ибн Сафуан, Ибн Әмр, Уәсил Ибн Ата (Хасан әл-Басридің жақтастарынан бөлініп шығып, мутазилиттер ілімі мен мутазилизмнің негізін қалаушы), әл-Ашари (ашаризмнің негізін қалаушы), әл-матуриди, ат-Туси, әл-Байдауи, әл-Джурджани, әз-Замахшари, әр-Рази.

Кәламның өкілдері өз пәндерінің бөлініп алынған 5 негізгі мәселелері бойынша солардың негізгі сұрақтарын, шешімдерін, негізгі ұғымдары мен дәлелдеудің тұтас жүйесін біртіндеп қалыптастырды, ол мәселелер мыналар:

1 бірқұдайлық мәселесі;

2 еріктің еркіндігі мен қимыл-әрекетті таңдау еркіндігін қоса алғандағы әділеттілік мәселесі;

3 уммадағы (қауымдағы) мұсылманның әлеуметтік мәртебесі туралы мәселе;

4 адамның құтқарылуы және пайғамбарлық миссия туралы мәселелер;

5 дін мен саясаттың арақатынасы мәселесі.

Бұл мәселелердің шешімі тұтастай алғанда кәлам ілімімен сәйкес келетін Құдай туралы мутазилиттердің ілімімен байланысты болды. Мутазилиттер мен ашариттер Құдай туралы өз ілімдерінде Құранда айтылған мына қағидаларды басшылыққа алды:

  • Құдайдың бар және бір екендігі күмәнсіз;
  • Құдайдың бар екендігі дәлелдеуді қажет етпейді;
  • «Шексіз құдіреттілік» феномені аясында Аллаh тағаланың 99 есімін мойындау;
  • Құдай барлығының жаратушысы;
  • Құдай – адамды жаратушы;
  • Құдай адамның тағдырын анықтайды, бірақ адам Құдіретті қадардың (жазмыштың) бар екендігіне қарамастан өз қылықтары үшін жеке жауапкершілік алуы тиіс.

Кәламдағы Аллаhтың тамаша есімдері — әл-асма әл-хусна — туралы теория Құранның діни-этикалық доктринасын негіздеуде маңызды рөл атқарды. Аллаhтың 99 көркем есімдері:

1 Аллаh

2 Ар-Рахман –  Қайырымды

3 Ар-Рахим — Мейірімді

4 Әл-Мәлік – Басқарушы

5 Әл-Құддыс – Қасиетті

6 Ас-Салам – Сау, Бейбіт

7 Әл-Мүмин – Адал

8 Әл-Мухаймин – Сақтаушы

9 Әл-Әзиз – Алып

10 Әл-Жаббар – Күшті

11 Әл-Мутакаббир – Асып түсуші

12 Әл-Халик – Жаратушы

13 Әл-Бари – Жасаушы

14 Әл-Мусаууир – Аағартушы

15 Әл-Ғаппар – Кешіруші

16 Әл-Қаhар – Қаhарлы

17 Әл-Уаққаб – Сый таратушы

18 Әр-Раззақ – Ырызық беруші

19 Әл-Фаттах – Игілік беруші

20 Әл-Әлим – барлығын меңгеруші

21 Әл-Қабид – Қысушы

22 Әл-Басит – Төсендіруші

23 Әл-Хафид – Мүсіркеуші

24 Ар-Рафи – Асқақтатушы

25 Әл-Муизз – Күш беруші

26 Әл-Музилл – Тұқыртушы

27 Ас-Сами – Барлығын естуші

28 Әл-Басир – Барлығын көруші

29 Әл-Хакам – Төреші

30 Әл-Әдл — Әділ

31 Әл-Ләтиф – Сезімтал

32 Әл-Хабир – Игеруші

33 Әл-Халим – Ізгі

34 Әл-Азым – Ұлық

35 Әл-Ғафур – Барлығын кешіруші

36 Аш-Шакур – Ырзашыл

37 Әл-Али – Аса жоғары

38 Әл-Кабир – Үлкен

39 Әл-Хафи – Қорғаушы

40 Әл-Муқыт – қоректендіруші

41 Әл-Хасиб – Есептеуші

42 Әл-Джәлил – Асқақ

43 Әл-Кәрим – Жомарт

44 Ар-Ракиб – Барлығын бақылаушы

45 Әл-Мужиб – Қамқор

46 Әл-Уәси – Барлығын қамтушы

47 Әл-Хаким – Дана

48 Әл-Уәдуд – Ұнатушы

49 Әл-Мәжид – Даңқты

50 Әл-Баис – Тірілтуші

51 Әш-Шаhид – Куә

52 Әл-Хаққ – Шынайы

53 Әл-Уакил – Пана

54 Әл-Кауий – Күшті

55 Әл-Матин – Берік

56 Әл-Уәли – Тапсырушы

57 Әл-Хамид – Мақтаулы

58 Әл-Мухси – Санаушы

59 Әл-Мубди – Бастаушы

60 Әл-Муид – Қайтарушы

61 Әл-Мухий – Жандандырушы

62 Әл-Мумит — Өлтіруші

63 Әл-Хайй – Мәңгі өмір сүруші

64 Әл-Қаийум – Тірі

65 Әл-Уәжид – Бай

66 Әл-Мәджид – Текті

67 Әл-Уәхид – Жалғыз

68 Ас-Самад – Мәңгі

69 Әл-Қадир – Барлығына құдіретті

70 Әл-Муқтадир – Құдіреті күшті

71 Әл-Муқаддим – Алға жылжытушы

72 Әл-Муаххир – Артқа ысырушы

73 Әл-Әууал – Бірінші

74 Әл-Ахир – Соңғы

75 Әз-Захир – Көрнекті

76 Әл-Батин – Жасырын

77 Әл-Уәли – Билеуші

78 Әл-Мутаали – Биік

79 Әл-Барр – Игі

80 Ат-Таууаб – Тәубені қабылдаушы

81 Әл-Мунтақим – Кек алушы

82 Әл-Афу – Күнәларды кешіруші

83 Ар-Рауф – Аяушы

84 Мәлик әл-мулк – Барлық нәрсенің Иесі

85 Зул-Жәлал уал-Икрам – Ұлылық пен Жомарттықтың Иесі

86 Әл-Муқсит – Құмарлықтан ада

87 Әл-Жәми – Жинаушы

88 Әл-Ғани – Бақуатты

89 Әл-Муғни – Байытушы

90 Әл-Мани – Шектеуші

91 Ад-Дарр – Зиян шектіруші

92 Ән-Нафи – Пайда әкелуші

93 Ән-Нур – Нұр

94 Әл-Хади – Дұрыс жолға салушы

95 Әл-Бади – Ойлап табушы

96 Әл-Бақи – Мәңгі

97 Әл-Уарис – Мұрагер

98 Ар-рашид – Дұрыс жолды Үйретуші

99 Ас-Сабур – Сабырлы [15].

 

Кәлам фәлсафаның теориялық бастауы болып табылады. Дәл осы мутакаллимдердің жоғары айтыстық рухы, рухани-адамгершілік ұстанымдары кәсіби ислам философиясының қалыптасуына әкелді. IX ғасырдың соңына қарай, Ибн Халдун атап өткендей, олардың ілімінде барлық нәрсе араласып кетті және ақырында әлем фәлсафа туралы айта бастады.

Кәламның арасынан антикалық әлемнің философиялық трактат-тарын түсіндірушілер ең көп шыққанын айту керек. Грек мұрасының герменевтикасы мен компаративистикадағы бірінші орын кәлам өкіл-деріне тиесілі. Олар ортағасырлық адамды Құдай және әлем туралы рефлексиялық толғауға ынтықтырып, олардың ойын «сілкіндірді». Көптеген зерттеушілердің пікірінше, кәлам ілім ретінде кейінгі Мұсылмандық Ортағасырлардың шегінде қалып қойды және бүгінгі мұсылмандық теология басқа әдістерді пайдаланады, бірақ бұл осылай ма? Кәлам ең ықпалды пайымдаушы теологиялық ілім ретінде бүгінгі күні қазіргі адамның діни санасының мәселелерін түсінуде қайта жаңғырып отыр. Кәламда қойылған сұрақтар исламның өзі және өзек-ті философия секілді өзектілігімен көзге түсіп отыр.

Сонымен, кәлам екі бағытта болды:

  1. мутазилиттік кәлам немесе мутазилитизм
  2. ашариттік кәлам немесе ашаризм.

«Кәлам» ілімінің, ұғымының өзі жалпы мағынасында дәлел – ілімнің қандай да бір өкілінің дәйекті әңгімесі, дәлелденген сөзі деп есептелді. Аристотельдің немесе Платонның философиялық мәтін-деріне түсініктемелер жасаған мутакаллимдердің өздері кейде тек Платонға немесе Аристотельге тән дәлелденген дәйекті «Платонның кәламы» немесе «Аристотельдің кәламы» деген тіркестерді мейлінше көп қолданды.

Кәламнің, әсіресе, мутазилизмнің маңызы фәлсафа қалыптасуының теориялық қайнары болуында ғана емес, сонымен қатар исламдағы әр алуан ағымдардың мәселелік өрістерін қайта жаңғыртып, синтездеуге ұмтылып, оларды біртұтас философиялық-ислами аяда біріктіруге ұмтылуымен сипатталады. Өйткені осы уақытқа дейін халифат пен имамат мәселелері бойынша сунниттік-шииттік бөлініс жүзеге асты, оларға хариджиттер де қосылды.

Оның үстіне, мурджиттер, джабриттер, кадариттер, джахмиттер, ханбалиттер, хашвиттер сияқты ағымдар – осылардың барлығы да иджтихад* мәселелері (жеке пікірді, жеке түсіндірмені жасаудағы күш-жігер) және ислам онтологиясының аса күрделі мәселелерін қарастырды.

Мутазилиттік пікірталас адам өзі көтере алмайтын жүкті Аллаh жарата ма, Құдай мүмкін емес дегенін адам жасай ала ма және т.б. сұрақтарды қоя отырып, кез келген теологиялық пікірталасты түсіндіруде рационалистік түсіндірмені ұстанды. Мұны христиандық схоластикадан да аңғаруға болады. Алайда мутазилиттік кәламды тек рационалистік ағым десек, қателескен болар едік. Әрине, Құранды Аллаh уақыт ағымында жаратты деген тұжырымын басқа мазхабтың өкілдері сынады. Әл-Мамунның, әл-Мутасимнің, әл-Уасиктің басқарған тұстарында мута-зилимнің ислам аясындағы ресми идеология болып саналғаны белгілі. Дәл осы Құранның уақыт ағымында жаралғаны туралы қағида басқа теологтардың есептесуі тиіс негізгі ұстынға айналды.

Мутазилиттер әл-усул әл-хамса деп аталатын теологиялық жүйені жасап шығарды, ол бойынша мұсылмандық діннің 5 негізі болады. Кәламдық дискурстағы бұл бағыттарды аш-Шахристани өзінің «Діндер мен секталар туралы кітабында» толығымен баяндады. Мутазилиттер Құдайдың адам үшін қойған мақсаттары мен міндеттерін айқын түсіну үшін Құранның сүрелерін тәфсірлеу қажет деп есептеді. Мысалы, мутазилиттердің пікірінше, еріктің еркіндігі туралы 129 аятта айтылған. Мутазилитизм Мутауаккилдің билеген тұсында деконстукцияға ұшырайды, ал мутазилиттердің өздері қуғынға түседі. Кәламның бүкіл тарихы барысында әр кезеңде бірде мутазилиттердің, бірде ашарит-тердің идеяларын жаңғыртатын теориялар пайда болып отырды.

Тіпті, Ибн Ханбалдың сыны да мутазилиттердің идеясын жоққа шығара алмады. Олар мұсылмандық дін мен құқықтың барлық бес бабы бойынша синтездік самарқау ілім құрып, мутазилизмнен алшақтағысы келсе де, бәрібір ашариттік мектепте қайта жанданды. Бәрі бір ашариттердің бұл синтезінен дәстүршілдер мутазилиттік идеяларды, ең алдымен, исламдық-философиялық дискурсты бірік-тіретін мутазилиттік рационалистік идеяларды реконструкциялауға тырысушылықты көрді.

Кәламның өкілдері өз пайымдауларында логиканы пайдаланды, оны дәлелдеу құрастырудағы басты құрал деп есептеді. Алайда, кейінірек, мутакаллимдердің өздері формальды логиканы сынай бастады, өйткені көптеген трансценденталды мәселелер оның таным-дық шегінен тыс жатты. Осыған орай сукун ан-нафс – жанның тыныштық теориясы (Канттың антиномиялар туралы тұжырымда-масына өте ұқсас) пайда болады. Мутазилиттер осы тұжырымдамамен қарулана отырып, егер логикалық рационалистік дәлелдердің көмегі-мен антиномиялық мәселелер тек көбейетін болса, онда олар туралы ұмыту керек, Құдайдың еркіне беріле отырып, барлық қайшылық-тарды интеллектуалды интуицияның көмегімен түсініп, жанға тыныштық беру керек деп санады. Кейінірек әл-Кинди қажетті және айналып өту білімдерін негіздеудің нәтижесінде «сукун әл-фахм» тұжырымдамасын дамытады, бұл жерде қажетті білім дегенде логика-лық, рационалистік дәлелдермен дәйектеуді және терістеуді қажет етпейтін интуитивті білім ұғынылады. Мутазилиттік ілімнің ішіндегі бұл қайшылықтар философиялық ілімдердегі диалектиканың теория-сы мен әдісін дамытуда өзінің рөлін атқарды.

Сонымен, мутазилиттер мен ашариттер теологиялық даулы мәсе-лелерді шешу барысында мыналарды мойындады:

  • әрбір адамдағы зерделілік презумпциясы;
  • ақылмен пайымдаудың басымдылығы;
  • құрандық мәтіндерді рационалистік түсінудің шаралары;
  • грек философиясының кәламмен келісімі.

Атақты әл-Байдауи аз-Замахшаридің тәфсірлерін реконструкция-лауға ұмтылды, бірақ көбіне оның ықпалында қалып қойды. Кәлам-ның теологиялық-философиялық дискурстары дінтануда да, сонымен қатар философияда да, сопылықта да және әдепте де өте маңызды рөл атқарды. Құдай Сөзінің (Құранның) жаратылғандығы немесе жара-тылмағандығы мәселесі – Мұсылмандық Ортағасырлардағы діни-философиялық пікірталастың өзегін құраған негізгі мәселе болды.

Әл-Мамунның басқарған тұсындағы михна – Құранды Құдайдың жаратқан Сөзі деп мойындау мутазилиттік жоба болатын, әл-Мутауак-килдің тұсында бұл қайта мойындалмады және бүгінгі Құранның жаратылмағандығы – сунниттік исламның аса маңызды догмат-тарының бірі [16].

Әрине, мұсылмандық кәламдық дискурсқа исмаилизмдегі «Таза-лық бауырластығын»* да қосуға болады, бірақ бұл оқу құралында фәлсафа мен кәлам дискурсы классикалық дәстүр аясында ашылады.

Сонымен, мутазилиттер өз ілімдерінде мына тұжырымдарды ұсынды:

.
  • таухаид (бірқұдайлық) теориясына сай, Құдай жалғыз;
  • дүниеде илаhи әділеттілік (әл-әдл) болады;
  • илаhи әділеттіліктің салдары болып табылатын адамның ерік еркіндігі болады;
  • Адамға илаhи ақиқатты меңгеретіндей зерде берілген;
  • Құранның мәтіндерін түсіндіру аллегориялық аяда мүмкін болады;
  • Құран жаратылған болып табылады;
  • ифт аз-зат — өздіктің атрибуты мен ифт әл-фил – қимыл атрибуты бір-бірінен айрықшаланады.

Осы тұжырымдамадан шыға отырып, мутазилиттер өздік атрибут-тар – бұл Аллаhтың көркем есімдері, қимыл-антиномиялары жоқ мәндік сипаттар, ал қимыл атрибуттарында қарама қарсы мәндер болады, мысалы, беруші – алушы және т.т. Дәл осы мутазилиттер философиялық мәселелердің – мән мен өмір сүру, ақыл мен сенім, философияның дінге қатынасын зерделеуде, сондай-ақ адамгершілік-этикалық дотринаны қалыптастыруда ең маңызды рөл атқарды.

* Иджтихад – қияс (аналогия бойынша пікір) аясында қандай да бір қағиданы құқықтық бағалау, дараланған түсініктеме. Белгілі бір салада «терең әрі тар» ауқымдағы маман болмаса, басқалар үшін «иджтихадтың қақпасы» жабық екендігі белгілі. Бұл құқық білгірлердің таңдаулы тобына ғана тиесілі.

* Тазалық бауырластығы – Ихван ас-сафа. Негізгі өкілдері — әл-Муқаддаси, аз-Занджани, әл-Михрджани, әл-Ауфи, Ибн Руфао. Ортағасырлық исламдық әлемдегі ең атақты рухани ағымдардың бірі. Тазалық бауырластығы өз қозғалысын исламды әралуан мүмкін болар адасушылықтардан философиялық әдістердің көмегімен «тазалау» мәселесімен байланыстырды. 51 трактаттан тұратын энциклопедия құрастырды.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.