Көркем әдебиет

Главная » Рефераттар » Көркем әдебиет

Көркем әдебиет искусствоның бір саласы. Көркемөнер беске бөлінеді: архитектура (сәулет өнері), скульптура (мүсін өнері), живопись (сурет өнері), музыка және әдебиет (сөз өнері). Теоретиктердің айтуынша, әдебиет көркем өнердің ең негізгі саласы болып есептеледі. Көркемөнердің басқа түрлері бірінің жұмысын бірі атқара алмайды. Сөз өнері арқылы сәулетті сарайдың көрінісін де, құйып қойғандай адамның кескінін де, табиғаттың көрікті суретін де жасауға болады. Көркем әдебиетте кездесетін талай сұлу портрет, талай тамаша табиғат суреттері өмір құбылысын дәл, шындық бейнеде бере алумен қатар, оны оқушылары сол құбылыстың қыбы мен қимылын сезінгендей дәрежеде жанды, жайнақы түрде суреттей алады. Бұған скульптура, живопись не басқаларының мүмкіншілігі жоқ. Сөз өнерінің құдіретті күшімен ақын, жазушылар оқушыларын қуанта да, қайғырта да, күлдіре де, жылата да алады.
«Әдебиет» — араб сөзі, көркем сөз, сөз асылы деген мағынада. Орысша «литература» дейді (littera латынша — әріп). Көркем әдебиеттің өзіне тән ерекшелігі — өмірдің, өмір құбылысының бейнесін көркем сөз арқылы суреттеу, сөз арқылы адам образын жасау. Көркем әдебиеттің алғашқы түрі — халық ауыз әдебиеті (фольклор). Ол адам баласының ой-санасы сәби кезеңінде туса да, ауыз әдебритінің, жақсы үлгілерінен біз айтайын деген ой-сезімін сурет (образ) арқылы береді. Жазудың шығуымен байланысты ауыз әдебиетінің орнын жазба әдебиет алады да, оны біртіндеп ескі заманның мұрасына айналдырады, бірақ ол аз уақыттың ішінде бола қоймайды. Мәдениеттен кенже қалған кейбір халықтың жазба әдебиеті мен ауыз әдебиеті алғашқы кезде қатар дамуы да мүмкін. Мәдениеттің өсуі, хат білмейтіндердің біртіндеп жойылуы, ауызша шығаратын ақындардың өз өлең-жырларын қағазға түсіру мүмкіншілігі бірте-бірте екеуінің арасындағы шекті де жойғынға ұқсайды. Көркем әдебиеттің образ жасаудағы құралы — сөз. Тіл қорынан сөздердің ең керектісін таңдап, талғап ала білудің және оларды сөйлемнің құрамында шебер қиюластырудың арқасында жазушылар адам ойының түюі мен сезім түйсігінің әр алуан құбылысын суреттеп бере алады. Бұл — оны көркем өнердің ішінде өмірді әрі толық, әрі кең суреттейтін сегіз қырлы және халыққа көп тарайтын түрі ететін шарттың бірі.
Суреттілік (образдылық). Жазушы шындық болмыстың картинасын көрсеткенде, оны жанды етіп суреттеу арқылы, ол суреттеген нәрсесіне өзінің қалай қарайтынын да көрсетеді: бұл суреттерге ол қуана ма, ызалана ма, болмаса аяй ма, қайғыра ма, жек коре ме, т.б., қысқасы, осылар туралы өзінің сезімін және көзқарасын анық көрсетеді. Көркем әдебиет шындық болмыстың жай-жапсарын сурет арқылы көрсетеді. Өмір шындығын сурет (образ) арқылы көрсету — деп (әңгіме адам турасында ма, олардың қатынасы жөнінде ме, олардың сезімі жөнінде ме, жаратылыс туралы ма, айналамыздағы басқа нәрсе жөнінде ме, бәрі бір) шындық болмысты өзіміз қалай сезінеміз, қайткенде өз басымыздан өткізгендей етіп түсіне аламыз. Міне, тап солай етіп суреттеуді айтады.
Типтік бейне. Көрсетейін деген болмысты суреттеу үшін, оның кескінін беруге лайықты, ең керекті мінез-құлықтарды жинақтап көрсету біздің өмірді, адамды тануымызды терендетеді, өмірді түсінуімізге көмектеседі. Сөйтіп тып дегеніміз — бүкіл бір топ адамдарға тән қасиеттерді бір адамның басына жинақтап, нанымды етіп көрсету деген сөз. Жазушы бар нәрсені көркем образ арқылы суреттеп, басқаларға жеткізу үшін, ол творчестволық қиялға сүйенеді. Әр адамда болатын ерекшеліктерді жазушылардың бір образда көрсетушіліктері — сол творчестволық қиалдың атқаратын жұмысы. Евгений Онегин, Манилов, Обломов, Собакевич, т.б. шынында тап сол қалпында кәдімгідей болған адамдар емес. Бұл образдар -жазушылардың көркем қиялдары арқылы жасалған образдар, бірақ бұл образдардың негізінде шындық жатқандығына, олардың қалай жасалғандығының тарихын тексерсек, оп-оңай сенеміз.
Шындық және суреттілік. Әдебиет шығармаларындағы көркемдіктің шегі әртүрлі. Қоғам өмірінің ең маңызды жақтарын алып, оны өте ашық образбен кең түрде суреттеген шығарманы ең көркем шығарма деп есептейді. Дүние жүзі әдебиетінің тарихында үлкен, ашық суретті образдар берген және өмір кұбылыстарын кеңірек қамтып, суретті үлкен қорытулар жасаған талай дана жазушылар болған. Шекспирдің «Гамлеті», Сервантестің «Дон-Кихоты», Гетенің «Фаусы», Әуезовтің «Абайы», т.т. — қоғам өмірінің зор суреті, дәуір өзгерістерінің белгісі, солардың қорытындысы. Суреттеудің ашық, айқын болуы, суреттеген нәрсесіне лайық болуы, соның өмірдегі шындығына жұрт нанғандай болуы, шығарманың кейбір кейіпкерлері қатынасқан үлкен көріністерде де, оның мінезін суреттегенде де колданылады. Оқиғаны барлық жағынан алып көрсету үшін оның мәні зор. Дон-Кихоттың жел диірменмен соғыс ашқан жері суреттілік жағынан өте күшті. Бұл көріністе Дон-Кихоттың ісін оның «аттаныстарының» ішкі сыры өте толық және айнаға түскендей айқын көрінеді. Дон-Кихот деген ат бізге қандай күлкілі болып көрінсе, осы жердегі «Жел диірменмен соғысу» деген сөйлем де сондай күлкілі болып естіледі. Бірақ образдың көркемдігі тек қана автордың таланттылығына байланысты емес. Өз табының пайдасына дәл келтіремін деп, өмірді теріс көрсетіп, шындығы жоқ кескін беретін жазушылар әдебиетте аз кездеспейді.
Кейде бір шығарманың өзінде де бір образдың сәтті, екіншісі сәтсіз шығуы мүмкін. Мысалы, Гончаровтың «Обломов» атты романын алсақ, Обломов образы өз ортасының шындығына дәл, маңызы терең, тамаша үздік көркем образ. Ал сол романда оған қарсы қойылатын Штольцтің образы Обломовтан анағұрлым әлсіз, анағұрлым солғын. Романды оқып шыққанда Обломов өзінің мінез-құлық, іс-әрекеті, бойкүйез жалқаулығымен нақтылы тірі адамдай көз алдыңда тұрады. Штольц олай емес, өйткені жазушы Штольц образын жасауда аяғын шалыс басып алған. Ол Штольцті жаңа туып келе жатқан капиталистердің өкілі етіп көрсетті, сондықтан оны ағартушы, епті, өмірге икемді, қысқасы, жақсы, ұнамды образ етіп көрсетуге күш салады. Автор капиталистердің сол кездегі шындығына тән көп жайттарды терең суреттемей, қарпи шаншып қана өте шығады. Жаңа туып келе жатқан капиталистердің өкілдеріне тән дүниеқоңыздық, «жұмыртқадан жүн қырыққан» пайдакүнемдік, жемқорлық, арынан айырылған дүние қорлықтар Штольцте жоқ. Сондықтан Штольцтің образы өз ортасының шындығына тән образ емес, жасанды образ болып шыққан.

.

Әдебиеттің тарихилығы. Қандай әдеби мұраны алсақ та, одан сол халықтың өмір тіршілігінің бір көрінісін аңғаруга болады. Сыншы В.Г.Белинский: «Халықтардың сәбилік дәуіріндегі ой-санасы ең алдымен олардың поэзиясында көрінеді, өйткені мәдениеттің және білімнің қандай сатысында тұрса да, әрбір халықтың, әрбір тайпаның өзіндік поэзиясы болады. Халық немесе бір тайпа жазу өнерін білмеуі мүмкін, бірақ оның поэзиясы болмауы мүмкін емес», — дейді. Қазақ халқының ауыз әдебиеті де әріден келе жатқаны және онда халықтың ой-санасы, күрес-тартысы, тіршілік әрекеттері айқын көрініп отыратындығы ұлы сыншының жоғарғы айтқан пікірінің дұрыстығын дәлелдеді. Сонымен қатар ауыз әдебиеті сол елдің тарихи-әлеуметтік жағдайларымен байланысты туатындығын көрсетеді. Көркем әдебиеттің қоғамдық мәні. Көркем әдебиет өмір құбылыстарының әр алуан жақтарын суреттеу арқылы көз алдымызға елестетіп, ой, сезімімізге әсер етеді. Әлеумет өмірінде адамдарда болатын әртүрлі құбылыстарды, мінез-құлықтарды жинақтап ұнамды, ұнамсыз образдар жасайды. Оқушыны жаманшылықтан қашырып, жақсылыққа жетектейді, тәлім-тәрбріе береді, таптар арасындағы қайшылықтарды суреттеп, шындықтың бетін ашады, күреске шақырады.
Көркем әдебиет оқушыларының эстетикалық сезімін оятып, әдемілікті сезінуге, мінез-құлықтарын жақсартуға көмектеседі. Көркем әдебиет қоғамның даму процесінде, тап күресінде туады да және сол күрестің дамуына әсерін тигізеді. Мысалы, М.Горькийдің «Ана» романы Россиядағы реакциялық жылдарында дүниеге келді. Роман жұмысшыларды революциялық жігерлі күреске, жеңіске шақырды. П.Власов, ана, т.б. революционерлердің қаһармандық, ерліктерін суреттеу арқылы жазушы жұмысшы табының жеңіп шығатындығына оқушыларын нық сендірді. 1905 жылғы жеңілуден кейін, орыстың дворян-буржуазия жазушылары, декаденттер оқушы жұртшылығын әлеумет өміріндегі күрес-тартыстан аулақтатуға тырысты. Әдебиет, искусство әдемілікті жырлауы керек деді, революцияшылдық идеяны жыр еткен жазушыларды шенеп, оларға барынша қарсы шықты. Өздерінің реакцияшылдық идеясы арқылы оқушыларын теріс бағытқа жетектеді.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.