Көркем прозадағы эпитеттердің стильдік қызметі

Главная » Рефераттар » Көркем прозадағы эпитеттердің стильдік қызметі

Көркем шығарманың тілі – күрделі, қыр-сыры мол құбылыс. Тіл – стильдің жаны. Әр жазушының өзіндік қалыптасқан стильдік мақамы болады. Кез келген құрылысқа материал қажет десек, көркем туындының материалы сөз болып табылады. “Тілі нашар шығарма ешқашан жақсы шығарма болған емес және бола алмайды. Демек, сөз өнерінде тілдің атқарар қызметі бәрінен ерекше, бөлек һәм биік” [1, 185]. Ендеше көркем шығарманың тілін зерттеп, талдауда да қабылданған ереже, өзгертілмес қағида, қалыптасқан бірізді үрдіс жоқ. Көркем әдебиет стилистикасы қазақ филологиясында бүгінгі таңда қалыптасып, орнығып болды деп айтуға болады. Зерттеушілердің көпшілігі көркем әдебиет стилистикасын әдебиеттану мен лингвистика ғылымдарының аралығындағы жаңа ғылыми сала деп көрсетіп жүр. Шеберлік, көркемдік туралы айтқанда да, әдеби тіл проблемасы көтерілгенде де көркем шығарма тіліне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені, көркем шығарма тілінен жазушының идеясы, дүниеге көзқарасы көрінеді. Басқалай айтар болсақ, шығарманың идеясы, кейіпкерлердің мінез ерекшеліктері, әлеуметтік сипаты, өмір сүрген ортасы мен кезеңі олардың сөйлеген сөзіне жүргізілген талдау мен оларға (кейіпкер) жасалған сипаттама арқылы ашылады. Яғни әдебиет тұрғысынан қарастырғанда, поэтикалық тілдің көріктеуіш-бейнелеуіш құралдары мен олардың көркем дүниенің мазмұнын ашудағы қызметі сараланса, лингвистикалық жағынан осы көріктеуіш амалдарды жасауға қатысқан тілдік бірліктердің ішкі мағыналық потенциалы, сыры басты нысанға алынады да, шығармада эстетикалық қызмет атқаратын тілге талдау жүргізу арқылы автордың жалпыхалықтық тілдің баюына қосқан үлесі анықталады.

.

Шығарманың көркемдік, өзіндік бітім-болмысын айқындауда жазушы қолданған тілдік құралдың әрқайсысының орны ерекше. Көркем шығарма тілінде кез келген тілдік құрал орынсыз қолданылмайды. Ондағы синтаксистік құрылымдар мен лексемалар, фразеологизмдер, жекелеген дыбыстар – бәрі де көркемдік идеяға қызмет етуге тартылған “желілер” қатарынан орын алады. Әр сөз зергерінің өзіне тән стилі, өзіндік сөз саптау мәнері, ой-толғау әдістері болады. Жазушының қолындағы қуатты қаруы – тіл, шұрайлы сөз десек, ол сөз халықтың тіл байлығы болып табылады. Ал көркем туынды авторының шеберлігі айтар ойын – идеяны бейнелі, мәнерлі, айқын жеткізуінде жалпыхалықтық тіл байлығынан қажетті деген тілдік құралдарды сәтті таңдап алып, керегіне жарата білуінен көрінеді. Тілдік құралдардың стильдік жүк арқалау мүмкіндігінің дәрежесі мәтіннен, оның қолданысынан айқын аңғарылады. Әр сөздің құдіретін дұрыс танып, оған көркемдеуші қызмет арту қаламгердің шеберлігіне байланысты. Әр функционалды стильдің өзіндік ерекше стильдік қабаты болады десек, көркем шығарма – дыбыстан мәтінге дейінгі аралықтан орын алатын тілдік бірліктердің стилистикалық қызметін талдауға, көркем құралдардың лингвопоэтикалық қызметін анықтауға жағдай туғызатын бірден бір орта.

Көркем шығарма тілі тілдік қолданыстың ерекше бір саласын құрайды. Көркем әдебиеттегі тілдің қолданысын, қандай қызмет атқарып тұрғандығын, тілдік қолданыстың өзгеріске түсуі мен оның себептерін ашып беретін лингвостилистикалық зерттеулер болып табылады. Көркем шығарма тілінің арқауын әдеби тіл фактілер құрайтындығы белгілі. Ендеше тілдің даму процесінде болып жатқан барлық өзгерістердің одан көрініс тауып жатуы заңды нәрсе. Бұл тұрғыдан алғанда көркем мәтінге жүргізілген талдау әдеби тілдегі өзгерістерді айқындап, әдеби тілдің даму бағытын белгілеуге септігін тигізеді. Бірақ көркем шығарма әдеби тілде жазылғанымен көркем шығарма тілі мен әдеби тіл арасында ерекшеліктердің болатындығын ескерген жөн. Мәселен, күнделікті қарым-қатынас жасау қажетін өтейтін әдеби тіл көркем шығармада басқа қырынан танылады. Көркем шығармада әдеби тіл бейнелі құрал ретінде жұмсалып, сол арқылы оқушы сезіміне әсер ететін эстетикалық қызмет атқарады. Мәселен, әдеби тілде нормаға жатпайтын тіл элементі көркем шығармада автордың көздеген мақсатына жету үшін қолданылып, арнайы эстетикалық қызмет атқаруы әбден мүмкін. А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, тілді қолдану дегеніміз – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білу және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білу [2]. Бұл – бір. Екіншіден, көркем шығарма тіліндегі әдеби тіл нормасынан ауытқу тіл бірлігінің бойындағы жасырын жатқан мағыналық мүмкіндіктерді ашады.

.
.

Лингвистикалық талдаулар көркем шығарманы толық түсінуге жағдай туғызады. Сонымен қатар оқырманның тіл мәдениеті мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға немесе көтеруге септігін тигізеді. Осы тұрғыдан келгенде көркем туындыға лингвостилистикалық талдау жасаудың қажеттігі талас тудырмаса керек. Прозада жиі қолданылған көріктеуіш төсілдердің бірі — эпитет. Айқындау, яғни эпитет – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз [1, 209]. Эпитет кейіпкердің жан дүниесін ашуда, кескін келбетін суреттеуде ерекше қызмет атқарады. Портрет пен оның детальдарын жасау, кейіпкерге мінездеме беру, кейіпкердің ішкі сезімдерін, көңіл-күйін бейнелеу үшін, сөз ажарын көркейтіп, ойды кемел жеткізу үшін жазушы эпитеттерге сүйенеді.

Эпитет — кейіпкердің портретін жасауда таптырмас тәсіл. Т.Әбдіковтың қай шығармасы болмасын тұнып тұрған сөз маржандары яғни эпитетке өте бай. Бұл, әрине, жазушының тамыры тереңге кеткен үлкен бәйтерек – сөз зергері екенін дәлелдей түседі. Т.Әбдіковтың прозасында кездесетін эпитеттерді стильдік қызметі, яғни автордың эпитеттерді қолдану мақсатына қарай бірнеше топқа жіктеуге болады. 1) Кейіпкер характері мен портретін беру үшін қолданылған: Достың досы саған да дос болып жүретін кез. Сондай бір сапырылысқан тұста аз- кем күн аралас-құраластау болғанымыз бар. Түрі де есімде: ұзын бойлы, арық, ақсары жігіт. (Парасат майданы, 6-бет). Енді міне бірнеше дәптерден тұратын жазбаларын оқып шыққанда, оның мен білетін ақсары жігітке түк қатысы жоқ секілді көрінді. (Парасат майданы, 7-бет). Т.Әбдіков шығармалдарында табиғат көріністерін (пейзаж) беру мақсатында қолданылған эпитеттерді мезгілге, қалыпты күйіне қарай жіктеп көрсетуге болады. а) Мезгілдік мағынаны білдіретін эпитеттер: алыстағы әлсіз найзағайдай қараңғы түн, айлы таң, қара көлеңке ымырт, қалыңдап келе жатқан қараңғылық, қою қараңғылық, күңгірт бейуақ, шығар күннің сәулесімен күмістей жарқыраған алып ақ дала, алдамшы ай жарығы т.б. ә) Қалыпты табиғатты білдіретін эпитеттер: биік көк аспан, біріне-бірі ұқсас қар жамылған ақ адырлар, боз жусан, жаңбырлы аспанның астында қарауытып сұлық жатқан дала, жел кермек татыған қарағай, жібіген қу шөпшек, ақшыл бояуы оңған бұйра боз, кермек исі аңқыған құрғақ жусан, қоңырқай сұрғылт тартқан жұпыны жер, тыныстап тұрған жым-жырт дүние, нәзік тыныштық, рақат тыныштық, бұлыңғыр аспан, ай нұрына жарқыраған аппақ қар, дымқыл ауа, дымқыл қара қоңыр бұлт, қоңыр күңгірт сәуле, қуқыл қар, күңгірт мұнар, суық төңірек т.б. б) Қозғалыстағы (динамикалық күйдегі) табиғат құбылыстарын білдіретін эпитеттер: ағын су, жігер құйып құлшындыратын еспе леп, жұмсақ майда жел, ұйтқыған боран, ұйтқыған жел, ұлыған боран, шаңытқан боран, ызғарлы жел, ысқырған боран, ақ боран, ақ дүлей, ақ түнек, аласұрған ақ дүлей, ат құлағы көрінбейтін бозамық түнек, боз қырау, буалдыр тұман, бұрқыраған қарлы боран, гуілдеген боран, гулеген боран, долы толқын, жаяу боран, жаяу борасын, жұпар леп, қара бұйра шаң-түтін, қара дүлей, қатқыл боран, қоңыр жел, ойнақ салған есер жел, қою бұйра түтін, сұрапыл дауыл, нәзік самал, бұрқыраған ақшыл тозаң т.б Жазушы шығармаларында қолданылған эпитеттердің анықтауыштық сипатына қарай жеке-жеке дене мүшелерінің қатысы тұрғысынан жіктеп, олардың тіркесу жиілігін анықтауға болады. а) Адамның бет пішінін сипаттайтын эпитеттер: Көз: отты көз, адырақ көз, дөңгелек көз, дөңгеленген мөлдір қара көз, қара көз, көк көз, қоңыр көз, қуақы көз, күлім көз, мөлдіреген нұрлы көз, нұрлы көз, нұры сөніп бара жатқан көз, сығырайған ноқаттай қара көз, нұры өткір қара көз, шүйіріңкі көз, шүңірек шегір көз, шегір көз, тіке көз, дымқыл тартқан қара көз т.б. Жүз: ашық жүз, аққұба жүз, балғын аққұба жүз, әдемі қоңыр дөңгелек жүз, қара күрең майлы жүз, қара торы жүз, қасіретке толы жүз, кесек жүз, күрең жүз, әсем жүз, қоңырқай жүз, тотығып ашаң тартқан жүз, үлбіреген қызыл шырайлы ыстық жүз, міз бақпаған жүз, тотыққан жүз т.б. Өң: қызыл шырайлы жұқа өң, ақшыл сары нұрлы өң, ашық өң, жас өң, жұмсақ өң, қара торы өң, қатал өң, қызғылт тартқан жұқа өң, қызыл-күрең өң, тотығып қызыл күреңіткен аққұба өң т.б.

Рең: қатқыл рең, салқын рең т.б. Бет: ойнақшыған жылымшы бет, үлбіреген бет, шаң-топырақ айғыздаған қара- қошқыл бет, ыстық бет т.б. Ерін: аңқау ерін, жарылып кеткен қалың ерін, нәзік ерін, нәзік шымыр ерін, оймақтай әсем ерін, түріңкі ерін, ыстық ерін т.б. Мұрын: биік дөңес мұрын, тентек мұрын, қайқы тұмсық, орақ тұмсық, май мұрын т.б. Шаш: толқынды қара шаш, толқынды қоңыр шаш т.б. Мойын: жұмыр мойын т.б. Қабақ (қас): қатыңқы қабақ, қиғаш қалың қабақ, шикіл қабақ, қою қара қас т.б. Маңдай (шеке): дөң маңдай, тақыр шеке т.б. Ауыз: қисық ауыз т.б ә) Адамның дене пішінін, тұлғасын сипаттайтын эпитеттер Дене: алып дене, әдемі дене, қыбырлаған сұсты дене, сүйегі салбырап босап қалған дене, тершіген ыстық дене, шаршаған дене, босаңсып, ауырлаған дене, зор дене т.б. Тұлға: бейқам ірі тұлға, қорбаңдаған ірі тұлға, жұмыр тұлға, сұлу тұлға, берік тұлға, сұңғақ бойлы талдырмаш қыз т.б. Автордың сөз қолданыс ерекшелігінің бірі – адам портретін жасауға қатысатын эпитеттердің ішінде “көз”, “жүз”, “өң”, “ерін”, “дене” сөздерімен тіркесетін сөздерді көп қолдануы. б) Сұлулықты сипаттайтын эпитеттер: ойнақы ажар, әсем көрік, сұлу әйел, сұлу қыз, нәзік бейне т.б. Т.Әбдіков шығармаларында қолданылған адамның көңіл-күйін білдіретін эпитеттерді көтеріңкі көңіл-күй және қайғылы көңіл-күйді білдіретін эпитеттер деп жіктеуге болады. Мысалы: а) Көтеріңкі көңіл-күйді күйді білдіретін эпитеттер: ашық саф күлкі; ерекше көңіл; ерке күлкі; ерке наз; есепсіз бақыт; есепсіз қуаныш; жайдары ашық үн; жақсы көңіл; жұмсақ күлкі; жылы күлкі; жылымшы күлкі, көтеріңкі көңіл; көтеріңкі хал; қуақы ұшқын, назды мінез; ойнақшыған жылымшы бет, ойнақы ажар, ойнақы еркелік; ойнақы қимыл, ойнақы көңіл; ойнақы күлкі, ойнақы үн; ойнақы ұшқын, ойсыз қуаныш; ыстық қуаныш т.б. ә) Қайғылы күйді не жағымсыз іс-әрекетті білдіретін эпитеттер: ауыр қайғы; ауыр өкініш; ауыр ой; ауыр уайым; ащы қайғы; ащы күйік; ащы мысқыл; ащы ыза; денені түршіктірген сүйкімсіз әсер; денесін безгектей құрыстырған суық діріл; еңсені басқан зіл салмақ; еңсені басқан зіл; жалынышты пішін; жан қинаған күйзеліс; жан ұшырған айқай; жан шыдамас ащы азап; жиіркенішті, қорқынышты сезім; жиіркенішті әсер; жиренішті ащы сезім; жүдеу кескін; жүдеу көңіл; қасіретке толы жүз; қатқыл рең; қатыңқы қабақ; кежір ой; көнбісті, бұйығы, меңіреу хал; көңіл елегізітер мазасыздық; ойсыз, мең-зең хал; өрттей жалаған күйініш; салғырт жүріс; салқын рең; сұсты салмақтылық; ұсақ қайғы; ызалы мысқыл т.б. Қорыта келгенде, жазушы оқиға көрінісін ажарландырып көрсетуде сөз маржандары – эпитеттерді молынан пайдаланған.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.