К. Салықов поэзиясының көркемдік ерекшеліктері

Главная » Рефераттар » К. Салықов поэзиясының көркемдік ерекшеліктері

Қазақтың жыр керуені ХХІ ғасырға аяқ басты. Талай ғасырларды көктеп өткен қазақтың қара өлеңі еліміздің тағдыр-талайымен біте қайнасып жатыр. Бір қарасаң, қазақ жыры халқымыз өмірінің тасқа басылып қалдырылған көркем шежіресі іспеттес. Бір өзі қос ғасырдың жүгін қатар арқалаған, өзі өмір сүрген замананың қоңыраулы үні де, қоңыр сазы да бола білген ұлттық поэзиямыздағы сондай алып тұлғалы ақындарымыздың бірі əрі бірегейі – Кəкімбек Салықов.

Жастайынан жыр киесі қонған, əн тербеген Есіл-Көкше өңірінде Шал ақын, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты дүлдүлдер рухымен тыныстап өскен. Атақты Абылай хан ұрпақтары өрбіген, əлемге қазақ атын мəшһүр еткен біртуар Шоқан Уəлиханов туып-өскен сырлы-нұрлы Сырымбет тауының бөктерінде мектепті бітіріп шығады. Бүкіл ұлттың рухани әлемін дүр сілкіндірген, қаймағы бұзылмаған қазақи әдеби-мәдени ортада тәлім алған жас талант қолына алған қаламын бір сәт тастаған емес [1, 9 б. ]. 16 жасар Кәкімбектің:

Жөн таппай өзіңмен

.

Кезім жоқ көз ілген.

Бар дертім тарқайды

Бір ауыз сөзіңнен [2, 9 б.] – деген жыр жолдарынан күллі қазақтың ұлы ұстазы, данышпан Абай марқұмның сарыны көзге ұрып тұр. Əсілі қазақтың қалам ұстаған қай дарыны болса да Абай мектебінен сусындап, қанып ішіп барып, өлең айдынына өз желкенін шығарғанын арғы-бергі əдебиет тарихының өзі көрсетіп отыр. Кəкімбек ақын да дана Абайдан мол тағлым, зор лұғат алғаны оның тырнақалды туындыларының қай-қайсысынан да айқын сезіледі. Жас ақын классикалық орыс поэзиясынан да ерте сусындайды. Тек оқып, тоқып, ойға, бойға сіңіріп қана қоймайды, оларды өз сана сүзгісінен, жүрек көзінен өткізіп тəржімалауға құлаш ұрады. Бұл да жарықтық Абай қалдырған асыл үлгі [1, 10 б.].

Əрбір ақын – ең алдымен өзі туған, өскен ортаның төл перзенті. Кəмелет жасына енді толған жас ақынның бар шығармагерлік ғұмырбаяны оның өлеңдерінде жатыр.

Ауылдың ақын қарттарын,

Жалғауға жастар мол дайын.

Əн-күй мен домбыра баққаным,

Мен қалай ақын болмайын?! [2,  11 б.] – деп бар болғаны 17 жасында Сырымбетте жүріп-ақ өзінің ақындық жолға түсетінін айқын болжалдап, жігер отын жаниды, намыс нұрын қайрайды.

Туған өлке сұлулығын Кәкімбек оның аққуынан, жезкиігінен, ақ маралынан таниды. Бұлар – ол табынған сұлулықтың символдары, ақын бейнелеуінде, оны өмірге ғашық еткен, құштар қылған әсемдік көріністері. Осы сұлулықты, өмірдің әсемдігін сақтау – оның ақындық мұраты. «Аққу әні» өлеңінде су бетінде мұңлы сыңар аққудың сыңсып салған әніне «қамыс басы қамығып, су жылайды». Осы эпизодты көркем суретке айналдырған ақын:

Сырғиды аққу айдында, сырғымайды,

Жақын барып хал-жайын кім сұрайды.

Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,

Біреу ерте, біреу кеш, бір құлайды [2, 67 б.], − деп түйіндейді.

Бүкіл өмірінде сапарда болып, туған жер, өскен өлкенің қадірін ақын жүрегімен айрықша сезінген К. Салықов поэзиясының негізгі кредосының өзі жаныңды толқытпай, жүрегіңді тебірентпей қоймайды. Қаншама мол тер төгіп, талмай ізденіп, аса ыждағаттылықпен, қыруар еңбекқорлықпен жыр маржанын өмір теңізінен талмай терген ақынның тоқетер ойлары:

Толқып айтсам,

Толғанысты кезімді,

О, туған ел!

Сенсің билер сезімді!

Əкем үшін бір ісіңді тындырып,

Анам үшін жырлап өтем өзіңді! [2, 133 б.] – деп құйылып түседі. Өмірдің мəні де, ұрпақ жалғастығының берер ырыздық-несібесі де осы бір-ақ шумаққа сыйып тұр. Ақын шеберлігі деп  осыны айт!

Ақын Кәкімбекке жез қотарған Жезқазған өңірі, бабаларға ұран болған Ұлытау баурайы, толқынды Тоқырауын бойы, базарлы Балқаш көл жағасы да жат емес. Өзінің азамат болып, ақын болып қалыптасу кезеңдерінің куәсіне айналған осынау өлкеге өгейлігі жоқ ақынның [1, 10 б.]:

Кеңгір бойлап,

Ұлытауға ұл болған.

Мен жігітпін, жігітпін [2, 78 б. ], – деуіне әбден сенесіз. Бұл «жақсыда жаттық жоқтың» өтеуі үшін айтыла салған жеңіл пікір емес, оның астарында бүтін қазақ жерін, тұтас Қазақстанды өз елі, өзін сол ұлы елдің ұлымын деуге саяр салиқалы ой жатқандығын қадай айтқан жөн болар.

Өзіне ғана тән шеберлігімен дараланған, табиғат тақырыбында еркін, көсіле жырлап жүрген ақындардың бірі – К. Салықов. Ақынды «сөз кенінің инженері» деп атаған С. Мәуленов оның табиғат лирикасы туралы былай дейді: «Кәкімбек табиғат таңғажайыптарын алуан бояумен өрнектей алуға қауқары жететін суреткер қаламгер. Оның «Ұлытау», «Көкшетау», «Алатау», «Есіл» өлеңдері өзгелерді қайталамай өз көркімен сұлулық көрмесін көлденең тартады» [3, 23 б.].

Ақын шығармаларын оқыған адам бірде Москва орманын араласа, бірде Ыстықкөл маңын шарлайды, енді бірде Кавказдың әсем гүлзарына, Эльбрус тауына саяхат жасайды. Мысалы ақынның «Кавказдағы Қазақстан» өлеңінен үзінді:

… Түрлі мәрмәр босағасы сатысы,

Қара тас мәнерлі екен сәнісі.

Қарай қалсаң қазақшалай сөйлеп тұр,

Қиюласқан ою, өрнек жатысы.

Дөп-дөңгелек киіз үйден бассейн,

Дертке дауа іздетпейді басқа емін.

Көкше, Баян көп көлінің біріндей

Бір шомылсаң шегерер бір жас кейін.

Ақын өзге елде жүрсе де, сол елден туған жерінің әсем келбетін, ұлттық бояуын, өрнегін көреді. Мысалы, Кавказдың жасыл ауласын, әсем гүлзарын «текемет» деп тануы, түрлі тастардың мәнерлі сәні, ою-өрнектер жатысының қазақшалап сөйлеп тұрғандай көрінуі, бассейнді киіз үйге ұқсатуы, оның шипалы суын Көкше, Баян суларына теңеуі – бәрі ұлттық нақышқа сай лирикалық қаһарман көзімен суреттелген Кавказ жерінің көріністері. Лирикалық қаһарманның «Қажылыққа бара жатқан Құнанбай, // Айтар ма еді міне нағыз Мекке деп» деген ойы лирикалық қаһарманның сезімін, Кавказ жеріндегі тастардың әдемілігі, түрлілігі, қиюласу ерекшелігі де назардан тыс қалмаған. Босағасы мен сатысының өзі жай тастан емес, «түрлі мәрмәр» болуы да көп ойды аңғартады. Сол тәрізді Кавказ суының қасиеті «Дертке дауа іздетпейді басқа емін» тармағымен әсерлі берілген. Өлеңнен ақынның әр нәрсені шұқшия жырлай бермейтіндігі, тақырыпты ашуда тек негізгі деген суреттерге көңіл бөлгізуі және оны әсерлі жеткізе білуі К. Салықовтың талғампаз, әрі шебер ақын екендігін байқатады.

К. Салықовтың табиғат лирикасы түрлі жер көркемдігін ғана бейнелеуге арналмаған, ол жыл мезгілдері, табиғат құбылыстары т.б. тақырыптарды да қамтиды. Мәселен, күзді суреттегенде ақын ол туралы халық пайымдауларына, сан жылғы тұжырымдарына да сүйенеді.

Ақ қайың тұр ырғалмай.

Алтын шашы белден төмен төгіліп,

Ақ сары қыз қыздырынып тұрғандай.

Қызық екен,

Күздің сондай кей түрі.

Халық айтса болмас сөздің бейпілі:

Құрбылардай қырық жаста құлпырған

Осы екен ғой «бәйбіше күз» дейтіні.

Ақын қаламынан туған күз көрінісі өзгеше өрнек тапқан. Ол басқа ақын жырларындағы күз бейнелеріне тіпті ұқсамайды. Әдетте күз желді, жаңбырлы т.б. боп суреттелсе, К. Салықов күзді ашық, жайдары суреттеп, оған өзінше бояу дарытады. Ақын күз көркемдігін «әсер сары әсіре кербез» әйелмен салыстыра отырып, оны нақты, бейнелі суреттейді. Автор көрініс зейнеттілігін танытуда жандандыруға да жиі барады. Мәселен, қайың шашы, белі болуы, сол шашының өзі алтын, әрі белден төмен төгіліп тұруы және оны ақ сары қызға теңеуі келісті сурет елестетумен бірге әсерлі де. Күз келбетіне сүйсінген ақын оны сары әрі әсем болу ерекшелігіне қарап қырық жаста құлпырған құрбыларына балайды [1, 10 б.].

Кəкімбек ақын ата-анадан жастай жетім қалады. Ағайын-туыстың қамқор көңілімен ержетеді, ерте есейеді. Оның 1954 жылы жазылған “Ескі үй” деген антологиялық өлеңінде:

Өзі шаттық, өзі мұң,

Қасірет-қайғы шеккен үй,

Тірісінде көзінің,

Əкем салып кеткен үй.

Шат-шадыман көңілді,

Құтты үйлердің бірі еді.

Анам барда сол үйдің

Іші қандай нұр еді?! [2, 22 б.] − деп, ақын сол тағдыры, сол қайғысы, сол мұңымен  жүрегіңді дір еткізеді, ақынмен бірге жылайсың, бірге мұңаясың, бірге қайғырасың, бірге сағыныш сағымын кешесің.

Ақын Жұмағали Саинға арнаған бір өлеңінде:

..Қуанса ақын жас балаша күледі,

Жазаланса арыстандай бүреді.

Қысы қатты, жазы шуақ келетін,

Жер-анадай ақындардың жүрегі [2, 62 б.], – деп жазады. Ақын жүрегінің анықтамасындай шумақ. Ақын жүрегі қашан да сапарда ашылады. Қазақ ақынының жүрегі теңізге барады, теңіз толқындарындай тулайды.

Жазушы шығармалары тілін сөз еткенде, онда қолданылған метафоралар туралы сөз етпеуге болмайды. Одан шығарма тілінің көркемдігін, жазушының шеберлігін танытатын метафоралық қолданыстарды жиі кездестіреміз.

Ақын – қанат,

Көтерсе не биікке,

Кенші етегім

Жүрер жерге тиіп те [2, 131 б.], – дей отыра, ақын сөз ауыстыру арқылы өз бейнесін айқындап көрсетпекші болады. Немесе:

Жүрегім – шексіз дария,

Өлеңім – өшпес толқыны [2, 31 б.], – деп, ақын жүрегін ағып жатқан дарияға теңейді, яғни сол жүректен шығып жатқан жырлары ешқашан өшпей, тоқтамай әрдайым ақын жүрегінен ағыла беретіндігін айтады.

«Дала» атты толғауында мынандай ауыстырулар кездеседі:

Дала деген –

Анау дана Абайым.

Дала деген –

Шоқан, Қаныш ғалымдар.

Дала – Ақан!

Үкілі Ыбырай,

Біржандар,

Сал сері боп өнер шыңын құрғандар.

Дала – Мәди, Жаяу Мұса, Тәттімбет,

Өксіп жүріп өнер гүлін жұлғандар [4, 17 б.],  – деп ақын ірі тұлғаларды шексіз ұлан-ғайыр далаға теңейді. Олардың бойындағы ақылдылықтың, даналықтың, дарындылықтың шегі жоқ екенін, ешқашан үзілмей әрдайым жалғастықта болатынын ерекше айтып кеткен.

Ақын жырларында кездесетін құбылтудың келесі түрі – кейіптеу. Ол әр түрлі табиғат құбылыстарын, жансыз нәрселерді адам кейпіне келтіріп немесе қалайда жан бітіргендей етіп суреттейтін көркемдік тәсіл [3, 175 б.]. Қазіргі әдеби туындыларымызды да құбылта, құлпырта қолданылып келе жатқан әдемі тәсіл. Әр ақын өзіндік ерекшелігімен, өз мақамымен жырлайды. Әр ақынның сөз орамдары әр қилы болып келеді. К. Салықов «Жалғыз жұлдыз» атты өлеңінде:

Жұлдыздар кейде өзді-өзі сыбырласып,

Кейде ойнап көз қысысып жымыңдасып;

Бүйірден бірін-бірі оқыс түртіп,

Кейде азайды селдіреп жұбын ашып [2, 26 б.], − деп түнде шығатын жұлдыздардың аспанды безендіретітінін, айсыз, тыныштықта жатқан түнде жұлдыздардың жымыңдасып, сыбы

Толқындар көшсе жарысып,

Теңіздің бетін сөккедей.

Қаламын ләззат алысып,

Өзгені жаным сеп көрмей [2, 66 б.], – дей отыра, ақын теңіз тербелісінен пайда болатын толқындардың әр түрлі әрекетін көрсетеді. Яғни толқындардың жарысуын, шайқасуын тірі кісінің қылығымен ауыстыра суреттеген.

Эпитет жалпы көркем туындыларда сөздің мағыналылығын, әсерлілігін, суреттілігін күшейтуге қызмет етеді. Сондықтан да әрбір суреткер эпитетті поэзияның көркемдік шырайын арттырудың  тиімді құрал-тәсілінің бірі деп есептейді. К. Салықов  поэзиясының туындыларынан  көріктеу құралының небір үздік үлгілерін кездестіреміз. Мына бір өлең жолдарын қарасақ:

     Жас көктем, жасыл көктем, жанды көктем,

Махаббат қызығына болдың өктем [2, 12 б.].

                                           Қара бауыр күзгі бұлт,

Көл жағалай қаптады [2, 14 б.].

                                  Айлы аспан, асау өзен жағасында,

Ғажайып талай түндер өткен еді [2, 30 б.].

Туған жер, сүйем сұлу тауларыңды,

                                  Самал жел, жұпар ауа − бал-дәріңді [2, 42 б.].

Қалт етпей тау, су, орман бұйығып тұр

                                            Бұйра бұлт қия шыңға түйіліп тұр  [2, 71б.].

Табиғаттың, туған елдің ерекше сұлулығын көрсету мақсатымен бұйра бұлт, самал жел, асау өзен, айлы аспан, жұпара ауа секілді дәстүрлі эпитеттерді қолданған. Бұл өлең жолдарынан ақын жүрегін толқытып-толғантқан нәрсе – табиғаттың таңғажайып сұлулығы, осы табиғат көрінісінің адам жан сезімінің сұлулығымен ұштасатыны. Сондықтан өлеңнің әр сөзі, сурет-бейнесі де осыны аңғартады.

Эпитетке тән көркемдік, бейнелілік сол сипаттауыш сөз бен сипатталатын сөздің бірлігінен туады. Ақын «жүрек» деген сөзді бейнелі етіп көрсету үшін анықтайтын сөздерімен қатар пайдаланған.

                         Жас жүрек елжіреп,

Махаббат бой билеп [2, 9 б.].

Шыдатпай сұм жүрек,

Жан сырын білдірмек [2, 23 б.].

                         Тынымсыз жүрек,

Соғымпаз үдеп [2, 35 б.].

Қой десем де қоймайды,

                          Сорлы жүрек сондайды [2, 48 б.].

.

                          Мұз жүрек, соқыр көкірек болсам егер,

Сен менің маңдайыма сыймас едің [2, 68 б.].

Ойлаушы ек,

                          Салқын жүрек тұйық жан деп [2, 83 б.].

Жасай алмай бір шыдам,

                          Асау жүрек тулайды [2, 193 б.].

.

Жас, сұм, тынымсыз, сорлы, мұз, салқын, асау сын есімдері арқылы жүректің қасиеттерін, құбылмалылығын, тынымсыздығын айқындап көрсетеді.

К. Салықов поэзиясы өзіндік ерекшеліктері бар, тілі аса бай, суреттеу шеберлігі өзгеше, оқырман көңіліндегі сезім пернелерін қозғай алатын бірегей туындылар болып табылады. Қаламгер шығармалары тілінің тазалығымен, эстетикалық өзгешелігімен де тартымды. Кәкім­бек ақын – ел сенімін серік еткен, сол сенімнен шыға алып жүрген ірі талант иесі, бірегей бітімді көрнекті қалам қайраткері. 

Әдебиет:

  1. Жақып Б. Өлеңі Көкшетаудай көркем ақын // Солтүстік Қазақстан 22 мамыр, 2012. – 12 бет.
  2. Салықов К. Шығармалары. Т. 1. Кеншілік пен ақындық. Өлеңдер мен поэмалар. – Астана: Фолиант, 2009. – 432 бет.
  3. Оразханова М. И. К. Салықовтың табиғатты суреттеу шеберлігі // ҚазҰУ Хабаршысы №4, 2008. –23-26 бб.
  4. Салықов К. Мәңгі шырақ алауы: Өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 2007. – 416 бет.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.