Кеңестік Қазақстанда атеизм негіздерінің пайда болуы

Home » Рефераттар » Кеңестік Қазақстанда атеизм негіздерінің пайда болуы
Рефераттар Комментариев нет

1917 жылғы 2 революциядан кейін Қазақстан жерінде түбегейлі өзгерістердің орын алуы заңды құбылыс деп бағалауға болады. Бірінен кейін бірі орын алып жатқан «қилы заман» қазақ қоғамын шайқалтып ғана қоймай, саяси-əлеуметтік жəне рухани жағынан да түрлендірді. Өзінің мақаласында профессор Д.А. Аманжолова: «Қайтадан құрылған білім беру жүйесі мен тəрбие жүйесі арқылы Кеңестік Өкімет елдің көптеген халықтарына идеологиялық жағынан «кеңестік қағидаларын» кіргізуге тырысты. Ол қағидалар: коммунизмді құруда, партияға жəне атеизмге берілгендік…» – деп атап өтеді [1, 71 б.]. Бұл жерден көретініміз, қызылдар тек қана қазақтарды емес, түгелдей одақ халқын рухани, мəдени жағынан түрлендіруге ұмтылды. 1921 жылдан басталған Жана экономикалық саясат (ЖЭС) екі ауыр кезеңді жалғасырып тұрған «өтпелі» кезең болып бағаланады. Осы кезеңде түрлі декреттер мен заңдар қабылданды.

Француз тарихшысы, кеңестанушы Н. Верт өз еңбегінде ЖЭС жылдарында маңызды оқиғалар көп болмағанын, бірақ өзгерістер баяу жолмен жүргенін атап өтеді. Сонымен қатар, «Одақтық елдің славян емес халықтарына, оның ішінде мұсылмандарға 1925 жылдан бастап «худжума» кезеңі басталды деп жазды. Яғни, əртүрлі халықтарды бір арнаға тоғыстырып, олардың тарихын, мəдениетін жəне дінін түгелдейарғы тамырымен байланысын үзуге ұмтылды» – дейді автор [2, 109 б.]. Ал, 1922 жылы аштыққа байланысты шіркеулерден құнды заттардың барлығы тəркілене бастады. Өте көп мөлшерде діни қызметкерлер айдауға ұшырады. Осы кезеңнен бастап, Кеңес өкіметі «діни инквизицияны» бастады деуге болады. Өте көптеген мөлшерде діни ғибадат үйлері жабылды. 10 мыңдаған шіркеулер, мешіттер, синагогалардың орнына қоймалар, клубтар жəне астық сақтайтын қамбалар ашылды. Халықтың діни құқығы шектеле бастады. Осыған дəлел ретінде Арық-Балық ауданындағы Төменгі Бұрлық ауылындағы ғибадат үйінің жабылуы туралы Қаз ОАК жанындағы дін істері жөніндегі тұрақты комиссияның қаулысын беруге болады. Аудан милициясының төрағасы, Щербакова В.Н. басқарған комиссия құрамы ғибадат үйін жөндеуге кететін шығынды есептей келіп, 4960 рубль қажет деп тапты. Сол жөндеу уақытын сылтаурата келе, 28-і маусымнан 28-і тамызға дейінгі аралықта 2 ай ғана қысқа мерзім береді жəне құлшылық жасаушылардың санын аз деп хаттама толтырады. Осы жағдайға нарзылығын білдірген тұрғындар республикалық Орталық Атқару Комитетіне шағым білдірген. Мəселені қайтадан қарастырған тұрақты комиссия ғибадат үйіне керек емес жөндеу жұмысын қалдырып, құлшылық үйін мəдени жаққа қолданбау туралы шешімге келеді [3, 16 б.]. Бұл жағдай мыңдаған ғибадат үйлерінің ішіндегі аман қалған аз ғана бөлігінің бірі ғана.

Енді осы атеизм насихатын жүргізуге қатысқан тікелей тұлғалар туралы бірер сөз қозғап өтсем. Əрине дінсіз қоғам құруда ең маңызды рөл атқарған «қызыл империяның» негізін қалаған В.И. Ленинді айналып өте алмаймыз. Өзі туралы ақпар беретін барлық сауалнама беттерінде Ленин 16 жасымнан атеист болдым деп көрсеткен [4, 435 б.]. Владимир Ильичтің қалай құдайдан бет бұрғанын, мойнынан крестті жұлып тастап жерге лақтырғанын кейінгі кездегі кеңестік идеологтар өте əсерлі жəне тұшымды етіп көрсетеді. Біз білетіндей тарихты жасайтын тұлғалар болса, 1920 жылдардағы Қазақстаннның тарихына тікелей əсер еткен осы Ленин болатын. Бала күнінде алған психологиялық күйзелісі кейінгі кезде зор бір мемлекеттің тағдырын өзгеріске ұшыратты. 1918 жылдың 20 қаңтарында Ленин «ар-ождан бостандығы туралы декретіне» қол қойды. Бұл декрет бойынша дін бостандығы емес, Лениннің пайымдауынша, керісінше «діннен еркіндікті» қамтамасыз етті. Мектеп, медреселерде діни білім алу мүмкін болмады, азаматтық некелер тіркеле басталды, шіркеу мүлкі халықтың қазынасы деп жарияланды. 1918 жылдың қазанынан бастап Кеңестік Ресейде православиелік аса құрметті тұлғалардың мүрдесін қазып алу үрдісі басталды. Большевиктердің бұл əдісі: «көріңдер діндарлар, сендердің құрметтеп жүрген тұлғаларың баяғыда шіріп кеткен» — деп мазаққа айландыру сияқты. Осыған байланысты кинофильмдер түсірілді. Ленинге осындай бір фильмдердің біреуін көрсеткенде оған ұнаған. Ол өз сөзінде: «ешқандай кемсіту керек емес, тек дұрыс , ғылыми тəсілмен жеткізу қажет жəне жүз мыңдаған халықтың қандай қасиеттілеріне табынып жүргенін көрсету қажет» -деп түсіндірді. Ленин түрлі əдістер арқылы халықтың түпкі санасын өзгертуге арналған əрекеттерге барды.

Ал Қазақстан жерінде əрекет жасаған ресми өкілетті органдардың тұлғаларымен таныстырумыз керек. 1920 жылдардың аяғында құрылған ҚазОАК жанындағы дін істері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Килеев жəне оның көмекшісі Забарытько сияқты адамдарды тануымыз қажет. Алғашында өкілетті ұйымның бөлімшелері қауіпті деген 3 облыста қызмет атқарған. Олар: Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары. Кейіннен басқада аймақтарда ашылғанын құжаттар арқылы білуге болады. Түрлі құжаттарға қол қойып, қисынсыз қаулылар қабылдаған адамдарды тарихқа енгізу міндетіміз деп санаймын. Cонымен қатар, 1930 жылдардың ортасынан жұмыс жасай бастаған Жауынгер құдайсыздар қауымдастығы (СВБ) туралы айта кету керек. Қазқстандағы бөлімшесін бақарған Шустров мырза болған. Осы СВБ қоғамдық жұмыстар жүргізу арқылы, яғни лекциялар, түсіндірмелі əңгімелерін көптеп өткізіп халықты өздеріне жақындатты. Енді 1938 жылғы СВБ-ң жоспарына назар салсақ. КСРО-ң Жоғарғы Кеңесіне өткен сайлау көрсеткендей, СВБ өз жұмысын төмен деңгейде жүргізген. Республиканың бірнеше аудандарында поптар, молдалар, əртүрлі секта өкілдері революцияға қарсы агитация жүргізген деп көрсетеді. Аудандық комитеттер СВБ-ң жұмысына мүлдем көмектеспейді. Сондықтан мынадай міндеттемелер бергенін көреміз: 1. Сайлау учаскелерінде дінге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру. 2. Ең мықты үгіт-насихатшыларды жинап, олардың тақырыбын бекітіп, əр күндерге бөліп қоғамдық ұйымдарда дінге қарсы лекциялар жасау. 3. Клубтарда, қызыл бұрыштарда, мектептерде, насихаттау пунктерінде құдайсыздар бұрышын құру. Ол жерлерде тақырыпқа байланысты көркемдегіш құралдарын қолдану қажет. Əсіресе, «Безбожник», «Спутник Агитатора» журналдарын қолдану жəне драмалық үйірмелерінде түрлі қойылымдар дайындалуы тиіс. 4. Парткабинеттер жанында 3 күндік семинарлар ұйымдастыру. 5. барлық жұмыс күшін қоғамдық жұмыстарға бағыттау, СВБ мүшелері мен бөлімшелерін көбейту. 6. КазТУ, Пединститут сияқты ЖОО дінге қарсы семинарлар ұйымдастыру. Бірінші кезекте семнарларды қазақтарға жəне басқа ұлттарға ұйымдастыру қажет [5, 72 б.]

Осы жопарларға талдау жасау арқылы, Кеңес Өкіметі бірінші кезекте ақпараттық құралдарын, ағартушылық орындарын қолдана отыра жұмысшы табын атеизм құрмауына тартып отырған. Сонымен қатар, тұрғылықты халықты қазақтарды алдыңғы лекпен улады. Мұрағат деректеріне сүйене қарасақ, атеизм насихаты жүйелі түрде жасалған бағдарлама арқылы, оның ішінде лекция қанша уақытқа созылуы қажет? Қандай адамдар жүргізуі керек? Қанша ақша жұмсалады? — деген сияқты сұрақтарды қарастырған. Жалпы атеизмді коммунистер жаңа дін ретінде біздің халыққа алып кеп ұсынды. Атеизмнің өзін жаңа дін ретінде жүйеленген жоспар арқылы бір кезеңнен екінші кезеңге ауыстырып отырды. Атеизм насихатын жүргізуі туралы қазақ зиялыларының өлеңдерінде кездеседі. С. Сейфуллин, Б. Майлин, М. Дулатұлының еңбектерінен оқып білуге болады. Мəселені түйіндей келе, осынау бір тұтастай кезең қазақ халқының бір дəуірден екінші заманға ауысуын сипаттайтын «өліара», «қиын-қыстау» заман болды. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дəстүрі мен діни сенімін жоққа шығару басталды. Бүтіндей бір халықтардың діні мен ділі бұзылды.Ұлттық саясатта хабары жоқ, білімсіз адамдардың басқарма ісінде болуы халықты күйзеліске ұшыратты. Жалған ұрандармен діннің орнын алмастырмақ болған «қызыл өкімет» өз дегеніне жетті деуге болады. Коммунистер түрлі əдіс-тəсілдер арқылы алдау, бірді-бірге қарсы қою халықты езгіге түсіргені анық. Алғашында ел ішінде жүргізілген атеизм насихаты, кейін келе ғылыми атеизмге ұласып, қазақ халқын ұлттық сипаттардан айырды. Осы бір кезеңде, құдайсыз қоғамда бірнеше ұрпақ тəрбиеленіп шыққанын білеміз. Сол ұрпақтың бүгінгі таңда талай ұлтына қарсы кереғар əрекеттер жасап жүргенін көре тұра, біз қазақ халқы, текті ата-бабалрымыздың жолына түсіп, келешекте мəңгілік ел атануға маңызды қадамдар жасауымыз қажет.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.