Ә. Кекілбаев және мемлекеттік тіл мәселесі

Главная » Рефераттар » Ә. Кекілбаев және мемлекеттік тіл мәселесі

Қазақ халқының дарынды ұлдарының бірі Әбіш Кекілбай туралы сөз болғанда оның «Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, Қазақстанның халық жазушысы, қарымды қаламгер, публицист, саясаткер, философ, этнограф, энциклопедист т.б. [1.3]» секілді толып жатқан атақтарын ойға аламыз. Бойына туа біткен асыл қасиет пен ой әлемінің терең түкпірінде, сол қасиетті дарытқан туған жұртының алдындағы қарыз бен парызды ақтау сезімі болмаса, ондай биікке тұлға ретінде көтерілуі екіталай еді. Өкінішке қарай бізде атақ алған «қоғамның және мемлекеттің талай қайраткері» бар, шын мәнінде өзі өмір сүріп отырған қоғамының қатардағы азаматтары ретінде ғана бағалауға болады, сонымен қатар осы атағын елжандылық қасиеттері көркемдеп тұрған нағыз қайтаркерлер бар. Әбіш ағаны біз соңғылардың қатарына жатқызар едік. Басқасын айтпағанда, туған тілдің тағдырына байланысты еңбектерінен ғана осы бағыттағы салиқалы ұстанымдарын көруге болады. Тіл мен тәуелсіздік деген ұғымдарды қатар қояды. Тәуелсіздік деген ұғымның уақыт өткен сайын мәні тереңдеп, ішкі болмысы ашылып келеді. Алғашында тәуелсіздік алсақ бәрі өзінен-өзі шешіле қалатындай көрінгенмен, уақыт өте бодандық тұсында тұмшаланған жанарымыз ашылып, көп дүниенің сырларына қаныға бастадық. Тәуелсіздік ең бірінші адамға керек асыл құндылық болғандықтан, оның табиғаты да адамдікімен тамырлас екен. Оның сыртқы формасы біреу болғанмен, іштей  саяси тәуелсіздік және рухани тәуелсіздік болып екіге бөлінеді екен. Ғасырлар бойғы бодандықта сансыраған сана қайта есін жиып, өзіне өзі келгенше міне талай жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар ішінде туған тілді, ұлттық салтымыз бен мәдениетімізді жандандыруға арналған талай-талай іс-шараларды атқарып келеміз, алайда «Оның осы іс-шаралар ауқымынан ары қарай асып, ары қарай қанат жая алмай дағдара беруінің себептері неде?» – деген сауалдың жауабын әлі де болса толық тұжырымдай алмай жүрген сыңайымыз бар. Осы бір осал тұсымызды толықтырудың сан тараулы жолы Ә. Кекілбай еңбектерінде көрініс берді: бодандықта қалған елдердің тағдырынан ой түйіп, кешегі өткен Алаш арыстарының ұлт туралы толғаныстарын, жанкешті ерліктерін зерделей отырып, алдағы күннің бағытына Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» – деген «ұрымтал да, ұғымтал» ұран сөзін темірқазық етіп ұсынады. Сөйтіп, «…даму дегеніміздің өзі де бағзы бабаларымыздың сөйлеу арқылы қалған тіршілік иелерінен ірге ажыратып, көш бойы ілгері озып кеткендігінен өрбіген ғой. Ендеше тіл туралы ойлану – бәрі туралы ойлану. Тіл келешегін ескеру – артымызда қалған мен алдымызда тұрғанның бәрін де еске алу деген сөз» – деп, тұжырымдайды ойын. Бұл тұжырым сан тараулы соқпақтың кіріспесі іспетті. Әр сөзінің астарында жатқан алтынға бергісіз ойларды аршып отырмай-ақ, көрер көзге бадырайып көрініп тұрған мәселелерге тоқталалық.

Шындығында тіл өткен тарихтың жаршысы (жар салу, хабарлау деген мағынады) – өткен өміріміздің тәжірибесі мен тағылымы туған тілде сақталған. Адам туған тілі арқылы ата-бабасынан қалған аманатпен табысады, қандастарымен туыстығын сезінеді. Туған тілде сөйлеу арқылы ұлттық болмысымен  қауышады, генофондар арқылы берілетін ақпараттармен сусындайды, өзін-өзі таниды, өзін-өзі жақсы көру қабілетіне ие болады – жетістігіне мақтанады, кемшілігі үшін намыстанады, сөйтіп елшілдік көзқарасы қалыптасады. Ал ана тілінен білмей жатып шеттеліп, уызына жарымаған бала мұндай қабілеттен ада. Өзгелерше ойлайды, ішкі әлемі — жүрегі бастапқы қалыбын (алғаш шыққан тілі арқылы қабылдаған дүниетанымы) аңсап, «тауға қарап ұлып» тұрса, өгей көрінетін өзінікіне исінуі оңай болмайтыны анық. Ұлт тағдырына өзінің жеке басына қатысы жоқ, бөтен мәселе ретінде қарайды. Ұлт өкілдерінің бойынан жетістік көрсе оның бастауын өзгелерден іздейді, солардан үйрену арқылы жетті деген тұжырым жасап, кемшілік көрсе тыжырынып, менсінбей оны жабайылыққа балайды. Туған жұртының қолы жетпей жатқан жеріне жалғау бола алмайды, жетістігіне ортақтаса алмайды. Мұндай дарындар ұлт перзенті емес, бар болғаны қоғам азаматы ғана – «қайраткерлік» дәрежеге көтерілсе де, сол деңгейінде қалады. «Рухани мүгедек» деген тіркес еріксіз ойға оралады – қолдан жасалған. Туған сәтінен бастап, мемлекеттік биікке көтерілгенге дейінгі аралықта елім деп емірену, туған жерін жақсы көру, соған өмірін арнау махаббатынан айырудан үлкен қатігездік бар ма екен?! Ұлы Абай «Махабатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» – демейтін бе еді. Әбіш Кекілбайдың «…тіл туралы ойлану – бәрі туралы ойлану» – деген сөзінің бір астары осында болса керек. Осыдан өрбіген ой сорабы ілгеріде айтып өткеніміздей саяси тәуелсіздік пен рухани тәуелсіздік мәселелеріне алып келеді.

Тәуелсіз ел ретінде Конституциямызбен бекітіп, «Тіл туралы Заң» қабылдап, неше бағдарлама жасап тастағанымызбен мемлекттік тілдің әлікүнге өз мәртебесіне сай биікке көтеріле алмау себептері Әбіш Кекілбайдың еңбектерінде жан-жақты ашылады: кедергінің басы тілдік санасы кешегі бодан заманда қалыптасқан кертартпалардың самарқаулығымен және ұлттық нигилизммен байланысып жатқанын айтады. «… ана тіліміздің ат жалын тартып мініп, арындап ала жөнеле алмай жатқандығы – … ең бастысы, тоталитаризм мен отаршылдық психологиясына әбден бауыр басып, ғасырлар бойы салпақтаған соқпақтан шыққысы келмейтін ұлттық нигилизмнен әлі арыла алмай жатқандығымыз еді. Елінің де, тілінің де болашағына онша сене қоймайтын, сырттай қарағанда жаңалыққа бас шұлғып тұрғандай көрінгенмен, көкейінде бойы үйренген баяғысына көбірек мойын бұрып тұратын солақай сананың солқылдақтығынан еді… Тіліміздің жұтаңдығынан емес, өзіміздің кісілік жұтаңдығымыздан еді» – деп тұжырымдайды.

Туған тілдің дами алмай отырғандығының тағы бір себебі қанымызға біткен бойкүйездіктен арыла алмай келе жатқандығымыз, «Заңды шығарып, бағдарламаны да жасап, мекемелерді ашып, сықитып қойдық. Ал орындауға келгенде бәз баяғыдай «ісімізден тіліміз жүйрік». Не халық көшеге шығып, көкірек жыртып шулағанша, не бастық төбемізді тесердей тоқпақтағанша, мыңқ етпейміз. Неге? Істеу түгілі ойлануға ерінеміз. Аталарымыздың дымын құртқан атам заманғы дайын сүрлеуге жүгінеміз…» – деп атап көрсетеді.       Ащы сын, ащы болса да шындық. Жауырды жаба тоқымай, кеселді жерімізді дәл айқындап, шындықты айта алу де кез-келгеннің қолынан келе бермейтін ерлікке бергісіз іс. Шындықты айтып шырылдағанмен, қиыннан қиыстырып жол таба алмайтындардың байбаламшылардан айырмашылығы шамалы – бізге ұлы Абай айтатын «ердің данасы» керек. Бұл тұрғыдан Әбіш Кекілбайдың өзіндік ұсынары бар: «Орыспен орыстай болып сіңісіп кету» – біздегі білімділіктің бірден-бір критериі болды. Бұл арқылы жекелеген адамдар өскенімен, ұлт өспейтіні белгілі. Ұлт тек ұлттық даму арқылы өсері аян. Ол үшін ана тілінде білім алу толығымен жүзеге асуы керек еді. Қазақ тілінің барлық мамандықтар бойынша үздіксіз білім алудың жүйелі құралына айнала алмай, көп ретте мектеп ауқымымен шектеліп, жартылай жолы кесіліп қалып отырғаны жасырын емес… қазіргі тиісті орындар Ата Заң мен соған сәйкес қабылданған тіл заңы шыққаннан бері әлі ұғына алмай келеді. Әйтпесе, тіл туралы заңды жүзеге асыруды әуелі білім беруден бастауымыз керек еді ғой… Ғалымдарымыздың ең таңдаулыларына оқулық жаздырып, олардың қолынан келмеген жерде,  әлемдік оқулықтардың ең жақсыларын ең мықты деген аудармашыларымызға аудартқан дұрыс». Мәселенің түйінді тұсы осы жерде екені шындық. Алайда ұйымдастырылуы жағына келгенде талай кемшілікке жол беріп, соның былығынан шыға алмай жүргеніміз де жасырын емес. Тілге бөлінген қаражаттың есебін беру міндет шығар, алайда нақты нәтиже талап етілмей, тек атқарылған іс-шаралардың саны негізге алынатын болғандықтан, сол есебіміз тілдің маңдайына сор болып отырғаны қазір жасырын емес. Құныққанымыз соншалық, осыдан біразырақ бұрын «тіл жанашырларының бірегейі» деп жүрген бір көкеміз «сұрауы жоқ» деп ойласа керек, қомақты қаржыны қайда жібергені туралы есеп беретіні есінен шығып кетіпті, уақыты жетіп сол «есебі түскірді» беретін кезде бере алмай, ақыры шетел асып қашып кетті. Өткенге салауат айтып үйренген басымыз – «қол бұлғап» қала бердік. Сол қаржы аз ғана айлығымен қай жоғын түгендерін білмей, дағдарып жүрген ұстаз-мамандарға берілсе, өз орынын тапқан болар еді, әсіресе жоғары оқу орындарының қазақ топтарында оқитын студенттердің кәсіби тілі қазақша шығуына үлес боп қосылып, қазақ тілінде дәріс оқитын оқытушы-ғалымдар саны артар еді, сонымен қатар көптеген оқулықтар жазылып, әр саланың ғылыми тілі қалыптасып үлгерген болар еді. Қазақ тіліндегі оқулықтар мен оның сапасының төмендігі студенттердің ұлттық психологиясына да кері әсерін тигізері анық. Өз тілінің осал тұстарын көру алғашқыда намысына тиюі мүмкін, кейін еті үйрене келе оның «нашар, сорлылығын» мойындауына тура келеді. Ондай бала туған тілімен қалай мақтана алсын…

Мемлекеттік тілді дамытудың алдында тұрған міндеттер алғашында осылай дұрыс айқындалса, қазір қол жеткізе алмай отырған көптеген кемшіліктеріміздің орны табиғи жолмен толыққан болар еді. Әбіш Кекілбай осындай үлкен – тоқсан ауыз сөздің аясына симайтын мәселенің ілгерідегідей түйінін тұжырымды етіп айқындап береді.

Әбіш Кекілбай қай бағытқа қарап қалам тербесе де, оның тұңғиық ойлары мен телегей білімі көрініп тұрады. Тіл туралы толғаныстарында, ілгеріде атап өткеніміздей, туған тіл тағдырын дүниежүзіндегі өзге тілдердің  тағдырымен салыстырып отырады. Халқымыздың өткені мен бүгінгі тарихы, тілдің әлеуеті, табиғи даму ерекшеліктері мен дамытудың тиімді жолдары, бұл жердегі психологиялық  ахуалдың орны секілді мәселелер кең тынысты бай тілімен тамаша баяндалады. Мына жолдардан, тіл туралы тұшымды ақпарат алуға болады: «Мангейм университетінің профессоры Э. Янның деректерінше, осыдан 150 жыл бұрын жер бетінде 15 мың тіл болыпты. Одан қазір 8 мыңдайы қалыпты. Оның жүздейі мемлекеттік тіл статусын алыпты. ЮНЕСКО сарапшысы Анна Лилованның деректерінше, дүние жүзінде бүгін 2796 тіл, 8000 диалект бар. Соған қарамастан, планета тұрғындарының үштен екісі 27 тілде ғана сөйлейтін көрінеді». Қандай ой айтса да, оған ғылыми зерттеулерді арқау етіп, өзінің ой елегінен өткізіп барып нанымды сөйлеу өзін сыйлайтын, білімді азаматтарға тән қасиет болса керек. Ілгеріде атап өткеніміздей атақ-дәрежелер елін сүйген осындай тұлғаларға ғана лайық.

Жаратушы иеміз мыңнан бір туатын дарынды дүниеге әкелгенде, елінің бақ-берекесі болсын, көшін алға сүйресін деген ниетте болады екен. Алайда, маңдайына біткен сол бақты бағалау, аялы алақанға салып баптап, болашақтың игілігіне пайдалану мүмкіндігі де, кеудесінен итеріп жатбауыр, өзекке теуіп қатігез ету, сөйтіп өз сорына айналдыру еркі де елдің өз қолына беріледі екен. Құлсүйгіш Алла қазақ халқын ол жағынан кенде қылмаған секілді – тарихта оза шауып бәйге алған ұландарымыз аз болған жоқ, ал сол дарынды қаншалықты қадірлеп, баптай алғанымыздың бағасы туралы ойланатын уақыт жетті. Алайда бізде бұл мәселеде алдағы күндердердің  үлесіне қалып жатқан жүк аз емес, сондықтан ел ардақтаған Ә. Кекілбай сынды тұлғалардың мерейлі тойына арналған жиында осы тұстағы кемшілімізді түгендеу туралы да ойланғанымыз абзал секілді. Арғы жағына бармай-ақ, кешегі «Алаш» арыстарының ұлтқа еткен еңбегін, артына қалдырған тағылымы мен өсиетін өз дәрежесінде дәріптей алып жүрміз бе? Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде ел болашағы туралы қадау-қадау ойлар айтып, ерен еңбегімен көрінген ерлердің еңбегі ой талқысына салынды ма? Әбіш ағаның ел алдында атқарған ұшан теңіз еңбегіне, шығармаларына көз салғанда басымызға еріксіз осындай ойлар оралады. Өйткені онда тарих та, тіл де, дәстүр де т.б. санай берсең толып жатқан ұлтқа қатысты керектің барлығы қамтылған – түгел дүниені көресің. «Бізге осы не жетпейді?» — деген сауалдың жауабын іздегенде Әбіш ағаның еңбектеріне көз салсаңыз көп дүниеге қанығасыз: өткенді саралау, бағалау, тағылымынан үйрену, зарарынан қашық болу, бүгінімізді белсендіру мен ертеңімізді гүлдендіру мәселесіне өзі көтерілген қоғам және мемлекет қайраткері биігінен үн қатады. Мемлекеттік тіл туралы тоғаныстары мен ұсыныстарындағы ойлардың астарынан қазіргі тіл білімінде қаралып, өзекті деп жүрген этно, экстарлингвистикалық мәселелерге қатысты дүниелерді молынан кездестіруге болады. Алдағы күнде алдымызда не тосып тұрғаны бір ғана мына әлемді Жаратушы құдіретке белгілі, егер «әркім өз пиғылынан табады» — деген қағиданы басшылыққа алар болсақ, жаратушы Алла да «сақтанғанды сақтайды». Ә. Кекілбайтың тілге қатысты зерттеулерінің түйінінен де осы сарын аңғарылады. Мұнда тілінен де, ұлттығынан да, елдігінен де жұрдай болған халықтардың тағдыры мен әлемдегі айдарынан жел есіп тұрған империялардың саясатында ерекшеліктер, түсінікті тілмен, жан-жақты баяндалады. Оқып отырып, ойға қаласың, көңіліңде күдік пен үміт арбасқандай күй кешесің. Алла тағаланың алдындағы иманды пенденің күйі – тозақ туралы күдігі қамшылап, жұмақ туралы үміті жетелеп алға қарай ұмтылады. Бүгінгі сауабымнан ертеңгім күштірек болса екен деп, жақсылық жасауға ұмтылады. Ойлы жанға Ә. Кекілбай еңбектерінің берер тағылымы да осындай – туған тілдің тағдыры сынға түскен қазіргі заманда да, тіпті болашақта да, тілдің тынысы тарылмау үшін бір сәтке тыным алып жайбарақаттыққа салынуға болмайды. Бұл ұлт ретінде сақталудың ең басты шарты.

Әдебиет

Кекілбай Ә. Тіл және тәуелсіздік. Астана: Ер-Дәулет, 2007. – 296 бет.

Автор: Б. ДОСЖАНОВ, қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.