Кенесары хан өмірбаяны

Главная » Рефераттар » Кенесары хан өмірбаяны

kenesary0699Халқымыздың ауыз әдебиетінде аты аңызға айналған Кенесары хан Қасымов (1802-1847 ж.ж.) өмірі мен қыршын киылған тағдыры туралы аңыз-жырлар молынан кездеседі. Халқымыз өзінің өмірге деген көзқарасын, әлем танудағы түйсік-түсінігін, пәлсапасын, таңым көзін ата-бабадан мұра болыл қалған кең байтақ даласының еркіндігімен, бостандық пен азаттық жолындағы мәңгілік күресімен тікелей байланыста қарастырады. Сондықтан да қазақтар үшін ең бастысы — еркіндік пен бостандық. Сондықтан да өз өмірін осы жолға арнап, ел еркіңдігі үшін өмірін қиған Кенесары есімі ел есінде ар-намыстың, ерліктің, қаһармандықтың белгісіндей, хас батырлықтың белгісіндей мәңгі сақталмақ.
Кенесары 1802 жылы Көкше жерінде, хас сұлулық белгісіндей Бурабай қойнауында өмірге келді. Оның шыққан тегі хан тұқымы, атақты Абылай ханның немересі, ерлігі мен батырлығы аңызға айналған сұлтан Қасым баласы. Кенесарының балалық шағынан хабардар етер жазба дерек көзі жоқ. Ол да басқа хан балалары сияқты жасынан оқып, хат таныған, түрік және араб тілдеріне үйренген, көзі ашық, бірнеше шет тілдерді білген, әр түрлі қаруды жіті меңгерген, елшілік пен ел басқару сырларына қаныққан, әскери дайындығы мол азамат болып қалыптасса керек. Қайткен күнде де бізге жеткен деректерде оның арабша жаза да, оқи да білгендігі, сондай-ақ, өзбекше, татарша біліп, орысша да еркін сөйлей алатындығы, асқан мергендігі мен шебер атбегілігі, қылышты қолында ойнататындығы көрсетілген.
Оның табиғатынан ерекше дарынды, батыл, ержүрек, тәуекелшіл, кең парасат иесі, мемлекет басқару дәрежесіндегі ақыл-ой салмақтай алатын адам болғандығын замандастарының барлығы да сүйсіне еске алады. Оның саяси ой-өрісінің қалыптасуына дана да ақылгөй Абылай хан немересі болғандығы үлкен әсерін тигізді. Анасының сүтімен өз атасының ұлы істерін біліп-таныды. Әсіресе, жас сұлтанға Абылай ханның халық бірлігін сақтап, бар өмірін халқының азаттығы жолына сарп еткендігі ерекше әсер етті. Ол атасымен мақтанатын да, атасының ізін жалғастырып, оның бір игі істерінің заңды мұрагері болатынын ерекше мақтанышпен айта жүретін.
kenesary-kasymovСондай-ақ, Кенесарының ой-өрісінің қалыптасуына әкесі Қасымның да ықпалы мол болды. Өзінің бар өмірін Абылай ханның игі істерін жүзеге асырып, ізін жалғастыруға жұмсаған әке үлгісі де жас батырға өнеге еді. Ол сұлтандар арасында бірінші болып, патшаның отарлау саясатына қарсы болып, нақты іс-қимылға көшті. Бір ресми құжатта патшаның отарлау саясатына қарсылық көрсетушілер тізімі берілген. Сонда: «Бізге қарсылық көрсетушілер негізінен өз басшысы Қасым Абылайханов шаңырағының төңірегіне топтасқан» делінеді. Расында да отарлаушылыққа қарсы қозғалысқа Кенесарының барлық аға-інілері, қарындасы, жиендері мен оның өз балалары тегіс қатысты. Кенесарының өз басы саяси күреске тым ерте, бозбала шағынан-ақ араласты. Оның Саржан бастаған қарулы көтеріліске қатысуы туралы 1825 жылдың өзінде-ақ белгілі болды. Саржан өлгеннен кейін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына Кенесары басшылық етті. Қысқаша ғана XIX ғасырдың 20-40 жылдарында болған ұлт-азаттық қозғалыстың алғышарты мен себептеріне тоқталалық.
Ресейде басталған экономикалық реформалар өндірісті онан әрі жедел дамытып, ел билеушілерін өнімді сыртқа шығару жолын Азиядан іздеуге мәжбүр етті, өйткені Европа елдерімен бәсекеге шығу әлі мүмкін емес еді Орыс саясаткерлерінің империялық құлқыны өте зор еді, олар қазақ даласын өктей өтіп, Хиуа мен Бұхараны басып алып, одан әрі табиғи шекара — Үнді мұхитына дейін жетуді армандады. Олардың бұл тойымсыз аш көздігі Орта Азия мен Таяу Шығысқа ықпал ету үшін ұзақ жылдарға созылған Ресей-ағылшын бәсекелестігін туғызды. Осыған байланысты Ресей өзінің Қазақстанды жаулап алып отарлау саясатын жандандыра түсті, аса қарқынды жүргізді.
1781 жылы Абылай хан өлгеннен кейін патша үкіметі хан билігін әлсіретуге шын мәнінде хандық билікті жоюға кірісті. Осы мақсатпен өзіне бағынышты Кіші жүз бен Орта жүзді төрт хандыққа бөлшектеді. Мұның өзі билеушілердің ежелгі тәсілі: «бөліп ал да билей берге» көшкені еді. Мол ақыл иесі Кенесары ымыраға келуді көздеп, Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаковқа келіссөзге шақырған бірнеше хат жолдайды. Алайда ол хаттарға еш жауап қайтарылмайды. Кейіннен, Орынбор шекара комиссиясының бастығы Г. Генске жазған хатында қарулы отрядтар мен сұлтандар қосындарының бейбіт ауылдарға жасаған шексіз зорлықтарын ашып көрсеткен. Ол: «Көптеген отряд бастықтары мен билеуші сұлтан Жұмантай Бөкеев сияктылар және тонаушы майорлар еш жазықсыз көптеген ауылдардың тас-талқанын шығарды. 1825 жылдан 1840 жылға дейінгі аралықта біздің ауылдарға 15 рет тонаушылық жорық ұйымдастырды. Сондықтан да, біз қазақтар, мұндай қысым мен тонауға төзе алмай бетіміз ауған жаққа көшуге мәжбүр болдық. Алайда олар бұл жерлерде де бізге тыныштық көрсетпеді. Сондықтан да, мен — Кенесары Қасымов, қарулануға мәжбүр болдым да ұлы көтеріліс бастадым» (4). Өз ісін ол солтүстіктен, патшаның өзіне бағыштаған жерлерден бастауды жөн деп тапты.
Мұның өзіндік көптеген себептері де бар болатын. Ең бастысы — халық солтүстіктен келер қауіпке әбден даяр еді де, себебі олардың көбі нақ сол жерлерден қуып шығарылғанда басқыншылар өздерін емін-еркін жағдайда сезініп, сатқын байлар мен сұлтандар патша шенеуніктерімен ауыз жаласып, серуен құрып, масайрасқанды.
Бұл арада Кенесары «Ресейдің жауы болды» деген тұжырымның еш негізсіздігіне ерекше көңіл аудара кеткен жөн. Өзінің ақ патшаға және генерал-губернаторларға жазған хаттарында «өзінің орыс халқына қарсы еместігін, Ресеймен соғыспайтындығын» ашық көрсеткен ол, өлкенің бұрынғыдай өзін-өзі басқаруын қалпына келтіріп, қазақ жерлерін тартып алуға және бекіністер салуға қарсы екенін, сондай-ақ, жазалаушы отрядтардың жасап жүрген аюуандығына, қазақ отрядтарының қазақтарға қысым жасауды күшейту мақсатында жасап жүрген тіміскілік әрекеттеріне қарсы екендігін атап көрсетіп жазған болатын. Яғни, Кенесары патша үкіметінің отарлау экспансиясына, зорлық-зомбылығына қарсылық көрсеткен еді. Кенесарының өз отанын отарлық құлдығынан құтқару үшін ашқан соғысы 1837 жылы Петропавлдан Ташкентке беттеген керуенді қорғаушы хорунжий Рыкин отрядына шабуылдан басталды. Ұрыс барысында хорунжий Рыкиннің өзі және үш урядник қаза тауып, 21 қазақ тұтқындалды. Кенесары колына түрлі қару-жарақ және басқа да олжа түсті.
kenesary9841Әсіресе, 500 кісілік отрядымен 1838 жылдың мамырында Кенесарының Ақмола қаласын басып алуы үлкен әсер етіп, оған деген халық ниетіне игі ықпалын тигізді. Бұл хабар қазақ даласына лезде тарап, жүздеген қазақ жігіттері Кеңесары туының астына келіп қосылды. Бұдан кейін тағы да бір-неше сәтті жорықтар жасаған Кенесары өз қолымен Торғай мен Ырғыз жағына қоныс аударды да өз жағдайын жақсарта түсті. Өйткені бұл қоныс Орта жүз бен Кіші жүз мекендерінің шекаралас жері еді де оның қалың бұқараның басын қосуға мүмкіндік туды. Бұл жерге келген соң Кіші жүз руларының көптеген басшылары өз жасактарымен Кенесарыға қосылып, қалған біразы оны қолдады. Орталық Қазақстан даласын Кенесары ұзақ уақыт қоныстады, бірде қажет болғанда өлкенің оңтүстігіндегі Қоқан хандығына қарай ауысса, енді бірде солтүстікке — Орынборға қарай ауа қоныстанып отырды. Қандай жағдайда болмасын ол өзінің негізгі мақсаты — туған елінің біртүтас мемлекет болып, қазақ жерін патша үкіметінің отаршылдығынан әрі Қоқан хандығы зорлығынан құтқару жолында әрекет етті. Оның беделі мен ықпалы далалық өлкеге кеңінен жайылды. 1841 жылдың қыркүйегінде Орта және Кіші жүз қазақтары, Ұлы жүздің кейбір руларымен қосылып оны бар қазақтың ханы деп жариялап, дәстүр бойынша ақ киізге отырғызып, мол салтанатпен сайлады.
Қазақ хандығының басына келгеннен кейін Кенесары өзінің үлкен мемлекет қайраткері екенін айқын танытты. Ұлттық мемлекеттікті қалпына келтіру мақсатында әкімшілік және сот реформаларын жасап, салық жинауды ретке келтірді, сондай-ақ сауда керуендерінен түсетін түсімді де тәртіпке салды. Ол әрқашан астық өндіру, сауда жасау және қол өнерін дамыту сияқты игі істерді қолдап отырды. 1844 жылы ұлт-азаттық қозғалысы өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде ол Қазақстанның негізгі аймақтарын толығынан қамтыды. Осы кезеңде Кенесары іскер де саны да, сапасы да мол 20 мың қолға жеткен жасақ жинады. Әскер өте тәртіпті болып, сарбаздар үнемі әскери жаттығудан өтілетін, жасақ мылтықтар мен зеңбіреклен қаруланып, оқ-дәрі жасау ісі жолға қойылды, тіпті қолдан зеңбірек құюға да әрекет жасалды. Қару-жаракты сатып алып, көбіне ұрыс барысында иеленетін. 1844 жылы патша үкіметі көтерілісті басуға шындап кірісіп, оған тәжірибелі генералдар мен бас штаб офицерлері басқарған мол қарулы күш қолдануға мәжбүр болды. Әскери жасақтар үш жерден бір бағытты бетке алып қозғалды да Кенесары қонысы мен әскери жасағын қоршап алып, құртуды мақсат тұтты. Осы ұрыстар кезінде Кенесары өзін әскери істің білгірі танытып, қолбасшылық дарынымен көзге түсті. Алдын ала жасалған барлау шебі арқылы патша әскерінің әр қадамын жіті бақылап отырған ол, олардың бір-бірімен байланыса қимылдауына мүмкіндік бермей, көбіне оларды жаңсақ ізге салып, әуре-сарсаңға түсірді де ес жинатпады. Өзі оңтайлы жерден шабуыл жасау үшін тез қимылдайтын шағын атты әскерлер тобын құрып, олар тез арада орын ауыс-тырып, күтпеген жерден оқыс шабуыл жасап, тез ғайып болып кететін, әскери топтарды пайдалануға, қорғану шебін шебер құра біліп, жазалаушы отрядтарға тосқауыл жасап отыр-ды Кенесарының өзі бастаған негізгі топ шешуші шайқасқа бармай, жау әскеріне тұтқиылдан күтпеген жерден шабуыл жасап, қарсы күшті біртіндеп әлсірете берді. Көп шығынға ұшыраған үкімет әскерлері Орынбор мен Омбыға қайтып оралуға мәжбүр болды.
Патша үкіметі Кенесарыны қарулы күш шығарып жеңе алмайтынына көздері жеткен соң оны жеңудің басқа жолын іздеуге көшті. 1845 жылы Кенесары мекендеген қоныстарға екі күшті бекініс салды: біреуін Ырғыз өзені бойына, екіншісін Торғай өзені бойына тұрғызды. Бұл бекіністер Кенесарыға қарсы шабуылдың берік қорғандары болып, көтерілісшілер жағдайын тым қиындатып жіберді. Сол себепті Кенесары Орталық Қазақстанды қалдыруға мәжбүр болып, енді азаттық қозғалысын Жетісу мен Түркістанға ауыстырды. Мұнда ол өз жағына Ұлы жүз руларын тартып, көршілес қырғыздармен бір-лесе отырып Қоқан хандьны мен орыс патшалығына қарсылық көрсетпек еді. 1846 жылы қазақ жерінің оңтүстік халқын Қоқан зорлығынан құтқарған Кенесары бірнеше бекіністерін күшпен тартып алды. Атап айтсақ, атақты Жанқожа батырмен біріге отырып қоқан бекіністері Жаңақорған, Жүлек және Созақ бекіністерін қоршап алып, шабуылмен басып кірді. Әскерінің енді бір бөлігін Түркістан мен Ташкентке қарсы аттандырған ол, өзінің негізгі күшімен Ақмешітті (қазіргі Қызылорда. — Қ.Ә.) қоршауға алды. Алайда әскерін меңдеген оба ауруының кесірінен қоршауды тастап, Балқаш көлі мен Іле өзеніне қарай қоныс аударуға тура келді. Патша үкіметі Кенесарыны қуғындауды одан әрі жалғастырып, оған қарсы орыс әскери бөлімдері мен қазақ органдарының біріккен күшін аттандырды. Біріккен жасақты генерал-майор Вишневский басқарған болатын. Алайда олардың бұл әрекеті де нәтижесіз болып, Кенесары қоршауды бұзып, Ұлы жүздің ортасына қарай өтті де өзі Қоқан билігі мен патша билігіне жаңа қарқынмен дайындалуда болды.
Бұл күреске алатау қырғыздарын да тарту мақсатында Кенесары оларға өз адамдарын жіберді. Алайда бұл келіссөздер еш нәтиже бермеді. Қырғыз манаптарының біразы Қоқан хандығына қызмет еткендіктен әрі орыс әкімшілігіне сатылғандықтан Кенесарыға жаулық жағына шықты. Олар қалған қырғыз манаптарын қазақ жерлерін басып алуға үгіттеп, Кенесары туралы жалған лақаптар таратып, әр түрлі сатқындықтар жасап, түрлі қулық-сұмдықтарға, жымысқылық әрекеттерге көшті.
1847 жылдың көктемінде Кенесары қырғыз жеріне енді. Сатқындық жасап қазақ жерлеріне ойран салған манаптарды өкшелей қуа отырып Майтөбеге дейін, қоқан бекіністері Тоқмақ пен Бішкек іргесіндегі мекендерге дейін жетті. Міне, осы жерде Кенесарының ақтық шайқасы болып өткен белгілі ұрыс болды. Ұрыс тағдыры алдын ала шешілген-ді…
kenesary455Патша үкіметі, қырғыз манаптары және Қоқан ханымен алдын ала келісе отырып, бірге қимылдап осы жерде Кенесарыны түбегейлі жеңбек болатын. Ол үшін Қоқан хандығы қырғыз манабы Орман бастаған арнайы отряд бөлді. Патша үкіметі осы мақсатта екі отряд шығарды. Олардың алдына қойылған міндет туралы генерал Горчаков былай деп атап көрсетеді: «Олар Кенесары қолына үйсін жасағының қосылуына мүмкіндік бермей, қажетті сәтте қырғыз қолына көмек көрсетуге тиіс еді» (5).
Өзінен күші анағұрлым басым жауға қарсы бұл ұрыс төрт күнге созылды. Шешуші шайқас қарсаңында жау үгітінің әсерімен әскердің бір бөлігі қашып кетсе, ендігі бір үлкен тобы Рүстем сұлтан мен Сыпатай батыр бастап жау жағына шықты. Әрі Кенесарыға көмекке ұмтылған үйсін қосынының жолын жүздік басылар Абакумов пен Нюхалов бастаған орыс қолдары бөгеп қалды. Кенесарының інісі Наурызбай батыр бастаған ержүрек жауынгерлердің шағын тобы жау қоршауын бұзып шықпақ болып, жанталаса қимылдады. Алайда олар қаптаған жауға қарсы түра алмай, ерлікпен түгелдей қаза тапты. Кенесары болса түгқынға альшып, өлтірілді.
Ұлы адам тағдырына асқан жанашырлық танытқан орыс азаматы Н. Середа бұл туралы «Осылайша осы бір ерек жанның өмірі таусылды. Халқы үшін тыныштық таппаған адамның басы, нақты айтқанда бас сүйегі (шекесі) белгісіз себептермен кейіннен Горчаков қолына тисе керек. Ал ол бұл сүйекті Батыс Сібірдің бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іс қағазымен бірге сақтауға бұйырған екен», -деп жазған (6). Жуырда, осы жолдар авторы Омбының облыстық мұрағатында болып, Кенесары көтерілісіне байланысты көптеген істерді мұқият қарап тексергенде, өкінішке қарай бас сүйек туралы еш дерек кездестіре алмадық. Мұрағат директоры мен қызметкерлері бас сүйегінің тарихи-өлкетану мұрағатына берілуі мүмкін деген жорамал айтты. Ол пікрдің де шындығына жету мақсатымен біз аталмыш мұрағатта болып, оның қорындағы дүниелердің реестірімен (толық тізімімен) танысып, қызметкерлерімен әңгімелестік, алайда ештеңе таппадық.
Сөйтіп, патша отаршылдығына қарсы жүргізілген ұлт-азаттық қозғалысы жиырма жылға созылып, ақыры жеңіліске ұшырады. Бұл қозғалыс, әсіресе, оның басына Кенесары Қасымов келген сәттен бастап кең қанат жайып, ұйымдасқан күреске айналған болатын. Көтеріліс басшысының жеке басының қажыр-қайраты, қолбасылық дарыны көпке танылып, тіпті оның жаулары тарапынан да іс-әрекетіне сүйсінген Лебіздер тудырды.
Жоғарыда атап өткен Н. Середа деген орыс офицері өзінің Кенесары туралы пікірін былай жалғастырады: «Кенесары өз қосындарының лайықты көсемі бола білді. Оның қосынындағы жеңіске, ерлікке деген жігер-күшке, адалдық рухына европалық әскердің кез келген қолбасшысы қызығарлық еді!..» Бас штаб полковнигі М. Красовскийдің де Кенесарыға берген мінездемесінде оның істері жөнінде сүйсіне сөз етіледі: «Ақыл-парасаты жағынан өз атасынан (яғни Абылай ханнан — Қ.Ә.) кемшін түскенімен, атасын да, өз әкесі Қасымды да жігер-қайратымен он өңгеріп кетердей Кенесары 1836 жылдан бастап бүтін Сібір даласына белгілі болды» (7).
Көбіне Кенесарының жеке басының ерекшеліктеріне байланысты патша үкіметінің мұздай қаруланған, саны жағынан көтершсшілерден анағұрлым көп әскери күштері он жыл бойы оның жасағын жеңе алмады. Соған қарамастан отаршылыққа қарсы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысы жеңіске жете алмады. Дәл сол кездегі нақты тарихи жағдайда басқаша болуы мүмкін емес те еді. Оның бірнеше себептері де бар болатын, ең бастысы елдің техникалық-экономикалық мешеулігі, феодалдық бытыраңқылық, сұлтандар мен билер тарапынан болған сатқындық, көтерілістің бар жерде де бір кезеңде жүргізілмеуі. Одан кейінгі маңызды себеп, сыртқы саяси жағдайдың қолайсыздығы. Көршілес елдердің бірде-бірі қазақ жерінің іргелі мемлекет болуына мүдделі емес еді. Ұлт-азаттық қозғалыс тым ұзаққа созылып, елдің титығына жетті және соғысты екі жақты жүргізуге тура келді — Ресей империясына қарсы және Орта азия хандыктарына қарсы. Осы себептердің барлығы қосылып, сол кезеңде ең ақырғы мақсат — ел азаттығын орнатып, тәуелсіз мемлекет болуға мүмкіндік бермеді. Алайда, ел жүрегіне Кенесары тұтатқан ұлттық біртұтастық пен тәуелсіздік алу арманы өшіп қалмай, оған қазақ елінің әр ұрпағы өз үлесін қосып отырды. Әрі бұл ұлы арман халық шығармашылығында, ұлы ақын Абай өлеңдерінде, Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерінде, Әлихан Бөкейханов пен оның жақтастарының саяси қимыл-әрекеттерінде жандана түсіп, жалындай берді. Бұл ой-арман қайта қоздап 1916 жылғы көтеріліске ұласып, Алматы қаласында 1986 жылдың желтоқсанындағы жастар қозғалысында жалғасын тапты да, ақыры 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Жоғарғы Кеңестің Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі заңы арқылы жүзеге асты.

.

Әбуев Қадыржан, Қазақстан: тарих және тағылым кітабынан алынған мәлімет

One thought on - Кенесары хан өмірбаяны

  • Радул Сидахметов – Кенесары хан мен Бопылдық батырдың шөберелері Нағима әже мен Сейдахмет көкенің немересі (12.00 06.02.2017) says:

    Мырза Қадыржан Әбуев! Сіздің арғы атам Кенесары хан туралы еңбегіңізбен таныстым. Көп-көп рахмет, тарихи еңбегіңіз молайып, ұзақ бақытты өмір жасап, денсаулығыңыз мықты болсын!

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.