Киіз төсеніштер ішіндегі сырмақ

Главная » Рефераттар » Киіз төсеніштер ішіндегі сырмақ

Сырмақ сөзінің төркіні белгісіз. Десе де киізді қабаттап сыру, тігу немесе төсеніш ретінде жерге сыра салу, сырғыта салу, сырып салу, сусыта салу, сүйрете салу сияқты мазмұннын туындады ма деген жорамалымыз да жоқ емес.

Киіз төсеніштер ішінде сырмақ түрлері: асты-үсті не үсті шымқай ақ киізбен жабдықталған, бетіне ақ шуда жіппен ғана ою-өрнек түсіріле сырылған ақ сырмақ. Шымқай ақ киізбен жабдықталған, бетіне ақ, қара, қызыл, сары, көк, жасыл, тағы басқа түсті жіптердің бірінен сыңар жиек арқылы ою-өрнек түсіріле сырылған ақ сырмақтар.

Асты-үстіне, үсті шымқай қара киізбен көмкерілген, бетіне тек қара шуда жіппен ғана ою-өрнек түсіріле сырылған қара сырмақ. Шымқай қара киізбен қапсырылған, бетіне ақ, қара, сары, қызыл, жасыл, көк түсті жіптердің бір түсінен сыңар жиек арқылы ою-өрнек түсіріліп сырылған қара сырмақ.

.

Сырмақ киіз өлшемі пішіліп алынған соң, сол киіз үстіне тұтас шақталған бір түсті матаға басқа түсті матадан ою-өрнек ойылып жапсырылады да осы матамен киіз бетін тұтас қаптайды. Сонан соң ою шеттерін қуалай сыңар жиек жіппен әрі жиектеліп, әрі сырылып шығарылады. Мұндай сырмақ үстіне тұтас қапталған мата өңіне сәйкес түстеліп қапталады. Кейде мұндай сырмақтардың ортасындағы ою-өрнек бір түсті матадан, жақтауларының ою–өрнегі басқа бір мәнерде ойылады. Орта мен жақтауға ойылған оюлардың мән–мазмұны, мәнері бірін-бірі қайталамайды. Сырмақ сырылады, жиектеледі, астарланады. Сырмақтың осы түрі әрі жеңіл, әрі әдемі болады.

Көшпелі, жорықты өмір талабына сай жабдықталатын осы сырмақ атты төсеніштер көбінесе бірыңғай таза киізден жасалады. Соған орай олардың үлгісі, түрі-түсі, тіпті қай еденге, оның қай жеріне салынатын, тасталатын, жататын орнына дейін нықтап, ат қойып, айдар татылған. Мәселен, үлкен сырмақ, кішкене сырмақ, төр сырмақ, төсек сырмақ, от киіз, от сырмақ, жамбас сырмақ, төрткүл сырмақ, тері сырмақ, тері бөстек. Ал түрі-түсіне қарай-ақ сырмақ, қара сырмақ, қара ала сырмақ, қызыл ала, сары ала, көк ала тағы-тағылар атала береді. [14; 11, 25, 36-40]

 Қара ала сырмақ. Шымқай ақ, шымқай қара екі түсті киізді біріне-бірін ойыстыру арқылы шығарылған түсіне орай қара ала сырмақ аталған. Осы қара ала сырмаққа қазақы қойдың күзем жүні мен қозы жүнінің шымқай ақ, шымқай қарасы іріктеліп алынады. Сырмақ үшін арналған жүн тоғытылған қойдан қырқылып, үлпілдете сабалады да, ши бетіне шабақталады. Осылайша дайындылған жүн ою басылып шыққаннан кейін пісірілгенде қалыңдығы шынтақ елі мөлшеріндей болады. Сырмақ киізі қарпылмайды. Ақ, қара екі түсті киізбен жабдықталған қара ала сырмақ ойыстырылуы жағынан бірнеше түрге жіктеленеді.

 Тұтас ою — сырмақ өлшеміне пішілген ақ, қара киіз оң-теріс (ақ киіз өңін ішіне, қара киіз өңін сыртына) беттестіріліп, көктеледі. Осының ақ бетіне бір ұғымды толық беретін ою-өрнек тұтас түсіріледі де өрнек мәнері үзілместен ойылып шығарылады.

Шеттеп ою — сырмақ өлшеніп пішілген ақ, қара киіз оң-теріс беттестіріліп көктелген соң, бетіне бір ұғымдағы ою-өрнек сызылып, ойылады. Ойылған бөлшек сырмақтың ортасына салынады. Ал сырмақтың төрт жақтауына өлшеніп пішілген ақ және қара киіз оң-теріс беттестіріліп көктелген соң, жақтаудың ақ бетіне соған лайық бір ұғымды білдіретін қалаған ою-өрнектің түрі сызылып түсіріледі де ойылады. Сонад төрт жақтаудағы өрнек мәндері толық бір ұғымды беруі тиіс.

.

Ортасы қара ала сырмақ. Ортасына ақ және қара киіз ойыстырған сырмақтың ортасы қара ала болып шығады. Ал төрт жақтауына шымқай ақ не шымқай қара киіз оймастан тұтас ендіріледі. Бұл жағдайда жақтау бетіне қалаған бір ұғымдағы ою-өрнекті сыру немесе жиек жіп басытру жолымен түсіреді.

Төңірегі қара ала сырмақ. Төрт жақтауына ақ және қара киіз ойыстырылған сырмақтың төңірегі қара ала болып шығады. Ал сырмақ ортасына шымқай ақ не шымқай қара киіз оюсыз орналастырып, киізге сырмақ иесінің талғамына қарай бір ою-өрнек сыру немесе жиек жіп бастыру жолымен түсіріледі.

 Оюға әзірлеу. Ол үшін қара ала сырмақтың тұтас ойылатын ақ киізінің бетін ішіне (арасына), қара киіздің бетін сыртына келтіріп (оң-теріс бетістіріп) қапатау керек. Сонан соң ойғанда киіз де, ою да сырғып кетпейтіндей етіп, жиі көктелуі қажет. Көктелгеннен кейін ақ киіздің бетіне қалаған бір оюдың толық ұғымын беретін тұтас өрнегі сызып түсіріледі. Тұтас ойылатын қара ала сырмақ киізін осылай дайындау ойыстыру деп аталады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.