Корея Республикасы

Home » Рефераттар » Корея Республикасы
Рефераттар Комментариев нет

Корея Республикасы

  • 4fdeeb9508bf7e3e44c96e043b2Жерінің ауданы — 99,6 мың км2
  • Халқы — 48,3 млн адам (2004 ж.)
  • Астанасы — Сеул
  • Мемлекеттік құрылымы — республика
  • Мемлекет басшысы — президент
  • Заң шығарушы органы — парламент
  • Мемлекеттік тілі — корей тілі
  • Ұлттық валютасы — вона

Табиғат жағдайлары мен ресурстары. Корея түбегінің оңтүстігінде орналасқан Корея Республикасының құрамына Жапон және Сары теңіздегі 3 мыңдай ұсак аралдар енеді. Бұл аралдардың тек 400-ден астамында ғана тұракты қоныстар бар, ең ірісі — Чеджудо аралы. Жағалау бойымен кон-тиненттік қайраң жолағы созылып жатыр, мұнда судың тереңдігі 100 м-ден аспайды. Жағалау балық қорына бай, соңғы жылдары мұнда мұнай барлау жұмыстары жүруде.

Ел аумағының 70%-ға жуығын аласа таулар алып жатыр. Гранитті жартастар мен кішігірім сарқырамалар таулы өңірге айрықша сән береді. Сейсмикалық жағдай көршілес Жапониямен салыстырғанда тұрақты, ел аумағында сөнбеген жанартаулар жоқ және күшті жер сілкінулер болмайды. Кішігірім жазықтар елдің батысы мен орталығында және өзендердің сағасында орналасқан, олар көбінесе күріш егуге пайдаланылады. Корея жері пайдалы қазбаларға кедей; тек вольфрам кенінің дүниежүзілік маңызы бар. Сонымен қатар кварц, каолин, алтын мен темірдің, мырыштың шағын кен орындары кездеседі.

Географиялық орнының ерекшеліктеріне байланысты ел аумағына ылғалды шығыс азиялық муссондық климат тән. Жазғы муссон мол жауын-шашын әкеледі, оның 70%-ы маусым мен қыркүйек аралығында түседі. Чеджудо аралында жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 1500 мм-ге жетеді. Күшті нөсерлермен қоса, жаз кезінде күшті ыстықтар да байқалады: 1943 жылдың тамызы мен 1994 жылдың шілдесінде ауа температурасы +40°С-қа жеткен. Кыс кезінде суық, құрғақ ауа райы орнайды. Корейлердің негізгі кәсібі — күріш егу. Бірақ оншақты жылда бір рет болатын «құрғақшылық» (жылдық жауын-шашын 1000 мм-ден кем жылдар) күріш шаруашылығына зиянын тигізеді.

Корея өзендері қысқа болғанымен мол сулы, жазғы муссон кезінде су тасқыңдары жиі болады. Кезіңде өзендердің су жолы ретіндегі маңызы зор болған, елдегі ірі қалалардың көбі өзен бойларындағы порттар негізінде қалыптасқан. Қазіргі кезде өзен сулары күріш егістігін суаруға пайдаланылады. Ел аумағында 4 мыңнан астам өсімдік түрі өседі. Жазықтарда қоңыржай белдеудің жалпақ жапырақты ормандары, ал оңтүстік жағалауда мәңгі жасыл өсімдіктер тобы (жапон камелиясы, мәңгі жасыл емен, бензой ағашы) өседі. Өзен аңғарларынан биіктігі 10 м-ден асатын бамбуктерді кездестіруге болады. Халық тығыздығының жыл сайын артуы табиғи ландшафтылар аумағын тарылтып келеді.

Халқы. Корея Республикасында 48,3 млн адам тұрады. Халық тығыздығы (1 км2-ге 484 адам) жөнінен ел дүние жүзінде Бангладештен кейін екінші орын алады. Халықтың 79%-ы қалаларда тұрады. Ең ірі қаласы — Сеул, оның тұрғындарының саны 11,2 млн-ға жуық, яғни ел халқының 23%-ы астанада шоғырланған.

Халықтың ұлттық құрамы біркелкі: ел тұрғындарының 99%-ын корейлер құрайды. Халық саны көп елдер үшін бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Бүған мемлекеттің түбекте окшау орналасуы, ұлттық менталитет себепші болған. Ежелден бері корей халқы жеке әулеттерге бөлінеді, әр әулеттің шежіре кітабы болады. Қазіргі кезде шетелдерде 5,5 млн-нан астам корейлер тұрады. Олардың басым бөлігі Қытай, АҚШ пен Жапония азаматтарын құрайды. Дегенмен соңғы жылдары репатриация үрдісі жүруде.

Корей халқы адамзаттың мәдени дамуына өзіндік үлесін қосқан. Мысалы, XV ғ. өзінде бұл мемлекетте 112 томдық ұлттық энциклопедия құрастырылған (алғашқы еуропалық энциклопедия Францияда XVIII ғ. пайда болған). Кореяда жауын-шашын мөлшері жөніндегі ақпар тіркеле бастағанына 500 жыл болған. Ерте кезден бастап Кореяда жасалған өте сапалы қағаз, көгілдір фарфор Батыс Еуропа елдерінде өте жоғары бағаланған. Тэгу қаласы маңындағы ежелгі ғибадатханада буддалық мәтіндердің 81 мың ағаш таспадан тұратын дүние жүзіндегі ең қомақты жинағы сақталған.

Кореяда жергілікті ұлт өкілдерінен басқа, қытайлардың шағын тобы және елге жұмысқа келген шетел азаматтары тұрады. Корея ресми түрде 1994 жылдан бері көршілес елдердің азаматтарын келісімшарт бойынша жұмысқа қабылдай бастады. Олардың арасында қытайлар, непалдықтар, пәкстандықтар, вьетнамдар жөне т.б. бар. Соңғы жылдары Кореядағы шетел жұмысшылары қатарын Қазақстан азаматтары да толықтыруда. Ел халқының табиғи өсуі 7%-ге жуық. Медициналық қызмет көрсетудің жақсаруы, жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығы адамның өмір жасының ұзаруына себепші болды. Мысалы, қазіргі кезде бұл көрсеткіш ер адамдар үшін 72, әйелдерде 79 жасқа жетті. XX ғасырдың 90-жылдарынан бастап, жасы 65-тен асқан адамдар саны артуда, олар ел халқының 6%-ын құрайды. Керісінше 14 жасқа дейінгі балалар саны азайып келеді. Халықтың жыныстық құрамында ер адамдар санының артуы байқалуда; жаңа туған сәбилерде бұл арақатынас 110:100-ге тең.

Кореяда денсаулық сақтау жүйесі өте тиімді ұйымдастырылған. Қатардағы медицина орталықтарымен қатар, арнайы шығыс медицинасының орталықтары ашылған. Медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Халықтың жоғары білім алу көрсеткіші жөнінен Канада мен АҚІП-тан кейін үшінші орынды алады. Кореяның әр 100 мың түрғынына шаққанда 4,5 мыңнан астам жоғары білімді азамат келеді.

Еңбек нарығында соңғы онжылдықта түбегейлі өзгерістер жүрді. Еуропа елдерімен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі өте төмен (5%). Қазіргі кезде еңбекпен қамтылған 21 млн-ға жуық адамның 66%-ы өндірістік емес салада жұмыс істесе, өнеркәсіпте 23%-ы, қалған бөлігі орман және ауыл шаруашылығында, балық аулау кәсіпшіліктерінде істейді. Қазіргі кезде Корея Республикасы шетел жұмысшыларын қабылдауда; бұл елдің кәсіпорындарында арнайы келісімшарт негізінде Қазақстан азаматтары да еңбек етеді.

Экономикасы. Елдің экономикалык өркендеуі XX ғасырдың 60-жылдарында арнайы мемлекеттік экономикалық саясат негізінде басталды. Ең алдымен, «корей кереметіне» үкіметтің экспорттық салаларды дамытуға бағдар алуы, халыққа кәсіби білім беруді жақсартуға бағытталған шаралар, халықтың еңбексүйгіштігі себепші болды. Сонымен катар шетелдер, әсіресе АҚШ тарапынан көрсетілген қайырымдылық көмек, айрықша жеңілдіктерге ие болған жапон капиталының ел экономикасына келуі Кореяның өркендеуіне өзіндік әсерін тигізді. 60-жылдарда Корея Республикасы шетелдерге, ең алдымен, мұнайлы араб елдеріне құрылыс қызметін экспорттай бастады. Корея құрылысшылары бұл елдерде салыстырмалы түрде арзан бағаға қазіргі заманғы жолдар мен көпірлер, қонақүйлер мен порттар сала бастады. Соның нәтижесінде ел қазынасына қосымша қомақты қаржы түсті.

1970 жылдарда машина жасау өнеркөсібіне, құрылыс пен мүнай химиясын дамытуға айрыкша көңіл бөлінді. Сырттан әкелінетін шикізат негізінде жұмыс істейтін металлургия зауыттары салына бастады. Ауыл шаруашылығының ұлттык табыстағы үлесі 35%-дан 4,6%-ға қыскарып, керісінше өңдеуші өнеркәсіп үлесі 20%-дан 43%-ға дейін артты. Экономикадағы түбегейлі кұрылымдық өзгерістер басында ел халқына уақытша қиындықтар туғызды. Бірақ мемлекет тарапынан жоспарлы түрде басқарылған бұл қайта құрулар ақыр соңында Кореяны Батыс Еуропаның шағын капиталистік елдерінің деңгейіне жеткізді.

Кеме жасау ел өнеркәсібінің жетекші саласына айналды. Елдегі басты кеме жасау орталығы Пусан болып табылады. Корея Республикасы жеңіл автомобилъ жасаудан дүние жүзінде бесінші орын алады. Қазіргі кезде Оңтүстік Кореяда жылына 2,2 млн жеңіл автомобиль жасалады. Аса ірі автомобиль компаниялары — «Хундай», «Дэу» және «Киа» (1999 жылдың соңында «Хундай Мотор» компаниясымен қосылып кетті). Корей автомобильдері, негізінен, Азия елдеріне шығарылады. 1980 жылдардың ортасынан бастап «Хундай» компаниясы шағын «Пони Эксел» автомобильдерін АҚШ-қа да сатуда. 1995 жылдан бастап «Самсунг» корпорациясы да автомобиль шығара бастады.

Елде өнеркәсіптің металлургия саласы күшті дамып, қазіргі кезде дүние жүзінде алтыншы орынға шықты. Корея Республикасы дүние жүзінде өндірілетін болаттың 4%-ын береді, электролиттік мыс, мырыш, қорғасын жөне құйма алюминий өндіруден де көзге түседі. Бұл саладағы аса ірі ПОСКО концерні дүние жүзінде жетекші орын алады. Жедел дамыған мұнай химиясы 1980 жылдардың соңында ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз ететін дәрежеге жетті. Қазіргі кезде ел дүниежүзілік мұнай химиясы өнімдерінің 5%-ға жуығын береді.

Соңғы онжылдықта ғылымды көп қажет ететін өнеркәсіп салалары (электроника, электр техникасын жасау) дами бастады. Ғарыштық күрделі техника жасау игеріле бастады; 2003 жылы Корея Республикасында 8 ғарыштық серік жұмыс істеді. Бұл салада бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтары мен тәжірибелік зауыттарды біріктіретін «Корея Аэроспейс Индастриз» компаниясы жетекші орын алады. Сонымен қатар телекоммуникация, байланыс кұралдарын жасау жедел қаркынмен дамуда. Қазақстанның байланыс жүйесін жетілдіруде казіргі заманғы кореялық сандық телефон станциялары кеңінен қолданыла бастады. Дүние жүзінің көптеген елдерінде «ДЭУ», «Самсунг», «LG» компанияларында жасалған тұрмыстық техника үлкен сұранысқа ие. Кореяда жоғары дамыған елдердегі тәрізді «ғылым қалашықтары» қалыптасу үстінде. Мысалы, Тэдок қаласында 3 университет пен 60-тан астам ғылыми-зерттеу институттары шоғырланған. Соңғы жылдары компьютерлік бағдарламалар, биоинженерия, ақпараттық экономика саласындағы ғылыми зерттеулерге жеке меншік күрделі қаржы көп бөліне бастады.

1997 жылғы Азияның дамыған елдерін түгел қамтығаи экономикалық дағдарысқа дейін Корея Республикасын «Азия жолбарысы» деп атайтын. Бұл қысқа уақыт аралығында артта қалған елден дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуымен байланысты болды. Ғалымдар елдегі экономикалық дағдарыстың бірнеше себептерін атайды: қаржы жүйесінің экономикамен байланыссыз, бақылаусыз дамуы; елдегі саяси күштердің экономикаға басым ықпал етуі; экономикалық құрылымы мен шығарылатын өнім түрлерінің Шығыс Азияның басқа елдерінікіне ұқсас болуы және т.б. Халықаралық валюта корының несиесі және үкімет тарапынан монополиялар қызметіне бақылау орнатылуы, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауы нәтижесінде 1999 жылдың соңына қарай ел экономикасы қалпына келе бастады.

Сыртқы экономикалық байланыстары. Соңғы онжылдықта Корея Республикасының сыртқы сауда көлемі 3 еседей есті. Бүл көрсеткіш жөнінен ел XX ғасырдың соңына қарай дүние жүзінде он екінші орынға шықты. Мысалы, дүниежүзілік экспорттағы Оңтүстік Кореяның үлесі 2,7%-ға жетті. Ел экспортының 95%-ын дайын өнімдер (кеме, электрон бұйымдары, тұрмыстық техника мен автомобильдер) құрайды. Басты сауда әріптесі—Қытай, оған жалпы сауда айналымының едәуір бөлігі тиесілі.

Халықаралық экономикалық ынтымақтастық аясында Корея Республикасы 1989 жылы құрылып, 24 елді біріктірген аса ірі Азиялық-Тынық мұхиттық еркін сауда аймағына (АПЭК) енеді.

Қазақстан аумағында жұмыс істейтін кореялық және бірлескен қазақ-корей кәсіпорындарының саны 2005 жылы 247-ге жетті. Олардың қатарында аса ірі «Самсунг», «LG» компанияларының қатысуымен құрылған кәсіпорындар бар. Корея мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар тек экономикалық бағытта ғана емес, әлеуметтік-мәдени тұрғыдан да өркендеуде; Қазақстанда 100 мыңнан астам корейлер тұрады.

 

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.