Әл-Фараби және Абай

Home » Рефераттар » Әл-Фараби және Абай
Рефераттар Комментариев нет

Әл-Фарабидің «қайрат», «ақыл» және «жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңіндеде әрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген. Ислам дәуірі әдебиеті мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясы арасындағы көркемдік дәстүр жалғастығын сөз еткенде, мықтап ескеретін бір жәйт бар. Кез келген халық әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы сол қоғамдағы тарихи жалғастықтың құрамдас бөлігі болып табылады. Ал тарихи жалғастық дегеніміздің өзі, ең алдымен, ақыл-парасат жалғастығы екені белгілі. Мәселен, Әл- Фарабидің философиялық, әлеуметтік-этикалық ой-тұжырымдары өзінен кейінгі дәуірлердегі ойшыл қаламгерлердің шығармаларынан өзінің дәстүрлі жалғастығын тапты.

al-farabi-abai

KazOrta.org — Әль-Фараби және Абай

Мәселен, Әл- Фараби өзінің «Интеллект (сөзінің) мағынасы жайында» деп аталатын зерттеуінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасай келіп, оны «потенциалды интеллект», «актуальды интеллект», «жүре келе дарыған интеллект», «әрекетшіл интеллект» сияқты философиялық категорияларға бөліп-бөліп талдайды. Әл-Фараби «жүре келе дарыған интеллект» туралы айта келіп, адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллектің өзі жүре келе, естіп, көріп барып қана дамитынын ескертеді.Сондай-ақ Әл-Фарабидің «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» атты еңбегінде адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттердің бәрі жаратылысынан емес, жүре келе, өзін қоршаған қоғам өміріне сәйкес өзгеріп отыратынын айта келіп, төмендегідей тұжырым жасайды: «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды. Бірақ қайырымдылықпен немесе жаман қылықпен (байланысты) күйге жаратылысынан бейім болуы мүмкін, оған қандай да болсын басқа әрекеттерден гөрі әлгі (күйден) туатын әрекеттерді істеу оңайырақ болады… Өнер біткеннің бәріне жаратылысынан бейім адамның болуы шындыққа сыймайтыны сияқты, қайырымдылықтың, этикалық және интеллектуалдық бәріне жаратылысынан толық бейім адамның болуы шындыққа сыймайды, ол мүмкін емес». Әл-Фарабидің интеллект жөніндегі осы философиялық ой-тұжырымын араға тоғыз ғасырдай уақыт салып барып, қазақ қауымының жаңа тарихи жағдайында Абай Құнанбаев зор білгірлікпен жалғастыра түскен сияқты.

Абай өзінің «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөздерін естіп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деп жазады. Сондай-ақ Әл-Фарабидің ғылым-білімді меңгерудегі интеллект рөлі жайындағы философиялық тұжырымын Абай өзінің «Он тоғызыншы сөзінде» мейлінше айқындай түскен. Абай өз ойын: «ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», – деп тұжырымдайды. Әл-Фараби өзінің жоғарыда аталған еңбегінде «жан қуаты» жөнінде қолданған ұғымдар мен термин сөздер сол қалпында Абай қара сөздерінде (7, 17, 27, 38, 43-сөздер) қайталануы кездейсоқ құбылыс емес. Әл-Фараби: «Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» деп көрсетеді. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», -дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі осы философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шьғады. Жақсының, жаманның-екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуініңіз дегенін тауып беріп жүресің, соның жаман»,-депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл- Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай «Осы үшеуің басынды қос, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы», – депті деген қорытындыға келеді. Әл-Фарабидің «қайрат», «ақыл» және «жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңіндедеәрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген. Абай ақыл мен қайраттың иесі болған адамды «жарты адам» дейді. Өйткені ондай адам тек «суық ақыл» мен «жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі болып табылады. Ал бойына осы екі қасиетпен қоса-қабат әділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана «толық адам», яғни ол енді «нұрлы ақылдың» өкілі деп танылады. Сөйтіп, Абайдың «нұрлы ақыл» жайындағы тұжырымының қайнар- бастаулары Әл-Фарабидің интеллект туралы ілімінде жатқанын аңғару қиын емес. Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Олар: «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» деп аталатын ғылыми еңбектері. Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударып отырған. Этиканың зерттеу объектісі – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы бақыт болып табылады. Сондай-ақ ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды дегендей пікір айтады. Ақыл мен адамгершілік, қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, адам өзінің мінез-құлқын жетілдіре түсу үшін, ең алдымен, ол өзіне-өзі мейлінше адал болуы тиіс. Сонда ғана адам өз бойындағы ізгілікті қасиеттерді барынша жетілдіре түсуге мүмкіндік алады. Әл-Фараби «қандай шебер әдістің жәрдемімен жақсы мінез-құлыққа жететінімізді қарастыруымыз керек» дей келіп, әзіл мен күлкі сияқты құбылыстарға моральдық-этикалық тұрғыдан баға береді. Қоғамдағы әрбір құбылыс шектен шығып кеткен жағдайда адамға теріс әсер ететіні сияқты адамның мінез-құлқындағы шамадан асып кеткен көріністер де ізгі қасиеттерге кері ықпалын тигізеді. Осы пікірін түйіндей келіп, Фараби: «әзілқойлық-әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал әзілдеу оңай болғандықтан, біз соған бейім бола бастаймыз. Енді бізге қалғаны бір шеткеріліктен екінші шеткерілікке немесе орташа мөлшерге ауысуды жеңілдету үшін қандай амалдар бар екенін білу» деп жазады. Әл-Фарабидің осы моральдық-этикалық тұжырымын Абай өзінің «Төртінші сөзінде»жалғастыр атүседі: «Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек»… Әл–Фараби мен Абай арасындағы даналық ой-пікір сабақтастығы жайындағы нақты деректер осылайша өз жалғасын табады.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.