Латын Америкасы әдебиеті

Главная » Рефераттар » Латын Америкасы әдебиеті

ХХ ғ. Латын Америкасында әдебиет кеңейе түсіп, басқа ұлттық әдебиеттердің қата­рын­да түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Чилиден шыққан ақын Габриэль Мистраль (1889-1957) латын­америкалық әдебиетшілердің арасында алғашқылардың бірі болып 1945 жылы Нобель сый­лығының лауреаты атанады. Мұндай өзгерістер белгілі латынамерикалық әдебиетші­лер­дің авангардтық ізденістері арқылы жүзеге асады. Чилиден шыққан ақын Висенте Уидобро (1893-1948) суреткер өзінің меншікті эстетикалық дүниетанымын жасауы тиіс деген «Креасьонизм» тұжырымдамасын ұсынады. Ақынның испан тілінде жазыл­ған «Экваториал» (1918) ж­әне «Ұмытылған азамат» (1941) атты жинақ­тары мен француз тіліндегі «Квадратты горизонт» (1917), «Кенеттен» (1925) атты жинақтары жарыққа шығады.

Чили ақыны Пабло Неруда (1904-1973) Нобель сыйлығын иеленеді (1971). Шығарма­шы­лы­ғын авангардтық поэтикада бастаған ол «еркін өлең» арқылы ойын шебер жеткізіп, уа­қыт өте тікелей саяси сипаттағы поэзияға өтеді. Оның «Ымыртты», «Мекен-жайы – жер», «Қара­пайым заттарға арналған ода», «Қара­пайым заттарға арналған жаңа ода», «Чили құстары», «Аспан тастары» жинақ­тары үлкен сұранысқа ие болады. Оның соңғы «Никсонды өлтіруге ояну мен чили революциясына мадақ» атты кітабында Сальвадор Альенденің үкіметінің құлауынан кейін болған жан тебіренісін бейнелейді.

Латынамерикалық әдебиеттің көрнекті өкілі мексикалық ақын және эссеист, «Жабайы ай», «Адам түбірі», «Күн тасы», «Саламандра» және т.б. кітаптардың авторы Октавио Пас (1914-1998) 1990 ж. әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Нобель сыйлығына ие болады. ХХ ғ. ультраизм мен авангардтық бағыттағы аргентиналық ақын әрі прозаик Хорхе Луис Борхестің (1899-1968) шығармалары халық арасында кең тарап, үлкен сұранысқа ие болады. «Абыройсыздықтың жалпы тарихы», «Ажы­ра­ған жол бағы», «Қиял», «Алеф», «Жасаушы» атты әңгімелер жинақтары жазу­шы­ға бүкіл әлемдік атақ әкеледі. Негризм афроамерикалық нәсілдер жайлы жазылған шығармалардың әдеби бағыты. Бұл бағыттың мақсаты әдебиетке қара нәсілдердің дүниетанымын енгізу болатын. Нәтижесінде латынамерикалық әдебиет байи түседі. Пуэртори­калық Луис Палес Матос (1898-1959) және кубалық Николас Гильеннің (1902-1989) еңбектері осы бағытта жазылған.

.

Латынамерикалық поэзияға перулық ақын Сесар Вальехоның (1892-1938) қосқан үлесі зор. Ол өзінің «Қара герольдтар» мен «Трильсе» атты алғашқы өлеңдер жинағында авангард­тық поэтиканы жасайды, оның «Адамдық өлең­дер» атты жинағы ақынның өлімінен кейін жарыққа шығып, Сесар Вальехоның шығармашылығындағы өзгерістерді көрсетеді. Аргентиналық Роберто Арльтонның (1900-1942) пьесалары мен мексикалық Родольфо Усиглидің шығармалары (1905-1979) еуропалық драмалық дәстүрдің әсеріне ұшырайды.

ХХ ғасырдағы ірі прозаиктердің қатарына аргентиналық Эдуардо Мальеса­ны (1903-1982), Эрнесто Сабато (1911) мен Хулио Кортасарды (1924-1984), Мануэль Пуиг (1833-1990) пен уругвайлық Хуан Карлос Онеттиді (1909-1994), мексикалық Хуан Рульфо (1918-1984) мен Карлос Фуэнтесті (1929), кубалық Хосе Лесам Лима (1910-1976) мен Алехо Кар­пентьерді (1904-1980), бразилия­лық Жоржи Амадуды (1912) жатқызуға болады. 1982 жылы колумбиялық Габриэль Гарсия Маркес (1928) және 2004 жылы перулық Марио Варгас Льоса (1936) Нобель сыйлығын иеленді.

Аймақтық романды жасаушылардың қатарына уругвайлық Орасио Кирога­ны (1878-1937), колумбиялық Хосе Эустасио Ривера (1889-1928) мен аргенти­на­лық Рикардо Гуираль­десті (1886-1927), венесуэллалық Ромуло Гальегос (1864-1969) пен мексикалық Мариано Асуэланы (1873-1952) жатқызуға болады. Индихенизмнің дамуына эквадорлық Хорхе Икаса (1906-1978), перулық Сиро Алегриа (1909-1967) және Хосе Мария Аргедас (1911-1969), 1967 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған гватемалық Мигель Анхель Астуриас (1899-1974) үлкен үлес қосады.

Латын Америкасының мәдени-тарихи және әдеби панорамасы ерекше сипатқа ие. Ол ибероамерикалық (испан тілді, португал тілді), үндіамерикалық, афроамерикалық, креольдық сияқты түрлі мәдени аймақтарға бөлінеді. Көпте­ген елдердің әдебиетін қамтитын Латын Америкасының әдебиеті өзіндік тарих пен этникалық ерекшеліктерге ие. Португал тілінде сөйлейтін Бразилия, үнді халқы басым Перу, Эквадор, Мексика, африкалық мәдениетке жақын Куба мен Венесуэлла және мәдени элементі жоқ Чили мен Ла-Плата елдері (Арген­тина мен Уругвай, Парагвай) отарлау саясатының құрбанына айналып, кейін еуропалық мәдениеттің әсеріне де ұшырайды. Түрлі этностардан құралған бұл елдердің әдебиеті де түрлі бағытта болады. Өзіндік ерекшелікке ие «сиқырлы» әдебиет уақыт өте келе бүкіл адамзатқа тән өзекті мәселелерді көтере бастады.

Латын Америкасының әдебиетін отарлауға дейінгі және отарлаудан кейінгі әдебиет деп екі кезіңде қарастыруға болады. Егер Солтүстік және Орталық Америкада испандық рең белгілері инк, ацтектер мен маяның бай мәдениетімен сіңісіп, елдің оңтүстігінде абори­гендерді ығыстыру нәтижесінде бос кеңістік қалыптасады. АҚШ экспансиясы Латын Америкасының антимилитаристік бағыт­ты айқындайды. 1910-1917 жылдардағы мексикалық төңкеріс Диастың диктатурасына қарсы бағытталып, бүкіл елді қамтиды. Азаматтық соғыстар мен «генералдық» төңкерістер ұлт-азаттық күреспен қатар жүреді. 1922-1924 ж. Бразилияда болған демократиялық офицерлік шерулер үлкен серпіліс тудырып, Престос бастаған күрес бүкіл елге жайылады. 1929-1930 ж. елде дағдарыс болып, диктаторлық режимдер күшейе түседі.

Латын Америкасының ұлттық әдебиеті испан және португал әдебиеттерінен бастау алып, дамудың ұзақ жолын бастан өткізеді. ХХ ғасырдағы көркем әде­биет­тің ұлттық ерекшелігін сол кездегі ақын-жазушылардың шығармашы­лы­ғынан көруге болады. Осы кезде Габриэль Мистральдің, Пабло Неруданың, Жоржи Амадудың және Хорхе Луис Борхестің есімдері бүкіл әлемге белгілі болады.

Бұл әдебиеттен Еуропаға еліктеуді де, өзіндік ерекше өрнегі бар, қайталан­бас мәдениеті де, романтикалық экзотиканы да көруге болады. Ол арқылы латынамерикалық құбылыстар мен оның ғажайыптығын және жалпы адамзат­тық мәнін терең түсінуге болады.

Латын Америка әдебиетінде түрлі бағыттар мен жанрлар, манифестер дүниеге келеді: кубалық «миноризмнен» (жас әдебиетшілердің радикалды және эстетикалық бағдарламасы) негрлік және әлеуметтік поэзияға дейін; «солтүстік-шығыс» романынан бастап «үнді» романына дейін; коплас пен «корридодан» бастап мексикалық халық поэзиясының дәстүрлі формасына, Гильендінің «сонасына» дейін, Борхестің элитарлы-рафинадталған стилінен Пабло Неруда­ның жанартау тектес поэзиясына дейін мысалға келтіруге болады.

Латын Америка әдебиетіндегі авангардтық бағыт Еуропаның ықпалы арқы­лы пайда болып, Кубада «вангуардизм», Мексикада «эстридентизм», Чилиде «креасьонизм», Аргенти­на­да «ультраизм» формасында қалыптасады. Бұл тәжірибелі поэзия қасіретті ғасырдың философиясына толы «таза өнер» бағдарламасына жақын, онда формалды ізденістерге үлкен зейін аударылады.

Испан–америкалық модернизмнің негізін қалаушылардың бірі никарагуа­лық ақын Рубен Дарио (1867-1916). Ол ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде өзінің өлеңдері мен прозасы арқылы көпшілікке мәлім болып, әдебиеттің дамуына айтарлықтай үлес қосады. 1905 жылы оның «Өмір мен үміт өлеңдері» атты жинғы жарық көреді. Дарио испан тілді поэзияға жаңа өлшемдер мен ырғақ­тарды енгізеді.

Латынамерикалық авангардизмнің теоретигі мен практигі ретінде чилилық Висенте Уидоброны (1893-1948) ерекше атап өтсе болады. Ол Еуропа жазушы­ларының дәстүрле­рімен тығыз байланысты болған. Парижде және Мадридте тұрып, Аполлинар мен Пикассо сын­ды тұлғалармен жақын араласып, өз шығармаларын француз және испан тілдерінде жаза­ды. Висенте Уидобро эквилибрист формасындағы әдеттен тыс ақын болатын. Ол креасьо­низм бағдар­ла­масын жасап, өз шығармашылығында осы бағыттың негізгі қағидаларына сүйенеді. Поэзия сыртқы дүниені емес, ішкі әлемді бейнелеуімен құнды деп санайды. Бұл принциптер Уидоброның «Су айнасы» атты жинағында толығы­мен келтірілгенОның шығар­ма­шы­лығына Аполли­нер айтарлықтай ықпалы етеді. Мұны ақынның «Экватордан» атты өлеңінен айқын байқауға болады.

Уидобро «Рух жаңғыры», «Квадратты горизонт» жинақтары мен «Эйфель мұнарасы» поэмасының және «Аспанды сілкіндіру» повесінің авторы ретінде танымал болады.

Авангардтық ағымның тарихы прозаик, ақын, эссеист Хорхе Луис Борхес­тен бастау алады. Борхес Швейцарияда білім алып, бірнеше жыл Испанияда тұрады. Ол осы жерде бастаған ісін Отанында жалғастырып, «Буэнос-Айрестің аптабы», «Алдымдағы ай», «Сан-Мартина дәптері» атты өлеңдер жинақтары мен бірқатар отандық және әлемдік әдебиетке арналған теориялық еңбектерін жазады. Борхестің әлі жаңа әлем жайлы философиялық тұрғыда астарлы жазылған әңгімелері үлкен жетістікке ие болып, жазушының даңқын әлемге паш етеді. Жазушының прозалық еңбектері бірнеше жылдық үзілістен кейін қайта жарыққа шығады. 30 ж. аргентина әдебиетіне тән жазушы­лардың тарих философиясына деген қызы­ғушы­лық­­тарына белгілі философ Хосе Ортега-и-Гассет мен Герман Кейзер­лингтің Буэнос-Айреске қонақ болып келуі ықпал етеді.

40 ж. бастапқы шенінде жарыққа шыққан Борхестің шығармала­рында ғарыштың кеңдігі, адамның әлсіздігі, уақыт пен кеңістіктің өзара байланысы көрсетіледі. Мамандығы бойын­ша филолог әрі жазушы «филосо­фия­лық ой толғаулар өнер туындыларынан кем түс­пейді» деп, кітапқа ұқсас мәдени үлгілерге зейін қояды. Борхес ғылыми фантастиканың тәсілдерін қолдана отырып, интеллектінің мүмкіндіктеріне күмән келтіреді. Жазушы ақыл­дың құдіретімен ашылған заңдардың орнына қиялдың күшін зерттеп, интеллектіні қауіптен қорғау керек деп ескертеді.

Борхестің прозасы әлемдік әдебиеттің классиктеріне сілтеме жасаумен, философтар мен ғалымдардың еңбектерінен алынған дәйексөздермен құнарланған. («Пьер Ме-нар», «Дон Кихот» авторы, «Кольридж түсі»). Оның әңгімелері ғылыми мақалаларға ұқсас және бірнеше нұсқасымен ұсынылып, адам мінез-құлқының түрлі механизмдерін талдайды, сонымен қатар өздігінен бұзылатын инстинктіні де ой толғауынан өткізеді («Вавилондағы лоторея»). Шығармалардағы детективті сюжет жазушының негізгі мақсаты емес. «Айрылған жол бағы» атты әңгімесінде «Бақ-інжіл кітабы» мифологиялық метафораның құпиясын анықтап, адамның алдын ала болжай алмайтын тағдырын бейнелеу үшін қолданылады. «Алғашқы үлкен қалалық» прозаик Латын Америкасында үлкен құрметке иеленіп, оның ойлау жүйесі мен дүниетанымы ғасырдың соңғы ширегінде әдебиет әлеміне үлкен сілкініс әкеледі. Жазушы көптеген жылдар бойы Аргентинаның ұлттық кітапханасының директоры қызметін атқарады.

Чили ақыны Габриэль Мистраль әдебиет саласында 1945 ж. Нобель сыйлығына иеленеді. Мектепте мұғалім қызметін атқарып, ұзақ уақыт Еуропа мен АҚШ-та дипло­матия­лық қызмет атқарады. «Ажал сонеттері», «Үмітсіздік», «Сезімталдық» атты өлеңдер жина­ғын­да жеке өмірінің қасіретін бейнелейді. Онда махаббат пен анаға арналып әнұран шырқа­лады, сүйгенінен айрылу мен жалғыздық сезімдері байқалады («Сольвейг өлеңі», «Строфа­лар», «Фонтан»).

Мистральдің «Тала» өлеңдер жинағында өлеңдер азаматтық мотивтермен көркемделіп, автор әлем тарихы мен Чили халқының тарихына алаңдайды. Ақын үнді мифтік ойлау поэ­зия­сында аңыз, құдай, түрлі тайпа (инк, майя, кечуа, аймара) батырлары туралы да жазады. Табиғатты жаратқанның құдіретті күші деп, қалыптасқан әдет-ғұрыптар мен мәңгілік даналықтың алдында бас иеді («Тропикалық күнге гимн», «Чили жері»). «…Өмір – алтын нанның тәтті дәмі, махаббат – мәңгілік, зұлымдықтың ғұмыры қысқа…» деген өлең жолдары ақынның өмірге деген құштарлығын байқатады.

Мистраль өзінің «Кредо» өлеңінде биік арман мен сүйіспеншілікке толы жүректің толғауын бейнелейді. Сүйіспеншілікпен егілген нәрсенің жақсылық­пен қаулап өсетіндігін айтады.

Пабло Неруда – Чили ақыны және қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаты, 40 аса кітаптың авторы. Неруданың бастапқы поэзиясында өте нәзік және философиялық лирика, болмыс пен жердің тосын құбылыс­тарына таңданумен қатар герметизмге тән жал­ғыздық, тығырыққа тірелу де бейнеленеді. 1935 ж. Неруда Мадридте Консул қызметін атқарады. Испа­ния­­дағы азаматтық соғыстың әсерінен оның антифашисттік поэзиясы қалып­та­­сады. Неруданың «Ғаламдық ән» атты поэзиялық эпопеясы ақынның бірнеше жылғы шығармашылығының жемісі іспеттес. Ол өз шығармаларында Фашизм­ге, соғысқа қарсы, Чилидегі диктатураға қарсы ойын жайып салады. Пабло Неруда демократия мен әділетті­ліктің белсенді жақтаушысы, ақын, әрі шын­шыл күрескер болған.

Тақырыбы мен жанры бойынша Латын Америкасының прозасы жан-жақты әрі сан алуан. Орасио Кироги, Мигель Анхел Астуриас, Жоржи Амаду, Алехо Карпентьера сынды көптеген беллетрист жазушылардың шығармашылығы 60-шы жылдардағы латынамерикалық романның дамуына айтарлықтай әсер етеді.

Орасио Кирога (1878-1937) – уругвайлық жазушы, қысқа әңгімелер жазу­дың асқан шебе­рі. Ол шығармашылық жолын декаденттік поэзиядан бастайды, оның детективті-фан­тас­ти­калық әңгімелерінен Эдгар Поның ықпалын байқауға болады («Бөгденің қылмысы», 1904). Орасионың «Сүйіспеншілік, ессіздік және ажал жайлы әңгімелер» деп аталатын ең жақсы әңгімелер жинағынан жазушының психопоталогияға қызығушылығын көреміз. Ол тропикалық ормандар мәселесіне алғашқылардың бірі болып зейін аударады. Осы тақырыпта «Сельва ертегілері», «Анаконда», «Шөл» әңгімелері жоғары бағала­нады. Оның шығармашы­лығынан жазушының жаңа типтегі құжатты–натура­листік прозадан романға ауысқанын көре аламыз.

.

«Каудильо көлеңкесі» атты роман 30-шы жылдары халық арасында кең таралып, үлкен сұранысқа ие болады. Бұл кітаптың авторы Мартин Луис Гусман (1887-1976) өзінің саяси романында каудильизм тақырыбын көтереді. Каудильизм тақырыбы кейін де латынамери­калық әдебиетте өз жалғасын табады.

Билік үшін диктаторлық күрес Мигель Анхел Астурисаның «Сеньор Президент» атты романының негізгі өзегі болады. Астуриас Гватемаладан шыққан. Оның шығармашылығы­нан латынамерикалық мәдениетке тән саяси еркіндікті іздеу формасы айқын байқалады. 1933 ж. жазылған роман тек 1946 ж. бастап мәлім болады. Ол Гватемалада демократиялық үкімет орнаған соң мүмкін болған. Жазушы романда жасаған диктатор бейнесі арқылы отандық және Латын Америка тарихында болған барлық диктаторларға тән қасиеттерді шебер бейнелейді. Бұл бейненің әмбебаптығы «Апта, ай, жыл» романында көрсетіледі. Кейінгі көптеген латынамерикалық жазушылар бұл тақырыпты өз шығармаларында одан әрі жалғас­тырады. Астуриастың проза поэтикасының қалыптасуына оның көркем тілі мен ежелгі мәдениетке деген қызығушылығы едәуір әсер етеді. Астуриас Сорбон­нада білім алып жүргенде ежелгі жануарлар мифологиясын зерттей бастайды. Сол кезде жазушы «Пополь – Вух» халықтық эпосты испан тіліне аударды. Парижде оның «Жұлдыз сәулесі» атты поэтикалық еңбегінің «Гватемала аңыздары» деп аталуы кездесоқтық емес. Бұл шығарма Мадридте жарық көріп, жас жазушының ұлттық мәдениетке, мифологияға деген асқан қызы­ғу­шылығын көрсетеді. «Маис адамдары» романы үндістердің фантастикалық дүниетанымы мен дәстүрлеріне негізделеді. Бұл миф сюжетсіз баяндалып, патриархалдық қоғамдағы өмір сүру салты мен отарлаушылырдың әкелген бөтен салттардың қақтығысын сипаттайды. Астуриас шындық пен қиялды шебер үйлестіре отырып, үндістердің Гаспар Илом бастаған соғысын көркем суреттейді. Миф арқылы үнді халқының бастан кешірген қайғы-қасіретін көрсетеді.

Жазушы өзінің «Мулат әйел» (1963), «Моладрон» (1970) және «Әуесқой құс» (1972), сонымен қатар «Ида Сольдің айнасы» (1967) атты шығармала­рында өз елінің мәдениеті мен өткенін сөз қылады. Астуриастың шығармашылығы жылдан-жылға кеңейе түседі. Романдардағы миф бүкіл әлемге танымал болады. Аструиас осындай тәсілдерді қолданып, Латын Америка дәстүрле­рін толық ақтайды. Жазушы үндістердің мәдениетіне ене отырып, онда қазіргі заманда орын алған өзекті мәселерді қозғайды. Сонымен қатар ол жаңа заманға оралып, миф мүмкін­діктерін пайдалана отырып, жалпы заңдылықтардың бүге-шүгесіне дейін көрсетеді. Ол түрлі дәуір­лер мен кезеңдерді біріктіре отырып, жеке мәселелерден жалпы адамзаттық өзекті мәселелерге көшеді.

50 жылдары Астриуас «Бананды трилогия» идеясын бастайды. Онда Орталық Америка елдеріндегі империализмнің билігі көрсетіледі. Трилогияның алғашқы романы «Боранда» (1950) ауылшаруашылық жұмысшылары мен ұсақ жер иеленушілердің ауыр өмірі мен олардың америкалық банан компаниясы «Тропикаль Плантанер» туралы айтылады. Романның басты кейіпкері Жасыл Лапа банан компаниясын басқарады. Шығарманың соңы ерекше аяқталады. Үнді сиқыршысы Чама дауыл шақырып, банан плантацияларын жойып, «Тро­пи­каль Плантанер» жүйесінің іргесін босатады.

Астриуас өзінің «Жасыл Папа» (1954) романында ХХ ғасырдағы авантю­ристер мен флибустердің бейнесін үлкен шеберлікпен көрсетеді. Жасыл Папа америкалық жергілікті тұрғындардың арасында бүлік шығарумен айналысады. Ол «Тропикаль Плантанердің» президенті болады. Аустриуас оны «чек кітапшасы мен қонжықтардың серісі» деп атайды. Бірақ Мейлер Томпсонның тримуфы қайғылы билік үшін күрес жолында сүйікті қызы Майариден, кейін әйелінен, ал трилогияның соңғы бөлімінде өзінің мұрагері немересінен айрылады. Күйзеліске ұшыраған кейіпкер соңында өлімге ұшырайды. Астириуас өзге шығармаларындағыдай «Жасыл Папа» романын ауыз екі тілге жақын тірі тілмен жазып, көптеген диалогтар мен стилистикалық қайталау­ларды да келтіреді, Гватемалла үндістерінің поэтикалық сөздігіне сәйкес лексиканы қолданады. Шығарманың кейіпкерлерінен қарапайым адамдарды да, ертегідегі сиқыршы адамдарды да (Чипо, Чама, Почоте Пуак) көруге болады.

«Көмілгендердің көздері» (1966) трилогиясының қорытынды бөлігінде өзінің атауындай үндістердің айтуы бойынша көмілген адамдардың көздері жерде әділдік орнағанша ашық жататыны айтылады.

Карпентьер Больмант — Куба жазушысы, ақын, эссеист, музыкант әрі қоғам қайраткері. Ол Гаванада «интернационал» отбасында дүниеге келген. Оның әкесі француз, ал мамандығы бойынша архитектор, ол Гаванадағы көптеген атақты ғимараттарды салған. Анасы Бакуде туылған орыс, музыкант; Карпентьердің нағашы атасы белгілі орыс ақыны Константин Бальмонттонның әкесінің ағасы болған. Куба жазушысының толық фамилиясы­ның Карпентьер Больмант болуы да кездейсоқ емес. Карпентьердің ата-анасы бір-бірімен Швейцарияда танысып, үйленгеннен кейін Кубаға көшіп келеді. 1913 жылы Карпентьер алғашқы жазба жұмыстарын бастайды, ал әдебиет жолын 1921-1922 жылдары Гавана баспасында журналистика қызметінен бастайды. 1930-33 жылдары елде орын алған төңкерістің жүрегіне айналып, Хуан Маринелломен достасады. Ол ақын, сыншы, сонымен қатар «минорист», кейін жұмысшылар мен комму­нистер қозғалысының белсенді мүшесі, социалистік Кубаның көрнекті қоғам қайраткері болады.

Полицияның үздіксіз бақылауынан шаршаған Карпентьер сол кезде Гавана­да жүрген жас француз ақыны Робер Десностың көмегімен Кубадан Францияға қашып кетеді.

Карпентьердің жазушы болуына оның 1943 жылғы Гаити мен 1947-1948 жылдардағы Венесуэллаға сапары айтарлықтай әсер етеді. Оның Гаитиге сапары «Жер патшалығы» (1949) романында көрініс табады. Бұл шығарма Латын Америкасының «жаңа» романы атанып, әлемдік сұранысқа ие болады. Екінші сапарының қорытындысы ретінде «Жоғалған іздер» (1953) атты романы дүниеге келеді. Онда автор Латын Америкасында орын алған түрлі тарихи кезеңдер туралы айтады. Карпентьер «Жер патшалығы» романында 18-19 ғасырлары Гаитиде болған төңкеріс пен негрлердің түйсігіне сәйкес мифологиялық апаттар туралы жазады. Латын Америкасының «Керемет шындығын» ашып, халықтың шынайы өмірін, күнделікті тұрмыс-тіршілігін мифологиялық тұрғыда керемет суреттейді. Осы жердегі тайпалардың тұрмысы, әсем әрі үйлесімді халық фантастикасы иррационалды хаосқа жүгінетін түйсікте туындаған қараңғы және ұрықсыз «Кереметке» қарсы тұрады. Карпентьер Латын Америкасы өнерінде байқалған халықтық мифологиялық–фантастикалық кәсіби өнерінің «Үзіндісін» көрсетеді. Осылайша, Карпентьер тұжырымдамасы мен Латын Америкасының шынды­ғына негізделген жаңа әдіс дүниеге келеді.

1959 ж. Карпентьер Куба революциясының жеңісінен кейін Венесуэлла­дан Отанына қайта оралып, өмірінің соңына дейін елінің қоғамдық өмірі мен жаңа құрылымы үшін белсенділік танытады. Ол кітаптар фестивалін ұйымдас­ты­рып, мәдениет саласындағы Ұлттық Кеңес хатшысының орынбасары, 1966 жылдан бастап Франциядағы Куба елшілігінде мәдениет кеңесшісі, халық үкіметінің Ұлттық Ассамблеясы елдің жоғары заң шығару органының депутаты болып, Кубаның ұлттық баспа орталығын басқарады.

Жазушы жоғарғы айтылған шығармаларынан басқа да көптеген жоспарлы тарихи романдар («Білім ғасыры», 1962) жазған. Онда Латын Америкасы дамуының арнайы тарихи мәселелері сөз болады. Жазушының қорытынды шығармасы болып табылатын «Барокко» (1974) атты еңбегі терең мәдени философиялық идеяла­ры­мен ерекшеленеді.

Алехо Карпентьер (1904–1980). Жазушы өз шығармашылық жолын еуропалық өнер­дегі авангардтық бағытпен бастайды. Бірақ 40-жылдардан бастап латынамерикалық конти­нент тарихына бет бұрып, оның шығармаларындағы мәселелер реализмге қарай бағыттала­ды.

Карпентьер тарихи мәліметтерге сүйене отырып, дұрыс жолды таңдай білді. Оны Еуропада болып жатқан оқиғалар мен қандай-да бір жаңалықтар, ондағы халықтың жағдайы мен басқа да елдерде орын алған оқиғалар қызықтырады. Оның «Ағартушылық ғасыры» (1962) атты романындағы оқиғалар шеңбері ХYІІІ-ХІХ ғасырларды қамтиды. Саяси режим­дер­дің ауысуы романның басты кейіпкері Юга Виктордың өз тұжырымдарын өзгертіп, яко­бин­дік террорға жақындауына әкеліп соқтырады.

«Теріс әдіс» (1974) романының мәтінінде бет перденің тұрақсыздығы сөз етіледі. Онда А. Карпентьер диктатордың өзіндік бейнесін көрсетеді. Ол арқылы автор саяси көзқарас­тар­дың тұрақсыздығы мен қоғамда орын алған сенімсіздікті көрсетеді.

Карлос Фуэнтес (1928) — 1962 жылы жарық көрген «Артемио Крустың өлімі» атты еңбегі арқылы әлемге танылған ең ірі мексикандық прозаик. Бұл шығарманың жазылуына Л.Н. Толстойдың «Иван Ильичтің өлімі» атты дастаны ықпал етеді. Бұл еңбекте бұрынғы революционер әрі бай адам өлер алдында өзінің жасаған қылмыстары мен сатқындықтарын еске алады. Ол еш өкінбейді, тек өткен өмірін еске түсіреді. Бірақ әңгімені баяндаушы немесе автор оның әркеттерін өткер сынға алады. Шығармада оқырмандардың өзіндік талдау жасауы түрлі айғақтар келтіріледі. Шығарманың соңында басты кейіпкер балаларының байлық пен мұрагерлік үшін бірін-бірі өлтіруге дейін баратын­дығын көргенде, өз өмірінің мәнсіз өткендігін түсінеді.

К. Фуэнтестің нақты тәжірибелерге деген қызығушылығы «Екі жүзді» (1967), «Қасиетті аймақ» (1968), «Терра ностра» (1975), «Өртелген су» (1981) атты еңбектерінен байқалады. Ол аталған шығармаларында жазушының шындықты елемей, қиялдарын еркін жеткізуге құқықтары бар екенін айтады.

К. Фуэнтестің тағы бір ерекшелігі ретінде оның детективті жанрды жазуға жақын болуын айта аламыз. Оған мысал ретінде жазушының «Гидраның басы» (1977) атты шығармасы келтірсек болады.

Марио Варгас Льос (1936) өзінің алғашқы шығармаларынан-ақ тәрбие мәселесіне қатты көңіл бөлген. «Қала және иттер» (1963) атты романында оқиға Перудың астанасы Лимде орын алады. Шығарманың басты кейіпкерлері болашақ жазушының өзі білім алған әскери кадет училищесінің түлектері. Мұнда мықтылар әлсіздерді басып озып, бірін-бірі аңдумен болады. Автор кадет студенттерінің бір-біріне қарсы келетін түрлі пікрірлерді баяндай отырып, оқырман қауымға өзіндік тұрғыдан баға беруді ұсынады.

Автордың «Хулия тәтей және жазушысымақ» (1977) атты автобиографилық романы халық арасында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Шығарманың бас кейіпкері жас жазушы үлкен табысқан жеткен радиоопералар жазады. Драматург мәнсіз қайдағы жоқ оқиғаларды жазған сайын оның табынушылары да көбейе түседі. Тек Хулия тәтей ғана оған үнемі қарсы пікір айтып, оны үнемі келеке етеді. Бұл романның ерекшелігі ретінде оның қалжынға негізделіп жазылғанын айтуға болады. Ал мұндай шығармалар латынамерикалық жазушыларда көп кездесе бермейді.

Жорж Амад (1912-2001) да қалжыңды ұнататын жазушылардың бірі болғанымен, оның өмірі мен ғылым жолы қайғылы өтеді. Жазушы-коммунист 20 жыл бойы қуғын-сүргінге ұшырайды. Ол тек 1958 жылы ғана өз отаны Мексикаға қайта оралып, алғаш туындыларында халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнделікті өмірі жайлы жазады. Ол «Жалған мансаптағы гене­ралдар» (1939) атты еңбегімен әлемге танымал болады. Автор өзінің еңбегінде ұрлыққа, тіпті өзін де құрбандық етуге дайын қаңғыбас жеткіншектер мен кедейлерді суреттейді.

Авордың құнды шығармалар қорын «Дона Флор және оның екі күйеуі» (1969), «Қарсыласудан шаршаған Тереза Батиста» (1972), «Агрестадаға тәтей­ге» (1976), «Ұрланған қасиет» (1989) атты еңбектері толықтырады.

Хорхе Луис Борхес Буэнос-Айресте дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезін­де ол ата-анасымен бірге Швейцарияға көшіп келеді. Ал 1919 жылы Борхес Мадридке келіп, екі жылдан кейін өз отанына қайта оралады. Ол бірнеше тілді меңгеріп, батыс мәдениетімен жақын танысады.

Буэнос-Айресте Борхес Ұлттық кітапхана қызметшісі болып, университетте дәрістер оқиды, аудармамен айналысып, көбіне ағылшын тілімен жұмыс істейді. Ол қоғам өміріне белсене араласпағанымен де, уақыт өте келе баспасөздерде өзінің саяси көзқарасын білдіре бастайды. Оның айналасында­ғылар Борхес туралы үнемі кері пікірде болған. Бірақ көптеген еуропалық марапаттарға ие болған Борхес өз елінде халық сүйіп оқитын жазушы бола алмайды. Борхес өз шығармашылығын алғашында метафораларға жүгіне отырып, ақын-тәжірибеші ретінде бастайды. «Сыбайлас» атты өлеңінде автор қайғы мен қуаныштың, зұлымдық пен жақсылықтың бірлігі туралы ой қозғайды. Борхес проза жазуда да өзінің ақындық қағидаларынан бас тартпайды. Оның туындылары қысқа, мазмұны тұрғысынан детективті болып келеді. Борхес өзінің «Соқпақ жолдағы бақ» атты әңгімесін детектив жанрына негіздеп жазған. Мұнда Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында орын алған оқиғалар мен германдық және ағылшындық тыңшылардың арасындығы тайталастар туралы айтылады.

Детективтік жанрда жазылған Борхестің «Эмма Цунц» атты әңгімесінде өзінің әкесі үшін кек алу жоспарын жүзеге асырған қарапайым қыз туралы айтылады. Эмма әкесінің абыройы үшін өзінің абыройынан айырылады, сол арқылы өзінің жазықсыздығын дәлелдейді. Борхес өзінің кейіпкерлерін екі топқа бөледі: ой адамы және еңбек адамы. 40-50 жылдары жазушы көбіне еңбек адамдарын таңдайтын.

Борхестің туындылары ғылыми мақалаларға жақын келеді. Себебі онда беделді адамдардың еңбектерінен көптеген үзінділер келтіріп, оларға сілтемелер жасап отырады. Ол өз шығармаларында түрлі тақырыптарда даула­сады. Автор Минотавр туралы аңызыға сүйене отырып, «Астерия үйі» атты әңгімесінде адам тектес бұқаның бостандыққа деген құлшынысын көрсетеді. «Иудаға жасалған сатқындықтың үш нұсқасы» атты әңгімесінде ол Христостың шәкірті жасаған сатқындықты ақтап, керісінше ол өзінің ұстазының құдіретті­лігін дәлелдегендігін баяндайды. Луис Борхестің мақсаты жаңа бір шындықты алып келу емес, оқырмандарға кейбір дау тудырмайтын мәселелер туралы ой тастау болды. Осы тұрғыда ол жетістіктерге де жетті.

Хулио Кортасар (1914-1984) – Борхестің ізін жалғастырушы. Ол Брюссель­дегі аргенти­на­лық жұмысшы отбасында дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ата-ана­сымен бірге Отанына қайта оралады. Болашақ жазушы Буэнос-Айрос университетінің әде­биет және философия факультетінде оқыған. Кейіннен бір провинцияда мектеп мұғалімі болып қызмет етеді. Осы кезден бастап ол өлеңдер жаза бастаса да, өз еңбектерін жарияла­май­ды. 1946 ж. Аргентинада билік басына Хуан Доминго Перон келген кезде Корта­сар оған қар­сы шыққан күштерді қолдап шеруге қатысады. Әскери-полицейлер шеруге қаты­су­шы­ларды қуғынға ұшыратады да, нәтижесінде Кортасар Отанынан кетуге мәжбүр болады. 50 ж. басында Кортасар Парижде тұрып, саясатпен айналыспаса да, өз шығармала­рында тотали­тар­лық жүйені әшкере­лейтін. Мысалы, жазушы өзінің «Кіші жұмақ» атты шығарма­сында билік басында генерал Орангу болған латынамери­калық елді сипаттайды. Онда адам­дар өздерін бай, әрі бақытты сезінуі үшін тұрғындарының денесіне кішкентай алтын балықтарды енгізеді.

Хулио Кортасардың 1946 ж. жарыққа шыққан «Басып алынған үй» атты шығармасы халық арасында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Бұл шығармадан Эдгар Поның ықпа­лын байқауға болады. «Эшерлер шаңырағының құлауы» атты шығармадағыдай мұнда да дәулетті әрі танымал болған ересек ағасы мен қарындасы туралы айтылады. Кенеттен келген бейтаныс жандар олардың тыныш та, бір қалыпты өмірлерін бұзып, нәтижесінде оларды өздерінің үйінен қуып шығады. Кортасар үнемі табиғат пен әлемдегі ерекше және қауіпті нәрселерге көп мән береді.

Автордың «Басқа аспан» атты еңбегінде ХХ ғасырдың 30 жылдары Париж қаласында өмір сүріп жатқын қарапайым аргентиналық азамат қиялында ХІХ ғасырдың 70 жылдарына саяхат жасайды. Кортасардың кейіпкері басқа адам­ның өмірімен өмір сүруге қатты құштар болады. Оның бұл арманы кейіпкердің қиялында жүзеге асады.

1960 жылы автордың «Ұтыстар» еңбегі жарық көрсе, кейіннен «Малькольм», ал 1963 жылы «Классик ойыны» атты романы басылып шығады. Соңғы шығармасында ешқандай жұмыс істегісі келмейтін жалқау Оливейро туралы баяндалады. Ол бір мамандықты таңдау өмірдегі басқа мүмкіндіктерден бас тарту деп ойлайды. Оливейро өзі сияқты түрлі елдерден келген Париждегі кезбелердің «Жыландар клубын» құрады. Автор өзінің кейіпкеріне сын көзбен қарайды. Бұл жерден Кортасардың шығармашылығындағы постмодернисттік тенденцияларды байқауға болады.

Габриэль Гарсиа Маркес (1928) латынамерика әдебиетінде маңызды орынға ие. Нобель сыйлығының иегері (1982), колумбиялық жазушы Оңтүстік Африкадағы өркениеттің қалыптасуының жалпы заңдылықтарын нақты тарихи деректер арқылы шебер көрсете біл­ген. Автор кейін Колумбияның президенті болған (1819-1830) Симон Боливардың басшылы­ғы­мен өткен тәуелсіздік үшін күрес туралы мәліметтердің жинақтап, ежелгі халықтардың наным-сенімдері мен Еуропа мәдениетін үйлестіріп, ұлттық ерекшеліктерді аша отырып өз халқының ұлы эпосын жасады. Жазушы нақты деректерге сүйене отырып, Латын Америка­сын дүр сілкіндірген азамат соғысының қайғылы тұстарын баяндайды.

Жазушының туған жылы ереуілдерге шыққан жұмысшылардың қанды қырғыны болған кезбен тұспа тұс келеді. Ол Атлантика жағалауындағы Аракатака деген қалашықта әскери жанұя­да дүниеге келген. Боготеда заң факультетінде оқып, баспасөзде жұмыс істейді. Кор­рес­пондент ретінде Рим және Париж қалаларында болады. 1957 ж. Халықаралық жастар мен студенттердің фестивалінде Мәскеуге сапар шегеді. 60-шы жылдардың бас кезінде Маркес Мексикада тұрақтайды.

Ең алғашқы туындыларын 20 жасында жариялай бастаған. Оның ең үздік жазылған шығар­ма­ларының бірі «Полковникке ешкім де жазбайды (1958)» атты дастаны үлкен жетістікке ие болады. Маркестің өзі оны әлі күнге дейін ең үздік шығарма деп есептейді. Бұл шығармада азамат соғысының батыры өзіне тағайындалған зейнетақы­сын 20 жыл бойына күтеді. Оның зейнетақы алу үшін жасаған еңбектері ақталмай, бұл күресте полковниктің саясы қарсыластар жеңіске жетеді. Полковник пен оның жұбайы үкіметке қарсы сөздер жазғаны үшін атылып кеткен баласының өліміне қайғырады. Бірақ сырқаттанған қарт баласының естеліктерімен және әділеттіліктің бір күні орнайтынына деген сеніммен өмір сүреді.

Дастанда бұл оқиға Колумбияның Макондо деген кішкентай қалашығында орын алады. Кейін автор 1967 жылы «Жалғыздықтың 100 күні» романын жазып шығарады. Егер «Пол­ков­никке ешкім жазбайды» атты шығармадан Э. Хемингуэйдің ықпалын байқасақ, «Жалғыз­дықтың 100 күні» романынан У. Фолкнердің әсерін көре аламыз. Онда оқиға Буэндиа және Хосе Аркадио негізін қалаған, әлемдік орталықтардан оқшауланған Макондо қалашығында өрбиді. Автор Макондода болған оқиғалардың басқа да жерлерде орын алатын жағдай екенін көрсетеді. Жақын екі ағайындының арасындағы бауырлық байланыстар болғанымен, Ама­ран­та­ның ағасының жұбайына деген қатігездігі оны қылмыс жасауға итермелейді. Ал жанұя ошағының мықтылығы соншалықты, тіпті Хосе Аркадио мен Ребеканың арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсті. Олар отбасын құрып, ата-баба дәстүрін берік ұстанғандарын дәлелдейді.

Шығармадағы эпикалық кейіпкер бейнесінде полковник Аурелиано Буэндиа­ны ерекше атап өтсек болады. Ақын, қарапайым зергер өз шеберхана­сын, сүйікті ісін тастап, соғыс майданына аттанады. Оған не себеп болды десек, оған бір ғана түсінік беріледі: тағдырдың жазғаны солай болған. Ол өзінің өмірдегі міндетін түсініп, оны жүзеге асырмақша болады.

Аурелиано Буэндиа өзін азаматтық және әскери басшы, кейіннен полковник деп жариялайды. Шынында ол нағыз полковник емес-ті, оның қол астында бар жоғы 20 жігіт болған. Маркес саясат пен соғыс туралы жазғанда фантастика мен гротеск тәсілдерінен бас тарпастан, саяси апаттарды бейнелеуде нақтылық пен шынайылыққа ұмтылады. Полковник Аурелиано Буэндиа бұл дастанда жан-жақты суреттеледі. Оның қызметкерлері мен айналасындағылар оны батыр деп санайды, ал анасы полковникті халқы мен жанұясын құр­дымға кетіретін қанішер көреді. Қаншалықты батыл, әрі батыр болса да оның айтқан бір сөзі үшін полковниктің барлық балалары бір мезетте көз жұмады.

Ол либералдарды басқарып, кейіннен жақтастарының да өзінің жауларынан ешқандай айырмашылығы жоқтығын түсінеді. Барлығы тек билік үшін, жер үшін күреске шығады. Билікке қол жеткізіп, полковник Буэндиа өмірін мәңгілік жалғыз өткізуге мәжбүр болады. Ол бүкіл Латын Америкасын қамтитын төңкеріс жасауға ұмтылады. Маркес төңкеріс оқиға­ларын тек бір ғана қалашықпен шектейді, онда түкке тұрғысыз нәрсе үшін көрші өз көршісін, ағасы інісін өлтіруге деін дайын. Маркестің ойынша, азаматтық соғыс -ағайындылардың бір-бірін өлтіру.

Пауло Коэльо (порт. Paulo Coelho) — атақты Бразилия жазушысы. Ол 1947 жылы 24 тамызда Рио-де-Жанейрода дүниеге келген. Оның көптеген әнгімелер жинағы жарыққа шық­қан. Ол Ресейде ұзақ уақыт бестселлер шығармалардың алғашқы ондығында тұрған «Алхи­мик» басылымынан кейін әлемге танылады. Бұл шығарманың барлық тілдердегі жалпы тиражы 60 миллионға дейін жетеді. Коэльо үлкен атақ-даңқ пен асқан құрметке ие болып, толық қорлануды да басынан кешіреді.

Ол Рио-де-Жанейродағы инженер Педро мен Лижии Коэльоның үлгілі отбасында дүниеге келген. Жеті жасында Әулие Игнатии Лойолдағы иезуит мектебіне жіберіледі. Осы мектепте жүргенде оның кітап жазуға деген қызығушылығы пайда болады. Пауло Коэльо­ның жазушы болу арманы орындалмай, отбасының қалауы бойынша Рио-де-Жанейро уни­вер­си­тетінің заң факультетіне оқуға түседі. Бірақ көп ұзамай оқуды тастап, журналистикамен айналысады. Оның отбасы мүшелерімен арасындағы жанжал күн санап өрши түсіп, ақы­рында 17 жасар Пауло психиаторлық клиникадан бірақ шығады. Электрошокпен емдеу оның өз-өзіне деген сеніміне ықпал ете алмайды. Кейін ол клиникадан қашып шығып, біраз уақыт жалғыздықта басынан кешіріп, кезбе атанады.

1970 жылы Мексика, Перу, Боливия, Чили, Еуропа мен солтүстік Африкаға саяхат жасайды. Екі жылдан соң Коэльо Бразилияға қайта оралады, әндерге өлең жаза бастайды, бразилиялық атақты орындаушы Рауль Сейшастың орындуында оның әндері ел арасында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Өзінің берген сұхбаттарында жазушы сол уақытта ағылшын мистигі Алистер Кроулидің еңбектерімен танысқанын айтады. Ол Коэльоның шығармашылығы айтарлықтай әсер етеді. Ол тек музыка саласында емес, сонымен қатар Минас–Жирайс штатында анархистердің «Альтернативті қоғамын» жасау жоспарына да ықпал етеді. Ол Кроулидің «Ойыңа келгенді жаса — заң осындай» деген сөздеріне негізделеді. 1964 жылғы төңкерістің нәтижесінде билікке келген бразилия әскерлері бұл жобаны құпта­май, топтың барлық мүшелерін қамауға алады. Коэльо мен Сейшасты түрмеде қинағаны да белгілі. Бірақ Коэльоның өткен өмірі оның бостандыққа шығуына себеп болып, оны есінен адасқан деп түрмеден босатады.

«Валькирияда» көрсетілген құбылыстан соң Коэльо елінен кетіп, кейінірек Голландияда оның өмірін өзгертіп, христиан дініне өмірін арнауға себеп болған тұлғамен танысады. Ол RAM деп аталатын католик тобына мүше болады. 1986 жылы ол ежелгі испан қажыларына тиесілі Сантьяго жолымен жүріп өтеді. Жазушы бұл туралы өзінің «Сиқыршы күнделігі» атты еңбегінде жазады.

.

Пауло Коэльоның кітабы әлемнің 15 елінде 67 тілге аударылған. Ол көптеген елдердің түрлі әдеби сыйлықтарына ие болады. Мысал ретінде Франция­да алған «ha hegion d’Honneur» мен Италияда алған «Grinrane CaYour» атты сыйлығын келтіруге болады. Оның «Алхимик» новелласы Борхестің «екі қиялшылдары» негізінде жазылған. Негізгі сюжеті Аарне Тоипсон Утердің фольклорлық сюжеттерінің классификациясы бойынша 1645 жылы жарыққа шыққан «Үйдің байлығы» атты еңбектен алынған. Басты кейіпкер – Андалу­сияда тұратын бақташы Сантьяго. Бір күні ол түс көреді. Бұл түс бақтышыны Египет пирамида­ларына барып алтын қазынаны іздеуге итермелейді. Сыған қызы оның түсін жорып беріп, табылған қазынаның оннан бір бөлігін беруді сұрайды. Жолда ол қария Мельхидесекті, Салиман патшаны кездестіреді. Салиман патша оған жолдағы қиыншылықтарды жеңуге көмек болатын екі тасты (Урим және Туммим) сыйға тартады. Сантьяго қойларын сатып, Египетке жолға шығады. Көптеген шытырман оқиғаларға тап болып, ақырында Алхимикті кездестіреді. Алхимик оны өзін-өзі тануға және әлемді терең түсінуге үйретеді. Кейін Фатимаға ғашық болып, қазынаны тауып, тағдырдың сынақтарынан да өтеді. 2002 жылы Португалиядағы «Журнал ди Летраш» атты журналда португал тілінің даму тарихында жазылған кітаптардың ішінде ең көп таралған еңбек ретінде Пауло Коэльоның осы шығармасын көрсетеді. Бұл шығарма тіпті Гиннесс рекордтар кітабына да енеді. Шығарма әлемнің 41 тіліне аударылып, жалпы тиражы 11 миллион данаға дейін жетеді. Коэльоның табынушысы Лоуренс Фишборн осы шығарманың негізінде фильм түсіреді. Оның 2005 жылы жарық көрген «Заир» новелласы Иранда жарыққа шыққан кейін 1000 көшірмесі тәркіленеді.

Оның осындай жетістіктеріне қарамастан көптеген Бразилия сыншылары оны қарапайым жазушы деп есептейді. Кейбіреулер оның еңбектерін «коммерциялық» рынокқа бағытталған деп айтады. Оның Бразилия әдебиетші­лерінің академиясына қабылдануын көптеген бразилиялықтар құптамайды. Белгілі орыс тележүргізушісі және сценарист Авдотья Смирнова ол туралы былай деген: “Әдебиетті сүйіп оқитын оқырманның жиіркенішін туындыратын Коэльо еңбектерінің басты ерекшелігі онда не бір әзіл, не бір күлкі, не бір өтірік жоқ. Соған қарамастан осы байсалдылық Коэльоны осындай атақты жазушы етті.”

Пауло Коэльоның еңбектеріне «Қажылық» немесе «Сиқыршы күнделігі» (1987), «Алхи­мик» (1988), «Брида» (1990), «Валькирии» (1992), «Мактуб» (1994), «Рио-Пьедра жағажайы­на отырдым да жыладым» (1994), «Бесінші тау» (1996) сияқты шығармаларын жатқызуға болады. Латынамерикалық жазушылар тарих пен мифтің, эпикалық дәстүр мен авангардтық ізденістердің, реалисттердің психологизмі мен испандық барокконың түрлі баяндау тәсілдерін шебер үйлестіре отырып, үлкен жетістіктерге жетті.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.