Лексикалық бірліктерді іріктеу ұстанымдары

Главная » Рефераттар » Лексикалық бірліктерді іріктеу ұстанымдары

Жеделдете оқыту кезеңдерінде жаңа лексикалық материалдың көлемі күн санап молынан енгізіліп отырады. Алғашқы меңгерген ақпарат пен кейінгі үйренген лексикалық бірліктер бірін-бірі толықтырып, сөздік құрамда үздіксіз қолданысқа түсу барысында тіл үйренушінің меншігіне айнала береді. Қазақ тілін жеделдете оқыту тілдік және сөйлеу материалдарының ішінен әр деңгейге сәйкес тіл үйренушіге ең қажетті минимумды сұрыптап алуды  талап етеді. Мемлекеттік қызметшілерге тіл үйретуде ең қажетті деген лексикалық деректерді барлық ғылыми-әдістемелік талаптарға сай дұрыс іріктеу жеделдете оқытудың соңғы нәтижесіне неғұрлым жылдам қол жеткізуге үлкен ықпал етеді. Бұл мәселеге қатысты зерттеу еңбектерге назар аударар болсақ, ғалым К.Жақсылықова жоғары оқу орындарының орыс тілді аудиторияларында қазақ тілін оқыту үшін қазақ тілінің лексикалық материалдарын сұрыптау ұстанымдарын анықтап, оларды оқулықтарда тиімді берудің төмендегідей жолдарын көрсетті: «1) Сөздің қолданылу жиілігі. 2) Сөздің жеңіл-қиындығы. 3) Сөздің тілдің дыбыстық ерекшелігін қамтуы. 4) Сөздің тақырып қажетіне сәйкестігі. 5) Сөздің тіркесу қабілеті. 6) Сөздің синонимдік қасиеті. 7) Сөздің сөз жасамдық қабілеті. 8) Екі тілге ортақ сөздерді санатқа кіргізбеу. 9) Сөздің оқушының психофизиологиялық ерекшеліктеріне сәйкестігі» [36, 71 б.].

Ф.Оразбаева қазақ тілінің активті және пассивті сөздік қорын интуициялық, статистикалық, әдістемелік, лингвистикалық ұстанымдарға сай іріктеудің жолдарын қарастырды, сонымен қатар лексикалық бірліктердің ішінде тұрақты сөз тіркестерін оқыту мәселесіне ерекше тоқталды [34, 191-200 б.]. Қ.Қадашева қазақ тілін оқыту әдістемесінде лексикалық бірліктерді деңгейлерге сай іріктеу мәселесін алғаш қарастыра келіп, олардың стильдік шектелуінің болмауына, сөз тіркесінің құрамына ену қызметіне, қайталау жиілігіне назар аудару керектігін айтады [35, 116 б.]. Атап өткеніміздей, қазақ тілін оқыту әдістемесінде лексикалық бірліктерді іріктеу мәселесі ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттелген десек те, мемлекеттік қызметшілерге жеделдете деңгейлік оқыту тұрғысынан алып қарастырған кезде, бұл мәселенің басы ашылмай жатқан бірнеше өзекті тұстары ортаға шығады.

Жеделдете оқытудың толық курсының әр деңгейінде 1200 бірлікке дейін лексикалық материалды меңгеруге болады. Максимум 3000-3500 лексикалық бірлік шамасындағы оқу материалының көлемі толық бір жеделдете оқыту курсының мақсаттарын жүзеге асыруға қажеттілікті өтейді деп есептеледі.

.

“Оқытудың бастапқы кезеңінде жеделдету ұстанымы тіл мен сөйлеудің өз табиғатымен шарттас болып келеді. …Тіпті үш-төрт сөзден ғана тұратын ең қарапайым фразаны түсініп оқып, айта алу үшін, қалыптасқан стереотиптердің болуын ескермеген күннің өзінде, өте көп ақпарат қажет. Оқу сағаттары мен үйренушінің қуат-күштерін ұзақ уақыт аралығына тең бөліп тастау ең қарапайым коммуникативтік актілердің өзін өте кешіктіреді. Сондықтан оқытудың бастапқы кезеңін барынша жеделдетіп өткізу дұрыс және қажет болып есептеледі” [230, 38 б.]. Соған байланысты, жеделдете оқыту технологиясы лексиканы шетінен беруді қолдамайды, себебі адам қабілеті үлкен деген қағидаға сүйенеді. Жеделдете оқытудың ең алғашқы күндерінен бастап әр сабақта жүзге дейін жаңа  сөздер беріледі де, соңынан түрлі жаттығулармен пысықталады. Сонымен бірге, тіл үйренушілердің мүмкіндіктерін ескере отырып, өз бетінше оқу, дайындалу барысында оқытушы жаттығу мен тапсырмаларды өзгертіп отыруына болады. “Шет тілді оқыту үдерісінде лексиканы меңгеру ерекше орын алады. Сөйлем арқылы берілетін ақпараттың 80 пайызын лексика құрайтындығы анықталған» [231, 43 б.]. Ал ересек тіл үйренушінің  оқушылар мен студенттерге қарағанда басты ерекшелігі бірден аз уақыт ішінде неғұрлым көп ақпаратты қамтып, неғұрлым көп  лексикалық материалды меңгергілері келеді. Оның негізгі себептері:

— ересектердің жастармен салыстырғанда уақыттың тығыздығын тереңірек сезінулері немесе уақытты бағалай білулері;

—  бұдан да көпке шамамыз жетеді деген сенімдерінің болуы;

— егер жастар ертеңгі күндері, болашақтары үшін білім алатын болса, ересектер үшін ол білімге деген күнделікті қажеттілік, зәрулік бар.

Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытуда лексикалық бірліктерді мәтін аясында, тақырыптық-модульдік негізде іріктеу жағдаяттық, кәсіптік, тұлғалық бағдарлы оқыту, қатысымдық-функционалдық ұстанымдарға сәйкес жүзеге асырылады.

  1. Қазақ тілін жеделдете оқытуда табиғи тілдік ортаның жалғыз алмастырушысы болып табылатын оқу материалын сұрыптап ұсынуда жағдаяттық ұстанымды негізге аламыз. «Деңгейлік оқытудың негізгі ұстанымы – тілдік материалдарды кәдімгі өмір шындығындағы жағдайлардың негізінде ұйымдастырып, сөйлеу жағдаятында қолдану» [35, 96 б.]. Бұл ең алдымен үйренетін тілде қарым-қатынас жасауға байланысты, ал қатынас әрекеті және оған оқыту үдерісі сөйлеу жағдаяттарының үздіксіз байланысын көрсетеді.
  2. “Жаңадан тілі шығып келе жатқан сәби өз ойын жеткізу үшін сөйлемді толық айтып жатпайды, сөйлемнің ішінен ең маңызды, айтар ойын жеткізетін сөзді не тіркесті ғана айтады. Бірақ сол бір ғана сөзге қарап үлкендер баланың айтайын деген ойын түсінеді. Сондай-ақ, ересек адамдар да өз ана тілінен бөтен, әсіресе, генеологиялық жағынан басқа тілді үйренгенде, ең алдымен күнделікті тіршілікке қажет тіркестер мен сөздерді жаттауға тырысады” [53, 98-99 б.]. Сондықтан қазақ тілін жеделдете оқытуда қолданылатын лексикалық бірліктер мемлекеттік қызметшілерге ең қажетті деген минимумды кәсіптік, тұлғалық бағдарлы оқыту ұстанымына сәйкес іріктеле отырып оқытылады.

Бұл туралы қазақ тілін ересектердің өз беттерімен немесе тіл үйрету курстарында  жеделдетіп оқуына арналған бірнеше оқулықтардың авторы Т.Аяпова былай деп жазады: «Негізгі мақсат – тіл үйренуші адамның ойлау қабілетін біртіндеп қазақыландыру, сөйлеуге үйрету, сөйлесім дағдысын қалыптастыру, тіл мәдениетін көтеру. Ол үшін түрлі грамматикалық және лексикалық құрылымдарды ұтымды пайдалана білген абзал. Егер тілдік материалдар Адамға, Қоғамға және Табиғатқа, Қоршаған ортаға қатысты болса, тіл үйренушінің ой-өрісін дамытып, білім деңгейін көтеруіне, тілді тезірек игеруіне үлкен септігін тигізері сөзсіз» [232, 4 б.]. Қазақ тілінің тілдік материалдарын сұрыптау және комплексті түрде берудің ғылыми негіздеріне байланысты зерттеу жүргізген ғалым К.Жақсылықова осы мәселеге байланысты: «тілдік материал сұрыпталғанда, оны тіл үйренуші индивидті меңгеруге ұмтылатындай себеп /мотив/ болуға тиісті», — деп жазады [36, 89 б.]. Ол себеп тілдік материалдың тартымды, қызықты әрі өзінің күнделікті тіршілігінде тікелей пайдалануға қажетті болуынан туындайды.

Оқытудың түпкі нәтижесі оқулық бойынша тіл үйренушілердің алған біліміне сәйкес күнделікті тұрмыс-тіршілікте сөйлесе білуі, мамандығы туралы негізгі сөздік қорлардың басым көпшілігін меңгеруі, қоғамдық-саяси қатынастарға байланысты деректерді игеруі болып табылады. Сондықтан да тіл үйренуші адамның қажеттілігі мен сұранысына қарай, олардың мамандығына, қоршаған ортасына байланысты лексиканы қамти отырып, қатысымдық негізде тіл үйретудің тиімділігін қазіргі күнде көптеген ғалымдар қуаттайды.

  1. “Коммуникативті-функционалды принцип оқытудың барлық деңгейінде басшылыққа алынады” [184, 54 б.]. Кез келген лексикалық тұлға, яғни сөйлесімбірлігі қатысым әрекеті кезінде белгілі бір сөйлесімдік қызмет атқарады. Ғалым Ф.Оразбаева бұл туралы: “…сөз жеке тұрғанда, лексикалық тұлға ретінде атаулы қызмет атқарса, басқа сөздермен байланысқа түсіп, ойды жеткізу арқылы қатысымдық қызмет атқарады”, — деп жазады [34]. Айтылымда қолданылатын кез келген лексикалық тұлғаның, яғни сөйлесімдік бірліктің ең негізгі маңызды ерекшелігі – оның функционалдығы. Көп жағдайларда тіл үйрену курстарын бітіріп шыққан адамдардың сөздерді және нақты грамматикалық формаларды жасау жолдарын біле тұра, ол білімдерін айтылымда қолдана алмайтыны белгілі. Оның себебі, өзара байланыссыз жеке сөздер мен грамматикалық тұлғалар сөйлеудегі атқаратын қызметтері ескерілместен, құр жатталады. Соның нәтижесінде, сөз немесе форма сөйлеудің қызметімен байланыста болмайды, белгілі бір қызметте жұмсау (яғни, сөйлеу) қажеттілігі туындаған кезде бір де бірі ойға түспей қояды.

Таным – адам санасын дамытудың негізі. Таным үдерісі – сезімдік және рационалдық жақтардың диалектикалық бірлігі. Материалистік таным теориясының мәні – заттар мен құбылыстар, процестер және олардың қасиеттері мен өзара байланыстары адамнан тыс, тәуелсіз өмір сүреді деп көрсетуінде. Яғни, таным барысында адам өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білімі кеңейіп, тереңдей түседі. Таным – адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы. «Адамзат тілі ежелгі дәуірден-ақ таным құралы ретінде дүниені танып білуге, санада сәулеленген түсініктерді жарыққа шығаруға қызмет етіп келеді. Адамзаттың алуан түрлі танымдық ұғым-түсініктерін оның тілдік танымынан ажырата қарауға болмайтындығы жөнінде аз айтылып жүрген жоқ» [233, 198 б.].

Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың бір мақсаты – тіл үйренушінің таным үдерісінің дұрыс бағыт алуына мән беру, көркемдік танымын дамытуға көңіл бөлу. Бұл ретте тілдік тұлғаның таным мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселенің бірі болмақ. Білімді адам парадигмасы тұсындағы оқу-тәрбие үдерісінде сезімдік және рационалдық жақтардың бірлігі сақталмады. Қазіргі заман адамының ғылыми, рационалдық танымы басыңқы рөл атқарып, көркемдік танымының әлсірегендігі байқалады. Әлемді тану тек білімге негізделіп, сезімдік компоненті әлсіз болса, таным процесі сыңаржақ, ал таным әдістері шектеулі болады. Қатысымдық құзыретті тұлға парадигмасына негізделген жеделдете оқыту тілдік тұлғаның әлемнің тұтас бейнесін қабылдау мүмкіндігін арттыра түсуге ықпал жасайды.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін тіл үйретуде лексикадан гөрі грамматика үстемдік алып келген. Реформа дәуіріне дейін өлі тілдерді оқыту үшін қолданылып келген грамматикалық немесе аударма әдісі тірі тілдерді оқытуда да сол қалпында қолданылған. Грамматизмнің олқылықтарына көз жеткен сайын, тілді үйрету мен сол тілді қолданушы халықтың өмірімен таныстыруды байланыстыра оқытудың қажеттілігі айқын көріне түсті. Бұл мәселе Реформа кезеңінде қолға алына бастады.  «Тілді тек құрғақ таңбалар жүйесі деп қарастырып, оның негізгі эпистемиялық және танымдық қызметтерін есепке алмаудың нәтижесінде тіл үйрету сабақтарында грамматикалық ережелерді жаттату мен бірқалыпты жаттығуларды көшірту жүзеге асып келді. Бұл тіл сабақтарының мәнінің төмендеуі мен тіл үйренушілердің қызығушылықтарының жойылуына әкеліп соқтырды» [234, 99 б.]. Тілдің танымдық қызметін басшылыққа ала отырып іріктелген лексикалық бірліктер тіл үйренушілерге әлдеқайда тартымды, түсінікті, пайдалы әрі қажетті болады, ондай деректер арқылы тіл үйренушінің бойында сол тілді қолданушы халықтың жанын түсіну, халыққа, тілге деген сый-құрмет сезімдерін оятады. «Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқытудың мақсаты – тіл біліміндегі танымдық теорияның ғылыми негіздерін меңгерту арқылы теория мен практиканы ұштастыра отырып, тіл үйренушінің ой-өрісін кеңейту» [197,10 б.].

ХХ ғасырдың соңына қарай ұлт тілінің халықтың танымымен және мәдениетімен тығыз байланысы мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұрынғы тіл білімі мен әдістеме ғылымдарында орын алған дәстүрлі зерттеулер мен көзқарастарды жаңа танымдық бағыттағы идеялар ауыстыруда. Әлемді бір бүтін дамудың орталығы деп танытатын адамзат баласы тілінің қат-қабат сырларға, беймәлім құпияларға, тұңғиық терең ұғымдарға толы шексіз қасиеттері ашылуда. Жұмыр жер бетін мекендейтін халықтардың әрқайсысы әлемді қалай таниды, қалай көреді, қалай түсінеді, қалай сезінеді, өз тілінде қалай бейнелейді деген мәселелер бүгінгі күнде барлық ғалымдарды толғандырады. Әр елдің тілі әлемнің және сол халықтың өмірге көзқарасының өзіндік бір тілдік бейнесін жасайды, тілдерде кездесетін айырмашылықтар сол халықтардың өмірге деген көзқарастарының айырмашылықтарын көрсетеді. Адамдардың жинақталған тәжірибесі мен білімі тілдік мағыналардың жүйесінде бекітіледі. Тілді меңгерген адам тілде жинақталған халық тәжірибесін де бірге меңгереді. Ол жаңа сөздер ойлап таппайды, тарихи қалыптасқан дайын мағыналар жүйесін меңгереді. Қоршаған ортаны қабылдап, тану тілдің лексикалық байлығына тікелей байланысты. Ата-бабаларымыздың ой-арманы, мұң-мұқтажы, арман-тілектері, танымы, ділі тілде сақталған, олар сөз арқылы жарыққа шығады. Сөздердің жаңа мағыналарын ашу арқылы адамда жаңа түсініктер қалыптасады.  Тіл — әлемге қосымша терезе ашады, жаңа бір тілді меңгеру арқылы адам өмірді бейтаныс қырларынан көру мүмкіндігіне ие болады, өмірге деген көзқарасы кеңейеді. «Барлық сөздердің қосындысы – тіл дегеніміз – адамның ішкі әлемі мен сыртқы құбылыстар әлемінің арасында жатқан үлкен бір әлем» [235, 304 б.].

«Мұғалімнің сабаққа қосымша лингвистикалық, этимологиялық немесе елтанымдық бағыттағы түсіндірмелері қызығушылық тудыруға, зейінді арттыруға, әсіресе, мемлекеттік қызметшілерге тән болып келетін ассоциативті-логикалық есті дамытуға көп көмектеседі» [236, 394 б.].  Мемлекеттік қызметшілерге тіл үйретуші мұғалім ұлт тарихы, мәдениеті, тұрмыс-салты, дүниетанымы жайындағы қосымша материалдарды аз уақыттың ішінде тартымды, қызықты етіп жеткізе алу үшін жан-жақты терең біліммен қаруланған білікті маман болуы керек. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік қазақ тілін үйретуде оның білімділік, қатысымдық қызметімен қатар тіл арқылы адамзат баласы жинаған тарихи-мәдени, рухани мұраларды меңгерудің және өз ойын жеткізудің, өзін-өзі тану мен өзгені танудың бірден-бір құралы тіл екендігіне көз жеткізетін танымдық қызметін меңгерту міндеті тұр. Қазақ тілін жеделдете оқытуда елтанымдық, ұлттанымдық деректерді жүйелі түрде оқыту арқылы бiз тұлғаның ұлтжандылық, патриоттық, отансүйгiштiк, эстетикалық, этикалық қасиеттерін, ерекше ұлттық дүниетанымын калыптастырамыз. Бұл қасиеттер жеке тұлғаның құндылық бағдарын құрап, тілдік сананың негiзiн қалайды. Тұлғаның құндылық бағдары тұлғаның iс-әрекеттiк бағытын, iшкi рухани әлемін қалыптастырады, тұлғалық қасиеттердің бекуіне ықпал жасайды. Бұндай оқыту мемлекеттік қызметшінің рухани-ағартушылық және мәдени-зияткерлік деңгейiн көтеруге, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жалпыадамзаттық құңдылықтармен бiрге идеалдар рухында тәрбиелеуге бағытталады.

«Елтану дегеніміз – үйреніп жүрген тілді оқыту әдістемесінің зерттеу пәніне айналған сол тілде сөйлеуші елдің мәдениеті» [194, 45 б.]. Ол тілін үйренетін елдің  қоғамдық және мәдени өмірі, дүниетанымы, басынан кешкен тарихы, географиясы, экономикасы, ішкі, сыртқы саясаты, мемлекеттік құрылымы жайындағы мәліметтерді қамтиды. Алайда көп жағдайларда елтану пәні үйреніп жүрген тілде емес, аралық бір тілде (біздің елде көбінесе орыс тілінде) жүргізіледі де, тіл үйренуге ешқандай көмегі тимейді. Соған байланысты елтану пәні мен тіл үйрету сабақтарының арасындағы байланыс алшақтай түсуде (мысалы, қытай тілін білмесе де, ол елдің спорттағы жетістіктерін өте жақсы біліп, өз ана тілінде осы тақырыпта қызу пікірталас жүргізуге болады). Тілтану арқылы ұлттану, елтану мақсатын шешу – қазақ тілін жеделдете оқытудың басты мақсаты болып отыр. Шет тілдерді үйретуде елтанымдық деректерді оқыту қажеттілігін қолдаған ғалымдарымыз Е.М.Верещагин мен В.Г.Костомаров: «Таңқаларлық жайт: елтану пәні тіл үйретуді толықтыра, жетілдіре түсу мақсатымен енгізілген болатын, ал нақты тәжірибеде ол тіл үйретумен байланысты жоғалтты»,- деп жазды [194, 21 б.]. Біздің ойымызша, қажеттілік болса, елтанымдық мәліметтерді кез келген адам өзі қалаған тілінде меңгере алады. Ал тілді жеделдете үйретуде қосымша елтанымдық курсты жүргізудің мүмкіндігі де болмайды. Осыдан келіп, жеделдете оқыту сабақтары барысында меңгерілетін лексикалық минимумдардың ішіне ұлттың қоғамдық және мәдени өмірі, дүниетанымы жайындағы мәліметтерді әр деңгейге сәйкес ұтымды жолмен сұрыптай отырып енгізу қажеттілігі туындайды. Ал дәстүрлі оқытудағы қазақ тілі оқулықтарының басым көпшілігінде кездесетін қазақ хандары, билері, өнер адамдары, ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері жайлы артық энциклопедиялық хабарлама түрінде ұсынылған күрделі мәтіндердің тіл үйренуге септігі жоқ болып отыр. Тіл үйретуге кедергі келтіретін оншалық артық ақпаратпен керісінше тіл үйренушілерді үркітіп аламыз. Бұл жөнінде белгілі ғалым Ә.Жүнісбек: “Әзіргі оқулықтар қазақ тілінің барлық грамматикалық жүйесін, сондай-ақ, шамадан тыс этноматериал қамтуға тырысады. Жалпы этноматериал арқылы қазақ тілін үйретуге болмайтынын ойлаған жөн”, — деп жазады [220, 67 б.]. Дегенмен, солай екен деп, ұлттанымдық деректерден бас тартуымызға да болмайды. Себебі, тіл үйретудегі басты мақсат – тіл үйренушінің бойында сол тілді қолданушы халықтың жанын түсіну, ол халыққа, тілге деген сый-құрмет сезімдерін ояту болуы керек. Тіл үйрету әдістемесі ғылымының алдында тұрған бүгінгі күндегі аса өзекті мәселе – ең қажетті деп іріктелген лексикалық минимум арқылы елтану, мәдениеттану, этностануды қоса қамту болып табылады.

Тілдің танымдық қызметін басшылыққа ала отырып іріктелген лексикалық бірліктер тіл үйренушілерге әлдеқайда тартымды, түсінікті, пайдалы әрі қажетті болады. Тіл үйретуде сол тілді қолданушы халықтың рухани мәдениеті жайында тереңірек мәлімет берудің кейбір жолдары төмендегідей:

— сабақ барысында кездесетін ұлттық сипаттағы сөздерді баламасы бар болса, тікелей аудару тәсілімен, егер жоқ болса, мағынасын ашу жолымен түсіндіру;

  1. мәтінге лингвостилистикалық талдау жасауда мәтінге қосымша автордың қысқаша өмірбаяны мен шығармашылығы, шығарманың жазылу тарихы, оқиға болған кезең т.б. жайлы мәліметтер беру;
  2. берілген тақырыпты, мәтінді түсіндіруде көру сезімдеріне әсер ету немесе соған сай бейнефильмдер, иллюстрациялар, суреттер сынды көрнекілік құралдарын ұсыну;
  3. сабаққа сәйкес кинотелекурстар ұйымдастыру;
  4. әр ұлттың өзіне ғана тән «ым тілі» жайында қосымша мәлімет беру т.б.

Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытуда танымдық ұстанымға сәйкес іріктелген лексикалық материал арқылы төмендегі мақсаттар жүзеге асырылады:

— қазақ халқының басынан кешкен тарихы жайлы мағлұмат беру;

— қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстыру;

— қазақ халқының тамыры тереңдерде жатқан мәдениетімен таныстыру;

— тарихи тұлғалардың өмірі жайлы мағлұматпен таныстыру;

— Қазақстанның атақты адамдары жайында (ақын-жазушы, әнші, күйші, ғалым, еңбек ардагері, ғарышкер, спортшы, т.б.)  мәлімет беру;

— Қазақстанның жер жүзінде саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан алатын орны жайлы мәліметтер беру;

— Қазақстанның бай табиғатымен таныстыру;

.

— ел өміріндегі тарихи кезеңдер жайлы мәлімет беру;.

— қазақ тілінің маржандары – фразеологизмдермен таныстыру;

— сөз атасы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді сөздік қорына енгізу;

— әрбір сабақта қайталап айтқызу арқылы қазақ әндерін үйрету т.б.

.

Бұл жерде тағы да ғалым Ә.Жүнісбектің пікіріне қосыламыз: “…Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы жайлы айту керек болса, оны орысша әңгімелеп беру керек” [213, 68 б.]. Қазақ тілін жеделдете оқыту сабақтарында ұлттанымдық деректерді тиімді тәсілдер арқылы ұсынуға бағытталған жұмыстарды жүргізу үшін мұғалім ұлт тарихы, мәдениеті жайында терең біліммен қаруланған, жан-жақты, білікті, нағыз ұлтжанды маман болуы керек.

Сөздік қорды молайту, сөздердің ұлттық сипаттарын меңгерту мақсатында түрлі шығармашылық жұмыстар жүргізуге болады. Солардың бірі – әртүрлі ұлттық мәндегі, елтанымдық сөздердің беретін ұғымдарын диаграмма құру арқылы жинақтап, сол диаграмманы тірек ете отырып, сөйлеу тілін дамыту тәсілі. Аталған тәсілді пайдалана отырып, “Наурыз”, “Киіз үй”, “Астана”, “Ұлттық тағамдар”, “Қазақстанның өзен-сулары”, “Қазақстанның әсем табиғаты” т.б. көптеген сөздермен байланысты танымдық ұғымдарды жинақтатып, диаграммасын жасатуға болады. Осындай шығармашылық тапсырмалар әдетте өздігінен орындауға ұсынылады, көп ізденіп, сөздікпен жұмыс істеп, оны компьютерлік жолмен немесе қолдан рәсімдеп, безендіру барысында сөздер тіл үйренушінің көру сезімі арқылы есінде мықтап сақталады, ал толық мағыналы, әдемі, сауатты жасалған дүниелерін тіл үйренуші өз тілдік портфеліне салып қояды да, кез келген уақытта пайдалану мүмкіндігіне ие болады.  Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерді қатыстырып шағын шығармалар жаздыру жұмыстары да қызығушылықпен орындалады. Қазақ тіліндегі осы сөз маржандарының бір қасиеті – олардың бейнелілігі екені мәлім, яғни, белгілі бір фразеологизмді немесе мақал-мәтелді естіген кезде адамның көз алдына бір сурет елестейді.

Біз тәжірибеде қолданған авторлық «Суретті сөз маржандары» атты компьютерлік бағдарлама тіл үйренушілердің ерекше қызығушылықтарын тудырды. Компьютерлік жолмен автоматтандырылған  пысықтау тапсырмаларын орындау тіліміздегі бейнелі сөз орамдарын жақсы есте сақтауға, тілдік қатынаста қолдануға мүмкіндік берді. Төменде суретте осы компьютерлік бағдарламадан көріністер ұсынамыз. Суреттерде «Құрдай жорғалау», «Отқа май құю», «Ат төбеліндей», «Соқыр тауыққа бәрі бидай» фразеологизмдеріне салынған суреттер мен олардың орыс және ағылшын тілдеріндегі баламалары берілген.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.