«Лениншіл жас» газеті туралы

Главная » Рефераттар » «Лениншіл жас» газеті туралы

Әр кезеңнің өзіндік тақырыбы, кейіпкері, стилі, ағым-бағыты болады. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарының бағыты ретінде жаңашыл шығармашылық ізденіс қажет болды. «Хрущевтік «жылымық» кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қазақ журналистикасына тигізген әсері» атты ғылыми мақаланың басты түйіні қоғам, адам, саясат, экономика сынды басты мәселелердің публицистер шығармашылығында қалай көрініс тапқанын жазу, анықтау, салыстыру. 

ХХ ғасырдың 60-70 жылдары қазақ публицистері үшін аса қиын кезең болғаны шындық. Шығармашылық ізденіске тосқауыл қойылу, биліктің үнемі «кім не жазып жүр» деп әрбір жазушы, қаламгердің соңынан шам алып жүруі, әрине шабыт әкелмесі анық. Сондықтан болар, қазақ журналистикасын зерттеушілер осы кезеңді көбіне аттап өтіп кетіп жатады. Десек те, осы кезең саяси, әлеуметтік жағынан халықтың сана-сезіміне барынша ықпал еткен жылдар болды. Сол кезеңде елді өз билігінше басқарған Н.Хрущевтің әрекеті, әр кез «жаңалық» тауып отыруы сол кезең публицистері мен қаламгерлері үшін «бақылау, байқау» кезеңі болды.

Кеңестік кезеңдегі алғашқы шығармашылық ізденістегі қойылған талап-тілектер ХХ ғасырдың екінші ширегінде өз қатаңдығын жойды. Сөз өнері аса бір тың серпіліспен қарышты адымдады. Әйтсе де партиялық саясат әлі де пәрменін жоғалтқысы келмейтін сыңай танытты. Публицистер шығармашылығында қоғамның «жарқын» жақтарын көрсетуі тиіс екені түрлі мәжіліс, жиындарда ескертіліп отырды [1]. Осы жылдары шыққан газет-журналдарда жалпы адамгершілік проблемасы мен  стильдік ізденістер үлкен мәнге ие болды. Әрбір жазылған мақаланың болмаса басқа бір жанрдың астарында осы мәселе менмұндалап тұрды. Барлық туындылар қарапайым ауыл адамының өмір тіршілігінен үлкен де күрделі тұлғалар өміріне ойысты. Дәуір талабына байланысты адам бойындағы әртүрлі моральдық, психологиялық, әлеуметтік өзгерістер, бүтіндей рухани жаңаруларды көрсету аталған кезең публицистикасында бірінші кезекке қойылды. Атап айтсақ, «Лениншіл жас» газеті.

.

«Лениншіл жас» революцияның бел баласы, жемісі. Оның тарихы 1921 жылы 22 мартта Түркістан Республикасының  орталығы Ташкентте шыққан «Жас алаш» газетінен басталады. Оны Орта Азия, Қазақстан жастарының сол кездегі көрнекті қайраткері Ғани Мұратбаев басқарды [2].

«Лениншіл жас» республика комсомолдары мен жастарының сүйікті газеті болды. Оның тиражы жылма жыл өсті. Жастар газеті адамгершілік, мораль, этика тақырыбын жыл өткен сайын әр қырынан көтеріп, қызықты диспуттар, сырласулар өткізді. «Лениншіл жастың» 60-жылдары қозғаған адамгершілік, мәдениет, махаббат, отбасы жайлы әңгімелері сан мың оқушысына ой салды. Мұнда көбінесе студенттер мақала жазып, ақпарат беруде ерекше атсалысты. «Қандай ұстаз қадірлі», «Ауыл мәдениетін көтеретін кім», «Толысу деген не», «Шын махаббат қайда», «Адам деген ардақты ат», «Отау иесі болу оңай ма», атты мақалаларға жастардың қалың тобы үн қосты, редакцияға жер-жерден көптеген хаттар түсті. Ал газеттің «Сырлас», «Арай», «Өркен», «Қаһарман», «Маздақ» сықылды клубтары, «Замандас туралы сыр», «Журналист жолға шықты», «Балауса» сынды рубрикалары жастардың еңбегінен, тұрмысынан, оқуынан, демалысынан әңгіме желісін өрбітеді.

Ғалым-педагог Әуелбек Қоңыратбаевтың «Лениншіл жас» газетінің 1970 жылдың 9 шілдедегі номерінде «Әдет әдет емес, жөн-әдет» деген мақала жариялап, жастар тәрбиесінің, бүгінгі ауыл тұрмысы мен мәдениетінің өзекті бір мәселесін көтереді.

Мақалада маңызды мәселелер қозағалады. Автор «Ел арасында күнбе күн өтіп жататын дәстүр, салт, әдет-ғұрып түрлерінің мәні мен мазмұнына неге үңіле зер салмасқа? Ежелден қалыптасқан әдет-ғұрыптың дәурені өткен тозығы бар да, жаңа заманға лайық озығы бар. Жасығы қайсы, асылы қайсы? Қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана  тойлары кезінде, өлген адамды азалау үстінде бүгінгі өскелең өмірге жат ырым-жырымдардың белең алып кететіні неліктен? Бәлкім, сол кейіпсіз көріністерді ығыстырар жаңа салттар мен жарасты дәстүрлерді әлі де болса тұрмысқа кеңінен енгізе алмай келе жатқан шығармыз» деген ой айта келе, мақала авторы өз ойларын ортаға салады.

Автор мақаласының соңында: «Ең өкініштісі – әдет-ғұрып, тұрмыс-салт мәселесіне немқұрайды қарау, бейтараптық көрсету дер едім. Осы бір маңызды, мәнді мәселенің кейінгі жылдары комсомол жұмысынан, селолық Советтер мен ауыл инттелигенциясының қызметінен аса көрінбей жүргені де соның кесірі. «Әдет-әдет емес, жөн-әдет», «Жасығын тастап, асылын ала білейік» деп қорытындылайды. Дәл осы мақалаға жастар жағы жарыса үн қосады [2, 216].

Бұл зерттеу мақалада біз ең алдымен қалыптасқан жайды тереңірек ұғынуға тырыстық. 1960-1970 жылдары публицистика айдынына қалықтап шыққан жас таланттардың көбісі қазақ өмірі, қазақы болмыс, қазақ табиғаты, қазақ ділі туралы дүниелерді жазды. Қазақ публицистері тынымсыз ізденістің нәтижесінде ел өмірінің шындығын шыңына жеткізе жазды. Нақты ой түйіп, таразылауды оқырманына қалдырды. Бұл қасиетті қаламның құдіретін қадыр тұтар нағыз суреткерге тән болмыс. Әрбір адам өзі өмір сүрген ортасының жаршысы. Оны өзінен өзге ешкім сол сәттегідей ұғына алмас. 60-70 жылдардағы саяси-әлеуметтік оқиғалардан тыс қалған шығармашылық адамы кемде кем. Мейлі ол сол кезеңді мақтасын, даттасын, сол уақыттың тыныс-тіршілігін бүкпесіз ашық айтуы арқылы көзі қарақты оқырман біліп алады.

XX ғасырдың 60-70 жылдарында орын алған Тың игеру жылдары қазақ публицистері үшін жаңа серпін ала келді. Мәселен, Ақселеу Сейдімбектің «Қостанай миллиондары» деп аталатын триптих-очеркі комбайншы Баязит Жақсықұлов туралы жазылған. Шағын әңгіме «Тоғызыншы бесжылдықтың шешуші, үшінші жылында Қостанай даласының 4,2 миллион гектар алқабында ырғалған алтын дәнді 19 мыңға тарта комбайншы орды. Сол 19 мыңның бірі болса да бірегейіндей тер төккен Жақсықұлов жайында» деп басталады. Автор әрмен қарай еңбекқор комбайншы анасының баласына деген алаңдаушылығын таныта келе, онысын «Сол күні қарт ана — Шөкей түнімен кірпік іле алмады» дейді. Осы мазасыз түндер арқылы автор баласына деген ананың алаңдаушылығын білдіреді. Ертеңіне үйіне совхоз директоры келіп, абзал Ананы құттықтап, үйіне ту қадамақ ниеті бар екенін айтқанда, ананың қуаныштан көңілі жарылардай күйде қалғанын жазады. Содан соң совхоз директоры: «Балаңыздың еңбектегі жеңісі үшін рахметіміз алдымен сізге арналады, шешей» деуі автор шеберлігін көрсетеді. Осы арқылы публицист Ақселеу Сейдімбек еңбек адамын оқырманға үлгі етеді. Ал жұмыстан кешқұрым қайтқан баласы мен келіні келе салысымен: «Апа, жалауыңыз құтты болсын, елдің бәрі менің құрметіне көтерілген жалау дейді, қайдан білсін менің жер басып жүргенім сіздің арқаңыз екенін,- деді» деп жазады автор [3, 150].

Публицистердің тың және тыңайған жерді игеру туралы жазған әңгіме-очерктерін оқи отырып, терең ойға батасың. Қасиетті де киелі Жер-Ананың жүрегін жаралаған сол тың игеру кезеңі неге соншалықты көпшіліктің қолдауына ие болды екен деп ойлайсың. Бәлкім сол тұста, халықта оны ойлайтын мұрша да болмаған шығар. Идеологияның «құдіреті» де осында шығар. Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің «Жер шоқтығы-Көкшетау» дейтін очеркінде көз жауын алатын көркем Көкшетауды соншалықты әдемі суреттейді. Очерк тың тақырыбына арналса да, бірден тың туралы сөз қозғамайды. Ең алдымен Көкшетаудың сұлулығына оқырманды тамсандырып суреттейді. «Көкшетауда бір болған кісінің бұл өлкеге қайта айналып соқпауы мүмкін емес. Әне бір ілгері заманда Арқаның ақиығы -Біржан сал «Жер шоқтығы Көкшетау» деп өзі туған жерге сонша сұқтанғаны тегін де емес еді» деп бастайды да, Адам баласы мекен еткен аспан астында Көкшетаумен қатар иық тіресіп тұрарлықтай жер жоқ екендігіне оқырманын сендіреді. Үлкен астықты өлкеге айналып үлгерген Көкшетауға Әбдіжәміл Нұрпейісовтың арнайы тапсырмамен, жолдамамен барғаны білініп-ақ тұр. Себебі автор Тың басталған кезеңде осы маңда болғанын сөз арасында келтіреді. Жер Ананың шаршағанына қарамастан, бұл маңда соншалықты демалыссыз жүріп жатқан жұмысқа таңырқай қарағанын жасырмайды. «Жердің дегдігеніне, су егіннің кепкеніне қарамай, астықты өңірге мың-мың комбайн мен тракторды, машинаны қаптатып жіберді. Сонан бері оны күн өтіпті. Сол он күн, он түнде бұл өлкенің диқандары бір сәт бел шешіп, дамыл алмастан алтын дән үшін ұлы шайқас жасап жатыр екен» деуінің өзінде үлкен ой жатыр. Осы тұста публицистің шеберлігін байқауға болады. Ол салған жерден «бұл қалай, сұлу Көкшенің астан-кестенін шығарғандарың, Жер-ананы аясаңдаршы, соғыс жүргізбей» демейді. Керісінше, көкірегінде сәулесі бар оқырманға байыппен түсіндіргендей, «ішің білсін Алуа-ай» дейтіндей. Әрмен қарай автор сөзіне құлақ түрсек, «Ия, бұл шайқас. Нағыз ұлы шайқас! Бұнда дәл бір жорық, жортуыл үстіндегідей халықтың қалаулы ұлдары мен қыздары сыбанып шыққан. Сын сағатта бәрі бір тілек, бір мақсат үстінде табысып, жанқияр ерлік көрсетіп жатыр» дейді. Бірақ олар кіммен шайқасып жатыр, соғыс дегенде жау болмай ма? Бұлардың жауы өздері өмір сүріп, табанын басып жүрген Жер-Ана ма деген сауал туындайды. Автор «Дала жүзі комбайннан көрінбейді» деп сұлу Көкшенің таулары мен өзен-көліне аяушылық білдіргендей, мұнда жыртылған жердің соншалықты көп екендігіне таңырқай қарап, «Бүгінгі таңда бір ғана Көкшетау облысында он бір мың комбайн астық орып жатты [2]. Ал астық тасыған машиналарда қисап жоқ. Жолмен де, жолсызбен де ағылып, астығы орылып бітпеген сап-сары даланың шаңдағы соңында шұбатылып бара жатады» дейді. Автор сөз соңында мынадай ой айтады, «Халық ықыласы еңбекке ауып кеткен. Бір кезде ән туын тіккен Арқа елі, міне, астықты бай алқапқа айналып, дүбірі алысқа естіліп тұр. Ол дүбір бұрынғы әннен де, бұрынғы даңқтан да қаттырақ та, айбындырақ та».  Осы тұста автор халық ықыласының терең еңбекке ауып кеткенін жазады. Сол тұста бір ғана тың тақырыбына З.Қабдолов «Үш миллиард тұсындағы үш толғаныс», Ғ.Орманов «Тыңда туған өмір», «Алтын арық аңызы», «Комбайнда — коммунист Демеев», Ә.Нұрпейісов «Жер шоқтығы — Көкшетау», Х.Ерғалиев «Салтанат сағаты» Н.Оразов «Ырзықты өлке», Ж.Молдағалиев «Көктем лебі», А.Сейдімбеков «Қостанай миллиондары» осындай тың игерушілер туралы очерктер мен публицистикалар сол кезеңнің тыныс-тіршілігін аңғартады.

Н.С.Хрущев советтік өмірге бұрын-соңды болып көрмеген өзгеріс-соққыны іштен жасаған басшы. Егер Хрущев пен оның ХХ-съезіндегі баяндамасы болмаса, М.С.Горбачев те оның қайта құруы да болмас еді. Горбачевтің ондай қопарылыс жасауға батылы бармас еді, үш ұйықтаса түсіне кірмеген болар еді. Ол дәл сол 60-жылдарда сол Хрущев шуағының (орысша «оттепель» -жылымығы деп атайды) бір бәйшешегі. Шынында, Сталин аязынан, ызғарынан кейінгі шуақ еді, ұзаққа бармаса да біраз тоңды жібітіп, біраз адамды жылытып үлгерген шуақ еді ол кезең [3].

Н.С.Хрущев өте қызба, аңғал, ақкөңіл, идеяға, іске әбден берілген адам болған. Оның өмірі ылғи күреспен, айқас-шайқаспен өткен. Оның тыңға деген көзқарасы ерекше екенін бәрі біледі. Ол соғыс зардабын кешкен аш-жалаңаш елді қалай тоғайтамын деп жанталасқанда тапқаны тың болды. Рас, Қазақстан мен Сібірде миллилондаған гектар құнарлы қара топырақты жер тусырап бос жатқан. Соны игеріп, сол жылдың өзінде егін алу деген ғажап адам қызығарлық іс еді. Соған бар күшін салды. Тың дереу астық берді, бірақ асығып, аптығып дұрыс жинай алмадық. Кейін түзелді. Бірақ Қазақстанда 25 миллион емес, 12-14 миллион гектар жыртып, қалған 10 миллион жерді жайылымға қалдыру керек еді.

Жалпы Н.С.Хрущевтің Қазақстанға деген көзқарасы, қатынасы қарама-қайшы болды. Біресе Қазақстанды тыңның отаны, космодром тұрған жер, ядролық бомба сынайтын алаң деп жақсы көрді, мақтады-мадақтады. Өйткені осы үш ерліктің де -тыңның миллиард пұт астық беруі, Байқоңырдан 1961 жылы Гагариннің ұшуы, Семей полигонында аса қатерлі сутегі бомбасының сыналуы Хрущевтің жеке басымен байланыстырылып, соның ғана ісі-еңбегі секілді болып көрінді. Жақсы көрген адамын баурына қатты қысып тұншықтырып өлтірген аю секілді Никита Сергеевич те өзінің сүйікті Қазақстанына қаһарын да төкті. 1954 жылы көп жыл республиканы басқарған, Сталинмен тіл тапқан Ж.Шаяхметовті өмірден артта қалған (ол да тыңды жаппай, бірден игеруге қарсылық білдірген) деп кінәлап жұмыстан босатты.

Сосын 1962 жылы ұлтшыл деп кінәлап Д.Қонаевты бірінші хатшылықтан алып тастады. Орнына И.Юсуповты тағайындады. Сол жылдары солтүстік бес облысты жеке бөліп, тың өлкесін құрды. Ол Қазақстан құрамында боғанымен, бар қаржы-жәрдемді Мәскеуден тікелей алып отырды. Оның басшылары Алматыны мойындамады.

Н.Хрущев сол жылдары Оңтүстік Қазақстанның ең шұрайлы, ең қазыналы үш ауданын Өзбекстанға бергізді. Кейін Маңғыстауды Түркмендер, Шығыс Қазақстанды Ресей сұрап, өздеріне қосып алмақ болған. Н.Хрущев орнынан босап барып, ол мәселе орындалмай қалды. Оның ойлаған, іске асырған реформаларын кезінде қоғам аса құптай, қостай қоймаған. Өйткені оған жұртшылық әзір емес еді. Ол халықты мемлекет есібінен толық асыраймын деп жекеменшік малдарға шабуыл жасағаны да өз ойына сенгеннен еді. Бірақ онысы аса зор қате, қате емес-ау, қылмыс еді.

Н.С.Хрущевтің коммунизм идеясына берілгені соншама, ол өзін коммунизмде жүрмін деп санаған, коммунизм міне келіп қалды деп ойлаған. Өнебойы өзі соған даярланып жүрген. Ертең келіп қалса, соған әзір болайық деп басқалардан да талап еткен. Бұл асығыс, алға қарап асыра-сілтеуі, әсіресе, ұлт, ұлттық тіл мен мәдениет мәселелерінде байқалды. Ол Қазақстанға келген сайын егер бәріміз неғұрлым тез орысша сөйлесек, коммунизмге соғұрлым тезірек жетеміз деді. Сосын барып қазақ мектептерін жапқызды. Бәрі орысша оқысын деді.

Ол қарапайым болам деп қарабайырлық-қарадүрсіндікке түсіп кететін. Алматыдағы бір жиында шошқаның майы мен жылқының етін қосып жасаса, достық шұжығы шығады, ол бәрінен тәтті болады деді. Сонымен қоймай, жылқыға қарсы шықты, мыңдап жинап алып, қырып тастатты. Бір ауылда бір адам жалғыз атып алып кетуге келгенде әуелі атын, сосын өзін атқан оқиға болған. Содан да Хрущевті халық жақсы көрмеді. Ол қазақтар үшін ағы аз, қарасы басым қайраткер болған еді.

Н.С.Хрущев әдебиет пен өнер адамдарымен жақындасқысы, жақын болғысы келді. М.Шолоховты өзімен бірге Америкаға апарғанда ол сосын бірдеңе жазар деп еді, жазбады. Мүсінші Эрнест Неизвестныйға да ол қатты шүйліккен. Бірақ оның түбінде зіл жоқ екенін көрген мүсінші кейін сол Хрущевтің ескерткішін жасаған. Ол Хрущевтің бейнесін ортасынан қақ жарып бір жағын ақ, бір жағын қара түспен берген. Шынында, ол өмірде ағы мен қарасы аралас адам, жасаған жақсылығы да көп, келтірген зияны да аз бомаған қайраткер [3, 22].

Соңғы жылдардағы бірқатар шындықтың бетінің ашылуы, қазақ халқының тарихы мен ұлт зиялыларының тағдыр-талайына қатысты бұрын құлақ естіп, көз көрмеген сұмдықтардың, жан түршігерлік ащы шындықтардың жетегі мынадай қорытындыларға жетелейді. Ресей отаршылары мен коммунистік әкімшілік қазақ халқын мүлдем жойып, оның жері мен байлығына ие болу үшін әлемнің азулы отаршыл мемлекеттері өз отарларын ұстап тұру үшін қолданған әдістердің бәрін, кешенді түрде, шығармашылықпен жетілдіре, коммунистік идеялардың шымылдығын бүркене отырып, ғылыми дәйекті және әкімшілік айлакерлікпен, саяси әккілікпен, ұтымды әрі оңтайлы қолдана білген. Сонымен қоса, бұл әдістерді таза орыстық қолтаңбамен ұштастыра, жергілікті жердің, аборигендердің ерекшеліктерін ескере отырып, жетілдіріп отырған. Ал бұл әдістердің негізгілері мыналар:

-Жергілікті халықты тәни құрту (1919, 1921, 1929-1933 жылдардағы аштықтар);

— Жергілікті халықты үркіту, шетке қуу (әр жылдары қазақтың шет елдерге қоныс аударуға мәжбүр болуы…);

— Сандық басымдықты пайдаланып жергілікті халықтың арасына бойлай ену (орыс мұжықтарын Қазақстанға көптеп әкеліп, қоныстандыру, тың игеруді сылтау етіп славян жұрттарының өкілдерін үйіп-төгу);

— Жергілікті халық өкілдерін экономиканың негізгі тұтқаларын ұстауға, қала өнеркәсібіне жолатпай, бағынышты жағдайдағы біртекті шаруа халқы етіп ұстау үшін ұлттық жұмысшы табының қалыптасуына кедергі жасау, жергілікті халықтан ғылым мен техника және өнеркәсіп зиялыларын шығартпау;

-Жергілікті халықтың тілін бұзу арқылы мәдениетін бүлдіру, ұлттық ой тұтастығы мен сабақтастығын үзу (арабшадан латыншаға, одан кирилл жазуына ауысу, тілді тұрмысқа аяғы тықпалап тастап, әдеби қалыптарын бұзу, теориялық тұрғыдан зерттетпеу);

-Жергілікті халықты надандықта ұстап, арақ пен темекіге әуестендіру арқылы ұлттың моральды өшіру, ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бүлдіру, халықтың генетикалық қорын тауысу;

Ұлттың зиялы қауымын құрту, оның орнына сүреңсіз, қуыршақ кадрлар корпусын даярлап шығарып, солардың қолымен ұлтты ыдырату [4].

Зерттеу барысында мәлім болғандай, 1960 жылғы екінші қарашада жаңа тізбек Қазақстанда шығатын газеттер мен журналдардың редакцияларына таныстырылды. Осы жылы баспа өнімдеріне саяси-идеологиялық бақылау күшейтілді. 25 басылым бойынша 71 рет араласу фактісі болды [5].

Облыстық және қалалық газеттердің редакцияларында өткізілген партия жиналыстарында Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің 1960 жылғы 12 ақпандағы «Баспасөзде мемлекеттік құпияны қорғауды күшейту шаралары туралы» қаулысы талқыланды. «Социалистік Қарағанды» газетінің редакторы Марфин жолдас баспасөзде мемлекеттік құпияны қорғау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмеді. Соның салдарынан облыстық басқармасының цензорларының бір жыл ішінде 22 рет газетте қателіктер жібергендігі анықталды (59524).

1964-1970 жылдары қоғамның дамуы бірқалыпты болмады. Бірақ әлеуметтік-экономикалық дамуды жаңғырту жолын іздеу кейінгі жылдарға қарағанда ширақтау болды. Алайда, «әкімшілік-әміршілдіктің» тамырына балта шабу керек» деген ұраннан да ештеме шықпады, өйткені мәселе жекелен тізеге салу мен ауытқушылыққа емес, сол кездегі билік жүйесіне өзіндік табиғатында болатын.

Осындай «реформаторлық» талпыныстар дағдарысқа қарсы тартып бара жатқан жүйелі аракідік «желпіндіріп» қоюмен ғана шектелді. Мұны елдің тарихындағы ең жемісті кезең, «алтын бесжылдық» деп аталған сегізінші бесжылдықтың (1966-1970) нәтижелерінен байқауға болады. Өйткені КСРО тарихында қабылданған экономикалық жоспарлар ішіндегі өзі қойған міндеттер орындаған тек осы сегізінші бесжылдық қана болды [6, 362].

Тарихтың беймәлім беттері айдарымен шыққан мына бір мақалада біраз шындықтың беті ашылған. Мақала қазан айында Хрущевтің Пицундадағы мемлекеттік саябақта дем алмақ болған дерегінен басталады. Автор Хрущевтің қажыған немесе сырқат ретінде сезінбегенін жазады. Бұл кезде Кремьде Суслов пен Шелепиннің бастауымен Хрущевті барлық қызметінен алу жөнінде мәселе қойылған СОКП Орталық Комитеті Президиумының кеңейтілген мәжілісі болып жатады. «Бұл алдын ала дайындалып, пісуі жеткен мәселе еді» деген автор, — Хрущевті орнынан алу туралы әңгіме орталық комитет пен Президиум шеңберінде 1964 жылдың алғашқы айларының өзінде-ақ талқыланған болатын. Мұндай ойлар мен талқылауларға тиек болып, әңгіменің өршуіне 1964 жылдың тоғыз айында Хрущевтің әртүрлі өлкелер мен елдерге ресми сарармен шығып, 135 күн қыдырумен жүрген фактісі де септік жасады [7]. Хрущевті орнынан түсіру жөніндегі мәселені бүге-шігесіне дейін талқылауды Президиум және орталық комитет мүшелерінің тобы қыркүйекте, ол демалысын оңтүстікте өткізіп жатқанда жасады деген сөз бар. 14 қазан күні Орталық Комитет Президиум мәжілісі бір жарым сағаттан ұзамады. Пленумның мәжілісін Брежнев ашты. Мұнда Хрущевтің жеке басының кемшіліктері айтылды. Пленумда баяндаманы Суслов жасады. Онда Хрущевтің 21 жыл ішіндегі қызметі талқыланды.

Баспасөзде Хрущевтің еңбегі жөнінде көп жазылып кетті. 1963 жылы орталық газеттерде Хрущевтің портреттері 120 рет, ал 1964 жылғы 9 айда 140 рет басылған. Жыл сайын Сталиннің портреттері 10-15 рет қана жарияланатын. «Хрущев өз төңірегіне ағайын-туғандары мен журналистерді жинап алып, Президиум мүшелері айтқандарынан гөрі солардың айтқандарына көп құлақ асты» -деді Суслов. Сусловтың мәлімдеуінше, Хрущев баға құрылымы саудасында қате саясат жүргізді. Ет, сүт өнімдерінің, кейбір өнеркәсіп товарларының бағасын өсіру жұмысшылардың материалдық жағдайын күйзелтіп жіберді. Осында бір ғана Хрущев жайлы жазылған мақалалардың бір-біріне қарама-қайшы келіп жатқанын байқауға болады. Мәселен, Камал Смайылов өз мақаласында «Оның (Хрущевті айтып отыр) тыңға деген көзқарасы ерекше екенін бәрі біледі. Ол соғыс зардабын кешкен аш-жалаңаш елді қалай тоғайтамын деп жанталасқанда тапқаны тың болды.Қазақстан мен Сібірде миллилондаған гектар құнарлы қара топырақты жер тусырап бос жатқан. Соны игеріп, сол жылдың өзінде егін алу деген ғажап адам қызығарлық іс еді» деп жазады.

Баяндамасының соңында Суслов Хрущевті орнынан тайдыру-әлсіздік емес, батылдық пен күштің көрініс табуы және келешекке сабақ болуы тиіс деді. Шешім бір дауыстан мынадай түрде қабылданған. Н.С.Хрущев жасының ұлғайғанынан және денсаулығына байланысты қызметтерінен босанады. Тағы да бір шешім қабылданды. Бұдан былай қарай СОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы және КСРО министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметі бір адамға жүктелмесін.

Автор мақаласын аяқтай келе, «Кешкісін үйіне оралған ол (Хрущев) портфелін бұрышқа тастап жатып, «Міне, енді мен отставкадамын. Менің орнымда болса Сталин барлығын тұтқындауға бұйрық берер еді. Мүмкін, менің өмірдегі жасағандарымның бастысы — өзімді жай дауыс беріп қана орнымнан алып тастағандарына көне салуым шығар»,-деді.

.
.

Жалпы Хрущевтік «жылымық» кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қазақ журналистикасына тигізген әсерін бір ғана ғылыми мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Әрбір публицист, қаламгер өз заманының жаршысы, олардың қаламынан туған әрбір шығарма сол кезеңнің жемісі, Оны кейінгі толқын оқырман оқи отырып, сынап-мінеуі, «бұл шығарма былай емес, былай жазылуы тиіс еді» деуі мүмкін. Бұл заңды да. Себебі, біздің де жүріп өткен жолымызға баға беруші, пікір айтушы толқын өсіп келеді. Ой түйетін дүние мынау ғана, қандай заман болса да, оның қаншалықты ауыртпалығы болса да, өзіңнің тарих алдындағы жауапкершілігіңді түсіну, бүкпесіз шындықты ар таразысына сала отырып, қаламға ерік беру. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Көпбаева М. //Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы көркемдік таным және авторлық концепция: филол. Ғыл. д-ры. дис. Автореф.: 10.01.02. – Алматы, 2010. – 174 б.
  2. Бейcенбаев Ж. Жансерік «Лениншіл жас» 1921-1991. –Алматы: Жалын, 1991. -400б.
  3. Смайылов К. Н.С.Хрущев: Ағы мен қарасы. // Ақиқат.-1994. -№ 4 сәуір.
  4. Жүкеш Қ. Кеңес кезеңіндегі кенжелеу. //Ақиқат. -1994.-№ 4 сәуір. 58 б
  5. (59) ҚР ПМ 708-қ., 277-іс: 53-П
  6. Мусагулова А. //Қазақстандағы идеологиялық цензура тарихы. (1956-1991). 07.00.02-Отан тарихы. (ҚР тарихы)Алматы, 2010.
  7. Медведев Р. Хрущев қалай тақтан тайды? //Заң газеті. -1995. -8-14 шілде №24.

Ералиева Құндыз Қожабайқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті, журналистика мамандығы магистранты

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.