Әлеуметтік белсенділік – өмірге құштарлық

Home » Рефераттар » Әлеуметтік белсенділік – өмірге құштарлық
Рефераттар Комментариев нет

Адамзат қоғамы уақыт өткен сайын күрделеніп, рухани және материалдық байлықты жасауда, қоғамдық қатынаста, әлеуметтік тұрмыста, ғылым мен техниканың және технологияның рөлінің артып, адамдар түрлі әлеуметтік салада еңбек етулері үшін, оларға оқып білім алып, қандай да бір мамандықты меңгеру уақыт талабы болып тұр. Бұл әр адамның өзі өмір сүретін қоғамдағы әлеуметтік жағдайының дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Егер де қазіргі қоғамның даму барысына зер салып көрсек, ондағы басты заңдылық, жеке адамдардан бастап мемлекеттер арасындағы өзара бәсекелестік екенін көреміз. Бұл құбылысты өмірдің әр саласынан байқауға болады. Адамдардың өміріне қажетті материалдық және рухани құндылықтарды жасаудағы сандық және сапалық көрсеткіш, өзара бәсекелестіктегі процесстің негізгі көрінісі болып табылады. Қазіргі қоғам бірнеше әлеуметтік субьектілерден тұрады. Атап айтқанда әлеуметтік- демографиялық (ерлер, әйелдер, зейнеткерлер), әлеуметтік-территориялық (ауыл, село, қала), әлеуметтік-кәсіптік (еңбек ұжымдары, кәсіптік бірлестіктер т.б.с.с.). Біз осы әлеуметтік топтарды зерттейтін ғылымды социология деп атаймыз. Оның зерттейтін негізгі объектісі – қоғамның құрылымы мен ондағы әлеуметтік топтардың атқаратын рөлі және жеке адамдардың іс-әрекеттерімен, оның өзара байланыстарының заңы болып табылады. Әлеуметтану ғылымы қоғамдағы құбылыстар мен процесстерді әртүрлі дәрежеде, бүкіл қоғам көлемінде, болмаса әлеуметтік топтардың деңгейінде немесе жеке адамдар тұрғысынан зерттеуі мүмкін. Мұның біріншісі: бүкіл қоғамның даму заңдылықтарын анықтайтын макросоциологиялық зерттеу болса; екіншісі: әлеуметтік жүйенің жекелеген құрамдас бөлігін зерттейді. Мысалы, ауылдың, қаланың, өндіріс орындарының әлеуметтік жағдайын зерттейтін социология. Үшіншісі, микросоциология деп аталады. Оның зерттейтін объектісі жеке адамдардың өмірі мен мінез- құлқы, іс-әрекеті сияқты болмыстар мен құбылыстар. Адам біліммен, ғылыммен, өнермен айналысуы үшін ол әуелі ішіп-жеуі, киінуі, басында баспанасы болуы керек деп уақытында К.Маркс айтқан болатын.

Адамдар өздерінің материалдық қажеттілігін өтеу үшін өндірісте еңбек етіп, өмірінің үштен бірін соған жұмсайды. Оның үстіне адам саналы тіршілік иесі болғандықтан, олар бір-бірімен қоғамдық қатынасқа түсіп, өздерінің рухани мәдениетін дамытып өнермен, ғылыммен айналысады. Ертеректе ғылым мен техника дамымай, еңбек құралдарының да қарапайым кезінде адамдар жұмысты өздерінің дене күшімен атқарғанда, олардың басты мақсаты – тіршілік етіп күн көру үшін тамақ тауып, киім киіп баспана жасау еді. Қазіргі кезде жағдай түбірімен өзгерді, білім мен ғылымның, техника мен технологияның дамуының арқасында, бір адам машинамен мың адамның жұмысын атқара алады. Мысалы, алып экскаватормен жер қазады, мыңдаған тонна жүкті пойызбен алыс жерлерге апара алады, мұнаралы кранмен ондаған қабат үйлер салады. Мұндай мысалдарды қазіргі кезде қоғамымызда жүздеп, мыңдап келтіруге болады. Бұрын адамдар өздерінің материалдық қажеттілігі үшін кез-келген жұмысты атқаруға мәжбүр болса, енді қалауы бойынша көңілдеріне ұнаған мамандықты меңгеріп, жақсы көретін жұмысын жасауға мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар, қоғамдағы адамдардың арасында өзара бәсекелестік те пайда болды. Бұл адамдарды жақсы білім алып, сапалы еңбек етуге мәжбүрлейді. Сондықтан әрбір адам өздерінің білімін көтеріп, денсаулығын нығайтып, рухани мәдениетін жетілдіріп, салауатты өмір сүруге талпынуы қажет. Ол үшін адам жетіліп, тұлғаға айналуы тиіс. Тұлға деп кімді айту керек екенін анықтап алмастан бұрын, біз әуелі “адам”, “ндивид”, “индивидуалдық” деген сөздердің ұғымын түсініп алуымыз керек. Бұл сөздер күнделікті өмірде балама ретінде айтыла береді. Бірақ та бұған терең зер салып, байыппен ойлап қарасақ, олардың мағынасының бір-бірінен үлкен айырмашылығының бар екенін аңғаруға болады.

“Адам” әлеуметтік қатынастардың объектісі және субъектісі болып табылады. Ол белгілі бір қоғамдық қатынастарда өмір сүрумен қатар, онда қимыл-әрекет жасап, әлеуметтік қоғамның қалыптасуына өз үлесін қосады. “Индивид” дегеніміз әлеуметтік қоғамдастықтардың жалпы адамзат қоғамының жеке өкілі, яғни нақты адам ретінде түсіндіріледі. Индивидтердің өзара бірігуінің нәтижесінде әлеуметтік қатынастардың жүйесі қалыптасады және “индивид” ұғымы “нақты адам” мағынасында қолданылады. “Индивидуалдық” деген сөздің мағынасына келетін болсақ, ол басқаларда қайталанбайтын жеке адамның бойындағы өзіндік ерекше қасиетін сипаттайтын ұғым. Бұл ерекшеліктер – биохимиялық, психологиялық, әлеуметтік т.б.с.с. деңгейлерде байқалады. Тұлға дегеніміз – индивидтің қоғамдағы әлеуметтік дамуының қорытындысы және оның бойынан барлық адамгершілік қасиеттің жоғары сапалары анық көрініс табады. Яғни әлеуметтік өмірде әртүрлі салада бір-бірімен белсенді қатынас жасау арқылы жеке индивидтер жетіліп, әлеуметтендіріліп, олар бірте-бірте тұлғаға айналады. Тұлғаның бойындағы ең басты қасиет, оның әлеуметтік сапасы мен имандылығы болу керек. Әрбір индивид өмірде өзінің ішкі, субъективті ерекшелігімен және сыртқы объективті жағдайлардың әсерімен әлеуметтік даму жолына түсіп, әртүрлі мамандық алып, қоғамда белгілі бір орынды иемденеді. Ол сонымен қатар нақтылы бір міндеттерді атқарып, өзінің беделіне сәйкес құқықтары мен мәртебесін де қалыптастырады. Тұлғаның қоғамдағы мәртебесі, оның әлеуметтік ортада атқарған міндеттері мен қоғамға сіңірген еңбегі арқылы бағаланады. Индивидтің әлеуметтік мәртебесін сипаттайтын негізгі белгілер: кәсібі, мамандығы, лауазымы, материалдық жағдайы, саяси ықпалы т.б.с.с. жағдайлар болып табылады. Кейбір адамдардың әлеуметтік мәртебесі ресми түрде заңдастырылмаса да оның жеке басының адамгершілік болмысына, рухани мәдениетіне, имандылық қасиетіне байланысты қоғамдағы қалыптасқан пікірдің әсерінен оның халық арасында беделінің жоғары, мәртебесінің биік болуы мүмкін. Әлеуметтік топтың арасында мұндай иерархиялық мәртебені ранг деп атайды. Адамның әлеуметтенуі дегеніміз негізінен адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтып, өмірде өздерінің іс-әрекеті арқылы белгілі бір деңгейге жетуін айтамыз. Қазіргі қоғамымызда адамдардың әлеуметтік даму жолында жан-жақты жетілуіне өмірде барлық жағдай бар. Ол үшін әркім өздерінің күнделікті өмір салтында оның деңгейіне, сапасына, стиліне көбірек көңіл бөліп, салауатты өмір сүруге ұмтылуы керек. Жер бетінде қоғам құрып, оның рухани-материалдық байлығын жасап, өркениет орнататын адам және оның бәрін олар өздерінің игілігі үшін жасайды. Олай болса әлемдегі басты құндылық адам және оның өмірі екен. Сондықтан біз бірінші кезекте адамдардың адамгершілік қасиеттерін зерттеп, олардың ақыл-ойын, мінез-құлқын, рухани имандылығын жетілдіріп, салауатты өмір сүрулеріне жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана әлемде бейбітшілік орнап, адамдар арасында түсінушілік пайда болып, адамзат қоғамында барлық адамдарға бақытты өмір сүруге мүмкіншілік туады. Қоғам ішінде бірнеше антагонистік қайшылықтар бар, оған мәдениетте рухани құндылық пен материалдық құндылықтың арасындағы, экономикада – байлар мен кедейлер арасындағы, саясатта билік пен бұқара халық арасындағы қайшылықтарды жатқызуға болады. Егер де қоғам ішінде түсінушілік пен тыныштық болсын десек, осы қайшылықтарды уақытында шешіп отыруымыз керек. Біз алдымызға Қазақстанда демократиялық, құқықтық, әлеуметтік қоғам құруды мақсат етіп қойдық. Енді осы алға қойған мақсатымыз өмірде қалай іске асып жатыр, соған назар аударалық. Егер де Қазақстан бойынша бүкіл қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму барысына шолу жасасақ, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарып келе жатқанға ұқсайды. Бірақ та оған тереңірек зерттеу жүргізіп көрсек, шын мәнінде өмірдегі шындықтың басқаша екеніне көзіміз жетеді.

Адамдардың әлеуметтік тұрмысының жақсаруы экономикамыздың дамуына байланысты екені белгілі. Бүгінгі күні біздің экономикамыз даму үстінде десек, ол табиғаттың байлығын, яғни шикізатты (отын көзін, кен байлықты, астықты) экспортқа шығару арқылы онан түскен қаржыға шет елдерден тұрмыстық тұтыну тауарларын, азық-түлікті, техниканы импорттау жолымен халықтың күнделікті қажеттілігін қанағаттандырып отырмыз. Егер де алдағы уақытта да осы бағытта жүре берсек, біз мұндай жолмен алысқа бара алмаймыз. Егер де экономикамызды дұрыс дамытқымыз келсе, біз өркениетті, дамыған шетелдерден дайын өндіріс тауарларын емес, олардың технологиясын пайдаланып, өндіріс орындарын салып, шикізатымызды өзімізде өңдеп, оны халық тұтынатын тауарға айналдырып, өзіміздегі тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып, артығын шетелдерге экспортқа шығарсақ, онан әлдеқайда көп пайда табуға болады. Әрі өзімізге жұмыс орнын көбейтіп, адамдарға мамандығы бойынша жұмыс істеуге жағдай жасап, олардың әлеуметтік сұранысын қанағаттандырып, салауатты өмір сүрулеріне мүмкіндік тудырар едік. Адамның табиғи физиологиялық қажеттілігінің белгілі бір мөлшері бар екеніне қарамастан, жалпы материалдық қажеттіліктер ғылыми-техникалық прогресстің дамуына байланысты үнемі өсіп отырады. Осы қажеттілікті өтеу үшін адам өзінің еңбегі арқылы рухани-материалдық игіліктерді жасайды. Жылма жыл адам санының көбеюіне және тұтыну талабының өсуіне байланысты қоғамда экономикалық игіліктер мол болуы керек және оны табиғаттан өндіру үшін көп еңбек пен мол қаржы жұмсалуға тура келеді. Сонымен қатар материалдық игілікті жасауға табиғи ресурстар (металл, отын, су) еңбек ресурстары (адамның білімі, тәжірибесі, қабілеті) керек. Нарық жағдайында тауар ақшаға, ақша тауарға айналу процессі тоқтамай қайталанып отырады. Мұндағы басты принцип тауар сатушылар мен оны сатып алушылардың арасындағы тығыз қарым-қатынастың болуы. Нарықтық экономикада тауар нарығы, капитал нарығы, валюта нарығы сияқты ұғымдар бар. Мұндағы негізгі мақсат адамдардың сұранысы мен ұсыныс қажеттілігін қанағаттандыру. Әрине нарықтық экономикада меншіктің барлық түрлері әрекет етеді. Бірақ та оларды бақылап, оны бір жүйеге келтіріп отыратын мемлекеттің экономикалық саясаты болуға тиіс. Оның басты мақсаты – нарықтық экономиканың құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттік бақылау орнату және әлеуметтік қамсыздандыру шараларын жүргізу. Мемлекет осы міндеттерін атқару үшін ол әкімшілдік амал, қаржылық амал, институттық амал сияқты саясат жүргізеді.

Егер де қоғамда бір адам қаншалықты бай болса, жүздеген, мыңдаған адам соншалықты кедей болады. Негізінен табиғаттан алынатын материалдық байлықтың саны да, сапасы да бірдей, тек оны адамдар арасында бөліске салу кезінде әділеттілік болмай, ол біреулерге көп, екіншілеріне аз тиіп жатады. Аз алатындар сол байлықты жасайтын жалдамалы жұмысшылар болса, онан түскен табыстың көбін өзіне меншіктенетін сол өндірістің қожалары. Былайша айтқанда, азабын еңбекшілер, ал игілігін қожайындар көреді. Осыдан келіп еңбек пен капиталдың арасында антоганестік қайшылық пайда болады.

Бұрын социалистік қоғам кезінде жекеменшікке шектеу қойылып, адамдардың бәрінің материалдық жағдайы бірдей болды деуге болады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, қоғамдық байлықты жекешелендіру кезінде әділдіктің болмауы салдарынан, аздаған уақыттың ішінде кейбір адамдар шіріген бай болып, көпшілік қауым сіңірі шыққан кедей болып шыға келді. Сонда бір күннің ішінде бай болған адамдар миллиондаған қаржыны қай еңбегімен тапты деуге болады? Әрине адамдардың көбі қоғамдық мүлікті заңсыз жекешелендіру, болмаса пара алу немесе басқаны алдап-арбау арқылы байыған адамдар. Осыдан келіп, қоғам ішінде әлеуметтік теңсіздік туып, оның соңы бай мен кедейдің немесе билік пен бұқара халықтың арасында қақтығыстарға әкелуі мүмкін. Қазіргі жағдайда қоғамымызда бұл проблеманы шешудің бірден-бір дұрыс жолы, ол өте бай мен тым кедейдің санын азайтып, орта топтың санын көбейту. Әрине билік басындағы үкімет елде әлеуметтік толқулар болмай, қоғамның бір қалыпты тыныштықта өмір сүргенін қалайды. Қазіргі экономикалық дамыған елдерде орта топтың санының көбеюіне байланысты әлеуметтік қақтығыстар саны азайып, қоғам бейбіт жолмен дамуда. Көбіне бұқара халық шерулер мен көтеріліске күнкөріс деңгейі төмендеп, жұмыссыздық көбейіп, жұмыс істейтіндердің жалақысы аз болып, қайыршылану бұқаралық сипат алған жағдайда шығады.

Әрине Қазақстан сияқты тәуелсіздігін жаңадан алған және көп ұлттың өкілдері тұратын, әрі мемлекет құрушы ұлт қазақтардың ұлттық санасының, рухани мәдениетінің, тілінің бекіп бір арнаға түсе алмай жатқан кезінде қоғам ішінде, әлеуметтік топтардың арасында наразылық туып, ол толқуларға апарса, біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да адамдар шыдамдылық танытып, барлық қиыншылықтарға төзімділік көрсетіп, сабырлылық сақтап, барлық даулы мәселелерді бейбіт жолмен, ақыл-парасатқа салып шешкен жөн. Егер де осында тұратын барлық халық Қазақстанды Отаным деп санап, оның әлеуметтік, рухани, саяси дамуына өздерінің азаматтық үлесін қосып, мемлекетіміздің заңдарын орындауға ұмтылса және қазақ халқының тілін, дінін, салт-дәстүрін сыйлап, оның дамуына түсінушілікпен қараса, қазақ халқы басқа ұлт өкілдерін диаспора деп шеттетпей, оларды өздерінің бауыры ретінде көретіні шүбәсіз. Біз күнделікті тұрмысымызда әлеуметтік белсенділік көрсетіп, қоғамымызда салауатты өмір салтын орнатуға ұмтылсақ, әділетті қоғамда өмір сүруге құштарлығымыз артып, бақытты болатынымызға күмән жоқ.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.