Әлеуметтік реформалар

Home » Рефераттар » Әлеуметтік реформалар
Рефераттар Комментариев нет

Біздің қолымызда жазбаша түрде айғағы бар ең алғашқы әлеуметтік реформалар біздің эрамызға дейінгі XIV ғасырда шумердің қала-мемлекеті Лагашта жүзеге асқан. Бұл реформалар кез келген жерге тұмсығын тығып жүретін жексұрын чиновниктердің кінәсінен болған «бұрынғы уақыттардағы асыра сілтеулерге қарсы бағытталды. Олар салықты өз бетімен кетерді, оның үстіне алым-салықтың жаңа түрлерін ойлап тауып енгізді, оларының да саны шектен шықты және олар керек десеңіз храмдардың да жеке меншігіне қол салды. Ең ақырында мұндай зорлық-зомбылыққа шыдамаған Лагаш тұрғындары Ур-Наншедегі ескі династияны құлатып, өзге рудың адамын өздеріне әмірші етіп сайлады. Урукагина есімді бұл жаңа ишакку заң мен тәртіпті қалпына келтірді және азаматтардың «еркіндігін мойындады». Урукагина мұражайы хатшыларының бірі құрастырып жазған жаңа каналды дәріптеуге арналған құжатта, міне, осы туралы айтылады. Осы жазба мұраны түсіну және лайықты бағасын беру үшін ең болмағанда шумер қала-мемлекеттерінің өмірін айқындайтын сол кезеңдегі неғұрлым маңызды қоғамдық, экономикалық және саяси жағдайлармен танысу артық болмайды.
Біздің эрамызға дейінгі III мыңжылдықтың басында Лагаш қала-мемлекетінің аумағында «астанадан» өзге храмдардың жанынан бой көтерген кішігірім бірнеше гүлденген қалалар өмір сүрді. Лагаш, өкімшілік тұрғыдан алғанда, өзге де шумер қала-мемлекеттері сынды бүкіл Шумерді билеп тұрған жоғарғы бас әміршінің құзырында болды. Ал шын мәнінде Лагашты ишакку биледі, шумерлердің наным-сеніміне сәйкес, қаланы желеп-жебейтін құдайдың өмірі бойынша қала іргетасы қаланысымен оның билік тізгіні ишаккудың қолына берілетін болған. Ең алғашқы ишакку билік басына қалай келгені, әлі күнге дейін бұл жағы айқын емес. Мүмкін, оларды қаланың еркін азаматтары сайлаған шығар, ал бұлардың ортасында санга деп аталатын храм басшыларының рөлі зор болды. Қалай болғанда да ишакку лауазымы уақыт өте келе мұрагерлік жолмен жалғасты. Неғұрлым табысқа жеткен және атаққұмар ишакку, әрине, өзінің билігін онан әрі күшейткісі келді және өзінің байлығын храм есебінен ұлғайтуға ұмтылды; ал мұның өзі сарай мен храм арасындағы күреске апарды. Лагаш тұрғындарының негізгі көпшілігі диқандар мен малшылар, қайықшылар мен балықшылар, саудагерлер мен қолөнершілер еді. Бұл қала-мемлекеттің экономикасы аралас сипатта болатын: ол бір жағынан, ішінара «қоғамдастырылған» және «жоспарлы» экономикаға ие болса, екінші жағынан, ішінара —»еркін» экономикасы бар қала-мемлекет еді. Жердің бәрі, негізінен, қала қүдайының, дәлірек айтқанда, осы құдайдың храмының иелігінде болды, ал храм болса, жерді бүкіл қала азаматтарының атынан пайдаланды. Бірақ шын мәнісінде храм қызметкерлері жер үлесінің елеулі бөлігіне ие болып, оны өздерінің сыбағаластарына жалға беріп отырса да, дегенмен жердің көп бөлігі жеке адамдардың иелігінде еді. Тіпті кедей тұрады дейтін азаматтардың өзінің жер учаскесі, бақтары, үй-жайы мен малы болды. Әйтсе де климаттың ыстық әрі құрғақ болуына байланысты букіл қала-мемлекеттің өмірі мен жақсы тұрмысының кілті іспетті жерді суландыру және сумен қамтамасыз ету жүйесі міндетті түрде қоғамдық бастама негізінде басқарылуы тиіс болды, онсыз болмайтын да еді.
Соған қарамастан, негізінен алғанда, экономика салыстырмалы түрде еркІн және ешкім реттеп отырмайтын экономика болды. Байлық немесе қайыршылық, табысқа жету немесе кедейшілікке ұрыну — мұның бәрі белгілі бір дережеде әр адамның кәсіпке бейімділігіне жене күш-қуатына байланысты еді. Неғұрлым еңбексүйгіш қолөнершілер өздерінің жасап шығарған бұйымдарын қаланың еркін базарында сатты. Делдал-саудагерлер жерде де, теңізде де көршілес мемлекеттермен қызу сауда жүргізді. Олардың ішінде дін өкілдерінен басқа жеке көптеген айналысатын адамдардың болуы әбден мүмкін. Лагаш азаматтары өздерінің құқын қызғыштай қорғады және ездерінің экономикалық мүддесіне немесе жеке басының еркіндігіне нұқсан келтіретін билік басындағылар тарапынан жасалған кез келген іс-әрекетке сенімсіздікпен қарады, өйткені, баяғыдан бергі көздің қарашығындай сақталып келе жатқан құқы олардың өмірінің негізгі алтын арқауы сынды болатын. Бірақ өзіміз қарастырып отырған ежелгі мәтінге зер салар болсақ, дәл осы «бостандықты» Уру-кагина билік басында болған жылдарда жогалтып алған сияқты. Зорлық пен заңсыздықтың етек алуына не себеп болды, біздің құжатта бұл жөнінде ештеңе айтылмайды. Әйтсе де біз осының бәрі билік басына біздің эрамызға дейінгі 2500 жыл шамасында келген. Ур-Нанше династиясының қатыгез билігі тұсында қалыптасқан саяси және экономикалық факторлардан туындағанын жобалаймыз. Атаққұмарлығы шектен шыққан осы династияның кейбір өкілдері өзін және өзі басқарған мемлекеттің даңқын шығару үшін қанды қыргынға апаратын соқыр тәуекелге ұрынып, соғыс өртін тұтатып отырды. Кей уақыттарда олардың үлкен табыстарға да жеткен кездері болды. Тіпті олардың біреуі лагаштың бүкіл Шумерге және көршілес аймақтарға билік жүргізуіне қол жеткізді. Бірақ мұндай жеңістердің ғүмыры ұзақ болған жоқ, жүз жылға жетпейтін уақыт ішінде Лагаш иелігі өзінің ең алғашқы шекарасына қайта келді және ол өзінің бұрынғы, қатардағы қала-мемлекет қалпын қайта тапты. Билік басына Урукагина келген уақытта Лагаштың әлсірегені сондай, ол өзінің қашаннан бері бақталас көршісі Умманың оңай олжасына айналды.
Үлкен зардап әкелген осындай қатыгез соғыс кездерінде Лагаше азаматтары өздерінің саяси жөне экономикалық бостандықтарынан айрылды. Әскер жасақтау және оларды қаруландыру үшін қала өміршілері өздерінің қарамағындағы адамдардың құқын шектеуді қажет деп тапты, сөйтіп олар салықты шегіне жеткізе көбейтті, храм меншігін иеленуге дейін барды. Ел соғыс жағдайында болған кезде олар азаматтар тарапынан ешқандай қарсылыққа кездескен жоқ. Бірақ қолдарына билік тізгіні тиген сарайдағы сұрқиялар тобы өздерінің бұл әрекеттерінен бейбітшілік кезеңінде де бас тартуды ойламады, өздеріне үлкен артықшьілықтар беретін мүмкіндіктерді қолдарынан шығарғылары келмеді. Ал шын мәнінде ежелгі дәуірдегі чиновниктер өздерінің табыс көздерін ұлғайтудың небір амал-тесілдеріне жетік болып алғаны соншалық, бұған олардың осы заманғы әріптестерінің өздері де қызғана қараған болар еді. Қазынаға ақша құю, салықтар, жарна жинау, сыртқа шығарылатын мүліктерге салынатын салықтар Лагашта шырқау шегіне жетті. Енді осы жайларды көзімен көрген, Лагашта осыдан төрт жарым мың жыл бүрын өмір сүрген тарихшы өзі куә болған оқиғаларды өз сөзімен айтып берсін: Қайықшыларды бақылаушылар қайықтарды тартып алды. Малдарды бақылаушылар ірі қара мен ұсақ малдарды тартып алды. Балық аулайтын аймақты бақылаушылар балықтарды тартып алды. Егер Лагаш тұргыны сарайға қойын қырқуға әкелетін болса, сол үшін ол бес шекель (шекель-сол кездегі ақша) төлеуі тиіс болады. (егер қойдың түсі ақ болса) Егер күйеуі әйелімен ажырасатын болса, ишакку-бес шекель, ал оның уәзірі — бір шекель алуы тиіс болды. Хош иісті заттар сататын саудагер бөлмеге хош иіс тарататын әр алуан заттарды жинақтаған кезде ишакку-бес шекель, оның уәзірі — бір шекель, ал сарай басқарушысы тағы да бір шекель алатын болды. Храм мен ондағы заттарға келсек, бұлардың бәрін ишакку өз иелігіне айландырып алды. Біздің әңгімеміз айтады: «Құдайдың өгіздері ишаккудың пияз егетін жерлері — құдай жерінің ең тандаулы бөлігін құрады».
Храмның ең кұрметті қызметкерлері және бәрінен бұрын «санга» ишаккуға есектерін, өгіздері және астықтарын қанша көп мөлшерде сұраса да, беруге мәжбүр болды. Тіпті әлімнің әзі де қалалықтарды алым-салықтан құтқара алмады. Марқұмды жерлеуге алып келгенде, бейіт басында қаптаған чиновниктер мен солардың жанында жағымпазданып күн көрушілер күтіп отырды; бұл отырғандағы бұлардың есіл-дерті — марқұмның туысқандарынан қалай болғаңда да сүлы, нан, сыра және үйде пайдаланылатын мүліктерді жырып алып қалу болды. Бүкіл елдің бір қиырынан бір қырына дейін, «әйтеуір қайда барсаң да салық жинаушылар толып жүрді»,— деп еске алады әңгімешісі. Елдегі жағдай осындай болған соң сарай маңындағы сұрқиялардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болмайтыны несі, бұған тіпті таңғалудың да дәнеңесі жоқ еді. Әміршілердің жерлері мен қарамағындағы үй-жайлары қосылып, тұтастай үлкен иеліктерді құрады. Құжат мәтінінде былай делінген: «Ишаккудың үйлері және ишаккудың егістіктері, сарай гаремінің үйлері мен сарай гаремінің егістіктері, сарай қызметкерлерінің үйлері мен сарай қызметкерлерінің егістіктері бір қиырдан бір қиырға созылып жатты».
Жапа шеккен азаматтардың құқы мен бостандығын өздеріне қайтарып берген құдайдан қорыққан жаңа өмірші — Урукагина билік басына келгенде, ел жағдайы адам аярлық халде еді,— деп әңгімелейді біздің тарихшымыз. Ол қайықшылардың үстінен бақылаушыларды қайтарып алды. Ол ірі қара мен ұсақ малдарды бақылаушыларды қайтарып алды. Ол балықты суларды бақылаушыларды қайтарып алды. Ол ақ қойларды қырыққаны үшік ақы төлететін күміс жинаушыларды қайтарып алды. Күйеуі мен әйелі ажырасқан кезде ишакку да, оның уәзірі де енді ештеңе ала алмайтын болды. Хош иісті заттармен сауда жасаушы хош иісті заттардың басын қосып жинақтаған кезде ишакку да, оның уәзірі де, сарай басқарушысы да енді ештеңе де ала алмайтын болды. Марқұмды бейітке әкелген кезде алым-салық жйнаушылар оның дүние-мүлкінің анағұрлым аз мөлшердей үлесін, ал кейде жартысынан да азын алатын болды. Мұнан былай храм иелігіне ешкім де қол сүға алмайтын болды. Бүкіл елде, бір қиырынан бір қиырына дейін, «бірде бір алым-салық жинаушы қалған жоқ» деп сендіріледі әңгімеші. Урукагана Лагаш азаматтарының «бостандығын мойындады». Әйтсе де Урукагана тұмсық тықпайтын жерлері жоқ алым — салық жинаушылар мен арамтамақ шен-шекпенділерді кері қайтарып алумен ғана шектелмеді. Ол байлардың кедейлерді қуғындауына, әділетсіздік пен зорлық-зомбылық жасауына тыйым салды. Әңгімеші былайша баяндады: «Қарапайым адамның үйі «үлкен адамның» үйімен қатар тұрды. » Үлкен адам» айтты оған: «Мен сенің үйіңді сатып алғым келеді». Егер ол («үлкен адам») мұның үйі сатып алғысы келетін болса, қарапайым адам былай дейді: «Менің әділетті деп тапқан бағамды бер де, сатып ал». Ал егер ол («үлкен адам») үйді сатып алмайды екен, онда бұл «үлкен адам» қарапайым адамға тісін басып, ызғарын төкпесін. Бұл реформалар қаншалықты жүзеге асты, Лагаштың билікті қолға алу жолындағы Уммаға қарсы жүргізген күресінде қаншалықты жүзеге асты, оны біз білмейміз. Өкінішке орай, бұл шаралар бәрібір Лагаштың бұрынғы қуатын қайтып әкеле алмады, жеңіске де жол ашылмады. Көп ұзамай Урукагина да, оның реформалары да ұмытылды. Шамасы, ол көптеген басқада реформаторлар сияқты билік басына тым кеш келді және көп нәрсе істеп үлгере алмады. Урукагина он жылға жетпейтін уақытша билік жургізді, ал сонан соң оны және оның қаласын Умманың атаққұмар өміршісі Лугальзаггиси жеңіп, қол астына қаратты және ол аз уақыт болса да бүкіл Шумерді және өздеріне көршілес мемлекеттерді өзіне бағындыра білді.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.