Ұлттық мейрамдар – елдігіміздің нышаны

Главная » Рефераттар » Ұлттық мейрамдар – елдігіміздің нышаны

Адам баласының тіршіліктегі негізгі мақсаты тек еңбек етіп, өмірге қажетті материалдық байлықты жасап, отбасын құрып, ұрпақ өсірумен шектелмейді. Олар қоғам құрып, өзінің мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін дамытып, ұлт болып қалыптасады.Егер де жеке адамның өмірі табиғаттың заңы бойынша шектеулі болса, ұлттың өмірі қаншалықты ұзақ болуы, сол ұлтты құрайтын адамдардың өмір сүре білу қабілетіне байланысты. Ал, ұлт болу үшін оның – тілі, діні, салт-дәстүрі, мәдениеті, өнері болуға тиіс. Сол ұлттың осындай басты белгілері сақталып, әрі қарай дамитын болса, оның ұлттық санасы қалыптасып, ол өзінің ұлттық мемлекетін құруға негіз болады. Осындай ұзақ мерзімді даму процесінде әрбір ұлттың басынан өткерген елеулі тарихи уақиғалар, оның өмір салтына байланысты қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ол сол ұлттың әр кез есіне алып, атап өтіп отыратын ұлттық мейрамына айналады.

Қазақ халқының да тарихи даму барысында қалыптасқан өзіне тән ұлттық мейрамдары болды. Ол мейрамдар қазақ халқының көшпенді өмір салтына байланысты табиғаттың маусымдық төрт мезгіліне тура келеді. Себебі қазақтар негізінен көшпенді мал шаруашылығымен айналысқандықтан, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі табиғатқа өте жақын болды. Сол себепті қазақтар ауа-райының қолайлығына байланысты өздерінің ұлттық мейрамдарын атап өтіп, онда түрлі ұлттық өнерлерін көрсетіп, ұлттық ойындарын өткізіп отырды. Атап айтқанда ол мейрамдар – Наурыз, Қымызмұрындық, Мизам, Соғымбасы деп аталды.

ulttykmeirampng

Ұлттық мейрамдар – елдігіміздің нышаны

Әрине бұл мейрамдарды барлық жерде өз дәрежесінде, кеңінен өткізіп отырды деуге болмайды. Жиырмасыншы ғасырдың басында Кеңес үкіметі аз халықтардың ұлттық санасын жойып, оларды орыс мәдениетіне өткізу үшін әртүрлі сылтаулармен олардың ұлттық мейрамдарын атап өтуге, ұлттық ойындарын ойнауға тыйым салды. Соның салдарынан Кеңес заманында қазақтар өздерінің ұлттық мейрамдарын ұмытқан болатын.

.

Оның орнына коммунистік идеологияны халықтың санасына сіңіру үшін Ұлы Окябрь, Бірінші май, Жеңіс күні, Конституция күні, Халықаралық әйелдер күні сияқты мейрамдарды кеңінен тойлап отырды. Оған қоса түрлі мамандыққа байланысты еңбек мейрамдарын атап өтуі дәстүрге айналды. Мысалы, шахтерлер күні, металлургтар күні, шабандар күні, диханшылар күні, медицина күні т.б.с.с.

Адам баласы қауымдасып өмір сүруі үшін қоғам құрғаннан бергі уақыт ішінде өзінің тәжрибесімен жиған білімі, еңбек ету дағдысы, мінез-құлық ережесі, рухани және материалдық құндылықтары бір ұрпақтан екінші ұрпаққа, ұжымнан жеке адамға жүйелі түрде беріліп отырды. Тарихи даму барысында осы әлеуметтік тәжрибені қалай қалыптастырып, сақтау жөніндегі әдіс – тәсілдер өмірге келді. Оны қазақтар салт-дәстүр деп атаған. Салт-дәстүрдің негізгі мақсаты, сол өткен ұрпақтардан қалған өмір сүру тәсілін, олардың ой – арманы мен іс-әрекеттерін жаңа ұрпақ жетілдіріп өзінің күнделікті өмір салтында іске асырып отырулары керек. Біз дәстүр деп өткеннен қалған рухани және материалдық мұраларды айтамыз. Оны күнделікті өмір салтымызда кеңінен пайдаланып отырсақ, бізге өмір сүру жеңілірек болар еді. Біз көбіне салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралар туралы сөз қозғағанда бұл терминдердің әрқайсысының қандай мағына беретініне онша көңіл бөлмей, көбіне олардың орнын ауыстырып қолдана береміз. Бұл дұрыс емес, шын мәнісінде бұлардың әр қайсысының өз қолданыс орны болуға тиіс.

.

Мысалы, дәстүрдің мақсаты жаңа ұрпақ өзінің күнделікті өмір салтында бұрынғы ұрпақтың өмір сүру тәсілін әр кез кеңінен пайдаланып және уақыт талабына сай оған жаңалықтар енгізіп отырулары керек. Сонымен, салт-дәстүр деп уақыт сынынан өткен және сол қоғамда өмір сүретін адамдардың тұрмыс тіршілігінде берік орнаған рухани және материалдық құндылықтарды айтамыз. Дәстүрді өмірде іске асырудың жолдары көп, бірақ та олардың мазмұны көбіне бүкіл ұлттық көлемдегі мереке-мейрамдарда, ойын-сауықтарда, той-думандарда анық көрініс табады. Әрбір ұлттың тарихи қалыптасқан салт-дәстүрі, оның-тілі, діні сияқты ерекше қасиеттерінің бірі. Сондықтан да әрбір ұлт өзінің салт-дәстүрін қадірлеп, оны әрі қарай дамытып отыру әр ұлттың моралдық парызы. Бұрын қазақ халқы өзінің хандық мемлекетін құрғанда олардың қазіргідей заң шығаратын парламенті немесе жазылған заң ережелері болған жоқ, бірақ та сол кездегі адамдардың діни нанымына, ар-ұятына бағытталынған салт-дәстүрдің арқасында қоғамда тәртіп орнап, адамдар өзара түсінушілікте өмір сүрді. Сол себепті қазірде де ата-бабамыздан қалған ұлттық салт-дәстүрімізді күнделікті өмір салтымызда кеңінен қолданып отырсақ, ол біздің рухани мәдениетіміздің сарқылмас көзі болары хақ. Адам өмірінде салт-дәстүрмен қатар әдет-ғұрып деген де ұғым бар. Егер де салт-дәстүр бүкіл ұлттық деңгейде қалыптасып, аталып өтіп отырса, әдет-ғұрып әлеуметтік топтың арасында, күнделікті тұрмыста, қоғамдық қатынаста, еңбекте үйреншікті әдетке айналып, қолданыста іске асатын ғұрыптар. Әдет-ғұрыптың қоғамда атқаратын міндеті салт-дәстүр сияқты алдыңғы ұрпақтың өмір тәжірибесін пайдалану, өмір сүрудің тәсілін меңгеру, жеке адамдардың мінез- құлқын тәртіпке келтіру сияқты қоғамдық рөл атқарады. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып сияқты күнделікті өмірде жиі кездесетін тағы бір ұғым, ол ырым- жоралар. Мұның да адам өмірінде алатын орны өте зор, себебі ол кейбір жеке адамдардың наным-сеніміне айналған. Ырым-жоралардың көбі ерте заманда, адамдар табиғаттың құпия құбылыстарын әлі жете меңгермей тұрған кезде пайда болғаны белгілі. Сондықтан да олар өмірде кездесетін кейбір жағдайларға байланысты уақиғаларды жақсы ырымға, болмаса кейбірін жаман ырымға жорып, оны қолайсыз жағдайдың нышаны деп, онан үрейленетін болған. Халқымыздың күнделікті тұрмысындағы кейбір елеулі жағдайларда өмірде қолданыста аталып өтіп отыратын рәсім (ритуал) және салтанат (церемония) деген ұғымдар да бар. Бұл айтылғандардың бәріне ұлтымыздың өмір тарихынан да көптеген мысалдар келтіруге болады.

Біз халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жораларын сараптап, ой елегінен өткізу арқылы, ата-бабаларымыздың өмірге көзқарасын, дүниетанымын, наным-сенімін, тыныс- тіршілігін көреміз және келер ұрпағына қандай үлгі-өнеге, ақыл-өсиет, асыл мұралар қалдырғанын білеміз. Келер ұрпақтың міндеті, сол ата-бабасынан қалған алтын қазынаны жетілдіріп, дамытып, күнделікті өмір салтында қолданысқа енгізу. Тек сондай жағдайда ғана ұлтымыздың рухани мәдениетін сақтап, оны әрі қрай жетілдіре аламыз. Егер де біз ұлт ретінде тарихи қалыптасқан төл мәдениетімізді күнделікті тұрмыста кеңінен пайдалансақ, бұл біздің ұлттық санамыздың қалыптасуына оң әсер етіп, жас ұрпақтың дүниетанымының, өмірге көзқарасының, мінез-құлқының дұрыс дамуына себебін тигізеді. Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына мемлекет болғаннан кейін өзінің мемлекеттік және ұлттық мейрамдарын белгілеп, оны атап өте бастады. Соның ішінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні, 25 қазан -Республика күні, 30 тамыз Конституция күні, 1 мамыр Ұлтаралық достастық күні, 9 мамыр – Жеңіс күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 21 наурыз қазақша жыл басы, 1 қаңтар християндық жаңа жыл. Осы айтылғандардан көріп отырғанымыздай Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де, мейрам-мерекелерге кенде емес екен. Бірақ осы мейрамдар қазақтардың ұлттық санасын қалыптастырудағы рөлі қандай деген ой келеді. Бұл мейрамдардың ішінде 16 желтоқсан, 25 қазан, 30 тамыз мемлекеттік ресми мейрамдар ретінде өтілсе, ал 1, 9 мамыр, 8 наурыз, 1 қаңтар бұл Кеңес дәуірінен мұраға қалған мейрамдар, сонда ұлттық мейрам ретінде тек 21 наурыз қалады екен. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Наурыз мейрамын Кеңес үкіметі орнағаннан кейін діни мейрам деп, оны атап өтуге тыйым салған болатын. Бұл мейрам Қазақстанда сексенінші жылдардың соңында Кеңес үкіметі әлсіреп құлауға таяған кезде, оны атап өтуге рұқсат етілді. Бірақ та ондаған жылдар бойы тойланбағандықтан ол халықтың жадынан шығып, кейбір нышандары ұмыт болған еді. Қазіргі кезде Наурыз мейрамы ресми түрде жыл сайын атап өтілгенмен, бұрынғыдай шын мәнісіндегі халықтың ұлттық мейрамы болмай тұр. Көбіне 21 наурыз қаланың орталық алаңында концерт қоюмен шектеледі және әр ұжым бір ай бойы қай күні өткізгісі келсе, сол күні өткізіп, ол мейрамның маңызын төмендетіп жіберді. Мысалы, Наурыз мейрамында атап өткерілетін іс-шаралар мен 1-ші қаңтарда жаңа жылды қарсы алудағы іс- шараларды салыстырып көрсек, екеуінің арасы жер мен көктей. Жаңа жылға бір ай бұрын қамданып, онда түрлі ойын-сауықтар, християндық әдет-ғұрып, ырым-жоралар кеңінен атап өтіледі. Бізде қазір батыстың мәдениетіне еліктеудің шектен шыққаны соншалықты, өзіміздің ұлттық дәстүрімізге еш қатысы жоқ “Қасиетті Валентина“ күні деген батыстың діни мерекесін мектеп оқушыларынан бастап, бүкіл жастар жылма-жыл кеңінен атап өтетін болып алды. Егер де жастарымыздың санасы осылай батыстың мәдениетіне ауа беретін болса, өзіміздің ұлттық мәдениетіміз ұмыт болып, қазақ халқы өзінің ұлттық рухынан айырылып қалу қаупі бар. Сол себепті біз қазірден бұрынғы ұлттық дәстүрлі мәдениетімізді қайта жаңғыртып, оған уақыт талабына сай жаңалықтар енгізіп, күнделікті өмір салтымызда кеңінен қолдана білуіміз керек. Ұлттық мейрамдардың ішінде мұсылманша жылдың басы болып саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы. Наурыз мейрамы 21-ші Наурыз күні, яғни жазғытұрғы күн мен түннің теңелген уақытына тұспа-тұс келеді. Наурыз айы көктем айы болып есептелгенімен, ол кезде Қазақстанның әр аймағында ауа-райы әр түрлі болады. Егер де оңтүстік аймақтарда қар кетіп, жер көктеп, күн жылынып, жазғытұрғы мезгіл толық күшіне енсе, солтүстік аймақтарда қар жатады және қыстың ызғары әлі кетпеген уақыт. Сондықтан да Наурыз мейрамында Қазақстанның барлық жерінде бір уақытта түгелдей ұлттық ойындарды атап өту мүмкін емес.

.

Мысалы, Оңтүстік аймақта Наурыз мейрамында ұлттық ойындардың барлық түрін өткізуге толық мүмкіншілік бар болса, ал солтүстік өңірлерде ол кезде ат ойындарын, Алты бақан, Ақ сүйек, Соқыр теке сияқты ойындарды өткізуге мүмкіндіктері болмайды. Сонымен қатар, әр мейрамның өз ерекшеліктері де бар, сол себепті мейрамдарда өзінің өткізілетін мерзіміне қарай әр түрлі ойындар көрсетілуі керек. Қазақтың ұлттық мейрамдарының ішінде көктемгі Наурыз мейрамынан кейін келетін “Қымыз мұрындық“. Бұл мейрам жаздың ортасында, күннің әбден ұзарып, түннің қысқарған мезгілі – Маусым айының 21-ші күні болады. Осы кезде малшылардың қысқы қыстауынан жазғы жайлауына көшіп, қой қырқылып, түйе жүнделіп, жылқы күзеліп болатын кезі. Төлдің бәрі аяқтанып, бағлан пісіп, бие байлап қымыз ашытып, ала қыстай бытырап шаруа соңында жүрген жұрт жайлауда киіз үй тігіп, ойын-сауық өткізіп көңіл көтеріп бір жасап қалды. Қан жайлауда бас қосқан халық қыз айттырып, құда түсіп, сүндет той, бесік той жасап, қазақтың әдет-ғұрпын, ырым-жораларын осы тойда кеңінен атап өтеді. Қымыз мұрындықтың қысқа түнінде боз балалар мен бойжеткендер таңға дейін алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап, қызойнаққа барып, жұмбақ жасырып, жасырынбақ ойнап, өлең айтып, ән шырқап көңіл көтереді. Қазақтың өмір салтында бар, бірақ та онша еленіп тойлана бермейтін мейрам, ол “Мизам“ мерекесі. Бұл мейрам күзде күн мен түннің теңелген кезінде, яғни қыркүйек айының 21-ші күніне тура келеді. Бұл уақытта күннің жазғы қапырық ыстығы басылып, ауа-райы салқындай бастайды. Бұл мал семіріп, егін орылып, шөп шабылып, шаруаның бір ыңғайға келетін кез. Ертеде қазақтың халықты көп жинап ойын-той өкізетін уақыты осы мейзам мейрамына тұспа-тұс келетін. Ол кезде қазақта халқына еңбегі сіңген тарихи тұлғаларға арнап ас беретін дәстүрі болған. Оған алыс-жақын жерлерден алты алаштың азаматтарын шақырып, онда – Ақындар айтысын, Аламан бәйге, Көкпар тарту, Қыз қуу, Балуандар күресі сияқты түрлі ойындар өткізген. Мизам мейрамынан кейінгі, желтоқсан айының соңына таман келетін мейрам “Соғымбасы” деп аталады. Бұл 21-ші желтоқсан күні түн ұзарып, күн қысқарып, малшылардың қысқы қыстауына жайғасқан мезгілі. Қазақтар осы кезде күз бойы арнайы семірткен малын суық түсе соғымға сойған. Ауыл адамдары “соғым – ел асы” деген салтпен бірін-бірі қонаққа шақырып, ұзақ түнді қысқарту мақсатында ақындарды айтыстырып, күйшілерге домбыра тартқызып, жыршыларға жыр, термешілерге терме, әншілерге ән айттырып думан құрған. Бұрынғы қазақтардың көңіл көтеріп, сауық-сайран салатын уақыты алғашқы қар жауғаннан кейінгі бүркітпен, тазымен, жүйрік атпен аңға шығатын кезі. Бұл мезгілді қазақтар “Қансонар” деп атаған және жаңа жауған қардың үстіндегі аңның ізімен соңына түскен аңын тауып, оған бүркіт салып немесе тазы жүгіртіп аң аулаған. Егер де біз бұрынғы қазақтың ұлттық мейрамдары болып саналатын “Наурыз“, “Қымызмұрындық“, “Мизам“, “Соғымбасы“ сыяқты мейрамдарын жылдың әр маусымында уақытында ұйымдастырып, кеңінен атап өтіп отырсақ, ұлттық рухани мәдениетіміздің қалыптасып, оның әрі қарай дамитынына сенім мол. Қазақ халқының басым көпшілігі бұрын ауылдық жерде тұрып келсе, енді тәуелсіздігімізді алып, өз алдымызға егіменді ел болғаннан кейін, қалаға көптеп келе бастады. Сондықтан да қазақтар қала өмір салтына бейімделінген өздерінің ұлттық мәдениетін жасаулары керек. Сонда ғана біз ұлттық санамызды қалыптастырып, өзіміздің төл мәдениетімізді дамыта аламыз. Ұлттық сананы қалыптастыруда, ұлттық мейрамдар мен ұлттық ойындардың алатын орны ерекше. Сол себепті жоғарыда аталған ұлттық мейрамдарымызды дамытып, онда—ұлттық өнерімізді, ұлттық ойындарымызды, ұлттық фольклорымызды кеңінен насихаттау уақыт талабы. Мұны іске асырудың бірден-бір дұрыс жолы, қазақтың ұлттық мейрамдарын қайта жандандырып, оны өмір салтымызға батыл ендіру. Егер де біз осы шараларды қолға алып, оны өмірде іске асыруға ұмтылыс жасасақ, болашақта ұлтымыздың рухани мәдениеті сақталып, оның әрі қарай дамитынына ешқандай күмән жоқ.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.