Ұлттық құндылықтар

Home » Рефераттар » Ұлттық құндылықтар
Рефераттар Комментариев нет

Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бір ұлтты екіншілерінен ерекшелендіріп тұратыны оның: тілі, ертегілері, мақал-мәтелдері, лиро-эпостық және батырлар жырлары, әдет- ғұрпы, салт-санасы, менталитеті, мәдениеті, өнері, тағамдары, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Осылардың бәрі – ұлттық құндылықтарға жатады. Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап жүрміз дейтін болсақ, өкінішке қарай, өте нашар сақтап жүрміз. Кеңес кезінде көптеген ұлттық құндылығымызды «ескінің қалдығы» деген сылтаумен көзін құртпақ болды. Сөйтіп ұлттың өзін жоюға тырысты. Егеменді ел болғаннан бері ұлтжанды азаматтар ұлттық құндылығымызды қалпына келтіруге ниеттенуде. Бірақ, биліктің ұлттық құндылықтарға деген немқұрайлылығы көп жағдайда кедергі келтіруде. «Нарықтық қатынас, әлемдік қауымдастыққа кірігу» деген сылтаумен ұлттық құндылыққа көңіл нашар бөлінуде. Қазір жалпы ұлттық мүддеге қарағанда, әркім өзінің жеке қара басын көбірек ойлайды. Материялдық құндылықтар алдыға шығып тұрған заманда ұлттық құндылықтар көп ескерілмей қалып жатыр. Ұлттық құндылықтарды әр ұлттың ата-бабалары өздерінің өмір сүру салтына байланысты шығарып, пайдаланып, дамытып ұрпақтарына мұра етіп қалдырып отырған. Сондықтан ұлттық құндылықтар сол ұлттың меншігі болып есептеледі. Оны әр ұлттың ұрпақтары сақтап, заманына қарай дамытып отырулары керек. Егер халық өздерінің ұлттық құндылықтарын жоғалтып алса, ол халық – «ұлт» деп саналмайды. Сондықтан әр ұлт өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтауға тырысады, әрі қорғайды. Қазақ халқы да өзінің ұлттық құндылықтарын сақтауы керек. Италияның жиһанкез кәсіпкері Реналью Гаспирин: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – Қазақстан халқы екен», – депті. Егер өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алсақ, ХХІІ ғасырда біреулер, «Қазақ деген өздерінің ұлттық құндылығы жоқ, бейшара халық екен» деуі мүмкін. Сөйтіп ұлт ретінде бізді әлем мойындамайтын болады. Ұлттық құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасқан, өмірдің сынынан өткен, пайдалы екені дәлелденген. Мысалы, қазақ халқының ұлттық ойындарының біреуі – асық ойыны. Асық ойнау: баланың ойлау қабілетін дамытады, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді, денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, мергендікке баулиды, бойдың жылдам өсуіне көмектеседі, таза ауада тері жасушалары ашылып, ағза тынығады. Ал, қазақтың ұлттық бұйымы бесіктің пайдасын өмірдің өзі дәлелдеп, осы уақытқа дейін жетіп отыр. Баланың таза болуы, ұйқысының тыныш болуы өз алдына, баланың ана құрсағынан жарық дүниеге келген соң табиғи өсуіне әсер етеді. Жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Щияу Иде Илаң қазіргі заманғы озық аспаптарды қолдана отырып зерттеу жүргізген. Оның зерттеуі бойынша «сәби өмір есігін ашпас бұрын, ана құрсағында жүріп тербеліске түседі. Алайда өмір есігін ашқан соң жарық дүниеге бірден үйлесе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру керек» деген қорытынды жасайды. Міне, қазақ халқының ұлылығы, осы процестерді өзінің өміріне пайдаланып, бала жарық дүниеге бейімделгенше, бесікке бөлеп, тербетіп отырған. Өкінішке қарай, әсіресе, қалалы жерде тұратын жас келіншектер баланы бесікке бөлеуге ерініп, памперсті күні-түні қолданатын болып жүр. АҚШ пен Еуропа елдерінде озық ойлы дәрігерлер памперсті қолдануға қарсы «Келініңізге күйеу іздеңіз!» деген акциялар ұйымдастырып, жасанды жаялықтан бас тартуға үндеуде. Бұның мағынасы: «Сіздің памперс кигізіп өсірген ұлыңыз белсіз, ұрпақ әкелдіре алмайды» дегенді білдіреді. Себебі памперстің балаға зияны ұшан-теңіз. Памперстің кеселінен нәжісті өзіне сіңіріп, химиялық жолмен буландырып жіберетін қоспалар адамды белсіздік пен бедеулік ауруына душар етеді екен. Соңғы жиырма бес жылда Еуропа елдерінде бала туудың азаюының бір себебі бедеулік пен белсіздіктің әсері деп жүр. Себебі, памперс киіп өскен баланың қуаты қырыққа жетер-жетпесте тоқырап қалады екен. Алланың жаратуы бойынша, ұл баланың мүшесінің ұшы мен ен қалтасының қалыпты температурасы болады. Жас бала памперске кіші дәретті жіберген кезде дене температурасы бірден жоғарылайды. Аздан кейін памперске сіңген зәр қайтадан суиды. Сөйтіп, қысқа аралықта бір күйден екінші күйге алмасқан температура аталық бездің дамуын тежейді. Демек, табиғи қуатын жойып жібереді. Бұндай жағдай қыз балаға да кері әсер етеді. Осыдан барып белсіздік пен бедеулік ауруына ұшырайды. (Кейінгі кездері памперстің зияндығы туралы «Ақ босаға» газеті жақсы жазып жүр). Соңғы кездері, Алматыдағы «Академик Б.У.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының» директоры Мырзакәрім Кәрімұлы Алшынбаев мырза бастаған ғылыми топ Қазақстандағы ерлердің белсіздігі туралы зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, ұрпақ беру жасындағы 15 пайыз ерлердің белсіздікке ұшырағаны анықталған. Оған себеп: қазіргі экология, азық- түліктегі химиялық қоспалардың көптігі, дене қозғалысының аздығы, т.б. жағдайлар. Бұл памперс кимеген ұрпақтың жағдайы. Енді памперс киіп өскен ұрпақ отбасын құрар жасқа жеткенде , бұл пайыз арта түсері сөзсіз. Бұл – ұлтқа төнген үлкен қауіп. Халықты өсіретін де, өшіретін де – әйел! Қазіргі жас келіншектердің өз жанын аялап, жалқауланып, баласын бесікке бөлемей, памперс кигізуі қазақ халқын «өшіріп» жіберуі мүмкін. Сондықтан ері бар, әйелі бар «ұрпағым болса екен» деген әрбір қазақ қатты ойланулары керек. Ұлттық құндылықтар ауыл мен қалада бірдей дамымайды. Негізінен, ұлттық құндылықтар ауылды жерде жақсы дамиды. Қазақ халқында да ұлттық құндылықтар ауылды жерде қолданылады. Қалада аз немесе тіпті қолданылмайды да. Қалада басқа ұлттардың салт- дәстүрлері араласып кеткен. Мысалы, қазір қалалы жерде баласының туған күнінде торттың үстіне шырағдан жағып әкеліп, оны балаға өшіртеді. «Отың өшпесін», «шырағың сөнбесін» дейтін қазақ халқы үшін бұл жаман ырым. Бірақ оны ойлап жатқан ата-ана жоқ. Себебі қазақтың салт-дәстүрін қалада өскен ата-ананың өзі білмейді. Ал қазір қазақ халқының ішінде урбанизация жүріп жатыр. Халық ауылдан қалаға шоғырлану үстінде. Қазірше ауылды жердің қазағы көп болғанымен, 30-40 жылдан кейін қазақтардың басым көпшілігі қалалық болады. Осы жылдар ішінде Алматының халқы 2 миллионнан, Астана, Шымкент, Ақтөбенің халқы бір миллионнан асады деп күтілуде. Бұлардан басқа да облыс орталықтары бар. 30-40 жылдың ішінде Қазақстан халқы 20 миллион болғанның өзінде 50 пайыздан көбі қалалық болады. Демек ұлттық құндылықтың қолданылуы кемиді. Кейбірі қолданылмайды да. Сөйтіп ұлттық құндылықтар ұмытыла береді. Бұл да ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан ұлттық құндылықтарды заманға қарай дамытып, қалаға «көшіре» бастау керек. Қазір ұлтжанды азаматтардың арқасында тоғызқұмалақ, қазақша күрес, бәйге, көкпар жақсы дамып келеді. Енді қазақша күресті олимпиада ойындарына кіргізуге күш салу керек. Қыз қуу, бәйге, аударыспақ, көкпар, т.б. атпен ойналатын ойындарды қаланың иппадромдарында жиі-жиі өткізіп, оны тиісті деңгейде жарнамалап, насихаттап отырған абзал. Соңғы кезде жігіттер асық ойынын қолға ала бастады. Бұл құптарлық жағдай. Онша көп жерді керек етпейтін, қымбатқа да түспейтін асық ойынын мектеп балаларының ішінде дамытқан тиімді. Асық ойынынан сынып аралық, мектеп аралық олимпиадалар өткізген балалардың қызығушылығын арттырады. Одан жоғарылап әр аудан, облыс аралық олимпиадалар өткізіп, соңында республикалық жарыс өткізсе қалалық балалардың да қызығушылығы артар еді. Асық ойынын осы ретпен жоғарғы оқу орындары арасында да жарыс өткізуге болады. Басқа да ұлттық құндылықтарды қаланың ыңғайына қарай икемдеп «қалалық» жасаған абзал. Ұлттық құндылықты дамытқан азаматтарды мемлекет те қолдап отырса нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы Серікбол Шәймардан деген азамат «Smart Бесік» ойлап тапты. Батареяның қуатымен тербетілетін бұл бесік жас аналарға үлкен көмек. Тек осыны мемлекет қолдап, қаржы бөліп бесікті өндірістік шығаруға көмектессе жақсы болар еді. Бұған соншалықты көп қаржы да керек емес. Шет елден шақыртқан әншілердің біреуіне кететін қаржыдан көп қаржы кетпейді. Ұлттық құндылықтарымызды қалаға көшіріп күнделікті қолданысқа енгізбесек, көбі көп ұзамай өшеді. Жылына бір болатын Наурыз мерекесі кезінде ғана көрсетіп отырсақ ұлттық құндылықтар дамымайды. Ұлттық құндылықтар шет елдегі, әсіресе қытай, монғолия қазақтарының ішінде жақсы сақталып, жақсы дамыған. Осыларды жоғалып кетпей тұрғанда жинастырып, бір ізге түсіру керек. Ұлттық құндылықтарды дамытып қана қоймай қорлаудан да қорғауымыз керек. Кейінгі кезде ұлттық құндылықтарымызды қорлау байқалып жүр. Мысалы «КТК» телеарнасы «Бешбармақ шоу» деп қазақтың қадірлі асы еттің атын қорлауда. Біріншіден қазақта «беш» деген сөз жоқ. Қазақтар «бес» дейді. Адамда барлығы төрт қана бармақ бар, екеуі аяқта екеуі қолда, қалғандары саусақ деп аталады. Қазақтар: «Бес саусақ бірдей емес». «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деп мақалдайды. «Бес бармақ бірдей емес». «Бармақ бірікпей ине ілікпейді» деп айтпайды. Екіншіден қазақта «Бешбармақ» деген ас жоқ. Қазақтар «ет тағамы» дейді. Кеңестік кездің өзінде асханаларда «Қазақша ет» деп жазатын. Ал «бесбармақ» деп патшалы Ресей кезінде «қазақтар тамақты қолмен жейтін жабайылар» деп мазақтап, қорлап айтқан. Сол кездегі мазақтап, қорлап айтқан атауды енді өзіміз телеарна арқылы бүкіл елге жарнамалап жүрміз. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, т.б, дүниеден өтіп кеткен классик жазушыларымыздың, қазіргі көзі тірі Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, М.Шаханов, т.б. ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан ет туралы «бешбармақ» сөзін кездестірмейсіз. Өйткені олар бұл сөздің шығу төркінін жақсы біледі. Сондықтан айтуға намыстанады. Намыстанбай жүрген тек осы шоуды ұйымдастырғандар, оны жүргізгендер, оған сарапшы болғандар. Өкінішке қарай, қазір «бешбармақ» сөзін асабалар да, басқалар да жиі қолданатын болып жүр. Ал, сүйікті, қадірлі әншіміз Роза Рымбаева қарындасымыздың «Беш» деп шырқап, ұн шашқан клипке түсуі, бұл сөздің қайдан шыққанын білмегені өкінішті-ақ. Осыған байланысты, анасын қорғаймын деп Әли де «31-телеарнаның» «Сырласу» ток-шоуында байқамай біраз артықтау сөз айтып қалды. Бұл, ұлттық құндылықтар туралы жастарымызға дұрыс мәлімет бере алмай жүрген үлкендердің кемшілігі. Қазіргі жастар телеарнадан не көрсе соны шындық деп қабылдайды. Жастарды телеарналар тәрбиелеуде. Ал көрші ұлттардың өзі ұлттық құндылықтарын ешкімге қорлатпайды. Өзбектер палауын, қырғыздар да етті қолмен жейді. Бірақ олар ұлттық астарын «бешбармақ» деп қорлатпайды. Өзбектер өйтіп атаған адамдардың тілін кесіп алар еді. Қазақта «Тойбастар» деген дәстүр бар. Сондай-ақ «КТК» телеарнасы қазақтың «Тойбастар» сөзін де қорлап, «Той BestStar» деп атап сайқымазаққа айналдырып жүр. Бұл телеарна өздерінің шоуларына ат тауып қоюға өрелері жетпесе, қазақтың ұлттық құндылықтарынан аулақ жүргендері дұрыс болар еді. Ал бұндай қорлауды дер кезінде тыймаса, қорлауларын жалғастырып, келешекте жастарды шатастыратын болады. Оның үстіне, қазіргі шетелдіктердің еркін келіп-кетіп жүргенінде, шетелдіктер және жастарымыз «қазақтың асы мен әдет-ғұрпы осылай аталады екен» деп адасатын болады. Бұндай қорлауға жол беруге болмайды! Бұндай оқиғаларды ҚР Ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ақпарат министрлігі бірігіп жолын кесіп отырулары керек. Қазір өсек таратқандарды жазалайтын заң қабылдадық. Сол сияқты қазақтың ұлттық құндылықтарын және оның атауын қорлағандарды да жазалайтын заң қабылдау керек. Қазір бағамдап қарасақ, талай ұлттық құндылықтарымыз қолды болып кетіпті. Басқалар біздің ұлттық құндылықтарымызға халықаралық патент алып алған. Мысалы, шетелдік сән үлгілерінен қазақтың ою-өрнегінің, қыздарымыздың қосетек көйлегінің нышандары байқалып қалады. Сондай-ақ өзбектер – қазы-қартаны, немістер – қымызды, жапондар – айран мен шалапты өздерінің ұлттық асы деп халықаралық патент алып алған. «Жақсыға әркімнің де бар таласы» деген ғой. Үйір-үйір жылқы үйірген қазақтың «Қыз Жібек» жырында: «Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды», деген өлең жолдары бар. Ал, үйір- үйір жылқы үйіріп, кертіп қазы-қарта жеп, саба-саба қымыз сапырған, жылқысын көптігінен баға алмаған өзбекті де, немісті де, естіген де, көрген де жоқ едік. Қазы-қарта мен қымызға бұлар ұлттық тағамдары ретінде қалай патент алғандарын кім білсін? Ұлттық құндылықтарды «біздікі» деу үшін халықаралық патент алу керек. Ол үшін жанды, жансыз не нәрсеге де сол елде стандарты жасалуы тиіс. Біздегі тазы итімен айналысушылар оған халықаралық патент алайын десе тиісті мекемелер тазыға стандарт жасап бермей отыр. Бұл мекеме ойланып-толғанғанша тағы біреулер оны иемденіп кетуі ғажап емес. Қазақ тазысының жанашыры, «Аймақаралық кинологиялық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Халықаралық және ұлттық дәрежедегі сарапшы Нина Макерова ханымның тазы туралы ойын «Егемен Қазақстан» айта келіп: «Сондай-ақ, ол бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігінің сырғытпа жауаптарына да көңілі толмайтындығын айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, аталған министрлік бұл мәселемен өздерінің айналыспайтындарын жеткізген. «Сонда кім айналысыды бұл іспен және бұл тұрғыда мемлекеттік қолдау кезек күттірмейтін мәселе», дейді Н.Макерова», дей келе, «Осындай асыл қазынамызды құнттамай жүргеніміз менің жаныма қатты батады. Ашынғаннан кейде ащы дауысым да шығып кетеді… Түрікмендер тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ тазысы мен алабайын заңдастырып алыпты. Біз әлі күнге дейін қалың ұйқы құшағында жүр екенбіз. Бұлай жата беруге болмайтыны анық. Қазірден қимылдамасақ, жоғарыда айтқанымыздай, өкінішке ұрынып қалуымыз әбден мүмкін. Осылай деп әңгімесін әрі қарай жалғады қазақ тазысының жанашыры» деп жазды. («Егемен Қазақстан, №120, 20.06.2014 ж.). Міне, қазақтың ұлттық құндылықтарына басқа ұлт өкілі жанашыр болып жүр. Ал, өзіміз міз бақпаймыз. Осылай жайбасарлыққа салынып жүрсек, 40-50 жылдан кейін ұлттық құндылықтарымыздың бәрі басқанікі болып кетуі мүмкін. Мысалы, ұрпақтарымыз 40-50 жылдан соң қымызды «қазақтардың ұлттық сусыны» десе, басқалар «онда құжатыңды, патентіңді көрсет» дейді. Сонда біздің ұрпақтар көрсете алмаған патентті немістер көрсетеді. «Кім құжат көрсетсе, ол соның мүлкі. Қымыз – патенті бар немістікі», деп халықаралық сот бір-ақ қайырып, ұрпағымыздың аузына құм құятын болады. Халықаралық жағдайда сөз жүрмейді, құжат жүреді. Тіпті, 40-50 жылдан кейін немістер: «Қазақтар, біздің патенттеген қымызымызды ішіп жүрсіңдер. Бізге ақша төлеңдер», деуі де мүмкін. Сол кезде ұрпағымыз: «Ата, әкелеріміз ХХІ ғасырдың басында компьютерді бағындырып, ғарышты игере бастадық деп күпінгенше, ұлттық құндылықтарымызға неге халықаралық патент алмады екен», деп әрі өкініп, әрі өкпелейтін болады. Ұлттық құндылықтарға халықаралық патент алу үшін, оның бәрі өзімізде стандартталуы керек. Бұл – көлемді жұмыс. Мысалы, қазақ үйдің жеке патентін алу керек болса, оның әрбір құрамдас бөлігіне: кереге, уық, шаңырақ, басқұр, туырлық, т.б. бөлшектеріне жеке-жеке патент алу керек. Себебі осы бөлшектерге басқалар патент алып алса «біз ойлап тапқан затты қазақтар құрастырып үй тікті» деп дауласуы мүмкін. Сол сияқты бесіктің өзіне және әрбір құрамдас бөлшегіне жеке-жеке патент алу қажет. Басқа құндылықтарға да солай. Патентің болса ол – сенікі. Болмаса ол – басқанікі. Патентің болмаса сенікі – ұрлық болып есептеледі. Мұндай көлемді жұмысты бір министрлік атқара алмайды. Себебі, ұлттық құндылықтарымыз сан салалы. Біреуі тамақ өнеркәсібіне байланысты болса, енді бірі Мәдениет министрлігіне, үшіншісі мал шаруашылығына, т.б. байланысты. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды стандарттауда министрліктерге тапсырма беретін, оны халықаралық патентке дайындайтын Комитет құрылуы керек. Бұл комитет тікелей Премьер – Министрге бағынғаны жөн. Комитеттің басқаларға сөзін даусыз өткізе алатын құзыры болуы керек. Әйтпесе кейбір министрліктер біздің тікелей міндетіміз емес деп тапсырманы уақытында орындамай созып жүретін болады. Ал комитет, келіп түскен құжаттарды дер кезінде ағылшын тіліне аудартып, басқа да халықаралық рәсмиятын орындап, патент алу үшін тиісті халықаралық ұйымға жіберіп, оның орындалуын қадағалап, келген құжаттарды қаттап, мұрағаттарға жіберіп отыруы керек. Комитет мүшелерін тарихшылардан, этнографтардан таңдаған дұрыс болар еді. Ұлттық құндылықтарымыздың ұрланып жатқандығы туралы, оны қорғау үшін халықаралық патентке дайындайтын комитет құрылуы керек екендігі туралы 2008 жылы «Егенмен Қазақстанда» мақала жарияланған еді. («Егемен Қазақстан», №263-266, 27.08.2008 ж.). Бірақ осы мақаладан кейін 6 жыл өтсе де ешқандай қозғалыс жоқ. Бұдан кейін де біраз ұлттық құндылығымызды басқалардың патенттеп алғандығы айтылуда. 2011 жылдың 6-наурызында «Қазақстан» телеарнасының «Апта kz» хабарында шұбатқа – еврейлердің, қазақ үйге – американдықтардың халықаралық патент алғандығы айтылды. Қазақта сонда не қалды? Егер біз әлі де намқұрайлылықпен, жайбасарлықпен жүре берсек барлық ұлттық құндылықтарымыздан айрыламыз. Сондықтан тездетіп комитет құрып, ұлттық құндылықтарымызды қорғау керек. Әр ұрпақтың өмір сүрген уақытына қарай оларға жүктелетін тарихи миссиясы болады. Әлихан Бөкейханов: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», деген. Абылай хан дәуірінде қазақ ел болып қалу үшін жоңғарлармен айқасты. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елдігімізді сақтап қалды. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейханов бастаған арыстарымыз жоқ дегенде автономиялы республика болу үшін күресіп, қанын төгіп, жанын берді. Құдайға шүкір, қазір егеменді ел болдық. Қазіргі ұрпақтың, ХХІ ғасырдағы қазақ ұрпағының міндеті – экономикамызды дамыта отырып, ұлттық құндылығымызды қорғап, дамытып, сақтай отырып әлемдік қауымдастыққа кірігу. Егер ұлттық құндылығымызды сақтай алмасақ жаһандануға жұтылып кетеміз. Жаһандануға жұтылып кетпей, президентіміздің алдыға қойған мақсаты «Мәңгілік Ел» болып қалу үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қорғай білуіміз керек. Себебі, ұлттық құндылық – ұлттың тірегі !

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.