Ұлттық өнер – ұлылығымыздың белгісі

Главная » Рефераттар » Ұлттық өнер – ұлылығымыздың белгісі

Адамның өмірін – материалдық, биологиялық, рухани деп үш салаға бөлуге болады. Егер де материалдыққа адамның әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандыру үшін үй салып, киім киіп, тамақ ішетінін жатқызсақ, биологиялық деп денесінің тынығуы үшін ұйықтайтынын айтамыз. Ал руханилыққа адамның еңбек етіп, ұйықтауынан басқа бос уақытта істейтін іс-әрекетін жатқызуға болады. Әрине, әр адам бос уақытын өзінің қалауы бойынша әртүрлі өткізуі мүмкін, бірақ та көп адамның мақсаты бос уақытын өзінің рухани қажеттілігін қанағаттандыруға жұмсайтыны анық. Рухани қажеттілік адамның санасына, мәдениетіне, біліміне байланысты. Егер де адамның санасы төмен, мәдениеті дамымаған, білімі аз болса, ол адамның рухани қажеттілігі де мардымсыз болады. Олай болса, біз әуелі рухани қажеттілік деген не және оны қалай дамытуға болады деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Алла Тағала жер бетіне биологиялық тіршілік иесі етіп адамды жаратқанда, оған өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін дене құрылымына – жүрсін деп екі аяқты, істесін деп екі қолды, көрсін деп екі көзді, естісін деп екі құлақты және осының бәрін басқару үшін ақыл берген. Бірақ та адам жәй тіршілік иесі емес, онда сонымен қатар – сана, иман, рух, көңіл, нәпсі сияқты тек адамға ғана тән қасиеттер бар. Адамның бұл дүниедегі басты парызы осы қасиеттерді жетілдіріп, әрі қарай дамыту болса, оны дамытудың басты құралы деп өнерді айтуға болады. Олай болса, өнер адам өмірінің мәні, сәні, мақсаты болуға тиіс. Рухани құндылықтың түпкі мәні ұлттық өнер, ол адамдардың рухани қажеттілігін қанағаттандырады, сол себепті адамдар өнердің түрлі туындыларын өмірге әкеліп, өздері содан ләззат алып отырады. Өнер арқылы адамдардың дүниетанымы кеңейіп, эстетикалық талғамы өсіп, мінез-құлқы қалыптасады. Өнер тек жеке адамдар үшін емес, қоғамның дамуында да өте маңызды рөл атқарады. Егер де қоғамның рухани мәдениеті жоғары дамыған болса, онда өмір сүретін адамдардың да мәдениетінің жоғары болары сөзсіз, себебі адамдар қоғамда тәрбиеленеді. Өнердің түрлері көп және олар бір-бірімен тығыз байланысты. Өнер негізінен өмірді бейнелейді, бірақ та әрбір өнердің түрі өмір шындығын толықтай бейнелей алмайды. Мысалы, музыка адамның ішкі жандүниесінің құпия сырларын әуен, ырғақ арқылы бейнелей алады, бірақ та адам болмысын толық суреттеуге оның шамасы келмейді. Әдебиет сөз арқылы адамның өмір тіршілігін суреттесе, сәулет өнері адамдардың сол өзі өмір сүрген заманындағы тұрмыс- тіршілігінен хабар береді. Сол сияқты өнердің басқа да түрлері өздерінің образдарын жасап, сол арқылы өмірдің шынайы көрінісін беруге тырысады. Адам баласы жер бетінде пайда болғаннан бері даму үстінде және олардың санасымен қатар рухы да дамып келеді. Адамдар материалдық байлықты жасау мақсатында еңбек құралдарын жетілдіру үшін техника мен технологияны меңгеруге тиіс болса, рухани байлықты жасау үшін олар философияны, дінді, өнерді дамытулары керек. Егер де техниканы дамыту арқылы адам өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз етсе, өнерді дамыту арқылы рухани қажеттілігін өтейді. Адамның рухы бай болған сайын оның адамгершілік қасиеті де жетіліп, инабатты адам болатыны белгілі. Олай болса, адамның санасы мен рухы қатар дамып жетілуі тиіс екен.

Адам білім-ғылымның арқасында ауыр өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын жетілдіріп, өздерінің күнделікті тұрмысын қажетті заттармен қамтамасыз етеді және бұған тек ақыл-парасат арқылы қол жеткізуге болады. Егер де біз мұны сананың дамуы деп түсінсек, адамға сонымен қатар рухани даму да қажет. Себебі рухани мәдениетсіз адам толыққанды адам болып өмір сүре алмайды. Олай болса біз рухымызды дамытып, жетілдіру үшін оның жолдары мен әдіс-тәсілдерін толық зерттеп, жақсы білуіміз керек. Адамның адамгершілік қасиеті оның рухының сапасына байланысты болса, адамның рухын өсіріп-жетілдіретін, ол – өнер. Адам өз халқының ұлттық өнерін жасынан бойына сіңіріп, соны жан-тәнімен сүйіп өссе, ол өз отанының патриоты болып оның тілін, дінін, салт-дәстүрін жақсы меңгеріп, әрқашан да соған қызмет етуге дайын тұрады. Өз кезегінде ұлттық өнердің дамуы сол қоғамның өмір салтына байланысты. Егер де ол қоғамның экономикасы күшті дамыған, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысы жоғары болып, адамдары салт- дәстүрін берік ұстайтын болса, ондай ортада ұлттық өнердің де берік сақталатыны анық.

Адамның ұлттық санасы, дүниетанымы, өмірге көзқарасы күнделікті өмір салты арқылы қалыптасады. Оның өмір сүретін ортасында имандылық сақталып, заң орындалып, адамдар өздерінің ақыл-парасатымен бостандықта өмір сүретін болса, ондағы адамдар да қайырымды, ізетті болмақ. Ал өмір салты болса, ол қоғамдағы өмірге байланысты. Егер де адамдар өмірдің мәні мен мағынасын дұрыс түсініп, өздерінің өмір сүретін қоғамында салауатты өмір салтын қалыптастыра білсе, онда өмір сүретін адамдар қызықты да мағыналы өмір сүру үшін ұлттық өнерді дамытып, оны әрі қарай жетілдіруге ұмтылады. Осындай әділ қоғам орнатып, онда өмір сүру үшін біз әуелі өмірдің не екенін біліп, оның даму заңын зерттеп, оқу орындарында “Өміртану“ немесе “Салауатты өмір салты“ пәнін оқытсақ, жастардың дүниетанымы дұрыс қалыптасып, олардың өмірдің мәні мен маңызын ерте түсінуіне көмектескен болар едік. Егер де адамдардың өмірге көзқарасы жас кезінен дұрыс қалыптасқан болса және онда өмір сүретін адамдарды құрметтеп, бәрін де өз бауырындай сүйе білсе, ондай адамдар еш уақытта басқаларға жамандық ойламайды. Ал өмірді сүю – өнерді сүю деген сөз, себебі адамның ішкі жандүниесінің нәзік сезімдерін оятып, оның жүрегіне нұр сәулесін түсіруге тек өнердің шамасы келеді. Өнерді жасап, оны әрі қарай дамытатын халық арасынан шыққан талантты жеке тұлғалар. Халық осы жеке тұлғалардың туындыларын күнделікті өмір салтында пайдаланып, есінде сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Өнердің түрлері өте көп және олар адам өмірінің барлық саласын қамтып, оның мағыналы өмір сүруінде үлкен рөл атқарады. Егер де өнердің туындыларын жеке адамдар жасайды десек те, оның бәрі ұлттық сипатта және ұлттық шеңберде жасалынады. Сол себепті бір ұлт пен екінші ұлттың мәдениетінің айырмашылығын тек өнер арқылы танып білуге болады. Ұлттық өнердің түрлері тарихи даму барысында сол ұлттың өмір сүретін табиғи ортасына, оның өмір салтына және әдет-ғұрпына тығыз байланысты. Олай болса, өнерді ұлттың жаны деуге болады, егер де ұлт қазіргі жаһандану заманында мәңгі жасағысы келсе, бірінші кезекте өзінің тілі, діні, салт-дәстүрімен қатар ұлттық өнерін де сақтап, оны күнделікті өмір салтында толықтай пайдаланып, әрі қарай дамытуға міндетті. Қазіргі қазақ қоғамының тәуелсіздік алғаннан бергі баса көңіл бөліп, іске асыра алмай келе жатқан проблемасының бірі осы өнер мәселесі болып тұр. Ұлттың рухын шыңдап, оның мәдениетін байытатын осы өнер, сондықтан да ұлттық өнерімізді сақтап, онан әрі дамыту ұлт үшін стратегиялық маңызы бар мәселе.

.

Өнерге біз сәулет өнерін, бейнелеу өнерін, сән өнерін, ән-күй өнерін, қол өнерін, т.б.с.с. жатқызамыз. Осы айтылған өнерлердің кейбірі бұрын қазақ халқының күнделікті өмір салтында кеңінен қолданыста болып, олардың ұлттық рухының қалыптасып дамуына үлкен әсер еткен. Әсіресе көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқында өзінің тұрмыс-тіршілігіне лайықты ауыз әдебиеті, ән-күй және қол өнері өте жоғары дәрежеде дамыған болатын. Соның ішінде ауыз әдебиетін алатын болсақ – батырлар жыры, толғау, айтыс сияқты өнерлердің түрлері халық арасында кең тараған. Мұндай жыр-толғауларды халық ішінен шыққан ақын, жыраулар ауызша жаттап алып, халыққа таратып отырған. Сол сияқты ән-күй өнері де қазақ халқының күнделікті тұрмысында өте кең тараған. Ауыл адамдары шаруадан қолы босаған уақытында әртүрлі ойын-тойларда ән шырқап, күй тартып, би билеп, көңіл көтерген. Болмаса халық ішінен шыққан суырыпсалма талантты ақындарын айтыстырып тамашалайтын болған.

.

Қазақ халқының қол өнері деп күнделікті тұрмыста жиі қолданатын -өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, бейнелеу сияқты творчестволық өнер жиынтығын айтамыз. Қазақ халқы өзінің күнделікті өмір салтында тіршілікке қажетті үй мүліктерін, киім-кешектерін, азық-түлігін өндіруді тұрмыстық кәсіп ретінде дамытса, сән-салатанат үшін әсем бұйымдар жасап, қол өнерін өте жоғары сатыға көтере білді. Бұдан біз халық өнерінің сол халықтың өмірімен, тарихымен, кәсібімен тығыз байланысты болғанын көреміз.

.

Егер де қазіргі қазақ халқының күнделікті өмір салтында ұлттық өнердің атқаратын рөліне социологиялық зерттеу жүргізіп көрсек, оның тым мардымсыз екеніне көзіміз жетеді. Бүгінгі заманда көбіне өнерді халық арасына таратып қоғамдық сананы қалыптастыратын ақпарат құралдары, соның ішінде теледидар екенін айрықша атап өтуге болады. Олай болса, біз осы ақпарат құралдарынан күнде нені көріп, естіп, оқып жүрміз. Егер де Қазақстандағы қоғамдық ақпарат құралдарының сексен пайызы орыс тілінде берілетін болса және оның негізгі насихаттайтыны батыс пен орыстың өмір салты, мәдениеті, идеологиясы болса, біздің қазақтың қалайша ұлттық өнері дамып, ұлттық санасы қалыптасып, ұлттық рухы өспек?

Қазіргі кезде қазақ халқының алдында қайткенде тарихта ұлт болып сақталып қалуға болады деген сауал тұр. Меніңше, оның бірден-бір дұрұс жолы ұлттық өнерді күнделікті тұрмыста қолданысқа кіргізіп, іске асырып, әрі қарай дамыту.

Ұлттық өнердің дамып әрі қарай жетілуі, ол тікелей күнделікті өмір салтының сапасына байланысты. Біз негізінен Шығыс әлеміне жататын мұсылман елі бола тұра, көбіне Еуразия құрлығының ортасында орналасқанбыз, сондықтан да Шығыс пен Батыс өркениетін тең ұстап, екі жақтың да мәдениетінен сусындауымыз керек деген қағиданы көп айтамыз. Бірақ та шын мәнісінде біз күннен-күнге батыс мәдениетіне, өнеріне, идеологиясына бет бұрып барамыз. Бұл қазақ халқының болашақта өзінің рухани мәдениетін, тілін, дінін әрі қарай дамытуға кеселін тигізетін үлкен қауіп. Сондықтан да біз өз өркениетіміздің тамыры болып саналатын мұсылман өркениетіне бет бұруымыз керек.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.