Ұлттық ойындар – мәдениетіміздің байлығы

Главная » Рефераттар » Ұлттық ойындар – мәдениетіміздің байлығы

Егер де байыппен ойлап қарасақ, адамның өмірі үш саладан тұрады: олар материалдық байлықты жасау үшін – еңбек етеді, денесі дем алу үшін – ұйықтайды және көңіл көтеру үшін – ойын-сауық өткізеді. Ұлттық ойындар көбіне осы ойын-сауық кезінде орындалып, іске асып отырады. Олай болса, адам өмірінде ұлттық ойындардың алатын орны өте зор екен. Ал оның ұлттық деп аталатын себебі, ол ойындар қандай да болмасын бір этникалық топтың аумағында, сол ұлттың тілі, діні, салт-дәстүрі сияқты пайда болып, қалыптасып, дамып отырады. Ұлттық ойындардың ерте заманда пайда болғаны даусыз және ол қоғамда адамдардың бір- біріне жақындасып, олардың оңай тіл табысуына көмектеседі. Ұлттық ойындардың түрі мен мазмұны өз заманындағы қоғамдық қатынас пен өмір салтының түріне қарай әркез өзгеріп отырады. Оның пайда болуының басты себебі, ол еңбек ету процесіндегі адамдардың тәжірибесінен туындайды және онда еңбек ету процесіндегі көріністермен қатар дене шынықтыру, соғыс өнері, діни нанымдар және сыйқырлық әрекеттер де орын алады. Әр халықтың ұлттық ойындарының түрі мен мазмұны сол халықтың тұрған жерінің бедеріне, ауа-райына, шаруашылық ерекшеліктеріне тығыз байланысты. Мысалы, таулы жерде өмір сүретін халықтар мен жазық далада өмір сүретін халықтардың не орманда өмір сүретін халықтар мен шөлейт жерлерде өмір сүретін халықтардың, көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын халықтар мен отырықшы егін егетін халықтардың ұлттық ойындарының бір-бірінен айырмашылығы өте көп. Сонымен қатар, әр діндегі халықтардың ұлттық ойындарының да бір- біріне ұқсамайтыны анық. Яғни ұлттық ойындар әр халықтың тұрмыс-тіршілігіне, діни нанымына, өмірге көзқарасымен тығыз байланысты екен.

Егер де қазақ халқының ұлттық ойындарына назар аударып көрсек, ол оның көшпенді мал шаруашылығымен айналысатынына және жазық, кең далада өмір сүретініне байланысты, соған лайықталынған ұлттық ойындар. Ұлттық ойындардың өзін оның мазмұнына қарап бірнеше топқа бөлуге болады: 1. Дене шынықтыруға және жауынгершілікке бейімделген спорттық ойындар: Аламан бәйге, Тай жарыс, Жорға жарыс, Көкпар, Қыз қуу, Қазақша күрес, Арқан тартыс т.б.с.с. 2. Халықтың әр саладағы өнерін көрсететін ойындар: Айтыс, Жыр, Терме, Күй, Ән-би т.б.с.с. 3. Жастарға лайықты ойындар: Алтыбақан, Ақсүйек, Айгөйлек, Соқыр теке, Көрші-көрші, Жасырынбақ, Жұмбақ, Асық ойындары т.б.с.с. 4. Фольклорлық жанрларға құрылған ойындар: Қыдыр ата, Алдар көсе, Жиренше шешен, Асан қайғы, Қожанасыр, Тазша бала, Шық бермес Шығайбай, Қалтырауық Қамыр кемпір, Қарашаш т.б.с.с. 5. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте атқарылатын ойын-сауықтар: Қансонар, Тоғыз құмалақ, Бастаңғы, Шілдехана, Бесік тойы, Қырқынан шығару, Сүндет той, Қыз ұзату, Келін түсіру т.б.с.с.

Біз қазақтың ұлттық мейрамдары олардың өмір сүру тәсіліне байланысты жылдың төрт маусымына тура келетінін және онда ауа-райының қолайлығына байланысты қазақтың ұлттық ойындарының кеңінен атап өтілетінін айтқан болатынбыз. Қазақтар мейрамдарда ұлттық ойындарын ашық жерде, көбіне ауылдың шетінде, биік төбенің басында ұйымдастыратын болған. Себебі биік төбенің басында тұрып оның баурайында өтіп жатқан ат ойындарын және басқа да ұлттық ойындардың түрлерін көріп тамашалауға болады.Бүкіл Шығыстағы мұсылман әлемінің кеңінең атап өтетін мейрам Наурыз болып есептеледі. Наурыз мейрамының ерекшелігі сол, ол жылдың басы болып саналғандықтан және көктемгі кез болғандықтан, оған адамдар ерте дайындалады. Наурыз тойы күні “Бұлақ көрсең көзін аш“ деген қағидаға сүйеніп ауыл тұрғындары кетпендерін алып бұлақтін көзін ашса, қариялар “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын“ деп айналаға тал отырғызады. Жұрт қора-қопсыларын тазартып, үйлерін ақтап жаңа, болмаса таза киімдерін киіп, Наурыз мейрамын көңілді қарсы алуға ерекше әзірленеді. Наурыз мейрамы кезінде ауа-райы қолайлы болса, қазақтың ұлттық ойындарының бәрін өткізуге болады. Бұл мейрам қазақша жылдың басы болып есептелінгендіктен және жазғытұры күн жылынып, жер көктеп, мал төлдеп, егіс егуге әзірліктің басталар кезі болғандықтан, адамдардың көңіл-күйі аса бір шаттыққа бөленіп, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым- жоралары толықтай көрініс табатын мейрам. Осы айтылғандардың бәрі қазақ халқы бостандықта болып, өзінің ұлттық өмір салтымен өмір сүрген кездегі салт-дәстүрінің көрінісі. XVIII ғасырдың орта шенінде Орыс патшалығына бодан болып, онан кейін Кеңестік қызыл империяның бұғауында өмір сүрген кезде коммунистік идеологияның қазақ халқы бұрын надандықтың салдарынан қараңғы қапаста өмір сүрген, олардың рухани мәдениеті нашар дамыған, ұлттық ойындары болмаған деген үгіт-насихатына иланып, өзіміздің төл ұлттық салт-дәстүрімізден қол үзіп қалдық. Қазіргі кезде тәуелсіздік алып, өз алдымызға егеменді ел болғанымызға 19 жылдан асса да, әлі күнге сол бұрынғы метрополияның ықпалынан шыға алмай жүрміз. Оның басты себебі, біз рухани мәдениетімізді соның ішінде тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді өте әлсіретіп алдық. Оның үстіне халқымыздың тең жартысына жуығы, соның ішінде рухани, саяси элитамыздың көбі ассимилияцияға ұшырап, ұлттық құндылықтарымыздың дамуына кедергі келтіріп отыр. Бүгінгі күні қазақ халқының алдында тұрған басты міндет – жаңа заманға сай ұлттық өмір салтын орнатып, өзінің – тілін, дінін, салт-дәстүрін қалпына келтіру Себебі тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, ал салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт өзінің, рухани құндылықтарын сақтап, оны әрі қарай дамытуға ұмтылмаса, ол ұлттық қасиетінен айырылып, басқа мәдениеттің жемтігіне айналады. Сондықтан да тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді ұлттық ар-намыс ретінде қорғауға тиіспіз. Ол үшін біз ұлттық мейрамдарымызды жаңғыртып, ұлттық ойындарымызды жандандырып, ұлттық өнерімізді әрі қарай дамытуымыз қажет. Қазіргі заманда дүние жүзі бойынша ғылымның, техниканың, байланыстың, қатынастың, ақпараттың ғарыштап жетілуіне байланысты, халықтар арасында интеграция процессі жедел даму үстінде. Мұндай жағдайда барлық елдерде адамдардың тіршілік ету тәсілі бір-біріне өте ұқсас болып, олардың тұратын үйі, киетін киімі, ішетін тағамы, жұмыс істеу, демалу жағдайлары бәрінде бірдей болып келді. Яғни олардың өмір салты да өзара ұқсас болуы табиғи заңдылық. Олай болса, болашақта ұлттарды бір-бірінен тек рухани мәдениетінің айырмашылықтары арқылы ғана ажыратуға болады және қай ұлттың рухани мәдениеті күшті болса, сол ұлттың ұзақ өмір сүруге мүмкіншілігі бар.

Ал рухани мәдениет дегеніміз ол сол ұлттың — тілі, діні, салт-дәстүрі, өнері, әдебиеті және бұларды ұлттық мейрамдарда, ұлттық ойындарды көбірек көрсету арқылы дамытып, әрі қарай сақтауға болады. Олай болса, елімізде жыл сайын – ресми, ұлттық, діни мейрамдарда ұлтымыздың ұлттық ойындарын, ұлттық өнерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ырым-жырларын толық мәнінде кең атап өтіп отырсақ, қазақ халқының рухани мәдениеті қазіргіден әлдеқайда жоғары дамыған болар еді. Ол үшін біз ұлттық мейрамдардың ерекшелігіне қарай онда ұлттық өнерімізді, ұлттық ойынымызды, ұлттық мәдениетімізді жоғары дәрежеде ұйымдастыруға тиіспіз. Мысалы, Наурыз мейрамында қазақ халқының әдет-ғұрпына, ырым-жорамалына көбірек көңіл бөліп, оның аңыз- әңгімелеріндегі, ертегілеріндегі, фольклорындағы басты кейіпкерлер – Қыдыр ата, Қожанасыр, Асан қайғы, Алдар Көсе, Жиренше шешен, Тазша бала сияқты кейіпкерлерді сахнаға көбірек шығарсақ, қазақтың бұрынғы салт-дәстүрінен көбірек мағлұмат беруге болады. Сонымен қатар, осы мейрамда қазақтың өнерінен, ұлттық тағамдарынан, ұлттық киімдерінен көрме ұйымдастыруға да толық мүмкіншілік бар. Жаздың орта шенінде күн жылынып, түннің әбден қысқарған кезінде өтетін “Қымызмұрындық“ мейрамында жастардың сүйікті ойындары: Алтыбақан, Ақ сүйек, Айгөлек, Жаяу жарыс, Қазақша күрес; Ат ойындарынан: Қыз қуу, Аударыспақ сияқты ойындарды көбірек ұйымдастырған дұрыс. Ал күзде күн салқындағанда өткізілетін Мизам мейрамында бірінші кезекте ат ойындарын, соның ішінде Аламан бәйгеге, Көкпар өткізуге өте қолайлы уақыт. Сондықтан да жылда осы уақытта Қазақстанның барлық жерінде ат ойындары өткізілуге тиіс және үш жылда бір рет Астанада немесе Алматыда бүкіл Қазақстан бойынша Аламан бәйгеден чемпионат ұйымдастырып, оған көрші елдерден шабандоздарды шақыруға болады. Мизам мейрамы күзде болатындықтан еңбек адамдарының жыл бойына істеген еңбектерінің жетістігін осы мерекенің қарсаңында қорытындылап, еңбек азаматтарына құрмет көрсетіліп, үлкен қалаларда халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін ұйымдастыруға толық мүмкіншілік бар. Қысқы “Соғым басы” деп аталатын мейрамда негізінен қазақ халқының салты бойынша соғым сойылып, ауылдастар бірін-бірі қонаққа шақыра бастайды. Осы мейрам кезінде күйшілер домбыра тартып, әншілер ән айтып, жастар би билеп, басқа да қазақтың Орамал тастау, Көрші- көрші сияқты ойындарын өткізуге болады. Бұл мейрамда ең қызығы алғашқы жауған қарда аңшылар Қансонарда аң аулауға шығып бүркіт салып, тазы жүгіртіп қоян, түлкі, қасқыр сияқты құздың аңын аулайды. Біз қазақтың ұлттық мейрамдары кезінде көрсетуге болатын кейбір ойындары туралы сөз еттік. Ал, шын мәнісінде күнделікті өмір салтында қолдануға болатын қазақтың салт-дәстүр, әдет- ғұрып, ырым-жоралары өте көп, әңгіме тек соларды орнымен күнделікті өмірде іске асыра білуде. Егер де біз қазақтың ұлттық ойындарын, өнерін, мәдениетін өмірде көп қолдансақ, ол біздің рухани құндылықтарымыздың сақталып, әрі қарай дамуына оң әсер етеді.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.