Ұлы қоныс аударулар

Главная » Рефераттар » Ұлы қоныс аударулар

Ұлы Далада ұлы қоныс аудару Адам баласының түп тегінің әу баста жер — ананың бір өңірінде пайда болғаны шынымен рас болса, онда бүгінгі жұмыр жер бетін мекендеген сан алуан халықтардың түп аталарының да әуелде сол өңірде өсіп — өніп, кейін олардан тараған ұрпақтардың қилы — қилы жолдарды басып өтіп, әр түрлі тарихи оқиғаларды бастарынан кешіріп, бірнеше әлеуметтік — экономикалық формацияларды алмастырып барып, қазіргі бауыр басқан мекен-жайларында белгілі бір халық болып, төңірегіне өзіндік, халықтық басыбайлы бір атауымен танылып отырғаны да ешқандай күдік тудырмауға тиіс. Сондай — ақ, сол халықтардың өркениеттің даму биігіне көтерілу деңгейінің казіргі таңдағы ала — құлалығы да олардың тірлік сапары бастауының түпкі ортақтығын жоққа шығара алмаса керек. Бұл ретте жалпы ғалымдар этностардың қалыптасуына айтарлықтай әсер ететін процестің екі түрін атап көрсетеді. Олар — «этникалық ыдырау» және «этникалық бірігу» деп аталады. Этникалық ыдырау процесінің өріс алған кезі, негізінен, жабайы кезеңнің, ежелгі адамдардың күнкөріс қорегін (табиғаттың дайын өнімдерін) іздеп, топ — топ (бәлкім, үйір — үйір) болып дала кезіп жүрген кезінің еншісіне тиеді. Бұл кезде адамдар санының көбеюіне байланысты өздері өсіп — өнген өңірдің теріп жер дәні мен жеміс — жидегінің, аулар аң — құсының азайып, жетіспеушілігінен, олардың белгілі бір бөлегінің ата қауымнан, калың жұрттан бөлініп, жаңа мекенге қоныс аударуына тура келіп отырған. Кейін уақыт өте келе олардың осы барған жаңа мекендерінде де ұрпақтың өсіп — өніп көбеюіне байланысты әуелгі жағдай қайталанып, енді олардың да белгілі бір бөлегі өздеріне басқа өрістен жаңа мекен іздеуге мәжбүр болған. Осылайша бірден — бірге жалғаса бөлініп, қорек іздеп қоныс аудару арқылы адамзат баласы жер шарының әр түпкіріне тарап кете барған. Адамзат ұрпағының өсіп — өніп көбеюіне сай өз ретімен болып жатқан осы табиғи процеске кейін келе қоғамдық дамудың ұжымдық бірлігіне жеткен белгілі бір топтың екінші сондай бір топтың мекеніне шабуыл жасап, күш көрсетіп, жерін тартып алуы салдарынан олардың еріксіз басқа жаққа қоныс аударуына мәжбүр болуы қосылған. (Бұл ретте, тіпті, адамзаттың түпкі тегі әр жерде, әр нәсілден пайда болып, солардың өсіп — өнген ұрпағы жер шарының әр түкпіріне тарады деген күннің өзінде, бәрібір олардың да дамудың осы жолынан өткенін, жоғарыда айтылғандардың оларға да ортақ екенін еске сала кетеміз). Осылайша қорек іздеп барсын немесе өздерінен басым күштің тегеурінінен ығысып барсын, қалай болғанда да, әйтеуір бір себеппен жаңа жерге барғандар сол қоныс тепкен жерлерінде бәрі бірдей даму биігіне бір дәрежеде көтеріле алмаған. Оған басты себеп, зерттеушілердің пайымдауынша, жер шарынын әр аймағының /өңірінің/ географиялық және климаттық өзгешеліктерінен туындайтын әр түрлі табиғи жағдайлардың әсері барлық жерде бірдей болмағандығынан көрінеді. Соған орай даму процесі бір жерде жоғары, бір жерде төмен болатынға ұқсайды. Кейінгі дәуірлерде әлеуметтік -экономикалық бұл процестердің мәні кәдімгідей кемігенінің өзінде, кей аймақтарда оның рөлі әлі күнге елеулі көрінеді,

.

Этникалық бірігу процесі — тектес этностардың өзара қосылып, нығаюы (консолидация), тектес емес бір этностың екінші басқа бір этноска сіңісуі (ассимиляция) және әр текті түрлі этностардың өзара жақындасуы (интеграция) арқылы жүзеге асады. Бұл процестерді осы күнде жеке халық болып қалыптасып, өз алдына мемлекет атанып отырған халықтардың бәрі де бастан кешірген. Бірақ олардың бастан кешіру жолдары бірдей емес, әр түрлі. Кей жерлерде бұл процестер табиғи күйде өз ретімен өтсе, кей жерлерде сыртқы күштің ықпалы мен халықтардың өздерінің ертеден бауыр басқан жерлерін тастап, басқа өңірге үдере қоныс аударуының салдарынан шұғыл карқын алып, кең аумақты тұтас қамтып отырған. Ру — тайпааралық қақтығыстардан басталған ішкі жөнкілістер тізбегі бір — біріне ұласып кетіп, кейде оның халықтардың ұлы қоныс аударуына соқтырған кездері де тарихта аз болмаған. Бар деректерге байыптай кез салсақ, мұндай кездерге негізінен екі түрлі жағдайдың себепші болатынын көреміз. Оның біріншісі — бір халықтың екінші бір халыққа күш көрсетіп, тосын да жойқын шапқыншылық жасауы аркылы оларды туған жерін тастап, басқа жаққа кетуге мәжбүр етуінен туатын қоныс аудару. Бұл, негізінен, көшкіншілерге тән. Мұнда түпкі қозғаушы күш табиғи апаттың, сан жылдарға ұласқан куаңшылықтың салдарынан, болмаса жаңадан күшейіп келе жатқан көшпелі мемлекеттің өзгелерді өзіне қосып алып, қуатын арттыра түсу мақсатынан туындап жатады. Екінші себеп те осы тәріздес. Бірақ мұнда қозғаушы күш пайда табу, баю, жерін кеңейту мақсатынан бастау алады. Бұл, негізінен, отырықшы елдерге тән. Мұның жарқын көрінісі — еуропалықтардың XVI ғасырдан бастап Америка құрлығына қоныс аударуы. Мұнда көшкіншілердегі сияқты бір халықтың екінші халықты атамекенінен ығыстырып, басқа жаққа кетуге мәжүр етуі болған жоқ. Еуропалықтардың мұндағы қоныс аударуы келгінбай халық өкілдерінің жергілікті халықтарды от қаруының күшімен жаппай  қырып — жоюы, болмаса отарлап құлына айналдыруы арқылы жүзеге асты. Ал көшкіншілердің қоныс аударуында мұндай мақсатты, жоспарлы түрде жаппай қырып — жою болған емес. Қоныс аудару барысында болатын кақтығыстар мен соғыстарда қаза табатындар бұғап жатпайды. Көшпелі халықтар сан жылдарға созылған куаңшылықтан қолдарындағы малын асырай алмайтын болғандықтан, болмаса көрші қуатты елдің тосын шапқыншылығынан атамекенін тастап шығуына байланысты, енді өздері көш жолындағы өзге елдің бейбіт халқына тосын шабуыл жасап, олардың жерін тартып алып отырған. Сөйтіп, олар осынысымен өзгелерді өздерінің күшін кешуге мәжбүр еткен. Осылайша дауыл күнгі бірін — бірі желкелеген теңіз толқындарындай бір халықтың бір халықты атамекенінен ығыстырып, қуып шығып отыруы салдарынан Ұлы Далада ұлы қоныс аудару тізбегі сирек те болса, пайда болып тұрған. Қолда бар тарихи дереккөздеріне жүгінсек, соңғы бес — алты мыңжылдық-тың ішінде осындай ұлы қоныс аударулардың Ұлы Далада үш рет қайталанғанын шамалауға болады. Алайда, қазіргі ресми тарих ғылымы калыптастырған тұжырымдамаларда бұл жөнінде ашып ештеме айтылмайды; тек бір — ақ қоныс аудару — Шығыстан Батысқа қарай ауа көшкен халықтардың қоныс аударулары жөнінде ғана нақты сөз болады.  Жалпы біз қазіргі ғылым анықтамасы бойынша, «Ұлы Дала» деп шығысында Хинган тау шоқыларынан басталып, батысында Карпат жоталарына иек артқан, теріскейі калың орман жынысымен көмкеріліп, күнгейі биік — биік таулармен жиектелген таулы — жазықты, шөлді — жазиралы, орманды-тоғайлы ұлан-ғайыр кең аумақты түсінеміз. Қолда бар тарихи деректерге зер сала қарасақ, осы Ұлы Даланы мекендегендер қоныс аударудың ұлы дүрбелеңіне ұшырағанда, олардың көшінің үнемі екі бағытпен, яғни солтүстік бағытпен және оңтүстік бағытпен қатар қозғалатынын көруге болады. Мысалы, жоғарыда сөз болған орман халықтары (тайпалары) солтүстік бағытпен Еуропаға өтсе, дәл осы кезде оңтүстік бағытпен Батысқа қарай қозғалғандардың көшін бастап, атақты шумерлер Кіші Азияға енеді, Олар сол бетімен тарихқа танымал талай окиғалардың куәсі болған әйгілі екі өзен — Ефрат пен Тигрдің арасына барып қоныс тебеді. Көшпелілердің осылай екі бағытпен қозғалуының кездейсоқ емес, табиғи заңдылық екенін жаңаша жыл санаудың екінші ғасырынан басталған, кімді кімнің ығыстырғаны және олардың қандай бағытпен қозғалғаны нақты деректер арқылы баршаға белгілі халықтардың соңғы ұлы қоныс аударуы да дәлелдеп береді. Тек өкініштісі, сол тарихи деректердің жоқтығынан алғашқы қоныс аударушылардың атамекенін тастап шығуына кімдердің себепкер болғанын, Ұлы Дала тұрғындарының қайсысы қайсысын ығыстырғанын нақты айта алмаймыз. Әйтеуір ұлы көштің Шығыстан, Алтай жақтан басталып, тізбегін үзбей келіп, Еуропаға дендеп кіргенін білеміз, соны канағат тұтамыз. Осылардың бәрін ой елегінен өткізе келіп, кейбір зерттеушілердің «Еуропа Сібірдеи басталады»  деуінде өмірлік шындық жатқанын сеземіз. Екінші қоныс аудару — дүниежүзілік су тасқынынан біраз кейін, Батыстан Шығысқа карай болған. Өкінішке карай, бұл жолғы қоныс аударудың неліктен болғанын нақты ашып көрсететін тарихи жазба дерек жоқ. Сондықтан бұл орайда қиялға талшық, ойға азық етеріміз — халықтың өз жадында сақталып қалған ауызша тарих — шежіре берер деректер мағлұматы ғана.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.