Ұлы жібек жолының сыр бойындағы тармақтары

Главная » Рефераттар » Ұлы жібек жолының сыр бойындағы тармақтары

Ұлы Жібек Жолы – Қытай жерінен басталып, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдеріне беттеген керуен жолы. Бұл жолдың басым бөлігі Орта Азия мен Қазақстан жерінің үстімен өтті. Жібек Жолы б.з.д. III ғасырда сауда магистралі ретінде пайда болып, XVI ғасырға дейін қызмет етті. Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан көне қалалар бірталай соғыс, өрт, аштық, апат-ойрандардың куəсі болды. Ұлы Жібек Жолы арқылы тек сауда жүйесі дамып қана қоймай, Шығыс пен Батыс өркениеті тоғысып, мəдениет жəне дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

VI-VII ғасырларда Қытайдан бастау алған керуен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан даласын кесіп өтетін. Отырар, Тараз, Сайрам (Испиджаб), Түркістан (Яссы),Суяб,Баласағұнт.с.с.көне қалалар тек сауда ғана емес, мəдениет жəне ғылым орталықтары болды. Ертеде Тараз қаласындағы сауда базарын көргендер: «Тараз базары – əлем айнасы», — дейтін. Себебі, бұл жақта кез келген дүниені айырбастауға, сату мен сатып алуға болатын. Мыстан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен қару-жарақтар, киім-кешек пен ер-тұрмандар саудаға түсетін.

Отырар алқабына жүз елуден астам кішкентай қалалар кіретін. Бұл елді мекен қорған сарайларға бай болатын. Саудамен қатар, бұл аймақта білім мен ғылым саласы дамыды. Түркістан (Яссы) ертеден «екінші Мекке» деп аталып кеткен. Бүгінгі таңда көне қала əлемдік туризм орталығына айналды. Суяб пен Баласағұн қалаларында жыл сайын кең көлемде сауда жəрмеңкелері өткізілетін. Əр түрлі елден жиналған саудагерлер бас қосып, сауда қарым-қатынасын орнататын. Бұл жол арқылы былғарылар мен терілер, иран кілемдері, құнды металдардан жасалған бұйымдар кең түрде тасымалданған. Ал Қытай жібегі біздің заманымызға дейінгі VІ- V ғасырларда басқа елдерге, оның ішінде Батыс елдеріне де шығарыла бастады. Бұл кезде қымбат бағалы жібектерді тарату ісіне сақтар мен скифтердің көшпелі тайпалары да атсалысты. Осы тайпалардың халықаралық қатынастардағы қызметінің арқасында сирек кездесетін қымбат тауар – жібек маталары Орталық Азия мен Жерорта теңізіне дейін тарады. Бұл жолдың ежелгі заманнан бастап-ақ халықаралық маңызға ие болғандығы тарихи жазбаларда да айтылады.

Дегенмен де Ұлы Жібек жолы тек біздің заманымызға дейінгі екінші ғасырдың орта кезінен бастап қана тұрақты дипломатия мен сауданың басты жолына айналды. Ұлы Жібек жолының қызметі, əсіресе, VІІ-ХІV ғасырларда жанданды. Бұл кезде елшілер мен сауда керуендері негізінен осы жолмен жүрді. Ұлы Жібек жолының ежелгі заман мен орта ғасырлардағы Батыс пен Шығысты байланыстырудағы, сауда- саттықтағы жəне басқа да байланыстардағы атқарған қызметі өте жоғары.Ұлы Жібек жолынсыз орта ғасырлар тарихын көзге елестету де мүмкін емес. Сондықтан да 1987 жылы ЮНЕСКО ұйымының Бас конференциясының 24 сессиясында «Ұлы Жібек жолын» кешенді түрде зерттеп білудің халықаралық жобасын іске асыру туралы шешім қабылданды.

Ұлы Жібек жолы Батыстан Шығысқа дейін бірнеше тармақтар бойынша өтеді. Оның едəуір бөлігі Қазақстан арқылы өтті. Осы зерттеуіміз арқылы біз Ұлы Жібек жолының Сырдария жəне Арал теңізі арқылы өтетін тармақтары туралы ғана баяндауды жөн көрдік. Қазақстанның белгілі археолог-ғалымы Карл Байпақов Ұлы Жібек жолының Қазақстан жəне Сыр өңірі бойынша өтетін тармақтарын төмендегідей бағыттар бойынша анықтайды. Қазақстанның оңтүстігі арқылы өтетін Ұлы Жібек жолының бір тармағы Испиджаб (Сайрам) қаласына дейін келді. Одан əрі оның бір тармағы Сырдарияның жоғары ағысына қарай, ал екінші тармағы Сырдарияның орта жəне төменгі ағыстары бойынша кетеді. Сырдарияның орта жəне төменгі ағысы бойынша кететін жол Испиджабтан Арыс жағалауындағы Арсубаникетке, Отырар – Фарабқа жəне одан əрі Сырдария өзенін жағалай отырып Арал теңізі алқабына қарай жетелейді. Бұл Ұлы Жібек жолының Сыр бойымен өтетін тармақтарының бірі [1].

Сырдарияны жағалай созылған керуен жолындағы аса ірі қалалар Отырар – Фараб пен Шавгар қалалары болды. Бірінші қаланың атауы Арыстың Сырдарияға құяр сағасындағы қираған қаланың аты арқылы осы күнге дейін сақталып келеді. «Фараб» сөзін тəржімалағанда «Арғы беттегі қала» деген ұғым береді, ал мұның өзі Сырдария өзенінің арғы бетінде тұрған қала атауына сəйкес келеді. Отырар маңында, Х ғасырда Отырардың көгал алқабында болған басты қаланың бірі – Кедер. Ол «Əр елден ағылған көпестер мекені» ретінде белгілі болғандығы тарихи жазбаларда кездеседі. Отырар көптеген керуен жолдары тоғысқан түйін еді. Бір жол осы жерден Шавгарға кетсе, екінші жол Сырдария өткелі арқылы Басиджа қаласына барады. Соңғысы Шығыстың көрнекті ғұламасы Əбу Насыр Əл-Фарабидің туған жері – алтын бесігі болды. Бұл қала ХІІІ-ХІV ғасырларда Зернук аталды. Ұлы Жібек жолы одан əрі Сырдарияны жоғары бойлап, оғыз қаласы – Сүткент арқылы Шашқа, ал төмен қарай Жентке барады. Осы жерден жол Қызылқұм арқылы Хорезм мен Үргенішке, одан Еділ жағалауы мен Кавказға кетеді. Ұлы Жібек жолының бұл бөлігі ХІІІ ғасырда, яғни Еділдің төменгі ағысы сағасында алтынордалық Сарай қаласы салынған кезде күшті жанданды. Осының арқасында Сыр бойындағы қалалар да қарқынды дамып, қол өнер мен сауда өрістеді. Бұл жол ХІІІ-ХІV ғасырларда Сарайшық, Сарай – Бату жəне Каффа қалалары арқылы өтті.

VІІІ ғасырдағы деректерден белгілі Шавгар қаласы осы күнгі Түркістан маңындағы қираған ескі Шойтөбе қаласына сəйкес келеді. Шавгар атауы «Қаратау қаласы» деген мағына береді, ал бұл Қаратау бөктерінде орналасқан қалаға сайма- сай келеді. Х-ХІІ ғасырларда қазіргі Түркістанмен қарайлас Шавгарға жақын маңнан Яссы қаласы ірге тепті. Бұл кəдімгі атышулы Темірдің бұйрығымен моласының басына күмбез мазар (мавзолей) орнатылған атақты ақын Қожа Ахмет Яссауи туып, өз уағызын жүргізген қала еді. Ұлы Жібек жолы Шавгардан оғыздардың астанасы болған Жанкентке (Жаңакент) баратын. Жол бұл жерден де Қызылқұм арқылы Хорезмге тірелетін. Бұл аралық 10 күндік жол еді. Осылайша Сыр бойы арқылы Ұлы Жібек жолының келесі тармағы өтті.

ХІІ ғасырда Жент қаласы оңтүстік-батысқа таман орналасқан Сығанақ тəрізді, Қыпшақ мемлекеті орталықтарының бірі болды. Осы кезде Жент қаласы өзінің дамуының шарықтау шегіне жетті. Шавгардан, кейінірек Яссыдан Тұрлан асуы арқылы шыққан жол Қаратаудың солтүстік бөктерінен өтіп, Қаратаудың солтүстік бөлігін жағалай жүріп отырып, Сыр бойына жақындайтын. Яғни бұлжолосы жерден Сырдарияны бойлай созылған екінші жолмен иықтаса жарысып жататын. Бұл жол, əсіресе, ХІІІ-ХІV ғасырларда қатты жанданды. Аралдың солтүстік жағалауынан Моңғолияға бет алған армян патшасы Гетум мен сопы Рубрук дəл осы жолмен жүрді. Бұл жолдың бойында Созақ, Уростан, Құмкент, Сугүлкент қалалары жатты. Ол Таластың төменгі ағысына жетіп, өзенді жоғары өрлей көтерілетін немесе Билікөлдің батыс жағалауын бойлап, Бүркіт – Паркет, Хутухчин арқылы Таразға апаратын.

Отырардан Арсубаникет, Арыстанды, Шаян арқылы, Қаратаудың аласа жоталарынан асып, Тұрлан асуы арқылы Шавгар мен Яссыдан, Сауран мен Сығанақтан, Жанкенттен шыққан жолдар Орталық Қазақстанның далаларын шарлап, Сарысу мен Кеңір, Торғай мен Есіл өзендері жағалауларына жетіп жатты. Бұл жерлерде Болған-Ана, Жаман-қорған, Нөгербер-дарасы, Домбауыл, Милы-құдық, Ормамбет тəрізді қабырғалары шөгіп кеткен, төрт бұрышты елді мекен табылып, аршылды. Олардың айналасынан Жошыхан, Алаша мавзолейлері тəрізді сəулеткерлік ескерткіштер сақталған ауқымды зираттар кешендері ашылды. Махмуд Қашқаридің ортағасырлық жазбаларындағы деректерінде кездесетін Жұбын, Қоңғылыкент қалаларын, Ортау мен Кентау (Кейтаг) жайлауларын, Гарбин кен орындарын да осы жерлердің шеңберіне енгізу керек сияқты.

Жанкенттен шыққан жол солтүстік-батысқа беттеп, Білеуіті өзені жағасына апарады да, одан əрі Қоңырат пен Қарсақпайға жеткізеді. Орталық Қазақстанға бастайтын Сарысу жолы деген сораб – Отырардан шығып, Шавгар мен Тұрлан асуы арқылы Ақсуға, Сарысудың төменгі ағысынан өзенді жоғары өрлейтін Ұлытауға (Кендірліктау) жеткізеді,алоданЕсіл мен Ертісті бойлап кетеді. Еңқысқа жол Созақтан Шу өзенінің төменгі ағысына барып, одан Бетпақдала арқылы Жезқазғанға жеткізеді.

Ұлы Жібек жолы негізінен Қытай жібегін Батыс елдеріне тасымалдауға қызмет етті. Жолдың Ұлы Жібек жолы деген атауға ие болуының себебі де осыдан еді. Ұлы Жібек жолымен Ферғананың «қызу қанды» арғымақтары, араб пен нисситліктердің сəйгүліктері, түйелер мен пілдер, мүйізтұмсықтар мен арыстандар, қабыландар мен еліктер, қаршығалар мен қырандар, тауыстар мен тотықұстар, түйеқұстар жəне басқа да зəру заттар сатылып жатты. Жүзім, шабдалы, қауын, дəмдеуіштер (бұрыш, қалампыр, т.б.) мен қант, көкөністер мен жидектер, көк мəуелер тəрізді мəдени өсімдіктер де осы Ұлы Жібек жолы арқылы кең тарады.

Дегенмен басты сауда заты жібек болып қалды. Жібек алтынмен бірдей халықаралық өлшемпұлына (валютаға) айналды, ол падишалар мен елшілерге сыйға тартылды, жалдамалы əскерлердің жалақысы мен мемлекеттік борыштар жібекпен өтелді. Ұлы Жібек жолымен өтетін жібектер мен тауарлардың бір бөлігі осы жол бойындағы Қазақстан қалаларында да қалып жатты. Сонымен бірге осы қалаларда өндірілген тауарларды сатып алып, басқа елдерге жеткізді. Мұны археологиялық қазбалар кезінде табылған қазба материалдары дəлелдей алады.

Ұлы Жібек жолы – баршылық пен молшылықтың бастауы.Салтанаты жарасқан керуен қазақ даласын шарлады. Бұл жолмен халықтардың мəдениеті, əдебиеті, философиясы, əн мен күйі тарады. Тарих Ұлы Жібек жолы əлем мəдениетінің жетістігі болғанын айғақтайды. Ұлы Жібек жолында керуендер жылдың төрт мезгілінде ел-елді аралап, халықпен байланыс жасады. Н. Алдабек: «Ұлы Жібек жолы б.з.б. II мың жылдай бұрынғы көне замандар мен орта ғасырларда Жерорта теңізі (Батыс Еуропа) мен аспан асты елі Қытай арасындағы Еуразия құрлығын басып өтетін, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне тараған, ең бастысы Шығыс пен Батыстың арасын байланыстырып келген көне керуен жолдарының желісі болған», – деп жазады [2].

Мəдениеттанушы, ғалым Т. Ғабитов: «Өркениет жедел хат секілдітез жетпейді. Элвин Тоффлердің ілімі бойынша толқынмен келеді. Өркениеттің үш толқыны бар. Біріншісі – аграрлық толқын, яғни егіншілік пен мал шаруашылығының пайда болуы. Көптеген Шығыс елдері өркениеттің аграрлық толқынында қалып қойды. Екіншісі – индустриалды толқын. Шындығын айтқанда, Шығысадамыиндустриалдытолқындықабылдайалмады.Əртүрлі себептермен «ұйықтапқалды» [3].Расында да,батыс əлемініңбеткетұтар ғалымдары: «Рухсыздық Еуропаны кезіп жүр. Біз оның елесімен күнде кездесеміз», — деп дабыл қағуда. Тіпті: «Шығыс бізге қарағанда негізгі тамырынан ажыраған жоқ, олар өзінің дəстүрінен ажыраған жоқ», – деп мойындап қояды.

Ұлы Жібек жолы арқылы əн мен би өнері, əдебиет туындылары тараған. Қытайда көп тараған Шығыс Түркістан мен Қазақстанның əуендері болды. Византияда түрік акробаттарының өнері көрсетілген. Бағдатта наурыз мерекесінде халифтың алдында маскалы ойын сауық өткізілген. Сырдариядағы Кедер қаласынан X-XI ғасырларға жататын саздан жасалған маска табылды. Ұлы Жібек жолының бойымен дін таралды. Миссионерлер (басқа діндегілер арасына өз дінін, əдет-ғұрпын уағыздайтын, насихаттайтын адам) өз діндерін алыс елдерге алып барды. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы Қытайға, Кореяға, Жапонияға буддизм келді. Вавилоннан Иран мен Кавказ маңы арқылы иудей діні тарады. Ұлы Жібек жолы буддизммен қоса, Батыстан Шығысқа қарай христиан жəне ислам діндерінің кең өріс алуына себепкер болды.

Ұлы Жібек жолы арқылы тауарлармен қоса өнер, архитектура, мəдениет, музыка мен би өнері, қызықты қойылымдар, орта ғасырдың өзіндік «эстрадасы» тарады. Иран, соғды, түркі өнерпаздары Қытайдың би мəдениетіне үлкен үлес қосты. Саудадағы басты тауар жібек алтынмен теңеліп, халықаралық валютаға айналған. Жалақы мен қарызды жібекпен төленген. Ұлы Жібек жолымен алғашқыда Қытайдың жібегі Батыс елдеріне жеткізілген. Кейін бұл жол арқылы Үндістан, Иран, Византия, Араб халифаты, Еуропа, Ресей тауарлары тасылды. Ұлы Жібек жолы арқылы тасылатын тауарлар: жасмин суы, мускат жаңғағы, женьшень, питонның өті, пілдер, мүйіз тұмсықтар, арыстандар, арғымақтар, түйелер, тотықұстар, сұңқарлар, т.б. Сауда жолына байланысты дипломатиялық қарым-қатынасты 568 жылғы Түрік қағанаты мен Византия мемлекетінің арасында болған келісімдерден толық байқауға болады.

Халықаралық сауда жолы арқылы Орта Азияның атақты асыл тұқымды жылқылары, шығыс елдерінен пілдер мен мүйізтұмсық, барыс пен арыстандар, аң аулауға жəне саятшылық құруға қажетті құстар (қаршыға, бүркіт) сияқты сирек кездесетін жан-жануарлар сатыла бастаған. Бұл жолдың бойымен қолда өсірілетін мəдени өсімдіктердің ішінде жүзім түрлері, шабдалы, қауын, шығыстың, Орта Азияның жемістері сатылған. Соғдыда жібек өндірудің дамығаны сонша, жібек сатуда Қытай мемлекетімен бəсекеге түскен. Мəселен, Қытайдың кейбір қалаларында олардың отарлары болған. Ал Ұлы Жібек жолының Жапонияның сілемі – ертедегі астанасы Нара қаласында жібек сататын орындар болған. Оның басты бір дəлелі, ондағы ғибадатханада осы уақытқа дейін соғды тілінде жазылған қолжазбаның сақталуы.

Ұлы Жібек жолы – Азиядан Еуропаға шексіз дала, асқар тау арқылы салған əлемдік өркениеттің жарқын көрінісі. Осы жолға сипаттама бере отырып, таңғажайып жерлермен таныстық. Сан ғасырлар бойы осының бəрін жинақтап, сақтап, бізге жеткізуші болған Ұлы Жібек жолындағы сапарымызды аяқтай отырып, ортағасырлардың тарихи, рухани өмірінің көп қырлылығын атай кетуіміз керек. Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде бір-біріне ұқсамайтын мəдениеттердің өзара тоғысып, сабақтасып жатуына ыңғайлы жағдай туды. Қазақстанның отырықшы қала халқы мен көшпелі тайпалары көрші елдермен жəне алыс жұртпен қарым-қатынас жасауы арқасында адамзаттың ежелгі өркениетінің алмас тасындай жарқыраған мəдениетті өмірге əкелді.

Əдебиеттер

  1. Байпақов К., Нұржанов А. Ұлы Жібек жолы жəне ортағасырлық Қазақстан. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 203 б.
  2. Алдабек Н. Ұлы Жібек жолы жəне қазіргі замандағы Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістер // Ақиқат. – 2008. – №12.
Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.