Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы діни философия

Главная » Рефераттар » Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы діни философия

Мақатаев жырларының Құран, хадис құндылықтарымен байланысы Басқа мұсылман халықтарының әдебиеті сияқты, түркі халықтарының әдебиетінде, соның ішінде ақындардың өлең-жырлары Алла тарапынан түсірілген қасиетті кітабымыз Құран мен хадис құндылықтарынан тамыр алып, байланысып жататын сарын бар. Мұны кеңестік кер заманда зерттеу мүмкін болмады. Тек тәуелсіздік таңы атқан жиырма жылдан бері жаңарып, жаңғырған басқа да құндылықтарымыз сияқты әдебиетіміздің осы саласы да әдебиеттанушы ғалымдарымыз бен бірқатар дінтанушыларымыз тарапынан зерттеліп-зерделене бастады. Әдебиеттегі осы бір сарынды белгілі ақын Құл-Керім Елемес “Имани әдебиет” десе, белгілі әдебиеттанушы ғалым Айнұр Әбдрәсіл қызы “мінәжат жанр” деп атайды. Қандай да болмасын “мінәжат жанр” деген термин әдеби тұрғыдан да, діни тұрғыдан да қуаттырақ көрінді. Сондықтан осы терминді пайдалауды жөн санадық. Поэзиядағы мінәжат жанрдың бастауы тереңде. Бұл жанрдың қалыптасуына 10-ғасырдағы Қарахан мемлекетінің Ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдауының ықпалы зор болды. Соның әсерінен 11-12-ғасырлардағы төл перзенттері әдебиет майданындағы Ислам насихатын алып келді. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни “Құтадғу білік” атты дастанында “Аллаһ атымен бастадым сөз әлібін, жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!”, − деп Алланы қалтқысыз мойындап, Оған ғана бас ұрады. Осы тектес Махмұд Қашқари, Әдиб Ахмед ибн Махмұд (Ахмет Иүгінеки) сынды ғұламалардың салған ізін жыраулар жалғастырды. Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Бұқар, Үмбетей, Қабиса жыраулар Құран мен хадис құндылықтарын өлең тіліне айналдырып, халық кәдесіне жарайтын сүбелі жыр-толғаулар қалдырды. «Зар заман ақындарының» жырларында бұл сарынның бояуы қанық болды. Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбай ұлы, Ақмолла Мұқамедияр ұлы, Базар жырау Оңдасын ұлы, Шәңгерей Сейіткерей ұлы, Шәкәрім Құдайберді ұлы, Нұржан Наушабай ұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпей ұлы, Әсет Найманбай ұлы, Мұхаметжан Сералин, Ахмет Байтұрсын ұлы, Ғұмар Қараш ұлы, Тұрмағамбет Ізтілеу, Міржақып Дулат ұлы өлеңдері де осы сарынды қамтып, исламдық құндылықтарды жоғары бағалап, имансыздықты қатты сынға алды. 20- ғасырдың 35-40 жылдарынан бастап бұл тақырыпта жазылған шығармалар жоқтың қасы. Тіпті бұл әдебиет тарихында да, әдебиет теориясында да зерттелген жоқ. Бұған сол замандағы саяси жүйе мүмкіндік бермеген еді. Дегенмен, біз зерттегелі отырған Мұқағали Мақатаев әдебиетіміздегі мінәжат жанрдың заңды жалғасы екені даусыз. Оның өлең жырларынан бұны аңғару қиын емес. Оның 1976 жылы жазылған “Иә, Аллам”, “Иә, Жаратушы Аллам”, “Сатқан емен”, “Бүкіл дүние мұсылмандарына хат”, “Адам қайдан жаралған”, “Дін – ғылымның анасы” сияқты діни тақырыптарда жазылған өлеңдері ғана емес, басқа да Ислам діні талап ететін адами қағидаттарды насихаттаған өлеңдері де Құран және хадистердің рухынан нәр алып сабақтасып жатады. Діни тақырыптарда жазылған өлеңдері: “Дін − ғылымның анасы! Дін − ғылымның әкесі. Ғылым − діннің баласы, Дін − ғылымның көкесі!!!”, − деп “дін дегеніміз апиын” деген қағиданы ту етіп, жан жүрегімен дінді жек көрген бұлағай заманда жүрек түкпіріндегі ақиқатты ашып айтып, дінге жабылған жалған жаланы халық ортасынан адаламақ болады. Нар тәуекел, Ислам дінінің ғылым-білім діні екенін паш етеді. Адамзатқа тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы етіп жіберілген Құран Кәрімнің ең алғашқы аяты «Оқы» әмірімен басталған-ды. Яғни, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Жәбірейіл (ғ.с) періште келіп: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең Жомарт! Ол қаламмен жазу үйреткен. Адамдарға білмегенін үйретті» деген «Алақ» сүресінің алғашқы аяттарын уахи етті. Сонымен қатар «… Алла (Т) сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді…» [«Мүжадәле» сүресі, 11-аят], «(Мұхаммед ғ.с) оларға «білгендер мен білмегендер тең бола ма?»,-де.» [«Зүмәр» сүресі, 9-аят] т.б аяттарда білімнің қадыр-қымбатын айтса, Демек, алғашқы түскен Құран әмірі «Оқы» сөзімен басталды. Аяттағы «оқы», «ғылым», «білім» сөздері қай ілім саласын оқу нақты айтылмағандықтан, жалпылама түрде барлық ілім саласын қамтиды. Яғни, жаратылыстың тылсым сырларымен қоса, адамзат үшін пайдалы болған барлық ілім саласын оқып-үйрену насихатталуда. Бұдан тыс қасиетті Құран Кәрімде ғылым-білім туралы 719 жерде айтылады екен. Сондай-ақ, Хазреті Омар (р.а.) айтты: «Басшы болмастан бұрын бірінші білімді терең оқып үйрен! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Сахабалары жастары ұлғайған кездерінде де ілім үйренген болатын. Иә, Жаратушы Аллам! Қолдай гөр, Сүйей гөр мені, сүйей гөр! Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем, Жасаған ием! Құлап барам, сүйей бер! Пенделерге табына-табына болған ем. Жаратушы жалғыз ием, қуат бер, Азабымды, тозағымды жеңейін. Жаратушы жалғыз ием, шуақ бер, Өзіме де, өзгеге де төгейін. Иә, Аллам! Жаратушым, Қорғаушым. Өзің − өмір, өзің − қуат, қорғансың…. Бұндағы Мұқағалидың “иә, Аллам! Жаратушым, Қорғаушым. Өзің − өмір, өзің − қуат, қорғансың” деп бір Аллаға ғана бас ұруы иман шарттарының ең алғашқысы «Лә иләһә иллә аллаһ» кәлимасының өлең өрнегі іспетті. Бұл жайлы Құранның “Фатиха” сүресінде “Саған ғана құлшылық етеміз, сенен ғана жәрдем сұраймыз” делінеді. Көркем мінез-құлықты жырлаған өлеңдері: Шыда, шыда! Шыдай түс, шыда, тағы! Шыдамдыны мына өмір ұнатады. Үміттің құлан иек құба таңы, Әйтеуір бір атады, бір атады… және де Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланба, Төрт тентегің “құтыңды қашырғанға”! Бұл өмірде баладан асыл бар ма, Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланба! Қасиетті кітабымыз Құранның ішінде сан мәрте Аллаһ тағала құлдарына “….Расында Алла, сабырлылармен бірге“деп шүйіншілейді. Алланың ардақты елшісі Мұхаммет Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “… Сабырлылық болса, (адамның өмірлік жолын жарқын ететін) шуақ…” деген екен. Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа жарқыным, Қарыз деп берсең керек те емес алтының. Өгіз боп саған өткерер менің жайым жоқ, Өмірдің қалған тамтығын. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 195- аятында: «Алла жолында мал сарып қылыңдар. (Сараң қорқақ болып) өздеріңді өз қолдарыңмен хауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді» дейді. Ал хадисте «торсығыңның аузын буып, дүниеңді тығып ұстама. Әйтпесе Аллаһ Тағала да саған берер риздығын байлап тастайды (тоқтатып қояды)» деліндеді. Адамның жаратылуына байланысты өлеңдері: “Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның, Құм менен топырақтан жаралғанмын. Құдайдың құлымын мен мұсылманмын, Денемде түйірі жоқ арам қанның.” (“Бүкіл дүние мұсылмандарына хат” өлеңінен) “…Мен адамнан жаралдым, Ниетім жоқ айнуға. Баласымын адамның, Ұқсағым жоқ маймылға.”, («Адам қайдан жаралған» өлеңінен)- деген шумақтар қасиетті Құранда «Хаж» сүресінде: «…біз сендерді топырақтан жараттық. Одан соң (жыныстық) шаһуат тамшысынан, одан кейін ұйыған қаннан, артынан бейнелі және бейнесіз кесек еттен жараттық…»Өйткені, қасиетті Құранда: «Сендерді жерден жараттық. (өлгенде) Және сол жерге қайтарамыз да, және бір рет сол жерден (тірілтіп) шығарамыз» («Таһа» сүресі, 55-аят), – делінген. Отанды, туған жерді сүюге байланысты өлеңдері: Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем. Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем. Жазира, жасыл кілем өрнектеген, Туған жерге, дариға, жер жетпеген! Кең өлкем, әлдилей бер сен деп келем, Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем. («Сары жайлау») “Отан”, “Туған жерге”, “Біздің көктем”, “Бақ мекен”, “Отан туралы”, “Таудағы нөсер”, “Хан тәңірі” “Таудағы көктем”, т.б өлеңдеріндегі Отанға, туған жерге деген махаббат Пайғамбарымыздың өмірінде де болған-ды. Мәдинаға һижрат жасаған уақытында адамзаттың ардақты елшісі хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) те Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: −Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ…, − деген екен. Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: “Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді” дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Мұқағали осы тектес өлеңдерінде Құранды оқып, мағынасын тіке түсіне алмайтын, хадистер хабары аз туған халқына Ислам құндылықтары деп жар салып жатпай-ақ халықтық тілмен өлең түрінде ұғымға жеңіл етіп жеткізе білген. «Моцарт.

Жаназасы» дастанындағы өмір философиясы Мұқағали Мақатаевтің ақырғы күндері жазған шығармаларының бірі осы дастан. Дастанның тақырыбы да біраз нәрсені еске салғандай. Атезим жайлаған 20-ғасырдың 70-жылдары халқымыздың біртуар перзенттері жаназасыз жерленіп жатты. Арыстардың не дінде, не дәстүрде жоқ мұңлы музыкамен соңғы сапарға шығарып салынуы ата дінді ардақтаған халқымыздың жүрегін сыздатпай қалған жоқ. Ауру меңдеген ақын «мен де жаназасыз кетпесем екен» деген жүрегінде арман болған болуы бек мүмкін. Шығарма «Моцарт. Жаназасы» деп аталады. Материалистік диалектика дәурен сүріп тұрған шақта да жаназа сөзін әдебиет майданында айтудың өзі қиын еді. Поэманы оқи бастағаннан-ақ үрей, қорқыныш бойыңызды билеп алады. “Аты-жөні, кім екені белгісіз” Моцартқа қара киіммен келген елес жанның «Жаназа күйін жазшы» деп бұйрық беруі, одан кейін зым-зия жоқ болуы феномен деп айтуға да болатын үрейлі уақиғадан басталады. «Япыр-ау, Періште ме әлде, пері ме әлде, кім еді?!..» деп еріксіз ойланасың, өмірдің таусылар сәті есіңе келеді… Поэма бес бөлімнен тұрады. Өмір туралы толғанған дастанның бес бөлімге бөлінуі де тегіннен-тегін болмаса керек. Бүкіл тарихпен салыстырмалы қарағанда адам өмірдің қамшының сабындай қысқа болатынын “бес күндік өмір”, “бес күндік жалған” деп бес санын біздің қазақ ұғымында өмірге қатысты жиі қолданады. Ақын бұл поэманы композициясын «Табыт үні», «Халық үні», «Жесірлер үні», «Жетімдер үні», «Бесік жыры» сынды бес бөлімге бөлуінің өзі өмірдің «бес күндік жалған» яғни уақыттық, қысқа болатынын меңзеу үшін болса керек. Бұдан көп, иә болмаса, аз жазуға ақынның қалам қуаты жетпей қалмас еді ғой. Поэманың алғашқы бөлімі «Табыт үні…» қаза болған жанның жан айқайы іспетті. Сол арқылы аз өмірдің қадірін тіріде бағалауға шақырады. Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың, Сезгемін, білгем, Мен үшін бір күн тынарын. Тастама мені, Тастама мені, Шырағым! Шуағың түссін, Шөп болып, мейлі, шығамын. Ғарыштан ғаламға ортақ құйылған шуақ, кімге болмасын бір күні қоштасатыны ақиқат. Дегенмен, ақырет егіндігі болған мына өмірдің қай пендеге болмасын бағалы екені шындық. Бұл дүниенің жалған екенін сезе тұра адам пәни дүниеге құмар. Ізгі жандар салихалы амалдарды көптеп жасап қалсам деп құмарланса, надандар қызығын бітпестей көреді. Сондықтан, жаназасы шыққан пенденің келешек тағдыры осы өмірге тіке байланысты болмақ. Өмір дегенге, Тірлікте, сірә, жетер ме ой. Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой. Бекер ғой бәрі, Бекер ғой бәрі – бөтен ғой, Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой! Тамшыдай ғана, нұрыңа, міне, зарықтым, Өмір осы екен, сырыңа, міне, қанықтым. Жаса сен Мәңгі! Жаса сен Мәңгі! жарық Күн! … Табытпын, табытпын, табытпын… Адам жүрегін сыздатар осы бір шумақтар еркісіз ой шүңетіне батырады. Поэманың осы бір алғашқы бөлімі Абай атамыздың “мен” және “менікі” дейтін экзстенцалдық ұғымдарымен астасып жатқандай. “Мен” өзі қараңғы “бөтен ғой, бәрі бөтен ғой” деп суреттелген қабірге кетсе, “менікінің” бәрі тіршілікте қалады. Бірақ, “менікі” дейтіндей кімнен не қалады. Өмірдің мәні міне осында болса керек. Ал екінші бөлім «Халық үні» деп аталды. Бұл “Табыт үнінен” өзгеше, артта қалған қабірге шығарып салушы қауымның жоқтау жыры. Бірақ, алқашты кім жоқтайды, ардақтыны кім жоқтайтынын ойлантпай қоймайды. Әрине, суық қайғы, суық қайғы, Көңілін халқың бірақ суытпайды. Егер де халық өзін ұмытпаса, Бақұл бол, халық сені ұмытпайды. Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды, Саған деген сағыныш басылмайды. Табытыңды жасырса, жер жасырар, Ал, уақыт, өзіңді жасырмайды! Міне осы шумақтар арқылы ақын өзі тектес салихалы адамдардың, жоғарыда айтылған ардақтылардың өмірінің текке өтпейтінін айтып, әр оқыған сайын «ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деп тұрғандай. Рас-ау, ізгі жандардың есімі ел есінен өшкен бе, сірә? Автордың өзін айтар болсақ, жыл сайын еске алынып жатса, өлеңіне жазылған әндер радио-теледидардан айтылмай қалған күн болмаған шығар. «Жесірлер үні» мен «Жетімдер үні» – ол да өмірдің шынайы ақиқаты. Адам дүниеден көшкенде болатын, қайғылы, қамкөңіл жандар. Жалғанда – жалған. Жалғанда, Жесірден мұңлық жан бар ма? Жалғанда, жалғыз қалғанда, Әдіра қалған арманға, Араша түсер жан бар ма? Жалғанда – жалған, Жалғанда, Қаңырап бәрі қалған ба? Жете алмай алғы таңдарға, Кеттің-ау, боздақ, арманда. Осылайша жылайтын жесірлер мен жетімдердің мұңы әркімнің өліміне айтылар жоқтау. Бұны өлім туралы поэмадан тыс қалдыру ақиық ақынға тән емес еді. Бірақ бұл да тектен-тек жазыла салмаған күндердің бірінде Раббымызға қайтарылатынымызды еске салып, бір күндік болса да тірі, отбасың мен достарыңның арасында болған күндерді қадірлеуді ұғасың. Ал, поэманың бесінші бөлімі «Бесік жыры» деп аталады. Жер Ананың бесік жыры… Мәңгілік сені тербеуге, Мәңгілік бесік сақтағам… … Әлди, Әлди, Ақ пенде, Тыныштық тауып, жат менде. Өмірді қандай сыйласаң Өлімді сондай жат көрме! Адам жаратылысы мен қайтуына қатысты өзінше “бесік жырын” жазуда, жерді бесік жырын айтып отырған ана ретінде алуы да тегіннен-тегін емес. “Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның, құм менен топырақтан жаралғанмын” деп ақын өзі айтқандай топырақтан жаралған адам қайтадан топыраққа яғни жер қойнына кіріп, өмір деп аталатын пәни тірліктің ақырласатынын меңзейді. Пәни тірлік аяқтағанмен адам өмірі аяқталмайтыны ақиқат. Бұл жайлы Құранда: «Ей, адамдар! Егер өлгеннен кейін қайта тірілуге күмәндансаңдар, онда құдіретімізді біліп қойыңдар, біз сендерді топырақтан жараттық. Одан соң (жыныстық) шаһуат тамшысынан, одан кейін ұйыған қаннан, артынан бейнелі және бейнесіз кесек еттен жараттық. Өз қалағанымызды (іштегі баланы) жатырда белгілі уақытқа дейін тоқтатамыз. Онан соң бөбек түрінде шығарамыз. Одан соң кәмелетке толасыңдар. Кейбіреуің (жастай) өлесіңдер, кейбіреуің білімді болғаннан кейін өмірдің түк білмес ең нашар (алжыған) кезіне қайтарыласыңдар…» («Хаж» сүресі, 5-аят), – делінген. Ал,”Бесік жыры” деп тақырып қоюы да қыбірдегі өмірдің бесік жыры секілді мәңгілік емес екенін меңзейді. Ислам ақиқаты бойынша, адам өмірі бір-біріне ұласқан бес әлемнен тұрады. Олар; бала жатырда пайда болмастан бұрын болатын Рухтар әлемі, одан жатырдағы Құрсақ әлемі, өсы өмірдегі Пәни тіршілік, қабірдегі Барзақ әлемі, қияметте болатын мәңгілік әлем. «Бесік жыры» − жер-ананың айтқан үні ретінде жазылған. Демек ол қабірдегі барзах әлемін меңзейді. Бесік жырының біреуге ұзық, біреуге қысқа айтылатынындай қабір өмірі де өлімнің қияметке жақын-ұзақтығына қарай, біреуге ұзақ, біреуге қысқа болатыны ақиқат. М.Мақатаев өз естеліктерінің бірінде: «Мен туралы білгің келсе, менің өлеңдерімді тастамай оқыңдар» деген екен. “Моцарт. Жан азасында” айтпақ болған негізгі мәселе – өмір мәселесі. Адамның бұл дүниедегі тіршілігі мәңгілік емес, өмірдің мәні ізгілік арқылы “халық үні” – халықтың махаббатына бөлену. Бұл өмірден өткен адам қандай ғұмыр кешірсе сондай жоқталатынын айтып, өмірді ізгілік арқылы иманға толтыруға шақырады. Бұл алдыңғы төрт бөлімде айтылатын осы өмірдің нұрға бөлеп, мәнді өткеруге арналған ақынның ой тізбегі болса, “Бесік жырындағы” өмір басқаша. Ең өзекті мәселе болған мынау − бұл өмір де, қабірдегі барзах әлемі де уақыттық, осы екі өмірді нұрға бөлейтін салихалы ғұмыр кешу керектігін насихаттау болып табылады. Кеңестік тотаритарлық жүйеден қаймықпай астары мол, мағынасы терең осы бір кесек туындысы арқылы Мұқағали биік парасат деңгейіне көтерілді, халық жүрегінде мәңілікке қалып қойды.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.