«МƏҢГІЛІК ЕЛ» идеясының тарихи дүниетанымдық негізі

Главная » Рефераттар » «МƏҢГІЛІК ЕЛ» идеясының тарихи дүниетанымдық негізі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаев: «…Ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан – 2050» Стратегиясының түп қазығы, алып құрылыстың алтын арқауы. Мəңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы» – деп жариялады. Бұл жерде ұлттық идеяның тарихи тамыры тереңде жатқанын, ғасырлар тереңінен ой қортып, мыңдаған жылдар бойы ата- бабаларымыз армандап, əлсін-əлсін ұлт ұрпағының есіне салып, ұлттық дамудың, ұлт тағдырының бағдаршамы етіп көтеріп келгенін сөз етті. Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мəңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк(Тұй-ұқық) негізін қалаған идея…» –- екендігін жазған [1, 20-21 б.]. Қазақ елі тəуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бастап бүгінге дейін ұлттық идея туралы ондаған мақалалар жазылды. Ой – пікірлер ұсыныстар болса да, Қазақстан Республикасының Ұлттық идеясын жариялауға Елбасы асықпады. Біз тəуелсіздігімізді жариялаған 1991 жылдары Қазақ Елінің ішкі жəне сыртқы саяси ахуалы жақсы болмады. Халықта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Бір мемлекетті айтпағанның өзінде бір жанұяны басқару қандай қиын екенін дана бабаларымыз осылайша тұжырымдап кеткен. Қ. Сартқожаұлы: «Бұғанасы қатпаған жас мемлекеттің саяси жүйесін жаңадан қалыптастыру, ұлттың тарихи-мəдени жəне рухани құндылықтарын көтеру, экономика мен шаруашылықты нығайту, халықтың əл-ауқатын жақсарту жəне ішкі-сыртқы саясатты жаңадан белгілеп, тəуелсіздік мүддесіне үйлестіру міндеттері тұрды» – дейді [2, 28 б.]. Бұл «өтпелі» кезеңді еңсеру үшін билік пен халық ауызбіршілікте болуы тиіс болды. 1991 жылдың 17 желтоқсан күні, ҚР Президенті Н.Ə. Назарбаев: «Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесекте ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік. Əсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілеймін» – деп елдің ішкі ынтымағын, ауыз бірлігін нығайтуға шақырды.

.

«Ата заң» деп аталатын Ел басқарудың құқықтық актісі билік жүйесінен бастау алатыны тарихтан белгілі. Бүгінгі қазақ ортасында «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деген сөз бар. Осы сөз байырғы түріктердің «Төбесіз жер, төрсіз ел болмайды» деген нақылы. Мұндағы «төр» – билік, үкімет деген мағына береді. Елді президент, үкімет, парламент басқаруындағы үштік жүйеге ұйыстырды [2, 29 б.]. Онымен қатар, бұрынғы социалистік жүйе емес, əлем халықтарының бет бұрып, бір ағымға түсіп орныққан нарықтық экономикалық жүйенің заңнамасын жасау, қажет болды. Жаңа қазақ елінің дүниеге келетін жаңа заңнамасының алғашқы əліппесінен бастау мəселесі туындады. Бұл мəселелердің шешімін халық күтіп отыра ма? Əупірімдеп қолға келген тəуелсіздікке қауіп төнсе қайтеміз? – деген сұрақтар туды. Себебі, ескі қоғам ығысып орнын бермей, батпандап жатып алды. Республика халқының 43% — ын қазақтар құраса, соның 60% — ы орыс тілді, жат менталитетте болды [3, 4-6 бб.]. Ұлтсыздандыру идеологиясының өтіп кеткені соншалық, бағзы біреулер қазақ боп туғанына, намыстанатын-ды. Осылайша батысшылар бір жағынан бас көтерсе, қазақи қалыпқа келуді аңсаған ұлт ұрпақтар бір жағынан желпінеді. Ал, Ресейлік шовинистер əртүрлі сылтау тауып бірде жерге таласса, бірде қазақстандық отандастарымызға сөз салып араздастыруды бастады. Жау жағадан алғанда ит етектен алған заман болды. Осы сəтте билік біліктілігі мен төзімділігін, халық парасаттылығын көрсетті. Елбасы Н.Ə. Назарбаев Түрік Республикаларының Одағын құрып, Түркі текті елдердің ықпалдастығын нығайтуға күш салды. Қазақстан Республикасы əлемнің белгілі де беделді БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АОСШК, ИЫҰ сияқты ұйымдарының жұмысына белсене араласып өз үлесін қосып келеді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатының əсерін көрсетумен қатар Елдің сыртқы қауіпсіздігін нығайтуға аса үлкен рөл атқарды. Еліміздің ішкі саяси тұрақтылығын сақтап нығайта отырып, жаңа заманғы қазақ үкіметін қалыптастыра, шетелдік инвестицияларды тартып, нарықтық экономикаға негізделген қуатты экономикалық Республикаға айналдық. Елдің бас қаласы Астанаға қоныс аударып, Азия континентінде жаңа қаланың бірі əлем картасынан орын алды. Биліктің бұрынғы əкімгерлік – əміршілдік жүйені ақырындап ысырып, басқарудың заманауи, тиімді көрінісін құра бастады [2, 31 б.]. Мемлекеттік аппарат қызметінің кəсібилігін қамтамасыз етті. Əлемнің ең дамыған 50 елдің қатарына қосылу бағдарлама нəтижесін беріп, енді міне əлемнің ең дамыған 30елдің қатарына қосылу бағдарламасы ұсынылды. Елбасының сөзімен айтсақ талантты, еңбекқор толерантты халықтың «нөлден» бастап құрған елінің əлем алдындағы нəтижесі. Ұлттың, елдің мақтанышына айналды . Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты стратегиялық жолдауында əлемдік Экономикалық ынтымақтастық жəне даму ұйымындағы (ЭЫДҰ) елдердің қатарына жету бағдарламасы Қазақстан Республикасы өтпелі кезеңін сəтті аяқтап, əлемнің мүйізі қарағайдай алпауыт елдермен үзеңгі қағыстыратындай деңгейге жеткенімізді паш етеді. Қараңыз: Экономикадағы ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4% – дан кем етпеу; Инвестицияның көлемін қазіргі 18% – дан ішкі жалпы өнім көлемінің 30% – на дейін ұлғайту; экспорттық өнім үлесін 70% – ға арттыру; ғылымды қаржыландыруға ІЖӨ – нің 3% болу; шағын, орта бизнес ІЖӨ 50%; жан басына шаққандағы ЖІӨ 5 есеге жеткізіп 13200 долларға жеткізу [4].

Бұл дегеніміз аса улкен көрсеткіш. Қазіргі Еуропа елдерінің біразы болмаса, көбі бұл көрсеткішке жете қойған жоқ. Осылайша еліміздің нарықтық жаңа заңнама жүйесі іске қосылып, экономикасы қалыпты жағдайда дамып, биліктің басқару жүйесі жаңарып, қорғаныс күші нығайып, шекарасы бекіп, мемлекеттілігі қалыптасқан Елге айналдық. Енді ұзақ жылдарға жоспарлаған стратегиясы іске асырушы, ұлт ар-ожданының, менталитетінің алтын арқауы болушы Ұлттық идеяны жариялау мүмкіндігі туғанын Билік түсінік, пайымынан өткізді. Қазақстан Республикасының ұлттық идеясы қақында осы 22 жыл аралығында А. Айталы, М. Құл-Мұхаммед, Ғ. Есім, М. Шаханов, А. Сейдімбек, І. Ерғали, Ə. Ғали, Ə. Нысанбаев, Е. Қарин, Б. Əбдіғали, А. Əлімұлы, В. Төлешов, Ғ. Боқаш, А. Сырым, Д. Көшім, Қ. Салғара, Қ. Зардыхан, Х. Əбжанов, Д. Қамзабек, А. Шəріп сынды ондаған ғалымдарымыз бен журналистер, интелегенция өкілдері өз пікірлерін үзбей жариялап келді. Бұл ақылман ағаларымыздың жазған мақалалары қоғамдық ой-сана қалыптастыруға игі əсерін тигізді. Білімпаздарымыздың ой- пікірлерін, ғажайып ұстаныстарын билік еске алып, санасып отырды. Солардың ұсыныстарын ескере отырып, ұлттық идеяның компоненттерін қоғам ортасына кезең- кезеңмен іске қосумен болды. Оның нақты көрсеткіштерін сөз етсек: а) Ата Заңымызда қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусы берілуі; б) Тілдер туралы заңның қабылдануы; в) Ұлттық тарих, тіл, діл, дінін нығайтуға бастама болған «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы; г) Білім беру саласындағы ұлттық тəрбие; д) Қоғамдық ұйымдардың ұлттық мəдениетті көтеруге атсалысқан белсенділігі т.с.с факторларды айтуға болады. Жоғарыда сөз еткен бұған дейінгі реформалардың (бірлі жарым ауытқушылықты еске алмағанда) экономикада, саясатта жəне билікте атқарылған нəтижесі мемлекет құрушы ұлттың пайдасына шешілді. Онда: 1. Үш жүз жыл бойы отарлықта болып, деформацияға түсіп, депрессияға ұшыраған қазақ халқы жаңа заманның жаңа ұлты болып түлеп шықты. 2. Мемлекет құрушы қазақ ұлтының демографиялық факторы өсіп еліміздің жалпы халқының 65-67% иеленді [3, 195 б. ]; 3. Мемлекет құрушы ұлттың қоғамдық санасы жетіліп тарихи, мəдени, рухани жағынан дамып қалыптасты. 4. Соңғы бір ғасыр бойы көп ұлтты ортада өмір сүрген қазақ халқында басқаны жатсынбайтын, керісінше өзіне тартып туыстасатын психология қалыптасты. 5. Тағдыр тəлкегімен қазақ жеріне қоныс аударған басқа ұлттар мемлекет құрушы ұлтпен тамырласып Қазақстанды екінші Отаны ретінде мойындады. Нəтижесінде ішкі бірлік, рухани қауіпсіздік бекемделінді. 6. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық іргетасы болушы, мемлекет құрушы жалпы ұлттық құндылықтар қалыптасты. 7. Аталмыш нəтижелердің арқасында қазақ қоғамының бет-бейнесі толық айқындалды. Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың күткені де осы еді. Бұл тек қана Елбасының арманы ғана емес, бүкіл қазақ халқының арманы еді. Қоғамдағы табиғи социум, табиғи бет- бейне қалыптаспай тұрып, уақыт пен кеңістіктің безбенінен өтпей тұрып қайдағы бір қондырғыны алып келіп қалыптастыруға Елбасының ішкі түйсігіде, ары да жібермеді. Енді міне Ел тəуелсіздігін алғаннан кейін аюдай алысып, арпалыспен өткен 22 жылдағы Ел дамуының жеткен жетістігін парасат пайымынан өткізіп барып, Қазақстандықтар жасаған басты құндылықтарды екшей отырып, «Мəңгілік Ел» атты ұлттық идеяны жариялады [5.] Бұл идея басқадан алған жасанды ұсыныс емес. Ең əуелі қазақстандықтардың өз қолымен жасаған еңбегінің жемісі, əрі ата-бабадан бері жалғасып сабақтасқан тарихи құндылығымыз. Сол құндылықты Елбасы бүгінгі күні қайта тірілтіп, бабалар арманын жалпы ұлт мүддесіне айналдырды. Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы Ерлан Сыдықов «Mangilik El» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мəңгілік ел идеясын жүзеге асыруда, жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тəрбиелеуде басты назар аударатын мəселелер жеткілікті: салт-дəстүрді сақтаған, жаңаша ойлай білетін, демографияға көзқарасы дұрыс, іскер, креативті, бай-меценаттар сабақтастықпен дамыса жақсы ұрпақ тəрбиеленеді…» — деп жазған. «Мəңгілік Ел» — идеясының тарихи дүниетанымдық негізі қандай еді деген сұрақ туындайды. Ежелгі жəне ертеорта ғасырдағы түркілік дүниетанымда «қасиетті үш таған» ұғымы қалыптасқан. Осы сөзімізді бірден дерекпен пайымдайық. Атақты Күлтегін, Білге қаған ұстындарындағы мəтіндер: «Тəңір бір. Жоғарыда көк аспан, төменде қара жер, ортасында адам баласы жаралған» деп ғасырлар тереңінен философиялық ой көрінеді [6, 89-90 бб.].

.
.

Мұнда көк пен жер, бұл екеуі фундамент (іргетас), ал үшіншісі оның егесі құдіретті жаратушы – бір ғана Тəңір дегенді нақты көрсеткен. Осылайша үштаған ұғымы қалыптасқан. Түркілер ұғымында əлемнің (табиғат, қоғам, адам үштігі) болмыс- бітімі тұрақтылық, үйлесімділік жəне құбылмалылықтан тұрады деп ой қорытқан. Түріктер үштік дүниетанымды ұстана отырып, түркі əлемінің барлық болмыс – бітімін осы жүйеге бейімдеген. Нақты дерекпен көрсетсек: 1. Түріктердің мемлекет жүйесіндегі тардуш (оң қанат), төлес (сол қанат) жəне бұлардың үстінде Орда. 2. Байырғы түріктердің билік жүйесіндегі Ябғу, шад жəне егесі Қаған. 3. Қазақ хандығы замандағы əкімшілік бөлінісОң қанат (ұлы жүз), сол қанат (кіші жүз), жəне Орталық (орта жүз). 4. Саз өнеріндегі (домбыра, қобыз, т.с.с) қос ішек жəне адам (егесі). 5. Бейнелеу өнеріндегі аталық, аналық символ жəне Еге (адам). 6. Түркі тілдеріндегі жуан (қатаң), жіңішке (ұяң) дыбыс жəне адам. 7. Қазақтың қасиетті қара қазанын қайнататын ошақ оның үш бұты. 8. Адам: екі қолы жəне басы. 9. Байырғы түрік қағанатының геосаяси қорғанысының ішкі белдеуі – қос қанат, сыртқы белдеуі көрші елдер жəне ядро атанған Орда. 10. Көк түріктердің материалдық рухани базасы жəне Қағанат мəдениеті т.с. ондаған мысалдарды айтуға болады. [8, 251-264 б.б.] Көріп отырғандарыңыздай, байырғы түріктер табиғаттағы, қоғамдағы, барлық құбылысты, өз болмысына Амал мен Біліг жүйесіне сыйдырып Адам атты пенденің егесіне қызмет еткізген. Қысқаша тұжырымдасақ қажеттіліктен туындаған табиғи ырғақты жүйеге айналдырған. Уақыт пен кеңістік аясында қоғам мен табиғат жəне адам байланысындағы құбылыс болмысынан дүниетанымдық (философиялық) ой қорытқан. Болмыс категориясының негізгі санаты кеңістік пен уақыт аясында мəңгі – бақилығы, тұрақтылығы, біртұтастығы, үйлесімділігі жəне өзгерімділігі. Олардың болуы, болып отырғандығы жəне болатындығы.Бұдан 1100-1500 жыл бұрын өмір сүрген бабатүріктер де, бүгінгі қазақтарда ұлы кеңістіктегі осы шексіз үдерістерден тыс қала алмады. Осы үдерістерді Көк түріктер сұрыптай саралай отырып, табиғаттың табиғи үйлесімінен түркілік дүниетанымдық ұғым пайда болдыра отырып, философиялық сана қалыптастырған. Ол не деген сөз? Табиғат пен қоғамның өз ырғағына сай ой қорытып, өмір сүрсеңіз келешегіңіз кемелді болашағыңыз болжалды болады дегенді меңзейді. Адам атты пенде өзі табиғаттың өнімі. Оның табиғи ортадағы қимыл қозғалысы, қатынасы, байланыс болмысы қоғамның жаңа бір ырғағын (ритм) пайда болдырады. Ол жасанды жалған қондырғы ритм емес, сол халықтың, сол қоғамның өз болмысынан, табиғатынан туындаған табиғи ырғақ, табиғи даму. Осылайша байырғы бабалар жаратылыстың мəңгілік түрақтылығын, үйлесімін, өзгерімін (құбылысын) ой елегінен өткізіп, түркілік дүние танымын қалыптастырған. Өткен дəуірде де, бүгін де түркілік дүниетанымның аса үлкен жетістігінің бəрі түркілік рухани байлық. Сол байлықты халық қажетіне шегуші локмативі – Ұлттық идея, ұлттық идеяның алтын діңгегі – тіл, тарих, салт-дəстүр болды, болып келді жəне бола береді. Тіл – Көк Түрік дəуіріндегі Қағанат құрушы халықтың, бүгінгі Қазақстанның мемлекет құрушы ұлтының бет-бейнесі, кешегі бабалардың аруағы, болашақ ұрпақтың келешегі. Сондықтан да, Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың «Мəңгілік Ел» атты ұлттық идеясы киелі де қасиетті. Көк Түрік дəуірінде шығысы – сонау қиыршығыстағы Хиянған жотасынан, батысы – Орал тауларына дейін, оңтүстігі – Қытайдың ұлы қорғаны, Гималай жотасынан, «Түнелі» атанған ұлы Сібірге (Лена дариясы) дейінгі алып аймақтағы түркілерді бірғана Түрік тілі мен байырғы түрік бітіг (руна) жазуы арқылы топтастырып біріктірді, Қағанат саяси жүргізді, империя құрды. Əлем тарихына Көк Түрік атауын таңбалап кетті. Көрнекті еуразияшыл ғалым, тарихшы-этнолог Л.Н. Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған монғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды» – дейді [9, 382 б.] Л.Н. Гумилев Еуразия құрлығының бірлігі, мəңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастайды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ə. Назарбаевтың бастамасымен қалыптасып жатқан Еуразиялық идеясының негізінде Ресейлік емес, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізіп, көне түріктердің «Мəңгілік ел» идеясының өміршеңдігін дəлелдеуіміз керек. Ал, бүгінгі ХХІ ғасырдағы, жаһандану заманындағы Қазақстанды, оның халықтарын бірғана Мемлекеттік Тіл арқылы топтастыру, біріктіру бірлікте, ынтымақта ұстауға мүмкіндік туып отыр. Біріктіруші күш жалпы Қазақстандық «Мəңгілік Ел» идеясы. Өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолында еңбек етейік!!!

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.