Мәңгілік ел

Главная » Рефераттар » Мәңгілік ел

Ұлттық тәуелсіздік, тәуелсіз мемлекеттілік, Мәңгілік ел болуымыз — біздің де ғасырларға созылған асыл арманымыз. Жүздеген жылдар, қиын асулар, бостандық жолында көтерілістер мен жорықтарда, саясат майданында құрбан болған есіл ерлер, тұтас ұрпақтар — шежірелі тарихымыз — түгелдей ұлттық арманымыз. Біздің ұлттық мемлекеттік тәуелсіздігіміз — теңдесі жоқ жетістігіміз. Тәуелсіздігіміз — бүгінгі бүкіл өміріміздің қайнар бұлағы, бастауы, барлық жақсылығымыздың арқауы. Мемлекеттік тәуелсіздік — қазақтың қолы жеткен Арманы!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің тәуелсіздігіміздің 22 жылдығында сөйлеген сөзін: «Барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мереке — Тәуелсіздік күні — елімізге, әрбір азаматымызға құтты болсын! — деп бастап, «Бұл — ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл — ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған қастерлі күн. Бұл — тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Тәуелсіздік — тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Бүгін Мәңгілік Еліміздің жаңа ғасырдағы жаңғыру жолы — «Қазақстан — 2050» стратегиясы дүниеге келген күн» — деп болашақтың қақпасын айқара ашып, алғашқы Арманнан ұлтын келесі ұлы Арманға шақырды. Тәуелсіздікке қол жеткізумен мемлекет ісі өз-өзінен өрби бермейтіндігіне жаңа тарихымыздың осы 22 жылында көзіміз әбден жетті. Мемлекет болып елдің ішкі тұрмысы мен сыртқы саясатын қалыптастыру, дүниежүзілік қоғамдастыққа кіру барлық бағыттарда бәсекелестікке лайық болу сияқты мемлекет міндеттерін жүзеге асыру арқылы, өсуп өркендеу процестерінің күрделілігімен күнде бетпе-бет кездесіп жүрміз. Тәуелсіздік, оның кешегісі мен бүгіні, ертеңі мен болашағы туралы үнемі, үздіксіз, әсіресе келер ұрпақ үшін айтып жүруіміз міндет. Ол — тек тарихқа көрсетілер ілтипат емес, қоғам әрбір саналы азамат үшін тәуелсіздіктің құнын, бүкіл өміріміздің ең қасиетті құндылығы екенін естен шығармай, көздің қарашығындай сақтау үшін қажет. Тәуелсіздіктің игіліктері ең алдымен халық тіршілігінің деңгейінің көтерілуін көздейді. Оның осы жылдардағы көрсеткіші көз тоярлық. Мысалдарды тізбелеу бұл мақаланың мақсаты емес тек кейбір көріністерін ғана тәуелсіздік жемісі ретінде тілге тиек етпекпіз, 22 жылдың алғашқы он жылы бұрынғы Одақтық экономика мен саяси жүйенің зардаптары мен ыдырауынан болған кең ауқымды дағдарысты еңсеруге кетті. Саясаттағы басты бағыт ешқандай идеологияның үстемдігіне жол бермеу арқылы рухани еркіндік ауанын, дін еркіндігін сақтау заңдық, құқықтық база мен кеңістігін көп партиялықты қалыптастырып халықаралық дәрежеде тең терезелік өзара түсіністік, сыйластық, достық, әріптестік қатынастарға қол жеткізе отырып, өркениет жолына бет түзеу болды. Бұл бағыттарда тарихымызда бұрын соңды болмаған жаңа құбылыстарға куә болдық.
Елдің, қоғамның ашықтығы мен еркіндігі жағдайында өмірге жаңа институттар келді, жаңа дүниетаным, жаңа ойлау жүйесі жаңа ұрпақпен бірге келді. Тәуелсіздікті армандаған халықтың ең зор құндылығы әрине рухани бостандық. Осының нәтижесінде халықтың еңсесі көтерілді. Мемлекет еліміздің ұлттық рухын ынталандыратын көптеген шаралардың жүзеге асырылуына бастамашы болып, қамқорлық жасап, қаржыландыру жолдарын ашты. Ұмыт болған тарихымыз, өткен замандардың ұлттық, тарихи тұлғалары олардың еңбектері тағдырлы оқиғалар, ұлт мүддесіндегі беріспес талас, күрес, бітіспес шайқастар туралы жәдігерлер жанданып, қоғам назарына ұсынылды. Қауіпсіздік мәселесі қай мемлекет үшін де маңызды құндылықтардың бірі. Әрине, оның мазмұны да әр мемлекет үшін әр алуан. Мәселенг Ресей, Қытай, АҚШ, Англия, Германия сияқты ежелгі мемлекеттердің жалпы әлемдік, өңірлік, өзіндік қауіпсіздікке ықпалы да әртүрлі дәрежеде болуы мүмкін. Әлемде, халықаралық қатынаста тәуелсіздік ұғымы ортақ мазмұнға сыйғанымен әр мемлекеттің ішкі, сыртқы геосаяси жағдайларына байланысты оның талаптары, мүмкіндіктері мен әсерлері, сипаты мен себептері өзгеріп тұруы да заңды құбылыс. Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті біздің де еліміздің тәуелсіздік алған алашқы сәтінен бастау алады. Бұл орайда, ең алдымен көршілес елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату барысындағы ең маңызды мәселе болған олардың біздің ортақ шекарамызды мойындап, біздің жеріміздің тұтастығын, ешқандай қол сұғушылық әрекеттерге жол берілмейтіндігіне кепілдік беруін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп, қол жеткізген келісімдердің маңызына тоқталудың да жөні келіп тұр.
Тәуелсіздігіміздің жария болған күнінен көрші елдермен, әсіресе Шығыстағы Қытай елімен шекараны заңдастыру жұмысына айрықша мән берілді. Сонымен қатар бұрын Одақта болған көршілес Ресей, Өзбекстан, Түрікменстанмен де шекараларымызды өзара мемлекет-аралық дәрежесінде айшықтап, заңдастырып алу қажеттігі де күн тәртібінде тұрды. «Біткен істің қиындығы жоқ», — дегендей бүгін шекаралық келісімдер туралы бір-ақ сөзбен өз-өзінен орындалғандай көріп, айтамыз. Ал, сәл зейін қойып айтар болсақ, әр елмен жүргізілген келіссөздердің әрқайсысы бірнеше мақалаға жүк болар еді. Әдетте шекаралардың терең тарихы бар, әрі сол тарихының қойнауында әлі де толық ашыла қоймаған, жария болмаған қатпар-қатпар сырлары бар. Тек ежелгі көрші Қытай елімен шекарамыздың ғасырлар тереңінің тарихына үңіле қалсаңыз — қаншама қайшылықтар мен қақтығыстарды, текетірестерді тіпті қайғылы оқиғаларды, қаншама келіспеушілік пен түсініспеушілікті басымыздан өткіздік. Әсіресе, XIX ғасырда Кенесары хан өлтіріліп, қазақ хандығы, яғни мемлекеті құлап, Қазақ жері түгелімен Ресей бодандығына кіргеннен кейін қазақтың қатынасуынсыз Ресей мен Қытай империяларының арасында 1880, 1882 жылдары өткізілген шекаралық келісімдердің нәтижесі бойынша 1884 жылы шекара сызығы жүргізіліп, талай қазақтың ата қонысы мен ұрпағы екі бөлінгені де тарих сандығында жатты емес пе? Ол кезде қазақтан ешкім пікірін сұраған жоқ. Себебі біреу-ақ — қазақта мемлекет болмады. Қазақ бодан ел болды. Қазақта ешқандай құқық болмады. Міне, мемлекет болудың басты маңыздылығы. Өз Отанын, туған ауылын, қаласын, кіндік қаны тамған жерін сағыну жалпы адам баласының санасына, сезіміне тән. Алайда, қазақ баласының туған жердің топырағын қастерлеуі ерекше екендігі де белгілі. Отанды, туған жерді, елді сүю бар, сағынышпен сезіну бар, қастерлеу, сыйлау, қасиеттеу бар. Сонымен бірге оны игілікпен игеру, адам тұрмысына икемдеп, гүлдендіру де елдің, бәріміздің еңбегімізді талап ететінін де естен шығармауымыз қажет. Елбасының жерді жеті қазынаның басы ретінде айтуында қастерлеумен қатар үлкен міндет де тұр. Ол міндет — жерді қорғаумен бірге тиімді пайдаланумен, оны көркейтумен тікелей байланысты. Елімізде, өңірлерде әртүрлі дәнді-дақылдар, көкөніс өнімдерін өндіру саласын, мал шаруашылығын дамыту, жалпы егістік жайылымдық жерлерді жаңа, озық технология негізінде игеруге айрықша мән беріліп, жаңа сапаға көшуіміз қажет.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.