М. ҚОЗЫБАЕВ – ҰЛЫ ТҰЛҒА

Главная » Рефераттар » М. ҚОЗЫБАЕВ – ҰЛЫ ТҰЛҒА

Тарих  — адамзаттың тұтас бір ұрпағының құжаттандырып, жүйеленген өмірі. Оны түрлі оқиғалар мен ұлы күндерді санамалаумен шектеуге болмайды. «Кешегі кеңес заманында, ұзақ жылдар бойы Қазақстан тарихына байланысты ғылыми зерттеулерімізде ата тарихымыздың ақиқаты бүркемеленіп, қызыл саясаттың ыңғайында жазылып келді. Біз өз тарихымыз бен мұраларымызды өткенімізді айтып мақтану үшін емес, ертеңгімізді  ойлап қам жасау үшін, даму үстіндегі замана талабына жауап бере алатындай алғы шарттардың бәріне ие екенімізге өзімізді де, өзгелерді де сендіре алуымыз үшін зерттеп зерделейміз» деген Елбасының сөзі халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын жинап, сақтауға, зерделеп, жүйелеуге, оларды болашақ ұрпаққа толықтай жеткізуге міндеттейді. Біздер, сабақ барысында университет бағдарламасынан тыс жастардың ой-өрісін дамытатын тарихи деректер мен түрлі қажетті сұрақ, мәліметтерді, соның ішінде бүгінгі таңдағы жаңалықтарды, білімі мен мәдениетін арттыру мақсатында қандай әдеби, тарихи кітаптарды оқу керектігін айтып, талғамдарын ұлғайтып, ойлау қабілетін дамытып, ақылыңа ақыл қосып, жан азығын, рухани тұрғыдан байыта түсуіміз керек. Сондай-ақ  Елбасы жүктеген міндетті барынша орындауға тырысып, бізден кейінгі буынға асыл мұра – тарихимызды тиісінше насихаттауымыз қажет-ақ.

Қазақ елі — терең тарихқа толы. Қазақ елінің тарихы жылдар бойы зерттеліп келді, әлі де зерттеле бермек. Ел тарихын жасайтын – халық. Халық есінде елі үшін адал еңбек еткен, Отаны үшін ерлік көрсеткен тұлғалар мәңгілікке сақталынады. Олардың есімдері алтын әріппен тарихта жазылады. Сондай ұлы тұлғалардың бірі, бірегейі — Манаш Қозыбаев Қабашұлы. Ол өзінің адамдық қасиетімен қатар жазған ғылыми еңбектерінің тереңдігімен ерекшеленеді. Манаш Қабашұлы — ғалым, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академиясының ҚазКСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы ҚР мемлекеттік сыйлықтары мен президенттік Бейбітшілік және Рухани келісім сыйлығының лауреаты. Ол Қазақстан тарихын «ақтандақтардан» тазартуға мол үлес қосты. Оның басшылығымен бірнеше энциклопедиялық басылымдар жарық көрді. Еңбектерінің көбі ТМД елдері халықтарының тіліне аударылды. АҚШ-та, Қытайда, Болгарияда, Германия, Жапония, Иранда және басқа елдерде «Қазақстан-майдан арсеналы», «Тарих және қазіргі заман», «Жауға шаптым ту байлап», «Қазақстан ғасырлар тоғысында: ойлар мен ізденістер», «Қаралы кітап. Атылғандар тізімі» деген еңбектері жарияланды.

Манаш Қабашұлы өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ХХ ғасырдың сырын, мұңын, жырын білгісі келетін болашақ буынға арнап  «Жұлдызым менің» атты туындысын жазған болатын. Ол кітаптың құндылығы – ондағы тарихи шындықтарды ешбір боямасыз, сол болмыс қалпында өзгеріссіз сақталына отыра берілуі. Сонымен қатар бұл еңбекте автор өзінің ғұмырнамалық еңбегіне аналитикалық талдау жасайды, ғылым саласына қалай келгендігіне де тоқталады. Манаш Қабашұлы ҚазГу-дың 3-курсында оқып жүріп, «Ағайынды Грахтардың реформасы» тақырыбында зерттеу жұмысын жазды. Ол жұмысы жоғары бағаланып, жүлдегер аттанады. Жас Манаш осылайша жастайынан қиын да қастерлі жолды таңдап, ғылым жолына аяқ басады. Ғалым қазақ тарихын жан-жақты қарастыра келе, тарихты Отаныңның, ата-бабаңның ғасырлық думан жолы, халқыңның қалыптастырған ата салты, елді, жерді  қорғау жолы деп түсіндіреді.

Академик Манаш Қозыбаев қазақ тарихына  40 жылдық өмірін арнады. Тарихшы ғалым ретінде  қазақтың ұлттық ой-пікірінің дамуына, оның ұлттық мүддеге қызмет етуіне қатысты ғылыми еңбектер жазды, соның ішінде «Өркениет және ұлт» атты монографиялық еңбегінің орны ерекше, ел тарихын ретке келтіруге байланысты өзекті мақалалар жариялады. Сондай-ақ кеңестік кезеңнің теріс саясаты тұсында да жасқанбай қаралаған қазақ зияларын ақтап алуға, олардың мұраларын халыққа қайтаруда, тарихтан белгілі халқымыздың тәуелсіз ел болуын аңсап өткен, сол жолда қасық қаны қалғанша күрескен алаштың аяулы да ардақты азаматтарының өмір жолы мен ерлігін мадақтау мақсатында Манаштай тұлғаның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Әр ғалым отандық тарихи зерттеулерге айтарлықтай өз үлесін қосады. Бұған дана халқымыздың: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөзі дәлел. Осындай нақыл сөзді халқымыз тарих тарланбозы, академик М.Қозыбаевқа арнап айтқандай.

Манаш Қабашұлы — кеңестік заманның саясатына қарамастан туған ел арыстары, туған жер байлығы, екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жету жолында аянбай күрескен азаматтардың ерліктері туралы ащы шындықтың бетін бүркемей, ақиқатты тарихи негізде жазып кеткен азамат. Тарихшы Ә. Бейсенова: «М.Қозыбаев — қазақ тарих ғылымындағы жарқын, биік тұлғалардың бірі еді. Өз кезіндегі қазақтың ұлттық ой-пікірінің дамуына, оның ұлттық мүддеге қызмет етуіне Манаштың қосқан үлесі қомақты еді» деп  жоғары баға береді.

Манаш бабамыз өз еңбектерінде қазақстандық жауынгерлердің көрсеткен ерен ерлігін жастарға үлгі ретінде жазды. Біз, жастар, мұны оның Отанға деген махаббатынан туған құнды да тарихи еңбек деп бағалаймыз. Ғылым әлемі нақтылыққа ғана сүйенеді. Бұл тұрғыдан Манаш Қабашұлының ғылыми ой-пайымы терең. Сол себептен де болар оның еңбектерінде халқымыздың атақты ұлдары Жалаңтөс батыр, Абылай хан, Шоқан, Ахмет, Мағжандар, тәуелсіздік жылдарындағы тарихи оқиғаларға талдаулар жасалынады.

«Біздің қазақ халқының тарихы – ХХ ғасырда, тіпті одан әрі «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлмадан» бері көздің жасымен, жүректің қанымен жазылған тарих» деген Манаштың қанатты сөзі әр ұлтжанды адамға ой салып, жүрегін селт еткізеді. Биыл ел тәуелсіздігіне 22 жыл толмақ. Сондықтан да біз еліміздің тәуелсіздігін бағалай білуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының «Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті, төл тарихы  арқылы ғана басқаға танылады» деген сөзі еске түседі.

Қазақтың аяулы азаматы, қоғам қайраткері, оқытушы, ұстаз, тарихшы, ғалым Манаштың тағылымы мол, ұлағатты өмір жолы мен адами, парасатты қасиеті — жастарға ғибрат аларлық дүние. Ғалым бұл өмірден таң жұлдызындай жарқырап өтті. Халқының талантты ұлы кейінгі буынға өшпейтін тарихи еңбегін қалдырды. Халқы асыл азаматының еңбегін жоғары бағалап, оны құрметтейді. Сондықтан 2003 жылы 30 мамырда біздің Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оның есімі беріліп, ғалымның ескерткіші ашылған болатын. Біздер, университетке есімі берілген ұлтымыздың шоқтығы биік тұлғаларының бірі – Манаш Қабашұлына ұқсап, ел үшін адал қызмет етуіміз керек. Қазіргі жастар ағамыздай отансүйгіш, ұлтжанды азамат болсын деген тілек бар. Осындай еліміздің ұлтжанды ерлері алдында бас иеміз! Қазақ халқының Манаштай мақтан тұтарлық ұлдары көбейе берсін!

Әдебиет:

  1. М.Қозыбаев «Өркениет және ұлт» Алматы, 2001. -369 б.
  2. М.Қозыбаев «Өркениет тағылымдары» «Егемен Қазақстан» газеті, 1999 ж.
Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.