Мұстафа Шоқай өмірбаяны

Главная » Рефераттар » Мұстафа Шоқай өмірбаяны

Мұстафа Шоқай өмірбаяны (1889-1941) — Алаш қозғалысына қатысқан ірі қайраткер, Түркістан жерінің азаттық күресі топ бастаушыларының бірі, публицист ғалым. Қызылорда облысының Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында Сыр өңірі қазақтары арасындағы беделді кісі Шоқайдың үй ішінде өмірге келген. Мұстафа Шоқайдың әкесі Торғай Сыр азаматтары Ресей өкіметінің қоластына өтпей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі, ал нағашылары Хиуа хандығын орыстардан қорғауда ерекше көзге түскен әйгілі әскербасылар болған. Мұстафа Шоқай жазу-сызуды өз шешеcінен жасы беске толмай жатып үйренген.Сұлутөбе станциясындағы орыс білім ордасында бастауыш білім алған ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Мұстафа Шоқай 1910 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Студент шағынан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысады. Балқан соғысына байланысты 1912 жылы Санкт-Петербордағы қазақ, татар, өзбек, башқұрт және әзірбайжан студент-жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алған кезде оның арасында Мұстафа Шоқай да болады. Ол 1915 жылы түркі-мұсылман халықтарының еркіндік қозғалысына іріткі салу мақсатында орталық билік орындары құрған «Сират-ул-мустақим» («Тура жол») партиясына алғаш наразылық танытқандар қатарында болып, студент жастар тобымен бірлесе отырып, зиялы қауым өкілдеріне «Сират-ул-мустақим» партиясын қолдамау жөнінде үндеу тастады. Бұл үндеу сол кезде татар тілінде жарық көріп тұрған «Сөз» газетінде үнделді. 1916 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарды. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқай болды. Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу мақсатында Мұстафа Шоқай Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқанд пен Әндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысты. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін әзірледі. 1917 жылы Ақпан революциясы нәтижесінде патша өкіметінің құлауын зор қуанышпен қарсы алып, қалыптасқан саяси ахуал Ресей империясында ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының бостандыққа жетуіне мүмкіндіктер туғызады деп үміттенді. 1917 жылы сәуірдің 16-21-і аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-ші съезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның ең басты және ең алғашқы редакторы қызметін атқарды. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мүдде еткен қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» басшылық етті. Мұстафа Шоқай бірінші жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттар кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартып, қарашаның 15-22-інде өткен кеңестердің 3-ші съезі қабылдаған «өлкедегі барлық билік еуропалық нәсілдерден кұралған Түркістан Халық комиссарлар кеңесіне көшеді» деген қаулысын Мұстафа Шоқай нағыз әділетсіздік деп бағалады. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды кеңестердің қырына алуына орай Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі» Ташкенттен Қоқанға көшіп, онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісін қолға алды. 1917 жылы қарашаның 28-інде өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етті. Осы съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының 54 адамнан тұратын Уақытша Халық Кеңесі құрамына сайланды және әлгінде Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметінің төрағасы М.Тынышбаев жұмысынан босатылғаннан кейін оның орнына Мұстафа Шоқай сайланды. Ол сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Съезд аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай біртұтас автономия құру жобасын қарау үшін Сырдария қазақтарының құрылтайын құру туралы тиісті қайраткерлерге телеграмма жолдады. Онда: «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айрылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешікпей Алаш туының астына жиналар деген үміттеміз делінген еді. Мұстафа Шоқайдың Сырдария өңірі қазақтарын Алаш автономиясына қосу жолындағы әрекеті нәтижесіз болған жоқ. 1918 жылдың бас кезінде өткен Сырдария облысы қазақтарының съезі «Алашорда өз алдына автономия жариялап, Түркістан (Қоқан) автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақтары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіреді» деген қаулы қабылдады. Қоқан қаласын большевиктер жаулап алып, Түркістан (Қоқан) автономиясын жойылуына байланысты Мұстафа Шоқай шет елге эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. 1918 жылы мамырда зайыбы Мария Горина ? Шоқаймен бірге Ақтөбеге, одан Екатеринбургке жетті. Онда кеңестік билікке қарсы оппозиция күштермен байланыс орнатып, большевиктер үстемдігіне қарсы күрес жүргізудің жолдарын қарастырды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының Самарадағы комитеті мәжілістеріне қатысты. Осы комитеттің ұйымдастыруымен 1918 жылы қыркүйекте Челябинскіде шақырылған съезге қатыспақ болып барғанында өзге делегаттармен бірге Колчак әскерлері тарапынан тұтқынға алынды. Сәті түсіп, тұтқыннан босап шыққан соң 1919 жылы көктемде Маңғыстау арқылы Бакуге, одан Тбилисиге келді. Мұстафа Шоқай онда 1921 жылғы ақпанның 25-іне дейін болып, осетиндік белгілі қайраткер А.Цалыковтың редакторлығымен шығатын «Вольный горец» және Грузия меньшевиктерінің «Борьба» газеттерінде істеді. 1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы жұмысын жасады. Сонымен бірге ол «Шафақ» («Таңсәрі») газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті. 1927 жылдан Зәки Уәлиди Тоғанның редакторлығымен Парижде шығып тұрған «Иени Түркістан» журналына атсалысып, «Туркестан милли бирлиги» («Түркістан ұлттық бірлігі») ұйымына жетекшілік етті. Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді. 1929 жылдан «Яш Туркестан» («Жас Түркістан») журналын шығаруды қолға алды. Бұл журналдың алдына қойған міндетін Мұстафа Шоқай: «Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын сол күйінде әлсіретпей «Яш Туркестан» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік», деп сипаттады. Ол «Яш Туркестанда» Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды. Мұстафа Шоқай Орталық Азия кеңістігінде ұлттық-аумақтық межелеу негізінде бірнеше кеңестік республикалардың өмірге келуін құптаған жоқ. Ол большевиктер бұл өлкеде бөле отырып билеу саясатын ұстанып отыр деп түсінді. Ал республикаларды «ұлттық» емес, «ұлыстық» республикалар ретінде қабылдады. Түркістанда кеңестік биліктің орнауы және оның қызметі, іске асырылған жер-су реформасы, мемлекеттік мекемелерді жергіліктендіру, байлар меншігін тәркілеу, көшпелілерді отырықшы тұрмысқа көшіру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселелерін талдауда нақтылы мәліметтерге жүгіне отырып, тоталитарлық жүйені сынға алды және оның солақай саясатын әлем жұртшылығына паш етті. Кеңес өкіметі басшылығына Мұстафа Шоқай сыны өте жайсыз тиді. Сондықтан да кеңес өкіметінің үгіт-насихаты Мұстафа Шоқай сынына қарсы мақсатты түрде еңбек ете бастады, ал бұл ойдың басында И.Сталиннің өзі тұрды. Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде фактілік деректер ретінде пайдаланылған түркістандық қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды кеңестік билік орындары қатаң бақылауға алды. 1925 жылы мамырдың 29-ында И.Сталин РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған хатында «Ақ жол» мен ақ гвардияшыл эмигрант Мұстафа Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын жазды. Мұстафа Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрсе де бүкіл түркі-мұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты. Түркі-мұсылман халықтарын «Батыс Түркістан», «Шығыс Түркістан» немесе «Орыс Түркістаны», «Қытай Түркістаны» деп бөле қарауға қарсылық танытты. «Тұтас Түркістан» идеясын, түркі халықтарының бірлікте болуын насихаттады. Ұлттық езгідегі түркі-мұсылман халықтарының азаттыққа қол жеткізуі мен өзіндік құндылықтарын сақтап қалуы олардың өзара ынтымақтастығы мен бірлігіне байланысты екендігін дәріптеді. Эмиграциядағы түркі-мұсылман қайраткерлері арасындағы ұлттық мүддені жалпы түркілік мүддеден жоғары қоюшылармен қызу пікірталасқа түсті. 1940 жылы Парижге неміс әскері кіргенде, Мұстафа Шоқай тұтқынға алынып, бірнеше ай концлагерьде отырып шығады. Түрмеден босаған оны неміс-фашистері түркістандық соғыс тұтқындарынан құрылуға тиіс Түркістан легионын ұйымдастыруға тартпақ болды. Мұстафа Шоқай бұл ұсынысты соғыс тұтқындарының жағдайын жақсарту үшін пайдалану жолдарын қарастырып, нақтылы әрекеттерге барды. Бірақ көп ұзамай Мұстафа Шоқай Берлиндегі «Виктория» ауруханасында күмәнді жағдайда көз жұмып, қаладағы мұсылмандар зиратына жерленді. Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер болды. Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Қызылорда қаласындағы Экология университетіне Мұстафа Шоқай есімі берілген. Қайраткердің туған өлкесіне ескерткіші қойылған.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.