Махамбеттің кейбір өлеңдері

Главная » Рефераттар » Махамбеттің кейбір өлеңдері

Махамбет Өтемісұлы «Жалғыздық»,  «Арғымақтан туған қазанат», «Тарланым» өлеңдері

Жалғыздық

Бұл дүниенің жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ —
Түнде бар да күндіз жоқ.
Күннен көркем нәрсе жоқ —
Күндіз бар да түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ?
Тілде бар да дінде жоқ.
Көшпелі дәулет кімде жоқ?
Бірде бар да бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ?
Еріскен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды —
Тура әділдік биде жоқ.
Бәрін айт та бірін айт —
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да менде жоқ.
Менің атым — Махамбет
Менің атым — Махамбет,
Жасқұстағы Жәңгір хан
Ісінен болдым құса-дерт.
Атасы өткен Айшуақ —
Соның көзі көрді ғой:
Менің атам Өтеміс
Елдің қамын жеді ғой.
Біз бір енеден бір едік,
Бір енеден екі едік —
Екеуіміз жүргенде,
Бір-бірімізге ес едік.
Бір енеден үш едік —
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік —
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болман деуші едік.
Өтемістен туған он едік —
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік!
Біз ер едік, ер едік,
Ен Нарында жүргенде
Талма талтүс шағында
Тай жеген тарлан бөрі едік…
Біздің жайды сұрасаң,
Ерте көшіп, кеш қонған
Санаулы сәнді орданың бірі едік!

Арғымақтан туған қазанат

Арғымақтан туған қазанат —
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын —
Күніне көз көрінім жер шалғысыз
Айырдан туған жампоз бар —
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар —
Асылын айуан десе нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар —
Күндердің күні болғанда
Жарамды бір теріге алғысыз,
Қасына адам барғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар —
Атасын айтса нанғысыз!
Арғымақ, сені сақтадым
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп.
Жабыдан туған жаман ат
Шаба алмайды бөжектеп.
Қырдан қиқу төгілсе,
Еділге таман үңілсе,
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп.
Жақсыменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп.
Жаманменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Басқа кетер бөлектеп,
Қолдан берер есептеп,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.
Айғайласып жауға ти
Жапанға біткен бәйтерек —
Жапырағын байқасаң,
Жайқалмағы желден-ді,
Түбіндегі балаусасы белден-ді.
Хан-төренің кешігіп,
Кідірмегі елден-ді.
Кешіп өтпек сайдан-ды,
Шығынды болмақ байдан-ды.
Ақ киіктің орғытып,
Жүгірмегі майдан-ды,
Батыр болмақ ойдан-ды.
Айғайласып жауға ти
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан-ды!
Арқаның қызыл изені
Арқаның қызыл изені —
Басы күрдек, түбі арал
Қыдырып шалар аруана.
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды
Екіншілей сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!

Тарланым

Таудан мұнартып ұшқан тарланым,
Саған ұсынсам қолым жетер ме,
Арызым айтсам өтер ме?
Арыстаным, көп болды — ау
Саған да менің арманым!
Кермиығым, кербезім!
Керіскідей шандозым.
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім!
Садағыңа сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған.
Тереңнен көзін ойдырған,
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған.
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан.
Айқайласа белдік байлаған,
Астана жұртын айналған,
Астына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңреткен;
Атқан оғы Еділ — Жайық тең өткен:
Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздай жалатқан,
Арыстан еді — ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде Арыстан одан кім өткен?!

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.