Мамандардың тәрбиелік іс-әрекетке дайындығын қалыптастыру

Главная » Рефераттар » Мамандардың тәрбиелік іс-әрекетке дайындығын қалыптастыру

Адамзат тарихының қай кезеңінде болмасын, тәрбиенің тиімділігін жетілдіру ісі жүзеге асырылып келеді. Бұл істі жүзеге асыру процесі әрбір қоғамдағы мемлекет қажеттіліктеріне бағындырылады. Тәрбие мақсаты — нақты тәрбие міндеттерінің жүйесі, ол педагогикалық процесс пен қоғам қажеттілігіне қарай өзгеріп отырады. Тәрбие мақсаты қоғамның әлеуметтік сұранысына байланысты және оның табысты орындалуы ұстаздың кәсіби даярлығына байланысты мұраттарға қол жеткізуге бағытталған. Тәрбие мақсаты — педагогиканың ең маңызды мәселесі. Мақсат — тәрбиенің жалпы мақсаттылығынан, тәрбие жүйесінің сипатын айқындаушы ретінде көрінеді. Мақсат пен міндет бүтін және бөлшек ретіндегі арақатынаста, жүйе мен оның компоненттеріне тәуелді болады. Тәрбие мақсаты жалпы және жеке болып келеді. Біріншісінде барлық азаматтардың сапалық құндылықтары қарастырылса, екіншісінде жеке тұлғаның қалыптасуы көзделеді. Тәрбие мақсатын тұжырымдауда міндетті түрде табиғат, адам, қоғамның объективті даму заңдылықтары міндетті түрде есепке алынады.

Тәрбие мақсатын анықтауда маңызды себептердің қатарына жататындар — мақсатты құрастыру, оны белгілі бір заңдылыққа негіздеуді есепке алу. Тәрбие мақсатының ең алғашқы әлеуметтік негізі — әрбір даралықтың дамуы табиғаттың адамға генетикалық тұрғыдан берген мүмкіндіктерін дамыту, сол арқылы оның тұлғасын қалыптастыру. Өйткені тұлғаның дамуы белгілі бір әлеуметтік жағдайға байланысты жүзеге асады. Адам мен қоғамның өзара тәуелділігі тәрбие мақсатының екінші негізі болып табылады.

Тәрбие мақсатының негізгі компоненттерін философиялық категориялардың тізбегімен сипаттауға болады: мотив — қажеттілік — қызығушылық — мақсат. Жалпыадамзаттық тұрғыдан қарағанда тәрбие мақсаты — тұлғаны жан-жақты және жарасымды, үйлесімді етіп тәрбиелеу. Тәрбие мақсатына байланысты балаларға білім мен тәрбие берудің негізгі жолдары белгіленеді, тәрбиелік іс-әрекеттердің мазмұны анықталады, білім беру мен тәрбиелеудің нақты әдістері қарастырылады. Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсаты жеке адамды жан-жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын етіп тәрбиелеу деп қарастырады. Тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, дамыту деген ұғымды оқу мен жастардың практикалық еңбегінің тікелей байланысы, дененің және ақыл-ой дамуының біртұтастығы ретінде түсіну керек.

.

Адам іс-әрекеті, сезімі мен ойлау ерекшеліктері оның өмір сүріп отырған қоғамдық-тарихи жағдайларына тәуелді болады. Қоғам дамуының белгілі сатысында педагогикалық, философиялық ой-пікірлер пайда болып, қалыптаса бастады. Тәрбие беру мақсатын анықтау ең басты мәселеге айналды. Осыған орай балаларға білім мен тәрбие берудің негізгі жолдары белгіленеді, тәрбиелік іс-әрекеттердің мазмұны анықталады, білім беру мен тәрбиені ұйымдастырудың нақты мәселелері мен әдістері қарастырылады. Көп уақытқа дейін тәрбие мақсаты идеалды адам мұратына, жан-жақты, үйлесімді дамыған, рухани байлығы мол, моральдық қылықтары таза және дене күші дамыған тұлға тәрбиелеу ретінде түсіндірілді, бұл позиция — тәрбиенің негізгі мақсаты.

Егер тәрбие мақсатының қалай өзгеріп отырғанына көз жіберсек, тәрбие мақсатын белгілеудің қаншалықты маңызды екенін анық байқауға болады. Тәрбие қоғамның пайда бол­уымен бірге пайда болады, онсыз қоғам жоқ, ол өмір сүруін тоқтатады, ілгері дамымайды. Философия, социология, этика ілімдерімен қаруланған педагогика ғылымы адамды барлық жағынан дамытып, жарасымды етіп тәрбиелеуді өз алдына айқын мақсат етіп қойды.

Тәрбиенің мәні мен мақсаты және жүйесі өмір сүріп отырған қоғам саясаты мен экономикалық жүйесіне байланысты туындайды. Әрбір қоғамдық-экономикалық формацияларда адамдардың материалдық және рухани өмірлерінің үздіксіз өзгеріп отыруына сай, қарым-қатынастардың жаңа формалары туып, тәрбие мақсаты мен мазмұнына жаңаша идеялар енеді. Демек, әрбір қоғамдық-экономикалық формацияның алмасуымен әлеуметтік, философиялық және діни ой-пікірлер де өзгеріске түсіп, тәрбиенің мақсаты мен міндеттеріне ықпал жасайды.

Тәрбие процесінің диалектикалылығы оның үздіксіз дамуынан, динамикалылығынан, үнемі қозғалыста болатындығынан, өзгеріске түсетіндігінен көрінеді. Тәрбие процесі онда орын алып отырған себептерге байланысты дамиды. Тәрбие процесінің диалектикасы оның ішкі және сыртқы қайшылықтарына байланысты ашылады. Тұлға қалыптасуының барлық сатыларында туындайтын ішкі қайшылықтың негізгісі — тұлғаның жаңа қажеттіліктері мен оны қанағаттандыру мүмкіндіктері арасындағы қайшылық. Осы жерде туындайтын қайшылық адамды белсенді түрде тәжірибе игеруге, толықтыруға, жаңа білімдер мен мінез-құлық нормаларын алуға итермелейді. Тәрбие процесінің бағыттылығы мен нәтижесіне сол сияқты сыртқы қайшылықтар да күшті әсер етеді. Педагог-ғалымдар тәрбие процесінің бірнеше ерекшеліктерін бөліп көрсетеді[iii]:

Бірінші ерекшелігі — тәрбиенің көп қырлы факторлы процесс екендігі. Тәрбие мақсат, міндет, мазмұн, идеологиялық бағыт беру, отбасы, мектеп, орта, жұртшылық сияқты әлеуметтік күштердің тәрбие мен талап қоюдағы бірлігін сақтау, тәрбие әдістерін дұрыс талдап, тиімді пайдалану басты ерекшелігі.

Екінші ерекшелігі — тәрбиенің ұзақ процесс екендігі. Адам өмір бойы тәрбиеленеді. Тәрбие ұзақ уақытты, шыдамдылықпен тәрбие жұмысын жүргізуді қажет ететіндігімен ерекшеленеді.

Үшінші ерекшелігі — тәрбиенің сатылы сипатта болатындығы.

Төртінші ерекшелігі — тәрбие жұмысы бір орталыққа жинақталып жас шамасына, тәрбие деңгейіне қарай күрделенуі.

Бесінші ерекшелігі — тәрбие ісінің екі жақты белсенді процесс екендігі. Жетекшінің тәрбиелік ықпалы тәрбиеленушілердің ішкі ойымен, ниетімен, өзін-өзі тәрбиеленуімен ұштасып жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз етеді.

Алтыншы ерекшелігі — тәрбие ісінде педагогтар ұжымының ұйымдастырушылық қабілетінің күшті болуының мәні зор. А. С. Макаренко «Тәрбие беру жұмысы ең алдымен, ұйымдастырушының жұмысы» деп бекер айтпаған[iv].

Жетінші ерекшелігі — тәрбие нәтижесін тез арада анықтау, тексеру, бағалау өте қиын процесс. Оқушылардың қаншалықты тәрбиелі, иманды екенін анықтау өте қиын.

.

Сегізінші ерекшелігі — тәрбие болашаққа ұмтылған іс-әрекет, бүгін мен ертеңі келешек өмірдің ұштасуы.

а) Тәрбие жұмысын ұйымдастыру едәуір қиындық тудырады. Жетекші оқушының бос уақытын есепке алып өзі белгілейді.

б) Тәрбие жұмысының жалпы мазмұнына ыңғайлап, сынып жетекшісі тақырыптарды өзі таңдап, тәрбие материалдарын өзі сұрыптап алып инсцировка жоспар жасайды. Аталған ерекшеліктер мен қиындықтар сынып жетекшісінен сан-саналы білім мен іскерлікті, шеберлік пен дағдыны, педагогикалық іскерлікті, тәжірибені қажет етеді.

Тәрбие — педагогикалық құбылыс. Сондықтан педагогикалық құбылыстар мен процестер арасындағы байланыс мәселелерін қарастырып, оның кейбір заңдылықтарын атауға болады:

1) Тәрбие қоғамның мұқтаждығына және жағдайына байланысты. Неғұрлым қоғамның әлеуметтік-экономикалық әлеуметтік мүмкіншілігі өзгермелі өмір талабына сәйкес дамып отырса, соғұрлым жастардың келешегіне, адамгершілік қасиеттерінің дамып, қалыптасуына әсер етеді.

2) Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің бірлігі. Тұлғаның даму процесінде өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігі сапа жағынан ішкі факторға айналады. Тәрбиеленуші тек айналадағы дүниені танып қана қоймай, олар өзіне және өзінің ішкі дүниесіне үңіле білулері қажет, яғни бір жағынан оқушы — тәрбие объектісі, ал екінші жағынан оның субъектісі болады.

3) Тәрбие іс-әрекетінің және қарым-қатынастың шешуші рөлі. Іс-әрекеттің процесінде қарым-қатынас іске асырылады. Қарым-қатынас оқушыларды мінез-құлқы, іс-әрекеттері, білім, әдебиет, өнер, қоршаған орта туралы мол хабарламалармен байытып, ой-өрісін дамытады.

4) Адамның жас және дербес ерекшеліктерін есепке алу.

.

5) Педагогикалық процесте ұжым мен жеке адамның өзара байланысы.

6) Тәрбиенің, оқытудың, білім берудің және дамудың өзара байланыс заңдылығы.

Тұтас педагогикалық процестің заңдылықтары оқыту мен тәрбие принциптерінде бейнеленеді. Принцип латын сөзі — негізгі, бастапқы деген ұғымды білдіреді. Тәрбие принциптері дегеніміз — тәрбие процесінің мазмұнын, ұйымдастырылуы мен әдістерін айқындайтын ережелер, алғы шарттар, талаптар және бағыттаушы қағидалар жиынтығы.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.