Мерзімді баспасөз беттеріндегі қысқарған сөздердің қолданыс ерекшелігі

Главная » Рефераттар » Мерзімді баспасөз беттеріндегі қысқарған сөздердің қолданыс ерекшелігі

Қазіргі кезеңде коғам өмірінің қай саласын алсақ та, қысқарған сөздер молынан кездеседі. Олардың өзге тілдерден қалай қабылданып, өз тілімізде қалай жасалып, қолданыс тауып жатқандығын анықтап, бұл бағыттағы жақсы үрдістерді үлгі ретінде ұсынып, кемшіліктерді түзету жолдарын көрсету тіл мамандарының міндеті. Осы тұрғыдан қарағанда кейінгі жылдары тілшілер қауымының қысқарған сөздер мәселесіне көп көңіл бөлмегені байқалады. Соның салдары да анық аңғарылып отыр. Баспасөз беттерінде, ғылыми, танымдық, оқулық әдебиеттер мен салалық сөздіктерде кездесетін қысқарған атаулардың жасалуында, қолданысында көптеген кемшіліктер орын алып жүр. Ондай олқылықтарды уақытында анықтап, түзетіп, қысқарған атаулардың қолданысын қадағалап отырмаса, ретсіздіктің белең алары белгілі.

Сөз қысқарту тәсілі — қазақ әдеби тілі жүйесінде 1920 жылдардан бері қарай, яғни соңғы бес-алты жыл көлемінде ұлттық сипатта бекемдік таныта бастаған сөзжасам әдістерінің бірі. Сөз кысқартудың әріптік, буындық, аралас қысқарту және контракциялық суспенциялық, сондай-ақ шартты қысқарту сияқты түрлері бар [1, 9 б.]. Қысқарған сөздердің жасалуына тілден тыс және ішкі тілдік факторлар әсер етеді. Олар:

а) қазақ тіліне қоғамдық-саяси, әлеуметтік көзқарастың түбегейлі өзгеруі, қоғам және ғылыми-техникалық революция жаңалықтары, ұлттық дүниетанымдағы жаңғырулар;

.

ә) тілдің үнемдеу заңдылығының талаптары, сөйленіс машықтарының синонимдік қатарларға мұқтаж болады. Қысқарымдардың жасалуына сондай-ақ орыс тілінің ықпалы бар [1, 10б.].

А. Ысқақов «күрделі атау» сөздердің бір алуандарының әрі қысқартылып, әрі біріктіліп жұмсалу жолы орыс тілінің әсерінен туғандығын, қысқарған сөздер әдеби тілдің жазбаша нысанында күрделі сөздің белгілі бір түрі болып қалыптасқандығын баяндап, осы термин ұғымына тек қана орыс тіліндегі үлгі бойынша жасалған төрт түрлі жолмен аббревиатураларды жатқызады [2, 124б.].

Қазіргі қазақ тіліндегі қысқарымдар (қысқарған күрделі зат есімдер) өмірмен өзектес дамып келеді. Олар — қоғамдық-саяси ұйымдардың қысқартылған аталымдары, мемлекеттердің, мекемелердің т.б. қысқартылған атаулары жиі ұшырайды. Әсіресе соңғы жылдарда жарнамалық қызметте, баспасөз беттерінде кең қолданыс тапқан. Қысқарымдардың негізгі ерекшелігі — тілдік ықшамдау, үнемдеу зандылықтарына сәйкес туындаған жасалымдар, жаңа мәтіндегі сөздер және тиімді әдіс, икемді тұлғалар [3,338б.].

Тілімізде бар күрделі атауларды қысқартуда белгілі бір үлгіні сақтаудың маңызы зор. Өз тіліміздің ішкі мүмкіндігін пайдалана отырып та қысқарған сөздер қорын жүйелі қалыпқа келтіруге болатындығын ғылыми негізге алудың қажеттілігі өз құнын жойған жоқ. Әсіресе күрделі атауларды бас әріптерімен қысқарту жолы кеңінен тараған. Мысалы: БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы), ҚХР (Қытай Халық Республикасы), ХДП (Халықтық-демократиялық партия), АҚ (акционерлік қоғам), ААҚ (ашық акционерлік қоғам), ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік), ОҚО (Оңтүстік Қазақстан облысы), СҚО (Солтүстік Қазақстан облысы), ҚР (Қазақстан Республикасы), АҚШ (Америка құрама штаттары) т.б. Жоғарыда келтірілген мысалдар жалпыхалыққа түсінікті болып келеді. Бірақ баспасөз беттерінде жұртшылықтың көз-құлағы үйреніп, жиі қолданылатындай дәрежеге жете қоймаған атаулар да кездеседі. Мұндайда газет-журналды бос уақыты болғанда ғана оқитындар емес, оны үзбей қадағалап отыратын оқырманның өзі қысқарған сөздің толық нұсқасының қалай болатынын тауып, оның мағынасын түсіну біршама қиынға соғады. Мысалы:

А-20«Азия жиырмалығы». Елбасымыз «А-20» деген атпен «Азия жиырмалығын» құруды ұсынды. «Егемен Қазақстан», 21 сәуір 2009 жыл.

ӘКК (СПК) — әлуметтік-кәсіпкерлік корпорация. Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ басқармасының экс-төрағасы Асқар Нұрғалиев мемлекетке келтірген шығынды толық өтеді. «Егемен Қазақстан», 12 қазан, 2013 жыл.

АХАЖ (ЗАГС) — Азаматтардың хал актілерін жазу. АХАЖ саласы бойынша «Жеке тұлға» бағдарламасы аудандарда іске асып жатыр. «Егемен Қазақстан», 5 тамыз 2008 жыл. №237. Осы орайда АХАЖ органдары ата-ананың құқығын шектеп, балаға қандай ат қою керектігін айтуға құқықтары жоқ. «Солтүстік Қазақстан», 17 шілде 2009 жыл.

ШОБ (МСБ) — шағын және орта бизнес. Осы пайыздық көрсеткіштерден өндіріс салаларындағы ШОБ-тардың үлес салмағын да байқауға болады. «ЕгеменҚазақстан», 25 шілде 2008 жыл. Біздің өңірімізде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 120 жоба мақұлданса, ШОБ субъектілерінің лизингтік мәмілелерін қаржыландыру бағдарламасы бойынша 650 жоба қолданды. «Солтүстік Қазақстан», 28 желтоқсан 2012 жыл.

ҚЕБАҚазақстандағы Еуропа Бизнес-ассоциациясы. Оның үйіне тінту жүргізу кезінде алынған флэш-картадағы «В.Козловтың қосымша куәгерлік мәлімдемесі» атты анықталған электронды құжатында Әбіләзов 2002 жылдан ДВК (ҚДТ) деп құрылған. «Егемен Қазақстан», 13 желтоқсан 2012 жыл.

Тілімізде күрделі атауларды қысқартудың екінші түрі ретінде бірінші сөздің бірінші буыны және келесі сөздердің бас әріптері арқылы, алғашқы сөздің бастапқы буыны мен соңғы сөздің толығымен жазылуы арқылы, әрбір сөздің басқы буындарының қысқаруын жатқызамыз. Мысалы:

АтМӨЗ (АНПЗ) — Атырау мұнай өңдеу зауыты. Ал жергілікті экологтар АтМӨЗ—дің санитарлық аумақ шекарасын анықтауды, сонымен бірге, қоршаған ортаның тазалығына ұдайы мониторинг жасайтын кұрылғы орнатуды кешіктірмеу қажеттігін атап көрсетті. «Егемен Қазақстан», 15 шілде 2008 жыл.

ЕурАзЭҚ (ЕврАзЭС) — Еуразия экономикалық қоғамдастығы. Үш мемлекеттің көшбасшылары ЕурАзЭҚ пен Кеден одағын құруға қосқан үлестері үшін марапатталды. «Солтүстік Қазақстан», 16 желтоқсан 2012 жыл.

ҚАЗБАТ (КАЗБАТ) — Қазақ батальоны. Сол күші басым жаумен қиян-кескі ұрыста Қазбаттың 17 жауынгері қаза тапты. «Егемен Қазақстан», 9 сәуір 2013 жыл.

ҚазБСҚА (КазГАСА) — Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы. Бүгінгі күні ҚазБСҚА студенттерінде толық компьютерлік техникамен жабдықталған екі тәжірибелік аудитория бар. «Егемен Қазақстан», 11 мамыр 2011 жыл.

ҚазБШҒЗИ (КазНИИРХ) — Қазақ Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитеттері мен зертханалары, «Қазагроиновацияның» ҚазБШҒЗИ ЖШС ғалымдар түзген зерттеулер мен болжамдар негізінде уақыт оздырмай нақты тұжырымдар жасап, жергілікті кәсіпкерлер, жеке қожалықтар бірлесе атқаратын бағдарлама жасауға, соны заң тұрғысынан бекітуге ықпал етуі керек. «Егемен Қазақстан», 25 ақпан 2009 жыл.

ҚазГЗУ (КазГЮУ) — Қазақ Гуманитарлық Заң университеті. ҚазГЗУ түлеп, түрленіп, оның ғимаратының өзі Астананың көркіне көрік қосып, жасанып шыға келді. «Егемен Қазақстан», 27 наурыз 2010 жыл.

«ҚазМұнайТеңіз» АҚ«Қазақ мұнай-теңіз» акционерлік қоғамы. Баржаның операторы «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» АҚ-тың еншілес. «Егемен Қазақстан», 7 қазан 2011 жыл.

ҚазТАГ (КазТАГ) — Қазақ телеграф агенттігі. Оның сайраған сөздері Мәскеуден ТАСС арқылы тарап, ҚазТАГ-тың қоржынынан өтіп, күнделікті газеттердің бетіне түскенше сан мәрте түзетілетінді шығарды. «Егемен Қазақстан», 15 қазан 2012 жыл. 26 қарашада ҚазТАГ республикалық қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген сайлаушылардың көңіл күйін социологиялық зерттеудің нәтижелерін жариялады. «Солтүстік Қазақстан», 30 қазан 2012 жыл.

Күрделі атауларды қысқартудың үшінші түрі — техника түрлерінің (ұшақ, трактор, автокөлік т.б.) маркаларын көрсету үшін алынған шартты белгілер. Бұндай қысқарған сөздер бас әріппен жазылады. Мысалы:

ЯК-40. 1992 жылдың 17 шілдесі күні жолға шығып Баян-Өлкеден Өскеменге, одан Петропавл қаласына “АН-22”, “ЯК-40” ұшақтары арқылы жеттік. «Солтүстік Қазақстан», 8 ақпан 2013 жыл. Кешеннің бас кіреберісінде кеңестік көп мақсатты МИ-4 тікұшағы, АН-2, ЯК-40 ұшақтары тұр. «Егемен Қазақстан», 23 тамыз 2012 жыл.

ИЛ-18. Өзі айтқандай дарылдаған төрт моторлы «ИЛ-18» ұшағымен бақандай төрт сағат ұшып, Қарағандының ескі әуежайына қонады ғой. «Егемен Қазақстан», 2 қазан 2013 жыл.

ГАЗ-53. Әкімжан Ғайбуллаев, тұрғын: – Менің «ГАЗ-53» маркалы көлігім бар. «Егемен Қазақстан», 5 маусым 2013 жыл. Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының Котов көшесінде “ГАЗ-53” автокөлігі жанып, жүргізушінің кабинасы мен мотор бөлігі жойылды. «Солтүстік Қазақстан», 7 қараша 2013 жыл.

АН-2. Төрт адам тірі қалды Ресейдің тергеу комитеті Камчаткада апатқа ұшыраған АН-28 ұшағына қатысты үш жағдайды атады. «Егемен Қазақстан», 13 қыркүйек 2012 жыл. Сонымен ақын ағамыз 1964 жылдың 9 мамырында ауданнан облысқа “АН-2” ұшағымен баратын. «Солтүстік Қазақстан», 29 мамыр 2013 жыл.

.

ЗИЛ-130. «МТЗ-80» 25 «ПМ-130» техникасы, «ЗИЛ-130» базасындағы 9 құмшашқыш,  2 қар жинағыш, 2 «К-701», «Урал» базасындағы роторлы техникалар мен тіркемелерді қосқанда барлығы 160 арнайы техника. «Егемен Қазақстан», 18 қазан 2011 жыл. Нақтырақ айтқанда, отын тиеп, орманнан келе жатқан “ЗИЛ-130″ жүк көлігі Қызылжар ауданының Николаевка ауылының маңында жаңбырдан кейін саз болған жолда батып қалған. «Солтүстік Қазақстан», 31 шілде 2013 жыл.

ТУ-154. Осыдан екі жыл бұрын Смоленск әуежайына қонар кезде Польша президенті Лех Качиньский мінген ТУ-154 ұшағы апатқа ұшырағаны белгілі. «Егемен Қазақстан», 11 сәуір 2011 жыл. Сол айтқаны рас екен, әлгі 18 тонна жүкті тау-тасты асып түсе алатын машинаға да, пойызға да, тіпті мұхиттарды жүзіп өтетін кемелерге де тиемей, құласаң нардан құла дегендей, ТУ-154 ұшағына сылқита салады. «Солтүстік Қазақстан», 7 желтоқсан  2012 жыл.

ВАЗ-2107. Ал Есіл ауданының Бұлақ ауылында сарай мен гаражды өрт шарпып, ақыр соңында ағаш құрылымдарымен бірге “ВАЗ-2106” автокөлігі толықтай жанып кетті. «Солтүстік Қазақстан», 31 шілде 2013 жыл.

 БТР80. Оның ішінде “БТР-80”, әскери “КАМАЗ” және “УАЗ” көліктері балғындардың ерекше ықыласын туғызса, атыс қаруының түрлері де көрмеде алдыңғы орында болды. «Солтүстік Қазақстан», 5 қазан 2012 жыл.

Күрделі сөздерді қысқарту кезінде тілдегі дыбыстардың бір-бірімен қатар тұру мүмкіндігі, олардың тарихи қалыптасқан орны болады. Көп жағдайда, әсіресе, әріптік қысқарту барысында қазақ тіліндегі дыбыстар тіркесі сақталмайды. Дыбыстар үндестігі бұзылғандықтан айтуға келмейтін, құлаққа жағымсыз естілетін, айтуға қолайсыз атауларды да кездестіріп жатамыз. Мысалы: ҚӨТ (қаржы-өнеркәсіптік топтар), АМҰ (Америка мемлекеттерінің ұйымы), ОАӨАҮО (Орталық Азиядағы өңірлік ақпараттың үйлестіру орталығы), ПҮАЖ (Президент пен Үкіметтің актілер жинағы), ӨСЕҚ (Өртке қарсы еріктілер қоғамы), БӨҚжА (бақылау-өлшеу құралдары және автоматика), ҚҚХҚИ (Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институты), ӨОАӘ (өлшемдердің орын алмастыру әдісі), АОМКДИ (Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институты), АӨСШК АЛТК (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Аға лауазымды тұлғалар комитеті), АӨІСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі), ҚИК АҚ («Қазақстан ипотекалық компаниясы» Акционерлік қоғамы) т.б.

Әр түрлі мағына беретін күрделі атауларды бір ғана қысқарған сөзбен беру – қазіргі кезде тілімізде орын алып отырған кемшіліктердің бірі. Мысалы, Халықаралық кәсіпкерлер ұйымын да, Халықаралық көші-қон жөніндегі ұйымды да ХКҰ деп бір-ақ қысқарған сөзбен беріп жүрміз. Осы сияқты Еуропалық Кеңес те, Еуропалық комиссия да ЕК түрінде, стандарттық үлгі де, сауда үйі де СҮ түрінде, сәйкес келу сертификатын да, стандарт санатын да СС үлгісінде, көп ұлтты компания да, көп ұлттық корпорациялар да КҰК түрінде, коммерциялық банк та, конструкторлық бюро да КБ түрінде, Еуропа көлік конференциясы да, Еуропа кәсіподақтар конференциясы да ЕКК түрінде, Азия даму банкі мен Африка даму банкі АДБ түрінде, қалалардың халықарарлық ассамблеясы да, Қазақстан халқы ассамблеясы да ҚХА түрінде, су электр стансасы мен санитарлық эпидемиологиялық станса да СЭС түрінде қолданылып келеді. Осындай сөз қысқартуларды жиі ұшыратуға болады. Бұл нұсқалар бір қысқарған сөздің тілде орнығуына екіншісі кедергі келтіреді. Мәселен, Еуропалық Кеңесті — қазіргі қалпында ЕК деп әріптік қысқарту үлгісімен, ал Еуропалық комиссияны — ЕуКом түрінде буындық қысқарту жолымен, сол сияқты Африка даму банкін АДБ түрінде, ал Азия даму банкін АзДБ, коммерциялық банкін КомБанк түрінде, конструкторлық бюроны сол қалпында КБ түрінде, қалалар халық ассамблеясын ҚХА түрінде, ал Қазақстан халқы ассамблеясын ҚазХА түрінде де алуға болар еді. Негізінен әр түрлі атаулардың бір нұсқа түрінде қолданылуының өзі қысқарған сөздерді жинақтап, сұрыптап, ретке келтіру жұмыстары тиісті дәрежеде қолға алынбай жүргендігінің айғағы.

.

Қысқарған атаулардың қолданысындағы кемшіліктің бірі — олардың түрліше қысқартылып алынып, бірнеше нұсқада жарыса жұмсалуы. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі атауының қысқарған нұсқасы орыс тілінде СВМДА түрінде бір ғана нұсқада қолданылып жүрсе, бізде бұл қысқарым — АӨСШК, АӨЬІСШ, АӨСІШК болып үш түрлі нұсқада жарысып жұмсалып жүр. Осы қатарға ТКШ// ТҮКШ (тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы), Қаз АТУ// ҚАТУ (Қазақ агротехникалық университеті), ЕҚЫҰ // ЕҚЫК (Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақ келісімі), БСҰ//ДСҰ (Бүкіләлемдік сауда ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы), ЭСК// ЭСЖК (Экономикалық саясат жөніндегі кеңес), БДҰ//ДДҰ (Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы), ІЖӨ//ЖІӨ (ішкі жалпы өнім, жалпы ішкі өнім) сияқты жарыса қолданылып жүрген атауларды да қосуға болады. Сондай-ақ бірде қазақша, бірде орысша, кейде ағылшынша қысқартылуы бойынша қолданылып жүрген атаулар да едәуір. Мысалы, СЭС//ГЭС (су электр стансасы, гидроэлектростанция), ҒІҒА//ФИФА, АҚТҚ //ВИЧ, ОББ //ЦРУ, ЖҚТБ//СПИД, ЖЭО//ТЭЦ және т.б [4,127б.].

Қорытындылай келе,  жоғарыда аталып өтілген жарыспа нұсқалардың бірі жиі, екіншілері сирек қолданылуы, түрлі атаулардың бір ғана нұсқасының болуы, тілімізде қысқарған сөздердің орыс тілі нұсқасының қолданылуы, сөз қысқартудың дыбыстық үйлесімділігінің сақталмауы  – тіл білімінде  әлі бір ізге түспей, жинақталмаған, жүйеленбеген, шешімі табылмаған мәселелердің бірі. Қазіргі мерзімді басылым беттерінде кездесетін осындай деректер күрделі сөздерді қысқарту немесе орыс тілінен енген қысқарған сөздерді аударудың әркімнің қалауынша жүзеге асып, бұл істің жүйелі түрде жүргізілмей, тиісті дәрежеде үйлестірілмей отырғандығын аңғартады. Сондықтанда қазақ тіл білімі саласындағы қысқарған сөздердің аясын тереңірек зерттеп, кездесетін кемшіліктердің дұрыс шешімін табу – бүгінгі күні зерттеуді қажет етіп отырған өзекті мәселелердің бірі. 

Әдебиет:

  1. Алдашев Н.М. Қазіргі қазақ тіліндегі қысқарған сөздер. КДА., Алматы, 1996. – 27 бет.
  2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 38 бет.
  3. Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. – 784 бет.
  4. Құрманбайұлыы Ш. Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер. – Астана, 2009. – 256бет.
  5. «Егемен Қазақстан» газеті.
  6. «Солтүстік Қазақстан» газеті.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.