Метафизика қазақша реферат

Home » Рефераттар » Метафизика қазақша реферат
Рефераттар Комментариев нет

Метафизика дегеніміз не? Бұл сұрақ әңгіме метафизика жөнінде болар деген күтуді оятады. Біз одан тартынамыз. Оның орнына белгілі бір метафизикалық мәселені таңдаймыз. Сол арқылы біз тікелей метафизикаға бойлай аламыз. Осылай етіп қана біз оған өзін ашуға нағыз мүмкіндік береміз. Әңгімемізді бір метафизикалық мәселені өрбітуден бастаймыз, сонан соң оны таңдауға әрекет жасап, ақырында соған жауап берумен аяқтаймыз. Метафизикалық мәселені өрбіту. Адамдардың кәдімгі пайымының тұрғысынан, Гегельдің айтуынша, философия әлде бір «төңкерілген дүние». Біздің мәселеге келуіміздің өзгешелігі алдын — ала сипаттама беруді талап етеді. Ол қандай да болмасын метафизикалық сауалнаманың екі түрлі қасиетінен шығады. Ең алдымен әрбір метафизикалық сұрақ қашанда мета-физикалық мәселені тұтасымен қамтиды. Ол (сұрақ) қашанда осы тұтастықтың өзі. Және де әрбір метафизикалық сауал сол сұрақ қоюшының өзін де жалпы сұрақ қоюшы ретінде қамтып, оның өзі жөнінде де сұрақ болып шығады. Бұл бізге белгілі бір нұсқаулық қызмет атқарады: метафизикалық сұрақ осындай тұтастықта және біздің сауалданушы болмысымыздың мәнділік орнынан қойылуы керек. Біз сұрақты өзіміз үшін тап осында және тап қазір қоямыз. Ал біздің болмысымыз — зерттеушілер, ұстаздар және шәкірттер қауымында — ғылыммен анықталады. Ғылым құмарлығымызға айналғандықтан біздің адамдық болмысымыздың негізінде қандай мәнді оқиғалар өтіп жатыр? Ғылымның салалары бір бірінен алыста. Олардың өз пәндерін өңдеу тәсілдері түбірінен әр түрлі. Осындай ажырап кеткен салалардың сан түрлілігі қазір университеттер мен факультеттер техникалық ұйымдастырушылығымен және салалардың практикалық мақсаттарымен біріктіріледі. Ғылымдардың шығуының түпкі бір тамыры, керісінше, семген. Сонда да болса, барлық ғылымдарда біз олардың нағыз интенциясына (ішкі ұмтылысына) сай баршылыққа оның өздігінде қатынас жасаймыз. Тек қана ғылымның өз тұрғысынан қараса, оның бірде бір саласының басқаларынан артықшылығы жоқ: табиғаттың тарихтан және керісінше. Әрбір пәнді игеру тәсілінің басқа пән тәсілдерінен артықшылығы жоқ. Математикалық таным филологиялық — тарихи танымнан қатаңдау емес. Оның тек «дәлдік» деп аталатын, бірақ, қатаңдықпен бірдей емес ерекшелігі бар. Тарихтан дәлдікті талап ету гуманитарлық ғылымдардағы өзгеше қатаңдық идеясының шегінен шығып кеткен болар еді. Баршылық ғылымдардың ішкі сабақтастығы бола алатын дүниеге қатынасы оларды мәніне, мазмұнына, болу жолына сай жан — жақты зерттеудің және негіздейтін анықтаулардың пәніне айналдыру үшін өзінің өздігіндегі барлықты іздеуге итермелейді. Ғылымдарда олардың идеясына сәйкес барлық заттардың мәнді жағына ойысу іске асып жатыр. Баршылықтың өз-өздігіне ғана үйірілген дүниеге осындай айрықша қатынасты өз тарапында адамдық өмір кешудің (экзистенция) еркін таңдаған белгілі бір ұстанымын қолдап әрі бағыттап отырады. Адамдардың ғылымға дейінгі, ғылымнан тысқары қызметтері, тіпті қызметсіздігі де барлыққа белгілі бір қатынаста болады ғой! Бұларға қарама-қарсы ғылымның өзіне тән айрықша ерекшелігі: ол алғашқы сөзді де, соңғы сөзді де соны баса көрсете отырып зерттелетін нәрсенің барлығын тек қана өзіне береді. Осындай өзгеше ісмәрлікте өтетін ғылыми зерттеуде ғылымды барлыққа бағындыру бар, оның мақсаты барлық сол процессте өзін өзі ешқандай болып тұруы керек. Ғылыми зерттеу мен ғылыми теорияның осындай бағыныштылығы кейін шектелген дәрежеде болса да адамдық өмір кешудің ішінде (экзистенция) жетекші рөл атқарудың мүмкіндігі үшін негізге ұласады. Ғылымның өзіндік дүниеге қатынасын және оны бағыттайтын адамның ұстанымын егер сол дүниелік қатынаспен сол ұстанымда не бар екенін біз көре алсақ қана толық түсіне аламыз. Адам — басқа барлықтардың ішіндегі ол да бір барлық, ол ғылыммен айналысады. Осындай айналысуда адам деп аталатын бір барлық басқа барлыққа енеді, сондай енудің нәтижесінде барлық өзінің не және қандай екендігінде ашылады. Ашуға бағытталған ғылымның енуі өздігінше барлықтың өзінің өздігіне жетуіне көмектеседі. Осы үшұдайлық — дүниелік қатынас (мироотношение), ұстаным, ену — алғашқы бірегейлігінде ғылыми өмір кешудің тап осы болмысына еліктіретін қарапайымдылық пен өткірлік береді. Егер біз ешбір екі ұштылықсыз осындай анықталған ғылыми тап осы болмысқа ие болсақ, онда былай деуіміз керек: Біздің дүниелік қатынасымыз неге бағытталса, сол барлық, басқа ештеңе емес. Біздің ұстанғанымыз нені басшылыққа алса, сол барлықтың өзі, басқа ештеңе емес. Дүниеге енген зерттеуіміз немен жұмыс істейтін болса, сол барлық, одан тыс ештеңе емес. Бірақ, бір ғажабы — ғылым адамы өзінің нағыз мәнін өзіне айқындағанда, ол ашық, не бүркемелі түрде бір нәрсе туралы сөз етеді. Тек барлық зерттеледі, басқа ештеңе; жалғыз барлық, басқа — ештеңе; бірден — бір барлық, басқа — ештеңе. Осы Ештеңемен мәселе қалай болып тұр? Біз ол туралы кенеттен өзімізбен өзіміз сөйлей бастағанымыз, кездейсоқтық па? Шынында да бұл сөздің жай ғана мәнері — басқа еш нәрсе емес пе? Онда біз неге бұл Ештеңе туралы қамдана бастаймыз? Міне, ғылымның өзі Ештеңені шығарьш тастайды және оны ешбір нәрсені білдірмейтіндей қалдырады. Сонда да біз осындай жолмен Ештеңені қалдырып кеткенде, осы арқылы біз оны өз орнында қалдырған жоқпыз ба? Әйтсе де біз Ештеңені қашан тастап кеткенде, қандай орында қалдырғанымыз жөнінде не айтуға болады? Мүмкін, дегенмен тілдің бұл арпаласуы енді сөз ойынының бос аумағанда болып жатқан шығар. Оларға қарсы ғылымға, ол үшін мәселе тек таза баршылық туралы болып отыр деп, бүкіл байыптылығымен және салауаттылығымен тағы да жариялауға тура келеді Үрей мен сандырақтан басқа, Ештеңе — ғылым үшін ол тағы не бола алады? Егер ғылым осында өз құқында болса, онда тек бір нәрсе анық: Ештеңе туралы ғылым ешнәрсені білгісі келмейді. Түбінде, бұл Ештеңе туралы қатаң ғылыми концепция болып табылады. Ештеңе туралы, ол туралы еш нәрсені білгіміз келмегенде, біз ол туралы білеміз. Ғылым Ештеңе жөнінде ешнәрсе білгісі келмейді. Бірақ соншалықты айқындықпен анық болып тұрған нәрсе: ол (ғылым) өзінің нағыз мәнін сөз еткенде ол Ештеңені көмекке шақырады. Оның теріс айналатын нәрсесі оған қажет болып шығады. Мұнда қандай екіұдайлық мән ашылады. Ғылыммен анықталады дейтін бүгінгі өмір кешуіміз жөнінде ой кешкенде біз шатысқан қайшылықтардың ортасында қаламыз. Қайшылық өзі өздігінен сауалға ұласады. Сауал өзі туралы айтуды күтеді: Ештеңе жөнінде, ахауал қандай? Мәселені талқылау. Ештеңе туралы мәселені талқылау бізді оған жауаптың не болуы мүмкін, не болуы мүмкін емес ахуалға әкелуі тиіс. Ештеңе біздің өзімізде қалды. Ғылым өзінің артықшылығымен оған немқұрайлылық пен қатынас жасап, оны бізге бір өмірде жоқ нәрсе ретінде қалдырады. Сонда да болса, Ештеңе жөнінде сауал қойып көрейік. Ештеңе деген не? Осы сауалға қарай жасаған алғашқы қадамның өзі бізге үйреншікті емес бір нәрселерді ашады. Осындай сұрақ қоя отырып біз Ештеңені о бастан бірдеңе ретінде қараймыз, оны белгілі бір түрде «бар» деп барлық түрінде қабылдаймыз. Бірақ, Ештеңе сол барлықтың өзіңен абсолютті ерекше бөтен нәрсе емес пе? Біздің Ештеңе туралы ол не, қандай деген сұрағымыз, оның мазмұнын қарама — қарсылыққа дейін теріс айналдырып, бұзады. Сауал өзінің сұрайтын нәрсесінің өзін жоғалтады. Соған сәйкес бұндай сауалға ешқандай жауап болуы мүмкін емес. Шынында оған жауап міндетті түрде: Ештеңе, ол мынандай және мынандай нәрсе дейтін — формада болар еді. Ештеңенің тұрғысынан сұрақ та, жауап та мағынасыз. Олай болса, ғылым тарапынан оны ешқандай теріске шығарудың да қажеттігі жоқ. Әншейінде келтірілетін жалпы ойлаудың белгілі ережесі — қайшылықтарға ұшырамау жөніндегі тұжырым — кәдімгі «логика» мұндай сауалды түбірінен жоқ қылады. Ойлауға, ол қашанда болсын бірдеңе жөніңде ойлау болғандықтан, Ештеңе туралы мәселемен айналысуда өз мәніне қарсы әрекет етуге тура келер еді. Сонымен, бізге Ештеңені бір нәрсе етуге тыйым салынғандықтан біз мәселені қарастыруды аяқтауға келдік, тек, егер, «логика» осы мәселеде ең ақырғы сарапшы, пайым тек құрал ғана, ал ойлау Ештеңені оның шығу кезінде ұстап, оны ашудың мүмкін жолдары жөнінде шешім қабылдаудың тәсілі деп қарасақ болады.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.