Музыка – адам жанының үні

Главная » Рефераттар » Музыка – адам жанының үні

Адамдардың міндеті күнделікті өмір салтындағы басты саланың бірі рухани мәдениетті жетілдіру болса, соның бірі әрі бірегейі музыка деп атауға болады. Себебі өнердің қай саласында болмасын музыканың қолданылмауы кемде-кем. Адамдар мейрам-мерекелерде, той- думандарда, ойын-сауықтарда би билеп, ән шырқап, көңіл көтереді. Осы іс-шаралардың бірде-бірі музыкасыз өтпейтіні белгілі. Олай болса, музыка өнерінің адамның күнделікті тұрмыс- тіршілігінде алатын орны өте зор екенін білеміз. Музыка өнерінің бір ерекшелігі сол, онымен дыбыс ырғағы арқылы адам өзінің ішкі жандүниесін, көңіл-күйін, сана-сезімін білдіре алады. Әуен арқылы адамдар аңсаған арманын, қуанышы мен қайғысын, өмір сүрген қоғамын әнге қосып, толғаған. Олар өздерін қоршаған табиғатты, оның өзен-көлдерін, орман-тоғайларын, асқар таулары мен байтақ даласын жырға қосып, оның әсем көркінен рухани ләззат алып отырған. Бұрынғы қазақтардың домбырасының қоңыр үні мен олардың қара өлеңі осыған дәлел. Қай халықтың болмасын оның тарихи жағдайына, күнделікті өмір салтына, әдет-ғұрпына байланысты дамып жетілген музыка өнері болады. Сол сияқты қазақ халқының да өзіне тән ұлттық дәстүрлі музыка өнері бар. Музыка өнерінің негізін қалаушылар халық арасынан шыққан дарынды өнер иелері – композиторлар. Әр күйді шығарушы әуен иелері болады, бірақ та біз қазір күйлерді халық күйі және халық композиторларының күйі деп екі топқа бөліп жүрміз. Оның себебі кейбір күйлер ғасырлар өтіп, оның авторларының аты ұмыт болып, дарынды күйшілердің орындауы арқылы халық арасында күйдің әуені сақталғандықтан ол бара-бара халық күйі болып аталып кеткен. Ел ішінде кең тараған халық күйлері мен әуендерін дыбыс арқылы жеткізу тәсілі саз аспаптардың арқасында мүмкін болды.

Халық тұрмысында музыкалық аспаптардың түрі өте көп болған. Бірақ та оның көбі күнделікті өмірде пайдалануға сай келмегендіктен өте сирек қолданылады. Ал кейбірінің дыбыс шығару мүмкіндігі жоғары және пайдалануға ыңғайлы болғандықтан күнделікті тұрмыста кеңінен тарап, халықтың мәдени мұрасына өте үлкен үлес қосты. Музыкалық аспаптардың халық арасында кең тараған түрлері домбыра, қобыз, сыбызғы. Осы аспаптар арқылы халық күйлері мен саз, әуендерін орындап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде бұл құралдардың рөлі өте зор болды. Ел өмірінің тарихи кезеңдері оның музыка өнерінде жан-жақты бейнеленді. Халық өзінің әндері мен күйлерінің әуен сазы арқылы күнделікті өмір тіршілігінің көрінісін суреттеп, оны бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп отырады. Қазақ халқының көшпенді өмір салты өзінің ұлттық сипаттағы музыка өнерінің дамуына қолайлы жағдай туғызды. Мысалы, дүниеге жас нәресте келсе, қырқынан шығару, ат қою, бесікке салу сияқты бірнеше сауық кеші өткізіліп, онда ән айтылып, күй тартылған. Болмаса жастар үйленсе, той-думанда айтылатын жар-жар, беташар, сыңсу сияқты әдет-ғұрыптар да әнмен басталған. Немесе қайтыс болған адамды естірту, көңіл айту, жоқтау сияқты салт-дәстүрдің бәрі ән арқылы орындалған. Қазақ халқы бұрын қалаларда тұрмағандықтан олардың қазіргідей опера, драма, кино театрлары болған жоқ, сол себепті олардың көңіл көтеріп, өнерді тамашалау жағдайы басқаша болды. Олар жаз жайлауға көшіп, мал төлдеп, ақ молайғанда, Қымызмұрындық мерекесін өткізіп, сонда жастар алтыбақан теуіп, ән шырқап, күй тартқан. Үлкендер болса, бір жерге алқа- қотан жиналып, ақындарды айтыстырып, күйші-жыршыларға ән айтқызып, күй тарттырған. Қазақтың ырымы бойынша ел ішінде беделді, халыққа қадірлі, атақты адам қайтыс болса оған ас беру салты болған. Осындай ас беру кезінде Қазақстанның әр түкпірінен ақын-жыраулар, әнші- серілер, балуандар шақырылып, ойын-сауық өткізілген. Сол жиын-тойларда ақындарды айтыстырып, әнші-күйшілерге ән шырқатып, балуандарды күрестіріп, ат бәйгесі, көкпар тарту сияқты неше түрлі өнерлер көрсетіліп, үлкен мерекеге айналдырылған. Қазақ халқы музыка өнерін күнделікті тұрмыс-тіршілігінде де өте кең қолданған. Ол кезде әрбір қазақтың үйінде домбыра аспабы көрнекті жерде ілулі тұрған және ауыл ішіндегі ойын-сауық кештерде ән айтылып, күй тартылып, қазақтың түрлі ұлттық ойындары орындалған. Ертеректе қазақта ауылдың алты ауызы деген болған. Оның мәні, үйге келген жолаушы қонаққа сый- құрмет көрсетілгеннен кейін көрші-көлемдер жиылып, онан өзінің өнерін көрсетуін өтінген және өздерінің де өнерлерін көрсеткен. Осындай тұрмыстағы өнерге жақын өмір салтының арқасында халық ішінен ақын, жырау, әнші, күйші, жыршы шығуына қолайлы жағдай жасалған. Бұрын халық арасынан шыққан өнер адамдарын композитор, әнші, күйші деп бөлмеген. Себебі олардың көбі сол өздері шығарған әндердің сөзін өзі жазып, бірінші орындаушы да өзі болған. Немесе күй шығарған композитор сол күйді домбырамен алғашқы орындаушы болды. Егер де орындалған ән немесе күй көпшілікке ұнап, ел оны жылы қабылдаса, басқа орындаушылар оны халық арасына кеңінен таратып отырған. Осындай әншілік, күйшілік, орындаушылық өнердің жолына түскен өнерпаздарға көрермендер өздерінің лайықты бағасын беріп, оларға халық үлкен сый-құрмет көрсетіп, кейбір асқан таланттыларды “сал“, “сері“ деп атаған. Халық ішінен шыққан үлкен ақын-жыршылар, әнші-композиторлар халық өміріндегі ерекше маңызды уақиғаларға өздерінің үнін қосып, егер де кемшіліктерді көрсе, оны батыл сынға алып, көпшіліктің ой-пікірін билеуші топқа жеткізіп отырған. Ұлттың рухын қалыптастырып, әрі қарай дамуына ықпал ететін – тарих, әдебиет, философия сияқты гуманитарлық ғылымдар болса, ол адамға сана арқылы әсер етеді. Яғни адам оқып білім алып, логикалық ойлау қабілеті арқылы өзінің рухани көзқарасын қалыптастырады. Ал, музыка болса, ол адамға сезім арқылы оның өте нәзік ішкі жандүниесіне әсер етіп, махаббат сезімі сияқты оның жүрегіне тура жол табады. Сол себепті әр халықтың рухына, психологиясына, менталитетіне тән өзінің ұлттық музыка әлемі болады. Осы музыканы сол ұлттың өкілі жастайынан бойына сіңіріп өскен болса, ол музыка оның рухани құндылығына айналады. Бұрынғы елін-жерін қорғаған қазақ батырлары, әділеттілік үшін күрескен билері, халқының рухын көтерген әнші-күйшілері өздерінің ұлттық қоғамында өмір сүріп дәстүрлі мәдениетімен тәрбиеленгендіктен олардың патриоттық сезімі жоғары, рухы күшті болды.

Қазақ халқы соңғы ғасырларда бодандықтың кесірінен өзінің ұлттық рухани құндылықтарын әлсіретіп алғаны белгілі, соның ішінде музыка өнері де бар. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ көшпенді өмір салтынан отырықшылдыққа ауысуының да ұлттық өнерге әсер еткені анық. Оның үстіне Кеңес үкіметі социалистік өмір салтын орнатамыз деп, қазақтарды тарихи ұлттық санасынан ажыратуға тырысты. Осындай объективті себептерге байланысты ұлттық рухымыз әлсіреп, өзіміздің төл мәдениетімізді еліміздің болашақ иесі жастарымыздың санасына сіңіре алмай, ұлттық менталитетімізге айтарлықтай зиян келтірдік.

Қазіргі жастарымыздың көбі ұлттық өнерден гөрі орыстың немесе батыстың өнеріне өте құмар. Себебі көзін ашқаннан көретіні батыстың киносы, тыңдайтыны батыстың музыкасы, киетіні батыстық модадағы киімдер. Былайша айтқанда олар батыстың мәдениетімен тәрбиеленіп, батыстың өмір салтымен өмір сүріп жатыр. Бұл жөнінде уақытында К. Маркс “сананы тұрмыс билейді“ деген болатын. Бұл қағида адамның санасы, өмірге көзқарасы, дүниетанымы жаңа қалыптасу сатысында тұрғанда шындыққа жақын болуы мүмкін. Сол себепті де жастарымыздың санасы қазіргі өмір салтымызға байланысты батыстың мәдениетіне еліктеп, сол бағытта қалыптасуда. Бірақ та бұл біздің ұлттық рухани мәдениетіміздің дамуына өте қауіпті тенденция. Біз мұндай ұлттық мүддемізге жат әрекеттен құтылу үшін өзіміздің ұлттық рухани мәдениетімізге негізделінген қазақтың “Тұрмыс түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды“ деген қағидасын басшылыққа алып өзіміздің өмір салтымызды қалыптастырып, соның принциптерімен өмір сүруіміз керек. Сонда ғана біз өзіміздің тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, оны әрі қарай дамыта аламыз.

Адамның ақыл-парасаты толысып, өзінің оң-солын танып, тұлға болып қалыптасқаннан кейін мұндай батыстың теріс идеясымен әрі қарай өмір сүре беруге болмайды. Себебі әрбір адам белгілі бір ұлттың өкілі болып өмірге келеді. Және ол ұлттың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі бар. Егер де ол адам сол ұлттың өкілі болғысы келсе, ұлтының қасиеттерін әрі қарай дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін өз ұлтының патриоты болуға тиіс. Сол себепті әрбір адам өзінің қабілетіне қарай ұлтына қызмет етіп, “сана адамды түзейді“ деген жаңа принциппен сапалы өмір сүрулері керек.

Біз бүгін бір нәрсенің басын анық ашып алуға тиіспіз, кейбіреулер ұлттың рухани мәдениеті туралы сөз қозғалса болды, мұны ұлтшылдық деп түсінеді. Бұл өте қате ұғым, себебі қазақ халқы бірнеше ғасырлар бойы отаршылдықта болып, өзінің ұлттық рухани мәдениетін дамыта алмай қалды. Енді тәуелсіз ел болғаннан кейін, біріншіден, сол кенже қалған мәдениетін орнына келтіріп, әрі қарай дамытамын деуі сол ұлттың заңды құқығынан туындаған әділ талап. Екіншіден, қазақ халқы басқа ұлттарға мәдени экспансия жасай алатындай өте көп санды халық емес. Олардың алға қойған бар мақсаты, өзінің тарихи отанында тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап, әрі қарай дамыту. Үшіншіден, қазіргі техника мен технологияның арқасында ақпарат құралдарының мүмкіншілігі артып, түрлі мәдени экспансия белең алды. Сол себепті жаһандану дәуірінде қазақ халқы сияқты тәуелсіздігін жаңадан алған, рухани мәдениеті бекімеген ұлттар, басқа мәдениетке жұтылып кетпеуі үшін, өзінің төл мәдениетін, соның ішінде ұлттық музыкасын дамыту ауадай қажет. Ұлттың рухы – өнерінде, мәдениетінде, салтында, сондықтан да қоғамымызда “Салауатты өмір салтын“ орнату біздің стратегиялық мақсатымыз.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.