Ғұндар. Ғұн тайпалары

Главная » Рефераттар » Ғұндар. Ғұн тайпалары

Ғұндар. Ғұн тайпалары. Б.з.д. V ғасырда Оңтүстік Моңғолия мен Ордоста түркітілдес, бет-бейнесі моңғол типтес ғұн атты тайпа өмір сүрді. Ғылыми әдебиетте бұл атаудың хунну, хун, сюнну түрінде кездесетіндігі белгілі. Отандық тарихнамада «ғұн» терминін қолдануда бірізділік жоқ. Ғылыми әдебиеттерде, оқу құралдары мен оқулықтарда «хұн», «хунну», «сюнну» секілді терминдер қолданыла береді. Қазақстандық оқулықтардың көпшілігінде «ғұн» сөзі кеңінен қолданылады.

Ғұндардың санын қытай деректері әрқалай көрсетеді. Бір деректер бойынша, ғұндардың саны — 300 мың, ал әскері — 30 мың. Енді бір деректер бойынша, тек әскерінің саны — 300 мың да, ал халқының саны — 1 млн 500 мың. Соңғы деректер бойынша б.з.д. II ғасырдың басында Ғұн империясына бүкіл көшпелі тайпалар бағынған.

Б.з.д. II—I ғасырлар аралығында ғұндар қытайлармен жиі қақтығысқа түсіп отырды. Бұл текетіресте көбінесе ғұндар жеңіске жетіп, қытайлар оларға әр мезгіл сыйақы төлеп отыруға мәжбүр болды.

Б.з. I ғасырдың соңы мен II ғасырдың ортасындағұндар сәнби тайпаларының ығыстыруымен батысқа жылжиды. Алдымен олар Шығыс Қазақстан және Жетісу жеріне еніп, осындағы жергілікті тайпалармен араласты. Осы жерлерде Юебанъ атты мемлекет құрды. Бұл мемлекет б.з. V ғасырына дейін өмір сүрді. Ғұндар біртіндеп Еділ, Жайықтан батысқа қарайғы жерлерді де жаулап алды.

Ғұндар Қазақстан жерін бұрыннан мекендеген сақтармен, үйсіндермен араласты. Олар бір-бірімен тұрмыс-тіршілігі, тілі жағынан жақындасты. Ғұндар өздерінен бұрын Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың түркіленуіне, бет әлпетінің моңғолдануына біршама әсер етті.

Ғұндармен бір мезгілде өмір сүрген және Қазақстан мен көрші аймақтағы этникалық үрдістерге саяси жағынан үлкен әсер еткен тайпа юэчжилер болды. Олар өте күрделі этникалық құрылымнан тұрған.

Ғұндардың гүлденуі. Б.з.д. III ғасырдың соңғы онжылдығында Ғұндар мемлекетін әскери басшы тәңірқұты (шаньюй) басқарды.

Бір замандарда ғұндарды Түман тәңірқұты басқарды. Оның екі әйелінен туған екі тақ мұрагері болған еді. Түман екі баласының біреуі — Мөдеден құтылу үшін юэчжилерге аманат ретінде жұмсайды. Мұны сезген Мөденің юэчжилер арасында жүріп, қалай билікті қайтарып алуға дайындалғандығын қытай дереккөзі былайша қызықты баяндайды. Деректен ғұндардың алғашында юэчжилерге тәуелді болғандығын, сондықтан юэчжилерге аманат ретінде тәңірқұты ұлдарын жіберіп тұрғандығы байқалады. Осындай аманатта жүріп, Мөде юэчжилерден қашып шығады. Әскер жинап, қатаң тәртіп енгізіп, билікті басып алады. «Маодунь (Мөде) өз жауынгерлерін үйрете отырып, оларға өзінің «ысқыратын жебесін» (ғұндардың тесігі бар сүйектен жасалған жебелері) қайда жетсе, сол жаққа атуға бұйырды. Жүздеген ысқырған жебелер жаудың зәресін ұшырып, олардың аттарын үркітті… Ол өз қосынындағы оқ атпағандардың басын шабуға бұйырды. Сонда ғана барлық жауынгерлер онымен бірге оқ атуды үйренді».

Б.з.д. 209 жылы Мөде тәңірқұты осылайша төңкеріс жолымен билік басына келеді. Ғұндардың жаулап алу соғыстары дунхулардан басталды. Ол б.з.д. 203—201 жылдары Саян Алтайы мен Жоғары Енисей өзеніндегі ежелгі қырғыз тайпаларын бағындырып, солтүстік шекарасын кеңейтті.

Ғұндардың ұзақ уақыт бойғы басты қарсыласы — Хань империясы (Қытай) болды. Б.з.д. 202 жылы Қытайда азамат соғысы аяқталып, бір орталыққа біріккен Хань әулеті билікке келді. Бұл тарихи дерек Ғұндар мемлекетінің күшеюімен тұстас келді. Өзінің шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен б.з.д. 200 жылы Қытай империясы ғұндарға қарсы соғысты өзі бастады. Алғашқы қақтығыстан кейін Мөде өз әскерлеріне кейін шегінуге бұйрық береді. Ал Хань әскері жауды қуалай, ізіне түсіп, негізгі күштерінен алыстап қол үзіп қалады. Алдыңғы шепте императордың өзі де бар еді. Ғұндар шегінуін тоқтатып, төртке бөлінген атты әскер бөлімімен тау аңғарында қытай әскерлерін жан-жақтан қоршауға алады. Жеті күн қоршауда қалған император ғұндармен келісімшарт жасауға мәжбүр болады. Ол шарт бойынша, император қытай ханшасын Мөдеге әйелдікке беріп, жыл сайын бағалы сыйлықтар (жібек мата, шарап, күріш) жіберіп тұруғауәде етеді. Хань императоры Гаоцзудың осы «тыныштық пен туыстық» туралы шартқа қол қоюы, оның ғұндардың күштілігін мойындағандығын көрсетеді. Сөйтіп, ғұн мен Хань әулеті арасында 40 жылға тыныштық орнайды.

Мөде билік жүргізген кезде ғұндар гүлдену дәуірін басынан өткізіп, кемеліне жетті. Халық саны 300 мыңға жетіп жығылды. Оның мемлекеті Байкал көлінен Тибет тауына дейін Шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзенінің орта ағысына дейінгі аралықты алып жатты. Мөденің мұрагері Лаушан (Лаошань) тәңірқұты тұсында Ғұн мемлекетінің құдіреті күшейе түсті.

Бұдан кейінгі ғұндардың тарихы Шығыс Түркістандағы аса бай қалалар үшін Хань империясымен күреске толы болды.

Ғұндардың юэчжилермен, Қытаймен, үйсіндермен, қаңлылармен қарым-қатынасы. Мөде батыстағы юэчжи тайпаларын бағындыру үшін әскери жорықтар жасады. Ғұндардың юэчжи тайпасымен күресі жеңіспен аяқталды. Юэчжилер б.з.д. 174—165 жылдары түпкілікті талқандалып, Орталық Азияға, Әмударияның жоғарғы ағысына көшіп кетті. Ғұндарға бағынғандардың арасында үйсіндер де бар еді. Қытай жазбаларында ғұндарға 36-ға жуық көрші үлыстардың бағынғандығы айтылған. Мөде б.з.д. 174 жылы цайтыс болды.

Мөденің баласы Лаушан түсында юэчжилер ғұндардан тас-талқан болып жеңіліп, бір бөлігі Жетісуды мекен етті. Жетісудағы сақтардың бір бөлігі юэчжилердің қысымынан Ферғананы басып өтіп, Парфия, Бактрияға жылжып, келесі бір бөлігі Ауғанстаннан Солтүстік Үндістанға (Кашмирге) өтіп кетеді. Ұлы юэчжилер Жетісуды 30—40 жыл шамасындай ғана иемдене алды. Кейін Жетісуды үйсіндер юэчжилерден тартып алды. Ғұндардың әскери көмегінің арқасында үйсіндер осылайша Жетісуға орналасты. Батысқа қарай ығысқан юэчжилер Бактрияны өзіне бағындырады. Олардың енді бір бөлігі үйсіндермен араласты.

Ғұндар мен Қытай арасында айырбас сауда жүріп тұрды. Бұл әсіресе ғұндарға тиімді еді. Б.з.д. 158 жылы шекарадағы сауда көздерін кеңейту мақсатында тәңірқұты Қытайға қарсы соғыс ашты. Б.з.д. 152 жылы ол ғұндармен тағы сауда ашу жөніндегі шартқа қол жеткізеді. Шекаралық аймақтарда сауда орындары ашылады. Сонымен қатар Гобиден оңтүстікке қарай жайылымдарды қайтарып алады.

Б.з.д. 133 жылы гцн — цытай согыстарыныц жаңа кезеңі басталды. Бұл жолы соғысты қытайлықтар бастады. Әскери қимылдар бұрынғы ғұн аумағына ауысты. Өз күшімен ғұндарды жеңе алмайтындығына көзі жеткен Қытай билеушілері енді басқа көшпелі тайпаларды ғұндарға қарсы айдап салуға кірісті. Ғұндар бағындырған елдерді өз жағына тарта бастады. Солардың қатарында үйсін билеушісіне елші жіберіп, некелік байланыстар орнатады. Ғұндар да қарап қалмай, өз кезегінде үйсін күнбиіне (гуньмосына) бір қызын береді. Ал ғұндар мен қытайлықтар арасындағы текетірес одан өрі жалғаса берді. Ғұндар енді қытайлықтардың одақтасы — үйсіндерден кек алуға кіріседі. Үйсіндердегі қытай ханшасы император сарайына хат жолдап, үйсіндерге көмек беруін талап етеді. Біріккен үйсін-қытай күштеріне ғұндар қарсы тұра алмады. Ғұн әскері ауыр жеңіліске ұшырайды.

Б.з.д. 59 жылы Қытай Батыс өңірді басқаратын әкімдік құрылым құрды. Бұл кезде ғұндардың өз ішінде де іріткі басталып, билікке талас туған еді. Билікке таласудан, ішкі-сыртқы дағдарыстардан Ғұн мемлекеті ыдырап, б.з.д. 55 жылы оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінеді. Хуханье шаньюй бастаған оңтүстік топ — Қытаймен бейбіт қарым-қатынас орнатты. Ал Чжи-Чжи бастаған ғұндардың солтүстік бөлігі Қытайдың қысымымен батысқа ауады.

Б. з. III ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Қазақстан мен Жетісуға келген ғұн тайпалары V ғасырға дейін өмір сүрген Юебань мемлекетін құрды. Бұрынғы солтүстік ғұндардың ұрпақтары болып саналған аталмыш мемлекет басшысы дәстүрлі тәңірқұты атағын алды.

Деректерде юебаньдықтардың тілі ежелгі түрік тіліне жақын болғандығы туралы мәлімет бар.

Ғұн мемлекеттілігі. Сақтардан соңғы Қазақстан аумағында және көрші аймақтарда үлкен мемлекет құрып дәуірлеген халық ғұндар еді. Б.з.д. IV ғасырда-ақ Қытай мемлекеті ғұндарды өздерінің «солтүстік-батыстағы күшті бәсекелесі, жауы» деп есептеген.

Бұл күндері түркі тілінде сөйлегендігі дәлелденіп отырған ғұндар алғашында тайпалық одақ болып, одан күшті мемлекет құрды.

Ғұндардың мемлекеттік тарихы жөнінде жазба деректер жеткілікті. Олардың саяси-қоғамдық құрылысы жөніндегі деректер, негізінен, қытай жылнамаларында мол сақталған.

Ғұндарда мемлекеттіліктің негізі б.з.д. IV ғасырлардан бастады. Ғұндар мемлекеттілігін толық қалыптастырып, оның саяси жүйесін құрушы ірі саяси тұлға — Мөде тәңірқұты (қытай деректері Маодун деп атайды) болды.

Ғұндардың саяси жүйесі өте күрделі болды. Мемлекеттің басында тәңірқұты тұрды. Ғұн тарихын көне қытай тілінен қазақ тіліне аударушы ғалым Қ.Салғараұлының пікіріне сүйенсек, бұл сөз бүгінгі қазақ тілінде де бар. «Тәңірқұты» елдің қарулы күшінің бас қолбасшысы болды.

Мөдеге дейін тәңірқұтын сайлау тәртібі болатын. Оның үстіне, жекелеген аймақтарды (24 аймақ болған) ру ақсүйектері басқарып отырған. Олардың әрқайсысында 2 мыңнан 10 мыңға дейін әскері болған. Сондықтан мемлекеттің ішіндегі аймақтардың белгілі бір дербестігі де бар еді.

Мөде тәңірқұтынан бастап мемлекет толығымен бір орталыққа бірікті. Ендігі жерде елбасын сайлау қағаз жүзінде ғана жүрді. Тақ мұрасы алғашында ағадан ініге, кейін әкеден балаға өтіп отырды.

Ғұндарда үш ақсүйек тайпа болды. Соның ішінде си люаньди тайпасынан ғана патша сайланды. Елдегі ақсүйек үш тайпа тек өз арасында ғана қыз берісіп, қыз алысты. Мемлекеттік ірі қызметтерде осы үш ақсүйек тайпа өкілдері тағайындалды.

Ғұндардың мемлекеттік басқару аппараты өте үлкен және күрделі болды. Тәңірқұтынан кейінгі мемлекеттік лауазым елдің Шығыс және Батыс бөліктерін басқаратын кіші хандар болатын. Әдетте, Шығыс бөлікті басқаратын кіші ханның мәртебесі артығырақ болды. Ол орында тәңірқұтының тағын болашақта мирас етуші ханның үлкен баласы отырды. Елдің оң, сол бөлігінің әрқайсысында азық-түлікке жауап беретін уәзірлер, қолбасшылар, әскербасылары, мал-жанның есебін жүргізушілер, тәртіп сақшылары болды. Мемлекет әбден күшейген кезде ғұндар елі үшке бөлініп басқарылды. Олар Шығыс, Батыс және сол екеуінің ортасында орналасқан тәңірқұтының өз ордасы еді.

Ғұндар еліндегі осы үш аймақ 24 әкімшілікке бөлінді. Олардың әрқайсысына мыңбасылар, жүзбасылар, онбасылар, билер, кіші бектер, т.б. лауазымды қызметкерлер тағайындалды. Егер жоғары лауазымдарға тең тәңір-құтының туыстары тағайындалатын болса, ал орта, төменгі басшылықтарға өзге ғұн тайпаларынан шыққан аса қабілетті адамдар тартылды.

Ғұндардың діні тәңірлік дін болды. Олар патшасын «Көк тәңірінің өзі жаратқан адамы» деп түсінді.

Ғұндар көшпелілердің алғашқы империясын құрды. Көшпелі мемлекеттің негізгі белгілері осы ғұндар дәуірінде қалыптасты. Құрылтай жиналысы дүниеге келді.

Ғұндардың өзінің әдет-ғұрпына негізделген заң ережелері болды. Онда жер-су мәселесіне ерекше мән берілді. Қытай деректеріне қарағанда, Ғұндар мемлекетінде тұрақты әскерлерінің саны 300 мың болған. Ресми іс-қағаздарын жүргізіп, мөр басу рәсімі қалыптасты.

Ғұндар мемлекеті б.з.д. IV ғасырдан б. з. V ғасырының 1 жартысына дейін өмір сүрді. Әрине, басқа көшпелі империялар сияқты олар да бірде күшейіп, бірде әлсіреп отырды. Б.з. IV ғасырынан бастап ғұндардың бір бөлігі Еділден асып Еуропа жеріне қарай аяқ басты. Содан былайғы 200 жылдың ішінде олар Еуропаның жартысын жаулап алып, өз билігін орнатты.

Ғұндар және Халықтардың ұлы қоныс аударуы.

Тарихтағы «Ұлы қоныс аудару» Орталың Азияның саяси картасына, этникалық құрамына үлкен өзгерістер әкелді. Қытайдың ығыстыруымен ғұндар Алтай, Сарыарқа арқылы Батыс Қазақстанға жылжыды. Олар жолшыбай көптеген тайпалардың орын ауыстыруына әсер етті.

Жалпы ғұн тайпаларының шығыстан батысқа қарай жылжуы б.з.д. II ғасырдан басталып, б.з. IV ғасырына дейін созылған. Бұл жылжу тек ғұндарға ғана тән құбылыс емес, басқа да ірі тайпаларға әсерін тигізді. Тарихта бұл құбылысты Халықтардың цлы цоныс аударуы деп атайды. Бұл оқиға әсіресе Қазақстанға үлкен әсерін тигізді: жергілікті сақ, юэчжи, үйсін, қаңлы сияқты тайпалардың шығыстан батысқа қарай орын ауыстыруына әкелді.

Ғұндар Еділден өтіп, алдарына сарматаландарды сала отырып, Еуропаға енді. Енді азиялық ғұндар Еуропалық жазбаларда гцндар деп атала бастады. Олар Доннан Дунайға дейінгі ежелгі готтарды Дунайдың арғы жағына ығыстырды. Кейін готтар (герман тайпалары), остготтар (шығыс готтар) да ғұндармен одақтасуға мәжбүр болды. Ғұндар Керчь бұғазы арқылы өтіп, Босфор патшалығын талқандады. Бүкіл Қара теңіз жағалауынан Днестрге дейін аралық ғұндардың қол астына көшті.

376 жылы ғұндар Рим империясы шекарасына таңап келді. V ғасырдың 30-жылдарында ғұн басшысы Румыния және Венгрия жерінде мемлекет басына келгеннен бастап мемлекет күшейіп, әлемге әйгілі болды. Ғұндар патшасы Аттила Еуропада Ғұн мемлекетін құрып, елді кеңейту мақсатында Рим империясына қарсы күресті. Рим империясы әскерлерімен 250 мың Аттила әскерлері арасында Шалон қаласы түбінде шайқас болды. Ол тарихта Каталаун шайқасы деп аталады. Осы шайқастан кейін ғұндар Рим империясының кейбір аудандарын басып алды. VI ғасырда Еуропада Аттила бейнесі кескінделген алтын, күміс ақшалар шығарылған. Батыс готтар ғұндармен бірігіп Ежелгі Рим империясына үлкен қауіп төндірді. Сонымен қатар Халықтардың ұлы қоныс аударуы жергілікті тайпалардың антропологиялық бет-бейнесінің өзгеруіне әсер етті. Бұдан халықтардың араласу үрдісі ерте темір дәуірінен басталғандығын аңғаруға болады.

 

Загрузка...