Неміс, Голланд, Француз әдебиеттері

Home » Рефераттар » Неміс, Голланд, Француз әдебиеттері
Рефераттар Комментариев нет

ХІY-ХY ғ. неміс империясының феодалдық жүйесіндегі дағда­рыс­қа байла­нысты бүкіл неміс феодалдық-рыцарьлық мәдениет тоқырауға ұшырайды. Елде аймақтық князьдардың толқулары орын алып, империялық рыцарьлар қарақшыларға айнала бастай­ды. Халық ара­сында ақыры Реформация дәуірі мен Ұлы шаруалар көтерілісіне әкеліп соқтырған бүліктер көбейе түседі. Рыцарь­ларға қарсы ХІY ғ. соңында өзара одақтарға бөлінген (швабтық қала­лар одағы және Рейн одағы) тұрғындар көтеріліске шығады. ХY ғ. шаруалар көтерілісі бірі­нен кейін бірі орын ала бастай­ды. Бүлікші­лер­­дің өз ара­сын­да уағыздаушылары мен пайғам­бар­­лары болған. Осындай тол­қу­­ларға толы уақытта импе­ра­торлық билік басындағылар фео­дал­дарды жақтап, сауда және қолөнер салаларында өз жетістіктерімен танылған неміс қалалары гүлдене бастайды.

ХY-ХYІ ғ. Германияның мәдени өмірінде қалалар үлкен маңыз­ды­лыққа ие болатын. Мә­дени дамудың дәлелі ретінде ХY ғ. ортасында кітап баспа ісінің пайда болуын мысалға келтіруге болады. ХY ғ. соңына қарай Германияның қалаларында 53 типогра­фия мен бірне­ше университеттердің негізі қаланады. Енді елдің рухани өмірінің негізгі ошағы қорғандар емес, қалалар болады. Мұндай жағдайлардың барлығы кейінгі орта ғасырдағы неміс әдебие­тінің дамуы­на өз әсерін тигізеді. Орта ғасырдың соңғы кезеңдерінде Германияда кей кездері рыцарьлық поэзияның өкіл­дері де өз шығармалырында куртуаздық қағидаларды бұзып, шынайы өмірдегі күнделікті тір­шілікті де суреттейтін болған. Сондай талантты ақындардың бірі ретінде Освальд фон Волькештейнді (1377-1445) атап өтуге болады. Ол көбіне куртуаз­дықтан бас тар­тып, дидак­ти­калық және сатиралық шығармалар жазған бюргерлік орта жазу­шы­ларымен қатар айты­лады. Кейінгі орта ғасыр бюргерлік әдебиеттің кең таралған жанр­ла­рына дидак­ти­­калық жанрды жатқызуға болады. Ақындарды неміс империясында орын алған ұйым­сыздық пен алауыздық алаңдатады. Олардың көбісінің шығарма­шылығы өсиетті са­рында жазылғаны­мен, онда қоғамдық ортада оппози­циялық көңіл-күйдің өскенін көрсететін әлеу­меттік қайшы­лық­тар туралы да айтылады. Мұндағы «дидактика» «сатиралық дидак­тикаға» айна­лады. Олар қоршаған орта мен өмірдің барлық тұстарын қамтуға ұмытылады.

Бюргер поэзиясында мысал өлеңдер үлкен маңыздылыққа ие болады. Ол бюргерлік әдебиеттің эстетикалық, өсиеттік талапта­ры­на сай болатын. Осы жағдай аллегориялық поэмалардың пайда болуына әкеледі. Аллего­рия­лық поэмаларда түрлі мәселелер қарастыры­латын. Осылайша, білімділік пен жақсылық тақырыбына арналған Мюгельннен шық­қан Генрихтің (1371 ж. қ. б.) «Қыз тәжі» атты поэмасы жарық көреді.

Орта ғасыр мен Қайта өрлеу кезеңдеріндегі неміс әдебиетінің тарихында неміс шванк­тары[1] ерекше сипатқа ие болады. Олар қарапайым ертегі сарынында жазылған, керемет рыцарьлық эпос­тар­ға қайшы келетін формада жазылатын. Француздық фаблиомен қатар келетін неміс шванктарында қарапайым адамдардың әзіл-қалжыңы, айлакерлік пен қулыққа толы өмірі суреттеледі. Онда түрлі тап өкілдері, тіпті басшылар да ақымақ етіп көрсетіледі. ХІІІ ғ. Штрикердің бас кейіпкері тапқыр әрі айлакер, әзілқой әрі қу шіркеу әкейі болған «Поп Амис» атты кітабы жарық көріп, халық арасында кең тарап, үлкен маңыздылыққа ие болады.

Германияда, әсіресе ХY ғ. соңғы онжылдығында елдің буржуа­зия­лық дамуы орын алып, неміс Ренессансы жайлы айтуға мүмкін­дік берген жаңа мәде­ниет қалыптасады. Неміс гуманизміне бірқатар ерекшеліктер де тән болатын. Ол қоғамдық қайшылықтар өрши түскен алдағы Реформация кезеңінде дами түседі. Осы құбылысқа байланысты ендігі  жерде сатираға бет бұру кең етек алады. Неміс гуманис­тері католиктік клирдің обскуранттігі мен ұятсыздығына қарсы шыға алады. Осы тұрғыдан, олар тіпті өздерінің италиялық ұстаз­дарынан да асып түседі. Олар ежелгі дәстүрге де италиялық гуманистері сияқты қарамаған. Ертедегі авторлардың ішінен діни наным-сенімдерді әшкерелеген сатирик Лукиан үлкен атаққа ие болады. Оның ойлап тапқан сатиралық диалог формасы неміс гуманистік әде­бие­тінде кеңінен қолданылады.

Гуманистік қозғалыс ХІY ғ. ортасына таман Италияда орын алып, біртіндеп Солтүстікке таралып, ХY-ХYІ ғ. басына қарай Орта­лық және Солтүстік Еуропаны, Франция, Германия, Голландияны, кейін­нен Англия­ны да қамтиды. Жаңа әлеуметтік, ұлттық және идеоло­гия­лық шындық­пен беттесе оты­рып, олар мазмұны жағынан өзгере бастайды. Бұрынғы италиялық гуманистер қатаң түрде филологиялық және этикалық сұрақтарға тоқ­тал­са, кейінгі гума­нистерді натурфилософия, саясат, жараты­лыстану ғылым­дары қызықтыра бастайды.

Неміс гуманизмінің бастауы ХІY ғ. соңында Карл ІY (1346-1378) тұсында император резиденциясына айналған Прага қаласында тамырын жайған. Дәл осы жерде жаңа неміс әдеби тілінің ерте үлгілер мен Заацтан шық­қан қалалық жазушы Иоганның (ш. 1350-1414) «Богемдік диқан» сияқты Ренессанс қарсаңындағы неміс прозасының тамаша ескерткіштері пайда болады. Бұл шығармада ортағасырлық дүние­та­ныммен қатар жаңа гуманистік са­рын­дар да кездеседі. ХY-ХYІ ғ. адам мен өлім арасындағы диалог ретінде жазылған бұл шығар­ма халық арасында кең тарайды.

Неміс гуманизмінің ең жарық әрі сөнбес жұлдызы Франкония тұрғы­ны, шаруа отбасы­нан шыққан Конрад Цельтис (1459-150) болған. Цельтис болашақ гуманистік мәдениет үшін мықты күрескер ретінде түрлі қалаларда (Гейдельберг, Краков, Вена) әдеби және ғылыми қоғам құрған. Сонымен қатар ол қажымайтын педагог, ескі жазбаларды жинақтаушы тарих­шы әрі музыкант ретінде де танымал болған. Өзінің саяхаттауға деген құштар­лығы мен білім­ге деген құмарлығының арқасында Цельтис қаладан қалаға көшіп отырған. Ол Вена университетінде поэтика мен риторикадан дәріс бере жүріп, өзінің айналасына жергілікті ғалымдар мен ақындарды топтасты­рады. Оның адамгер­шілік жағынан көтеріліп, дамуы да алғаш осы универси­тетте бастау алады. Цельтис лиризмі арқылы өз замандастарынан әлдеқайда алда тұрған. Оған діни мотивтер жат болды деп айтуға да болмайды. Бірақ, неміс гуманистерінің арасынан ешкім де дәл Конрад Цельтис секілді «пұтқа табынушы» болмаған.

Эразм Роттердамский таза неміс жазушысы болмаса да, неміс гуманизмі­нің дамуында маңызды орынға ие болады. Ол неміс қалаларының бірінде тұрып көптеген неміс оқымыс­тылары және атақты жазушыларымен жақын араласады. Оның елдегі абыройы әр кезде туындаған өзінің жаңа дүниеге деген көзқарастарын білдіруге сәтті қадам болады. Ол сатирик ретінде өзінің шығарма­ла­рына ХY-ХYІ ғ. неміс әдебиетіне тән «ақымақтар жайлы әдебиет» атты тақырыпты арқау етеді. Оның ортағасырлық варва­ризм­нен толық алшақтаған латын тілі ежелгі Рим тілінде жазуды дұрыс көрген неміс гуманистеріне қызмет еткен. Оның Евангелия мәтіні­не көзқарасы, адам мен оның мінез-құлқын бірінші орынға қоюы рефор­мация қарсаңындағы үлкен маңыздылыққа ие болады.

Нидерландық әдебиет ХІІ ғ. фольклорлық эпикалық дәстүр мен фламан­дық-бра­бант­тық әдеби дәстүр негізінде қалыптасқан. ХІІ ғ. екінші жартысында Оңтүстік Нидерландта зиялы әдебиеттің халық тілінде жазылған алғашқы үлгілері фламандық ақын Хендрик ван Фельдекенің шығармашылығында пайда бола бастайды. Ол неміс миннезангысының негізін салушы ретінде Генрих фон Фельдеке деген атпен әдебиет тарихынан орын алады.

Дидакти­калық жанр моралистер арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан. Соның ішінде Якоб ван Марлант (1235-1300) пен «Түлкі Рейнарт туралы» эпостың авторы сияқты сати­риктердің кезінде дами бастайды. Аллегориялық форма риторлар үшін үлгі болып, оны XYІІ ғ. гуманистері де пайдаланады. Ұлттық тілде жазылған проза­ның алғашқы үлгілерін Хадвейх (Гадвиг, ш. 1200-1269) пен Ян ван Рейсбрук (1293-1381) ссекілді мис­тиктер жарыққа шыға­рады. Жасанды, эмоциональды мисти­цизм сол уақыт­та шіркеулік догмалардан рухани таза­ру­дың бір тәсілі болады.

Мистицизм Нидерландта дін ілімі формасында белсенді құбылысқа айналады. Бұл қозғалыс XIY-XYI ғ. «жаңа тақуалық» деген атқа ие болып, қалыптасып келе жатқан үшінші таптың мүддесін қорғап, осы дүниедегі тақуалық пен әркеттілікке жол ашады. Ол рухты еске ала отырып, тәнді зерттейді. Нидерландтағы алғашқы гуманизм ошағы ретінде «Ортақ өмір бауырлас­ты­ғының» маңызы зор болады. Ол XIY ғ. соңынан бастап Девентерадан (сол­түстік Нидерландтан) бастау алып, ел ішіне кең тарай отырып, тіпті Герма­нияға, Франция, Швей­ца­рияға дейін жет­кен. Кейінірек монастырьларда латын­дық мектептер ашылып, ХY ғ. соңына қарай Девентерадағы кітап баспалары Гесиод, Плутарх, Эзоп, Сенека, Вергилий, Плавт, Пет­рарка барлы­ғы 600 инкунабула (incunabula латын тілінен аударғанда бастау деген мағына береді) басып шығарады.

Эразм Роттердамскийдің зор еңбегінің арқасында нидерландық гуманизм әлемдік абыройға ие болады. Эразм латын тілінде жазыл­ған жаңалатындық прозаның асқан шебері бол­ған. Ол Еуропаның түрлі елдерінде (Франция, Англия, Швейцария, Германия) өмір сүріп, оқыған. Жазушы жалпы еуропалық гуманистік қозғалыстың көшбасшыларының бірі сана­ла­ды. Эразмның рухани қалыптасуына қасиетті мәтіндерді ғылыми негізде оқып, зерттеуге шақырған оксфордтық гуманистер мен реформатролардың (Джон Колет, Томас Мор, Джон Фишер және т.б.) бір тобымен жақын таныстықтары көп әсер етеді. Англияда Эразм алғаш рет неоплатондықтардың гуманистік идеясын сезініп, грек тілін үйренеді. Эразмның «Жаңа тақуашылық», яғни схолисти­ка­лық әдістерден алшақтаған, Інжілдің жаңа, филологиялық ізде­ніс­­тері Гротенің мәдениетін жалғастырады. Эразм өзінің дінге деген фило­со­фиялық көзқарастарымен шіркеудің негізгі догмаларын жоя отырып, орта ға­сырдағы авторитарлық рухқа қарсы шығып, діндегі еркіндіктен ой еркіндігіне көтеріледі. Эразм құлшылыққа ғылыми тұрғыдан сипаттама беріп, гуманистік баста­ма енгізеді.

1516 ж. Роттердамскийдің «Христиан патшасы» еңбегі жарық көреді. Эразм бұл еңбекте өзінің саяси-әлеуметтік ойларын ашық айтып, патшадан қара басын ойлайтын, халықтың қорқынышын тудыратын қатыгез патша ретінде емес, тек халық­тың мүддесін ойлап, оған қызмет ететін қара қылды қақ жарған әділ патша ретінде елді басқаруды талап етеді.

Оның «Әлемнің арызы» атты еңбегі сол дәуірде басылуға рұқсат етілме­генімен, бұл туынды еуропалық мәдениеттің ең құнды дерек көзіне жатады. Онда сол кездегі қоғамға айтарлықтай әсер еткен жазушының терең ойлары келтірілген. Осындай ойшылдың бастамасымен Ян Амос Коменский, Уилям Пенн, Шарль Ирине де Сен-Пьер, Жан-Жак Руссо, Иеремия Бентам, Имма­нуил Кант сияқты еуропалық ұлы ойшылдар әлемдегі соғысты жойып, халық­тар арасында бейбітшілік орнату мәселелерін жиі көтереді.

ХYІ-ХYІІІ ғ. Эразмның «Христиандық соғысқа басшылық» (1504) атты діни-этикалық трактаты оқырмандар арасында жоғары бағаланады. Бұл шығарма діни наным-сенімдерге, жалпы католиктік шіркеудің күшіне қарсы бағытталып, онда шіркеудің беделі мен оның қасиетті кітабындағы мәтіндер өткір сынға ұшырайды. Эразм ең бастысы «рухани сенім» деп, өзінің ең жемісті еңбегі ретінде грек тілінде жазылған «Жаңа әлем» (1516) туындысы мен оның жаңа латынша аудармасын көрсеткен. Эразм онда «Қасиетті жазба» кітабын тарихи сынның ғылыми әдістерін пайдалана отырып, Інжілді рациональды сыннан өткізуге негіз салған.

«Ақымақтықты мақтау» — Эразмның ең танымал туындысы (1509). Мұнда автор дидактикалық шекаралардан ұялмай қоғамды түрлі жағынан қарасты­рады, ондағы өмірдің на­ғыз мәні мен бақыт, білім, дін сияқты ұғымдарға үлкен көңіл бөледі. Бұл шығарма ұлы әде­би туынды, сонымен қатар философия­лық трактат, психологиялық айна және діни диат­ри­ба да болған. Классикалық схеманың компоненттері мен схоластикалық тәсілдер, түрлі әңгімелер, монолог пен поэзиядан тұратын бұл шығарама құрылымы жағынан ораторлық өнер­дің қатал үлгісіне жатады. Эразм иронияны сыпайылық пен күлкінің, ақылдылық пен ақы­мақтықтың және т.б. бірлігін ашудағы құрал ретінде қарас­тырады. Эразм күлкі әдебие­тін­дегі нидерландық, неміс, орта және ерте гуманистік мәдениетті байытып, одан әрі дамытуға барынша ат салысады.

Философиялық тұрғыда жазыл­ған Эразмның шығармаларында адам­ның қалыптасуы, оның қоғамдағы орны мен жеке ерекшеліктері туралы көп толғанып, оған түрлі атаулар қолданып, оның барлық қасиеттеріне баға берген. Жазушының педагогикалық идеяларын біреулері құптаса, басқа­лары оның әлеуметтік сатирасын және этикасын жоғары бағалады.

Франсуа Вийон. Ортағасырлық француз әдебиетінің қоры­тын­дылаушысы және оның болашақтағы жетістіктерінің бастаушысы Франсуа Вийонның шығармашылығы болады. Вийон (1431-1463) поэзиясы көптеген зерттеушілердің назарына іліккенімен, ол туралы жалпы мәліметтер өте аз. Вийонның шығармашылығында Ренес­санстың жақындағанын білдіретін жарқын белгі болған. Ақын керемет күші мен өзіндік лирикалық «мені» арқылы өзі өмір сүрген дәуірін шынайы суреттей алған. Вийон поэзиясы ұлттық нақышта, дәстүрлі болып көрінуі мүм­кін, себебі ол синонимдер мен рифмаларды қолдана отырып, баллада, рондо, өлеңдер, калам­бур­лар жазған, жалпы оның шығар­ма­шы­лығы сыртқы құрылысы жағынан ортағасырлық поэти­каның шегінен асып кете алмайды. Ол бірде кенеттен ортағасырлық лирикаға тән иронияға ауысып, бірде керісінше, «рух пен дене» арасындағы сұрақтар мен жер бетіндегі түрлі қиын­шы­лықтарға да тоқталып отырады.

Вийонның негізгі туындысы — «Өсиет», ол кейінірек, ақынның көзі тірі кезінде «Ұлы өсиет» аталып кетеді (1461). Ол 186 сегіз жолдық шумақ, 16 баллада мен 3 рондодан құралған. Мұнда ақынның шығарма­шы­лығы мен өмірлік мақсаты ерекше сипат алған. Ақын өз сүйгенінің қиянатын да, аштық пен қуғын-сүргінді де, түрмені де басынан кешіреді. Алайда сол кезде ақынның шоқты жанарынан күшті, бір тудың астына біріккен Францияны көруге болады. Қаңғыбас ақын патшалық биліктен тек қана дұшпанын емес, сонымен қатар тірегін де көреді. Вийон өз шығармашылығында ресми феодалдық-діни идеоло­гия­ны көрсе­ту үшін адам­дық жеке тұлғаны ең бірінші орынға қойған. Осы арқылы ол Қайта өрлеу дәуіріне қадам жасап, жарқын жолдарға бағыт сілтеген жаңашыл ақын болған.

Маргарита Наваррская. ХYI ғ. I жартысында Франциядағы ірі гуманис­тік және әдеби орталықтардың бірі Маргарита Наваррскаяның (1492-1549) сарайы болған. Өте білімді және ежелгі тілдер мен италия тілін жетік меңгер­ген Наваррскаяның жазушылық еңбегі өте жеміс­ті болады. Өз шығармашылығы арқылы өзінің гуманистік идеяларын ашық жариялайды. Наваррская адам ойы мен сезімінің орта­ға­сырлық аскетизм мен схоластиканың жәбірінен босауын арманда­ға­нымен, ежелгі адамгершілік және діни дүниетанымнан бас тарта алмайды.

Оның француздық Ренессанс рухындағы Боккаччоның «Декаме­ронына» еліктеп жазылған «Гептамерон»[2] (грекше «Жеті күнге арналған күнделік») атты шығармасы халық арасында кең тарап, оның атын тарихта мәңгі қалдырады. «Гептамерон» аптаның жеті күніне арналып, жеті циклге бөлінген, қызықты әрі тәрбие беретін жетпіс екі новелладан тұрады. Ол 1558 ж. «Бақытты ғашық­тар туралы хикая» деген атпен жарық көреді.

«Гептамерон» француз Қайта өрлеуіне тән идеялық қайшы­лықтар мен сипаттарды зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды тарихи құжат болып табылады. Шығармада келтірілген новеллалар тұрмыстық материалдармен қоса, дәуірдің түрлі идеялық және адамгершілік ұмтылыстарын айқын көрсетеді.

ХY ғ. басында Қайта өрлеу дәуірінде үлкен маңыздылыққа ие болған әдеби жанрлардың бірі новеллистика қалыптаса бастайды. Францияда ол италиялық үлгілерінің әсерімен шумақтық фаблиодан бастау алады. Кейін ке­ле, айқын сатиралық бағыттағы күнделікті тұрмыстық әңгіме ретінде тарайды. Сол дәуірде кең тараған новеллалар жинағына «Жүз жаңа новелла» жатады. Бұл жинақ Ла Саль атымен де байланысты болған. Жинақтағы новеллалар түрлі әңгемешілерге тиесілі болға­нымен, олар стиль тұтастығымен ерекшеленеді. Осы әзілге толы кітаптың авторы деп саналатын Антуан де Саль (ш. 1388-1461) аван­тю­рист-рыцарьдың ұлы болған. Болашақ рыцарь жас кезінде түрлі жолдардан өтіп, атпен жүруді, сайысқа түсуді үйреніп, геральдика[3] мен куртуазды заңды жетік мең­гер­ген. Ла Саль прозаның асқан шебері болған. Оның бейнелеу­лері қарапайым болғанымен, оның тілі өте жеңіл әрі түсінікті болып келеді. Ла Сальдің ғажайып неміс рыцарьлары жайлы шытырман оқиғалары Тайгейзер туралы неміс аңызына ұқсатылып жазылған фантастикалық роман іспетті құрылған.

Ла Сальдің келесі шығармасы «Кішкентай Жан де Сентре» романы (1456). Бұл — туынды­ның төрттен үш бөлігі әскери дайындық, әйелге деген серілік қатынас, дворян­дық белгі­лер мен рыцарьлық сайыстар жайлы жазылған дидактикалық шы­ғарма. Антуан де Ла Сальдің шығармашылығында көркем суреттел­ген куртуаз­дық рыцарьлар мен қалыптасып келе жатқан буржуа­зия­лық ортаның арасында­ғы қайшылық осы дәуірдегі басқа да шығармаларда орын алады.

Франсуа Рабле. Рабленің жан-жақтылығы, білімдарлығы мен шығарма­лары­ның көр­кем­дігі оның француз Ренессансындағы басты тұлға болуына әсер етеді. Рабле қаламы арқы­лы ұлы әдеби төңкеріс болып, жаңа заман романының әдеби жанры, жаңа проза дүниеге ке­ле­ді. Ол ежелгі және жаңа тілдерді жетік біліп, гуманитарлық және жараты­лыс­тану ғылымдарын терең меңгерген. Рабле тек дарынды ақын ғана емес, сонымен қатар дәрігер де болған, елдің қоғамдық саяси өміріне белсене араласып, елшілікте де қызмет атқарған. 1533 ж. Сорбон теологтары оның шығармаларына тыйым салады. Бұған жауап ретінде жазушы өзінің «Гаргантюа» атты келесі туындысын жарыққа шығарады. Бұл туынды Ренессансқа тән жауынгерлік рух пен утопиялық арманға толы шығарма болып табылады.

Ал «Пантагрюэль» шығармасы, ең алдымен, орта ғасырлардағы жанрлар: рыцарьлық роман, патшалар, әскербасылар жылнамасы, әулиелер өмірбаяны және схоластикалық ойлауға пародия ретінде жазылған. «Пантагрюэль» өмірді баяндау мен жылнамалар стилінде басталып, сайқы-мазаққа айналады. Ол тек жылнамаларды ғана емес, сонымен қатар киелі Жазбаларды да келеке етеді. Пантагрюэль мен Анарх патшаның уәзірлері арасындағы өзара күрес сипатталатын кітаптың соңғы тарауларына да рыцарьлық романдардың соңғы өңделген үлгілеріне пародия формасы тән.  Рабле француз әдебиеті тарихында алғаш рет классиктер Вийон мен Маролардан қал­ған ирония тәсілін кең қолданып, Лафонтен, Вольтер, Франс секілді жазушылардың дәстүрлі негізін қалыптастырған.

 

 

 

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.