Ноғайбай Дәулетбақұлы шешен

Главная » Рефераттар » Ноғайбай Дәулетбақұлы шешен

Кенен ақыннан Ноғайбай шешен жайын сұрағанымызда, әңгімесін былай бастады: — Көк шолақты мініп, Талдыбұлақта өтіп жатқан жиынға жұртпен бірге мен де келдім. «Бозторғай», «Көк шолақты» ауылда айтып жүрген он бестер шамасындағы кезім. «Ноғайбай шешен келе жатыр» деп жұрт дүркірей жүгірді. Атағын үлкендерден естіп жүрміз. Сұлу төрдегі тоңда жолығып, сәлем бергенімде «Е, е, мынау әлгі Өзірбай шалдың шырылдауық бозторғайы ма? Кәне, қалқам шырқашы» — деген. Мен «Көкшолаққа», «Бозторғайға» салдым, бәрі күлісіп алған. Енді, міне, бір топ балалар оны көргелі шауып келеміз. Даярбас жолдан сырнайлатып келеді. Елдің алдында торы арғымаққа мінген Ноғайбай қолына қызыл тобылғы шыбық ұстаған, таутеке ішігі бар, жасы сексеннен асқан кезі. (Сонда Ноғайбай шешен 1818 жылы туып, 1899 жылы қайтыс болғаны) Атқа отырғаны қырықтардағы адамдардай, қыран көзі жалт қарағанда өңменіңнен өтіп кететіндей. Даяршылар енді тоқтатпаса, Нұқаңды бассалатын түрі бар. Жұрт жапырласып қол алысып жатты.

Ноғайбай ұлы жүз Дулат, Жаныс, Жарылқамыс, Бүқар, Қасқарау деген аталардан. Әкесі Дәулетбақ, оның әкесі Малдыбай Жетісудағы қырғыз, қазақ жұртына ұран — би болған. Ноғайбай ортабойлы, өткір көзді, алғыр сөзді, оқымаған тоқыған өте ділмір шешен би еді. Ноғайбайсыз келелі кеңес, түп дау бітпеген. Адамның қара тілді, ақиық қыраны деп атанған кісі салауаты асқан екпінді, сесті, сегіз қырлы бір сырлы, егескенді илел,-қарысқаңды қағып, айтысқанды алып, аңдысқанды алдап, силасқанды силап, ешкімді өз заманында бет қаратпаған, тапқыр қырағы әрі сақ адам екен. ¥лы жүз еліне орыстар келе бастағанда Ноғайбай 5-тегі бала екен. Бұл кезде қырғыз-қазақтардың бір шетін Коқан ханы билеп тұрады. Бішкек, Торпақ, Ташкентте олардың ұлықтары отырды. Жұрт екі тарап болып, жартысы орысқа, жартысы Қоқанға қарамақ болды. Ноғайбай баланы ешкім елемейді. Әкесі Дәулетбақ Қасқарауды билейді. Ел мұсылман деп өзбекке тартады. Сонда Ноғайбай екі жақтың да ебін тауып, елді аман сақтап қалудың жолын ойлайды. Ол: «Әкемді тастап орысқа келдім, бала болсам да болыса келдім, — деп олардан шеншекпен киеді. Қоқанның ұлығына барып. — Көпірді тастап, дін деп келдім, әкемді қостап сіз деп келдім, — деп алтын сапты қылыш алады. Содан былай қарай Ноғайбай шешен атанады.

Жетісу, Қордай төңірегіңдегі ел арасында Ноғайбайдан қалған салт-сана, әдет-ғұрып, үлгі-өнеге көп. Ноғайбай құс ұйқылы, күміс күлкілі, құлан қарауыл сақ кісі. Дауға да, жауға да алдырмайтын, шалдырмайтын әбжіл шешен еді. Ол әйелдерімен бір төсекке жатпайтын кісі екен. «Әйелдің денесі у болады, жаман еркек жанына жатып уланады. Ертеңіне құдай атады, жылан сорғандай, әл-дәрменнен айрылады» деп үнемі бөлек жатады. Жатқанда белін шешпей құс құсап көз ітсе баттануы таңертең ерте тұрады екен. Бұл бір әдеті. Оның мекені көбінесе ЬІрғайты өзені, қыстауы — Қара шоқы, Қарасу болады. Тұқымдары сол Сұлутөрді мекендейді «Сұлутөр десе, сұлу төр, Қара қия, қасқа жол, арпа-бұлақ, Қызылқұр, қалқан болар, Шөқпар тас шұрайлы жер, сұлу жайлаулар кәзір Красногор атанды. Ноғайбай әзіл-қалжыңнан шалдырған кісі емес. Қанша қара тіл атанған шешеңдер де «қай жерімнен мін табады» деп оның алдында құрдай жорғалайды. Үш болыс Сырымбет, Малдыбай, Мүйізді, Өтеген жұртына үлгі-өнеге шашты оя. Сыпайы ат, оқалы тон киіп, аста, тойда сәулетпен жүрер еді. Ұл-қыздары, келін, бозбалалары әдепті, тәртіпті, бәрінің киім киісі, жүріс-тұрысы, сыпайы сынықтығы, қонақ күту жолдары өз алдына бір өзгеше болыпты. Осының бәрі сарапшал ақын Әселден алған үлгілері деп айтады ел. Қонақты бұл елдің әйелі, қыз-келіндері бұрын қолтықтап аттандырады екен. Ноғайбай аулына Әсел сұлу келгелі бозбалалары аттандыратын бопты. Майман күткенде шайды еркектер, жас жігіттер құяды, дастарқанды әйелдер жаяды. Етті әйелдері жасайды. Самаурынды көтеріп келу, қолға су қүю, бата сұрау бозбалалардың міндеті. Ноғайбайдан қалғаны тағы бір үлгі, өрнек осындай. Көп адамдар болып асқа, тойға атпен келгенде ат құлағын қаз-қатар теңестіріп, бірінен-бірі озбай қанат жайып, Ноғайбай аты алда жүреді екен. Жорғалы жүрдек, ұрыншақ аттылар да алға түспейді. Атпен жүруді ел «Сәулетті Сырымбет жүрісі» деп атайды. Киген киімдерінің етек-жеңі жинақы болады. Басқа ел-жұрттар «орысша киінген сырғақ Сырымбет» дейді екен. Майлы қолтық, салпы етек, жуаң қоныш, жалбыр тымақ кигенді Ноғайбай әулеті мазақ етеді.

.
.

* * *

.

Ноғайбай шешен Ұлы Абаймен де кездескен деген сөз бар. Екеуі құда-жекжат боп өзара сыйласып жүрген, Абай болыс боп сайланар алдында ма, әлде содан кейін бе, бір жылдың жазында Алматыға, одан «Сұлутөрдегі оғайбай ауылына келіп жеткен дейді» қариялар.

Бірде Кебекбай шешен нөкерлерімен бірге атақты Малдыбай бидің  немересі Даулетбақтың үйіне қонаққа келеді. Үй иесі мал сойып, қонақтарды күтеді. Қонақтардың қолына су құйып, өнегелі сөздеріне құлақ қойып жүрген бала Ноғайбайды байқаған Кебекбай: «Мына балаңды менің қасыма қос, бірге жүріп ел танысын, жер көрсін, үлгі-өнеге үйренсін» – дейді. Даулетбақ оны құп көріп, баласын шешеннің нөкерлерінің қасына қосады. Сөйтіп, Ноғайбай Кебекбайдың тәрбиесінде болады. Кейін Кебекбай қартайған соң, Қасқарау елінің тізгінін ұстайды, беделі күн­нен-күнге артып, ел аузына ілігеді, ел ара­сындағы көптеген дауларды шешуге ат салысады, тапқырлығымен, әділдігімен ерте көзге түседі.
Ноғайбай шешен алмағайып кезеңде өмір сүрді. ХІХ ғасырда Ұлы жүз жерінің оңтүстігі Жетісу өлкесін жара өтетін Іле өзе­нінің сол жағалауына дейінгі бөлігі Қоқан хандығының билігінде еді. Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығына шыдамаған қырғыз-қазақтар әр жерде қарсылық көрсете бас­тайды.  Ал, екінші жағынан ақ патша қазақ жерінің солтүстік шекарасына шептер мен бекіністер тізбегін салып, батыс, солтүстік, шығыс жақ беттерін қоршауға алып, қазақ даласындағы Кіші жүз бен Орта жүзді өзіне қаратып үлгерген еді. Орыс патшасының көкейін тескен бір арманы – Ұлы жүзді өзіне қарату, Жетісуға бет алған жорығының алдыңғы шебі Аягөзден ары қарай Жетісу өңіріне ішкерлей еніп, бекіністер салу, сонымен бірге Алатау бөктеріне аяқ іліндіруді мақсат етіп қойып, қазақ жерін түгел өзіне қарату үшін Қоқан хандығын ығыстыруға жол ашып, жергілікті қазақтар арасында өзінің саяси билігін нығайту еді. Соның арқасында Қапал, Верный бекіністері, көптеген кішігірім станицалар салынып, орыс-казактары көшіп келе бастайды. Осылайша Ұлы жүз қазақтарының Ресей бодандығына өту кезеңі басталады.
Жетісуға бекініп алған Ресей әкімшілігі бодандығына өткен жергілікті  халықтың би, сұлтандарына бар талаптарын орын­дату үшін, олармен тығыз қарым-қа­тынас жасайды. Барша амал-тәсілдерін қолданады. Басында әкесі Даулетбақпен бірге «өз мұсылманым» деп Қоқан хан жағына болысады, бірақ, хандықтың ішкі жанжалы, сонымен бірге, әртүрлі сылтаумен салықты көбейтуі, халықтың ашу-ызасын келтіруі, көнбегендерге зор­лық-зомбылық көрсетуі, екінші жағы ақ­патша генералы Колпаковскийдің жүр­гізген саясатының (жергілікті халықтың атқамінерлеріне өз жағына  өтуін үгіттеп хат жолдайды, бірін-біріне айдап салады) арқасында Ресей әскерінің жағына шығады. Сөйтіп, Ноғайбай бидің билікке араласқан кезі қазақ даласының Ресей империясының қанды шеңгеліне біржолата өтіп, өктемдігі артып тұрған тұсқа тура келеді. Бұл кезде Ресей әскерінің Верный бекінісін салып, Алатау бөктеріне нық орнығып алғаннан кейін, әскери күшін молайтып, Шу бойына дейінгі аралықты қоқандықтардан азат етіп, Орта Азияға жол ашу үшін Шу сыртқы өңірін өзіне қаратуды көздейді.1859 жылы Г.А. Кол­паковскийдің бұйыруымен Шу бойын топографиялап, картаға түсіреміз, зерттеу жұмысын жүргіземіз деген мәселені алға тартып, Шу алқабын барлап, сол өлкені өзіне қаратудың жай-жапсарын қарастыру үшін әскери экспедиция аттандырады. Ресейдің саясатын жүргізуге бұл жұмыстың пайдасы зор. Өйткені, Колпаковский Қоқан иелігіндегі Пішпек, Тоқмақ қамалдарының  маңына шолу жасау арқылы Қазақстанның оңтүстік аймағын отарлауды алға мақ­сат етіп қойған болатын. Жергілікті атқа­мі­нер болғандықтан Ноғайбай би де бұл экспе­дицияға көмектесуге мәжбүр болған еді.
Орыс әскерінің Шу бойына жорыққа дайындалып жатқаны Қоқан ханы Құдиярға да жетеді. Сондықтан, 1860 жылы  Рүстембек паруаншы және Әлішер, Атабек датқалар басшылық еткен 3000-дай Қоқан әскері Верный бекінісіне қарай аттанып кетеді. Олар Қастек бекінісінің батыс жағындағы 35 шақырымдай жердегі «Бұғымүйіз» деген жерге орналасады, алғашқы қақтығыс 3 шілде  күні «Жиренайғыр» өзенінің ма­ңында  болады. 9-10 шілде күні Қоқан әскері Қастек бекінісіне шабуыл жасайды. Алайда, 5 шілде күні түнделетіп шыққан полковник А. Э. Циммерман 6 шілдеде Қастек бекінісіндегілерге көмекке келіп үлгереді. Екі арадағы шайқас нәтижесінде-қоқандықтар Шуға қарай шегінуге мәжбүр болады. Одан әрі Циммерман жасағы тамыз айында Шу бойына келіп Тоқмақ, Пішпек бекінісін басып алу жорығына шығады. Сөйтіп, олар 1860 жылы 28 тамызда Тоқмақ бекінісін, 4 қыркүйекте Пішпекті басып алады, 627 адам қолға түседі. Пішпек бекінісі жермен-жексен етіліп талқандалады. Шу бойы қазақ,қырғыздарының қатты қарсылық көрсетіп, ыңғай бермей қоюларына байланыс­ты бұл жерде тұрақтай алмай, кері Верный бекінісіне қайтып кетеді. Тұтқынға түскен Пішпек бекінісінің  бастығы Атабек датқаны өзімен бірге ала кетеді.
Осы арада орыстардан жеңіліс тапқан Қоқан әскері тез арада күш жинап, қыр­күйектің ортасында орыстарға қарсы Шу өңіріне екі үлкен жасақпен аттанады. Бұл жолы Қоқан әскерін Қанағатшах басқарады, алдыңғы соғысты басқарған Рүстембек паруаншы қамауға алынған еді. Әулиеатаға келген Қанағатшах қазақ, қырғыздарды қолдарына қару алып, мұсылман әскеріне қосылуға, қолдауға шақырып, үндеу хаттар таратылады. Онда: «Бүкіл Дешті-Қыпшақ мұсылмандары, Верныйға жорыққа баруға қосылыңдар, бәріңнің еңбегің еш кетпейді, Қанағатшах  сендерді сый-құрметке бөлейді, мал-жандарыңызға ешкім қол тигізбейді, ислам әскері Іледен ары қарай өтіп, мұсыл­мандарды қорғайды» – деп көрсетіледі. Ол үндеудің пайдасы да бар еді. Нәтижесінде мұсылмандардан жасақталған 22 мың  қол, кейбір деректерде 40 мың адам  Верныйға қарай аттанады. Орыс әскерімен шешуші шайқас Ұзынағаш маңында, Жиренайғыр өзенінің бойында өтеді. Ресей әскерін 800 адаммен полковник Колпаковскийдің өзі басқарады. Зеңбірекпен және мылтықпен қаруланған орыс әскеріне төтеп беру мүмкін емес еді. Сөйтіп, Орта Азияға орыстардың алғашқы жорығының бастауындай болған Ұзынағаш соғысы 1860 жылдың 18-21 қазанында патша әскерінің жеңісімен аяқ­талады (Махаева А. Ш. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы. Ғылыми-диссертация,177-180 б.) Ноғайбай шешен де өзінің жігіттерімен орыс әскері жағында болып Ұзынағаш маңындағы  шешуші соғысқа қатысады. Осы соғыстан кейін Ноғайбай би елге танылып, патша генералы Колпаковскийдің сеніміне кіре бастайды. Мысалы, «Ердің сойы – Сұраншы» атты мақалада төмендегідей суреттеледі: 1862 жылы көктемінде генерал Колпаковский Қордай тауының бергі жағындағы Ырғайты өзенінің жағасында Қасқарау елінің халық арасына аты кең тарай бастаған жас биі, дарынды шешен Ноғайбай Дәулетбақұлының үйінде кездеседі. Меркіден Сыпатай батырды шақыртады. Кездесу барысында, Жетісу қазақтарының, әсіресе, Дулат, Шапырашты  руларымен Ресей мемлекеті арасындағы кейбір маңызды мәселелер талқыланып шешіледі. Көп  ұзамай орыс әскері Меркіні алады, осы 1862 жылдың соңына қарай Тоқмақ, Пішпек бекіністерін шабуылдап, жойып жібереді.1864 жылы генерал Черняев бастаған орыс әскері келіп Әулиеата шаһарын басып алады. Қоқандықтарға жақ болды деген сылтаумен жергілікті халықты көп қырғынға ұшыратады. Осы соғысқа қатысқан қазақтың біртуар ұлдарының бірі Ш.Уалиханов наразылық білдіреді. Сыпатай, Ноғайбай, Сұраншы жасақтары Шоқан жағына шығады. Әскер арасында қобалжулық  пайда болады. Алайда, араға айлакер Колпаковский кірісіп қазақ сарбаздарын мәмлеге көндіреді.
Мұрағат деректеріне қарағанда, 1863-1865 жылдары Верныйдан шықан Черняев бастаған орыс әскерлері Шу бойы мен Әулиеата, Шымкент, Сайрам қалаларын, Перовскіден шыққан орыс әскерлерімен бірігіп, Ташкент, Шымқорған, Жөлек бекі­ністерін басып алады. Нәтижесінде, жаңадан басып алған Ыстықкөл, Шу сырты мен Сырдария тізбегін қосу арқылы оңтүстік аймақта Түркістан облысы құрылады.Ұлы жүз қазақтары толықтай Ресей қоластына өтеді.
1865 жылы Ұлы жүз қазақтары Ре­сейдің  қол астына өткеннен соң, патша өкіметі қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру мақ­сатымен, қазақтарды басқарудың бұ­рынғы жүйесін толығымен өзгертіп, бұл өлкені өзінің әкімшілік жүйесіне енгізу шараларына кірісіп кетеді.1865 жылы патша үкімімен қазақ даласы мен Түркістан өлкесіне ерекше Дала Комисссиясы шы­ғарылып, Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлауға кіріседі. Жаңа әкімшілік жүйе енгізу қарсаңында Ұлы жүз қазақтарын руластық негізде ауылдарға және бо­лыс­тықтарға бөле бастайды. Бұдан кейін де бірнеше мәрте реформа жасайды. Сөй­тіп, Жетісу өлкесіндегі жасалған әкім­шілік-аумақтық реформаға сәйкес, қа­зақ ауылдарының руластық негізінде 22 болыстық құрылады.Соның ішінде құ­рылған Қасқарау-Сырымбет болысына Ноғайбай Дәулетбақов болыс болып та­ғайындалады (ҚРОММ.3 қор,1 тізбе,562-іс ).
1868 жылғы патшалық әкімшілік-бас­қару жүйесінің «Уақытша ережесіне» сәйкес қайта болыстықтарға бөлу кезінде Ырғайты өзенінің шығысындағы Алатаудың күнгей жақ бетіндегі Қасқарау-Сырымбет болыстығы жаңа құрылған Тоқмақ ( 1871 жылдан Пішпек) уезіне қарасты болып, Шығыс Ырғайты болыстығы деп аталады.Осы  өзгертулерге байланысты Ноғайбай Даулетбақұлы  осы болыстықтың болысы болып қайта сайланады. Сонымен бірге, тағы да жиырма жылдай 1879-1907 жылдар аралығында Пішпек уезінің Қалғұты болыстығының болысы қызметін атқарады (ҚРОММ.44 қор,1-тізбе).
Негізі Пішпек уезіне қарасты Қалғұты болыстығының болысы қызметін атқарған жылдары қырғыз халқының  атқамінерлерімен тығыз қарым-қатынаста болады. Әсіресе, Шәбден, Бәйтік және тағы басқа манаптармен де силастығы жоғары болған, олардан көмегін аямаған.Бірде Шолпанқұл манап Пішпек уезінің бастығын ұрып Сібірге айдалатын болғанда генерал-губернаторға Шәбден Ноғайбайды салған. Ноқаң Верныйдағы генерал-губернаторға  Шәбденмен бірге барып Шолпанқұлдың күнәсін кешуін сұраған. Ақырында Шолпанқұлды итжеккенге айдат­пай құтқарып қалған. Сонымен бірге, қыр­ғыздың бетке ұстар манабы Бәйтік, Қоқан ханы Құдиярдың елшісі Пішпектің бегі-Рахметолла датқаның басын  кесіп алғаннан кейін, Құдиярдан сескеніп елін тыныштандыру  мақсатында Ноғайбайға ат шаптырып көмек көрсетуін сұрайды. Шу өзенін тел емген қазақ-қырғыз арасында  Ноғайбай би мен Шәбден манап туралы аңызға бергісіз әңгімелер баршылық. Соның біріне келетін болсақ, бірде Шәбден Алматыға жандаралға келіп, кешке бір топ манаптармен қымыз, шай ішіп отырғанда үстеріне Ноғайбай келіп қалады. Оның артынша осындағы көпес Ысқақ келіп Шәбденге сәлем береді.
– Батыр Шәбден, Алматыға бірінші рет келіп отырсыз, сол үшін мынау сізге бізден сый-сияпат: үш киімдік қытайы асыл еді, – деп сыпайыгершілікпен бір бума кездемені алдына қояды. Ысқақ басын иіп:
– Есік-төрді көрмеген едіңіз, қонаққа шақыра келдім, – депті тағы да. Шәбден «рахмет» деп қасындағы манаптарға қарай бергенде Ноғайбай оның алдындағы жаңағы шәйі кездемелерді өзінің алдына тарта қояды, қырғыздар шу ете қалады. Ноғайбай сонда:
– Ау, қырғыз туғандар, мұнша неге шуладыңдар? Қазаққа олжа келсе, қыр­ғызға байланады, қырғызға олжа келсе қазаққа байланады емес пе?! Бұл бір пайғамбардың мәуіті тоны дейсің бе, қытай­дың шытырмағы да, оның құны ат пен түйе болар дейсің бе? –депті. Шәбден:
– Сөз тапқанға қолқа жоқ, алсын-алсын, – деп отырып қалыпты
Шәбден мен Ноғайбайдың достығымен қоса бұрыннан жалғасқан құдалығы да бар.  Қазақ пен қырғыз жанжалдасып қазақ жағы қырғыздың бетке ұстар адамын өлтіріп қойған екен. Құн дауында Жантай манап қыз сұрайды. Қыз Сырымбеттің Малдыбайынан болсын деп талап қояды. Малдыбай ұрпақтары ақылдаса келе Қоңырбай байдың ақылына заты сай Әйшөке  атты ару қызын жөн-жоралғысымен Жантай ауылына ұзатады Қордай өңіріндегі жергілікті халық ара­сын­дағы аңыз бойынша Ақмай әжеміздің: «Мен Жаныс-Қасқарау Ноғайбайға, болмаса қырғыз Шәбденге тиемін» деген сөзі бар. Бұл аңыз бекер айтылмаса керек. Мендегі қолжазба деректерде: «Ақмай әже 1859 жылы дүниеге келеді. Ол Абайдың ағасы Құдайбердінің екінші әйелі, Тобықты ішінде Мамай руынан шыққан Дулат батырдың қызы Ботантайдан туған ұлы – Әмір атты баласының жесірі. Әмір ер жетіп Ақмайға үйленеді, тағдырдың жазуымен отағасы Әмір  бұл фәни дүниеден мезгілсіз қазаға ұшырайды» – делінген.Бұл туралы  ақиық Кенен ақын:
– Абайдың Ақмай деген жеңгесі ме, әлде келіні ме, сонау Шыңғыстан келіп Ноғайбайға тиген екен. Ақмай әуелі Алматыда тұратын саудагер Мерқасымдағы апасының соңынан келеді. Мерқасым және Құнанбайдың жиені Әпсемет, тағы біреулер сөйлесіп, оны Ноғайбайға қосады. Бірер жылдан соң, Абай Жетісуға келіп, Әпсеметтің үйіне түскен дейді. Сәлемдесіп, танысқан соң, бір сөздің иіні келгенде, Мерқасымның балдызы Ақмайдың қалай Ноғайбайға қосылғанын сұрап білгісі келеді. Мерқасым өздері араласып құда-жекжат болып жүрген Ноғайбайды мақтайды.
– Жетісудағы елді жел диірмендей айналдырып тұрған Дулаттың төрт балалары.  Бұл Жетісудағы қала-далаға, қырғыз-қазаққа қадірлі адам. Бірақ,  орысша білмейді,болмаса адамның қара тілді шешені, ауылы Сұлутөрді жайлаған.  Шіркін, Сұлутөр десе дегендей жер-ау, мөлдір бұлақ, көк  торғын құрақ, салқын сазды. Үлкенсаз, Кішісаз, Қарақия, Қасқажол. Ар жағында қырғыздармен қыз алысып, қыз берісіп араласып кеткен ел ғой,-деп отырғанда, бір жігіт:
– Ноғайбай мен Шабден батыр осы Алматыда жүр, кеше губернатор кеңселерінің алдынан көрдім. Ысқақбай үйіне қонаққа алып бара жатқан, – дейді. Мерқасым ол жігіттен:
–Ұлыққа неге келгенін білдің бе?-деп сұрады. –Сырттан ұққаным, – деді жігіт, – қырғыз Шолпанқұл манап,  Сібірге айдалатын болыпты. Пішпек уезінің бастығын ұрған дейді. Соны Шәбден, Ноғайбай екеуі «күнәсін кеш» деп, губернатор мен жандаралға келіпті. Қадірін салып келген соң, олар Шолпанқұлдың күнәсын кешіпті.Осыған  байланысты Ысқақбай оларды қонаққа шақырыпты. Сарыбас ақын, қырғыз Қалмырза жыршы қастарында, – дейді.
– Рахмет, жігітім, көп әңгіме айттың, – деп бәрі дуылдасып қалады. Абай үндемей тыңдап отырады. Ертесіне Шәбден батыр рұқсат қағазды алып, ауылына жүріп кетеді. Ноғайбай қаладағы жолдас-жора, жекжаттарымен амандасып қайтқалы қалады. Таңертең Мерқасым Ноғайбаймен оған ере келген Әселге барып, Абайдың келіп, үйінде жатқанын айтады. Бастан аяқ әңгіме нобайын түсінген  Ноғайбай ең алдымен, базардан бір ту бие алдырады. Құнанбайдың бұрында дабысын білетін ол Абай деген ақын да,ақылды баласы бар деп еститін. Арғыннан Ақмайды алғалы Тобықтының жағдайын толық білген Ноғайбай, енді, Абаймен дидарласуға бет қояды. Мерқасым Ноғайбайды Әселімен ертіп келіп, Абай отырған үйіне кіргізеді. Үйдегілер жапырылып амандасады. Абай да орнынан тұрып, Ноқаңмен құшақ жайып сәлемдеседі. Есен-амандықтан кейін Ноғайбай Абайға бұрылып:
– Иә, Абай мырза, жол болсын, мына Мерқасымнан сіздің осы үйде жат­қа­ныңызды естіп, сәлемдесейін деп келдім. Алатау, Алматыға келген соң, бізге қонақсыз ғой, қаладан біз де, сіз де қайтқанша дәм-тұз тата тұрсын деп сойысқа бір ту бие ала келіп ем. Онан соң, Абай шырағым біздің ауылды көріп қайтыңыз. Мынау отырған Әсел бәйбішеден дәм татып, Ақмай жеңгеңе жолығып қайтарсың, –депті. Сонда Абай:
– Рахмет, Ноқа, дұрыс айттыңыз. Арқадан ауа жайылып бір асылымыз мұнда келіп, сізбен отандасыпты. Сөйтіп, жесіріміз теңін де, жерін де тауыпты. Құнакеңнің зәрімен кеткен, аталы жерден шыққан  текті ару еді. Ноқа, Ақмай жеңгем туған жерін, өскен елін аңсап, Арқаға барып қайтамын десе, шаужайынан қақпаңыз? – деп күліп қояды. Екеуінің аузын бағып отырған көпшілік ду күліп, қошамет көрсетеді. Түрлі ас, тамақ, қымыз құйылып, салтанатпен Мерқасым екеуіне бар ықылас-пейіл білдіреді. Ноғайбай Абайды Сұлутөрге шақырады.
Сонда, Абай:
– Ноқа, ауылыңыз қашықтау екен, Ақ­майды Алматыға келтірсеңіз, көріп қай­тайын, – деп еді, Ноғайбайдан бұрын Сарыбас ақын дереу домбырасының құлағын бұрап-бұрап шырқап жібереді:
Арғы атаң Өскенбай мен Құнанбай-ды,
Тобықты Ырғызбайлап ұрандайды.          Қазақта бірінші боп қажы болған.
Өз әкең есіне алып, бір Құдайды,
Меккеге тәңірге арнап үй салғызған,
Туғызған кемеңгер қып бұл Абайды.
Ноқанды көрген шақта жесіріңіз,
Айналып аққу қаздай шыға алмайды.
Шалатұғын палуандай сөзің әрлі.
Абайжан көңілің қалай, бұраңдайды?
Бармаған шақырғанға зар болады,
Құрметпен барған қонақ ұялмайды.
Отырған көпшілік «Пәлі, Саракең тура айтты», – десіп қалады. Абай күліп Сарбасқа: «Рахмет, барайын, халық шақырған жерден неге қалайын?» – дейді.
Сұлутөрге бет алған қырық-елу адам Абай мен Ноғайбайды ортаға алып сырнайлатып, кернейлетіп, сән-салтанатымен келеді. Жайлаудағы қалың ел таңырқап, кәрі-жасы қарап тұрады.
Абайды  әуелі  Әсел  бәйбіше  үйіне түсіреді. Тай сойылып, сары қымыз құйы­лып, Әсел де Абайды аса зор ілтипатпен құр­меттейді. Әсел ару да Абайдың кермиық келбетіне, киім киісіне, жүріс тұрысына, сөйлегеніне қарап,оны Жетісу адамдарымен іштей салыстырады. Абай да Әселдің бөлекше әйел екенін байқап танып, Ноғайбайға Құдайдың лайықтап қосқанына сүйсінеді.
Келесі күні Абайды Арғын апайға түсі­реді. Ауылы бөлек одан да түрлі қырғыз-қазақтың әдет-ғұрпын, тамашасын көреді. Жеңгесінің баласы Ілиястың бетінен сүйеді, қыздарын алдына отырғызып еркелетеді. Қысқасы, Абайды Ноқаңның балалары, ағайын-інілері кезек-кезек, таласып қонақ етеді. Сұлутөрдің көк жайлауында Абай бір жетідей жүріп, ас-тойларды көріп, елдің сана-салтымен танысады.
– Ноқа, жеріңіз де, еліңіз де тамаша. Байлық та, батырлық та, ақындық та халық арасында жоқ емес,бірақ, жастар оқусыз екен.Байлық көзі оқу-білімде, олай болса балаларды оқыту, құнарлы жерге елді қоныстандыру керек. Сіздерде үлгі аларлық мүмкіншілік көп, Алматы мен Пішпек арасында отырсыздар. Түбінде баянды еңбек-егін салған, жасынан оқу оқып білім алған, би болған, болыс болған өнер емес.Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, – деп ұйқастыра сөйлегенде, Ноғайбай басын изеп мақұлдапты. Абай Ноқаңнан қайтуға рұқсат сұрайды. Арғын апа Алматыға дейін шығарып салмақшы болады: Әсел бәйбіше қонағына ішік жауып, екі жолдасына да ат-шапан береді. Еркебай ауылына дейін Қасқараудың жақсымын деп жүрген адамдары Абайды құрметтеп шығарып салады. Жұлқынып тұрған үш арғымақ қара жолды бұрқыратып Ноғайбай мен Абайды, Арғын апайды, Мерқасымды әйелімен Алматыға қоңыраулатып ала жөнеледі. Қырғыз-қа­зақтың Абайды көргендері «шіркін-ай туыс осы екен» – десіп, таңдай қағып қала береді.
Абай қалаға келген соң, үш күннен кейін Шыңғысқа қайтты.Разы  болғандай, Ноғайбай сыйына көңілі толғандай түрі бар. Тағы да сәлем-сауқаттар беріп, Арғын апай да, Мерқасым да, оның әйелі де жегі жапар болып жатыр. Қаладағы арғындар келіп, Құнанбайға сәлемде – деп, аманат айтты.Абай аттанарда Ноғайбайдың қолын алып тұрып:
– Алатау асқар бел екен,
Үйсін атты ел екен.
Етек жеңі кең екен,
Алма-жеміс көп екен.
Сұлутөр құтты жер екен,
Қойны толы кен екен.
Қоңыр желі Қордайдың
Дертке шипа, ем екен.
Елден елдің кемі жоқ –
Қасқараудың көлемі.
Тобықтыдай кең екен,
Ерден ердің кемі жоқ,
Ноғайбай да ер екен,
Бақытты бопсыз Ақмайым,
Келген жерің құт екен,
Артық деп те кетер ем-
Ел намысы дер екен,
Қош сау болғын ер, Ноқа.
Арта берсін берекең! –деп тақпақтай жөнеліпті.Сонда Ноғайбай да:
– Рахмет Абайжан! Ел бағына туған ер екенсің, ақылың дария көл екенсің. Көпке бірдей ұл болып тұрған ұл екенсің. Бір ауылға болысатын кісі емес, бүкіл ел қамын ойлайтын қамқор дана көрінесің. Орысша да, мұсылманша да білімің зор екен, менде Жетісудағы елге атым бар, азды көпті хатым бар адаммын. Бір-ақ арманым бар адаммын.Ол патшамен орыс тілінде еркін сөйлесе алмайтыным. Абайжан, сөге жамандама, әкең Құнанбайға, арқадағы елге бізден сәлем дерсің.
Ноғайбaй одан әрі:
– Құнекең әкесі Өскенбайға ас беріп ат шабамын деп, үш жүзге сауын айтқанда,  менің ағам Мадияр  он жолдасымен  бұл Жетісудан озған Тортөбел жүйрікті алып барады.  Сонда, Құнанбай бір сайыпкерін жіберіп: «Алатаудан келген атты сынап кел» – депті. Ол сыншы Тортөбелді көріп: «Үйсіннің аты бір күн тынықса, алдымен келеді» – депті. Сонда, Құнанбай уағдалы күнге қаратпай, бір күн бұрын атты алысқа айдатып, бәйгені әділетсіздікпен өзі алыпты. Алыстан созылып барған Тортөбел ат екінші болып қалады. Онымен тұрмай –Үйсіндер, атың озбады, Алатауға не деп барасыңдар, ә – деп  әжуалапты. Сонда Мадияр ағамыз:
Жарығы бірдей түсер күн мен айдың,
Әбілез қызын алған Жамантайдың.
Баласы шақырып ап зорлық қылды,
«Көзі соқыр» деуші еді Құнанбайдың.
Үш жүзге әділ болған әз-Төле би.
Өтеген тұқымы едім, Малдыбайдың.
Тортөбелдің бәйгесі – ердің құны,
Ақымызды жегізбес бір құдайым, – депті.
Мадиярдың сөзіне Құнанбай ыза болған­мен,  Алшынбай, Қаратай деген кісілер:
–Қой, Құнанбай мырза! – деп, Мадиярды Өскембайдың үйіне түсіріп қайта сыйлапты. Сол Мадияр айтқандай, Абай шырағым, «Ат құнына, нар пұлына» – деген, Ақмай келді ақымыз түгенделді – деп, Ноқаң әзілдеп қалжың айтыпты. Абай да уәжді жауап қайтарып, екеуі айқара құшақтасып, қош десіп, жолға шығарып салыпты.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.