Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу

Главная » Рефераттар » Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу

Адамзаттық күштің маңыздысының бірі – адамгершілікке тәрбиелеу. Осыдан біздің ішкі тұрақтылығымыз бен тіршілік етуіміз басталады. Адамгершілік қана біздің қылықтарымызға әсемдік пен сенімділікті береді. Оны жігерлендіру мен оның мағынасын анық түсінуге көмектесу – білім берудің басты мақсаты. «Альберт Эйнштейн»

Оқушыларға адамгершілік тәрбиесі – тәрбие бағыттарының ішіндегі ең күрделісінің бірі.   Ол  — мақсатқа негізделген көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді қалыптастыруға және адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, қарым-қатынасты дамытуға, құндылықты тиімді пайдалануға бағытталған жалпы адамзаттық тәрбиенің құрамдас бөлігі. Қазақ энциклопедиясында, «адамгершілік тәрбиесі – тәлім-тәрбиенің ықпалды әсері мен моральдық сананы қалыптастырудың, этикалық білімділікті, адамгершілік сезімді дамытудың сара жолы»,- деп ұғындырылады.

Адамгершілік тәрбиесі оқушыларды адамгершілік ұғымы, принциптері, мінез-құлық нормалары жайындағы біліммен кемелдендіреді. Оқушылар оларды оқып үйренумен шектелмей, оқу, тәрбие, еңбек процесінде іске асырғанда адамгершілік олардың сеніміне айналады. Л.С.Выготский мектепке дейінгі шақта баланың нақты адамгершілік негіздері бекиді деген. Дер кезінде адамгершілік құндылықтары қалыптаспағанда, бұл қасиеттер адам дамуына тек қана кедергі болып қана қоймай, сонымен қатар жас өспірімдік шақта бала дамуында әлеуметке қарсы мінез-құлықтың  болуына әсерін тигізеді.

.

Балаға адамгершілік тәрбие беру туралы педагогикалық-психологиялық, философиялық ойлар көптеген педагогтердің еңбектерінен кездестіруге болады. Бала бойындағы адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда арнайы тәрбие жұмыстарын жүргізуді өз еңбектерінде Ш.А.Амоношвили, О.С.Богданов, Е.В.Бондаревская, Н.И.Болдырев, Н.К.Гончеров, А.А.Гусейнов зерттеулерінен де көруге болады. Адамгершілік құндылықтарды танып, өзін-өзі айқындау әртүрлі бағытта ғылыми салаларда зерттелген. Мәселен, педагогикада О.С.Богданов, Д.М.Гришин, Г.К.Нурғалиева, Р.К.Төлеубекова сияқты ғалымдардың еңбектеріне талдау жасау арқылы тәрбие процесінде адамгершіліктің қажеттілігін айқындай келе, адамгершілік дегеніміз адамның жалпы игілік, жақсылық және тұлғаның еркін дамуы сияқты адамгершілік мақсаттарға жетуге бағытталған және адамгершілік мотивтер бойынша, адамгершілігі жағынан дәлелденген тәсілдер арқылы жүзеге асқан іс-әрекетті реттейтін адамның белсенділігінің, оның қоршаған дүниемен өзара қатынасының өзіндік түрі, формасы екендігін көреміз.

Көне грек философы Аристотель адамгершілік пен ғылымның арасындағы айырмашылықты «Ғылым нақты бір затты, оның табиғатын зерттесе, адамгершілік сол затпен, яғни қоршаған ортамен қарым-қатынас жасаудың жолдарын үйретеді деп тұжырымдады»,- деп көрсетті. Бір сөзбен айтқанда  адамзат баласының, яғни оқушылардың қоғамдағы әрбір қарым-қатынасы тек адамгершілік құндылықтармен ғана нәтижелі болады. Бұл дегеніміз қоғамдағы адамдар өмірінің мәнді-мағыналы болуы адамның ой парасаты мен адамгершілік іс-әрекетіне байланысты. Демек, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда баланың өзін-өзі тануына, өз әрекетін бағалауына үлкен мән беріледі.

Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеуде адамгершілік халықтың әдет-ғұрыптарымен, дағдылы дәстүрлерімен тығыз байланысты екенін түсіну маңызды. Ол жеке адамға сыртқы дүние сияқты болса да, сайып келгенде онымен бірдей қоян-қолтық қосыла кетеді. Ал мораль болса адамның ішкі сенімділігі, рухани куәландырылуы. Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы — тікелей оның адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Ол егер айналасындағыларға қайырымды да адал болып, бүкіл қарым-қатынастарын адамдық тұрғысынан реттейтін болса, нағыз адамгершілігі мол жан болып шыға келеді де, қоғамдағы сыйлы бағасын да, орнын да иемденеді. Жақсылық пен жамандық адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді. Ал, бұл іс-әрекеттерден моральдық қасиеттер туындайды. Осы моральдық қасиеттерге ие болған адам адамгершіліктің не екенін жақсы түсінеді. Халқымыз қайырымды жанды адамгершіл деп дәріптеген. Өйткені адамгершіл болу қайырымдылықты керек етеді. Қайырымды жан — өзгені, яғни, өзінен басқа адамдарды ойлаушы және соларға қол ұшын беруші жан.

1397620781_4 (1)Кейбір еңбектердегі аңықтамалар адамгершілік тәрбиесінің негізгі бөліктерін атап көрсетумен шектелген. Мәселен, В.В.Макаев адамгершілік тәрбиесі мынадай негізгі бөліктерден тұрады дегенді айтады: а) адамгершілік түсініктерді, ұғымдарды, идеяларды қалыптастыру; ә) адамгершілік сезімдерді дамыту; б) адамгершілік сенімдерді қалыптастыру; в) мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді қалыптастыру; г) өзін-өзі тәрбиелеу; д) жағымсыз ықпалдарға, теріс әсерлерге қарсы тұра білу іскерлігін қалыптастыру.

Бұл көзқарастың құндылығы адамгершіліктің бірі ретінде өзін-өзі тәрбиелеу мәселесіне мән берілген. Сонымен бірге Б.Т.Лихачевтың адамгершілік сезімдер негізін қалаушы басты категория болып табылады деген пікіріне де қосылуға болады. Адамгершіліктің негізі мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрады. Олар адамдардың іс-қылықтарынан, мінез-құлықтарынан көрінеді, моральдық өзара қарым-қатынастарды басқарады. Отанға деген сүйіспеншілік, қоғам игілігі үшін адам еңбек ету, өзара көмек, сондай-ақ қоғамға тән адамгершіліктің өзге де формалары, бұл-сананың, сезімдердің, мінез-құлық пен өзара қарым-қатынастың бөлінбес элементтері, олардың негізінде қоғамымыздың қоғамдық-экономикалық құндылықтары жатады. Әр адамның бойында жастайынан мынадай қасиеттер қалыптасуы керек. Олар:

.

Оқушыларды отансүйгiштiкке тәрбиелеу. Халқымыз кiр жуып, кiндiк кескен атамекенiн аялап, елiнiң тiлi мен мәдениетiн, әдебиетi мен тарихын, бiртуар аяулы перзенттерiн мақтан тұтып, қадiрлеп, қастерлеудi ұрпағына аманат еткен.

Қазақ елi – бiздiң Отанымыз, атамекенiмiз. Оны қастерлеп, қадiрлеп қадiр тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы мен ел-жұртын, атамекенiн шын көңiлiмен сүйетiн болады. Өйткенi халқымыз “Отан – от басынан басталады” деп бекерге айтпаған. Ата-анасын, өз үрiм-бұтағын жанындай жақсы көрiп сүймеген баланың ел-жұртын, халқы мен ұлтын сүйетiн толыққанды азамат болуы екiталай. Ұлтжанды кiсiнiң имандылық – адамгершiлiк қасиеттерi, сондай-ақ, оның достарына, ата-анасына деген көзқарасынан да жақсы байқалады. Қазақ елiнiң кез-келген перзентi жұмыр жердiң қай бұрышында жүрсе де өзiнiң iс-әрекетi мен мiнез-құлқынан өз ұлты мен халқына деген сүйiспеншiлiк қасиеттерiн тайға таңба басқандай айқын байқатып отыруы тиiс.

Оқушыларды әдептiлiкке тәрбиелеу. Бұл халқымыздың ұлттық психологиясының өзегi, имандылық пен адамгершiлiктiң басты белгiсi, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрiнiсi, барлық кiсiлiк қасиеттердiң жиынтығы. Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдептi адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да бiледi. Табиғаттың әсемдiгi мен сұлулығына, әдемiлiгiне әрбiр адам зиян келтiрмеуге тиiс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзiн ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көктi жұлу, құстарды ату, құдыққа түкiру – барып тұрған әдепсiздiк. Әдеп сақтау – халықтық рәсiмге, жол-жоралғыға, тәртiпке бағыну, ерiксiз бағыну емес, бұл ата дәстүрдi құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершiлiк борышты өтеу. “Әдептiлiк — әдемiлiк” дейдi халық. Яғни, әдептiлiк: iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, көпшiлдiк деген сөз.

Оқушыларды бауырмалдыққа тәрбиелеу. Халқымыздың бауырмалдығы “Бала бауыр еттен жаралған” деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден бастаған. Осы туралы қасиеттi кiтап: ешбiр адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бiр-бiрiне дос, бауыр дейдi. Олай болса оқушыларды бастауыш сатыдан бастап бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет.

Оқушыларды қайырымдылыққа тәрбиелеу. “Қазақтардың” – деп жазды, осы халықтың өмiрiн, тұрмыс-салтын зерттеушiлердiң бiрi А.И.Левшин: “(1799-1879) – басқа Азия халықтарына қарағанда, қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі – айрықша қасиет. Яғни, қайырымдылық – кең мағыналы ұғым екенiн оқушыларға түсiндiруiмiз қажет”.

Тәрбие адам тағдырын ойластырады, болжайды, алдын- ала адамның рухани өмiрiнiң көптеген негiздерiн сақтайды, тәрбие алыс пен жақын адамдарға және өзiн қоршаған ортаға қатынас орнатады. Тәрбие ұлылар өсиетiн сақтата отырып, олардың адамгершiлiк құндылықтарын ұрпақтан- ұрпаққа жеткiзедi. Адам тiршiлiгiне тек қана материалдық жағдайлар ғана емес, тәрбие — адамзат тiршiлiгiнiң мiндеттi шарты.

В.Соловьев: “Адамгершiлiк бiр адамның екiншi адамға сыйлай салатын заты емес, ол өзiнiң тәжiрибесi арқылы ғана жететiн адамның iшкi жағдайы”- деп адамгершiлiктiң құндылығына ерекше тоқталған. Тәрбие мәдениетi — өмiрдiң өзi сияқты күрделi де көп қырлы. Еңбекке тәрбиелеу, патриоттық тәрбие, эстетикалық тәрбие, адамгершiлiк тәрбиесi, экологиялық тәрбие, дене тәрбиесi. Осы барлық тәрбиенiң өзегi – адамгершiлiк тәрбиесi, бiрақ ол жападан жалғыз әрекет етпейдi, ол осы аталған тәрбие түрлерiмен бiрлiкте, демек адамгершiлiкпен қоса барлық тәрбие түрлерiмен бiрiге келе адамгершiлiк мәдениетi мен сапалары қалыптасады. Адамгершiлiк сапаларын тұлғаның өзi анықтап, адамгершiлiк ұстанымын да өзi қалыптастырады.

Адамгершiлiк – қоғамдық өмiрдiң объективтiк заңдылығына сәйкес, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге негiз болып табылатын талапқа сай белгiлi бiр имандылық шарттарын бiлдiретiн ұғым. Халыққа бiлiм беру iсiнiң зор қарқынмен дамуы бүгiнде мектептерде жылдан-жылға оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қоюды талап етедi. Ата-бабаларымыз өздерiнiң сан ғасырлар бойғы ұлы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудiң бай тәжiрибесiн жинақтап, өзiндiк салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсiмдерiн қалыптастырған.

.

Әдеттер физиологиялық тұрғыдан ми қабатындағы динамикалық стереотиптiң бiр көрiнiсi. Бұлар ми сыңарларының тек оптимальдық қозуы бар алаптарында ғана емес, сонымен бiрге тежелуге ұшыраған алаптарында да пайда болады. Сондықтан да адамның жеке басында жағымды қасиеттердi тәрбиелеуде әдеттiң ерекше маңызы зор. Ежелгi үндi мақалында былай деген: “Қылық ексең — әдет орасың, әдет ексең – мiнез орасың, мiнез ексең – тағдыр орасың”. Әдет адамның мiнез–құлқының фундаментi болып табылады. Әдет негiзiнде мiнез қалыптасатынын А.С. Макаренко мiнез-құлықта дұрыс әдет қалыптастыру қажет екенiн атап көрсеткен.

Әдеп адамның ешбiр күш салуынсыз пайда бола бередi. Әдептердi белгiлi бiр мағынада бiрнеше топқа бөлуге болады. Олар: адамгершiлiк немесе моральдық (әрқашан шын сөйлеу, достарына адал болу, үлкендер тiлiн алу, т.б.). Мәдени мiнез- құлықтары (сыпайы болу, үлкендерi-кiшiнi сыйлап- құрметтеу, дұрыс сөйлеу, т.б). Гигиеналық әдептер: (таза жүру, қол жуу т.б) еңбек, ақыл- ой әдеттерi. Атақты ағылшын драматургы В. Шекспир: “Жақсы әдет жақсылыққа бастайтын перiште” десе, орыс педагогы К. Д. Ушинский: “Жақсы әдет өсiмге берген ақша, адам өмiр бойы соның жемiсiн пайдаланады, жаман әдет- борыш, адам өмiр бойы сол борыштың өсiмiнен азап шегедi” дейдi.

Адамгершiлiк әдеттерде бiрiне- бiрi қарсы екi күш болады. Бiрi жақсылық жаққа, екiншiсi жамандық жаққа тартады. Ал оқуға деген әдет адамның әдет-дағдыларының күрделi бiр түрi болып табылады. Ол адамның қызметi мен мiнез- құлқының әдеттегi формаларының құрамына енедi. Олар оқушылардың бiлiм алуына және оқушыларды практикалық қызметке дайындауға зор әсерiн тигiзедi. Сол әдеттенудiң арқасында оқушы жинақы, тәртiптi бола түседi. Егер оқушы өз-өзiне сенбесе, оған оқуда болсын, жұмыста болсын, кездескен кедергiлердi жеңу қиын болады. Оқушының пайдалы әдеттерiн қалыптастыру, оларды адамгершiлiкке тәрбиелеуге зор әсерiн тигiзедi. Бастауыш сынып оқушыларының адамгершiлiк мәдениетiн тәрбиелеудiң iс-жүзiнде тексерiлген ең сенiмдi әдiстерiнiң бiрi – мұғалiмнiң  оқушыларға жүргiзiлетiн түсiндiру жұмысы болып табылады. Түсiндiру жұмысын тек теория жүзiнде ғана уағыздамай, пайдалы әдеттердi тәжiрибеде тiкелей көрсетумен ұштастыру керек. “Әдет — дейдi А.Макаренко әрдайым жаттығып отырудың нәтижесiнде калыптасады, сондықтан жаттығуды дұрыс ұйымдастыру қажет”. Бұл проблема жан-жақты қарастырылып, үнемi iзденiстер жүргiзiлсе де, қаншама концепциялар ұсынылса да бүгiнгi күнге дейiн нақты жауап таба алмай келедi. Бұның шындыққа сай ең негiзгi қиыншылығы, бiздiң, яғни адамдардың арасындағы үлкен айырмашылықтардың болуында. Болашақта өмiр сапасы, мүмкiн адамзат цивилизациясының өзiнiң өмiр сүруi. Бiздiң қаншалықты өзiмiздi және өзгенi түсiнетiмiзге байланысты болады. Жаңарған бiлiм беру жүйесiнiң анықтаушы белгiлерiне мыналар жатады: басты мақсат-бiлiм негiздерiн, әлеуметтiк тәжiрибелер жиынтығын беру емес, жеке адамдарды қалыптастыру, әлеуметтiк бағдарлы қоғамдық қатынасқа тәрбиелеу. Мұның өзi бүкiл оқудың мазмұнын қайта қарауды талап етедi. Бұған дейiн неғұрлым бiлiм негiздерiн көбiрек жинаса, соғұрлым жеке адамдық қасиет мол болады деген тұжырымды басшылыққа алып келдiк. Ендiгi мiндет қандай бiлiмнiң жеке адамдық қасиеттердi қалыптастыра алатынын болжау. Оқушыларды адамгершiлiкке тәрбиелеу мақсатында жоспарлы түрде әр қилы әрекеттердi ұйымдастыру керек. Дәстүрдi қолданудағы жаттығудың мәнi әрекет пен қылықтарды бiрнеше рет қайталату арқылы жеке бастың адамгершiлiк мотивi мен мiнез- құлқындағы қажеттiлiктi қалыптастыруға әсер етедi. Тәрбие әдiсiн балалардың моральдiк мiнез- құлқын (әдет) механизмдерiн, адамгершiлiк сапаларын стимулдандыру тәсiлi деп түсіндіреді. Оны сұрыптай отырып топтарға жiктеуге болады. Американдық психолог Л.Кольберг адамгершiлiк тәрбиелеудiң басты мақсаты мiнез- құлықты қалыптастыру емес, ұтымды пiкiр айту қабiлетi деп түсiндiредi. Дәстүр туралы мәлiмет беруде түсiндiру, ақыл-кеңес, нұсқау, бағыт- бағдар беру тәсiлдерiн қолдану адамгершiлiктi тұлға қалыптастыруға негiз бола алады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.