Оқушының бір күні Қабыш Жаркенов

Home » Рефераттар » Оқушының бір күні Қабыш Жаркенов
Рефераттар Комментариев нет

ОҚУШЫНЫҢ БIР КҮНI

Класта балалардың бiр-бiрiне жанама ат қоятын әдеттерi бар. Бiреулерiн түр-түсiне қарай: «Төбет», «Үрпексары», «Тәмпи» десе, ендi бiреулерiн мiнез-құлқына қарай: «Момақан», «Бұрыш», «Таразы» атандырып айдар тағады.

Алтыншы «А» класында бұндай аттардың неше түрi бар. Бiр тентек атап қалса болды, құтылып көр. Негiзi, балалар бұндай атты жан ауыртпайтын жұмсақ әзiл-қалжың ретiнде, көбiнше, өзiмсiнiп қояды.

Әдемi айдар керек баланың бiреуi Отарбай болатын. Көптен берi ескерiлмедi ме, әлде қолайлы кезеңiне дәл келмедi ме, әйтеуiр ондай аттан аман жүретiн. Соның сәтi түсiп оқу жылының басында бiр құрбысынын аузынан байқаусыз «Отағасы» деген сөз шығып кетiп едi, сол-ақ екен, балалардың әдеттегi еркелетiп, еркiнсiтiп айтатын «Отар», «Отаржан» аттары жайына қалып, «Отағасы» болып жүре бердi. Бұл атау – үлкендердiң арасында, онда да егде адамға берiлетiн сыйлы ат. Олар көбiнше бiрiн-бiрi «Бәке, Сәке, Кәке» десiсiп үлкен тұтып, сыпайылап жатады, ал «Отағасы» аталудың жөнi бiр басқа. Сол сыйлы ат Отарбайды алтыншы класта-ақ тапты. Оны осылай атау – кездейсоқ емес, орнымен табылып қойылған атау секiлдi. Оның басқаларға ұқсай бермейтiн қызық мiнездерi көп. Жазбай-жаңылмай, қате жiбермей iстейтiн алуан түрлi жақсы әдеттерi баршылық. Соның бiрi таңертеңгi сағат жетiде тұруы. Бұл оның ес бiлгеннен бергi бойына сiңген, мүлде қалыптасып кеткен әдетi. Қыс болсын, жаз болсын, тiптi жек-сенбi болсын, мейлi, бұған бәрiбiр. Ақы берсең де жетi жарымға дейiн оны төсекте жатқыза алмайсың. Керiлiп-созылып, маужырап, есiнеп отыруды жаны жек көредi.

Бүгiн де ол жастықтан басын жұлып алып, әдетте-гiсiнше қасында жүрген шешесiнен:

– Апа, сағат неше болды? – деп сұрады.

– Әлi жетi болған жоқ. – Қалайша?

– Қалайша болушы едi. Тұп-тура бес минут бар. Отарбай күлiп жiбердi.

– Онда жата тұрайын.

Отағасы сағатқа ерегiскендей жастыққа қайта қи-сайды да, төбеге қарады. «Қызық-ау өзi, бұрын қалай байқамаған. Үйдiң төбесi соншалықты әдемi сыланыпты. Көзге шалынар олпы-солпы мiн байқалмайды, аршыған жұмыртқадай теп-тегiс. Осы үйдi салу үшiн көкесi мен тәтесi қанша еңбек еттi десеңшi! Жарғақ құлақтары жастыққа тиместен, жер қазып, лай тасыды. Қалып сүйреп, кiрпiш құйды. Құм, топырақ елеп, сылақ жүргiздi. Айта берсең, жұмыс түрi тiптi көп. Таңның атысы, күннiң батысы бiр тынбапты. Маңдай терлерiн сыпырып, қатарынан екi жылдай салды. Содан кейiн ғана, шағын сөздi үй бой көтерген. Адамдарға үй керек. Мүмкiн, қар жауып, суық болмаса, осы үй дегеннiң пәлендей қажетi де бола қоймас па едi?!. Кез келген ағаштың көлеңкесiнде нанын жеп, шайын iшiп отыра берсе…». Отарбек өз ойына өзi езу тартып күлiп қойды.

«Сәндi үй, iшiне қажеттi әсем бұйымдар керек. Әсiресе жүздеген, мыңдаған кiтаптары болып, тақтайдай тегiс мына қабырғаларға сөрелеп, сiрестiрiп тастаса. Сонсоң жата қалып, шетiнен оқи берсе, оқи берсе. Қазiр өзiнiң азын-аулақ кiтаптарын бөлек жинап жүр. Егер бұл үйге сыймай кетсе қайтпек? Бұған да бөлек үй керек пе? Өзi салып ала ма? Мүмкiн, солай шығар. Мейлi, қалай айтсаң да адамдар салтанатты түрде тамаша өмiр кешкiсi келедi. Солай…

«Жақсы адам болудың бiр жолы – жақсы оқу» дейдi көкесi. Солай-ақ болсын. Ал нашарлау оқитын кей балалар ертеңгi күнi нашарлау адам болмақ па? Мiне, қызық. Нашарлау адам, тәуiрлеу адам. Олар неге тепе-тең бiрдей болмайды?..»

Отарбай осылайша әрненi ойлап жатқанда, сағат тура жетiнi соқты. Бұл төсектен ұшып тұрды.

Отарбай дене шынықтырудан кейiн сыртқа шықты. Аспан тайдай ашық, ауа таза, күн жанға жайлы жылы екен. Рақаттанып тұрып кеудесiн кере дем алды. Сарайы ашылып, еңсесi онан сайын көтерiлгендей болған. Әдеттегiсiнше, ауланы екi айналып жүгiрiп шықты. Содан соң есiк алдындағы көлденең кесiлген дөңбектердi балталап жарып, оларын отын қораға әдемiлеп жинап қойды. Кейде осы жұмысты көкесi iстеп жатады.

«Адамдарға от керек. Ол арқылы суықтан қорғанады, тамақ пiсiредi. Тағы қандай пайдасы бар? Мұндай көп болар ма! Ал от үшiн отын керек. Бiр ғана ағаштың адамға қажеттiлiгi қаншалық. «Табиғаттың сыры терең» дедi мұғалiмi. Ойлап тұрса қызық, өсiмдiктердiң де тiрлiк иесi болғаны ғой. Мысалы, қураған ағаш – тiрi ағаш. «Көктеп тұрған ағашты сындырма» дейдi. Демек, адамдар бiр жылдығын емес, тiптi жүз жылдығын, мың жылдығын ойлайтын болғаны ғой?! Бар ағашты бiз тауысып кетсек, кейiнгiлер қайтедi? Ал бiзден бұрынғылардың бiз үшiн екпегенiне кiм кепiл? Неткен сыры көп дүниелер!»

– Отарбай, шайыңды iш, бiр кетсең, мол кетесiң! Мектепке баратын уақытың болып қалды.

– Апа, адамдар мың жыл жасаса қайтедi? «Бiздiң елде орта есеппен жетпiс жыл» дейдi мұғалiм.

– Басты қатырма!

– Бiздiң мұғалiм күнiне бiр мақал жазып келiңдер деген. Бiр мақал айтшы, апа.

– «Кiмнiң басы жақсы десе, тасбақа мойнын созыпты».

Отарбай сықылықтап күлiп жiбердi.

– Сонда әркiмнiң өз басы өзiне жақсы көрiнедi дегенi ғой.

– Сендерге мақал-мәтел үйретiп жүрген мұғалiмiңе рақмет.

– Бiздiң математика пәнiнiң мұғалiмi: «қазiргi екiншi, үшiншi, төртiншi кластарға оқылатын математика бұрынғы жоғары кластарда оқитын математикамен тең» дейдi. Ал әдебиет, тiл, тарих, география сабақтары қалай болып едi?

– Бәрi де сендердiң қазiргi уақыттағы ақыл-ой, сана-сезiмдерiңе лайықталып жасалған. Тiптi тiл үйрету жағынан математикаң әдебиет пен тiлден кем соғып жүрген жоқ. Тамағыңды iшiп, мектебiңе бар, қалғаныңды сол жерде сұрап аларсың.

Отарбай галстугiн үтiктеп, таза киiмiн кидi де, мектепке кеттi.

Ол кластағы бос сабылысты жек көредi. Онан да оқыған кiтап, не көрген киноны әңгiмелеп отыруға болады ғой. Достары көптен көрiспеген адамдардай бiр-бiрiмен амандасып жатыр. Ұзыны-қысқасы, ағы-қарасы, ұлы-қызы, арығы-семiзi, жуасы-тентегi, бақырай-ған қоян көз де, күлiмдеген қысық көз де – бәрi бар. Қысқасы, бiр-бiрiне ұқсамайтын алуан түрлi балалар. Айта берсе, бұлардың әрқайсысымен өзiнiң жолдастық, достық қарым-қатынасы да әр қилы екен. Балалармен бiр түрлi сөйлессе, қыздармен басқаша сөйлеседi. Тентектеу жолдасымен бiр түрде қалжыңдасса, момынымен тiптi басқа. Байқап қараса, осының бәрi ескерусiз қалыптасып жататын мiнез-қылықтар екен. Бiр жақсысы – өз басы олардың бәрiмен де тату-тәттi, түс таныспаған қимас жолдас. Сондығынан болар, олар бұны осындай тиянақты мiнез, байсалды жүрiс-тұрысына қарап «Отағасы» дейдi. Сыйлайды. Жақсы көредi. Мүмкiн, сексенге келiп, селкiлдеген шал болғанша, олар осылай атар.

– Отағасы, ертерек келгенiң мұндай жақсы болар ма! – Сәлiмғазы қасына келдi. – Сен математиканы орындадың ба?

– Иә, орындадым, оны қайтесiң?

– Қоңырау соғылғанша, әлi он минуттай уақыт бар… Тездетiп түсiндiрiп жiберсең қайтедi?

– Шама келгенше…

– Әй, түсiнiп алуға үлгере қоймаспыз. Онан да дәптерге көшiрiп алмаймыз ба? – дедi «Қылмойын». Өзi шатақтау, қырсық бала.

– Осындайда қисынын таба қоясың-ау.

– Немене, дәптерiңдi аяйсың ба? Пањ, есеп шығарғыш екенсiң!

Отарбай сасқалақтап, ыңғайсызданып қалды.

– Дәптерден гөрi, шамаң келсе, басыңа, мидың өзiне көшiрген тиiмдi болар! – Айтарын айтса да, көңiлiнде әлдебiр күдiк, өкiнiш пайда бола кеттi.

– Жақсы оқиды екенмiн деп, сен кеудеңдi керме! Отарбай тiл қатпастан, есеп дәптерiн Сәлiмғазыға ұстата салды.

– Сен бұған бостан-босқа неге тиiсiп тұрсың? – дедi ол қылмойынды иықпен қағып. Отарбай сасып қалды. Ендi екеуiнiң ренжiсiп қалуы мүмкiн едi.

– Қой, Сәлiмғазы!

– Жарайды, Отағасы, мен қояйын, бiрақ саған неге тиiскенiн бiлгiм келiп тұр…

Ұрыс-жанжал дегеннiң өзi ыңғайына қарай кез келген жерден кимелей, басып өте шығатын тасыған лай су тәрiздi ме, қалай? Тек асып-тасуы басылғаннан кейiн, адам бойына кiрлi тұнбасын ғана қалдыратын жағымсыз жаман дүние екен-ау!

Қоңырау соғылды. Алғашқы сабақ математика болатын. Отарбай әлгi көңiлсiз жайдан арыла алмай отыр. Математика мұғалiмi Мұқажан ағай егде тартқан сабырлы адам. Зердесiз оқушы болса да, ол кiсiнiң қырық бес минутын қалтқысыз тыңдайды. Онысы ағайдың қаталдығына немесе қытымырлығына байланысты емес, керiсiнше, кластағы әр оқушы мен мұғалiм мақсатының бiрлестiк, үйлесiм табуында. Әр шәкiрт қашанда болсын, класта онымен жеке отырғандай сезiнедi.

Отарбай үшiн әр сабақтың жаңа тақырыбы – жеке өмiрiндегi бұрын ести қоймаған, естiсе де өз күштерi, өз беттерiмен байыбына жете алмайтын жұмбақ, тың дүниелер. Бiр күнде алты сабақ өтiлсе, бұлардың алты түрлi жаңалықпен жүз көрiскенi. Анықтап, үңiле қараса, сол алты тақырып адам тiрлiгiнiң күнделiктi қажеттiлiгi екен. Мысалы, мұғалiм бiр сағатта таныстырған электр қуаты жайында ойлап көрсе де жетiп жатыр. Олай болса, оқушының әрбiр жаңа дүниелермен, мүмкiндiгiнше жете танысып, бiлiп алмауына қақысы бар ма? Азамат атанатын ертеңгi күнгi кейбiр бiлiмсiздiк осындай салғырттықтан тумай ма?

– Жантекеев, сен неге көңiлсiз отырсың? Әлде бiр жерiң ауырды ма?

– Жоқ, ауырған жоқпын, ағай, өзiм… жәй…

– Ауырмағаның жақсы болған. Әйткенмен ширақ, көңiлдi отыр. – Ол сабаққа ден қойды. Бiрақ қанша дегенмен, қаяу алып қалған көңiл қиюына түспедi. Мұғалiмнiң сұрағына бұрынғыдай топтан суырылып айтып беруге, қол көтеруге батылы бармаған.

– Кiмде қандай сұрақ бар? Түсiнбегендерiңдi сұрап алыңдар?

Мұқажан ағай сықыр еткiзiп орындыққа отырды да, қалтасынан орамалын алып, тершiген маңдайын сүрттi.

Қызық екен! Бiр сабақ үшiн қыруар күш жұмсайды. Бiрде ашуланса, бiрде күледi. Бiр шәкiртi сұрағына дұрыс жауап берсе, балаша қуанады. Ендi бiрi нашар жағынан көрiнсе, ренжидi. Өз оқушыларының киiм киiсiн, жүрiс-тұрысын, түр-тұлғасын, мiнез-құлқын ғана емес, күнделiктi қас-қабағын да қалт жiбермей бiлiп отырады. Мұғалiм маңдай терiн төккен еңбек адамы екен. Ал бұлар болса, кейде тап бiр мұғалiм үшiн, солардың көңiлiн қимағандықтан ғана оқып жүргендей болады. Киiмдi де солар үшiн таза киетiндей, галстуктi де солар үшiн түзу байлайтындай, ара-тұра мiндетсiп, бұлданып қоятынымызды қайтерсiң?!

Мұқажан алпыстан асып, демалысқа шықса да, мұғалiмдiк жұмыстан қол үзiп кете алмапты. Өзiнiң айтысына қарағанда, мұғалiм боп жүрiп училище бiтiрiптi. Одан соғысқа аттаныпты. Аман-сау оралып, педагогика институтын бiтiрiп, қырық жылдан астам ұстаздықпен айналысқан. Алдынан тап Отарбайлар секiлдi жүздеген, мыңдаған оқушы тараған. Сонда осы қария соншалық уақыт мыңдаған баланың жақсы оқуын, аяулы болуын тiлеген ғой. Және сол тiлек, арман – адал ниетiнен жазбаған-жаңылмаған. Былайша айтқанда, бар өмiрiн жатпай-тұрмай, адам жақсылығы үшiн өткiзген. Оның шәкiрттерiне ұрсып, зекуi де сол үшiн. Қуанып, лепiруi де сол үшiн. Бар бiлген игiлiгiн, iзгiлiгiн үйрету оңай ма? Мұғалiм қалай мықты, ә?! Таңданып басын шайқады Отарбай…

Қоңырау соғылып, балалар үзiлiске шыққан. Мектеп өмiрiндегi көптеген қызықтардың бiрi – оқушылардың үзiлiске шыққандағы iс-әрекетi. Мыңға тарта ұл-қыз бiр есiктен кең дүниеге бет қойғанда, жаңа ғана тып-тыныш тұрған үлкен алаң әп-сәтте құмырсқаның илеуiндей, бей-берекет үлкен қозғалысқа айналады да кетедi.. Бiреудi бiреу бiлiп болмайтындай. Әркiмнiң өз әрекетi бар. Әне, бiр топ кiшкенелер қол ұстасып тұра қалып, жетекшiлерiнiң бастауымен ән шырқады. Ендi бiр тобы билеп тұр. Оныншы, тоғызыншы кластың ересектерi топталып, әр жерде әзiлдесiп, әңгiмелесiп тұр. Бiр-екi мықты Қажымұқан аталарынша белдесiп, шайқасып жатыр. Үн-түнсiз әр жерде отырғандар да бар. Ара-тұра үлкен шуылды басып, кезекшi мұғалiмнiң зор даусы естiледi. Бiреуге басу, бiреуге ақыл айтып, татулықка, тыныштық, байсалдылыққа шақырады. Сабақ арасындағы бес-он минуттық үзiлiсте сырттан қарап тұрған адам, ойынның неше алуан түрiн бiр-ақ сәтте молынан көрiп, iздесе таптырмайтын қызыққа батады екен-ау. Театрың да, спортың да осында…

Мектеп қабырғасына сүйенiп тұрған Отарбай көз алдында өтiп жатқан алуан қызыққа мәз бола күлдi. Өзi осы топтың бiрi ретiнде ойынның неше түрiн бастан өткiзiп, ауланы талай шарлағанымен, тап бүгiнгiдей қызыққа батпаған тәрiздi. Аздан соң, уақыт тiзгiнiн тежеп, қоңырау үнi сыңғырлады. Қызық. Және жайшылықта адам аңғара қоймайтын қызық. Қоңырау үнi құлағына шалынған бала, бұрын көз көрiп, құлақ естiмеген тосын дыбысқа тап болғандай, бiр сәт, қалт тұра қалады екен. Бүкiл алаңдағы қимыл-әрекет сап тыйылған. Тiптi құлындай жүйткiп бара жатқандар «қап» деген кiсiше, төбеге ұрғандай табандап тоқтай қалды. Келер сәт тез жанданғандай, барлығы бiр бағытқа беттеген. Лек-лек оқушы жағаға ұмтылған теңiз толқынынша, кең ашылған мектеп есiгiн маңдайға алды. Аяқталмай қалған қызық соңын орын-орында қалдырмастан, өзде-рiмен қоса класс бөлмелерiне бiрге ала кеткендей. Көңiлдерiнде алаң, жүздерiнде кiрбеңi жоқ, үлкен топтың дүбiрлi шуы бiртiндеп ортая берген-дi. Алаң төрi түрiлiп, есiк аузынан мектеп қойнына құйылып жатыр. Соңғы оқушы табалдырықтан аттасымен, үлкен алаңда бәз-баяғы мүлгiген тыныштық орнаған. Елi көшiп, думаны тараған күзгi жайлаудай, жаудырап, мұңлы күйде бос қалды.

– Сен неге тұрсың, ойының қанбай армандамысың?! – деп саңқ ете түскен кезекшi мұғалiмнiң даусы мен жаңа ғана тынышталған қоңырау үнi сыңғыр етiп бiрге шықты. Алғашқы орнында тапжылмай сүйенiп тұрып, қызыққа батқан Отарбай аңғармай қалыпты. Ең соңғы оқушы өзi екен. Күнқағарын басынан жұлып ала сала, есiкке тұра ұмтылған…

Бүгiн қатарынан алты сабақ, болды. Соңғы сағаттың қоңырауы соғылғанда, бүкiл мектеп оқушыларын сапқа тұрғызып, түстен кейiн екi-үш сағат колхоз жұмысына көмектесетiндiктерiн, егiс даласынан помидор теретiндiктерiн хабарлады. Жұмыстан қашқалақтап, келмей қалатын оқушылар болса, тоқсан аяғында ондайлардың тәртiбiне төмен баға қойылатындығын қатаң ескерттi.

Отарбай үйге келсе, шешесi шәугiмiн газға жаңа қойып жатыр екен. Ол қайнағанша шамалы уақыт бар. Сөмкесiн ұқыптап орнына жайғастырып, шешiнiп, жұмыс киiмiн кидi де, екi шелектi қолына алды.

– Қайда барасың?

– Қолға шелек алған соң, суға баратыным айдан анық емес пе, апа?

– Асықпай-ақ, шайыңды iшкен соң барсаңшы.

– Түстен кейiн колхоздың помидорын теремiз. Су әкелген соң, екi үйдiң еденiн жуамын.

– Күшiң тасып тұрса, мейлiң, қарсы емеспiн.

– Бiздiң мұғалiмнiң айтуына қарағанда, апа, елiмiзде әр минут сайын екi машина шығады екен. Ал мен алпыс минутта екi жұмыстың басын қосып iстей алмаймын ба?

–  «Құлық болса, құрық түседi» деген, балам, – дедi көкесi.

– Мына мақалды жазып алайын.

– Үйрене бер, балам, жинай бер. Тiл – анаңның тiлi, бабаңның тiлi. Тiлге жетер өнер жоқ. Тiлiңдi бiлсең – халқыңды бiлгенiң. – Әке көңiлi баласына үмiтпен қарайды.

Отарбай ойына алған үй жұмысын тез тындырды да, шайын iшкен соң, қолына шелек алып, мектепке келдi. Кең аулаға оқушылар жиналып қалыпты. Класс жетекшiлерi өз кластарының оқушыларын түгендедi.

Қалың топ егiс даласына келдi. Осы жердiң арам шөбiн жазғытұрым өздерi жұлған. Ол кезде топырағы көрiнiп жататын қуаңдау тақталарда жаңа отырғызған талдырмаш, әлсiз сабақтар еңсе көтерiп, бой түзеп, тiрлiкке бет ала бастаған-ды. Мiне, сол алкапты бүгiн бұп-бұйра қара көк сабақтар бүркептi. Ақ киiз жайып тастағандай, iргелес жатқан жалпақ, далада тербелген ақ бидай. Комбайндар бауырынан сызып, астық бастырып жүр. Бiр қанатта жайып тастаған көк ала жылқының терiсiнен аумайтын капуста алқабы. Төменiректе сәбiздiң ұлпа жапырағы сiлiккен жiбек шашақтай жел-кiлдей қалыпты. Тап қастарында иттұмсығы өтпейтiн жүгерiнiң ну тоғайы. Бiр жақтан ойып әкеп қондыра салғандай-ақ, айналасы екi-үш айдың iшiнде мына дала мүлде құлпырып кетiптi. Осының бәрi жер нәрi, адам игiлiгi, күнiне жүз сыпырған әкелердiң, ағалардың маңдай терi. Iргеде миллионнан астам адамы бар қаланың әр тұрғыны осылардан дастарқан мәзiрiн алып дәм татпақ.

Тақта шетiне iлiнiсiмен, балалар нарттай қызыл помидорға бас қойды. Отарбай да еңкейiп, бiреуiн үзiп жеп едi, қышқылтым дәмдi екен.

– Жұп-жұмсақ домаланған мынаны, былқ еткiзiп құлақ шекеден көмiп жiберуге қандай қолайлы, ә?! Өзi сап-салмақты, – дей беруi мұң екен, жолдасы онан арғысын күтiп жатпай-ақ, құлақ шекесiнен көмiп жiбер-месi бар ма!

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деп Бейiмбет атамыз айтпақшы, кейде бүлiктiң басы осындайдан шығатын көрiнедi. Сол-ақ екен, аспаннан помидор жауғандай етiп, отыз шақты бала атысты да кеттi.

Жоғарғы кластың оқушылары мен мұғалiмдер тез басты бұларды. «Бiр-бiрiмен атысып ойнағаны несi? Көздерi қалай қияды. Онан да шашау шығармай жинап берсе ше?» Өзiмен-өзi ойлана тұрып, еңкейiп тағы бiреуiн алды да, ауызға салды. Дәмi қандай керемет! Жерден шыққан жемiс атаулының осындай сырына әлi түсiнiңкiремейдi. Тәрiзi бұл туралы кiтаптар тауып, көбiрек оқу керек шығар.

Помидор теру қызықты, көңiлдi болды. Құжынаған адам, бiр-бiрiне ұласқан алуан дауыс. Сапырылысқан машина. «Гүрiлдеген трактор. Бiр ғана мақсатта бас қосып, кешегi еңбегiнiң бүгiнгi жемiсiн терген осы өңiр-дiң тұрғындары. Үлкендердiң: «Бiр семьяның адамдарындай» дейтiнi, тегiнде, осындайдан шығар-ау.

Отарбай да тыным таппай жұмыс iстедi. Не бары үш сағаттың iшiнде оқушылар жүзден астам машинаға помидор тиедi. Ауа райы бұзылған, қысталаң кездерде колхоз басшыларының мектепке жүгiретiнi осындайдан шығар-ау. Мыңдаған оқушының қырғын күшi қандай да болмасын бiр қажеттiлiктi өтеп кететiнiне олар әбден сенедi.

Айтқанындай үш сағаттан кейiн балалар ауылға қайтты.

– Отағасы, – деген дауысқа Отарбай жалт қарады. Барлыбай екен. Көзi тiкiрейiп, мойны шидиген күйде соңынан iлесiп келедi. Бет әлпетiнде таңертеңгi ожарлықтың iзi мүлде байқалмайды. Моп-момақан, бетегеден биiк, жусаннан аласа.

– Иә, не айтасың?

– Сен бағана ренжiп қалған жоқсың ба? – дедi ол күле тiл қатып. Өзi оншалықты мән бермейтiн тәрiздi. «Қызық-ау өзi. Оны неге сұрайды? Сонда менi көңiлi қаламаса, бiр бұрышта тастай салып, қаласа қайта ойнай беретiн баланың ойыншық қуыршағындай көргенi ме? Басқалар да сөйте ме екен? Тiптi бұған ренжiмедiм де, қуанбадым да, онда қайтедi?»

– Мен саған ренжiген жоқпын.

– Жарайсың, Отағасы, әкелшi қолыңды.

– Жоқ, қолымды да әкелмеймiн, ренжiмеймiн де.

– Ендеше әлгiң өп-өтiрiк болды ғой. Татуласқан адам қол алысады.

– Оны қайдан «оқып» жүрсiң?

– Бұрыннан солай.

– Ендеше менiң араздасу, татуласу дегендердi бiл-гiм келiп тұрған жоқ. Және соны бiлмей-ақ қойсақ қайтедi, ә?

Дегенмен Отағасының көңiлiнде Барлыбайға деген бұрынғы жолдастық ықыласының аз да болса қаяу ала бастағаны байқалады. Бiреуге бiреудiң салқын қарап кетуiнiң осындайдан шығатынын сезгендей болды ол…

Үйге оралғанда, күн әлi ерте едi. Қояндары мен кептерлерiне, тауықтары мен қаз-үйректерiне жем, су бердi. Әрине, кептер ермегi. Тауықтың жұмыртқасы қоян, қаз-үйректiң етi керек. Дәмдi тамақты жегенде әкесi мен тәтесiнен кем түспейтiнiн бiледi. Соның үшiн бұларды бағып-қағудан жалыққан емес.

Осыдан кейiн алты сабақтың тапсырмасын орындауға кiрiспек. Алдымен сабақ оқуына көмектесу үшiн, класс жетекшiсi қосып берген Серiкболды шақырып алды. «Аузың қане» десе, мұрнын көрсететiнi болмаса, жуас бала. Ноқталаған бота секiлдi айтқанына көнiп, жетегiне iлесiп отыратынына өкпелей алмайсың. Қазiр тоқсанның басындағыдай емес, ере бастады. Көп тапсырмаларды өздiгiнен орындай аларлық дәрежеге ептеп жетiп жүр. Сабақта да, ойында да, тiптi моншаға барса да қылталап қыр соңынан қалмай қойған соң, Серiкболдың сабақ оқуы жақсармай қайтсiн.

Үй тапсырмасын математикадан бастайтын әдетi. Алдымен ереженi оқып түсiндiрiп, есептiң шартын Серiкболға берiп едi, ойлана отырып шығарды.

– Бұныңды қағып тастадым.

– Байқа, тiл тиiп жүрмесiн. Қазақ тiлiне қалайсың?

– Оныңа қарамаймын. Өзi жымияды.

– Қайтедi, ей, мынау! Көрейiк күшiңдi, сөйлем талдай қойшы, қане!..

Серiкбол әуелi маржандай етiп, жаттығуды дәптерге көшiрген. Осыдан кейiн аз ойланып алған соң:

– Бастауышы басында, баяндауышы соңында, қалғандары мiнеки, –  деп сөйлем мүшелерiнiң астын сызып шықты.

– Мiне, жiгiт!

– Ал, ендi не iстеймiз?

– Сенiң тапсырманы тез орындауының арқасында бiр сағат уақытымыз үнемделдi. Ептеп доп қуаласақ қайтедi?

– Мақұл, қуалайық…

– Ала өкпе болып қайтемiз, онан да асық ойнайық не күресейiк.

– Жарайды, Отағасы!

Екеуi кiтаптарын жинастырып, сыртқа шықты да, күздiң ұйысқан жұмсақ көгалының үстiне жатып кеп күрестi. Серiкбол денелi, әлдi бала. Талдырмаш Отарбайдың табанын жерге тигiзбей, шырқ иiредi де, дiк еткiзiп қояды. Жықпайды.

– Сен әдейi жықпай жүрсiң!

– Сенi жығып, балуан атанбай-ақ қояйын.

Күн кешкiрiп, ел орынға отыра Отарбай кластың ертең шығаратын қабырға газетiн дайындауға кiрiстi. Газеттiң атын жазды, суретiн салды, балалар берген мақалаларды өңдеп көшiрдi. Әлi де бос орындар бар.

– Суретшi болғансың ба? – дедi газетке сырттай қарап тұрған әкесi.

– Тұп-тура редактор. Бос орынға не жазарымды бiлмей отырмын.

– Мақтайтын жолдастарың жоқ па едi?

– Ол өз алдына, сынауды керек ететiндер де аз емес.

– Сынаймын деп бiреуiн жылатып алып жүрме!

– Ағаймен ақылдасып, ертең жазайын.

– Оның жөн. «Кеңесiп кескен бармақ ауырмайды» деген.

– Қалай әдемi табылған сөз. Мақал дәптерiме жаза қояйыншы.

– Бiлу, бiлгендi айта жүру жақсы. Ал айтқанды iске асыра жүру оңай емес, балам…

– Ұқтым, көке.

Шешесi екеуi алаңсыз телевизор көрiп отырған. Цирк ойындары болып жатты. Артистер адамның қолынан келу, келмеуi екiталай фокустар жасады. Қолда тұрған сiрiңкенiң бiр қарағанда, iшiндегi шиi жоқ болып шығады. Жұмыртқаны жұтып жiберiп, құлағынан алады. Ал ендi осыған сенбей көр. Келер сәттегi ойын арасында клоундар шығады да, залдағыларды езу жидырмай күлдiредi. Отарбай мәз бола күлдi. Адам бойына соншалықты ғажайыптар қалай дарыған?..

Ұйқымен емiн-еркiн қауышқан ол түс көрдi. Сағынып жүргендiктен бе, түсiнде командировкаға кеткен ағасы жал-құйрығы төгiлген теңбiл көк тұлпарға мiнiп, ақша бұлттың арасында ауыл үстiн айналып жүр екен дейдi. Отарбайды көрiп, күндей күркiреген жуан дауыспен:

– Мен кеткелi не бiтiрдiң? – деп сұрайды.

– Мектепке барамын… колхозға көмектестiк, ептеп ойнаймын…

– Жөн екен!

Ендiгi сәтте теңбiл көк тұлпар шартылдаған найзағай сынды самолетке айналып кеттi. Отарбай қатты
сасқан. Ағасынан көз жазғысы келмей, қарманып, екi қолын жоғары созған күйде:

– Жерге түс, аға, үйге қайт! – деп айқайлап жатып өз даусынан өзi оянып кеттi. Сағат жетiге тақапты.

Ол ширақ киiне бастады…

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.