Қорқыт туралы аңыз

Главная » Рефераттар » Қорқыт туралы аңыз

Қорқыт есімімен байланысты аңыздар түркі тектес халықтар арасында әр алуан түрде әңгімеленеді. Академик Ә. Марғұлан былай деп жазады; «Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Орта Азиядағы түркі тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыздар, ән — күйлер қазақ пен түркімендерде көбірек жолығады» («Лениншіл жас», 1970, 20 қаңтар). Қорқыт жайындағы деректердің белгілі бола бастауы ХІІ-ХПІ ғасырлардан бермен қарай. Атақты та-рихшы Рашидеддин қыр сахарасында Қорқытпен «Оғыз — наманың» қатар хикаяланатынын жазған. Қазақ арасына таралған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Терең ойлар, ауыр мехнат азабымен өлместікті арман еткен Қорқыт мәңгілік өмір іздеп ел кезеді. Қазақ арасындағы аңыздарда Қорқыт Ата — көпті көрген батагөй, сәуегей, атақты музыкант әрі ойшыл дария. Ол айтқан болжау дәл келіп отырған. Адам өмірі, мінез —  құлық, тағдыр жайында тұңғиық, кемелді толғаулар қалдырған. Әлішер Науаи Қорқыт жайында былай деп жазады: «Түрк ұлысы арасында Қорқыт атадан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқына ешкім тең келмейтін. Өзінен кейінгі көп жылғы келешекті болжап айтқыш данышпан еді, оның таңқаларлық нақыл сөздері осы күнге дейін бар». Қорқыт атадан қалды дейтін, шешендік нақыл, ойшыл, өсиет сөздер өмірден түйгені көп кәрі дананың алып бейнесін бүгінгі оқушы қауымға анық елестетеді: «Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді», «Ажал келмей кісі өлмес, өлген адам тірілмес», «Шыкқан жан қайтып кірмес», «Бетеге биікке теңесе алмас», «Есекке қанша жүген салғанмен, ат болмас», «Қар қанша қалың жауғанмен, коктемнен қалмас», «Бақ қанша гүлдегенмен, күзден қалмас», «Ескі темір біз болмас, ескі дүшпан дос болмас», «Ат шалдықпай, жол түгесілмес», «Қанжар тимей жау қайтпас»,»Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарамас», «Қорқаққа қылыш жұмсаудың қажеті жоқ», «Шаба білмеген атты қинайды». «Адам кірмес қара үйдің құлағаны мақұл. Адам ішпес ащы су, ақпағаны мақұл. Даңқ әпермес баланың әкесінің белінен шықпағаны мақұл, құрсағынан ананың шықпағаны мақұл. Жалған сөздің дүниеге келмегені мақұл. Жер құнарын шоппснен қоректенген аң білер. Жер тегісін құлан білер, ауыр — ауыр сілемін түйе білер, жер жапсарын түлкі білер, ұлының кімнен туғанын анасы білер. Ел арасындағыт ер мен езді қолына қобыз ұстап аралаған жыршы білер». Қорқыттың толғаулары мейілінше дәл осылай, өлең — жыр, даналық сөз болып ел жадында сақталған. Осы қасиетімен Қорқыт қазақтағы жыраулардың атасы болған Сыпыра жырауға көбірек ұқсайды. Аңыз — әңгімелер, әфсаналар, зерттеушілер Қорқытты 295 жыл жасаған деседі. Қорқыт хан сарайында отырмаған, оны біз үнемі ел қамында, тарыққан панасыздың жанында, ізгілік істердің мұратында кореміз. Оның бұл мінезі ерте дәуірдің ойшылы, әрі жырауы Асан Қайғыға ұқсатады. Қорқытты жұрт әруақ, бақсы, әулие ретіндс де қадірлеген, ардақтаған, дерттен айығу мақсатымен кезінде оның қабіріне келіп түнейтін де болған. Қорқыт атымен байланысты аңыздың дені оның өлімімен сабақтасады. Қорқыт адам тіршілігінің тым қысқалығына, өлім деген опатқа наразы болып, содан құтылудың жолын іздеп шарқ ұрады, желмаяға мініп шартарапты кезеді. Бірақ қайда барса да алдынан аңырайған көр шығады. Жер шұқығанның бәрі оған: «Қазып жатқанымыз Қорқыттың көрі» деп жауап қатады. Дүниенің төрт бұрышын кезген сапарында Қорқыт кісі өлімі ғана емес, жүгірген аң, ұшқан құстың жемтігін, тамыры қурап сұлаған бәйтеректі көреді. «Осының бәрі де кезінде тіршілік етті, тыныс алды, енді қысқа өмірі тәмамдалды» деп, соның бәрін көрге санайды. Осының бәрінен Қорқыт өзінің ажалын көргендей болады, «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дейтін сөз осыдан қалған. Осының бәріне қатты қапа болып, налыған Қорқыт жападан жалғыз күңірснеді. Сөйтіп жүріп өзгеше бір өнер табады. Су үстіне кілем жайып, өзі жасаған жер бетіндегі тұңғыш күй аспабы — қобызбен күңірене сырлы күй шертіп, іштегі шерін ақтарады. Құдіретті күй сазы лезде дүниені түгел баурайды. Өлімге қарсы тартылған, мәңгі тіршілікті мадақтаған Қоркыт күйін естіген бүкіл адамзат, ұшқан құс, жүгірген аң тұра қалып Сыр үстіндегі ғажап күйге құлақ тосады, ұйып тыңдайды. Сөйтіп дүниеде тұңғыш рет музыкалық ләззат берген Қоркыт есімі, М. Әуезов айтқандай: «Қобыздың ішегінде, халықтың жүрегінде» мәңгілікке ұмтылмастай сақталады.

Екінші бір алуан аңызда Қорқыт әзірейілмен кездеседі. Әзірейіл Қорқыттың жанын салып алатын сандық істеп ала келеді. Қорқыт әзірейілмен сөйлесіп тұрып, сандыққа оның өзін алдап салады да кілттеп суға ағызып жібереді. Кей аңыздарда жер ортасы Сырға қайтып оралған Қорқыт өлерін сезген соң, айнымас серігі — Желмаясын сойып, соның терісін қайық қылып ертелі — кеш қобыз тартады. Өзінің жақын досы Дарабоз арқылы ол жар дегенде жалғыз қарындасы Ақтамаққа соңғы арыздасу — қоштасу сәлемін жолдайды. Қорқыт ата күн демей, түн демей «Өмір жырын» талассыз тартады. Ажал талай рет төніп келеді, бірақ бебеу қаққан қобыз күйі оған Қорқытты алдыртайды. Ұйқысыз өткен талай күн, талай түндерден қалжыраған Қорқыт ата бір сәт қалғып кеткенде, ажал «Қайрақ жылан» дейтін улы жыланның бейнесінде келіп Қорқытты шағып өлтіреді. Міне, қазақ арасындағы Қорқыт жайындағы аңыздардың негізі осындай. Халық тудырған көне аңыздың мағынасын бұрмалап, Қорқытты пессимист етіп, оның күйін өлім күйі етіп көрсеткісі келушілер де кезінде болған. Ал шындығында, Қорқыт жайындағы аңыздарда оптимистік ұғым, толғам  басым.

Дүние жүзі әдебиетінде, әсіресе ескі мифтік аңыздарда, ежелгі жырларда, көне эпостарда Қорқыт тәрізді өлімге қарсы күрескен соқталы бейнелер болған. Соның бірі грек мифіндегі — Прометей, осетин аңызындағы Амран, үнді аңызындағы — Сидхарт. Қорқыт өзі тапқан, өзі тудырған өнерімен халыққа қызмет етті. Оның мәңгі өшпестігі осында. Қорқыт ата хикаялары VІІ — ХІІ ғасырларда Сыр бойын жайлаған оғыз қыпшақ тайпалары арасында туып, ауыздан — ауызға көшіп, түрк тектес халықтардың бәріне түгел жайылған. Қорқыт тарихта болған адам. Ерте заманның білімпаз — ғұламаларының жазуына қарағанда, Қорқыт Сыр өзенінің аяғында Жанкент қаласында, Баят елінде дүниеге келген. Бұл жерден ақындар, жыраулар даналар көп шықса керек. Солардың ішіндегі ең әйгілісі Әбунасыр Әл — Фараби де, онан кейінгі алыбы осы Қорқыт. Ол — оғыз елінің ұлы басшысы, кемеңгср ойшылы, асқан күйшісі. Бірақ оның өз өмірі жайында жазылған деректер тым тапшы. Солардың ішіндегі ең құндысы да, дәлірегі де атақты тарихшы Рашидеддиннің Қорқыт, Оғыз, олардың ұрпақтары туралы жазбалары.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.