Орта ғасырлардағы үнді әдебиеті

Главная » Рефераттар » Орта ғасырлардағы үнді әдебиеті

Ежелгі дәуірдің соңғы кезеңдеріндегі ескі әдеби-тарихи аймақ­тар­дың жойылып, жаңа аймақтардың пайда болу кезінде үнді әде­биеті (нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда тәуелсіз Үндіс­тан, Пакистан, Непал мен Бангладеш орналасқан Үндістан субконтинентінде өмір сүр­ген халықтар әдебиеті) жеке әдеби аймақ ретінде бөліне баста­ды. Сол уақытта үнді әде­бие­тінің өзінде сара­лан­ған тенденциялар етек алады. Солтүстік Үндістанда басым рөлге ие бол­ған санскрит­тік әдебиет­пен қатар, оңтүстік аймақтарда біздің заманымыздың алғ­ашқы  кезең­дерінде-ақ  тамиль  әдебие­тінің әсері күшейе түсіп, І мыңж. II жартысынан бастап ал­ға­шын­­да дравид, кейін үндіария тілінде көптеген жаңа үнді әдебиеттер пайда бола бастайды. Сон­дық­тан да орта ғасыр дәуіріне қатысты көптеген ұқсастықтарымен қоса, айтарлықтай айыр­ма­шы­лықтары да бар үнді әдебиет­тері туралы айтып кетуіміз қажет. Бұл әдебиеттер әр кез бірқалыпты дами қоймағанымен, бір-бірімен тығыз байланысқа түсе отырып, тарихи болмысы жағынан ұқсастыққа ие болған.

Қарастырылып отырған кезеңдегі үнді әдебиетінің айтарлық­тай ерекшелігі ретінде «Орта ғасырлар әдебиеті» мен «Ортағасыр­лық әдебиет» ұғымдары оған сәйкес келмейтінін атап өтуге болады. Орта ғасырлар немесе феодалдық құрылыстың қалыптасу кезеңі көптеген маман­дар­дың пікірінше, Үндістанда б.з. І мыңж. сәйкес келеді. Сонымен қатар осы аталған мыңжылдықта айтар­лықтай дамып, оның орта тұсында дамудың жоғарғы шегіне жеткен сан­скрит­тік әдебиет құрылымы мен сипаты жағынан ежелгі әдебиетке жатады. Тек І мыңж. соңына қарай жаңа үнді әдебиетінің дүниеге келуімен байланысты Үндіс­танның әдеби санасында нақты ортағасырлық әдебиет пайда бола бастайды.

Санскриттік әдебиет өзінің өмір сүруі барысында, ежелгі дәуір­де де, орта ғасырларда да нақты көрсетілген ішкі тұтастығы мен этникалық ұстаным­дар мен дәстүрлер мұрасы арқылы ерек­шеленеді. Сондықтан да, оны тұтас типологиялық құбылыс ретінде қарастырумыз қажет.

Ежелгі үнді әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі, негізінен, төрт ірі әдеби кешендердің қалыптасуымен байланысты болады. Олар: ведалық, буддалық, джайндік діни канондар мен санс­криттік эпос. Біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында басқа да ежелгі әдебиет­тердің анало­гиясы бойынша классикалық деп атауға болатын оның жаңа кезеңі басталады. Бұрын көптеген ежелгі үнді тіл білімінің ескерткіштері ауызша түрде болса (немесе ауызша түрде пайда болса), ендігі жерде көркем шығармашылық жазбаша түрде беріле­тін болған. Егер де ведалық, эпостық, буддисттер мен джайндердің діни канондары болмысы бойынша анонимді болып, әдеби шығар­ма жеке тұлға еңбегіне қарағанда, ұжым­дық тұрмыстың көрінісі болса, енді үнді әдебиеттерінің жалпы дамуы шынайы және мәдени дәстүрде беделді болған автор­лардың атымен байла­нысты болады. Мысалы, Ашвагхош, Калидас, Дандин, Бхартрихар, Бхавабхути және т.б. Егер ежелгі үнді әдебиеті негізінен синкрети­калық болса, б.з. І мыңж. әдебиетінде эстетикалық, жекеленген көркем мәселе­лер алдыңғы қатарға шығады.

Әдеби сипаттағы осындай принциптік өзгерістер Үндістанның саяси және рухани өмірін­дегі өзгерістермен байланысты болып, олардан бастау алып отырған. Ескі және жаңа дәуір­лердің тоғысын­дағы жатжерлік шапқыншы­лар­мен күрес, бір жағынан, Үндістан­ның шек­телген мәдени шеңберден шығуына ықпал етсе, екінші жағынан, феодалдық даму жолын­­да тұрған үнді қоға­мының ішкі консолидациясына бастау болады. Консолидация сан­скриттік іскерлік, рухани және әдеби тілдің пайдалану аясының кеңейуіне, жалпыланған әлеу­меттік және құқықтық нормалар­дың қалыптасуы­на, Үндістан аумағынан буд­дизм­ді ығыс­тыра отырып, басты дін ретінде, ин­дуизм­нің тұрақтануына, ірі мемлекеттердің құры­луы­­на да ықпалын тигізеді. Осы кезде үнділік классикалық филосо­фияның негізгі доктрина­лары қалыпта­сып, жаратылыстану, матема­тика, астрономия және медицина ғылымдары ірі жетістіктерге жетеді; бізге дейін сақталған Аджанта мен Санчи, Матхура мен Эллора ескерткіштері бойынша, сәулет өнері, мүсін жасау мен сурет салу сияқты бейнелеу өнерінің түрлері шарықтау шыңына жетеді.

Үнді дәстүрі бірталай еңбектерді Калидас шығармашылығына жатқызға­нымен (30 шақ­ты), олардың 6 ғана нақты Калида­стың шығармашы­лығына тиесілі: «Мегхадута» атты лирикалық поэма (Жаршы-бұлт), «Кумара­самбхава» (Кумараның [соғыс құдайы] дүние­ге келуі) және «Рагхуванша» (Рагху ұрпақтары) атты эпикалық поэмалар мен үш драма: «Маляви­кагни­мит­ра» («Маля­вика мен Агнимитра»), «Абхиджняна-Шакунтала» («Танымал Шакун­тала») және «Викраморваши» («Урваши батылдығының арқасында»). Калидастың «Мегхадута» атты поэмасы 100-140 шумақтан құралады. Онда Калидас белгілі бір себептер­мен оңтүстікке жер аударған якша (Кубера байлығының жоғарғы билеушілері қатарын­дағы жартылай құдай) жайлы баяндайды, оның сөздері бойынша, якша көшіп бара жатқан бұлттардан әйеліне өз махаббатының хабарын жіберіп, оны жұбатпақшы болады. Әңгіменің негізгі бөлі­гінде якшаның сапар шегуі жайлы айтылып, сол сапары бойынша бұлттар оның Отанына жетулері тиіс болады. Осы тәсілмен Калида­с ауылдар мен қалаларға, Үндістанның халқына, өзендер мен көл­дер­ге жалпы ақындық сипаттама беріп, табиғаттың әрбір көріні­сінде өз кейіпкерінің үміті мен сезімін бейнелі түрде көрсетеді. Якша жұбайынан алыс болғандықтан, қатты қиналады, сондықтан бұлттардың жолында кездесетін өзендер, сұлу әйелдер бейнесінде елестейді, ал бұлттың өзі ұзақ айыры­лысудан кейін қуаныш сыйла­ған жалындаған жұбайы болып көрінеді.

Калидастың келесі екі эпикалық поэмасы, яғни, «Рагхуванша» және «Кумара­самбхва», сан­скриттік поэтикада «махакавья» деп аталған классикалық жанр­дың үлгілері болып табылады. Махакавья немесе «ірі көлемді поэма» ақындық трактаттардың талаптары бойын­ша, жеке шумақтардан құралуға тиіс еді. Олар өзара композициялық түрде байла­нысып, сюжетті клас­си­­калық эпос немесе пураннан алынған. Оның кейіпкері — адамгершілігі мол батыр жолында­ғы барлық қиындықтардан сүрінбей өтуге міндетті болады. Оның мазмұны әсем қалалар мен теңіздер, жыл мезгілдері, күннің шығуы мен батуы, тойлар, ғашықтар кездесуі сияқты құбы­лыс­тарды сипаттау арқылы берілген. Калидас әдеби немесе «жасанды» деп аталатын санскрит әдебиетінің эпос, лирикалық поэма, драма сияқты барлық жанрла­рын­да классикалық шығар­ма туындыларын жарыққа әкел­ген.

Бхартрихари жайлы көптеген қарама-қайшы аңыз-әңгімелер де кездеседі. Ең қызық әрі шындыққа жанасатын әңгіме қытайлық И Цзиннің жазбаларында келтірілген. Ол Үндістанға келер алдында қырық жыл бұрын, яғни 651 ж., «Вакьяпадия» грамматикалық трактатын және Үндістанда кеңінен танымал болған бірқатар шығар­маларды жазған ұлы ғалым Бхартриха­ридің қайтыс болғанын айтады. Бхартрихаридің бейнесін салған И Цзин оның монахтар мен ақсүйек­тер өмірі туралы көп ойланғанын айтады. И Цзиннің айтуынша, бірде шіркеуге келіп, ол бірден өз оқушысынан ат арбаны дайын ұстауды сұрайды, яғни әлемнің қызығушылығы оны билеген кезде бірден кетіп қалуына мүмкіндік болу үшін дайын­далады.

[1] Калидастың өмірі жайлы мәліметтер аз сақталған. Оның өмірбаяны жайлы айтылған көптеген аңыздар фантасти­ка­лық түрде, еш дәлелсіз жазылған. Солардың ішіндегі анағұрлым танымал аңызда негізінде Калидастың брахмандар қатарына жат­қа­ны, оның жас кезінде өте кедей және тәртіпсіз болғаны жайлы айтылады. Оның әйелі білімді әрі дана адам болып, тіпті, оны үйден қуып шыққан. Сол кезде Калидас Кали құдайы­ның маза­рын­да түнеп, Кали оны жалпы ғылым мен ерекше ақындық қабілет­ке бөлейді. Ақынның санскрит тілінде «Калидас» — «Кали құлы» деген мағынаны білдіретін есімі де осының негізде пайда болады.

Бхартрихаридың мұрасын үш шатака құрайды: «Шрингараша­така» («Махаб­бат жайлы жүз шумақ»), «Нитишатака» («Дана тәртіп жайлы жүз шумақ»), «Вайрагьяшатака» («Босату жайлы жүз шумақ»). Сақталған шатака қолжазбалары интерполяция мен қосымша­ларға толы, онда «Пан­чатантра», «Шакунтала» мен «Мудра­ракшадан» бірнеше шумақтар кезде­се­ді, антологтар бұл шумақ­тар­ды басқа ақындарға тіркеп қойғандықтан, қазір бұл шатака­лар­дың түпнұсқасын қай­та қалпына келтіру мүмкін емес.

Бхартрихаридің шығармашылығының негізгі сарыны — өмір елесі мен оған деген қызығу­­шылығы және өзінің құмарлық сезімдеріне қарсы күресі; бір жағынан әйелдер, патша сарайы, байлық, ал екінші жағынан қуаныштарға деген немқұрай­лы­лық, даналық пен әділдік — міне, осы екі жағымды нәрсе Бхартри­харидың поэзиясындағы лирикалық шиеленіске негіз бо­лып, әрбір шатаканың мазмұнын айқындап береді.

Жалпы санскрит лирикасындағы сияқты Бхартрихаридың да әрбір шумағы тұйықталған бірлік болып табылады. Әр шумақ өзіндік ой мен жеке идеялар арқылы жанданады, ал ұзақ кө­лем­ді формалар бір шумақта кейде кішігірім поэмаға жетерлік мағына­ның ашылуына мүмкіндік береді.

Үнділік классикалық кезеңде прозалық мағынадағы дүниелерде кездеседі. Сондай санскриттік романдардың бірі сана­латын Дандиннің «Дашакамара­чарита» («Он ханзада оқиғалары») шығармасы.

«Дашакамарачаритада» ханзада Раджавахан және оның тоғыз жолдасы жайлы баян­далған. Олар тағдыр тәлкегімен ұзақ уақытқа бір-бірінен алыстап, кейін кездеседі де, бір-біріне кезекпен бас­та­ры­нан өткен шытырман оқиғаларды айтып береді. Роман компози­циясы көмкерілген повеске жақын, бірақ бір айырмашылығы – соңғысында эпизодтар көрнекі және шектеу мазмұ­нына еш қатысы жоқ, ал Дандиннің туындысында олар өзіндік қасиетке ие бола тұра, белгілі бір дәрежеде Раджаваханның тағдыры жайлы негізгі баяндауды толықты­рып тұрады, ал бұл өз тарапынан танымал сюжет­тік бірлікті романға тиесілі етеді.

Дандин әңгімелеуінің қызықтылығы мен көркемдігі романда көп орын алатын әзіл-сықақ көріністерін күшейте түседі, кейбір күлкілі эпизодтар, мысалы, Камамньджари гетера­сының «ұлы тақуа» қарт Маричиді азғыруы немесе «Артхашастраның» нұс­қауы­мен ғана жүретін патша­ның мүшкіл жағдайы, айқын түрде сатиралық реңкке ие. Дегенмен Дандин салған ғұрыптар көріні­сінде оның жеке идеалын көру оңай емес, ол барлығын кастасына да, атағына да, ол патша болсын, брахман, аскет, саудагер, қара­пайым қолөнерші немесе шаруа болсын, ешнәр­сеге қара­мастан, әрқашан күлкі етуге дайын. Тіпті романда құдайлардың өздері де үлкен құрметке ие емес, оларға адамгершілікке жат іс-әрекетті ақтау керек болған кезде ғана сілтеу жасалынады (мысалы, гетера Маричи қартты құмарлық ләззат алудан бас тартқанда күнә бар екенін сендіру үшін, оған аспан құдайларының махаббат ерліктерін тізіп береді). Жалпы ешқан­дай да адамгершілік мәселелер роман кейіпкерлерін қызықтырмайды және оған деген автордың көзқара­сын білдірмейді.

YIII-XII ғ. санскрит әдебиетіндегі өмірге бейім туындылардың бірі көмке­рілген повесть болып табылады. Қарастырылып отырған кезеңде «Панчатан­траның», «Брихаткатхидың» және көптеген бір­ту­ма жинақтарының жаңа нұсқалары пайда болған. Үндістанда және одан тыс аймақтарда «Панчатантра­ның» кейінгі үлгісі – «Хитопадеша» («Қайырымды нұсқау») кеңі­нен таралған, оның құрастырылған уақыты әдетте ІХ-Х ғ. деп белгіленеді. Бізге белгі­сіз «Хитопадже­шаның» авторы (бір қолжазбаларда ол Нараяна деп аталған) «Панчатантраны» ғана қолданбай, басқа да жинақты пайдаланған. «Хитопаде­шаның» басты ерекшелігі онда «Панчатан­тра­дан» да көп көрнекі өлең жолдары­ның болуында.

І мыңж. орта тұсында авторы белгісіз «Веталапанчавин­ша­ти­ка» («Вета­ланың 25 әңгі­месі») туындысы бір­не­ше редакциямен жеткен. Бұл жинақтың кейіп­кері – жарты­лай танымал патша Викрам, аңыз бойынша ол б.з.д. І ғ. Удджайиниде билік құрған. Бұл патша­ның сара­йы­на бір сопы келіп, оған ішінде бағалы меруерті бар жеміс сыйға тартып, оның орнына патшадан бір қызмет көрсетуін сұрайды, яғни өлілерді күйдіру орнына барып, оған ағашта ілініп тұрған ветала деген құбылғыш жын кірген өлікті алып келуін сұрайды. Өлік сопыға сиқырлы күшке ие болу үшін қажет болатын. Бірақ патша тіс жармау керек, әйтпесе, өлік одан қашып құтылып, ағашқа қайта оралады. Викрам қабірлер басына барып, ағаштан өлікті шешіп алады, жолда ветала патшаны әңгіме­ге тартпақ болады, оған түрлі түсінік беруге болатын әңгімелерді қозғайды. Ветала әңгімесін сұрақпен аяқтайды да патша үндемей қала алмай­ды. Осы уақытта өлік ағашқа қайта оралады, патша қайтадан баруға мәжбүр болады. Патша жауап беруден бас тартқанша, оқиға 24 рет қайталанады.

«Веталапанчавиншатиканың» тек кейінгі өңдеулеріндегі жина­ғы «Шука­сап­тати» («То­ты­құс­тың 70 әңгімесі») ғана бізге жеткен. Баяндау барысында кө­пес­тің жеңілтек мінезді әйелінің күйеуі басқа жерге кеткен кезде ашынасымен кездескісі келетіндігі айтылады. Бірақ әрқашан ол табалдырықтан аттай бері­сімен, тотықұс оны түрлі-түрлі қызықты әгімелерімен ұстап қалады. Осылай күйеуі оралғанша қайталанып отырады. Бірақ YIII ғ. аяқ кезінен бастап, Үндістанның қоғамдық өмірі жағ­д­айында санскрит әдебие­тінің мүмкіншіліктері әлсірей бастай­ды.

Бұл өзгерістер ішкі әлеуметтік және саяси дамудың нәтиже­сін­де, феода­лизмнің нығайып, ірі, қуатты империялардың күйреп, көптеген феодалдық мемлекеттер мен ІІ ғ. мұсылман жаулаушылық­тарының салдарында Үндістанда жаңа халықтар қалыптасып, түрлі тілді және түрлі сипаттағы мәде­ниет­тің пайда болуына негіздер салына бастайды.

Мұндай әдебиеттер арасында дравидтік тамиль әдебиетінің жағдайын атап өту өте маңызды.  Тамиль әдебиетінің ерте ескерткіштері (панегирика пен лирикалық поэмалар) сол­түс­­тік үнді ықпалынан тыс пайда болған сияқты, дегенмен классикалық санскрит әдебие­тімен ұқсас жағдай­ларда қалыптасқан тамильдік әдебиет ұзақ уақыт оған типология­лық тұрғы­дан жақын болып қалады.

Тамиль мәдениетінің екі ұлы ескерткіші «Тируккурал» және «Наладийар» дидакти­ка­лық жи­нақ түрінде құрылған. «Тируккурал» («Қасиетті куралдар») 1330 куралдан тұратын жинақтар (мет­ри­­ка­лық образда­ғы екі жолды өлеңдер) — өлең афоризм­дері болып табылады. Оларды құрас­тырған атақты Тиру­вал­лувар дана деп айтылады. Жинақ ежелгі Үндістанның үш дәстүр­­лі өмір мақсат­тарына сай келетін үш бөлім­нен тұрады: дхарма, артха, кама. Соңғы мақсат – мокша, жан­ның мате­риалды дәнекерден босатылуы, яғни қайта туу циклінен босату – «Курал­да» көрсетіл­ме­ген, себебі афоризмдерді құрай отыра, автор, алды­мен, осы өмірдегі адам жайлы айтқан.

«Тируккуралдың» бірінші бөлігінде адамның адамгершілік образындағы афоризмдері жинақ­тал­ған. Қамқор отағасы, қонақжай үй иесінің мінсіз бейнесі басты назарда болады. Жақсы­лық жасау жайлы айта отырып, автор белгілі бір діни доктринаны ұстанбайды. Жалпы кейбір жағдай­ларда джайнизм мен буддизмге тән пікірлер­дің бағытын көруге болады, бірақ автор түрлі ілім­дер­ден өзінің дүниетанымына сай келетін тұстарын ғана таңдап алады. Осылай­ша, шығармалар­да махаббат, қонақжайлылық, алғыс, жақсылық пен жүректің жо­март­тығы туралы тараулар да кездеседі.

«Тируккуралдың» екінші бөлімі адамның қоғамдық қызметіне арналған. Мұнда мемле­кеттік құрылыс, шенеуніктер мен патшаның міндеттері, басқару әдістері және тағы да басқа сұрақтар қам­тыл­­ған. Сондықтан екінші бөлім адамның қоғамдық міндетте­ріне емес, өмір мен әрекеттің бас­ты принциптеріне арналған; мұнда ілім-білім, ризашылық, кемшілік­терді жеңу, достық сияқ­ты тақырыптар қозғалады. «Куралдың» үшінші бөлімі — ковей («гүл тізбе­гі») жан­рын­­­да­ғы тамиль поэзиясының алғашқы үлгісі, ол кейін ортағасырлық поэ­зияда кең тарап, ғашық­тар қатынастарының дамуын суреттейтін эпизодтар тізбегін құраған.

Діни фанатизмнің болмауы, пайымдау­дың тереңдігі мен нақты­лығы оны тамиль қоға­мының бар­лық сатысында танымал етеді. «Куралдың» тамиль мәдениетіне әсері өте үлкен, оны кейде «та­миль ведасы» деп те атайды. «Наладийар» («Төрт жол шумақ» YII-X ғ.) деп аталатын 400 өлең шумақтарынан құралып, үш бөлімнен тұрады. Жалпы бұл туынды сөзсіз аскет­тік сарында қатал жазылған шығарма болып табылады.

І мыңж. екінші жартысында жоғарыда аталған шығармалардын басқа тағы да бірқатар джайндық поэмалар пайда болған, мысалы Конгувелирдің «Перунгадейі» («Үлкен әңгіме») «Брихат­катхидің» тамильдік нұсқасы, Тола­мо­життевараның сюжеті «Маханпурана­дан» алынған «Суламани» («Диадема­дағы асыл тас») атты поэма­сы. Олардың пайда болуы оңтүстік Үндістан­дағы джайндық діннің өмірлік тұрақтылығы мен джайндықтардың қызмет­терінің осы уақытта біраз күшейгеніне куә болады. Бірақ олардың ықпалдары YI ғ. діни бхакти ағымының дамуына байла­нысты әлсірей түседі. Бұл ағым джайнизмды ығыстырған­мен, өзі пайда болған дәстүр­лі брах­ма­­низм­г­е қарсы болады. Бұл ағымның маңыздылығы адамның құдаймен тілдесуінің алдың­ғы шарты — сезім, құдайға деген тірі махаббат, онымен тікелей эмоциялық қатынасты іздестіру деген түсінігінде жатыр. Ондағы сыртқы әдет-ғұрыптар мен құдайды танудағы қиын тәртіп­терден бас тарту бұл ағымның демократиялық сипатын көрсетіп, абыз-брахмандар табының жойылуына әсер етеді. Бхатки үшін ақындық шығармашылықпен органикалық байланыс тән. Діни эмоциялар діни әнұрандарда тікелей көрініс табады. Бұл еркін жанр веда мифологиясына, эпос, санскриттік пуранға (кейбір тамильдік аңыздар мен мифтер де қолданылады) сүйенеді. Бхатки ілімінің тарапынан жалпы ақын­­дық шығармашылықтың өзі жалпы ритуалдық әрекет ретінде қарастырылады.

Солтүстік үнді әдебиетті (хинди, бенгал, маратхи, пенджаб және т.б) YIIІ-ХІІІ ғ. қалыптас­қан деп айту ертерек болады. Бұл әдебиеттер тек ұлттық әдеби құндылықтар мен осы әдебиеттің ескерткіштері апабхранша және басқа да ауыспалы тілдерде шығарыла бастаған кезде ғана өмір сүре бастайды. Олар­дың қалыптасуына дравидтік әдебиетпен қатар санскриттік әде­биет­тің де қосқан үлесі ұшан теңіз. Көптеген үндіарийлік әдебиет­тердің ерте кездегі ескерткіштері ежелгі үнді эпосына жасалған өңдеулер ретінде келсе, кейде чампу немесе пенджабтықтардың вара, раджастандықтардың расо сияқты батырлар дастаны, тіпті тұтас жанрларда санскриттік үлгі бойынша өзгертулерге ұшы­рап отырған. Дегенмен санс­крит­тік ықпал жаңа әдебиеттің ерекше­лігін айқындайтын факторларды жоя алмайды. Орта ғасыр­ларға тән діни күпірлік түрін­дегі оппозициялық демократиялық ағымдар олардың да­муын­да маңызды орынды алады. Пенджаб әдебиетінің ескерткіштерінен натха секталық қозға­лысының қаты­су­шыла­ры­ның өлең­де­рін, хинди әдебиетінің мұрасынан — синдх-ақын­дары­ның апабхранша тілінде жазылған өлең­дерін, ал бенгал әдебиетінің шығармашы­лығы­нан – буддист-тантристар құрастыр­ған «Чорджа­под» діни әнұрандарының жинақтарын кез­дес­тіруге болады. Осыған ұқсас мәтіндер жергілікті фольклормен тығыз байланысты болған. Дәл осы тірі фольклорлық дәстүрмен тығыз байла­ныс және кейінгі санскрит әдебиетінен ерекшеленетін жаңа үнді әдебиеттің өзекті идеоло­гия­лық бағыттары ХІІІ ғ. бастап, бұл әдебиетің гүлдену кезеңіндегі көркемдік құндылықтарының алғышарттарын жасайды.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.