Ортағасырлық Қытай әдебиеті

Главная » Рефераттар » Ортағасырлық Қытай әдебиеті

III-XIII ғ. аралығын қамтитын уақыт кезеңіне көршілес жатқан Қытай, Корей, Жапон, Вьетнам сияқты Шығыс Азия халықтары арасындағы мәдени, нақтырақ айтсақ, әдеби байланыс­тар тән. Батыс елдерінің тарихында грек және рим мәдениеті қаншалықты маңызға ие болса, корей, жапон, вьетнам халықтарының өмірінде де ежелгі қытай мәдениеті сонша­лықты маңызға ие. Қытай тарихы мен поэзиясы Шығыс елдеріндегі осы халықтардың ортақ мақтанышы мен жетістігіне айналады. Бұл халықтардың мәдениетін Қытайдан осы елдерге әр түрлі уақыт аралығында келген иерог­лифтік жазу біріктіреді. Мысалы, Кореяға б.з. І ғ. бастап келген Хамнун, б.з. Y ғ. корей халқы арқы­лы Жапонияға келген камбун, Х ғ. бастау алған әлемге танымал вьетнам поэзия­сын атап өтсек болады. Бұл халықтардың тарих және поэзия саласындағы алғашқы жазу ескерт­кіштері де иерог­лиф­пен жазылған деп есептелінеді. Осылайша, хамнун, камбун, ханван жазуларын белгілі бір дәуірдегі ұлттық мәдениеттің органикалық бөлігі ретінде қарас­ты­ру дұрыс.

Ортағасырлық Шығыс халықтары бір-бірімен үздіксіз байла­ныста болған. Бұл елдердің сауда және мәдени қатынастары тек Шығыс Азиямен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар Үндістан мен Батыста, ал Тан әулеті кезінде тіпті Византияда да өз бастауын тапқан. YII ғ. 30 жылдарында Қытайға бұған дейін Үндістанмен байланыс орнатқан Тибеттен елшілік келеді. Оңтүстік Қытай­дағы Гуанжоу қаласында араб саудагерлерінің колониясы болған. X-XIII ғ. қытай халқы елуге жуық елмен сауда байланыстарын орнатады. Тіпті елдің солтүстік және батыс шекара­сын­да түрік­термен болып жатқан үздіксіз соғыстардың нәтижесінде қытайлар түркі мәде­ниеті, салт-дәстүрімен танысады.

ІІІ ғ. құлиеленушілік құрылыстағы Хань елінің құлауы кезінде қытай қоға­мы­­ның тари­хында ортағасырлық дәуір бастау алады. Соңғы шегі ХYІІ- ХYІІІ ғ. сәйкес келетін Қытай орта ғасырда­ғы әлі көптеген зерттеулер мен жаңалық­тарды қажет ететін алып мәде­ниеттерді қамтыған.

.

Мыңдаған жылдар бойы халықтар арасында соғыстар болға­нымен, Қытай халқы өз мәдение­тін сақтап қалады. XIX ғ. дейін Қытайды жаулап алушы халықтар оның мәдениетіне таңырқай қа­рап, сол халықпен сіңісіп, бірге өмір сүреді. Олардың барлығы Қытайды жаулай отырып, қы­тай мәдениетін толығы­мен үйрене бастайды.

Осы мәдениет пен Қытай мемлекетінің негізінде өзін «Алтын ғасырлар» дәуіріндегі дәстүр­лер­дің жалғастырушысы деп жарияла­ған Конфуций ілімінің идеялары жатыр. Конфу­ций ілімі сол кезде халықтың санасына сай келіп, адамға өмірдің ең дұрыс жолын (Дао) сілтеді. Конфу­цийдің түсінігі бойынша, адам өзін биік дәрежеге көтеру үшін, белгіленген міндеттерге сүйену керек, ол міндеттер білімділікке, парасаттылыққа, кішіпейілділікке және де әділ болуға жете­лейді. Конфуций ілімі халықтың өміріне, ойлау қабілетіне, қытай халқының мәдениетіне, ал I-IІ ғ. бастап ресми мемлекеттік дініне айналады. Ол алдағы тарихи кезеңдерде көптег­ен өзгерістерге ұшырап отырған.

Конфуций ілімі адамгершілік негіздегі рухани оқу ретінде буддизм мен даосизмнен тыс жеке өмір сүрмеген. Конфуций ілімін ұстанған адам бір мезгіл­де буддизм немесе даосизм заңдылық­тарын да ұстана алатын. Осы «үш оқу» негізінде қалыптасқан орта ғасырдағы адамның дүниетанымы, ең алдымен, қытай, кейін корей, жапон және вьетнам әдебиеттерінде толығымен көрініс табады.

Жалпы, қытай халқы ерте дәуірдің әдебиетін қадір тұтқан. Ерте дәуірдегі Қытайдың атақты ақындарының бірі Тао Юань-мин. Оның ІІІ ғ. Цао Чжи, Жуань Цзи, Цзо Сы сияқты заман­дастары қытай поэзиясының дамуына өз үлес­терін қосқан. Халық әндерінен бастау алып, ортаға­сырлық қытай поэзиясынан орын алған бес сөзді өлеңді әлемнің жаңа көркем көрінісі ретінде поэзияның өмір­ге келуі, бір сөзбен, қоғамдық дамудың белгісі ретінде қарастырған жөн.

Конфуций ілімі дидактизм ежелгі дәуірдің ортағасырлық қытай поэзиясының адамгер­ші­лік қасиеттері мен оның авторының адамгершілік бейнесімен ұдайы араласуын негізгі шарт етіп қойған. Конфуций өз замандастарын ежелгі дәуірдің әдеби мұрасын сақтап, ұрпақ­тан-ұрпаққа еш өзгертусіз жеткізуді үйретеді. Яғни, әрбір жеткізуші нақты жылдар мен оқиға болған жерді, оған қатысушы­лардың есімдерін дәл айту арқылы өзіне дейін жеткен мәліметтерді ойдан шығармай, нақты дәлелдермен айтып отырғанына сенімді болады. Осы жерден ақын пен қоғамның күнде­лікті өмірдегі шынайы жағдайларымен тығыз байланысты қытай поэзиясының өмірбаяндық және «күнделік» жанрлары қалыптасады.

Тіпті YІ ғ. өзінде-ақ Қытайда әлемді қабылдауға байла­ныс­ты кең ауқымды әрі тамыры терең жайылған поэзия мен оған түсінік беретін трактаттар да болған. Цао Пи (ІІ-ІІІ ғ.) ақынның еншісіне кіретін осындай шығарма­лар­дың алғашқыларында жазба өнерінің өмір­шеңдігі туралы айтылған.

Келесі ғасырларда Қытайдың орта ғасырлар тарихында Тан және Сун әулеттері білімге баса назар аударады. Тан әулеті кезінде ақындардың әлеуметтік жағдайы мен қоғам­дық орны арта түседі. Ақын­дардың өздеріне аударған назарлары жалпы адамзаттың тағдырына және елде болып жатқан күй­зе­ліске деген үн қату болатын. Олардың бірі ретінде көтерілісші Ань Лу-шаньды атап өтсе бола­ды. 755 ж. әскери наменгер Ань Лу-шань көтеріліс ашып, елге сансыз бақытсыздық пен қайғы-қасірет әкелген соң ғана, 763 ж. жатжерлік әскердің көмегімен басылады. Бұл көтеріліс Ли Бо, Ду Фу мен Ван Вэй секілді ұлы ақындардың тағдырларына әсер етіп, поэзияда азаматтық тақы­рыптың күшеюіне өз ықпалын тигізеді.

Қытай тарихында YІІІ ғ. 80 жылдар жазда және қыста жина­ла­тын екі еселенген салық арқы­лы есте қалған. Шаруалардың кедей­ле­не бастауы мен жердің көп бөлігінің феодалдар қолына өтуі Бу Цзюй, Хало Юя және Лю Цзун-Юань сияқты ақындардың шығармаларында айқын көрініс тапқан. Осы­лай­ша, поэзия бұқара халықтың қорғаушысына айналып, ортағасырлық Қы­тай­да поэзия­ның адам өміріне жақын болғандығының дәлелі болады.

874 ж. бастап 901 ж. дейін жалғасқан Хуан Чао бастаған көте­рі­лістен, шаруалар соғысынан кейін 907 ж. Тан әулеті ыдырайды. Қытай алдағы 300 жыл бойы Сун әулетіне бағынады. Сун әулеті кезінде көптеген шаруалардың ірі жер иеленушілерге тәуелдігі артуы­мен қатар қоғамдағы зиялы қауымның да маңызы арта түседі. 1127 ж. елдің үштен бір бөлігінен көбін жаулап алып, оларды оңтүстікке қарай ығыстырған чжурчжэндер арқылы Сун әуле­тін­дегі тыныштық өмір мен бейбітшілік бұзылады. Елде болған жағым­сыз жағдайлар мен қасіреттер халықтың рухани өмірін түбегейлі өзгертпей, тек басқа арнаға бұрады. Әдебиетте басты маңыздылыққа Отан тақырыбы ие болады. Өзінің көлемі бойынша ауқымды болып келетін Сун поэзиясы адам өмірінің барлық қырын сипаттайды. Осы уақытта қытай поэзиясы жоғары сатыға көтеріледі. Шығар­маларда адам тақырыбы мен тұтас қоғам туралы жиі айтылады.

.

Тао Юань-мин (365-427) Шығыс Цзиинь әулеті билік тұсында елдің оңтүс­тігінде өмір сүріп, 420 ж. Сун әулеті тұсында қайтыс болады. Бізге дейін Тао Юань-миннің 160 өлеңі мен бірнеше прозалық-поэти­калық шығармалары жеткен. Ол кедей отбасында дүниеге келіп, 29 жасынан бастап елге қыз­мет ете бастаған, болмашы лауазымдарға ие болады. Оның барлық поэзиясы лауазымдық қыз­мет­тен босап, тәуелсіздікке ие болған адам өмірі жайлы жырлауға ұмтылысы байқалады. YІ ғ. сыншы Чжуан Жун оны «дүние­ден безген ақындардың көшбас­шысы» деп есептейді. Тао Юань-миннен жаңа сипат­тағы поэзия бастау алады.

Юань-миннің поэзиясы адамды жоғарғы адамгершілікке бау­лып, өлімге сабыр­лық­пен қарауға үйреткен. Өз дәуірінен бұрын болған қытай жазушылары арқылы ғасыр­лар бойы жиналған адамгер­шілік құндылықтардың ең көркем көрініс­тері Юань-миннің поэзиясында айқын жырланған. Солар­дың ішінен «Шабдалы бұлақ» шығармасын еркше атап өтсе болады. Бұл өлеңде бақытты шаруалар әлеміне түскен осыдан 500 жыл бұрын Цинь жауыздарынан қашып, қазіргі кезде бар­лы­ғы да тең құқылы, мемлекет салығы жоқ қоғамда өмір сүріп жатқан балықшы туралы айты­лады.

Юань-мин өлеңдерінде ойдың тереңділігі мен жарқын­дығы оның поэтикалық мәнерімен тығыз байланысты. Өзінің қарапайымдылығы, таби­ғатпен тікелей қарым-қатынасының аста­рын­да нағыз адам өмірі, яғни оның қуанышы мен қайғысы жатыр.

Се Лин-юнь (385-433) — пейзаж лирикасының асқан шебері. Бұл жанрдың қалыптасуы — ІY-Y ғ. қытай әдебиетіне тән сипаттардың бірі. Табиғат тамаша­ларын жырлау, оны тылсым күш­тер­дің аренасы, адамзат қауымының тіршілік-тынысы ретінде сурет­теу пейзаж лирика­сына тән тақы­рып­тар. Бай, ақсүйектер ортасынан шыққан Лин-юнь көптеген ел­дер­ге саяхат жасап, өзін қорша­ған әлемге, ондағы тұңғиығы мен терең сырларына үңіле қарайтын. Оның өлеңдерінен тірі сурет­теу­­­лермен қатар кейде адам өмірінің тұрақсыздығы туралы буддизм элементтерін де, мистика­лық бейнелерді де кездестіреміз. Тіпті ақын­ның мистикалық өлеңдерінде де табиғаттың жарқын көрі­­ністері суреттеледі.

Лин-юнь поэтикалық үлгісінің ерекшелігі онда көне конфу­цийлік ілімнің негізінде жазылған кітап­тардан алынған сөздер мен сөз тіркестерінің және параллельді стильдің қолданысқа түсуі­мен байланысты.

Хань әулеті тұсындағы юэфу дәстүрін ұлы ақын Бао Чжао (384-456) жалғастырып, одан әрі дамыта түседі. Ол Цао Пимен бірге YІІ-ІХ ғ. ақындардың шығармашылығында гүлдене түскен жеті сөзді поэзияның негізін қалады. Бао Чжаоның қуатты әрі мықты өлеңдері қытай поэзия­сы­ның дамуына әсер еткен. Ол халық кедейліктен туындаған түрлі аурулар мен аштықтан зардап шегуде, ал көптеген ақсүйектер байлыққа белшесінен батып, бақытты өмір сүруде деп налыған («Ежел­гі дәстүрге еліктеу», «Тарихи өлеңдер»). Шекараларда қызмет ету, соғыс, Отан үшін жан­да­рын құрбан етуге дайын жауынгерлер туралы өлең жолдары­нан елдің солтүстік шекарала­рындағы жатжерліктердің жасаған жорықтары ақынды қатты толғандыратынын көре аламыз.

YІІ-ІХ ғ. Тан әулеті тұсындағы поэзия. 618 ж. бастап Қытайда 300 жылдай уақытқа созыл­ған Тан әулеті билік басына келеді. Бұл әулет шаруалардың көтерілісін баса отырып, билікке ие болад­ы. Тан императорлары жаңа мемлекет құрыла бастаған кездің өзінде-ақ ха­лық күшін түсіне білген. Өзара жауласып жатқан жекелеген княздықтардың бірігуінің нәтижесінде ұлы Тан мемлекеті құрылады. Билік императордың қолында шоғырланады. Алғашқы императорлар елдің дамуы мен халық мүддесі үшін біраз іс-шаралар жүргізіп, қараусыз қалған жерлерді шаруаларға үлестіріп, ірі шонжарлардың билігіне шектеу қоя­ды, қолөнер мен сауданың дамуына жағдайлар жасайды. Салыстырмалы түрде ел бір жарым ға­сыр бойы тыныш­тықта өмір сүреді

Тан әулеті тұсындағы әдебиетшінің дүниетанымы да кеңейе түседі. Ақынның өмірлік тәжі­ри­бесі бұрынғыдай туған ауылы мен жақын арадағы қалашықтармен шектеліп қана қоймай, ел­дің бар­лық аймақтарында қайнап жатқан тіршілік пен түрлі жағдайларға қанық болады.

Y-YІ ғ. поэзияда оның мазмұнынына емес, сыртқы құрылымы­на баса назар аударылса, Тан әулеті тұсындағы ақындардың шығармашылығында өлең­нің құрылымы емес, оның ішкі мазмұны маңыздылыққа ие болады.

Тан поэзисының алғашқы сатысында төрт үздік ақын тұра­ды. Олардың ішінде Ван Бо (649-676) мен Лу Чжао-линьнің (637-689) алатын орны зор. Ван Боның атақты «Тан әулеті тұсындағы княздың сарайында» атты шығармасы алдыңғы кезеңдегі поэзияға тән түрлі-түстілік пен дерек­сіздікке қоса, қарапайымдылық пен қуаттылықты суреттейтін пейзаждар мен сезімдерге толы. Ол өз өлеңдерінде жай табиғатты суреттеп, достықты жырлап қана қой­май, сонымен қатар адам­зат­қа деген аяушылық сезімдерін де білдіреді. Ал Лу Чжао-линь өзінің «Чанъань – көнелікке елік­теу» атты өлеңінде сарай ақындарында әдеттегі үлгілерге қарсы келетін жағдайлар сурет­теледі.

Шынайы жаңашылдықты Чэнь Цзы-ань (661-702) бастайды. Төрт үздіктермен бір кезеңде өмір сүрген Чэнь Цзы-ань олардан басып озады. Ол халық қамын ойлаған мемле­кет­тік шенеу­нік болып, императорға «мемлекетті басқаруда адамға тыныштық әкелуден қымбат ешнәрсе жоқ» деп, поэзияның да халыққа қызмет етуін талап етеді. Цзы-ань өзінің ақындық талан­тын халық ісіне арнаған мемлекеттік қайраткер ретінде және тұлғалық пен өлең­дері арасындағы үйлесімділігі жағынан үлгілі ақын болады. Өмірі мен шығармашылығын­дағы осындай үйлесім­ді­лігі арқылы алдағы кезеңдердегі поэзияда идеалға айналып, оның еңбектері­нен кейін Тан поэзиясы дамудың жаңа сатысына шығады.

Әдебиеттің гүлденуі көп бөлігі бес сөзді өлеңдерден тұратын 260-тан астам өлеңдер қалдыр­ған Мэн Хао-жань (689-740) поэзиясынан басталады. Хао-жаньның өміріндегі қиын­дықтар оның мемлекеттік қызметіне байланысты болған сәтсіздіктерінен туындайды. Ақын шығармашы­лы­ғын­­да басшылықтың әбігерлігі­нен құтылуда — игілік, табиғатпен тілдесуде — қайғылы қуаныш, адамның шынайы сезімдерінде — мейірімділік бар. Оның шығарма­шы­лығында кездесетін тақы­рып­тар өзі өмір сүрген әлемнің шегінен шықпайды. Оның өлең­дерінде артық сөздер мен артық элементтер кездеспейді, онда тұтас өмірдің көрінісі ретінде адам мен табиғат бірге суреттеледі. Гао Ши (702-765) мен оған жақын ақындардың поэзиясында туған жердің кең даласы, адам тағдыры мен осы дүниенің қиыншы­лықтар туралы айтылады. Бұл ақындар терең болмаса да, халықтың қайға-қасіреттері туралы ойлана бастайды. Олар батырлардың қуанышқа толы жеңіс­терін суреттей келе, асырау­шысы мен тірегі­нен айырылған отбасыларының басынан кешкен қиындық­тары туралы жырлағанда, осындай ауыр құрбандықтар арқылы келген жеңіске деген күмән пайда болады.

«Пейзаждық» өнер арқылы қытай поэзиясында халық тағды­рына айтарлықтай әсер еткен жорықтар мен соғыстарды көркем суреттеуге көмектеседі. Көптеген «пейзаждық» өлеңдердің авторы атанған ақын Цэнь Шэнь (715-770) табиғат пен адам толық тұтастықты құрайтын әскери өмірдің жарқын суреттерін дүниеге әкеледі. Ақынның шығармасында екі жолды және үш жолды шумақтар кезектесіп келеді.

Ли Бо шығармашылығында халықтың өмірі мен оның рухы жырла­нады. Мұндай ақындар өздері өмір сүрген дәуірмен тығыз байланысты болға­нымен, олар халық жадында мәңгі қалады, олар өз ұлты туралы жырласа да, бүкіл әлем оларды толғандырады. Ли Бо 701 ж. дүниеге келген. Жастайынан адамдарға көмекте­суді арман­даған ол сол дәуірдегі жастарға ерсі көрінетін өзге жолды таңдады. Ол үйінен кетіп, жалғыз өзі бөлек тұрған, әр жерге саяхат жасап, даосизмге қызыққан. Император оны шақырып «ханьлинь» (қазіргі академик дәрежесімен тең) атағын берген кезде ол қырық жастан сәл асқан еді. Ли Бо Тан поэзиясын қамти­тын барлық тақырыптар төңірегінде өлең жазған. Оның өлеңде­рінде ерлік пен жауыздық басты назарда болады.

Әділетсіздікті әшкерелеу, адамдарға деген жанашырлық – клас­си­калық қытай поэзиясы­на, әсіресе Ду Фудың (712-770) шы­ғар­машылығына тән сипат. Оның шығармашылығын төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның 35 жасқа дейінгі өмірі үйренумен, жан-жағын танып білуменөтеді. Оның өлеңдерінен арманға толы жалынды жыр жолдарын, өзіне деген сенімділігін байқауға болады.

YIII ғ. II жартысында Ли Бо мен Ду Фудан кейінгі Тан әулеті тұсындағы үшінші ұлы ақын Бо Цзюй-и. Жаңа буын ақындарының алдыңғысы болған бұл ақын әділетсіздікке қарсы күресіп, шаруалар мүддесін қорғайды. Бо Цзюй-и (772-846) өлеңді жастық шағынан бастап жаза бастаған. Цзюй-идің әйгілі болған өлеңдерінің арасында елу «Жаңа халық әндері» мен «Цинь әндері» атты циклға жататын он өлең маңызды орын алады. «Жаңа халық әндерінің» тек тақырыпта­ры­нан оның бағытын анықтауға болады: «Шаруа мұңы», «Парақор шенеунік­терге қарсы»… бұл өлеңдер кейіпкердің монологынан тұрады. Онда ақын ресми түрде қалыптасқан өлең өлшемдерін бұзып, шумақтан тыс жаңа жол қосу сияқты тәсілдерді пайдалану арқылы «Цинь әндерінде» кездеспейтін еркін стильге жол береді.

Бо Цзюй-идің өлеңдері Қытай поэзиясының дамуы мен қытай әлеуметтік ойлау жүйесінің дамуында да жаңа белеске шығады. Онда шаруалардың өмір сүру деңгейінің нашарлауы да, Тан әулеті тұсындағы ақын-ойшылдардың маңызының өзгеруі де көрініс тап­қан. Цзюй-идің сюжеттік өлеңдерінде өмірдің әрбір қыры көрсе­ті­ліп, типтік образдар пайда болған. Цзюй-и тек ақын ғана емес, сонымен қатар әдеби бағыттың негізін салған идеолог та болған. Оның көптеген лирикалық өлең­дері «пейзаждық» және «философиялық» сарында жазылған.

Тан әулеті тұсында пайда болған жанрлардың бірі – новелла. Ол қазіргі қытай әдебие­тін­де «чуньци»[1] («таңғажайыпты жеткізу») деген атпен белгілі. Ғалымдар бұл термин Тан әуле­тінің соңғы кезе­ңінде (ІХ ғ. ІІ жартысы) өмір сүрген Пэй Синнің «Таңға­жайыптар тура­лы әңгіме» («Чуньци») атты жинақтың атауынан шықты деп пайымдайды. Дегенмен бұл тер­миннің қай уақыттан бастап қол­да­нысқа енгенін нақты анықтау қиын.

Бізге дейін Тан әулеті тұсындағы 79 әңгіме жеткен. Көптеген новеллистер бір-екі новелла­ның авторы ретінде ғана белгілі болған. Олардың саны біраз болғанымен (24), бізге жеткен новеллалар саны өте аз (мысалы, Тан әулетінің ерте кезеңіне тән Ну Судың 10 шиыр­шық қағаз­дан тұратын «Естігендер жайлы жазба» атты жинағынан бізге дейін тек екі новелла жеткен). 977 жылы құрас­тырылған Сун әулеті тұсындағы «Тайпин жылдарындағы ауқымды жазулар» атты әдеби жинаққа көптеген әңгімелер енгізілген.

.

Тан әулеті тұсындағы новелла — аса шеберлікпен айтылған таң­ғажайып оқиғалар. Ол анекдот, күнделік, өмірбаян сияқты ертедегі жанрларды өңдеу арқылы туындады. Новел­лист­тер тек қана өз шығармаларының атауларын ғана емес, сонымен қатар стилистика­лық үлгі­лірін де ежелгі дәуірден мұра етті. Мысалы, кебір новелла­лар стилистикасы жағынан тарихи хроникаларға жақын келеді. Тан әулеті тұсындағы новелланың ерекше сипаты автордың тарихи нақтылыққа деген ұмтылысында жатыр. Автор оқырманды өзі айтқан әңгіменің шындығына сендіру үшін автор оқиғадағы кейіпкерлердің туысы немесе досы не болмаса онымен жеке таныс болғанын білдіру керек болған. Тіпті, кей жағдайда автордың өзі оқиғаның бас кейіпкеріне айналады (Лу Гун-цзоның «Өзен, таулар жөніндегі көне кітап» («Гу Юэ ду цзин») пен «Се Сяо-эның басынан кешкендері» атты шығармалары, Ван Дудың «Көне айна» және белгісіз автордан қалған «Өткен уақытқа саяхат» атты шығар­маларында).

Бұл жанрдың ең гүлденген кезі YІІІ ғ. соңы болып есеп­телі­не­ді. Сол ғасырда өмір сүрген жазушыларға Чэн Хун, Хао Юй, Ли Гун Цзо жатады. Чэн Хунның Сюань-цзунның билігі мен ару қыз Ян-гуйфэйдің қасіретті тағдырына арналған «Мәңгілік қайғы» мен «Шы­ғыс астананы мекендеген қарттың әңгімесі» атты екі туындысы белгілі. Ал сол дәуірдегі атақ­ты новеллисттердің бірі Ли Гун Цзоның «Нанькэ билеушісі» мен «Се Сяо-энің басынан кеш­кендері» және бұдан басқа екі новелласы бізге дейін жеткен. Осы кезде жазылған новеллалар жоғары әдеби сипаттары мен адамға баса назар аударуы арқылы ерекшеленеді. Тан әулеті тұсындағы новеллистердің шығармаларында махаб­бат әлем билеушісі ретін­де суреттеліп, байлар да («Ин-ин жайлы»), Чанъанидағы жастар да («Ару қыз Ли»), сауда­гер­лер («Чжэн Дэ-линь») мен кәсіпқой әншілер де оның құрбанына айналады. Махаб­бат тақы­ры­­бын­дағы новеллалардың арасында құдайдың адамға деген («Кітапшы Цуй»), адамдардың адам бей­не­сіне енген жануар­ларға деген махаббаты («Сунь Кэ») суреттелетін әңгімелер де бар. Бір қызығы, Тан әулеті тұсындағы новеллалардан бірде-бір жағымсыз кейіпкерді кез­дестіре алмаймыз. Себебі жазушылар оқыр­мандарына тек жақсы үлгі-өнеге көрсетуге тырыс­ты. Тіпті, кейіпкерлердің кемшіліктерін баяндай отырып, оларды айып­та­майды. Кейбір кейіп­керлерде қулық, қатыгездік, сараңдық пен әділет­сіздік сияқты жағымсыз қасиеттер болса да, бірде-бір бас кейіпкерде мұндай жағымсыз қасеттер кездеспейді.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.