Қожаберген Жырау Толыбайсыншы Ұлы

Главная » Рефераттар » Қожаберген Жырау Толыбайсыншы Ұлы

Қазақ елінің тарихында Қожаберген жыраудың атаулы орны бар. Қазақ мемлекеттігін қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген ерекше тұлға. «Сегіз  қырлы, бір  сырлы» дара дарын. Елінің басынан өткерген тар жол тайғақ кешуін өлеңмен өрнектеп дастан еткен жырау. Туған жерін жат жұрттың шапқыншылығынан қорғап, қалың  жауға  қарсы қол бастап аттанған сардар батыр. Қиын кезде қасарысқан қас дұшпанға  қарсы қол жинап, елін , жерін сақтаған көреген елші , кемеңгер ойшыл болған данагөй.

Еліміз егемендік алып , тәуелсіздік туы көтерілген соң барып Қожаберген жырау  халық батырларының есімі мен қатар жарыққа шығып қазақ тарихынан өздерінің тиісті орнын алып жатыр. Шапырашты Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты еңбегінде: «Қожаберген Толыбай баласы Тәуке заманында әскер басы болған, жау түсіріп, ту алған батыр еді. Ол батырлығымен бірдей сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын мол жырлаған адам. Жасымен құралпы Бұқар оған құлдық ұратын. Бәлкім, егер Қожаберген жырау болмаса,бізге ол заманның көп шындығы жетпес те еді.»

Қожаберген — батыр, баһадүр, көрнекті мемлекет қайраткері, дауылпаз жырау , замана дүлділі — оның өмірі жолы қазақ тарихымен сабақтас. Қожаберген бабаның жеті атасы төрт ғасырға жуық қазақ — қалмақ соғыстарын өз бастарынан өткізген қаһармандар. Қазақ мемлекеттігінің болашағын ойлау Қожаберген бастаған қайраткер дәрежесіндегі ат төбеліндей билер мен батырлардың ісі еді. Қожаберген Үргеніш медресесін бітірген, өз заманасының білімді адамы болған, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік білген. («Тіліне араб, парсы едім жетік», — деп «Елім-ай» дастанында келтірілген). Әз Тәуке ханның Ордасында Қожаберген баһадүр елшілік миссиясын жүргізгені жайлы деректер «Елім-ай» дастанында кездеседі.

.

Ендеше, Қожаберген — дипломат, замана саясаткері. «Елім-ай» дастанындағы саяси ахуалға берген бағасы бүгінгі күнмен үндесіп жатқан тәрізді. Ендеше, Қожаберген жырау батыр, қолбасшы, ел тағдырын ойлаған реформатор, стратег — мемелекет қайтаркері. Замананың ұлы шежірешісі ретінде «Елім-ай» тарихи дастанында  бір ғасырдың сырын, мұңын ашты: «Халқымның хал жағдайын өлең етіп, Жырладым апат күннің шежіресін», —

деп зар заманның бейнесін дәл көрсетіп сипаттаған. Мырза Мұхаммед Қайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди», Қадырғали Жалайырдың «Шежірілер жинағы», Әбілғазының «Шежіре-и түрік», Ш.Уәлихановтың «Абылай хан» очеркі, М.Тынышпаевтың шежіресі, Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың әлем ұлылары туралы «Қазақ» газетінде жариялаған мақалалары, Абайдың «Ескендір», Мағжанның «Батыр Баян» поэмалары осы дәстүрдің жалғасы. Шәкәрімнің «Еңілік – Кебегі», Ә.Бөкейхановтың «Тарихи хроникасы». Қожаберген жырауды тарихи дастаны үшін «қазақтың Карамзині» деп атауға болады.

Әдетте, тарихи тұлғалар туралы шын­дықты қалпына келтіру барысында атаулы адамның іс-әрекеттері мен ерекше қызметі, өмір жолы жайлы оның өз тұсындағы замандастарының сөзде­рі­нен дерек іздейді. Қазақ сахарасында мұндай дереккөз иелері ақын-жыраулар болғаны анық. Өйткені жазу-сызуы кең қанат жаймаған дала төсінде шыншыл ақпарат ауыздан-ауызға таралды. Бар­лық тарихи деректер, шежірелер ақын-жыраулардың жыр-дастандарында қам­тылды. Осы тұрғыдан алғанда Қожа­берген жыраудың «Елім-ай» дастаны сол қиын замандағы тарихи шындықты қалтқысыз бейнелеген теңдессіз жәдігер деп қарағанымыз дұрыс. Мұнда сол кез­дегі заман қасіреті ғана емес, Қожабер­ген жыраудың өз өмірі, болмысы, талан­ты, ақындығы мен батырлығы, көсемдігі, кө­регендігі, ұлтшылдығы туралы толық мағлұмат берілген. Сондықтан бүгінгі күнде осындай дана бабамыздың тарих­тағы орны мен қайраткерлік тұлғасы­на күмәнмен қарау орынсыз.

Өйткені Қожаберген жырау өзі туралы өзі айтып кеткен. Өзгелердің ол туралы айтқаны да жеткілікті. Мысалы, Бұқар жырау, Дәстем сал, Сегіз сері, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, т.с.с. алғыр ойлы ақиықтар Қожабер­ген есімін жырға қосқан. Оның ерлігі мен талантына тәнті болған.

Осы тұрғыдан алғанда, Қожаберген бабамыздың «Елім-ай» дастанының орны ерекше. М.Қ.Қозыбаевтың тілімен айтсақ, оны  тек «дастан» деу аз сияқты. Оның арнасы кең Отан тағдыры  ұлттың болу, болмауы тарихты саралап, ұлттың санғасырлық салт-санасын, мемлекет билеу жүйесін бағалап, жүздеген мемлекет, әскери, саяси қайраткерлерін жеке- жеке даралап дүбірлеген оқиғалар болған жерді аралап жазылған ұлы эпопеялық туынды. «Елім-ай» шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттың сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысының шаншыла айтқан қайнар жыры да, сыры. «Елім-ай» — тарихи дастан. Гомердің  Илияда мен Одиссеясы сияқты эпикалық өміршең трагедия.

Дауылпаз Қожаберген — дүлдүл тарихшы. Біріншіден, тек «Елім-ай» дастанында ғана бүкіл дәуірді суреттейді. Жоңғар империясының дәуірлеп, күшею себептерін ашады. Екіншіден, жоңғарлардың «орыстар мен қытайларға арқа сүйегенін» көрсетеді. Орыс империясы өзіне көрші қазақ елін тұқыртып, жоңғарларға кіші зеңбірек жасауды үйретіп, құтыртып, екі түркітілді халықтарды өзара қырып салуына Қоқан, Хиуа, Бұхардың қазақ еліне деген қастандық саясатын өзбек пен тәжіктің жаттығын әшкерелейді. Төртіншіден, Әз-Тәукеден кейінгі қазақ хандығында болған текетірес, бақталас берекесіздіктің бет пердесін ашады. Бесіншіден, «Ақтабан шұбырынды қалай болды ?», «Халық қалай, неге тозды» деген сауалдарға жауап береді. «Қырылу Алакөлден басталып тұр» — деп Алқакөл емес, Алакөл екендігін еске алады. Ең соңында, Отан соғысы қалай өтіп жатыр, қара ноғайдың қазақпен үздіксіз бір болуын, қарақалпақ бектерінің жалтақтығын Әбілхайырдың дәл 1723 жылы дер кезінде көмекке келе алмағандығын, халық қарсылығының өрістеп, Сарысу бойында жау бетін қайтарғанын айтады.

Қожаберген ақынның «Елім-ай» дастанын дұрыс та жоғары бағалаған көрнекті білгір адамдардың бірі – халқымызды әскери қайраткері, білімпаз да аса дарынды, қадірлі жазушы, атақты батыр, есімі әлемге әйгілі Бауыржан Момышұлы: Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры — әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен? – деген болатын бірде. Ал, қазақ халқының аса көрнекті ғылым қайраткерлерінің бірі, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов: «Көшебе керей Қожаберген ақын Толыбайсыншыұлының «Елім-ай» дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!» – деген тұжырымдамасы. Осы мазмұндас бағаны академик-жазушы Ғабит Мүсірепов, академик Әлкей Марғұлан, академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылымының докторлары: Бек Сүлейменов пен Төлтай Балақаев.

Қожаберген жыраудың біздің кезеңге жеткен екі дастанының бірі – «Елім-ай» болса, екіншісі – «Баба тіл». Бұл дастанды қазақ ауыз әдебиетіндегі бізге жазбаша түрде жеткен тұңғыш көне шығармалардың бірі емес, бірегейі деу керек. Дастан мазмұнын екіге бөлуге болады. Бірінші бөлімде жырау қазақ шежіресі туралы, қазақ халқының қалыптасуы, құрамы жайында өз пайымдауларын жазса, екінші бөлімде баба тілі – қазақ тілі туралы, қазақ тілінің тарихы, жазба тіліне және көне тіл, бай тіл екендігіне, ғылыми талдау жасайды. «Баба тілді қастерлеу – Азамат ерге лайық», — деп, туған тілді қадірлеуге, құрметтеуге, жетік білуге шақырады. «Елім-ай» дастанынан және лирикалық өлеңдерінен Қожабергеннің қол бастаған батыр, сардар, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, топ  жарған ақын-жырау екенін білсек, «Баба тіл» дастанынан оны басқа қырынан шежіреші, тіл блімінің маманы, ғалым екенін аңғарамыз.«Баба тіл» дастанының мазмұны Әбілғазы баһадұр хан (1603-1663 жж.) мен оның «Түрік шежіресі» деген атақты да көлемді еңбегін сынаудан басталады. Бұл еңбекті кезінде хандардың хронологиялық тізбесі ғана», — деп, «Қазақ шежіресі деген еңбегінде Шоқан Уәлиханов та, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіреші» деген еңбегінде Шәкәрім Құдайбердіұлы да сынаған болатын.

Автор өз өмір жолынан хабар береді. 61 жасының 45 жыл ғұмыры жорықта өткенін: «Жасымнан қол бастаған болдым сардар», — деп өзінің қолбасшы болғандығын келтіреді.  «Елім-ай» тарихи тұрғыдан алғанда теңдесі жоқ туынды. Онда тек халық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Автор егіліп те, төгіліп те жырлайды, бірде тарихи тереңдікке бойласа, бірде бүгінгіге қайғырып, болашақты ойлайды, философиялық пайымдармен орағыта толғайды.

Ендеше, Қожаберген бабамызды қол бастаған батырдан өтіп, ғасырлар қойнауына мұра етіп алып келе жатқан асылымыздың авторы — Дауылпаз жырау деп атау орынды. Әлемдік тарихта қолына қалам алып, оны семсер қылышпен қатар ұстаған тұлғалар бірен — саран. Ол — атақты Байрон, Шандор Петефи. Ал дауылпаз Қожаберген өз соңына Ақтамберді, Үмбетай, Тәттіқара сияқты тарлан жыраулар көшін ертті. Махамбет пен Сегіз сері Дауылпаз бабасы — Қожаберген дәстүрін одан әрі жалғады.

Дауылпаз Қожаберген жырау — ұлы ұстаз. Ол 1710 жылы 27 жасар Қанжығалы Бөгенбайдай шәкіртін бүкіл қазақ қосының сардарбегіне ұсынды. Ұлы Қорқыт ата, Асан атадан кейінгі Көмекей әулие атанған Бұқар ата оның сүйікті шәкірті. Ол болса, ұлы Абылай ханның ақылгөй данасы болды. ХVІІІ ғ. қазақ елінің тәуелсіздігін қорғап қалған батырлар Қожабергеннің, оның шәкірті Бөгенбайдың, Бұқар мен Бөгенбайдың  шәкірті Абылай ханның мектебінен өткені хақ. Атақты Абылай хан өзінің Қожаберген бабадан бата алуды мәртебе тұтты. Ұстаз болса, дауылпаз Қожабергендей болсын!

Қожаберген бабамыз — сегіз қырлы, бір сырлы замана дүлділі. Зерттеуші Шаймұрат Смағұлов өзінің «Атақты «Елім-айдың» авторы» деген мақаласында: «Қожаберген өз тұсында суырыпсалма ақын-әнші, күйші, әскербасы болумен қатар, белгілі емші, сынықшы, от ауызды орақ тілді шещен, қолөнерші (он саусағынан өнер тамған шебер), құралайды көзге атқан мерген, түйе балуан, аңшы, құсбегі, атбегі, құмалақшы, шабандоз, сынықшы, ауа райын болжаушы (сәуегей) ,ірі қобызшы, жетігенші адам болыпты», — деп көрсетеді.

ХХ ғ.  Ә.Бөкейханов «Қара қыпшақ Қобыланды» деген  мақаласында: «тарихты екіге бөледі: біріншісі — соғыс істері. Біздің қазақ білетін тарих осы. «Екінші түрі — жұрттың болмыс-салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың, сол замандағы тіккен үйінен, киген киімінен…сөздерінен білінеді. Анық тарих осы – екіншісі» Қожаберген бабамыздан қалған рухани мұра шексіз.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, тал бойында талай өнер тоғысқан ол түрлі тақырыпқа қалам тартып, талай тамаша өлең дастандар жазған, аспан астын толтырып әуелете ән шырқаған, домбырада күмбірлете күй толғап, қыл қобызда да құйқылжыта ойнаған. Жастайынан-ақ «сегіз қырлы бір сырлы» жан болған. Қожаберген қазақтың ақын-жырауларының өлең-жырларын жаттап, медреселерде оқып жүргенде шығыс әдебиетіне ден қойып, Низами, Науаи, Сағди, Рудакилердің шығармаларынан нәр алған. Арғы бабасы Таузар сардар да, атасы Дәулен батыр да, өз әкесі Толыбай сыншы да өз замандарында үш жүздің әскербасылары және Орта жүз қазақтарының ел билеушілері болған. Асылдың сынығы , тұлпардың тұяғы ретінде Қожаберген жырау жастайынан өнер-білімге құштарлық танытқан. Самарқанд, Бұхара сынды шаһарларда ірі медреселерде оқып діни сауатын жетілдірумен қабат араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп шыққан. Алайда оның басты мұраты — елін қорғау, жерін сақтау болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да ол серілік құрып, шалқып жүруден гөрі қолына қару алып, қол бастауды жөн көрген. Сардарлық жолды таңдаған. Оған өзінің мына өлең шумақтары дәлел:

Өнерге жас шағымнан құштар болғам,

Самарқанд, Бұхарадан білім алғам.

Атанып үздік шәкірт қатарында,

Ең үлкен медресесін тамамдағам.

Ерлікпен мағлұм болдым алыс-жатқа,

Ән шырқап, қобыз тарттық көңіл шатта.

Бітіріп медресені шыққанан соң,

Имам боп он жетімде міндім атқа.

Он сегізде әйгілі балуан болып,

Он тоғызда іліндім батыр атқа.

Жиырмамда имам болмай, ақын болып,

Сыймайтын іс жасадым шариғатқа.

Тіліне араб, парсы болдым жетік,

Оны да қолданбадым өнер етіп.

Шамамша қол бастаған сардар болып,

.

Мен жүрдім мұсылманға қызмет етіп.

Қожаберген жыраудың өз өлең-дастандарында кездесетін:

«Кеуденде шыбын жаның болса егер,

Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын».

немесе

«Мекенің болсын тау мен орман, тоғай,

Ол жерден жау алуы емес оңай».

«Сайла орын, жер үй салып, жапан түзден», —

.

деген өлең жолдары оның ұрыс қимылын жетік меңгерген асқан стратег екенін көрсетеді. Академик Манаш Қозыбаевтың басшылығымен СҚМУ өткізілген конференцияда: «Халқының қырық пайызынан айырылған қайран қазаққа дәл Қожабергендей бағдарлама жасаған ел данасы сол кезде кемде-кем. Қожаберген баба тек жеңіс бағдарламасын жасап қоймады, «болды ғой аяқасты Отанымыз», «Ер емес жаудың туын құлатпаған» деп, — сардарларын ұрысқа шақыра білді. Қазақ халқы бабамыздың бұл ерлігін ешқашан ұмытуға тиіс емес», — деп баяндама жасаған.

Қожаберген Толыбайұлы – шын мәнінде, бар қазаққа ортақ тұлға. Сондықтан да оның өмірі мен шығармашылығы жайлы солтүстік қазақстандықтар ғана емес, еліміздің барлық аймағында тұратын зерттеушілер жазуда. Соның нәтижесінде Қожаберген батыр халқына қайта оралды. Оның ерлігі, даналығы туралы көптеген еңбектер жарық көрді. Осындай игі істерге белгілі заңгер Бекет Тұрғараев басқаратын «Жеті жарғы және Қожаберген жырау қоғамдық қайырымдылық қорының» ұйытқы болып келе жатқанын айту жөн. Аталмыш қордың қолдауымен жыраудың туған жеріндегі қорымында жерлестері оған арнап күмбез орнатып, ас берді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаңға есімі беріліп бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Петропавл қаласындағы № 6 қазақ орта мектебі жырау есімімен аталады. Иә, өлмейтін жан жоқ. Абай баба айтқан «Өлді деуге болама, ойландаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», — дегендей ,қазақ халқының үш ғасырлық жүрек жарды жыры «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жырау өз халқымен мәңгі бірге жасайды.

Әдебиеттер:

  1. А.Тасболатов «Дауылпаз баба – Қожаберген» (шығармалар жинағы мен зерттеулер). — Алматы, Мектеп 2011жыл. — 457 бет.
  2. Құраст. С.Жұмабаев, Қ.Биғожин «Қожаберген жырау .Таңдамалы шығармалары». — Петропавл қаласы: Облыстық баспахана, 2003 жыл — 281 бет.
  3. Қожаберген жырау: өлеңдер, толғаулар, дастандар. (Құраст.С.Жұмабаев, Қ.Биғожин). — Алматы: ЖШС «Жас Улан и К» Баспа үйі, 2007 жыл – 272 бет.
  4. Жұмабаев С.Ж «Туған ел шежіресі» — Петропавл қаласы, 2007 жыл — 472-бет.
  5. Шапырашты Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» Алматы,1993 жыл — 215-бет.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.