Патриот болу– ұлы сезім

Главная » Рефераттар » Патриот болу– ұлы сезім

Әр адамның туған жері, өмір сүретін қоғамы, еңбек ететін ортасы болады, біз оны – Отан дейміз. Отан деген сөз грек тілінде – patrus, бізше патриот деген мағына береді екен. Яғни патриот сөзі мен Отан сөзінің түп тамыры бір. Отан – адам үшін ең қадірлі ұғым, оны тек туған ата-анамен қатар қоюға болады. Отан ұғымына туған жердің орманы мен тоғайын, өзені мен көлін, тауы мен даласын, аңы мен құсын, жазы мен қысын, былайша айтқанда оны қоршаған табиғи ортаны жатқызамыз. Сонымен қатар адамдардың туған-туысқаны, дос-жараны, құрбы-құрдасы, ол тұратын ауыл немесе қала, ол оқитын мектеп немесе жұмыс істейтін ұжым, осының бәрі адамның санасын қалыптастырып оның туған жеріне деген махаббатын оятатын болмыс. Әрине адам өз елінің патриоты болу үшін ата-баба тарихын, халқының рухани мәдениетін және салт-дәстүрін жақсы көріп, оны сүйе білуі керек. Отан адамның өсіп ер жетуіне, оқып білім алуына, жұмыс істеп тіршілік етуіне мүмкіншілік жасайды. Яғни Отансыз адамның өмір сүруі мүмкін емес. Олай болса әр адамның өз Отанын қорғап, оның әрі қарай дамып, гүлдене беруіне өз үлесін қосуы әркімнің перзенттік парызы. Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде адамдар руға, тайпаға бөлінді, бертін келе рулар тайпаға, тайпалар ұлтқа бірігіп, іріленіп, әртүрлі тілде сөйлейтін халықтар пайда болды. Адамдардың сыртқы пішіні бір-біріне ұқсас болғанмен олар тұрған жерінің табиғатына, ауа- райына, айналысатын кәсібіне байланысты әртүрлі өмір салтымен өмір сүреді. Сонымен қатар олар ұлтқа, нәсілге бөлініп, өздерінің қоғамын, мемлекетін құрып, өркениеттің әр түрлі сатысында дамып отырады. Адам баласының даму тарихындағы бір ерекшелік сол, олар әр кез бір тайпа екінші тайпамен, бір ұлт екінші ұлтпен бір мемлекет екінші мемлекетпен бәсекелестікте болып, олар жер-су үшін немесе мәнсап, байлық үшін бір-бірімен соғысып отырған. Осы соғыста жеңген мемлекет немесе ұлт өзінің үстемдігін екінші елге жүргізіп, халқының мәдениеті, тілі, салт-дәстүрінің дамуына кедергі келтіріп, олардын ұлттық санасын жойып, ассимиляциялауға ұмтылған.

.

Қазақ халқы да мұндай өктемдікті талай рет басынан өткерген болатын. Орыс патшалығының екі жүз жылдық бодандығы, әсіресе тотаритарлық Қызыл империяның жетпіс жыл бойы жүргізген интернационалдық идеологиясының зардабы қазақ халқының ұлттық санасының дамуына айтарлықтай кедергі келтірді. Осы идеология біздің тәуелсіздік алғанымызға 19 жылдан асса да, әлі көп адамдардың санасын улап, ұлттық рухани мәдениетіміздің дамуына өз залалын тигізіп келеді. Егер адамзат қоғамының даму тарихына ой жүгіртсек, ол бір сатыдан екінші сатыға прогрессивтік жолмен көтеріліп отырады екен. Алғашқы рулық қауымдастықтан тайпаға, одан ұлтқа бірігуі осының дәлелі. Яғни қазіргі жағдайда адамдардың ұлттық салт-дәстүрі қалыптасып, соның негізінде ұлттық мемлекет құрып, қоғамдасудың ең жоғарғы биігіне көтеріледі. Қазір дүние жүзіңде екі жүзге жуық мемлекет бар, бірақ та өзін ұлт деп санайтын халықтың саны әлдеқайда көп және қанша ұлт болса, сонша тіл бар деп саналады. Уақыт өткен сайын өзінің ұлттық мемлекеті жоқ ұсақ ұлттар ассимиляцияға ұшырап, олардың тілі жойылып, ұлттық қасиетінен айырылуда. Ал жеке өз алдына тәуелсіз мемлекеті бар ұлттардың өзінің тілін, дінін, салт-дәстүрін дамытып, ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық қасиетін сақтауға толық мүмкіншілігі бар. Ол үшін халықаралық құқықтық декларациялар, заңдар қабылданған. Бірақ та қазақ халқы қазіргі жағдайда өзінің тәуелсіз мемлекетінде өмір сүре отырып, ұлттық қасиетінің негізі: тілін, дінін, салт-дәстүрін дамыта алмай отыр. Енді осы қайшылықтың себеп- салдарына талдау жасап көрелік. Мемлекетті құрайтын ұлт, ал ұлтты құрайтын жеке адамдар, олай болса мемлекеттің де ұлттың да берік болып, өздерінің құқықтары мен мүддесін қорғауы үшін, онда өмір сүретін жеке адамдардың рухы мен ұлттық санасы жоғары болуы керек. Егер де қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, олар бірнеше ғасырлар бойы Ресейдің отары болды, сонымен қатар қазақ халқы көшпенді мал шаруашылығымен айналысқандықтан қалалар салмады, өндіріс орнын дамытпады, соның салдарынан бір орталыққа бағындырылған күшті мемлекеті болған жоқ. Оның үстіне қазақ халқы әлеуметтік тапқа, топқа жіктелмей бәрі бір қауымдастықта өмір сүрді, сол себепті қазақ қоғамында рулық, тайпалық, жүздік сана үстемдік етіп, ұлттық сананың қалыптасып, дамуына кедергі келтірді. Бүгінгі күні қазақ халқы XXI ғасырда, тәуелсіз мемлекетінде өмір сүрсе де, ұлттық мүддені қорғап, дамытуға келгенде санамыздағы салғырттық пен рухсыздық тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің дамуына ырық бермей, оны үлкен проблемаға айналдырып отыр. Біз жоғарыда айтып кеттік, ұлт жеке адамдардан тұрады , сондықтан да ұлт мықты болуы үшін жеке адамдардың рухы күшті болуы керек деп. Бірақ та біз бүгінгі күні қазақ азаматтарының ұлттық санасы жоғары, адамгершілік рухы күшті деп айта алмаймыз. Оған дәлел, қазіргі кезде қоғамымыздағы жемқорлық пен парақорлықтың көбеюі. Егер де адамның Отанына деген патриоттық сезімі болмаса, ол жеке басының қамын ойлап, қайткенде де қоғамның есесінен өзіне көбірек пайда табуды мақсат етеді. Мұның бірнеше себептері бар: Бірінші, қазақ халқы қоғамымыздағы әлеуметтік даму деңгейінің ең төменгі сатысында тұр. Адамдардың ұлттық санасының қалыптасуында ұлтаралық “кәсіби еңбек бөлінісінің” атқаратын рөлі өте зор. Кеңес дәуірінде жекелеген ұлттар арасында дағдылы кәсіппен айналысу принципі саяси сипат алып, республикамызда қазақтар көбіне мал шаруашылығымен, білім берумен, мәдени қызметпен шұғылданса, орыстар өнеркәсіпте, ғылыми-техникалық салада басым болды. Осындай коммунистік партияның дискреминациялық саясатының салдарынан қазақ ұлты экономиканың шешуші салаларынан ығыстырылып, олардың әлеуметтік психологиясы, тілі, өмір салты баяу дамып, қоғамдық санасы уақыт талабынан артта қалды.. Екінші, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де билік басындағы саяси элитаның ұлттық мүддені қорғап, отарсыздандыру саясатын жүргізбеуінің салдарынан, бұрынғы Кеңес дәуіріндегі қоғамдық даму процесі сол қалпында қалып, қазақтардың ассимиляциялануы жалғасын тауып, адамдардың менталитеті, өмірге көзқарасы сол баяғы “советтік өмір салты” принципімен қалыптасуда. Үшінші, осы кезге дейін ұлттық идеологияның жоқтығының салдарынан адамдар күнделікті өмірде алдарына қандай мақсат қойып, қандай идеологияны басшылыққа алу керектігін білмей, ешқандай бағыт-бағдарсыз өмір сүруде. Біреулер ұлтшылдықты патриоттық сезім деп түсінсе, екінші біреулер оны қоғамға жат, ұлтаралық араздықты тудыратын, “құбыжық идея” деп қабылдайды.

Ал, енді біреулер итернационалдық идеяны халықтарды бір-біріне жақындастыратын прогрессивтік идея деп түсінсе, тағы біреулері оны коммунистердің басқа ұсақ ұлттарды ассимилияциялау үшін ойлап тапқан жымысқы саясаты деп бағалайды. Осындай өмірге деген әрқилы көзқарастың салдарынан барлық Қазақстандықтардың мүддесін қанағаттандыратын ортақ идея табу үлкен мәселе болып тұр. Олай болса осы тығырықтан шығудың жолы қайсы және ол үшін не істеу керек? Қазір XXI ғасыр, осы уақыт ішінде қалыптасатын ұлт қалыптасып, меншіктенетін территория меншіктеліп, құрылатын мемлекет құрылып, адамзат қоғамы бір саябырға келген шақ. Соңғы дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да жарты ғасырдан асты. Енді дүниежүзілік соғыс бола қалса, ол адамзат тарихындағы соңғы соғыс болмақ және жер бетінде тіршілік жойылып, ақыр заман орнамақ. Сондықтан да саналы адам мұндай қадамға баруға тиіс емес. Бірақ та адамдар мен ұлттар, мемлекеттер арасындағы бәсекелестік бір минутқа да тоқтамайды. Бұл адам бойындағы табиғи қасиет. Тек ол бұрынғыдай қарудың күшімен, соғыс арқылы емес, рух, ақыл, білім арқылы жүрмек. Адамдар осы қасиеттерімен елінің экономикасын дамытып, рухани мәдениетін көтеріп, саяси беделін арттыру арқылы басқа елдерге өз ықпалын жүргізуге тырысады. Әрине дүние жүзіне өз үстемдігін орнатқысы келетін империалистік елдер тұрғанда барлық жерде мамыражай бейбітшілік орнай қалады деу аңғалдық болар еді. Империалистік елдер әлсіз елдерге қарсы аймақтық соғысын жалғастыра беруі мүмкін. Ол үшін олар түрлі сылтаулар тауып, өзінің әділ соғыс жүргізіп отырғанына халықты сендірмек болады. Бірақ та, сол соғыстың басты себебі дүниежүзі бойынша күшті елдердің әлсіз елдерге әділетсіз саясат жүргізіп отыруы. Сол себепті әлсіз елдер өздерінің тәуелсіздігін нығайтып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін мемлекетінде әділетті қоғам құрып, халқының патриоттық сезімін күшейтіп, олардың әр кез өз Отанын қорғауға дайын болуын қамтамасыз етулері керек. Олай болса, көп ұлттың өкілдері тұратын, көп дінді Қазақстан секілді мемлекеттің халқын Қазақстанды өз Отаным деп танып, оны қорғауға қанын да, жанында аямайтын патриот етіп қалай тәрбиелеп шығаруға болады? Ол үшін осында тұратын халықтардың бәрінің мүддесін қанағаттандыратын ортақ идеология керек. Ондай идеология, біріншіден, Қазақстанның байырғы халқы болып табылатын қазақтардың рухани мәдениетінің негізі – тілі, діні, салт- дәстүрінің өз Отанында дамуына толық мүмкіншілік жасалуы тиіс. Екіншіден, осы мемлекетте тұратын басқа ұлт өкілдерінің әлеуметтік, саяси құқығы толық қорғалып, ешқандай дискриминациясыз, әділетті қоғамда өмір сүрулері керек. Осы принциптер толық орындалғанда ғана Қазақстан халқы ұлтына, дініне, тіліне қарамастан толыққанды демократиялық мемлекетте өмір сүріп, Қазақстанның шын мәніндегі патриоты болып шығады. Осы мақсатқа жету үшін барлық халықтардың мүддесіне сай келетін идеология, ол – “Салауатты өмір салты” болуға тиіс. Себебі адамдардың бәрі салауатты өмір сүруге құштар, бірақ та соған қалай қол жеткізудің жолын білмейді. Олай болса біз Салуатты өмір салтын – ұлттық идеология ретінде қабылдап, адамдарға салауатты өмір сүрудің принциптерін үйретуіміз керек. Салауатты өмір салтының негізгі принципі «имандылықты сақтап, заңды орындап, парасатты өмір сүруге» құштарлық таныту. Осы принципті басшылыққа алып өмір сүрген әрбір адам, әрбір ұлт, әрбір мемлекет барлық уақытта да әділетті болуға ұмтылып, қоғам ішінде түсінушілік пен бейбітшілік орнамақ. Имандылық деп біз адамның адамгершілік қасиетін айтамыз.

.
.

Ал адамгершілік қасиет бұл адамның ары мен ұятына байланысты. Егер де әрбір адам өзінің ары мен ұятын бәрінен жоғары қоймаса ол адамның адамгершілік қасиеті де жоғары деп айта алмаймыз. Сондықтан да әрбір адамның ары мен ұятын таза ұстап, имандылықты сақтауы оның адамгершілік парызы болып саналады. Ал заңға келетін болсақ, қазіргі кезде әрбір мемлекетте заң шығаратын орган бар және сол мемлекеттегі қоғамдық жүйе парламент шығарған заңның шеңберінде жұмыс істейді. Қазіргі біз айтып жүрген өркениетті елдердің бәрі саясатта, экономикада, мәдениетте жоғарғы көрсеткішке осы заңды мойындау мен оны орындаудың арқасында қол жеткізді. Ол мемлекеттерде өмір сүретін адамдар өздерінің қоғамдағы әлеуметтік, материалдық жағдайына қарамай бәрі заң алдында тең құқылы болып саналады. Сондықтан біз де әділетті қоғамда өмір сүргіміз келсе, парламент шығарған заңдарға мойынсұнып, оны орындау азаматтық борышымыз деп білуіміз керек. Біздің өмірдегі ойлаған ойымыздың, алға қойған мақсатымыздың, іс-әрекетіміздің кей уақытта іске аспай, қиыншылықтарға тап болып жататынымыздың себебі – парасатты өмір сүре білмеуіміздің салдарынан. Адам ақыл иесі болғандықтан ол барлық уақытта не істесе де саналы түрде, ақыл-парасатты басшылыққа алып әрекет етуі тиіс. Бірақ та біз кей уақытта өмірге атүсті, жеңіл қарап, терең ойланбастан қателікке жол беріп, соңынан оның азабын тартып отырамыз. Сол себепті әрбір адам әркез не істесе де ақылға салып, парасаттылықпен өмір сүруге ұмтылуы керек.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.