Психикалық дамудың қозғаушы күштері

Главная » Рефераттар » Психикалық дамудың қозғаушы күштері

Баланың онтогенезде психикалық дамуының заңдылықтарын қарастырудағы теориялық тұрғылардың негізгі екі белгісін атап өтуге болады. Бірінші белгі жануарлармен салыстырғанда адамның онтогенезде дамуының заңдылықтарын анықтайтын ерекшеліктерінің жоққа шығарылуын немесе мойындалуын болжайды.  Егер адамның онтогенезде дамуындағы заңдылықтарын анықтайтын ерекшеліктері жоққа шығарылса, дамудың табиғилығын (биологиялануын), яғни дамудың адам əрі жануарлар үшіне тең дəрежеде əділ əмбебап заңдылықтарының мойындалғандығын сөз етуге  болады.  Мəдени-тарихи тұғырда адамның психикалық дамуының ерекшеліктерін əлеуметтік-мəдени тəжірибені (адамның органикалық тұқым қуалауымен қатар тектік тұқым қуалауының ерекше түрі ретінде қарастырылады) меңгеруімен байланыстырады.

Екінші белгі дамып отыратын субъекті белсенділігінің мойындалуын болжайды. Адамның дамудағы белсенділігінің мəнін жоққа шығаратын немесе есепке алмайтын теориялар факторлы тұрғы деген атауға ие болған. Даму екі фактордың – тұқымқуалаушылық пен орта ықпалының нəтижесі ретінде қарастырылады.

Факторлық тұрғы психологиядан ативизмнің жəне эмпиризмнің ұстанымдарын анықтайтын екі философиялық мектептің қарама-қарсылығына негізделген. Бұл Р. Декарттың дуализмі жəне Дж. Локк пен Д. Гартлидің эмпиризмі. Нативизм ұстанымы бойынша адамның тұтастай дамуы оның тұқымқуалаушылығымен анықталады. Бұл тұрғыны өзінің тума идеалар туралы теориясын ұсынған Р. Декартпен философиялық негізделген. Психология та- рихында нативизм преформизм, рекапитуляция жəне жетілу теорияларымен ұсынылған. Эмпиризм екі ғылыми мектеп – ассоцианизммен жəне бихевиризммен анықталады. Нативизм мен эмпиризм бір факторлы теориялар. Екі факторлы теориялар екі факторды – тұқымқуалаушылық пен ортаны қарастырады. Оларға екі фактор конвергенциясының (В. Штерн) теориясы жəне факторлардың қатынасын конфронтация жəне антогонизм (З. Фрейд, Ж. Пиаженің ерте балалық шақ жайлы теориясы) ретінде анықтайтын теориялар жатады. Конвергенция – тұқымқуалаушылық пен ортаның өзара бірін-бірі толықтыруы мен өзара əрекеттесуін болжайтын ортақтастық. Факторлардың конфронтациясы тұқым қуалаушылықтың ортаның əлеуметтік факторымен ығыстырылуы ретінде қарастырылады.

Преформизм – индивидтің жетілген формадағы барлық қасиеттері мен сипаттамалары бала біту мезетінен бастап беріліп, алдын ала анықталып, ұрық жасушаларының өзінде болатын психикалық даму тұжырымдамасы. Преформизм – баланың психикалық дамуының қозғаушы күштері тұрғысындағы нативизмнің бір түрі. Преформизм тұлғаның жəне оның мінез-құлқының дамуында тұқымқуалаушылықтың шешуші рөлін ерекше көрсетеді. Преформизмнің ХVІІІ ғасырдағы ерте теорияларында «гомункулус», яғни бала бойға біту мезетінде туындайтын кішкентай адам ұғымы қолданылған. Гомункулус, сірə адамның қасиеттері мен қабілеттерінің тұқымқуалаушылықпен алдын ала анықталатынын білдіретін теңеу болуы мүмкін. Кейінірек преформизмнің жақтастары генетикалық тұқымқуалаушылықты индивидтің негізгі қасиеттері мен сипаттамаларының ерекше формасы ретінде қарастыра бастайды. Даму болса сол преформаланған қасиеттердің кеңінен жайылуының  генетикалық  бағдарламаланған  үдерісі  ретінде түсіндірілді. Бүгінде преформизм постнаталды дамудан гөрі, пренаталды дамудың заңдылықтарын түсіндіруге лайықты. Преформизмге əрбір жаңа форма дамуында ағзаның алдыңғы формасы мен оның ортасының арасындағы өзара əрекеттестіктің нəтижесі ретінде туындайтын эпигенезис ұстанымына қайшы. Преформизмге қатысты сын биологиялық дамуға, яғни жануарлар мен адамның онтогенезінде психикалық дамудың заңыдылықтарын теңдестіретініне; ортаның дамудағы рөлін (соның ішінде генетикалық бағдарламаның жүзеге асырылуы үшін) есепке алмайтынына; дамудағы баланың белсенді іс-əрекетінің жəне оқытудың рөлін ескермейтініне қарсы бағытталады.

Рекапитуляция (латын тілінен аударғанда rekapitulato) теориясы – онтогенездегі жеке дара даму түрлері мен адам тегі тарихының жылдам қайталануын білдіреді. Басқаша айтқанда, онтогенез – филогенез бен социогенездің қысқа мерзімде əрі тығыз қайталануы (Г. С. Холл). Индивидтің психикалық дамуындағы рекапитуляция теориясы Ч. Дарвиннің түрлердің эволюциясы мен органикалық əлемнің бірлігі жайлы идеясына жəне Э. Геккелдің 1866 жылы ашылған биогенетикалық заңына негізделеді. Биогенетикалық заң эмбриондық дамудың заңдылықтарын: «Онтогенез – филогенез қысқа мерзімде əрі тығыз қайталануы» атты формуламен анықтайды.

Алайда кейінірек биогенетикалық заң биологияда сынға ұшырап, филогенез бен онтегенездің арасында қарапайым қайталауға қарағанда едəуір күрделірек қатынастар анықталады. Онтогенездің филогенез үдерісіндегі ұзақтығының жаңа кезеңдердің қосылуымен ұзартылып қана қоймай, сонымен бірге онтегенез құрылымының өзгеруінен артатыны көрсетіледі. Онтогенез жеке дара өмірлік цикл ретінде өзінің даму тарихы бар.

Психологияда биогенетикалық заң адамның жеке дара психикалық дамуын түсіндіру үшін сынсыз қолданылды. Рекапитуляция теориясының жақтастары баланың мінез-құлқының, танымдық жəне эмоциялық тұлғалық сферасының дамуын алыс жануарлар мен адамдардың ата-тегінің психикалық дамуы кезеңдерінің қысқа мерзімді жəне жылдам жаңғыртылуы ретінде қарастыруға тырысты. К. Бюлердің дамудың үш сатылы теориясына сəйкес бала мінез-құлқының дамуы, жануарлардың филогенездегі мінез-қылықтарының дамуы іспеттес – инстинкт, жаттықтыру, интеллект сияқты сол үш кезеңнен өтеді.

Г. С. Холлдың рекапитуляция теориясы бойынша адамның онтегенездегі жеке дара дамуы алғашында филогенездің, кейін антропогенездің, ақырында – социогенездің қайталануы. Өз теориясының дəлелі ретінде зерттеуші бір жағынан баланың онтогенездегі дамуы мен екінші бір жағынан жануарлар түрлерінің, адамзат тарихының дамуы мен адамның түр ретінде қалыптасу  үдерісінің  арасындағы  ұқсастықтарға нұсқайды. Г. С. Холлдың тұжырымдамасы сол кезде барлық зерттеушілермен сыналғанымен, оны ұстанатындығына нұсқамаған бірде-бір зерттеуші болмаған шығар. Барлығын онтогенетикалық дамуды түсіндірудің қарапайымдылығы мен ыңғайлылығы қызықтырды. Мысал ретінде,

В. Штерннің кезеңдерге бөлу үлгісін қарастыруға болады. Зерттеуші адамзат дамуының негізгі алты кезеңін немесе дəуірін ажыратып береді. Онтогенетикалық дамудың əрбір кезеңіне нақты тарихи дəуір сəйкес келеді. Бала өмірінің алғашқы алты айы оның психикасының деңгейі бойынша сүтқоректілердің деңгейіне сəйкес келеді. Бала өмірінің екінші жарты жылдығы жоғары приматтардың деңгейіне (қармау əрекеті, локомоциялар дамуының басталуы) сəйкес келеді. Бала өмірінің екінші, үшінші жылдарын В. Штерн баланың еркін тік жүруі мен сөйлеуін адам дамуы тарихының алғашқы кезеңдеріндегі жетістіктерімен байланыстырып, «адамзат тарихының дəуіріне ену» деп атайды. Төртінші кезеңді ол үш жастан алты, жеті жасқа дейін «ойын жəне ертегілер жасы» деп атайды. Бұл ақиқат пен əлемді қабылдаудың мифологиялық меңгерілуімен сипатталатын антикалық тарих дəуіріне сəйкес келетін, қиял мен фантазия жетекші рөл атқаратын жас шамасы. Бастауыш сынып кезеңін В. Штерн əртүрлі əрекеттердің (ремесла), сабақтардың меңгеріле басталуымен, ал жасөспірімдік кезеңді – Орта ғасыр дəуірімен байланыстырады. Зерттеуші жасөспірімнің əлемді қабылдауының дихотомия (ақ — қара, жамандық – жақсылық, əділдік – əділетсіздік,), максимализм сияқты ерекшеліктерін көрсетіп, оларды адамзат қоғамының əлемді қабылдауының «ақ – қара» кезеңімен байланыстырады.

Рекапитуляция теориясы негізді əрі маңызды сынға ұшырағанымен, адамзат дамуының тарихы мен адамның жеке дара дамуының арасындағы сəйкестіктер идеясы танымалдылыққа ие болып, З. Фрейдтің, А. Геззелдің, Ж. Пиаженің, Э. Эриксонның көзқарастарына  ықпал  етті.  Тарих  пен  жеке  дара дамудың арасындағы байланыс жайлы идеяның өзі эвристикалық құндылыққа айналды. Жас ерекшелік психологиясының көптеген басқа да теориялар сияқты рекапитуляция тұжырымдамасы да нақты психологиялық-педагогикалық жүйенің қалыптасуына, атап айтқанда баланың еркін тəрбиесі жайлы жүйенің қалыптасуына түрткі болды. Атауынан байқалып тұрғандай – «еркін тəрбие» баланың еркін əрі кедергілерсіз өзінің ішкі қажеттіліктері мен интенцияларын жүзеге асыруына мүмкіндік беріп, тəрбиешінің сырттай бақылаушы ретінде қадағалап, оның тəрбиесіне араласпауды болжайды. Яғни баланың дамуында адамзат дамуының барлық негізгі кезеңдерін қайталау мүмкіндігі болуы керек.

Шетел психологиясында рекапитуляция теориясын сынағандардың қатарында эипиризмнің жақтастары болды. Олар баланың мінез-құлқы, əдеттері үйретудің нəтижесінде қалыптасады деп көрсетті. Баланың психикалық дамуында үйрету мен орта факторларының ескерілмеуі рекапитуляция теориясын сынаудың басты дəлелі болды. Рекапитуляция теориясын өз еңбектерінде Л. С. Выготский мен С. Л. Рубинштейн де сынады.

Л. С. Выготский рекапитуляция теориясындағы даму үдерісінің биологиялануына түбегейлі қарсы болып, филогенез, онтогенез, социогенез сияқты дамудың бір-бірінен мүлде алшақ үш жолдың салыстырылуы ойға қонымсыз деп есептеген. Адам өмірінің тарихи-мəдени түрі оның өз тіршілігінің жағдайларын өз бетінше қалыптастырып, өз тіршілігінің ноосфера деп аталатын əлемі мен ортасын өзі құрастырады (В. И. Вернадский). Өмірдің инстинктивті-биологиялық түрі дайын қорларды пайдалануды, тіршіліктің табиғи қорларын қолдануды болжайды. Л. С. Выготский дамудың кезеңдерінің мазмұны мен ретін қатаң детерминдейтін тұқымқуалаушылықтың шешуші рөлі жайлы тұрғыны сынға алады. Ол тəрбие мен оқытудың маңызды рөлін жоққа шығарып, даму сипатын мүлде стихияландыру мүмкін емес деп есептеген.

С. Л. Рубинштейн онтогенез бен социогенездегі ұқсастықтарды баланың онтогенезі мен адамзат тарихының дамуындағы мəдени- тарихи заңдардың бірлігімен шарттандырып, олардың шынайы табиғатын түсіндіруге тырысқан. Яғни, адамзат  қоғамның жетістіктерін анықтайтын мəдениетті қалыптастырса, бала даму үдерісінде адамзаттың мəдени тəжірибесін иеленеді. Онтогенез бен социогенездің арасындағы ұқсастықтармен қатар дамудың морфофизиологиялық жағдайларының, еңбектің, сөйлеудің алдыңғы буынның рөлінде айырмашылықтар да бар.

Біріншіден, қоғамның алға жылжуы үшін адамзат түрінің қалыптасуында еңбек рухани жəне материалды мəдениеттің өнімі ретінде алғашқы негіз болып табылады. Ал баланың дамуындағы еңбек біршама ұзақ уақыт бойында аса маңызды рөл ойнай қоймайды.

Екіншіден, айырмашылық онтогенез бен социогенездегі морфофизиологиялық жағдайлардың рөлімен шартталады. Антропогенез бен филогенез барысында орталық жүйке жүйесінің құрылысында үлкен өзгерістер орын алады. Мəселен, филогенезде психика дамуындағы əрбір жаңа кезең орталық жүйке жүйесі дамуының өзге деңгейіне байланысты болады. Адамзаттың жəне психологиялық қабілеттердің тарихи дамуы морфофизиологиялық жағдайлардың тұрақтылығында жүзеге асырылады. Ал баланың жетілуі дамудың алғышарты болып, даму үдерісін шектейді. Баланы тəрбиенің ең озық үлгілерін пайдаланып, алты айында жүруге, сөйлеуге үйретуге қанша тырысқанымызбен, одан ештеңе шыға қоймас.

Үшіншіден, айырмашылық сөйлеумен байланысты. Социогенезде сөйлеу мəдени дамудың жетістіктерін тіркейді. Ол неологизмдердің пайда болуына ықпал етеді. Сөйлеудің  қызметі қоғамдық-тарихи тəжірибені кристалдандыруда. Онтогенездегі сөйлеу баланың дамуы барысында ойлаумен тығыз байланыста болып, қарым-қатынастың жəне тəжірибені тасымалдаудың құралы ретінде анықталады.

Соңғы, төртінші айырмашылық ұрпақтардың арақатынасына байланысты. Егер социогенезде əрбір келесі ұрпақ дамудың едəуір жоғары деңгейіне жетсе, үлкен мүмкіндіктерге ие болып, алдыңғы ұрпақтан біршама жоғары тұрса, онтогенезде алдыңғы ұрпақтың даналығына шүбə келтіруге болмайды, оның əлеуеті жоғарырақ болады. Нұсқалған айырмашылықтар онтогенез бен социогенез үдерістерін ұқсастыруға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, адамның жекедара дамуында тарихи дамудың қайталануы жайлы рекапитуляция тұжырымдамасы даму психологиясының алтын қорына енді. Адамның жеке дара дамуы жəне адамзаттың тарихи дамуының сабақтастығы жайлы идея эвристикалық құндылыққа айналып, ары қарай дамытуды жəне нақтылауды қажет етуде. Ж е т і л у теориясы психикалық дамуды тума тұқымқуалаған бағдарламаға сəйкес мидың морфологиялық құрылымдарының биологиялық жетілуімен себептелген эндогенді үдеріс ретінде қарастырады. Жетілу теориялары бойынша психикалық даму кезеңдерінің реті мен мазмұны орталық жүйке жүйесінің сəйкес бөлімдерінің жетілу динамикасымен жəне ретімен толықтай бол- жанып отырады. Дамудың жаңа психикалық құбылыстары мен формалары жетілудің генетикалық ұсынылған бағдарламасының кеңінен таралуының нəтижесін білдіреді. Жетілу теориялары, преформизм іспеттес психикалық дамудың қозғаушы күштері тұрғысында нативизмнің бір түрі болып табылады.

Жетілу теориясының жақтастары тұқымқуалаушылықтың орталық жүйке жүйесінің сəйкес құрылымдарының жетілу үдерістерін ғана анықтайды деп есептейді. Əрбір морфологиялық құрылымға нақты психологиялық қызмет бекітілген. Оның жетілуіне сəйкес қызметі де басталады.

К. Бюлердің үш сатылы даму теориясы жетілу теориясының классикалық нұсқасы болып табылады. Зерттеушінің пікірінше, психиканың филогенездегі дамуы үш кезеңнің рет ретімен бірін-бірі алмастырып отырады. Бірінші кезең – инстинкт (тума мінез-құлық, үйретуді қажет етпейді, түрдің барлық мүшелеріне ортақ, бейімделу шеңбері өте тар). Екінші кезең – дағдылар немесе жаттықтыру (тума емес, үйретудің нəтижесінде туындайды, бейімделу шеңбері едəуір кеңірек). Үшінші кезең – интеллект, мінез-құлықтың жоғары формасы (үйретуді қажет етпейді, қиын жағдаяттың мəнді қатынастарын күтпеген жерден түсінуге, яғни инсайтқа негізделеді). Бюлер кезеңнен кезеңге өтуді орталық жүйке жүйесінің дамуымен байланыстырады. Ашып айтсақ, сəйкес құрылымның жетілуі автоматты түрде мінез-құлықтың жаңа формасының туындауына əкеледі. Аталмыш идея  бірқатар еңбектерде, соның ішінде тума криминалды бейімдіктердің одиозды теорияларында (Ч. Ломброзо, Ш. Бюлер) жалғасын тапты.

Д. Фодор жəне Н. Хомский қазіргі заманғы даму психологиясында осы бағыттың ең көрнекті өкілдері болып табылады. Н. Хомский тұқымқуалаушылықпен берілген тума лингвистикалық құрылымдар бар деп есептейді. Тұқымқуалаушылық баланың сөйлеуді меңгеруінің ретін, кезеңдерін жəне ақырғы нəтижесін анықтайды. Ал баланың қандай тілде сөйлейтіні ортасына бай- ланысты болады. Осылайша Н. Хомскийдің тілдік онтогенез теориясы жетілу үдерістері мен тілдің тума құрылымдарының тұтқиылдан туындауын дамудың негізгі себепшісі ретінде қарастырады.

Жетілу  теориясының  сыналуы  төмендегідей  тезистерге негізделеді. Біріншіден, қазіргі заманғы ғылымның, атап айтқанда нейропсихологияның даму деңгейі барлық психикалық қызметтердің құрылысы күрделі жүйелі екендігін, демек жүйелі шектелетінін дəлелдеуде (А. Р. Лурия). Екіншіден, ойлау, ес, зейін, сөйлеу, қабылдау сияқты жоғары психикалық қызметтерге жауапты морфологиялық жүйелер адам іс-əрекетінің «қызмет етуші ағзалар» ретінде адам іс-əрекетінің дамуында өмір бойында қалыптасады (А. Н. Леонтьев).

Үшіншіден, морфофизиологиялық құрылым мен қызметтің арасында күрделі өзара бағытталған қатынастар бар. Жетілу теориясы ол қатынастарды бір бағытты деп постулаттайды, яғни құрылым жетілсе – қызмет ету басталады. Қызмет етудің басталуы үшін құрылым жетілуінің нақты деңгейі қажет. Деректерге сүйенсек, нəрестелік кезеңнің өзінде үлкен жарты шарлардың жетілмеуінде баланың бесінші-алтыншы күніндегі өмірінде емізу əдісіне қатысты табиғи шартты рефлекстің қалыптасатынын көрсетеді, демек, ол субстраттың жеткілікті дəрежеде жетілмеуінің өзінде қызмет ету мүмкіндігін дəлелдейді. Жəне керісінше қарқынды қызмет ету жетілуді жылдамдатады. Жетілу үдерісінің тұқымқуалаушылықтың бір мағыналы себептелген фактор ретінде түсіндірілуінің өзі жетілу теориясының айтарлықтай кемшілігі болып табылады. Қазіргі заманғы ғылымда субъекті белсенділігінің жетілу үдерісі үшін маңызын дəлелдейтін деректер жинақталған.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.