Публицистиканың пайда болуы

Главная » Рефераттар » Публицистиканың пайда болуы

Бүгінгі тандағы дамыған публицистика бірден пайда бола қойған жоқ. Публицистиканың тууының өзі көне дәуірлердегі адамдардың бір — бірімен ақпарат алмасуынан бастау алады. Сонау ерте замандарда адамдар арасында ақпараттық қажеттілік пайда болды. Бір адам екінші адамға, бір адамдардың тобы екінші адамдар тобына өз ойларын жеткізгісі келді. Бұл алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тілдің пайда болуымен тікелей байланысты еді. Сөйтіп адамдар санасындағы идеялар, көзқарастар мен ойлар тіл арқылы басқаларға таралып, іс жүзіне аса бастады. Адамзат қоғамында қарым-қатынас құралы тілдің пайда болуы — публицистикаға дейінгі алғашқы құбылыстардың бірі еді. Көрудің, естудің және сөйлеудің қосылуы негізінде адамдардың қоршаған орта туралы қоғамдық пікір, көзқарастары қалыптаса бастады. Адамзат тарихының алғашқы кезеңдеріндегі тіл арқылы жүзеге асқан ақпарат тасқынының қуатымен қарабайыр түрдегі қоғамдық пікір қалыптасқандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Мемлекеттің пайда болуымен бірге қоғамдық өмір де күрделене түсті де, түрлі саяси құрылымдар мен кәсіби саясаткерлер тарих сахнасынан орын алды. Дәл осы кезде қоғамдық ақпаратты таратуда қалың бұқараның ішінен өзінің көсемдігімен, ақыл — ой, парасаттылығымен оқшауланып, суы-рылып шыққан шешендер белсенді рөл атқарды. Еуропадағы шешендік өнердің негізін салған Грециядағы Демосфен, Римдегі Цицерон сияқты даңқты шешендердің саяси қызметтері — жоғарыдағы пікіріміздің жарқын дәлелі. Аталмыш шешендер қалың көпшілікке тиісті дерек, мағлұматтарды жеткізе отырып, оларға идеялық-психологиялық тұрғыдан әсер етті, олардың көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етті, сөйтіп белгілі бір іс — әрекетке жұмылдырды. Сөз қуаты, сөз күші, сөз сиқыры — дәл осы шешендік өнердің қалыптасуымен бірге бұрынғыдан да айқындала түсті. Шешендік сөз арнаудың тамаша дәстүрлерін шіркеулер мен діни ағымдар қайраткерлері де кен ауқымды қозғалыстарға қолдана бастады. Мәселен, Реформация дәуірінің ұлы публицисі атанған Т.Мюнцердің уағыздары — сол заманның қуатты қоғамдық — саяси күшіне айналды. Еуропада шешендік өнер бірте — бірте саяси пікір таластарға ұласты да, ол сөз сайыстары кейінірек парламенттік мәдениеттің құрамдас бөлігіне айналды. Асылы қазіргі «парламент» сөзінің түп — төркіні, француз тілінен аударғанда «parler» — «сөйлеу» деген мағынаны білдіреді. Сонымен, шешендік өнердің пайда болуы — публицистикаға негіз болған екінші бір құбылыс болып саналады. Қазақ халқының тарихында да шешендік өнердің алатын орны орасан зор. Халқымыздың қилы замандардағы даму кезеңдерінде ел арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың тапқыр да ұшқыр, нандырып, сендіріп айтқан өміршең сөздері бүгінгі күнге дейін ұрпақ жадында сақталып келеді. Қазақ шешендік өнері туралы ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының мына тұжырымдары қазір де өз мәнін жойған жоқ: «Шешен сөздер бес түрлі болады: а) шешендер жиынды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатпен сөйлегенде — саясат шешен сөзі деп аталады; б) Шешендер сотта айыпкер адамдарды ақтау, я қаралау мақсатпен сөйлеп, сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздері — билік шешен сөзі деп аталады; в) Біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп сөйлеген шешеннің сөзі — қошемет шешен сөзі деп аталады; г) Білімділердің, ғалымдардың пән мазмұнды сөйлегені -білімір шешен сөзі деп аталады; ж) Дін жайынан сөйлеген ғұламалар сөзі, молдалар сөзі — уағыз деп аталады». Қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдардың айтуынша; Шешендік  дегеніміз белгілі бір уақиғаға байланысты тапқырлықпен көркем тілмен айтылған және жұртшылық қабылдап, елге тараған белгілі, үлгілі ойлар, тұжырымдар. Әдетте, шешендік өнер айтыс-тартыста дамиды. Сондықтан ердің құны, елдің тағдыры талқыланатын парламент сарайлары мен сот залдары шешендік өнердің ежелгі мектебі болған. Дүние жүзіне әйгілі шешендердің көбінесе, парламенттік қайраткерлер мен заң қызметкерлерінен шығатындығы кездейсоқ емес. Мәселен, атамзаманғы Афина шешені Демосфен мен Рим шешені Цицерон әуелі адвокат, кейін парламент мүшелері, басшылары болған. Ал ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс шешендері А.И. Урусов пен Ф.Н.Плевако заң қызметкерлерінен шыққан. Сол сияқты қазақ шешендері Әлібекұлы Төле, Келдібекұлы Қазыбек, Датұлы Сырым, Қорлыбайұлы Досбол, тағы басқалар қауым ішіндегі дау — жан — жалдарды реттеуден бастап, елшілік — мәмігерлік қызметтерімен белгілі болған адамдар. Бұл тізімді әрі қарай соза беруге болады. Олар: Жиренше шешен, Асанқайғы. Қараменде, Абылай хан, Жалаңбас батыр, Ақтайлақ шешен, Қанай шешен, Айтқожа шешен, Шашанбай шешен, Ізбасты шешен, Әйтеке би, Бөлтірік шешен, Бекжан шешен, Ескелді, Балпық әулие, Балаби, Байдалы би, Шоқай би, Қозыбай шешен, Торайғыр шешен, Асаубай шешен, т.б. болып кете береді. Халқымыздың ақын-дары, батырлары, хандары мен билері, ақсақалдары мен әулиелері тауып айтқан асыл сөздің маржандары ұрпақтан ұрпаққа көшіп отыратын баға жетпес зор байлық. Бүгінгі қазақ публицистикасының бір бастау бұлағы — сол халық даналығында жатқандығын жадымызда әрдайым ұстауымыз керек. Ертедегі бір аңыз бойынша, көне грек жауынгері, жаңалықты хабарлау үшін, 42 шақырымды жаяу жүгіріп, ақырында өмірмен қоштасуға мәжбүр болған. Хабарды ауызша жеткізудің нәтижесінде, жаушылар мәлімет, ақпарды шатастырған, тіпті ұмытып та қалған. Көптеген елбасылары көрші мемлекеттерге, жұртшылыққа ақпар тарату үшін хабар таратушылар (информаторлар) ұстаған. Олар хабаршы, жаушы, жаршы болып әр түрлі аталған. Жаршы — басшы жарлығын елге жеткізуші болған. Әр қоғамда, әр ұлттың өз салтына сәйкес өз хабаршылары болған. Біздің қазақ халқының тарихына үңілсек, әр кезеңде елге хабар жеткізетін жаушылар болғандығына көз жеткізуге болады. Кең — байтақ қазақ сахарасын жаугершілік заманда дұшпаннан сақтап қалу үшін маңызды саяси ақпар-мәлімет жеткізуші жаушылардың қызметі орасан зор болған. Бірте — бірте жаңалықтарды ауызша жеткізудің орнына ақпаратты жазбаша таратудың түрлері де пайда бола бастады. Қазіргі қазақ даласының көне тарихы көп сырларды алға тартады. Біздің жыл санауымызға дейінгі алтай дәуірі туралы тарихи мәлімет, жазба деректер жоқтың қасы. Алтай дәуірімен ұштасып жатқан Хун дәуірі шамамен біздің эрамызға дейінгі III ғасыр мен біздің дәуіріміздің V ғасыры аралығын қамтиды. Тарихи дерек, зерттеулерге жүгінсек, біздің жыл санауымызға дейінгі дәуір мен біздің дәуіріміздің бас кезінде Орталық Азия мен Оңтүстік Сібір өлкелерінде әмір сүрген түркі, монғол және тұңғыс — маньчжур тайпаларының басын Хунну империясы біріктіріп тұрды. Хунну империясы туралы аз да болса мәліметтер қытай жазба деректерінде сақталған. Мәселен, Қытай Халық Республикасындағы қазак ғалымдары жазып, 1987 жылы Шынжаң халық баспасынан шығарған «Қазактың көне тарихы» атты кітапта былай делінеді: «Қазақ халқының өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысы ұзақ тарихи даму дәуірлерін басынан кешірді. Ежелгі жұңғоның, парсының және гректің жазба деректеріне қарағанда, біздің заманымыздан бұрынғы 7-4 ғасырларда Орта Азия өңірін сақ тайпалары мекен еткен. Бұл сақтардың «Шошақ төбелі тымақ киетін сақтар» (тигра хауда сақтары) деп аталатын тайпаларының орналасқан жерінің орталығы Іле алқабы мен Жетісу өңірі болған. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 4-3 ғасырдың шегінде бұрынғы сақ тайпаларының одағы ыдырап, оның орнына үш ірі тайпалық одақ — үйсіндердің, қаңлылардың, аландардың тайпалық одақтары құрылған». Дәл сол еңбектің «һұндар» деген тарауында мынадай анықтамалык дерек келтіріледі: «һұндар (ғүндар) — ежелгі замандағы Қытайдың батыс өңіріндегі көшпенді ұлыстың бірі. 24 тайпадан біріккен көшпенді һүндердің одағы б.ж.с. дейінгі 2 — ғасырда дәуірлеп заманымыздың І — ғасырында ыдырады. Һұндар өзінің басшысы Моте тәңірқұт тұсында төңірегіндегі толып жаткан ұлыстарды өзіне бағындырып, шығыста Памир тауларына дейінгі, солтүстігінде Байкал көлінен оңтүстікте ұлы қорғанға дейінгі ұлан — байтақ өңірге үстемдік еткен». Хун империясының өсіп — өркендеп Қытай империясымен бой таластырған дәуірі — Модэ Шаньюй дәуірі. Б.э.д. 205-204 ясылдары Қытайға бірінші рет шабуыл жасады. Тарихи ескерткіштердің көрсетуінше император Модэ хундардың 24 тайпасын біріктіріп, бір империя құрған. Ол бұлардан басқа хундармен туыс Алтайды қоныстанған қыпшақтарды (қытай тілінде-кюеше), Саян мен Ангара арасын қоныс еткен дилиндерді, батыс Монғолия территориясында жасаған қырғыздарды (қытай ескерткіштерінде гэгунь) өзінің империясына қосады. Көне хун тайпасының қай тілде сөйлегендігі туралы даулы пікірлер болды. Монғолия тарихын жазған авторлар Н.Л.Бичуриннің пікіріне сүйеніп, Хундар монғолдармен тектес десе, К.Сиротория, П.Пелльо, Л.Лигети, В.В.Бартольдтар хундар -түркі тайпаларының ата тегі, олар түркі тілдерінде сөйлеген деген пікір айтады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.