Рәбиға Ғалиқызы Сыздық туралы

Главная » Рефераттар » Рәбиға Ғалиқызы Сыздық туралы

rabiga-galikiziАқтөбе облысының Ойыл қалашығында 1924 жылғы тамыз айының 17-сі күні Сәтіғали есімді қызметкер отбасында дүниеге келген Рәбиға Ғалиқызы Сыздық туралы сөз қозғап, осы екі аралықта өтіп келе жатқан оның өмірімен шығармашылығын баян ету мен үшін тіпті  оңай болып тұрған жоқ. Өте күрделі де қызық өмір. Бір жағынан қызығып, екінші жағынан қиналдым. Қырық жылдай уақыт бірге қызметтес болып, оның көптеген еңбектеріне куә адамдардың бірі ретінде айтатын әңгімем біраз бар сияқты көрінген. Сөйтсем «білем дегенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыздай» екен. Дегенмен тәуекелдің қайығына мініп алып, ескекті  қолға  ұстауға тура келді. Зады, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп қазекем тегін айтпаса керек. Рәбиға өскен ұяның азамат пен адам тәрбиелеудегі өнегесі өзгеше болған. Яғни адамдық тәрбиенің уызын ол осы ұяда татқан. Әкесі Сәтіғали Құтқожин 1937 жылы «халық жауы» аталып атылып кетіпті. Осы деректің өзінен-ақ оның елге танылған білікті адам болғаны байқалады. Ал анасы Жеміс Қалуқызы сауаты шамалы болғанмен, жақсы-жаманның парқын білетін көрген-білгені, оқыған-тоқығаны жетерлік намысты адам болыпты. Әкеден жастай қалған балалардың еркін де намысшыл болып өсуіне осы ана себепші болса керек. Рәбиғаның бұлардан кейінгі пір тұтқаны өзінен екі жас қана үлкен туған ағасы – Хамит Құтқожин. Ол кісіні біз де көрдік. Оның бойынан бір бекзаттық болмыс байқалып тұратындай еді.

Сірә, кемел жасқа келіп отырған Рәбиға Ғалиқызының ағасын әлі күнге аузынан тастамай «маған  барлық  атақ, лауазымнан да «Хамиттың қарындасы» деген атымды биік қоямын!» деуі тегін емес. Соның атына ұят келтірмесем  деген  ой оны әлі күнге мазалайды. Шынында, Р. Сыздықтың адам болып ел қатарына қосылуына Х Құтқожинның атқарған қызметі мол болған. Ол кісінің дүниеден өткеніне он жыл болса да қарындастың ойынан кеткен емес, үнемі аруағына тағзым етіп, Құран бағыштап отырады. Ағайын арасындағы өзара махаббат, әсіресе ағалы-қарындастың осындай өзара сыйластығы қазаққа үлгі боларлықтай. Ойлай білген адамға осының өзі бір өнеге.

Рәбиға Ғалиқызы бала кезінде аурушаңдау болыпты. Содан да болар,  сабақты  үзіп-жұлқып  оқыған  тәрізді.  Ол  кезде мұғалімдер де қым-қуыт ауысып жатады екен. Соған қарамастан мектепте өте жақсы оқыған балалар қатарында болған. Бір ерекшелігі қуыршақ ойнаудан гөрі Хамиттың достарымен доп ойнап, суға жүзіп, сырғанақ тебуді қатты ұнатқан. Шамасы, осы ұл балаларға үйірсектік оның намысын қайрап, жігерлі де өжет болып өсуіне септік жасаған. Бұл – Рәбиға Ғалиқызының оң-солын танып, ғылымға жетілгенге дейінгі жүріп өткен өмір жолы. Бұдан оның турашыл да өжет қызға айналғанын көреміз.

.

Оның еңбек жолы 1940 жылы Алға стансысындағы бастауыш мектепте мұғалімдіктен басталыпты. 1942-45 жылдары Темір қаласындағы орта мектепте, педучилищеде ұстаз қызметін атқарады. Бұл білімнің жетімсіздеу екенін ерте байқаған Р. Сыздық енді Алматыға аттанып, Абай атындағы Қазақ педагогика институтына түседі (1942). Оны 1947 жылы бітірген соң, осы институттың аспирантурасында оқиды (1947-51). Ал 1951-57 жылдары Қазақтың оқу-педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, редакция меңгерушісі қызметін атқарады. Бұл кезде оның әдебиетке, өнерге құмарлығы артып, қаламгерлікке ойысардай сыңай танытып жүрген шағы болатын.

Алайда М.  Балақаев, І. Кеңесбаев,  Ш.Ш.  Сарыбаев, А. Ысқақов тәрізді тілші ұстаздарының  ықпалымен  ол 1957 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясына ауысып, әуелі кіші ғылыми қызметкер (1957-61), аға ғылыми қызметкер (1967-80), 1961-67, 1980-94 жылдары бөлім меңгерушісі болады. Қазір осы институттың бас ғылыми қызметкері. Сөйтіп әдебиетке бейім Рәбиға Ғалиқызы керемет тіл маманына айналады. Мұнысына ол өкінбейді, бұдан Тіл білімі институты да ұтылған жоқ. Бұл Рәбиға Сәтіғалиқызы өтіп келе жатқан қызмет баспалдақтары.

Рәбиға Сәтіғалиқызының жеке өмірінде тағылым аларлық сәттер мол. Туралық пен әділдіктің ақ жолында ол өзін тұрақты мінезге баулыған адам екені байқалып отырады. Адамды жақсы көру, бағалауда айқынырақ  аңғарылатын бұл қасиет Рәбиға Ғалиқызын жар таңдауда да адастырмаған. Бұл жайында сөзге тартсаңыз Рәбиға Ғалиқызы өзгеше толқыңқырап барып, тағдыр қосқан алғашқы жары – Сыздықов Мақаш деген азаматты елжірей есіне алады.

Бұл кісі, шынында да, Рәбиға Ғалиқызы талғамына толық татитын, қазақша айтқанда, көрік десең көрік, білік десең білік бар, өте білімді азамат болған болса керек. Мәскеудің жоғары оқуын бітірген. Бірнеше шет тілін меңгерген, халықаралық құқық саласынан диссертация қорғаған алғашқы қазақ жастарының арасынан шыққан дипломат. Сол азамат 1954 жылы 32 жасында дүниеден озған. Рәбиға Ғалиқызының  асыл  жарға деген қимас сезімінің керемет бір белгісі ретінде оның әлі күнге Сыздық деген фамилияны берік ұстап келе жатуынан көрінеді. Қазақ әйелдерінің бойындағы сүйген жарға деген осынау ғажап қасиеттің Рәбиға Ғалиқызы болмысынан да баян табуы кісіні сүйсіндіреді. Ерекше ризалық сезімге бөлейді.

Р.Ғ. Сыздықтың ғылым қайраткері, азамат ретінде қалыптасуына туған ұжымы – А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының орны айрықша. Осы институт қабырғасында 1957 жылдан басталған қызмет нәтижелі жалғасып келеді. Институт – өзінің ежелден қалыптасқан дәстүрі бар өзгеше ғылыми орта.  Бастауында  А.  Байтұрсынұлы, Қ.  Жұбанов,  С.  Аманжолов,  І.  Кеңесбаев,  М.  Балақаев, Ғ. Мұсабаев сынды тұлғалар тұрған. Тіпті Ұлттық Ғылым академиясының шаңырағын көтеріскен бұл ғылыми орта Рәбиға Сәтіғалиқызы үшін де мейлінше баянды да бақытты мекенге айналды. Ол осы  институттың кейінгі елу жылғы шежіресімен біте қайнасып, бірге жасап келеді. Ыстығын да, суығын да көріп, ұжымдағы әріптестерімен бірге тіл білімінің сан саласына бойлап, тамаша пікірлерін өрбітіп, ерен еңбектер туындатып келеді. Ғылыми мекеме болған соң, оның ішінде ойлайтыны қазақ тілінің қамы болған соң, соның неше алуан мәселелері ғылыми кеңестерде сөз болып жатады. Міне, осындай басқосуларда Рәбиға Сәтіғалиқызының ашық та айқын, дәлелді де дөп түсіп жататын пікірлерінің ел көкейіне қона түсетіні тегін емес. Кейде ол қатты айтады, бірақ ол зілсіз айтады, айтса да мәселенің жөнін біліп айтады. Сондықтан ғылымға бет түзеген жас буынның көбі алдымен Рәбиға Ғалиқызының сынынан өтуге тырысады.

Сонымен бірге байқалатын бір ерекшелігі – оның институт ұжымындағы түсіністік пен тілеулестіктің тізгінін ұстап отыратыны. Өзінің Әбдуәли, Шора тәрізді құрдас, замандастарының бәрінің бойына тән осы мінез, осы қасиет ұжым адамдарының парасатты болмысын қалыптастыруға ықпал ететіні даусыз. Шамасы есті адам есейген сайын өз бойындағы жылдар бойында жинақталған, қордаланған асыл қасиеттерін төңірегімен бөлісе бастайтын болса керек. Әсіресе жастарға қамқорлық жасауға дайын тұратын Рәбиға Ғалиқызының ынта, ықыласынан осыны байқауға болады.

Бұл аға ұрпақ пен келешек иелерінің арасындағы табиғи жалғастықтың бір түрі. Жастардың ғылыми жолын айқындап, олардың қорғауына қамқорлық қолын аямай созып отыратын Рәбиға Ғалиқызынан олар да інілік, кішілік ізет, құрметінен тартынған емес. Осындай өзара жарасымды ортада өмір сүрудің өзі бір ғанибет қой. Рәбиға Сәтіғалиқызын ғылымға өмірдің өзі алып келген. Кейде «ғалым болуды жастайымнан армандап  едім» деп жататындар да кездеседі. Рәбиға Ғалиқызы табиғаты шамасы сәл басқаша қалыптасқан. Өзінің айтуына қарағанда, онда арман қуатын жастық шақ болмаған. Әсіресе соғыстың 4-5 жылында арман аулаудан гөрі, аштан өлмеудің қамын ойлап күнелткен. Адам өміріне кейде кездейсоқтықтың қатты әсер ететіні бар. Рәбиға Ғалиқызы өміріне де осындай бір емес, бірнеше кездейсоқтық әсері тиген тәрізді. Баспа қызметінде редактор бола жүріп Академияға ауысуы. Әдебиетшілікті қалай жүріп, тілге берілуі т.т. осыны аңғартады. Сөйтіп оның бүкіл ғылыми ізденістері осыдан былай қарай өрбиді. Рәбиға Ғалиқызының басында ғылым адамдарының көбінде кездесе бермейтін тағы бір қасиеті бар. Ол – оның өнер мен өнер адамдарына, ақын-жазушылар мен олардың өлең туындыларына деген тойымсыз құмарлық. Яғни оның ықылас-ынтасының  бір  бөлігі  ғылымда,  яғни  тілде  болса, екінші бөлігі осы жағында. Есейе келгенде оның сал-серілер мектебінің үлкен өкілі Шахан Мусиннің етегінен ұстауының сыры осыдан. Бұл өзі өмір дариясының екі бетінде тірлік етіп жатқан екі асылдың, тіпті бейнелеңкіреп айтсақ, «суыққандылау» ғылым өкілі мен өрт құшақты өнер адамының қауышуы еді. Қазақы ұғымға салсақ, ел жағынан да, жер жағынан да, тірлік-кәсіп жағынан да бір-бірінен алшақ жатқан бұл   екі   жанның   бас   біріктіруіне таңғалғандарға Рәбиға Ғалиқызы «Шахаң мені жан тебірентерлік Арқаның әндерімен баурап алды ғой» деп әзіл айтса да, шынын айтатын. Осыдан оның ән өнеріне, әсіресе халық әндеріне деген өзгеше құмарлығы мен талғампаздығын танимыз.

Ол сөз құдіретін біліп қана қоймай, соның сиқырын да танытатын ақын, жазушылардың бәрін өзіне жақын санайды. Әсіресе, О. Сүлейменов, О. Бөкей, Ф. Оңғарсыновалардың талантын керемет бағалап, туысынан бетер жақын тартып отырады. Ш. Мұртаза, С. Бердіқұлов, Ә. Кекілбаев шығармаларын зерттеу нысанына айналдырып, тілдік тұрғыдан талдай жүретіні тағы бар. Бұрынғы, кейінгі, орта буын, жас буын қаламгерлердің қай-қайсысын да көзден таса етпей, жылт еткен жақсылықтарын атап, өз мақтанышындай масаттана білетін осы бір жанға олардың да ықыласы бөлек. Әрбір сөзін он өлшеп, бір пішетін Қалихан, Ақселеу, Қадірбек, тіпті кешегі Мараттардың (Қабанбаев) өзін Рәбиға Ғалиқызы көркем тілдің шеберлері деп бағалайды. Ол үшін әсіресе нағыз ақын атаулының жөні бөлек. Оларды сөз құдіретінің сиқырмандары, ғаламат  адамдар деп біледі. Абай, Махамбет, Дулат, Мағжан, Қасым тәрізді алыптарды (бұлардың тіл кестелері туралы керемет дүниелер жазылған) былай қойғанда, кешегі Мұқағали, Төлеген, Ізтайлар, қазір арамызда өмір кешіп келе жатқан «Қыз- келіншектерге барғанда мені де ала кет» деп Шахаң  ағасын

«шайтан жолға» итермелейтін Тұманбайдан бастап (бұл Рәбиға Ғалиқызының өз сөзі) Өтежан, Ақұштап, Марфуға, Нұрлан (Оразалин), Светқалиларды тебірене оқып, олардың сөз саптау машығына таңданыс білдіріп отыратын Рәбиға Ғалиқызының оқырман ретіндегі талғамына сүйсінбеу мүмкін емес. Проза өкілдерінің тіл кестесін лингвистикалық тұрғыдан зерделеп, монографиялық еңбектер мен мақалалар жазып, баяндамалар жасап келе жатқан Рәбиға Ғалиқызымен сырласа келе, ол кісінің тағы бір шығармашылық шабыттың үстінде отырғанын байқадық. Алла жазса, алдағы мүмкіндікті пайдалана келе, ол поэзия тілін зерттей түсуді мақсат етіп отыр. Тіпті осы ниетпен ол Ф. Оңғарсынованың шығармашылық табиғатына байланысты материал жинауға кірісіп кеткен тәрізді.

Р. Сыздықованың ғалымдығын сөз еткенде, оның Абайға барған батылдығына ерекше тоқталуға тура келеді. Өйткені біз оның бұл әрекетінен өмірді Абайша толғап, адамды ақынша танып, оның жазған өлеңдерінің адам жанына әсер етерлік сиқырлы сырын тіл көркемдігі арқылы сезінуге  тырысатындығын  көреміз.  Мұны  «Абай прозасы тілінің ерекшеліктерінен» (1959) бастап, «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылымы» (1970) және Абай жылы тойланатын шақта жарық көрген «Абайдың сөз өрнегі» атты еңбектерінен айқын аңғаруға болады. Алдыңғылары кезінде ғылыми жұртшылыққа үлкен ой салған, Абайға тілдік тұрғыдан барудың кілтін ашқан дүниелер еді. Ал араға жылдар салып барып қолға алынған кейінгі кітап ұлы ақынның сөз өрнегін бұрын ескерілмей келген жаңа бір қырынан сөз ететін өзгеше туындылар қатарына жатады. Міне, бұл еңбектердің бәрі Р.Ғ. Сыздықты нағыз абайтанушылар қатарына қосты. Жалпы ақын-жазушылар тілін зерттеуді мақсат еткен жас ізденушілерге бұл еңбектер таптырмайтын үлгі болып табылады.

Абай тілін зерделеуге бағышталған 1968 жылғы «Абай шығармаларының тілі» атты монографиясы үшін оған Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Бұл еңбекте автор қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы ұлы Абайдың қосқан зор үлесін, орнын дәлелдейді. Абай тіліндегі лексика-морфологиялық ерекшеліктерді саралай келе, ақын өмір сүрген кезеңдегі қазақ әдеби тілінің де жағдайын жан-жақты қарастырған. Суреткер қолданған лексикалық, грамматикалық қатпар-қабаттарды әр қырынан талдап береді. Онда жаңадан жасалған, көнені жаңартқан, мүлде тың қолданыстардың себеп-салдарын анықтап, ұлы ақынның шығармашылығын даралай түсетін тұстары ерекше зерделілікпен баяндалады. Сөйтіп, «Абай – қазақтың қазіргі әдеби тілінің негізін қалаушы» деген тұжырымды тілдік деректермен тәптіштейді, беркіте түседі. Жоғарыда аталған «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970) атты монографиясы жалпы өлең синтаксисіне арналған алғашқы еңбек десе болады. Мұнда Абай тілінің құрылым-құрылысы соншама бір сарамандықпен, жаны сүйе отырып қарастырылған. Осынысымен де ол ізденушілер мен студенттер қолынан түспей келе жатқан бірегей еңбек қатарында.

Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақ әдеби тілі жөніндегі, оның теориясы, қалыптасу тарихы, бағыттары мен аспектілерін жан-жақты таратып, талдап беретін еңбектері өз алдына бір төбе. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1993), «Сөздер сөйлейді», «Жами-ат Тауарихтың тілі» т.б. зерттеулерінен әдеби тіл тарихына қатысты бұрын қалыптасқан пікірлерден өзгеше тың ойлармен танысамыз. Бұл жерде әдеби тіл мәселесіне қатысты тарихи деректерге молынан жүгіне отырып және тілдің даму процесін қуалай іздестіре келе, әдеби тілдің тарихын бірнеше ғасырға тереңдетіп батыл тұжырым жасайды. Асанқайғыдан Махамбетке дейін ұласып жатқан бес ғасырлық жыр әлемін саралап шығады да, ғылыми ортаға «ауызша әдеби тіл» деген жаңа ұғымды ұсынады. Бұл қазір жаңа ғылыми термин ретінде қалыптасты. Осының негізінде пікір тұрақталып, әдеби тіл мәселесі барлық оқу орындарында Р. Сыздықова ұстанымдары негізге алынған. Жалпы қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихын, тілге тиек етер ескерткіштер мен үлгілерді жеке-жеке жіліктеп әкетуден гөрі, оларды белгілі бір тұтастық өлшеміне салып зерделеу  керек  екенін  айтып,  соны  өзі  бастаған болатын. Әрине, ол жалғыз болған жоқ. Ұстазы М. Балақаев, қаламдас інісі Е. Жанпейісовпен бірлесе жазған «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968) атты кітап, Рәбиға Ғалиқызының әлгіндей ойда жүрген кезінде жазылған. Ол кезде әдеби тіліміздің тарихын қай кезден, кімнен бастау керек, қандай үлгіге сүйенеміз, қай дәуірге апарамыз деген сан алуан сұрақтарға әлі жауап жоқ болатын. Тіпті әдеби тілдің статусын айқындау, анықтау жөнінде де әрқилы пікір өрбіп тұрған кез еді, бұл. Ол кезде көбіміз жазба тіл ғана әдеби тіл бола алады деген қағиданы ұстанатынбыз. Ал кейбір жазу үлгілері XVІІІ ғасырдың ортасында әйгілі бола бастағандықтан, әдеби тіліміздің бастауын да сол кезеңге апарып жүрдік.

Ал Р. Сыздық XV-XVІІІ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулар тілін зерттей келе, әдеби тіл тарихы осы кезеңнен бастау алады деп, оны бес ғасырға тереңдетті. Сонымен бірге қазақ халқының қалыптасу, даму тарихының өз ерекшеліктері бар. Сол ескермеуге болмайтын ерекшеліктерді ескерсек, біздің әдеби тілімізді жазумен байланыстырып, таңып тастауға болмайды. Көптеген әдеби үлгілер мен фольклорлық мұраларымызды ақын-жыраулар ел арасына ауызша таратып отырған. Сондықтан біз өз халқымыздың тарихында орны бөлек мұндай феноменді есепке алу қажет деген ыңғайдағы бұл пікірді әуелі 1984 жылы жариялаған. «XVІІІ-XІX ғғ. Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты монографиясында әйгіледі. Сосын бұл зерттеуін кеңейтіп, тереңдетіп «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (XV-XІX ғғ.) деген атпен 1993 жылы екінші басылымын жариялады. Мұнда ол жазба тіл мен ауызша әдеби тілдің өзара айырмашылықтары мен ұқсастықтарын, әрқайсысының өзді-өзіне тән ерекшеліктерін талдап көрсете келе, ауызша әдеби тіл деген терминді ендіріп, мүлдем жаңа бағыт ұсынды. Рәбиға Сәтіғалиқызының тіл біліміндегі бұл батыл бағыты қазір өзінің өміршеңдігін танытып отыр.

Р. Сыздық түркі тілдері тарихына байланысты ізденістерін Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы XІІ ғасырға қарай тағы да тереңдете түседі. Атап айтқанда,  «Самарқанд немесе Залеман нұсқасы» деген қолжазбаның тілін лексика-грамматикалық, текстологиялық тұрғыдан талдаған зерттеу жұмысын 35 баспа табақтың көлемінде баспаға ұсынып отыр. Көркем мұраларды құмарта оқитын жұртшылықтың қолына тиген «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі ғалымның аса бір зеректікпен орындаған жұмысы болды. Онда ақын-жыраулар тілінде кездесетін сан алуан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердің байырғы мағыналарын ашып, олардың семантикалық өрім-өзгерістерін саралап береді. Мұның тарихи лексикология бойынша өте қажетті оқу құралының біріне айналуы да сондықтан.

Тіл мәдениеті мен қолданбалы лингвистика Рәбиға Сәтіғалиқызы зерттеулерінің ішінде өзгеше сипаттағы дүниелер. Бұл сала бойынша ол қаншама жылдар бойы өте нәтижелі еңбек етіп келеді. Ғалымның сондағы көңіл бөліңкірейтіні шешендік сөздер, сөзқолданыс, әдеби норма мәселелері. Осы ыңғайда оның жетекшілігімен бірнеше ұжымдық жұмыс орындалды. Мәселен, «Жазушы және сөз мәдениеті» (1983), «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1987), т.б. «Тілдік норма және оның қалыптасуы» (2001) атты жеке монография да норма мәселесі теориялық тұрғыда сөз болған тұңғыш еңбек.

Сондай-ақ, Рәбиға Сәтіғалиқызының қазақ орфографиясына қосқан үлесі де мол. Ол қазақ тілінің орфографиялық сөздігін түзісуге 1960 жылдан бері үзбей қалам тартып келеді. Оның тікелей басшылығымен жуырда «Қазақ орфографиясы негізгі ережелерінің жаңа нұсқасы» жасалды. Сыздық – қазақ тіл білімінің көкейкесті мәселелерін баспасөзде үзбей жазып, теледидар, радиодан үздіксіз насихаттап келе жатқан сергек ойлы, зерек тілші. Ол қоғамдық мәдени өмірдің қайнаған ортасында, әсіресе тілге қатысты мәселенің бәрінде өз үнін, өз пікірін ашық та анық айтып отыратын тіл сыншысы. Кешегі репрессия құрбандары А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов сынды ғұламалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттауда жүргізген жұмыстары өз алдына бөлек әңгіме. Бұлар жөніндегі танымдық мәні айрықша еңбектері студент қауымының қолында. Оның редакторлық жұмысы мен ұстаздық қызметінің де жөні бөлек.

.

Р. Сыздық туралы ұстаздары, қызметтес қатар құрбылары, замандас қаламдастар тебіреніске толы пікірлерін жазған. Солардың ішінен М. Әуезовтің Рәбиға Ғалиқызы туралы айтқан мына бір ойларын қайталап еске алсақ артық бола қоймас. «… Оның (Р. Сыздық туралы) сөзіндегі бір ерекшелік: тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар, орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты» деп жазған екен Мұхаң «Әдеби мұра және оны зерттеу» деген кітапта (351-бет). Ол ғылыми кадрлар дайындауда да сүбелі үлес қосып келеді. Бес доктор, жиырмадан астам ғылым кандидаты осының айғағы.

Ғалым Р.Ғ. Сыздық еңбектері Үкімет тарапынан әлденеше рет жоғары бағаланды. Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Құрмет білгісі» орденіне (1972) ие болды. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы (1954) берілді. Есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын Кітабына» жазылды (1981), Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атанды.

.

Егер Р.Сыздық еңбектерінің мән-мағынасын ары қарай жеке-жеке талдап отырар болсақ, әлденеше мақалаға татитын ұзақ-сонар әңгімеге ұласар еді. Сондықтан академик Рәбиға Сәтиғалиқызы туралы бұл жолғы сөзді былайша түйіндегенді жөн көрдік. Сегіз онның ғажайып қақпасын еркін де серпе ашып, неше алуан сиқырлы сөз бен сергек ойдың әлдиінде жүрген Рәбиға Ғалиқызы, сол отты, жігерлі, қайсар мінезінен таймай, өзіне жарасқан көркем де көсем  қалпында,  қазақ  тілінің  тағы бір келелі мәселесі бойынша пікірталасқа қазір кірісіп кетердей сыңай танытады. Ол кісінің академиядағы қызмет орнына келіп енгенінің өзі ұжымды өзгеше қозғалысқа салып, жан бітіргендей болады. Қысқасы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі,  профессор,  ғылым  докторы Р.Ғ. Сыздықтың өмірде тынымсыз еңбекпен өрмелеп шыққан өрелі биіктерін, көркем дүниедей оқылатын ғылыми еңбектерін, жоғарыда ескерткеніміздей, ежіктеп баян етуден гөрі, қарапайым қазақ әйелінің кәдімгі адами болмыс-бітімін де сөйлетсек деп едік. Сол мақсатымыздың бәрі бірдей орындала қоймағанын сеземіз.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.